ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

ШАҺКӘРІМ (1858-1931)

Оқылған 27611 рет

Әдебиетіміздің тарихында ұзақ жыл орны ойсырап келген, елге ежелден белгілі болған ақын-жазушыларымызды еске алғанда, ең алдымен Шаһкәрімді атауымыз орынды деп білемін. Өйткені, ол – Абайдың нағыз мұрагерлерінің бірі, бірі болғанда – бірегейі.

Олай дейтініміз, Абай шәкірттерінің ішінде көп жасағаны да, көп жазғаны да – Шаһкәрім. Ол – әрі лирик, әрі ақын және прозаик, ол – композитор және музыкант, орыс және шығыс классиктерімен қазақ оқушыларын таныстырған шебер аудармашы, ол – терең ойшыл әрі бармағынан бал тамған сегіз қырлы өнерпаз – үлкен мәдениет қайраткері.

XIX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихында Абайдан кейінгі ең ірі ақынымыз – Шаһкәрім. Ұлы ақын дүниеден қайтқан соң, халық Шаһкәрімді екінші Абайымыз деп танып, ерекше құрметтеген.

Шаһкәрімнің қалдырған мұрасы сан салалы, сан алуан, ешқашан маңызын жоймайтын мол қазына.

Енді қолда бар мағлұмат, деректер бойынша, ақынның өмір тарихына шеру жасап көрейік.

Құнанбайдың Күңке дейтін бәйбішесінен туған жалғыз ұлы Құдайберді. Құдайбердінің Дәметкен (Төлебике) дейтін бәйбішесінен төрт ұлы болған: Омар, Мұртаза, Шаймардан (Шәке), кенжесі – Шаһкәрім.

Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжаннан туған балаларының бірі – Абай. Сөйтіп, Құдайберді Абайдың ағасы болады. Құдайбердінің баласы Шаһкәрім – Абайдың немере інісі.

Шаһкәрім 1858 жылы, ескіше 11 шілдеде дүниеге келген. Бес жасында оқуға беріліп, жеті жасына шейін оқу оқиды. Құдайберді 1866 жылы 37 жасында дүниеден өтіп, Шаһкәрім жеті жасында жетім қалды.

Шаһкәрім әкеден жетім қалды деген аты болмаса, жетімдік көрмеген, Құнанбайдың ерке немересі болып өскен...

Туысынан талантты, табиғи дарынды, әр нәрсенің сырын білуге құштар, зерделі, зерек, қабілетті, талапты жасқа ғана тән ерекше мінез. Жас шағынан бастап, құштар болған жан-жақты өнерін Шаһкәрім өмір бойы шыңдап, өркендетіп, өсіріп отырған. Абайдың: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес», – дейтіні осы болады.

Жасы он бестен асқанда, ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өсе бастаған Шаһкәрім ғылым жолына ойысып, ақындық өнерін де жарыққа шығара бастайды.

Ұлы ұстазы Абай ағасының: «Ғылым таппай мақтанба, пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге, артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге», - деген ақылын алған саналы інісі Шаһкәрім ғылым-білім ізденуге білек сыбанып, құлшына кірісіп, тіпті «шеттен де кітап алғызып», құныға оқуға салынады.

«Білмегенді сұрап» білетін ақылшысы қасында болады.

«Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза, - дейді ол шежіре кітабында. – Қазақ ішінде Абай деп атайды. Сол кісі мұсылманша, һәм орысша ғылымға жүйрік һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек, дана кісі еді. Ер жеткен соң сол кісіден тағлым алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, азғана ғылымның сәулесін сездім», - дейді («Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі». Орынбор, 1911, 72-б.). Шаһкәрім ауылдан ұзап шығып, ешбір оқу орнында оқымаған адам. Оның мектебі де, университеті де – Абай.

Ақынның жиырма жастарында жазғандары, көбінше, жастық, махаббат өлеңдері. Мысалы:

Гауһардай көзі,

Бұлбұлдай сөзі,

Жаннан асқан бір пері.

Жүзі бар айдай,

Мінезі майдай,

Өзгеден артық сол жері.

Дариядай ақыл мол еді,

Жан ғашығым сол еді... –

деп басталатын өлеңін 21 жасында жазған.

