Отан үшін от кешкен Абай ұрпақтары

Ұлы Жеңіс халқымыз үшін тарихта мәңгі қалатын күн. Біз үшін ең қасиетті де қастерлі мереке. Ұлы жеңіс оңайлықпен келмеді. Талай боздақтар Отан қорғау жолында қыршын кетті. Ана баласынан, жар сүйгенінен, бала әкесінен айрылды. Қазақ елінің бұл жеңіске қосқан үлесі орасан. Отанды зұлым жаудан қорғап, қан майданда ерлік көрсеткен ардагерлеріміз қаншама.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс - еліміздің бостандығы мен Тәуелсіздігі жолындағы тарихи жеңіс. Қазақстандықтар, оның ішінде жерлестеріміз қан майданда ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Сол күндердің даңқы ешқашан да өшпейді.

Ұлы Отан соғысына Семейлік жауынгерлер де үн қосты. Сол ержүрек азаматтардың бір тобы – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ұрпақтары. Олар Отанды зұлым жаудан қорғап, кескілескен қан майданда ерлік көрсетті. Өз өмірлерін қиып, бейбіт өмірді бүгінгі ұрпаққа сыйға тартқан сан миллион құрбан болғандардың ішінде Абай ұрпақтарының есімдерін де ерекше құрметпен айтамыз.

Ұлы ақынның немерелері, шөберелері және жақын туыстары ұлы Отан соғысына қатысып, майданнан оралмады. Олардың барлығы кеңес мектептерінде білім алып тәрбиеленген. Ел басына ауыр күн туғанда белдерінде қару асынып Отанды қорғауға аттанды.

Тоқташ Ізкәйілұлы(1924-1943) Абайдың немересі. Ол домбыра, баянда ойнап, Абай әндерін айтқан. Тоқташ неміс фашистеріне қарсы Отан соғысына қатысып, 1943 жылы қаза болған.

 

 

Құзайыр Мекайылұлы (1912-1945) Абайдың немересі, бай тұқымы ретінде жер аударылып елден қуылған Фрунзе қаласына барып паналап, қара жұмыс істеген. Сол жерден әскерге алынып, 1945 жылы майданда қаза болған.


Әлихан Әубәкірұлы (1918 - ө.ж.б.) Абайдың шөбересі. Отан соғысына қатысып, хабарсыз кеткен.

 

Алпаш Жебрәйілұлы (1922-1990) Абайдың баласы Турағұлдың немересі. Өз әкесі Жебрәйіл Абайдың інісі Оспанның атына жазылған. Ұлы Отан соғысына қатысып, мүгедек болып оралған. Алматы қаласында тұрып, 1990 жылы дүние салған.

 

Берекехан Құтайбаұлы (1919-1942) Абайдың шөбересі, Мағауияның немересі. Семейде 7-класты орысша оқып бітірген.

Шығыс Қазақстан облысы Новошульба ауданында Уба-Форпост ауылдық кеңесінен әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысқан.

 

Ишағы Жағыпарқызы (1922-2014) Абайдың шөбересі, Мағауияның Жағыпарынан туған. Ұлы Отан соғысы жылдарында авиация технигі болып Харбин маңында майданға қатысты.  Алматы қаласында тұрған.

 

Қалышер Мекайылұлы (1921-1942) Абайдың немересі. Қалышерге байдың тұқымы деген айып тағылып, жер аударылған. Фрунзе қаласынан әскерге аттанып, Отан соғысында  1942 жылы қайтыс болған.

 

Жошыхан Жағыпарұлы (1924-1943) Абайдың шөбересі. 1924 жылы бұрынғы Семей облысы Абай ауданында  Қарауылда туған. Жошыхан 1934 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін апасы Ишағы, қарындасы Ғазел үшеуі Алматыдағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Ол осындағы №12 мектеп-интернатты бітіріп, 1942 жылы майданға кеткен. 1943 жылдың тамыз айында Харьковті азат ету үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тапқан.

Қапсәләм Әубәкірұлы (1907-1943) Абайдың шөбересі. Ұлы Отан соғысында 1943 жылы қайтыс болған.

Абайдың немере, шөберелерінің мұражай қорында Ұлы Отан соғысы жылдарында майданнан жазған хаттары сақтаулы. Абай ұрпақтарының бұл сәлем хаттары Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік, патриоттық ыстық сезімге толы.

Абай ұрпақтарының хаттары 30 шақты. Сол хаттардың көбісін майданнан  Абайдың шөбересі Жошыхан Мағауин жазған.

