ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

Әнияр Молдабаев

Оқылған 33261 рет

Мұхтар Әуезов – 120 жыл

Кез-келген мемлекеттің негізгі мақсаты – ұлттық рухы биік тұлғаларды қалыптастыру болып саналады. Ұлттық рухы биік жан тұлғалық деңгейге жетіп, игілік пен ізгіліктің шапағатын өз айналасына тигізіп қана қоймайды, ұлтын өрге сүйрейді, келер ұрпақтың есті болып жетілуіне өзіндік үлесін қосады. Ұлттық рухы биік тұлғаны қалыптастыру үшін өткен тарих даналығына зер саламыз.

ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамындағы түрлі қызметімен халыққа жақсы танымал болған осындай айтулы тұлғалардың бірі – Әнияр Молдабаев еді. Ол елге есімі белгілі оқымысты, шенеунік, мемлекеттік банк қызметкері дәрежесіне көтерілген адам.

Әнияр Молдабаев 1856-1934 жылдары аралығында өмір сүрген. Абай ауылының азаматы, Шыңғыс болысы, Тобықты ішінде Әнет руынан. Әкесі Қожабай ағаштан түйін түйген бесаспап шебер болған.

Әнияр ұлы Абайдың тәрбиесін көрген адам. Данышпан ақын дарынды бала Әниярды Семей қаласына әкеліп, «Русско-киргизское училищесіне» оқуға табыс етеді. Бұл  оқу орнын ХІХ ғасырдың орта тұсынан бастап қазақ балаларын оқытуға үкімет әдейі арнап ашқан. Патшаның кеңселеріне керекті қазақ тілмаштары мен көмекшілерін, жалпы ұсақ шенеуніктерді сондай мектептерде әзірлеген.

Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Әниярдың прототипі Данияр Қондыбаев деген атпен берілген. Мұнда Абайдың бірнеше жетім балаларды оқуға түсіргендігі туралы, соның ішінде Әнияр туралы:

«Осы жолы өз балаларының ғана оқуы емес, тағы бірнеше жетім жастарды Абай өз талабымен, оқуға бергізді. Бұл балаларды көршілес жатақтарынан арнаулы кісілермен алғызған. Соның бірі, Ералы жатағындағы Әнет – Молдабай баласы Данияр деген жетім бала. Бұның оқуға түсуі-өрескел бір күйден туған. Соңғы екі жыл бойында корпус пен Семей жандаралы тарапынан шыққан бір бұйрықта, қазақтан болыс басы бір бала орысша оқуға берілсін делінген. Сол бұйрық Тобықты болыстарына барса, әкесі бар баланы ешбір ауыл қимаған да, бермеген. Берсе жетім берілсін деп, ол жетімдерге және де иелер табылып, құнын төлемесе берместей болған. Осы жайында бір күні Абайға Михайлов сөз кылып, күйінішпен күліп отырып, «бар Семипалат уезі жиылып, бір баласын оқуға беруге қимайды. Осының не шарасы бар?» деп сұраған.

Сол хабарды білісімен Абай, Тобықтының өзі білген, тілін алады дейтін адамдарының барлығына, қалада жатып хат жазған. Шыңғыс болысының есебінен деп, жатақ баласы Даниярды қалаға алғызып кеп, интернатқа бергізді. Молдабайға сәлем айтып, Шағаннан тапқаны – сол ел ішінде отырған, аз үйлы қырғыздың жетім баласы Омарбек. Оны да орысша оқуға бергізді. Тәкежанға хат жазып, Қызыладырдан және бір жетім баланы, Құрманбай дегенді алғызды. Ералы жатағына бұдан тыс және бір екі баланы оқуға бергізді.Олар Абайдың өзінің аталас елі емес, Мамайдан шыққан, жатақ балалары. Екі жетім, Садуақас пен Қасен деген балалар болатын. Бұл екеуін Абай мұсылманша оқуға бергізді», - деп  жазылған.