Бұла арада Мұхтар Әуезовті сөйлетудің реті келіп тұр. Мұхтардың сөзінен үзінді келтірейік:

«Ақын болмақ болып, талаптанып өлең шығарып көруге Абайдың іні, балаларының барлығы да ұмтылған. Бұл жағына келгенде Абайдың алды бір жағынан «әдебиет мектебі» сияқты да болады. Сол ретпен өлең шығаратын Көкбай, Шаһкәрім, Абайдың өз балаларынан Ақылбай, Мағауия болады. Бұлардың бәрі де қысқа өлең, өсиет өлең айту Абайдың жол, дағдысы болғандықтан, өздеріне бөлек бет іздеген сияқты. Сондықтан төртеуі де ұзақ әңгімелі өлең жазады. Сонда Көкбай, Шаһкәрім қазақ елінің ескі өмірінен тарихи оқиғаларды жазса, Ақылбай, Мағауия Европа ақындарының салтымен Кавказды, Зұлысты, Африканы өлең қылып, махаббатты жырлайтын сезімді поэманың (романтическая поэма) үлгісін ұстағысы келеді.

Абай бұл жастардың өлең жазуын қабылдаған. Кейбіріне... өзі тақырып та беріп отырған. Бірақ, бұлардың өлеңдеріне де жалпы өлеңге қоятын қатты сынын түгел қояды. Сондықтан сөздері ұнамаған уақытта міндерін өлеңге қосып та жібереді. Мәселен, Көкбай, Әріп, Шаһкәрім үшеуінің үш түрлі өлеңдерін еске алып:

Сөз айттым Әзірет Әлі, айдаһарсыз,

Мұнда жоқ алтын иек сарала қыз.

Кәрілікті жамандап өлім тілеп,

Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз, –

дейді. «Әзірет Әлі, айдаһарды» Көкбайдың қисса жазғыш болғандығынан айтты, «Алтын иек сарала қыз» деп Сыбан Әріп деген ақын «Зияда» деген қиссасында сұлу қызды сипаттаймын деп, иегі алтын, көзі гауһар деп мақтауын асырып, түсіне қарамай, асыл тастарды санай берсе керек. Соған айтылған. Соңғы екі ауыз кәрілікті жамандып айтқан Шаһкәрім өлеңіне арналған (Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ, 1933 ж., 382-383 беттер).

Енді Шаһкәрімнің өмір кезеңдерін шолуымызға келейік. Шаһкәрімнің өзінің жазған өмірбаянынан: «Жиырмадан өткенде, аз ғана ғылым оқыдым...»  – деген сөзін жоғарыда келтірдік. Енді Шаһкәрім өмірінің осы бір кезеңі туралы Мұхтар Әуезовтің жазғанын келтірейік: «Ысқақты ұдайы үш сайлау 9 жыл болыс қылған соң, төртінші сайлауда: «Енді болыстықты Бәкемнің орнына беремін» деп, жасы жиырмаға әрең толған Шаһкәрімді болыс сайлатады. Бәкем деп өзінің үлкен шешесі Күңкеден туған Құдайберді деген ағасын айтады. Ол кісі ертерек өліп, артында екі-үш баласы жетім қалған. Сол ағасының аруағын сыйлағандықтан, жасы жетер-жетпесте, Ысқақты өкпелетіп, Шаһкәрімді сайлайды. Шаһкәрім бір сайлау болып, 84-жылдың сайлауына келгенде, Абай ендігі болыстықты өзімен бірге туған кенже інісі Оспанға бермек болады», – дейді (Абай Құнанбайұлы. Толық жинақ. 1933 ж., 365-бет).

Бұл жөнінде Шаһкәрім өзінің өмірбаянында былай деп жазады:

Өнерлі шебер тіл-жақты,

Алады деп бұл бақты,

Еріксіз маған ел жапты,

Болыстықтың тоқымын.

Болыстық салды жаман ой,

Ғылымды әзір қума, қой,

Ұлықтық деген үлкен той,

Деп, осыған лоқыдым.

Ашылмас кесел болды бұл,

Іздеген ілім қалды тұл,

Азат басым болды құл,

Еріксіз жемтік шоқыдым.

