ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Ысқақов Әрхам Кәкітайұлы: АБАЙДЫҢ ӨМІР ЖОЛЫ

Ысқақов Әрхам Кәкітайұлы: АБАЙДЫҢ ӨМІР ЖОЛЫ

Оқылған 7331 рет

Мен Абайдың өмірбаянын, шығармаларын осы замандағы алға кеткен озық ғылымның тұрғысынан толық тексеріп толқыған ойды кеңінен қорытатын ғалым адам емеспін. Ондай ғалымдық еңбекті біздің білімпаздарымыз жазып жүр ғой. Олармен білім жарыстырғым келмейді. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп Абай айтқандай, тірісінде Абайдың және оның замандастарынан, Мұхтар сияқты білімнің дарқан ақыл иесінен алған үлгі өнегелерге сүйеніп, осы кітапшаны ұсынып отырмын. Мұндағы мақсатым Абайды, оның ата-тегін, өмірін, оқушы-зерттеушілерге керекті бірталай қосымша деректерді ұсыну. Мен көп жылдар Абайдың тәрбиесінде болдым. Сондағы көрген-білгенімді ақынның жақыны, ағайыны, достары, алыс, араз адамдарын да көріп, кезінде олардың да әңгімелерін тыңдап, жылдар бойы ішке түйіп келдім. Мен сол көріп білгендерімді нағыз шындық қой деп жазып отырмын. Олардың ішінен қазіргі білімділер керегін екшеп, қорытып алатынына, артық-кем айтқандарым болса, қабақ шытпай қарайтынына кәміл сенемін. Тағы бір ескертуім: мен Абайдың шығармаларына талдау жасап, олардың әлеуметтік өмірмен байланысы жағына көп тоқталмадым. Ол жайларды әдебиетшілер шығармаларында жеткілікті зерттеп жазып жатыр ғой. Солардан асып жаңалық айтпаспын деп те ойладым. Әңгіме менің осы еңбегімнің кем-кетігінде емес, өйткені мен ғылыми еңбек жазып төселген адам емеспін. Әңгіме, мен үш бірдей дәуірді: ру-феодализм, капитализм, социализм дәуірін көзіммен көріп, басымнан атқарған адам бола тұрып, кешегі өмірде, әсіресе Абай өмірімен байланысты көріп-білген шындығымды аузына қара құлып салған темір сандықтай ол дүниеге алып кетсем, ұрпақ менің ол ісімді кешірмес еді. Міне, мен сол өмір шындығынан өзегіме түскен, сары майдай сақтап келген азды-көпті байлығымды ұрпағыма өткен дүниеден әкелген базарлық ретінде қалтықсыз қалдырып кеткім келеді.

1. Ақынның балалық шағы

 

Тобықты елі май айының он-он бесінде: «Бауырдың шыбыны шығып, малды жөндеп жайылтпайды. Жонға, жайлауға көшеміз деп арқан-жібін ер-тұрманын жабдықтап әбігер болып жатады. Шыңғыс тауы оңтүстіктен солтүстікке қарай көлденеңдей біткен, ұзындығы 200 шақырымдай, ені он бес-жиырма шақырымдай ғана, аса биік емес. Шыңғыс тауының сай-саласының көш жүретін кей сайларынан арбамен де асуға боларлық белгілі асулары болады. Бауырдан асыға көшкен Құнанбай ауылдары жота жол, Бөкенші деген асумен асып, таудың күнбатыс жағындағы Тоңаша, Барлыбай өзендеріне қонып, бір жұма, он күндей аялдап, шөптің сонысын басып, жотадан асып мол сулы, қалың шалғынды, кең қоныстарды жайлайды.

Бұл жердің жон деп аталатын мәнісі «Сарыарқа» деген қазақ баласына әйгілі биік жота күншығыста Тарбағатай, Алтай тауынан басталып, солтүстікке Баянауыл тауларына барып жалғасады. Сол жота Шыңғыс тауының күнбатыс жағымен қатарласып өтеді. Ол жотаның белгісі кей жері биік, кей жері аласа болғанымен, судың ағысын екіге бөліп тұрады. Күншығыс жаққа қарайтын сай-салалардан аққан судың аяғы Ертіс өзеніне құяды. Күнбатысқа қарайтын сайдан аққан су Балқаш көліне құяды.

Бұл жотаны Тобықты елі жон деп атайды. Жаздың ыстық күндерінде жон жайлаған елдің малдары шыбындамайды, қоңырсалқын самал жел соғып тұрады. Жонның күнбатыс жағындағы Құнанбай қоныстары Жыланды, Тай, Байқошқар, Балашақпақ деген өзендер - көкорай шалғын бәйшешегі ұзарып өсіп, толып, шалғыннан құлын-тайдың жоны қылтылдап қана көрініп, өзені күркіреп ағып жатады. Абайдың «Жаздыгүн шілде болғанда» дейтін өлеңіндегі табиғат көркін жырлауына, толғауына шабыт беретін осы жайлау болатын.

