ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • «АЛАШ АРЫСТАРЫ-МҰХТАР ӘУЕЗОВ» МҰРАЖАЙЫНЫҢ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУЫ

«АЛАШ АРЫСТАРЫ-МҰХТАР ӘУЕЗОВ» МҰРАЖАЙЫНЫҢ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУЫ

Оқылған 52721 рет

1997 жылы қазақ әдебиетінің классигі М.Әуезовтің 100 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтті. Мерейтойға орай Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің қызметкерлері заңғар жазушымыздың өмірі мен шығармашылығын, қоғамдық қызметін зерттей отырып, Әнияр Молдабаев үйінде «Алаш арыстары-М.Әуезов» атты мұражай ашуды жоспарлады. Мұражай экспозициясында М.Әуезов өмірінің Семей дәуіріндегі кезеңін, Алаш қозғалысымен байланысын, Алаш зиялыларымен қарым-қатынасын көрсетуді мақсат етілді. Алаш арыстарының қоғамдық қызметі, Алашорда үкіметінің қызметі енді ғана зерттеле басталған жаңа тақырып болатын. Баспа бетінде жарық көрген материалдар мен фотосуреттер, Алаш тұлғаларының сол кезде шыға бастаған басылымдары мен архивтерден алынған деректерді жинау қолға алынды.


 Материалдарды жүйелеу, тақырыптар бойынша сараптау кезінде анықталғаны: Алаш тақырыбындағы архив деректерінің аздығы. Сондықтан, мемориалды үйдің экспозицияға арналған төрт бөлмесінің біреуін ғана Алашқа арналсын деген шешім қабылданды. Бірінші бөлмеде – Семей қаласы тақырыбы ашылса, қалған екеуі – М.Әуезовке арналатын болды.

Сонымен, 1997 жылдың қыркүйек айында  Абай қорық-музейінің бір бөлімі болып ашылған «Алаш арыстары-М.Әуезов» мұражайы өз көрермендерін қабылдай бастады. Бұл еліміздегі Алашқа арналған тұңғыш музей болатын. Биыл мұражайдың ашылғанына 20 жыл толады. Осы жылдар бойы мұражай бала Мұхтардың оқуы мен алған білімі туралы; жас қаламгердің алғашқы шығармалары мен пьесаларының Семей театрлары мен клубтардағы қойылымын, 20-22 жастағы жігіт Мұхтардың тарихи кезеңдегі қоғамдық қызметін жан-жақты көрсете келе, Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметімен байланыстыра насихаттап, жас ұрпаққа қазақ тарихының қилы кезеңдерін көрсетуде өз үлесін қосып келді.

Биылғы 2017 жыл  – мерейлі жыл – Алашорда үкіметінің құрылғанына – 100 жыл, Мұхтар Әуезовке – 120 жыл толады. Осы мерейлі оқиғаларға мұражай экпозициясын қайта жаңғырту, толықтыру жоспарланып отыр. Музей қызметкерлері «Алаш арыстары-М.Әуезов» тақырыбын тағы да қолға алып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа экспозицияның тақырыптық жоспарын дайындады. Ең алдымен Астанадағы Еуразия Ұлттық Университетіне қарасты «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен байланыс орнатылды. Институт басшылары Абай қорық-музейінің Алаш тақырыбына көңіл бөлуіне, мұражай экспозициясының жаңарту және толықтыру жұмыстарына қолдау көрсетті. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, алаштанушы Дихан Қамзебекұлы мен аталмыш Институт директоры, әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлұлы бірлесіп «Алаш кезеңдерін» жүйелеп берген тұжырымдаманы және тақырыпқа байланысты материалдарды жіберді. Абай музейінің ғылыми қоры тарихи фотосуреттермен, архив деректері және сол кездегі газет-журналдар беттерінен түсірілген ксерокөшірмелермен толықты. Қолдағы тұжырымдама негізінде Алаш тақырыбын зерттеу және тақырыптық-экспозициялық жоспар дайындау жұмыстары қызу қолға алынды. Жаңа экспозицияда  тұжырымдамадағы Алаш қоғалысының алты кезеңін  көрсету жоспарланып отыр.

