ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • М.Әуезов Абайтанудың негізін салушы

М.Әуезов Абайтанудың негізін салушы

Оқылған 85521 рет

Абайтану – әдебиеттану ғылымының арнаулы салаларының бірі. Абай әлемі – мәңгілік мұра, қымбат қазыналар қатарына жататындықтан, ғасырдан астам уақыт бойы сөз етіліп, әр алуан бағытта зерттеулер жүйесіне айналып келеді.М.Әуезов туған халқының әдебиеті мен ауыз әдебиетінің, Ұлы Абайдың көркемдік әлемінің кәусар бұлағынан сусындап, солардың игі дәстүрін өз бойына сіңіру, оларды байытып, дамыту үстіндегі бүкіл әлемдік көркем ойдың асыл қорына баға жетпес үлес қосты.

Жазушы ұлы Абаймен рухани жақындығы қазақ әдебиетінің биік шыңға көтерілуіне игілікті әсерін тигізді. Абай арқылы қазақ елі тарихының эпопеясын сомдады. Ал Абайдың өмірі мен әдеби мұрасына келсек, М.Әуезов оған ерте кезден-ақ зер салған. 1918 жылы ол «Абай», 1925 жылы «Таң» журналдарына ұлы ақынның шығармаларын «Абайдың Әбдірахман деген баласы өлгенде жоқтап айтқан өлеңдері», «Абайдың кейбір өсиет сөздері» деген атпен бастырған. Арада жылдар өткен сайын Абай мұрасына жазушы тереңірек үңіле бастады. Сол замандағы өмір салтын, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық сана-сезімді, ұлттық менталитетті түп-тамырымен жойып жіберу мүмкін емес еді.

Абайтану – әдебиеттану ғылымының арнаулы салаларының бірі. Абай әлемі – мәңгілік мұра, қымбат қазыналар қатарына жататындықтан, ғасырдан астам уақыт бойы сөз етіліп, әр алуан бағытта зерттеулер жүйесіне айналып келеді.

Абайтанудың алғашқы негізін де М.Әуезов жазған Абайдың ғылыми өмірбаянында жатқаны мәлім, Абай өмірбаянын ғылыми негізде жаза отырып М.Әуезов абайтану саласындағы бірнеше күрделі мәселелерді тұтастай қарастыруды бірден қолға алды.  Себебі Абайдың жаңа типтегі ақын, қоғам қайраткері боп қалыптасқанын көрсету үшін, сол дәуірдің тарихи шындығын яғни жасаған әлеуметтік ортасы мен араласқан адамдарын, руларын, билік атаулары мен жер аттарын, ақын шығармалары нәр алған бұлақтарын, Абай мұрасындағы жаңа бағытты, Абай өлеңдерінің жазылу себептерін т.б. көптеген қосалқы мәселелерді қамту қажет еді. Бұларды тұтас қамту, дұрыс шешімін, бағыт-бағдарын табу - жазушыға зор даярлықты, қуатты шығармашылық ізденісті талап етті. 

Абай өмірбаянын қалпына келтірудің басты әдісі – ауызша сұрау, тірі архив иелерінің естеліктерін жинау, жариялау. Ең бастысы Абай өлеңдеріндегі негізгі әлеуметтік сарындарға сүйену арқылы М.Әуезов көп шындықтың бетін ашады. Осы арқылы жазушы  Абай мұрасының зерттелу жолына зор үлес қосты.

Абайдың ғылыми өмірбаяныны ойдағыдай жазып шығуы арқылы М.Әуезов келешекте абайтану саласында зор көлемде жүгізер зерттеу жұмыстары үшін табан тірер ғылыми негіздегі ірге тасын жасап алды. 1924 жылдың өзінде-ақ М.Әуезов Абай шығармаларының тұңғыш толық жинағын құрастырып, Абайдың қазақ әдебиеті тарихындағы алар орнын анықтап алуға ұмтылды. «Абай», Шолпан» журналындағы ақын жайлы пікірлері мен орыс Географиялық қоғамы Семей бөлімінің Абайға арналған салтанатты кешендегі «Қазақ әдебиетіндегі Абайдың орыны» деген баяндамасы – осы әрекеттің айғағы.

М.Әуезов 30-жылдары Абай мұрасына әрқилы баға беріліп, қым-қиғаш пікірлер айтылып жүргенде, ақынның ұлылығын, қалдырған мұрасының аса құндылығын тани білді.

Ұлы Абайдың көзі тірісінде жарық көрмей қалған қымбат қазынасын жинастырып, баспаға әзірлеген, сонан соң оны ғылыми ыждағаттылықпен зерттеген М.Әуезовтің еңбегі оның Абай тақырыбына арналған көркем шығармашылық мұрасымен пара-пар еді.