Құнанбай ауылдары бір қоныста ұзақ отырмайды, он-он бес күнде жұрт аударып көшіп отырады. Қалың жылқы ауыл маңын шұбырынды дабыл қылып, тез тоздырып тастайды. Бұл жайлаудан июль айының бас кезінде қайта көшіп, жоннан асып Барлыбай, Тоңаша өзендеріне аз күн аялдап, қозы қырқып, күзем алады да, Шыңғыс тауынан Бауырға аса көшеді.

Шыңғыстың күншығыс жағы жазық дала, 20-25 шақырымдай жерге дейін тастақ, шөбі тақыр, мық жусанды, қар жатпайтын қарабөктер деп аталады. Онан төмен Қарауыл, Тоқпамбет, Қан, Көкенші деген өзендердің суының жайылмасы жалпақ пәйек, шабындық, қалың ши болады. Тобықтының Олжай дейтін атасының тұқымдары сол жерлерге қарлығаштың қанатындай қатар қыстайды. Сол қыстаулардың күншығыс жақ даласы көкпек, жусан, жалман, құлақ, алғи дейтұғын ащлы-тұщылы шөпті болады. Үш айда жайлауда шалғын мен бетегеге жайылып ащы жерді аңсаған мал осы бауырға келгенде, құрт көргенде аузынан су ағатын қышқыл сағынған адамдай құмартып, құшырлана жеп, мейірі қанады. Бұл даланы Бауыр деседі.

Мол құдықтардан күзеу қора салады. Бұл бауырда бос су, аққан бұлақ жоққа есеп. Малды ауылдар қонған жерінің бір жылдан бері құлап, құмдап қалған құдықтарын аршып, астау, қауғамен малын суғарып, қандыра алмай әуре-сарсаңға түседі. Сондықтан, үдере көшуге салады.

Үдере көшу деген жүгін ерте салқында артып қонған жеріне итарқа, жаппа тігіп малын сулатып, сарықтатып, адамы шай қайнатып ішіп дамылдайды да, түстен кейін тағы көшеді. Сондай қалыппен көшкен Құнанбай ауылдары Қасқабұлақ деген бос сулы қонысқа келіп қонады. Таудың төскейінен күнбатыс жағындағы Ойқұдық даласына қарай ағып жатқан көлемі мың қойдың қотанындай жеті жерінен атқылап шығып жатқан көзі бар даңғайыр мөлдір сулы бұлақ – Құнанбай, Өскенбайдың күзеуі. Үдере көшіп, шаршап-шалдығып келген ел бұлақтың екі жағындағы қалың шалғынға үлкен үйлерін тігіп орнығып, жайланып қалады. Сол қалыпты әдеті бойынша Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін 1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді. Ел қайта көшерде Құнанбайдың шешесі Зере келінімнің күні таяу, салт атқа мінсе баласына зақым келер деп Ұлжанды өзінің пәуескесіне отырғызып келген еді. Бала шыр етіп жерге түскен соң әйелдер, балалар, Ұлжан аман-есен босанып ұл тапты десіп Зереден, Құнанбайдан шүйінші сұрасып жүгірісіп жүр. Қолы бостау еркектер атқа мініп Құнанбайдың ағайын-туған, құда-тамыр, дос-жарандарынан шүйінші сұрауға кетіп жатыр. Бұл бала Ұлжанның екінші тапқан ұлы екен. Баланы жерден көтеріп алған, құндақтаған, бетін ашып көрген қатындар сыпсыңдасып, біріне-бірі көргенін айтысып, Ұлжан байғұс енді кейін алған тоқал деген кемсіткен аттан құтылар, мына туған нәрестенің екі шекесі торсықтай, маңдайы кере қарыс, көзі ботаның көзіндей ерекше ұл екен деп, біреуі қой әрі, тілің тасқа болсын, Ұлжанның өзі де жақсы әйел ғой, ер мінезді, еркек тұлғалы, қолы ашық, малшы-жалшы демей бауырына тартып тұрады, ылайым байғұстың жолы болсын десіп дуылдасып жатыр.

