ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

Ақылбай Абайұлы Құнанбаев (1861 – 1904)

Оқылған 38911 рет

Ақылбай – Абайдың Ділдә деген бәйбішесінен 1861 жылы туған тұңғыш баласы. Ділдәдан Ақылбайдан басқа Әбдірахим (Әбіш), Мағауия деген балалары болған.

Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным, өзінен бала болмағандықтан, Ақылбайды кішкене күнінен өз бауырына басады. Ақылбай туғанда Абайдың өзі де жас, жаңа отау иесі еді. Сөйтіп, Ақылбай жас күнінен Нұрғаным тәрбиесінде болып, Құнанбай баласы Құнанбайдың кенже тоқалының еркесі атанып өседі.

Ақылбайды Нұрғаным жас басынан бетімен жіберіп, аса шолжың ерке бала етіп өсіреді. Ақылбайды тек 9-10 жас шамасында, Құнанбайдың указной молдасы атанған Ғабитханға оқуға береді. Ақылбай 4-5 жылдай молдадан оқу оқиды. Одан әрі оқымайды. Ақылбай бір жасынан бастап, Нұрғаным қолында өскендіктен және Абайдың 16 жасында туған баласы болғандықтан, өз әкесі Абайға туған баласы сияқты емес, ағайындас Ырғызбайдың бір мырзасы сияқты көрінеді.

...Құнанбай, өзі сияқты қарадан шығып «хан» болған, яғни аға сұлтан болған, өзімен теңдес Қисықтың Жұмақан деген баласының қызы Ізіқанға құда түсіп Ақылбайды үйлендірген.

Үйленген соң Ақылбайға енші бөліп беріп, Құнанбай бұл баласын да жеке бір ауыл етеді. Бұл кездердегі біраз жыл, Ақылбай сияқты Құнанбайдың жаңа отау көтерген мырзасының ауылы болып, сауық-сайранмен өтеді. Жасынан көрген тәрбиесі, ұшқан ұясы, Құнанбай аты Ақылбайды масаттандырады. Ақылбай жас күнінен талантты домбырашы, өлеңші де болады. Бірақ ол Құнанбай атағына, нағашыларының ата аруағына масаттанатын. Бұл кездердегі Ақылбай айтатын өлең сарыны:

Нағашым ер Қазыбек әулие өткен,

Фәниден уақыт жетіп о да кеткен,

Сасқан жан жер шетінен бабам десе,

Аруағы көз ашқанша келіп жеткен, –

деген сияқты болатын. Ақылбайдың «Нағашым ер Қазыбек» дейтіні: Қаракесек, Қаздауысты Қазыбек би. Оның баласы Бекболат би, оның баласы Тіленші би, Тіленшінің баласы Алшымбай би, Алшымбайдың баласы Жүсіп. Жүсіптің қызы Ділдәдаға 1860 жылы Абай үйленген. Абайдың Ділдәдан туған тұңғыш баласы Ақылбай.

Ақылбайдың «Нағашым ер Қазыбек» - дейтіні сол. Сөйтіп Ақылбай Абай маңына да жақын тартып жуыңқырамай, сирек қатынасып жүреді. Сонымен қатар Ақылбай соншама ақ көңіл, алды-артын ойламайтын, аңқылдаған адам болған. Бір іске көңіл аударып, бет қойып беріліп кетсе, аса қабілетті де болады.

Ақылбайдың жас күнінен әкесі Абайдан аулақ өскенін, оның ақ көңіл, аңқаулығын пайдаланып, Абай дұшпандары әке мен баланың арасына от жағып, зұлымдық айла жасап, екеуін мүлдем ажыратпақ та болған.

Абай баласының осындай мінездеріне, жасынан көрген жағымсыз тәрбиесінен пайда болған әдеттеріне қатты кейіп, «Ата-анаға көз қуаныш» деген өлеңін (1890) жазады.

Абайдың бұл өлеңі талпынбай жүрген талантты Ақылбайға үлкен ой салып, қатты толғантады. Бұл кезде Абай ауылы нағыз үлкен үлгілі мектепке айналған болатын. Ақылбай жігіт ағасы болып қалған кезі еді.

Енді бұдан былайғы Ақылбай өмірі Абай алдында ақын шәкірт болып, өзінің талантты інілеріне ақын аға, Ақыл аға атанып өтеді. Ақылбай аса шебер музыкант, домбыра, гармонь, скрипкаға жүйрік мақтаулы өнерпаз болады.

Құнанбай мырзасы атанып, «бұлғыннан ішік киіп» бұлғақтап өткізген мағнасыз өмірін Ақылбай қалжың-шыны аралас:

«Бұлғыннан ішік кидім, кәмшат жаға,

Сарп еттім дүниені білмей баға.

Талай қыз «Ақылжан» деп тұрушы еді,

Дейтұғын сұмдық шықты-ау: «Ақыл аға», -

деп кейін өлең етеді. Бұл өлеңнің арнаулы әні де болған.