Мұражай экспозициясы Әнияр Молдабаев үйінде орналасатын болғандықтан, ол үйдің мемориалды екенін ұмытпауымыз керек. Семей қаласында Абай түсіп жүрген үйлердің біздің заманға жеткені осы ғана үй. Әнияр үйді алып бергеніне ризашылығын білдіріп, Абай және балалары келгенде тұратын бір бөлмені ыңғайлап арнайы ұстап отырған. Сондықтан, жоспарлап отырған экспозицияда Абай тақырыбы ерекше орын алып, Алаш тақырыбы Абаймен байланыстыра көрсету еді. Осы бағытта біз, музей қызметкерлері, кіреберісте мұражай тарихы және үй иелерімен таныстырудан бастап, үйдің тарихи маңыздылығын көрсеткенде Алаш басшылары Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатовтың отбасылары тұрғаны туралы Гүлнар Міржақыпқызының: «Әкем 1921-1922 жылдары Семей губсотында жұмыс істеді де, біз Комиссарская көшесіндегі Әнияр Молдабаевтың екі қабатты жекеменшік үйінде тұрдық (кейін Абай музейі болды). Үстіңгі қабатында біз – Дулатовтар, біріншісінде Әлихан атаекемнің (Бөкейханов) үй-іші жайғасқан еді», - деген естелігінен үзіндіні көрсеткенді жөн көрдік. Сонымен бірге, Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағының шығуы да осы үймен байланысты. «...Кәкітай корректорлық міндетін өз мойнына алатын болыпты. Петербургтегі баспахана бір баспатабақ қағаз басып, Семейдегі Әнияр үйіне жіберіп тұратын болды, Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұрады. Кәкітай оның қатесін түзеп қайта Петербургке жөнелтеді», - делінген Әрхам Кәкітайұлы естелігінде.

Әнияр үйі Семейде болғандықтан, экспозицияның бірінші залы қала тарихына, дәлірек айтқанда, Семей қаласының ХІХ-шы ғасырдың аяғы мен ХХ-шы ғасыр басындағы жағдайына және оның сол кездегі тарихи кезеңде саяси сахнасынан орын алуы, Алаш қозғалысының орталығына айналуы туралы материалдар жинақталды. Солардың ішінде Әлихан Бөкейхан оқудағы жастарға жәрдем қауымын ашу туралы сөз қозғалғанда: «...Менің бұл сөзім білгіш көпке мақұл көрінсе, қауымды қай қалада ашқан жөн? Қазақ ортасы Қараөткел (Ақмола) қаласы. Бірақ мұнда бұл істі ізденіп, шығарып, тәрбиелеп басқаратын жігіттер кем-ау деймін. Ал бұл ел ортасы болғанмен басқа жағынан реті келмейді... Онда қауымның бас басқармасын ашарлық талапкерлер табыларлық қалалар санаулы. Менің білуімше, ондай қалалар Семей, Тройцкі, Оренбург. Оренбургта іргелі қазақ аз. Мұндағы қазақ бәрі оқудағы жастар. Закон жолында бұлар қауымға ағза бола алмайды. Қауым басқарушы 4-5 кісі де Оренбургта табылар ма екен. Ахмет, Міржақып, бір-екі переводчик болмаса, Оренбургта оқушылардан басқа қазақ жоқ. Ахмет, Міржақыпқа газета да жетер. Оренбург бұлай болған соң анау айтылған екі қала ғана қалады. Бұлардың қауым бас басқармасын ашуға қолайлысы - Семей. Мұнда қазақ та, басқа мұсылмандар да көп, оқыған басшы боларлық жігіттердің де басы құраулы», - деген екен.