Сөйтіп, Шаһкәрім ел басқару ісіне еріксіз араласқанын өмірінің өкінішті бір кезеңі деп біледі. «Жиырма мен қырықтың арасы: жас өмірдің сарасы, бос өткенін қарашы», – деп налиды.

Шаһкәрімнің философиялық ой жүйесін терең зерттеп, ғылыми талдау жасау, әділ айту философ ғалымдарымызға тиесілі. Оны Шаһкәрімнің өзі де өсиет етіп айтыпты:

Кім айтса да, сынамай қойма, жаным,

Ақылыңа сынатып ойла, жаным.

Пәленше-екем айтқан сөз дұрыс қой деп,

Жүректің таразысын жойма, жаным, –

деген және: «Көп білім жоқ бойымда, шын мақтан жоқ ойымда, кеш сөзімнің кемтігін», – деп, қате айтқаны болса, оған кешірім сұрайды.

«Көп білімім жоқ» дегені – білген білім көлеміне көңілі толмай, қанағаттанбай, місе тұтпаудан барып айтқаны болар деп ойлаймыз. Әйтпесе, ол кісінің өз бетімен ізденіп, қолы жеткен білімі аз болмаған.

Шаһкәрімнің табиғи ақындық қуатын, өнер-білімге құштарлық қасиетін және зор қабілетін ерте танып, ерекше бағалаған Абай оған алдымен қазақ шежіресін жазуды тапсырып, мәслихат етеді.

– Абай қазақ шежіресін жаз деп, он тоғыз жасымнан қазақ шежіресін жинай бастадым. Абайдың ұқтыруымен және сол кісінің ел-елге жіберіп, хат жазып жинақтаған мағлұматтары да шежіреде бар, – дейді.

Қазақтың түбі қайдан шыққанын ғылыми дәлелді, тарихи деректі етіп, қазақ шежіресін жазу жолын Шаһкәрімге Абай өзі бастап көрсетіп берген. Шаһкәрім Абайдың мәслихаты бойынша, тарихшы ғалымдардың, оқымысты жазушылардың сол кезде қолы жеткен кітаптарын зерлеп оқып, терең зерттеп, ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, мол мағлұмат жинап, тұңғыш қазақ шежіресін жазуға кіріскен. Шежіре кітабының кіріспесінде Шаһкәрім былай дейді: «Қазақтың түпкі атасының жайын білмек болып, көп уақыттан бері сол туралы естіген-білгенімді жазып алып және әр түрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым. Оқыған кітаптарымның мұсылманшасы: Табари. «Тарих ғумуми», «Тарих ғұсмани», «Тарих антшар ал-алам», Нәжип Ғасымбектің «Түрік тарихы» , Әбілғазы Баһадүр ханның жазған «Шежіре түрік» және әр түрлі кітаптардан алынған сөздер».

А.С.Пушкиннің «Дубровский» атты повесін Шаһкәрім «Дубровский әңгімесі» деп атап, 1908 жылдары өлеңмен аударған. Бұл шығармасы 1924 жылы жеке кітап болып, араб әрпімен басылып шықты. «Дубровский әңгімесін» аударған жылдары Пушкиннің «Метель» деген әңгімесін «Боран» деп атап, оны да өлеңмен аударған. «Боран» «Әдебиет майданы» журналының екінші санында, 1936 жылы жарияланған.

Америкадағы құл иелену озбырлығы туралы жазған «Хижина дяди Тома» романын «Том ағайдың балағаны» деп атап, көркем қара сөзбен аударған.

Енді ақынның өмірбаянына қайта оралайық. 1917 жылы февраль революциясы жеңіп, патша үкіметі құлағаннан кейін тамыз (август) айында Орынборда Бірінші жалпықазақ съезі өткізіліп, съезде қабылданған қарар бойынша, Қазақстанда Алаш партиясы құрылып және губернияларда, уездерде партияның облыстық Комитеттері ашылады. «Қазақ» газетінің 1917 жылы 2 желтоқсандағы санында Семейде Алаш партиясының облыстық Комитеті ашылғанын хабарлап, Комитетке кірген кісілерді атайды.

Сөйтіп, Шаһкәрім бастатқан Абай шәкірттері Алаш партиясын, оның басшыларын қазақ халқының нағыз жанашыр қамқоры деп таныған, шексіз сенген.