Ақылбай – Абай төңірегіндегі әр жақты талантты шәкірттерінің бірі. Ақылбайдың ақындығымен бірге ән шығаратын композиторлық өнері де болған.

«Ақылбай сауықшыл әнші, скрипкашы болатын... Домбырада қазақтың ескі күйлері: «Азамат қожа», «Бұлаң жігіт», «Бес төре», «Асыр қалша» деген күйлерді тартатын. Скрипкаға Абайдың әншісі атанған Мұқадан үйренген бірнеше түрлі орыс күйлерін тартатын. Дойбы ойынынан Ақылбайды ұтатын адам бола қойған жоқ», - дейді Ақылбайдың замандасы Рақымжан Мамырқазов.

Өз ойынан шығарған біз білетін екі әні бар. Біріншісі, «Ішік кидім бұлғыннан кәмшат жаға». Екіншісі, мынандай өлеңмен айтылады:

Матай да алыс бірталай жер деген соң,

Бір ән тауып Әлекем бер деген соң.

Он минутта ойыма осы ән түсті,

Қапаш-құпаш көңілді сермеген соң.

Бұл кейінгі әнді Матай еліне, Абайдың бір баласы, Ақылбайдың інісі Тураштың қайнына күйеу жолдас болып барарында әнші Әлмағанбет: «Ақыл аға, бір жаңа ән тауып берші», - дегенде қолма-қол айтып берген әні екен.

Ақылбайдың жастық, махаббат тақырыбын жазған көптеген өлеңдері болады. 1895 жылы Әбдірахим өліміне жазған жоқтау өлеңі болған. 1904 жылы інісі Мағауия қайтыс болғанда жазған жоқтауы сақталған.

Ақылбайдың ақындық атын тарихта қалдырған оның поэмалары. Ақылбайда бізге мәлім ондай поэмалар үшеу. Ол: «Дағыстан» («Кәрі Жүсіп»), «Зұлыс», «Жаррах батыр».

«Жаррах батыр» поэмасы бізге жетпеген. «Зұлыс» поэмасының басқы бір-екі бөлімі ғана сақталған. Бұл поэманың үзіндісі 1924 жылы «Сана» журналының 2-3 санында басылған. «Дағыстанның» («Кәрі Жүсіптің») үзіндісі 1918 жылы «Абай» журналының 5 санында жарияланған.

Ақылбай жас кезінде төрт-бес жыл Құнанбай аулының молдасынан ескіше оқып хат танығаннан басқа, ұзап оқымаған. Абайдың үлгі-өнегесімен Ақылбай заманының саналы азаматы, әдебиетке шын берілген ақын болады. Абайдың әдебиет, өнер-білім жайындағы, адамгершілік, мәдениет жайындағы өсиеті Ақылбайдың дүниеге көзін ашады. Әсіресе, орыс мәдениетінен өнеге алуы, орыс әдебиетінен үлгі алып өсуі, ақындық талантына кең жол ашады. Ақылбай Абай өсиетін тыңдап қана емес, өз бетімен орыс ақындарын оқуға, терең түсініп ұғуға қолы жетеді. Пушкин мен Лермонтов Ақылбайдың сүйікті ақындары болады. Осындай ұлы ақындарды оқып, өнеге алған Ақылбай – қазақ әдебиетінде тұңғыш Кавказды жырлаған ақын.

Ақылбай ұстазы Абайдың ақылымен тау халқының өмірінен «Дағыстан» («Кәрі Жүсіп»), Африкадағы зұлыстар жайынан «Зұлыс» сияқты тамаша романтикалы поэмалар жазып, қазақ әдебиетінде поэма жанрының жаңа түрін дамытқан, талантты мәдениетті ақын.

Ақылбай әкесі Абаймен бірге 1893-1894 жылдар Семей қаласындағы бастауыш білім беру ісіне қамқорлық жасайтын Қоғамның толық мүшесі болады. Сөйтіп өз тұсында мәдени-ағарту ісіне де қатынасқаны байқалады.

Ақын өмірінің соңғы жылдары ауыр қайғымен өтті. Әйелі қайтыс болады. 1895 жылы інісі Әбдірахим (Әбіш), 1904 жылы екінші інісі Мағауия қайтыс болады. Мағауияның соңынан көп кешікпей әкесі Абай қайтыс болады.

Ақылбай Абай өлімінен қырық күннен соң, әкесінің қырқын берген күні, 1904 жылы 43 жасында Семей қаласында кенеттен қайтыс болған.

Ақылбай бейіті Семей облысы, Абай ауданы, өз қыстауы – Тышқан бұлағының қасында.

Ақылбайдан үш бала болған: Әлімқұл, Әубәкір және Исраил...

 

Қайым Мұхамедханов

Көп томдық шығармалар жинағы

«Алаш мұрасы»,

ІІІ том, Алматы. «Алаш», 2005.

 

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.