Әнияр данышпан ақынның көмегімен Семей қаласында алған орысша бес сыныптық бастауыш білімін Ташкент қаласында жалғастырады. Содан екі жылдай Ташкентте, үш жыл бойы Марғұланда патшалық кеңселерде қызмет етті. Өзбектің Афтап атты қызына үйленіп, отбасын құрады да елге көшіп келеді.

Осыдан кейінгі оның өмірі мен қоғамдық қызметі тікелей Семей қаласында өтеді.

Әнияр Молдабаев сол кездегі мемлекеттік банктің қазақ арасынан шыққан тұңғыш қызметкері әрі алашшыл қайраткер болғаны жайында журналист-тарихшы Мұратбек Кенемолдин «Абай» журналындағы «Әнияр Молдабаев» атты мақаласында көптеген деректер келтіреді. Мысалы, мұнда автор: «Әдетте Әнияр Молдабаевтың қоғамдық қызметі туралы айтқанда, алдымен оның банк саласындағы жұмысы ауызға ілінетіні анық. Мысалы, сондай бір дерек – 1915 жылғы «Қазақ»  газетінде: «Семей. 1913 жылы Семейде Общество взаймный кредит банкысы ашылып еді. Сол банктың қазір 301 члені, 41 мың 820 сом капиталы болды. Биылдан бастап бұл банкке ақша салғандарға салған сомасынан 10 есе артық кредит ашылатын болды. Бұл банктің учетный комитетіне 12 кісі сайланды, мұның екеуі – қазақ. Государственный банкте көп жылдан бері қызмет етуші Әнияр Молдабаев Һәм Заречный слободка саудагері Ғабдулрахман Юсіпұғылы (Абдрахман Жүсіпов). Бұл екеуі де халық жайын жақсы білетін адамдар...» деп берілген. Бұл банкті қазақтар «Уақ-қарыз» серіктігі деп атаған. Егерде 1918 жылы «Абай» журналын бастырушы «Уақ-қарыз» серіктігі екенін ескерсек, онда Әнияр Молдабаевтың да бұл іске қатысы болған деп ойлаймыз. Ал, Абдрахман Жүсіповтың үйінде орналасқан «Жәрдем» баспасынан «Абай» журналы мен  «Сарыарқа» газеттері шығып тұрған.

Алаш ұлт-азаттық қозғалысы жылдары Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен  «Алаш» партиясының Семей облыстық комитеті құрылған кезде Әнияр Молдабаев бірауыздан  оның қазынашысы болып бекиді. Әрине, партияның мүшелік жарнасын жинау, жалпы партиялық қаржы мәселесі секілді жауапты істер кім көрінгенге сеніп тапсырыла бермегені түсінікті.

Осы жылдары ол Шәкерім Құдайбердіұлы, Көкбай Жанатайұлы, Нәзипа Құлжанова, Турағұл Абайұлы, Халел Ғаббасов, Әлімхан Ермеков, Райымжан Мәрсеков, Ахметжан Қозыбағаров, Биахмет Сәрсенов тәрізді тағы басқадай ұлт зиялыларымен бірге Земство басқармасының мүшесі болып енеді», - дейді.

Сондай-ақ Әниярдың өз заманында көрнекті қазақ интеллигенттерімен тығыз байланыста болғандығы туралы жазушы және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында:

«Семейде областной  «Алаш» партиясының ашылған хабарын жазған едік. «Сарыарқаның» соңғы нөмірінде бұл туралы мынадай мақала басылды: «Алаш» партиясының Семейде уақытша областной комитеті ашылды. Комитетке кірген кісілер: Әлімхан Ермекұлы, Райымжан Мәрсекұлы, Имам Әлімбекұлы, Ахметжан Қозыбағарұлы, Турағұл Құнанбайұлы, Сыдық Дүйсенбайұлы, Данияр (Әнияр) Молдабайұлы т.б. Комитет председателі Халел Ғаббасұлы, секретары Сыдық Дүйсенбайұлы, қазынашысы (казначей) Әнияр Молдабайұлы, құрметті председателі Әлихан Бөкейханұлы», - деп көрсетеді.