Абай ұрпақтарының мұражай қорында сақталған хаттарынан жауға деген қайнаған кек, өшпенділікті, туған жерге, Отанға берілгендікті, жеңіске сөзсіз жетеміз деген берік сенімді танимыз. Жошыхан Мағауин қарындасы Ғазелге майданнан өлеңмен жазған хатында:

Берекехан Құтайбаұлының қарындасы Ғазел Жағыпарқызына жазған хаты.

1943 жыл

Бір теңіздің тамшысы едік екеуміз,

Ұласамыз, біз мұратқа жетеміз.

Бұл естелік саған арнап қалдырған,

Ғазелімсің, өлеңімсің балдырған.

Мен аттандым көк қаруды асынып,

Туған Отан бақыты үшін жан құрбан, - деп жазады қарындасы Ғазелге сағынышпен.

Ғазел Жағыпарқызы Мағауина (1927-2011) Абайдың шөбересі. Алматы қаласында тұрған. Ол 2011 жылы қайтыс болды. Өзінің айтуы бойынша Ақшоқыға жерленді. Жошыханның Ғазелге жазған басқа да өлең хаттары сақтаулы.

Жошыхан Жағыпарұлы Мағауин 1943 жылы 3 шілдеде Мағауияқызы Уәсилаға жазған хатында: «Ардақты тәтем, Шамен аға, бауырларым, Алматыдан кеткеніме дәл он ай толған күн 28 шілде күні сағат 8-де немістің оғымен беттестім.

 

Абайдың шөбересі Ишағы Жағыпарқызы

әскери әуе бөлімінің курсанттарымен

Жарам жеңіл, қайта шығып өшімді алатын күшім бар.  Украинаның жерінде күнде көшіп жүреміз, тұрақты госпиталь жоқ. Сондықтан адрес те жоқ. Жазған сол қолым,  Жошы, 30 шілде, 1943 жыл. Аман болсақ, соғысты бітіріп, жеңіспен қайтамыз» - деп жазады.

Сұрапыл соғыс үстінде асығыс жазылған бұл сағынып жеткен сәлем хаттар жұртшылық жүрегіне жол тауып жатты.

Мұражай қорындағы бағалы жәдігерлердің ішінде ұлы ақынның немерелерінің, шөберелерінің, жақын туыстарының хаттары, естелік әңгімелері де бар.  Майданда болған туыстары туралы Ұлы Отан соғысында от кешкен майдангер Ишағы Жағыпарқызы: «Мен ұлы Абай атамның шөбересімін. Абайдың Мағауия атты ұлынан Жағыпар туады. Мен Жағыпардың қызымын. Жалпы алғанда Абай ұрпақтарынан соғысқа он адам қатынасқанбыз.  

Соның сегізі қайтпады, екеуміз-ақ аман-есен оралдық. Аруақтары риза болсын, сол оралмаған ағаларымның да аттарын атай кетейін: Ақылбай немересі –  Ғабдісәлім мен Әлихан. Әбдірахманның жиені – Еніғам.

Мағауия немерелері – Берекехан мен Жошыхан. Мекайыл немересі - Ғұзайыр мен Әлішер. Зікәйіл немересі – Тоқташ соғыстан оралмады. Турағұлдың немересі - Алпаш және Мағауия немересі мен, екеуіміз ғана соғыстан оралған едік. Қайтпаған ағаларымнан ұрпақ жоқ, өйткені олар үйленбей кеткен болатын... Міне, соғыс атты зұлматтың бір әулеттің балаларына әкелген қасіреті... Алпаш 1990 жылы Алматыда ауырып, дүниеден қайтты», - деп соғыста құрбан болған туыстарын сағынышпен айтады өз естелігінде.

Мұнан басқа Абайдың жақын туыстарының, бауырлас достары балаларының қан майданнан жазған хаттары мұражай қорында сақтаулы. Ол біз үшін құнды жәдігерлердің бірі.

Уақыт өткен сайын кешегі күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары да аулақ салып, алыстап барады. Бірақ қаншалықты алыстағанмен ол көңілден кетіп, жүректерден өшпек емес.

Сондықтан біз Ұлы Отан соғысының ардагерлері сияқты отансүйгіш ұрпақ  тәрбиелеп, солардың бойындағы патриоттық сезімді сіңіре білуіміз керек. Болашақ ұрпақ қан майданда жеңіс әкелген ардагерлеріміздің ерліктерін ешқашан ұмытпауы тиіс. Ардагерлерімізге зор құрмет білдіру -  біздің бәріміздің парызымыз.

 

Өмірбекова Н.,

 Абай мұражайының

жетекші ғылыми қызметкері