Бұл бағыттағы М.Әуезовтің ең бірінші еңбегі – ақынның танымдық, мағлұматқа бай ғылыми және шығармашылық өмірбаянын жасап бергендігі. Сонау 1933 жылғы Абай жинағында жариялаған «Абайдың туысы мен өмірі» атты көлемді мақала мен сол томда ақын өлеңдеріне қосымша ретінде берілген түсінік кейін көлемді монографиялық зерттеуге ұласты.

Абайдың жалпы шығармашылық мұрасына арналған ғылыми еңбектердің ішіндегі ірісі – М.Әуезовтің осы монографиясы. Он тараудан тұратын бұл жұмыстың бастапқы үш тарауында абайтанудың ең алғашқы қадамдарынан бастап, елуінші жылдарға дейінгі бұл игілікті іске қосылған ірілі-ұсақты зерттеулер, сын мақалалар.

Жазушы кейінгі тарауларда Абайдың жастық шағындағы шығармалары бір жүйе, ал қаламгер ретінде қалыптасқан кезеңдегі туындылары жанр-жанр бойынша қарастырылады. Сол тараулардың ішіндегі маңыздысы -  «Абай лирикасы» деп аталатын бесінші тарау.

Бұл тарауда М.Әуезов ақынның шығармашылық ғұмырының соңғы жиырма жылдан астам кезеңдегі өлеңдерін хронологиялық тәртіппен алып, оларға жан-жақты талдау жасайды. Тарауда өлеңнің шын мәніндегі лирикалық шағын түрлерін алғаш рет енгізген Абайдың жаңашылдық үрдістері сипатталады. Жазушы ақынның әр шығармада әр қырынан көрінген шыншыл реалистігін,  суреткерлігін, қоғам өмірі мен адам мінезін бейнелеудегі сыншылдық бағдарын әрдайым ерекше мән бере атап көрсетеді,

Сонымен қатар талғампаз да талапшыл ғалым Абайдың жекелеген туындыларына сын пікірлер айтып, жеке бір өлеңнің мазмұнында, көркемдік шешімінде ақынның кемшін түсіп жатқан жерлерін көрсетіп отыруының да тағылымдық мәні зор еді.

М.Әуезов мұрасын зерттегенде, сөз болып отырған монографиямен ғана шектеліп қалған жоқ. Бұл тақырыпты ұзақ жылдар бойы ой таразысынан өткізіп, кеңінен толғай жүріп, жазушы ақын шығармашылығына байланысты өте маңызды проблемаларға арнап жекелеген мақалалар жазды, баяндамалар жасады, шабытты сөздер сөйледі. Солардың ішінен «Абай ақындығының айнасы», «Абай еңбектерінің биік нысанасы», «Ұлы ақын, ағартушы – Абай Құнанбаев», «Орыс классиктері мен Абай», «Пушкин мен Абай» сияқты зерттеу мақалаларын ерекше атауға болады.

 Мұхтар Л.Соболевпен бірігіп жазған «Абай» трагедиясын 1940 жылы Мәскеуде бастырды, кейін ұлы ақынның өмірін бейнелейтін опера либреттасын, киноценарий жазды. «Абай» трагедиясында ақын өмірінің соңғы кезеңі бейнеленген. Мұнда Абай – халықтың ортасынан шыққан ең таңдаулы адамдардың қамқоршысы, халық мүддесін жақтайтын күрескер, өнер-білімді уағыздаған өнерпаз ақын, әнші жастардың тұтас бір ұрпағының тәрбиешісі. Пьеса біздің көз алдымызға үлкен ойшыл, прогресс пен мәдениет жолындағы күрескердің алып тұлғасын елестетеді. Мұхтар бұл трагедияға дейін Абай жайында роман жазуға бел байлайды. 

Жазушы көп жылғы ғылыми зерттеулерінің қортындысы ретіндегі Абай мұрасы жайлы монографиясы мен «Абай жолы» эпопеясын жазды. «Абай жолы» эпопеясында жазушы бірінші кезекте Абай дәуірінде қазақ елінің тұрмысына түскен ірі тарихи өзгерістердің негізі мен ақын шығармаларындағы басты әлеуметтік сарындарды тудырып отырған замана шындығына баса көңіл бөлген. М.Әуезов ақын өмірбаянын қайта-қайта өңдеп, толықтырып жазу үстінде Абай өмірі мен заманы жөнінде ел аузындағы естеліктерді жиып, ғылыми тұрғыдан талдау арқылы оны Абай шығармаларындағы басты әлеуметтік сарындармен салыстыра отырып, басты тарихи арнаны табады. Жазушы Абайдың өмірбаянын жазуда шешуші орын алған сұрастыру, әңгімелесу, естелік жию жолымен жинастырған көл-көсір деректерді талдап, талғай қорытып алған ой тұжырымдауының көбі эпопея желісіне өндірудегі қайталанбас суреткерлік өнер бірден танылып тұрады.