Әнияр Молдабаев, шынында ұлы ақынның қамқорлығын көп көрген адам. Тіпті қаржы жағынан да көмектесіп, Семейден Москвин деген көпестің үйін сатып әперген де Абайдың өзі және балалары еді. Бұл үйге Кәкітай, Шәкерім, Мағауия, Ақылбай, Турағұлдар жиі келіп жүрген. Кезінде Мұхтар Әуезов те осы үйде пәтерде тұрғаны белгілі.

1904 жылы тамыз айының орта шеңінде Семей қаласындағы Әнияр Молдабаевтың үйінде Абайдың қырқы беріледі де, тап сол күні түнде араға қырық күн салып қатты қайғы болып отырған оқиға тағы жалғасып, Мағауия мен Абай, яғни әке мен бала қазасынан кейін Әниярдай қамқор аға үйінде ұлы ақынның үлкен баласы Ақылбай жүрегі соғысын тоқтатады.

Сөйтіп, кейінде Семейдегі бұрынғыша Комиссар көшесі, қазіргіше Бөгенбай батыр көшесі, 132 үйде Абайды жақын білген ел зиялылары, алаш азаматтары Әнияр ағаларына сәлем беріп, жиналып тұрады. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, яғни 1923-1930 жылдар мөлшерінде Әнияр қарт Шыңғыстауға ел ішіне көшіп, Шәкерім қажы ауылдарымен қатар  қоныста отырады. Алапат ашаршылық, саяси төңкеріс кезең тұсында көненің көзі Әнияр қарт баласы Сапарғалиға тастап кеткен Семейдегі тарихи үйіне қайтып барып, кей деректе 1932 жылы, кей жерлерде 1934 жылы қаңтар айында жарық жалғанмен қош айтысады. Сүйегі Семей мұсылман зиратына қойылған.

Осы орайда Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы қорында  қолжазба ретінде сақталған Әнияр Молдабаевтың баласы Сапарғалидың естелік әңгімесіне назар аударайық. Онда:

«ХІХ ғасырдың ІІ-ші жартысында Ресей патшалығы өзіне кадр (тілмаш) орысша оқытуға әрбір болыс елден екі баладан алатын болған.  Әнияр Тобықты Әнет деген рудың Қожабай деген кедей шаруаның баласы. Қожабай төсек, жүкаяқ, тағы басқа заттарға сүйектен ойып әшекей жасайтын қолы шебер адам болыпты. Сол өнерін көрген Абай Қожабайды ауылына көшіріп алып, ұсақ жұмыстар істетіп жүргенде Қожабай өліп, одан үш жетім бала қалады. Соның кішісі 8 жасар Әнияр болады.

Әнияр жасынан өжет, пысық болыпты. Жоғарыда айтылған орысша оқуға, Абайдың елі «Күшік-Тобықты» болысынан екі бала жібер деп, бұйрық келгенде Абай көршісі Қожабайдың әйелін үгіттеп көндіріп Әниярды Семейдегі «Интернатқа» оқуға жібертеді. Оны апарып тапсырып келуге Қожабайдың бірге туысқан інісі Молдабайды қосады. Молдабай Әниярды өз атына жаздырып, тапсырып қайтады. Әнияр Семейден төрт жыл орысша жақсы оқып елге келгенде Абай оның талабы барлығын байқап Ташкент қаласындағы орта білім беретін бір оқуға жібереді. Әнияр сол оқу орнында оқып, онан кейін Әндижан деген қалаға барып, қызмет істей жүріп, бір өзбектің қызына үйленеді.

1892 жылы Шыңғыстағы еліне қайтып келеді. Сол жылы жаз елде болып, күздікүні Абайдың көмегімен Семейге келіп, «Государственный банк»-қа переводчик болып қызметке орналасады.

1893 жылы май айында Әнияр аз күнге демалыс алып, Ақшоқыдағы Ысқақ ауылына келеді. Ертеңіне сәлем беремін Абайға деп, Ақшоқының сыртында «Көк-үйірім» деген бұлақта отырған Абай ауылына бармақшы болады. Қасына Кәкітай және оның үлкен ұлы Архам Ысқақов еріп келіпті.