Міне, осы жерде Алаш қоғалысының І-ші кезеңі – 1890-1905 жылдар аралығындағы Алаш зиялыларының Омбы, Семей, Қарақаралы, Орал, Верный, Ташкент т.б. қалалардағы қалыптасу, бірігу, ұлт-азаттық идеясының пісіліп-жетілу кезеңі екенін көрсету керектігі туып тұр. Ұлт-азаттық идеясының сол кезде саясат төріне шығуы қазақ жастары мен оқымыстыларының бірігуіне, олардың Ресейдің үлкен қалаларында, басқа шет елдерде білім алуына байланысты болғанын айта кетуіміз керек. «Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да – оқығаны. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді. Қадірлейді. Сенеді. Білімді, ақылды, жақсылықты, үлгілі, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті, қызметті оқығандарынан күтеді», - деген Жүсіпбек Аймауытовтың айтқанына тоқталғымыз келеді. Және осы сөздерді дәлелдейтін алаштанушы ғалымдардың зерттеулеріне сүйендік: «ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында көптеген қазақ жастары Санкт-Петербург, Мәскеу, Томск, Саратов, Киев, Тарту, Каир, Бомбей, Стамбул, Варшава университеттерiн бітірді. Мысалы, Қазан қаласындағы Императорлық университетте, малдәрiгерлiк институты мен мұғалiмдер семинариясында 100-ге жуық қазақ жастары оқыды.

Алаш қозғалысының басшысы Әлихан Бөкейхан 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Императорлық орман институтының Экономика факультетін үздік дипломмен тәмамдап, ғалым-орманшы (ученый-лесовод) атанды. Сондай-ақ, Санкт-Петербург университетiнiң заң факультетiн Райымжан Мәрсеков, Жақып Ақбаев, Бақытжан Қаратаев, Сәлімгерей Жантөрин, Мұстафа Шоқай, Айдархан Тұрлыбаев, Санкт-Петербургтегі әскери медицина академиясын Санжар Асфендияров, Томск университетiнiң медицина факультетiн Асылбек Сейiтов, Тарту университетiнiң заң факультетiн Жаһанша Досмұхамедов, Каирдегі әл-Каһира университетiнің заң факультетін Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Бомбей университетiн О.Тұрмағанбетов, Киев университетiнiң заң факультетiн Х.Нұржанов бiтiрдi.

 Ал, Омбының оқу орындарында қазақ халқының көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерлерi Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, А.Тұрлыбаев, О.Әлжанов, Ж.Ақбаев, Р.Мәрсеков, Е.Итбаев, С.Жанайдаров, т.б.», - деген тізім жалғаса береді. Алаш қозғалысының І-ші кезеңінде Омбыда Ә.Бөкейхан бастаған ұлт зиялылары қоғамдық-саяси сахнаға шықты, қазақ діни қайраткерлері (Науан қазірет, Шаймерден Қосшығұл) айдалды. Осылармен бірге қазақ жәдитшілігі мен милләтшілігі, Ресей империясындағы түрік бірлігі сияқты тақырыптарды да ашу және Қарқаралы петициясы – құзырхатына  тоқталу көзделіп отыр. Осы жерде фотосуреттер, құжаттардың ксерокөшірмесі көрсетілуімен бірге Мұхтар Әуезовтің «Ақаңның елу жылдық тойы» мақаласынан: «1905 жылы Қарқаралыда Ақаңмен басқа біраз оқығандар бас қосып, кіндік хүкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз-тілек) жіберген. Ол петициядағы аталған үлкен сөздер: бірінші – жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған. Екінші – қазақ жұртына земство беруді сұраған. Үшінші – отаршылдардан орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін, ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуында болғандықтан, қазақ жұртын мүфтиге қаратуды сұраған. Петициядағы тілек қылған ірі мәселелер осы», - деген үзіндіні тақырыпты ашатын негізгі  мәтін ретінде беріп отырмыз.