Құнанбайдың бұдан бұрын туып, ер жетіп қалған екі ұлы болатын. Өзінің алғашқы бәйбіше қатыны Күңкеден туған ұлының атын Құдайберді, Ұлжанның тұңғыш ұлының атын Тәңірберді қойған. Мынау үшінші ұлының атын Ибраһим деп арабшалап қояды. Ибраһим Мұхаммед пайғамбардың ұлы атасы, өзі де пайғамбар атағын алған адам екен. Бұл атты баласына қоюы Құнанбайдың өз ортасынан ерекше дін жолына берілгендіктің белгісі сықылды. Құнанбай мұсылманша көп оқымаған адам. Өскенбай тұңғыш қызы Тойбаланы одан екі жыл кейін туған ұлы Құнанбайды ел ішінде зекет, садақа жинап, қошқар-теке алып жүрген бір қожаны қолына сақтап оқуға беріпті. Тойбала «әфтиектің» сүресін, «Құнанбай «ежігін» оқып жүргенде қожа өз жайымен кетіп қалады да, бұларға оқу есігі жабылады. Шала оқып қалған Құнанбай намаз, ораза-зекет сықылды дін жолын ел ішіндегі шала молдалардан сұрап құрастырып біліп, ұстанып одан әрі қарай білуге құмартып жүреді. Мына жаңа туған баласына пайғамбардың атын қоюы осының салдары болуы керек.

Құнанбай бұл шамада жасы қырықтан асып, әкесі Өскенбай қартайып биліктен қалып, орыстың патшалық заңы «Степное положение» шығып, бұрынғы сайлаусыз болатын би дәрежесін өзгертіп, болыстық-старшын, ауылдық би, ауылдық старшина атанған кезде Кішік Тобықты атанатын 15 старшын елге болыстық старшина болып сайланып, Тобықты елінің үштен біріндей ғана елге әмірші болып тұрған екен.

Құнанбайдың туған шешесі Зере ақкөңіл, аңқау, адал бәйбіше болды деседі. Жалғыз ұлы Құнанбай балалы болып, өсіп-өніп келе жатқанына қатты қуанып, жаңа туған жас немересі Ибраһимға мейірі түсіп, іші елжіреп, тербетіп, уатып өлеңдетіп:

Әлди-әлди Абайым,

Атқа тоқым жабайын.

Тыста жүрген апасын,

Қайдан іздеп табайын,-

 

дейді екен, мұны естіген қатын-қалаш басында күліп әзіл қылып, бұл бала кәрі әжесінің Абайы ғой десіп жүріп, өздері де айтуға қиын Ибраһимді қалдырып «Абай, Абайжан» деп атандырып кетеді.

Абайдың әкесі Құнанбай бір анадан жалғыз болып қатыбас, қытымыр, суық пішінді, үй-ішіне жылы шырай бермейтін адам екен. Құнанбайдың әкесі Өскенбай Тобықтының биі болған. Ақкөңіл мырза ағайынға қадірлі болыпты, Өскенбайдың әкесі Ырғызбай жасынан балуан, батыр болып он жеті жасында қазақ-қалмақ жиылған тойда бас балуанға түсіп, қалмақтардың Қоңыраулы дейтұғын балуанын жығып, бәйгі алады. Одан кейін бірнеше соғыста шеп бұзып, жауды жеңіп, найзагер батыр деген атақ алған адам екен.

Абайдың туған шешесі Ұлжан Тұрпан қызы Қаракесек, Шаншар руы Бертіс бидің нәсілі. Қалжың сөзді айтып Орта жүзге атағы шыққан Қантай, Тонтайдың қарындасы екен.

1849 жылдар шамасында 70 жастан асып Құнанбайдың әкесі Өскенбай би қайтыс болып, Тобықты елі басшымыз еді, құрметтіміз еді десіп, жабдығын түгел көтеріп: Керей, Уақ, Бура, Матай елін Қаракесек, Майқы Бошанның басты адамдарын жаназаға, қырқына шақырып, сый-сыйпатпен жөнелтеді.

Жасынан өз қатарынан озуға, ел аузына даңқы, атағы қаларлық іс етуге құмар Құнанбай әкесіне көп ел зор жиын жиып ас беруге талаптанып, қасына он шақты ел адамын ертіп сапар шегіп, Тобықтымен көршілес Бошан руының атақты биі Қазыбектің шөбересі Алшынбайға, Әйбике, Нұрбике, Қарашор руларының басшыларына жолаушылап барып қонақтап, оларға көршілес бес мейрам, жеті момын атанатын қалың Арғынның адамдарына жолығып, келген жұмысын сұрағанда: «Өскенбай менің әкем болса, сіздердің ағаларыңыз еді, жылы толғанда әкеме ас берейін деп едім, сіздер көмектесіңіздер (үш жүзді( түгел қазақ баласын асқа шақырсам деп едім, шығын-жабдығы менен болса, қонақ күтіп, жиын тарату сіздерден болса» дейді. Құнанбайдың алысқа сермейтін талабын көрген Арғынның басшы адамдары құптасып, ас беретін үйдің тігілетін жерін, астың мезгілін байласып тарқасады.