Абай үйге сәлем беріп, кіріп келген Әниярға қарайды да:

- Қызмет қандай, меңгере алдың ба?

Әнияр банкте переводчик болып жатқанын айтқанда,

- Айлық еңбегің қанша?- дейді.

- 30 сом.

- Өз үйің бар ма? - дегенде:

- Маған үй қайда Абай аға! Татардың бір кішкене үйінде ақша төлеп жалдап алып тұрып жатырмын. Енді Абай Әниярдан көзін аударады да, төменгі жақта отырған Мағауия, Кәкітай, Ғабидуллаларға қарап:

- Сендер ақылдасып, мына Әниярға бір үй сатып әперіңдер, бас қосып, мал үлесіп жисаңдар көпке ауырлық түспейді, - дейді.

Сонда Мағауия:

- Әнияр аға, Семейде өзіңізге қолайлы сатылатын үй барын білмедіңіз бе? - дегенде. Әнияр:

- Шаған еліндегі саудагер ноғай Ахметжан Ғаббасов «Москвин деген байға берешегін өтей алмаған соң, басындағы үйін беріпті. Сол үйді Москвин сатамын деп еді, бірақ бағасы қымбат 500 сом сұрайды , - деді.

Оған қанша мал керек десіп есептегенде 30 бесті, яғни 200 қойдың бағасы екен десіпті.

Абай Кәкітайға:

- Қолыңа қағаз, қарындаш ал, ал менің айтқанымды жаз, - деді де, Мағауия 5 бесті, Кәкітай 3 бесті, Ғабидулла 5 бесті, Абайдың өзі 7 бесті тағы өз қоғамындағы адамдардың шама-шарқына қарай айтып, жазғызып есептегенде 35 бесті болыпты.

Ысқақтың баласы Кәкітайға осы жиналған малды қалаға апарып сатып, түскен қаражатты Әниярдың қолына беруді тапсырады. Абайдың сол әмірі айтқан мерзімінде орындалып, осы үй сатып алынды деп, өзімнің туған әкем Әнияр сан рет айтып отыратын. Сол сияқты Архаш ағам да сан рет айтқанды.

Бұл үй алғашқы алғанда астылы-үстілі екі бөлмеден төрт бөлме болған. Әнияр оған жалғастырып, үлкейтті. Абай, Мағауия, Кәкітайлар Семейде болған уақытында жататын мекен жасады. Әсіресе, Абай жиі келіп- айлап, апталап, тіпті жылдап жататын.

Мен – Сапарғали Әниярұлы 1890 жылы туыппын. Менің 8 жастар шамасына келгенде  Абай атам, кәзіргі музейдің  «Мемориальный залы» болып тұрған бөлмеде, ортасына кілем, сырмақ, көрпе салғызып қойып, дөңгелек үстелдің үсті кітапқа толып тұрады, қолтығының астына екі-үш жастықты қойып, кітап оқып, жазу жазып шынашақтап, жантайып отырушы еді. Менің шешем Абайдың ішетін тағамын дайындап, шайын құйып беріп, сол бөлмені Абайға арнап, таза ұстап  отыратын. Абайды арнайы басқа жерден іздеп келушілерді, осы үйде қабылдап отыратын.

Мен ол кезде жаспын. Ол кісінің не сөйлесіп, не айтып жатқанына мен мәне бере алмайтын кезім, сондықтан, Абай мынандай сөздер айтып еді деп, айта алмаймын. Тек менің есімде қалғаны, Абай отырған бөлмеге кейде ойнап жүріп кіре қалсам, ей, қарапұшық бала бері кел деп, шақырып, қасына отырғызатын. Дөңгелек бет, толық, қараторы, денелі адам еді.

Әкем Әнияр 1919 жылдар болуы керек банктен пенсияға шығады. 1910 жылдан мен өзім де сол банкте қызмет істей бастадым. Кредитное товариществодан бастап система государственный банкке повышение алып, әкемнің қызмет орнына отырдым.