Алаш қозғалысының ІІ-ші кезеңі – 1905-1907 жылдар аралығын көрсететін материалдардан қазақтың өзін-өзі басқару құқын алуға деген үмітін оятып, ұлт-азаттық қозғалысына жаңа серпін берген – 1905-1907 жылдардағы І-ші орыс төңкерісі, І-ші және ІІ-ші Мемлекеттік Думаға қазақтан депутат сайлануы туралы деректер. ІІ-ші кезеңді ашуда ЕҰУ қарасты «Алаш» мәдениет және рухани даму институтынан алынған материалдар молынан көрсетіледі. Тарихта ізі қалған Ресей Империясының І-ІІ-ші Мемелекеттік Думаға сайланған қазақ зиялылары туралы толық мәліметтер беріледі. Депутаттардың фотосуреттері, олар туралы анықтамалар, архив деректері мен бірге 1906 жылы 13 маусымда «Семипалатинский листок» газетінде жарияланған мақаладан үзінді де орын алады: «Редакция қазақ халқын нәтижелі сайлау қортындысымен құттықтайды. Әлихан Бөкейхан Мемлекеттік Думада ұлт мүддесін қорғай алатын, қазақтың жоғын жоқтап, тілегін жеткізетін бірден бір адам екеніне халқы сенсе керек». 

 1907-1917 жылдар аралығындағы Алаш қозғалысының ІІІ кезеңі –  «бұл мәдени қайта өркендеу кезеңі болды» деген екен Оксфорд университеті жанындағы Орта Азияны зерттеу орталығының ғалымдары. Алаш зиялыларының дәл осы кезеңдегі іс-қимылы мен қол жеткізген жетістігін олар «Мәдени ренессанс» - «Мәдени төңкеріс» деп бағалады. Тұжырымдамада «бұл тұңғыш қазақ романдарының, очерктерінің, ұлттық сана-сезімді, ұлттық ар-ождан, намысты оятқан өлең жинақтарының (Абай, Мәшһүр-Жүсіп, Ахмет, Міржақып т.б.), тұңғыш қазақ оқулықтары мен фольклорлық туындыларының, пьесаларының, жалпыұлттық басылым – «Айқап» журалы мен «Қазақ» газетінің жарық көрген кезең» - делінген.

Бұл кезеңді «ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысындағы орыс-қазақ басылымдары» атты тақырыппен бастадық. Ахмет Байтұрсыновтың «...газета – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек... Жұртым деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады... Аталы жұртымыздың, адуынды ұлтымыздың әруақты аты деп газетіміздің есімін «Қазақ» деп қойдық», - дегені «Қазақ» газетінің мақсатын көрсетеді. Сонымен бірге М.Дулатовтың: «Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол жұрттың өзі де күшті», - деген сөздерін де пайдалануға тырыстық. Бұл орайда музей жабдықтауда қолданатын тәсілдердің бірі – фотоколлажды пайдалануды жоспарлап отырмыз.

Алаш қозғалысы кезеңдерінде жарық көре бастаған белгілі басылымдар (атап айтқанда, Орынборда 1913-1918 жылдары 265 саны жарық көрген «Қазақ» газеті; Семейде 1918 жылдың ақпан-қазан айлары аралығында 12 саны шыққан «Абай» журналы; Троицкіде 1911 жылдың қантар айынан 1915 жылдың тамызына дейін шығып, 89 саны жарық көрген «Айқап» журналы) туралы анықтамалар, шығарушылары туралы деректер, басылған мақалалардың ксерокөшірмелері орын алады. Алаш көсемі Ә.Бөкейханның 1918 жылға дейін қазақ қоғамының саяси және рухани өмірінде аса үлкен роль атқарған «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуінде атқарған еңбегіне тоқтала отырып, оның газет шығару ісіндегі мол тәжірбиесі 1896-1907 жылдары «Степной край», «Иртыш», «Омичь», «Голос степи» сияқты газеттерде істеуі, Мемлекеттік Дума депутаты ретінде сол кездегі Ресейдің жоғары билік орындарына жақын адамдармен тікелей таныс болуы да ықпал еткенін қорға түскен материалдар арқылы көрсетеміз. Жоғарыда тізілген орыс тіліндегі газеттермен бірге  «Речь», «Сын Отечества», «Наша жизнь», «Мусульманская газета», «В мир мусульманства», «Дала уалаяты», «Семипалатинский листок» сияқты басымдардың логотиптері мен Алаш қайраткерлерінің мақалалары басылған газет беттері де орын алады. Сонымен бірге осы жылдары жарық көрген Алаш қайратерлерінің қалың жұртқа белгілі шығармалары мен еңбектері де көрсетіледі.