1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері Орынборда өткізілген Екінші жалпықазақ съезіне Шаһкәрім айрықша арналып шақырылады.

Шаһкәрім Алаш Орданың қазысы, яғни биі болады.

Түзелер деп қазағым,

Николай құлап, өлген соң,

Тағы да тартып азабын,

Алпысқа жасым келген соң.

Құлдықтан қазақ босады,

Білмеймін қайдан тосады,

Күн шыққанға ұсады,

Бостандық сәуле берген соң.

Оқыған жастың етегін,

Қабыл алдым жетегін.

Босқа жатып нетемін

Бостандық туын көрген соң,  –

дейді ақын.

Шаһкәрімді бұқара халық ерекше құрметтеп, адамгершілігі зор, адал жүрек ақынын ардақтаған.

1930 жылдан бастап, ақынның ақырғы кезеңі аса бір ауыр халде, қайғы-қасіретпен өтті. 1930 жылы 1 ақпанда ең алдымен Шаһкәрімнің үлкен баласы Ғафурды (Ғабдулғафур) конфискелеп, Баязит деген баласымен бірге айдап апарып, Семей түрмесіне жабады. Ақпанның 7-і күні Шаһкәрімнің өзін конфискелеп, қамауға алады.

Түрмеде тергеусіз жатқан Ғафур ақырында өзін-өзі бауыздап өледі. Қайғы-қасіретке толы осы оқиғаны Шаһкәрім өзі жеріне жеткізе, толық жазыпты.

Ауданға шабуыл жасаған көтерілісшілерді қырып-жойып, олардың бас сауғалап, қашып кеткендерін қуып ұстап, жазалауға ГПУ бастығы Қарасартов бастаған отряд шығады. Сол күні ауданға бет алып келе жатқан Шаһкәрім Қарасартовқа кездеседі. Олар анадайдан көре сала, сөзге келместен, Шаһкәрімді атады. Оқ тиіп, жараланып жатқан ақын тілге келіп: – Мені ауданға апарыңдар... – дегенше болмай, екінші біреуі тағы атады. Ақын өледі. Бұл сұмдық оқиға 1931 жылы 2 қазан күні болған. Сөйтіп, Шаһкәрім ақын 73 жасында жазықсыз оққа ұшып, қызыл империяның қара жүрек, қанды қол жендеттерінің қолынан қаза табады.

Жендеттер ақынды атып өлтіргеннен кейін, оның сүйегін ессіз даладағы ескі бір құр құдыққа апарып тастап, кете барады.

Шаһкәрімнің сүйегі отыз жыл бойы құдықта жатты. Тек 1961 жылы ғана ақынның баласы Ахат (1900-1985) әкесінің сүйегін құдықтан қазып алып, Жидебайдағы Абай зиратының жанына жерледі. Бұл туралы Ахат былайша баяндайды: «1961 жылы 26 июльде Бақанасқа бардым. Әкемнің сүйегін тастаған құдықты жалғыз қазып, ол күні метрден аз-ақ артық қаза алдым Жаныма адам алмай жалғыз қазған себебім: біреу болса, ол асығып, сүйектің бір жерін сындырып алар деген ой келді. 28 июльде және қазып, барлық сүйегін түгел алдым. Тек, оқ бүлдірген екі сүйегі болды. Бір оқ оң жақта тоқпан жіліктің басын үзген. Екінші атқан оқ төс сүйектің ортасынан өтіп, оң жақ омыртқаның қанатын сындырған. Кейбір сүйектерін өлшеп алдым...

Әкей өте ұзын бойлы адам болатын. Сүйегін ауданға алып келдік. 7 август қабыры қазылды, 8 август күні Абай зиратының қасына жерленді. Жүздеген адам қойысты. Сүйек келгенде жыламаған жан болмады. Көздерінің жасымен бірге қуаныштары да байқалды...».

Қысқаша айтқанда, Шаһкәрімнің өмірі мен тағдыры жайындағы шындық осындай.

 

Қайым Мұхамедханов

көп томдық шығармалар жинағы

«Алаш мұрасы»,

3 том, Алматы «Алаш» 2005

 

 

 

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.