Әкем Әнияр 1934 жылы 21 январьда таңертеңгі сағат 4-те қайтыс болды. Сол өзіміздің үйдің астыңғы этажында. Әкем көзінің тірісінде бұл үйді банкке өткізіпті. Өзім көп жыл осы банкте істедім. Үйімді банктің балансына беремін деп беріп кеткен екен. Осы күні банк архивінде әкем Әниярдың қолжазбасы бар. Абай музейі біздің үйде орналасқанда Абайдың өзі жататын бөлмесінде біздің үйдің мүліктері Абай пайдаланған мүліктер ретінде сол үйде қалды. Ол мүліктер мыналар еді:

1. Айна, ортасынан сынып жарылған.

2. Жазу столы, кресло орындығымен.

  1. Көкегі бар кішкене ағаш сағат.

4. Кітаптар салатын шкаф.

  1. Ағаш төсек.

Менің әкем Әнияр, маған Кәкітайдың  қызы Қабиданы алып берді. Ол кісімен 38 жыл бірге тұрдым. Қабидадан бір қыз, бір ұлым болды. Қызым Күләш 1953 жылы қайтыс болды. Ұлым Мұқыш, қазірде тірі, ауырып больницада жатыр, - деп еске алады.

Әниярдың үйі демекші, Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы баспадан шығар алдында осында Кәкітайдың араласуымен бірталай жұмыстар атқарылған. Және осы жинақ шығаратын И.Бораганский «Восточная электропечатная» баспаханасы бір баспа табақ қағаз басып, Семейдегі Әнияр Молдабаевтың үйіне жіберіп тұрған. Әнияр болса бұл қағаздарды Кәкітайға жеткізіп берген. Ал Кәкітай оның қатесін түзеп, қайта Петербургке жіберген. Міне, осындай сергелдеңмен жүріп, Абайдың бірінші өлең жинағы 1909 жылы, яғни үш жылда зорға жарыққа шыққан.

Сол сияқты Әнияр Молдабаевтың үйінде азаматтық қарсыласу жылдары Алашорда басшылары Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатовтың отбасылары тұрғаны туралы Гүлнар Міржақыпқызы «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты мемуар еңбегінде: «Әкем 1921-1922 жылдары Семей губсотында жұмыс істеді де, біз Комиссарская көшесіндегі Әнияр Молдабаевтың екі қабатты жекеменшік үйінде тұрдық (кейін Абай музейі болды). Үстіңгі қабатында біз – Дулатовтар, біріншісінде Әлихан атаекемнің (Бөкейханов) үй-іші жайғасқан еді», - деп айтады. Ал, көрнекті жазушы Сапарғали Бегалин «Замана белестері» кітабында Әниярдың үйінде тұрып, оның жақсы танысы, ерлі-зайыпты Нұрғали және Нәзипа Құлжановтардан дәріс алғанын әңгіме етеді.

Ендігі кезекте  Абай қалаға келгенде тоқтап жүрген екі қабат ағаш үй, қазірде «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» аталып жүрген мұражай тарихына тоқталсақ.

Семей-тарихи, шежіре қала. Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезовтің даналығы қанат бітіріп, дем берген қадірлі де қасиетті атамекен. Алаштың астанасы болып саналатын әсем қала.

Семейде 1917-1920 жылдары Алаш ұлт-азаттық қозғалысының қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов, Мұхаметжан Тынышпаев, Әлімхан Ермеков, Елдес Омаров, Шәкәрім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытов, Турағұл Ибрагимов, Ахметжан Қозыбағаров, Мәннан Тұрғанбаев, Әбікей, Қаныш Сәтбаевтар, Мұхтар Әуезов, Жақып Ақбаев, Мұстафа Шоқай, Райымжан Мәрсеков, Көкбай Жанатаев, Сейдазым Қадырбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Біләл Сүлеев, Асылбек Сейітовтер белсенді қызмет атқарып, өз елінің егемен ел, іргелі мемлекет болуын аңсады.