1937 жылы жазылған «Татьянаның қырдағы әні» атты үзінді болашақ романның тарауы ретінде  жоспарланған еді. Жазушы өз шығармасын Абайдың ұлы Пушкинмен рухани жақындасуын көрсетуден бастаған. Бұл автордың ойынша романның негізгі идеясын айқындайтын өзекті тақырыптардың бірі болатын. М.Әуезов көп ұзамай өз ойын жалғастыруға кірісті. Жазушы әуелі екі кітаптан тұратын «Абай», одан кейін мұның жалғасы ретінде тағы 2 кітаптан тұратын «Абай», одан кейін мұнын ретінде тағы 2 кітаптан тұратын «Абай жолы» романын жазды. Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға КСРО Мемлекеттік сыйлығы беріліп, 4 томдық, «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды. М.Әуезов өзінің дарындылығы, ойшыл-даналығы, халықтың тілек-арманын, тарих тағылымын терең ұға алатын білгірлігі арқасында  алдына қойған мақсатына жетті. Жазушы кесек, кең тынысты, сан миллион оқырмандардың жүрегіне жол табатын көркем шығарма арқылы Абайды әлемге әйгіледі. «Абай жолы» эпопеясы уақыт сынынан мүдірмей өтіп, адамзаттың ақыл ойы, көркемдік даналығы туғызған ең үздік, ең таңдаулы шығармалардың қатарынан орын алды. Эпопеядағы Абайдың тұлғасы, қай жағынан алсақ та, халықтың тағдырымен тамырлас, ажырамас бірлікте көрінетін, әлем әдебиетіндегі аса ірі көркем бейне.

М.Әуезов қазақ әдебиеті тарихында теңдесі жоқ тарихи орны бар ұлы ақынның ғылыми өмірбаянын жазуды алғаш рет қолға алғанда осы бір үлкен жауапкершілікті ұғына білді. Жазушы қолға түскен беймәлім деректердің ғылыми тұрғыдан сырын ашып, оларды Абай атқарған ақындық-қоғамдық қызметіне сәйкестендіріп беруге күш салды. Абай өмірбаянын сан рет өзгерте жазып, уақыт өткен сайын дәуір талабына сай толассыз іздену, соны деректер көзін еселеп табу арқылы оны жаңғыртып, өсіріп, тереңдетіп отырған. М.Әуезов ұзақ жылдар бойы Абай өмірбаяны жөнінде деректерді, сұрыптау жолында «Абай жолына» аса қажетті көл-көсір тарихи деректер көзінің ірге тасын қалады.

Абай шығармашылығын зерттеудің кейбір маңызды проблемаларын өзі тікелей қарастыруға мүмкіндігі болмаған тұстарда, оларды мәселе қою түрінде әдеби жұртшылықтың талқысына салып, бұл бағыттағы жемісті жұмыстың жөн-жобасын, әдістемелік принциптерін анықтап берген еңбектері және бар. Олардың ішінен, мәселен, «Абай жайын зерттеушілерге», «Абай мұрасы жайында», «Абай Құнанбаев шығармашылығын зерттеудің маңызды мәселелері» сияқты мақалаларын атап өтуге болады.

Сонымен қатар М.Әуезов айқындап берген абайтанудың сегіз түрі тақырыптық зерттеу аясында құнды еңбектер жарық көрді. Мәселен, Абай өмірбаянына қатысты Б.Байғалиевтің «Абай өмірі – мұрағат деректерінде» монографиясы, Абайдың Шығысқа қатысы жайлы М.Мырзахметұлының «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» монографиясы, «Абай және Шығыс монографиясы, Қ.Салғариннің «Тереңге тартқан тамырлар» зерттеуі, С.Оразалиевтің «Абай  және Дауани», Ғ.Есимовтің «Хакім Абай», А.Машановтың «Әл Фараби және Абай», Ж.Ысмағұловтың «Абайдың ақындық тағылымы», М.Бекбосыновтың Абайдың библиографиялық көрсеткіштері (1965, 1988, 1995), М.Әліпханның «Қазақ әдебиетіндегі адамгершілік ілімі» т.б. зерттеушілердің зерттеулері жазылды.

Қорыта айтқанда ХХ ғасырдың бас  кезінде басталған Абайтану мен Абай дәстүрін игеру мәселесі шектелмейді, қазіргі Тәуелсіздік кезеңдегі әдеби процеспен сабақтасып, жалғасын тауып жатыр.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Мырзахметов М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. – Алматы: «Санат», 1997;
  2. Қазақ совет әдебиетінің тарихы. ІІІ том  – Алматы: «Ғылым», 1967;
  3. Абай және қазіргі заман.  – Алматы; «Ғылым», 1994
  4. Мырзахметов М. М.Әуезов және Абайтану проблемалары. –Алматы: «Ғылым», 1982
  5. Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. –Алматы: Ана тілі, 1995;
  6. Ысмағұлов Ж. Абай ақындық тағылымы. – Алматы: «Ғылым», 1994

Н.Өмірбекова,

жетекші ғылыми қызметкер

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.