Сол Өскенбай асына Қарқаралы дуанына қарайтын бір болыс Жобалай Керей руының байы - Шүршіт дейтін кісі Құнанбаймен сыйлас адам екен. Он семіз жылқы сойыс әкеліпті. Соның біреуіне бір жастау татар жігітін мінгізіп әкелген екен. Құнанбайға сәлемдесіп, амандасып әкесінің асына қайрылы болсын айтып, әкелген сойыс малын беріп, онымен қабат қасына ертіп келген татар жігітінің жайын баяндайды.

«Былтырғы өткен күзде Қоянды жәрменкесіне сатуға мал айдатып жіберген адамдарыма осы ноғай жігіті жолығып, мен әскерлік қызметінен қашып жүрген адам едім, сіздер қыр адамдары сықылды көрінген соң арыз-мұң шағуға келдім. Маған мұсылмандық жолмен жәрдем етулеріңізді сұраймын дейді. Олардың жандары ашып қастарына ертіп маған әкеп тапсырды. Қыстай өзімнің және көршілерімнің балаларын азда болса тілі жаттыға берсін деп оқыттырып шықтым. Мен оқымаған адаммын ғой, байқауымша, арамшылығы жоқ көрінеді. Былтыр сіз бір жақсы моллаға зәру болып жүрмін деп едіңіз, біздің Керей қысы-жазы көшетін, оқудың, діннің қадірін білмейтін надан ел ғой, сондықтан сізге алып келіп едім. Егер керек десеңіз алып қалыңыз»,- десе, жарамды молла таба алмай, дін жолын өркендете алмай жүрген Құнанбай Шүршітке: «Бай сізге көп рахмет. Маған молла қатты қажет еді»,- деп аты-жөнін сұрап біліп, сол Ғабитқан деген татар молланы өз қарауына алады.

Құнанбай әкесінің асына үш жүздің баласын түгел жиып, дау - жанжалсыз тарқатып, ойлаған зор мақсатын орындап, атағы артып, көңілі тасып еліне қайтады. Елге келіп жайланған соң он бес жасар Құдайбердіні, тоғыз жасқа келген Тәңірбердіні, кіші шешесі Күнкеден туған Солтанбекті, Майбасардың баласы Ахметжанды, тағы да көрші-қолаңның балаларын жинап, бөлек үй тігіп беріп, Ғабитқанға бала оқыттырады.

Құнанбай ауылдары қыстауынан ерте қар алатегенек болып ери бастасымен көшіп Қызылжал, Найзатас, Ескітам дейтұғын күзеу қораларына қонады. Күз болса осы күзеу қорада қар екі-үш жауғанша отырады. Малдың қыс жайылатын жерін кейінге сақтайды. Бұл мезгілдерде суық киіз үйде балаларға оқу қиын болғандықтан, Құнанбай Ескітам деген мол судың басынан жиырма шақты бала сиып, жатып оқырлық медресе салғызып, Ғабитқанды шәкірттерімен сонда орналастырады. Сегіз жасқа келіп оқуға жараған соң Абайды да осы медресеге оқуға түсіреді. Бұл Ырғызбай, Өскенбай, Құнанбай тұқымдары жасынан пысық, зерек, орамды болып ерте ер жетеді екен. Мына Абайдың мінезі олардан басқаша. Аңқау, салғырт, салмақты болып, ойланбай сөз сөйлемейді, айтылған сөздің байыбына бармай тоқтамайтын болады. Сонысын көрген жұрт бұл тұқымына тартпаған, қандай адам болары мәлімсіз бала деседі екен.

Абай туғаннан екі жыл кейін Ұлжан тағы бір ұл табады. Әкесі оның атын Ысқақ қояды. Ол да пайғамбар аты екен.

Құнанбай болыстық старшина болып ел аралап, Тобықты Жуантаяқ руының Қарабатыр деген ауылына барып қонақтап жатып жүріп, Бекен деген адамның Айғыз деген қызын көріп көңлі ауып, әйелдікке сұрайды. Бекен Құнанбайға қыз бермеймін демейді, бірақ малым болса да, қонысым тар болып жүр, сіз сияқты адамға жақын болудан қашамын ба деген соң бір шоғыр ауыл, оншақты үй Қарабатырды көшіріп алып келіп Шыңғыс тауының ішінен Сарқатын деген жерге қыстатады. Сөйтіп Айғызды екі әйел үстіне тоқалдыққа алады екен. Айғыз өте өңді әйел болуы керек. Бері келгенде балалары аппақ әже деседі екен. Осы Айғыздан 1848 жылы Абайдан үш жас кіші ұл туса Құнанбай оның атын тағы пайғамбар атымен Халиолла қояды. Ысқақ пен Халиолла қатар ер жетіп, сегіз жасқа келгенде оларды да Ғабитқан медресесіне береді. Ысқақ жасынан пысық, зерек болады. Халиолла тұйықтау, сабырлы, көп сөйлемейтін момын бала болады.