Сол жылдардағы Семей туралы Жүсіпбек Аймауытов өзінің «Ақбілек» романында былай деп суреттейді: «Семей ызғындай елдің ортасындағы өнер-білімнің, сауда кәсіптің, от арба, от кеменің тоғысатын кіндігі, қара шаңырағы, бір губерния елдің миы, ақыл-ойдың табысы, бір губерния елдің жүрегі» дей келе, Семейдің сол уақытта сауда саттықтың орны, тоғыз жолдың торабы екенін ерекше атап көрсетеді.

Сол кезеңнің тарихи куәгері – Бөгенбай батыр көшесі, 132 үйде орналасқан  (бұрынғы Полицейская, 1877 ж., одан кейінгі Комиссарская, 1918 ж.) екі қабатты үй-мемориалдық ғимарат. Үйдің иесі жоғарыда айтылған  Әнияр Молдабаев еді.

1944 жылы Абайдың 100 жылдық мерейтойына дайындық кезінде М.Әуезовтің ұсынысы бойынша Абай мұражайы, осы Әнияр Молдабаевтың үйіне орналасқан-ды. Бұл үй 1967-1990 жылдары қалалық балалар кітапханасы болды. Ал 1990 жылдары Әнияр Молдабаевтың үйі Абай мұражайының қарамағына берілді. 1996-1997 жылдары мұражай ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілген. 1997 жылы 23 қыркүйекте М.Әуезовтің 100 жыл толуына орай мұнда Абайдың мемлекеттік мұражайының «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» бөлімі салтанатты түрде ашылды. Мұражайды ашу құрметі сол уақыттағы ҚР Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбаев пен Республика премьер-министрінің орынбасары, білім және мәдениет министрі Иманғали Тасмағамбетовке берілді. Мұхтар Әуезовтің қызы Мұғамила Әуезова мен немере қарындасы Гүлнар Разаққызы қазақ халқының ежелгі дәстүрімен шашу шашты. Ұлы жазушының мерейтойының құрметті қонақтары жаңа мұражайдың бірінші көрермендері болды.

Әнияр Молдабаев 78 жасында дүниеден өткен. Ал одан тарайтын ұрпақтары туралы 1995 жылғы «Заман-Қазақстан» газетіндегі белгілі абайтанушы Бейбіт Сапаралының «Абайдың «құдасы» Әнияр кім?» және 2000 жылғы «Егемен Қазақстан» газетіндегі ғалым Әбдісағит Тәтіғұловтың «Текті тұлғалар тұяғы» деген мақалаларында  жазылған.

Аталмыш зерттеу еңбегінде жазушы Бейбіт Сапаралы: «Шежіре дерекке зер салатын болсақ, Әниярдың Сапарғали есімді ұлы болғанын, 1910 жылдары ол баласын Кәкітайдың қызына үйлендіріп, Мұхаметғали есімді немере сүйген жайын аңдар едік. Әниярдың інісі Сүндетбайдан  Қалаубек пен Сіләмбек туатын болса, Сіләмбектен Самат, Сағынтай, Мақсұт және Нұржамал есімді үш ұл, бір қыз тарайды. Осы Нұржамалды кішкене күнінен Әнияр өз бауырына басып, атақты Ақберді қажының (Ақберді – Өскенбай немересі) Ұсатайдан туған немересі Жұматайға өз қолынан ұзатады. Осылайша Әнияр Молдабаев ұлы мен қызы тұрғысынан да Абай ауылымен жақын құдандалы болады. Жұматай мен Нұржамалдан тараған – Тілес, Ілияс, Гүлнұр, Гүлмира, Айдос, Жәмила, Мәдина, Данияр, Айдос атты шөбере-шөпшектері», - деп келтірген.

Міне, Алаш ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқан, алайда есімі көп атала бермейтін арыстарымыздың бірі – Әнияр Қожабайұлы Молдабаевтың ұлағатты өмір жолы осындай.

(Жорғарыдағы суретте: отырғандар, сол жақтан оңға қарай Әнияр ата, тұрғандар сол жақтан оңға қарай Күләш Сапарғалиқызы, Мұхаметқали Сапарғалиұлы, аты-жөні белгісіз, Сапарғали Әниярұлы)

 

Қарлығаш Ибрагимова,

Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының

бас қор сақтаушысы

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.