ІV-ші кезең – 1917-1920 жылдар аралығы – Алашорда үкіметінің құрылуы, Семей қаласының Алашорда орталығы ретінде танылуы, Алаштың автономия жариялаған елдермен және тәуелсіз мемлекеттермен қарым-қатынасы сияқты тақырыптар мұражайдың төртінші бөлімінде ашылады. «Декабрдің 12 күні түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, алаш туы көтерілді. Автономия бізге өмірлік мақсұт еді. Жасасын Алаш автономиясы!», - деген Ә.Ермековтің  сөздері мен архив деректерінің ішінде үкіметтің саяси іс-әрекеттері туралы материалдар, соның ішінде фотосуреттер тақырыпты ашады. 1920 жыл – Қазақ-қырғыз АССР-нің құрылуымен бұл кезең аяқталады. Экспозицияда орын алатын үлкен тағы бір тақырып – М.О.Әуезовтің Семей кезеңіндегі өмірі – Алаш кезеңдерімен байланыстыра көрсетіледі.

Мұражай экспозициясы Ә.Молдабаев үйінің жоғарғы қабатындағы төрт бөлмеде орналасатындықтан, Алаш қозғалысының да төрт кезеңі осында көрсетіледі де қалғаны үйдің астыңғы қабатындағы бөлмелерде орын алады. Онда Алаш қозғалысының 1920-1937 және 1937-1988 жылдар аралығындағы кезеңдерінен көрініс беріледі.

Жоспарланып отырған экспозицияның тағы бір ерекшелігі – Алаш қозғалысы кезеңдерін көрсетумен Алаш зиялыларының жан-жақты бейнесін, олардың мемлекеттік қайраткерлерге дейін көтерілуін  көрсету негізге алынды. Осы мақсатта Алаштың үштағаны: «Бостандыққа апаратын жалғыз жол  - ұлттық ынтымақ қана» деген Әлихан Бөкейханның, «Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына күшін қосып, көмектесе қызмет ету қазақ баласына міндет» деген Ахмет Байтұрсыновтың, «Қазақты қазақ десе мақтанамын» деген Міржақып Дулатовтың балауыздан жасалған бейнелерін қою жоспарланып отыр. Сонымен бірге, Алашорда үкіметінің биі болған Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Алаш идеясын кейінгі ұрпаққа жеткізген Мұхтар Әуезов бейнелері де жасалып, мұражай залдарында орналасады.

Ә.Молдабаев үйі заманында Алаш зиялыларының жиі келіп, бас қосып жүрген мекен-жай болғандықтан, сол кездің үй интерьерінен көрініс беру үшін музей қорында жиналған ХІХ-ХХ ғасырдың жиһаздары мен ыдыстары, тұрмыстық және этнографиялық заттары да молынан көрсетіледі. Сонымен, мұражайдың жаңа экспозициясында орын алатын негізгі тақырыптарға ғана шолу беріп отырмыз. Олай болса, ардақты ағайын, «Алаш арыстары-М.Әуезов» мұражайы еліміздің егемені үшін күрескен Ерлеріне қойылған лайықты Зерде орталығы болады деп сендіруге негіз бар.

Маржан Мұхамедова,

Абай қорық-мұражайының ғылыми қызметкері

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.