Абай Ғабитқан медресесінен үш жыл оқиды, әуелде сабақ (дәріс( тыңдағанда аңырып тұрып қалып, жүре тез ұғып, тез жаттап бір естігенін ұмытпайтын, бір ұққанын қайта сұрамайтын ұғымтал ұстамды шәкірт бола бастайды. Ғабитқан молла да оны өте жақсы көріп басқа шәкірттерінен өзгеше қарай бастайды.

Құнанбайға: «Мырза, мына Абай деген ұлыңыз дана жігіт. Бұларға керек, шаһардағы (қаладағы( зор медресеге жоғары ғалым хазіреттерден дәріс (сабақ( оқытарға керек»,- деп Абайдың болашағы өзге екенін баяндап отыратын болады.

Құнанбайдың ендігі мақсаты өз балаларынан дін жолына жетік, қазақ ортасына, ораза, намаз, зекет, фарыз-уәжіп дейтұғын тағат-ғибадат үйретерлік адам даярлап шығару болады. Ол ойына мына Ғабитқан молланың сөзі де қозғау салады. Ежелден адамға сыншы Құнанбай балаларында сынап, байқап жүріп жас Абайдан зор үміт күтеді екен. Ауыл адамдарымен кеңескенде: «Мырза, балаларың ер жетіп қалыпты, қайсысы жақсы болады деп ойлайсыз»,- деп сұрағанда Құнанбай: «Не күтсеңдер де, мына жаман қарашұнақтан күтсеңдерші»,- депті деген аңыз бар.

Абайдың басы үлкен болып, оған қарағанда құлағы кішірек еді, қарашұнақ деп сондықтан айтқаны болуы керек. Енді жоғары оқуға өзі үміт еткен он бір жастағы Абайды Семей қаласына өзі ертіп келіп, Ахмет-Риза хазіреттің медресесіне кіргізіп, оқуға беріп қайтады.

Бұрын қалалы жерде болмаған қазақ баласын көрген татардың оқып жүрген шәкірт балалары түйе көрген мәстектей құлағын тігіп үрке қарайды. Молланың, халфенің көзі таса болса киімінен жұлып кетіп, іліп, қағып өтіп, сасық, бит қазақ деп сөзбен шалып Абайдың мазасын кетіріп тәлкектейді. Бірақ, одан жасып жабықпай сайқал мазаққа өздерінен асып түскен, шәкірттік тәртіпті жақсы білетін бала екенін таныған соң тез үйлесіп, сөйлестік болады. Дін оқуының қырдағы оқудан өзгешелігі аз. Қырдан құран, қырықхадис, бақырған оқыса, мұнда да сол құран оқытады. Оған қоса Тухфатулмүлк, Мұхтасар деген араб тіліндегі кітаптарды оқытады. Құран аяттарын жаттатады, мешітке апарып бес уақыт намаз оқытады. Рамазан айларында тарауық айтқызады.

Үш жылдай Ғабитқан молладан оқып, дін сабағын ұғынып қалған Абайға бұл онша қиынға түспейді. Тез арада алдыңғы шәкірттердің қатарына қосылып, мәжілістеріне қатыса бастайды.

Өздерінің мөлшерлері дәрісін оқып шығып қолы босаған уақыттарында халфелік білім алуға жақындап қалған ірі шәкірттердің бір ермегі шығар, бәйіт айту, Мұхамедие, Зарқұм, Суффаттл ғазиз деген жырлы, күйлі кітаптарды әндетіп қосылып оқу, думан-сауық құрып, көңіл көтеру әдеті екен. Туысында ақындық таланты бар Абай мына ұйқасымды, мұңды, күңіренген үнді қатты тамашалап, бар ынтасын қойып тез үйренді. Соларға қосылып өзі де бәйіт, шығыр айтатын болады.

Абай сол медреседе оқып жүріп татар тілін жақсы біледі. Оған қоса араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін білуге құмарланып «тәржімә», яғни жоғары тілдерді татар тіліне аударған мұсылман ғалымдарының еңбегін тауып алып, үзбей оқитын болады. Аздан соң өзі де ұғатын дәрежеге жетеді. Жаз демалысқа, қырға қайтарында керекті кітаптарын алып қайтып, бос мезгілдерінде оқуды әдетке айналдырады.

Бұдан үш жыл бұрын Семей қаласында оқып жаттығып қалған он үш жасар шәкірт Абай, биыл күз басталмас бұрын қырдан келіп медресеге орналасады да, құран, мұқтасар, наху, мантік пәндерін толық меңгеріп алғандықтан, бос уақытын пайдаланып, күншығыстан шыққан ақын жазушы, ғалымдардың шығармаларын алып оқып, таныса бастайды. Бұл танысу Абайға дін жолынан басқа да білім-өнер жолы бар екенін, адам өміріне пайдалы сара ғылым барлығын танытады. Онымен қабат ендігі заманғы өнер-білім орыстың тілімен, оқуымен табылатынына көзі жетеді.

Сондықтан жаңа жылдың аз күнгі демалысынан кейін қырдағы әкесіне ақылдасып рұқсат алмай Семейдегі «городская приходская» дейтұғын орысша школаға түсіп оқи бастайды. Ендігі қалған 4-5 айдан бір жылдық оқу мөлшерін (программасын) оқып білуге барынша иждиһат сала кірісіп, май айының ортасында өте жақсы (отлично) деген бағалау қағазын алып шығады.

 

2. Ақынның жастық шағы

 

Абай оқудан әр жыл майдың он бес-жиырмасынан қалмай қырдағы үйіне демалысқа қайтатын. Сол мөлшерлі мезгілде әкесі сенімді адам мен ат жібереді. Биыл да ат келетін уақыты таянғанда жас шәкірт елге алып қайтатын керекті кітаптарын қарастырып жинап, әсіресе осы қыс ортасынан бер қарай оқып келген орыс тіліндегі кітаптарды іздеп тауып алып жүргенде, ат әкелген Байтас атын «Зарешное слободка» жатақ деп аталатын Ертістің күнбатыс жағындағы Құнанбайдың келіп жатып жүретін пәтер үйі Бұқаш байдың қорасына байлап тастап, өзі желқайықпен өтіп, Семей қаласындағы Абай жататын Мәуітінің үйін сұрастырып тауып келеді. Ауылдың амандығын, өзінің ат әкелгендігін айтқан соң, жерді сағынып жүрген жас шәкірт көп аялдамай елге қайтады. Қаладан ұзап шыққанда жаз шығып, жер кеуіп, масатыдай түрленіп, өскен көк шөп жұпардай аңқыған хош иіс кең ауа жұтса тойғысыз туған жерінің, өскен елінің хабаршысындай алдынан ескен қоңыр желінің лебі жас баланың көңілін көкке сермеп, алтынды өмір алдынан сәуле беріп келе жатқандай болады. Жүрісі тиыш, тақымынан шыққан жылпос аты, сенімді серік жолдасы тез жүр сағынған аулыңа, тез апарамыз дегендей алып-ұшып келеді. Бұлаң құйрыққа салып жортып жолдағы бекет үйлерінің бірінен сусын, бірінен шәй ішіп сусындай отырып, араға бір түнеп, Шыңғыс тауының сыртындағы кең жайлау, мол су, көкорай шалғынға көшіп шыққан аулына күн батарға таянғанда келіп жетеді.

Бұл жер атақты Барлыбай өзені сарқырап ағып жатқан мөлдір су, екі жағы жазық атбаурынан келетін көк шалғын, байлаған құлын көрінбейтін бие бау, кереге жайғызбайтын қалың көк бетеге. Өзенді жағалай қонған оншақты ауыл ортасында күмбездей аппақ болып тұрған алтықанат үйлер, шет жағында мал қотанына арналған қоңырқай төрт қанат үйлер, кешке жақын өзеннен су ішіп, өріске қарай шұрқырап, кісінесіп, қаптап келе жатқан мыңғырған ақтылы қой, қоңырлатып дауысын созып, әнге салып боздаған көп түйе. Сағынышы қойнына сыймай келе жатқан жас жолаушыны қошеметпен қарсы алғандай. Бұл сықылды табиғаттың көркемдігін бұрын көңіл қойып байқамаған. Абайға өте таңсық асқан сұлу, көрікті көрініс еді. Бұлар үй сыртына таянып келгенде жерошақ басында жүрген әйелдер «шүйінші, шүйінші, Абайжан келіп қалды» десіп, үйге қарай жүгірісіп, үйден Абайдың кәрі әжесі Зере, өз шешесі Ұлжан, кіші шешесі Айғыз жарыса шығып қарсы алысады. Абай аттан түсісімен әжесін құшақтап, мейірленіп, қалтылдаған қолын ұстап, маңдайынан, бетінен сүйгізіп босағанда, сабырлы Ұлжан: «Әй, Абай, әуелі үйдегі әкеңе сәлем беріп шық, содан кейін біздің талқымызға түсесің»,- деген соң, Абай басқаға қарамай үлкен үйге кіріп, медреседен алған тәртібімен екі қолын қусырып, иіліп мақаммен келтіріп, «ассалаумағалейкум» деп сәлем беріп Құнанбайдың төмеңгі жағына келіп, жүгініп отырды. Құнанбай әдеті: қатын-баласына, туған-туысқанына жылы шырай беріп, шешіліп әңгімелесіп көрген адам емес. Жолаушы келген баласының күн, жел қағып қоңырланып қалған пішініне, арықтап ұзарып өсіп қалған бойына, шаһарша, татарша киген киіміне назар салып қарап, аз отырып өңі жылып: «Балам білім алып, құдай жолын танып, молда болып сау қайттың ба?»- дегенде Абай:

- Аллаға шүкір, хайырлы дұғаңызда,- деп жауап қайтарады. «Жарайды балам, енді тыстағы шешелеріңе барып амандас»,- деген соң тысқа қайта шыққанда ауылдың барлық қатын-қалаш, бала-шағасы жиылып, үйге кіруге бата алмай күтіп тұрғанын көреді. Олар кезек-кезек құшақтап сүйіп, адамдығын сұрасып, дабырлап босатпағанда әжесі: «Қой әрі, шаршап келген баламды мазаламай босатыңдар. Қалғандарың ертең келіңдер, тамақ ішіп тынықсын»,- деп көпті таратып, Абайды өз қасына алып үйіне кіргізеді.

Осындай амандасу, құшақтасумен 2-3 күн өткеннен кейін: «Абай сені әкең шақырып жатыр»,- деп біреу келген соң Абай сәлем беріп алғашқыдай тағы жүгіріп отырғанда, Құнанбай екінші рет баласының бетіне тесірейе қарап, аз отырады да сөзін бастайды:

- Балам сені оқуға бергенде құдай жолын танысын, әдеп тәрбие үйренсін,- деп берген едім. Хазіреттің сәлем сөзіне қарағанда жақсы өткерген көрінесің, жарайды,- деп бір қойып, тағы да аз ойланып отырып, енді айтпақшы сөзіне көшеді.

- Мен бір анадан жалғыз туып, жасымнан қатыбас болып ер жеттім. Буыным қатпай жатып әкем Өскенбайдың ел басқару, билік айту жұмысына қатыстым. Көп талқысы мені ерте қартайтты. Бұл күнде жер ортасы елуден астым, өзіме тете інілерім Майбасар, Жақыптар кіресілі ел, шығасылы жау болды. Ер жеткен балам Құдайберді болса қалың дәулет, көп ауыл-аймақтың талқысына түсіп, одан босамайтын болды. Тәңірбердінің от басы, ошақ қасы ұсақ шаруадан бойы аса алмады. Басқадай көмектесер ағайын көрінбеді. Ең аяғы біреуге айт деп жіберген сөзімді түгел айтып, толық жауап алып келетін адам табылмады. Сондықтан енді сен бұдан былай оқуды тоқтатып, мынау қалаша киіміңді киіп менің жұмсаған жұмысыма барып, тапсырғанымды орындап қайтып тұратын боласың,-деді.

Құнанбайдың бұл сөз - тұжырымды бұйрығы, шешілмес байлауы, үзілмес ноқтасы. Мұны алғашқы естігенде жас Абайдың бойы қалтырап, жүрегі мұздап, ақылы шатасып, өзін-өзі билей алмай кеткені оқушыға әбден түсінікті болар. Бірақ туысында біткен зор қайрат, толғаулы ақыл бойын тез билетіп, ой таразысына тез салды. Мұндай түпсіз терең шыңыраудан қалай жол тауып шығудың қамын ойлады.

 

Қайғы келсе қарсы тұр құлай берме,

Қызық келсе қызықпа, оңғаққа ерме.

Жүрегіңе сүңгі де түбін көзде,

Содан тапқан шын асыл тастай көрме,-

 

деп елге үлгі айтатын Абай қайғыға құламай, жүрегіне сүңгіп, содан тапқан асылын іске асырмақшы болады да: -Әке мен өз рұқсатыңыз бойынша үш жыл мұсылманша оқып, ораза, намаз басқадай шариғат жолын үйрендім. Биыл қыс ортасынан бері қарай сізден рұқсат сұрауға уақытым болмай, орысша школға түсіп оқыдым. Ондағы мақсатым дін оқуы о дүниеге басшы болса, орыс оқуы бұ дүниеге басшы болмақ. Өнер де, білім де орыста. Бұл күнде біз орыс патшалығына толық бағынған халықпыз. Бүгін өзіңізді ұлық сайлап, мәнсап-дәреже беріп отырған сол орыс халқы. Олармен тілмәш  арқылы айтқан сөз көңіліңіздегідей болып айтылмайды. Оның айтып отырған сөзі сізге дәл ұғылмайды. Сондықтан, бұдан былай орысша білмеген адам мәнсапқа, дәрежеге ие бола алмайды. Мұны өзіңіз де көріп, біліп жүрген шығарсыз. Ендігі менің тілегім мені ғылым-білімнен махрұм қалдырсаңыз да, менен кейінгі жас балаңыздың біреуін орысша оқуға беруіңізді өтінемін деді. Сонда Құнанбай баласының өте ұтымды, анық рас, алдын ойлаған зор ақылды сөзіне құлағын қойып тыңдап, толғанып аз отырады да:

- Жарайды, ол тілегіңді бердім. Оның дұрыс ақыл көрінеді, ендігі оның билігін саған бердім, қай ініңді оқытасың, оған қандай мал шығын етесің, ықтияры сенде болсын,- дейді.

Бұл сөз, бұл байлау Абайға өшкен жарығы, үзілген үміті қайта жалғанғандай әсер береді. Өзім оқымай қараңғы қалсам да артымда оқыған, білім алған інім болса, соны басшы ғып білмегенімді сұрап, үйреніп, ол алған өнер-білімінен пайдаланып отырармын деген үміт елестейді.

Жоғарыда Құнанбай Ғабитхан деген татар молла ұстап Ескі там деген жерден медресе салғызып, бастығы Құдайберді, Тәңірберді, Абай, Ысқақ кіші әйелі Айғыздан туған баласы Халиолланы ескіше дін оқуын оқытқан. Абайдың ендігі орысша оқуға жіберсем деп ойлағаны - дін оқуын оқып жүрген екі інісі Ысқақ пен Халиолланың біреуі болатын.

Елдің сынынша Ысқақ пысық, ұғымтал, ақкөңіл болады. Халиолла сабырлы, көп сөйлемейтін тұйық болатын дейтін. Абай екеуін де жақсы көреді. Ысқақ шешелес пысық, ұғымтал болғанымен одан Халиолла артық, ойлы, ақылды, дана адам болар деген үміті болады да Абай Халиолланы оңаша шығарып алып:

-Халел, сен орысша оқығың келе ме, оған талабың бар ма,- деп сұрайды. Халел аз ойланып тұрады да:

-Абай аға, егер қаражат табуға мүмкіндік болса мен орысша оқуға өте ықлас қояр едім,- деп беті қызарып кетеді. Абай:

-Жарайды, сен қашан оқып білім алып болдым дегеніңше қаражаттан мен тарықтырмауды міндетіме алайын. Ал, сен көңіл қойып жақсы оқып, біліміңнің пайдасын көп көрерлік, көпке үлгі боларлық болып шығуды міндетіңе ал,- дейді. -Ағатай құп, осы уәде болсын,- деп Абайдың қолын ұстап сүйіп алады.

Байлау осымен бітеді де Абай бір жағы әкесінің «пәленге барып кел», «пәлен сөзді айтып кел» деген ұсақ-түйек жұмсағанына барып, оның қайтарған жауабын, істің қалай орындалғанын мәлімдеп жүреді. Бір жағынан Халелді оқыту, оған ақша  құрастыру, оны қандай школаға беру, қалай орналастыру жағын қатты ойлайды. Алғаш өзі орысша оқу бастағандағы ойы осы жаз әкесінен рұқсат алып, Омбы қаласына барып,  Омскідегі «Кодетский корпуске» оқымақшы болған екен. Енді мына Халелді соған апарып беруге талаптанады. Ол школге қара халықтың баласын алмайды. Не төре тұқымы, не аға сұлтан, не патшадан шен алған адамдардың баласы болуы шарт. Соның анығын білген Абай Халелді аға сұлтан Өскенбайдың немересі деген куәлік қағаз алады, онымен қабат жайлаудан семіз ат, ту бие жіберіп, сатқыздырып ақша жинайды. Август айында тағы сататын мал алып, өзі апарып орналастырып қайтпақшы болады да, осы байлауын Құнанбайға келіп ақылдасса, Құнанбай: «Мен оқыту жайын саған жүктедім, қанша мал сатасың, өзің білесің, қандай қағаз керегін өзің білесің, бірақ Халелді Омбыға сен алып бармайсың. Мұнда керегің бар. Басқа адам тауып соған қосып жібер»,- дейді. Міне, қиындық бұл ауылдарда орысша тіл білетін, жол жәйін білетін есебін тауып баланы школға орналастыру қолынан келетін адам жоқ. Әрі-бері ойлағанда есіне татар молла Ғабитхан түседі. Ол орысша тіл біледі. Көп жол жүрген адам және ұстаған жұмысын адал ниетімен дәл орындайтын тиянақты кісі. Екінші жағынан өз шәкірттерін туған баласындай жақсы көретін мейірімді жан. Сол қасиеттеріне қарағанда бұдан орайлы адам жоқ дейді де Абай моллаға келіп барлық жағдайды айтып, баруын өтінеді. Молла: «Мырза дұрыс көрсе, мен Халелді оқуға апаруға дайынмын»,- деген соң әкесіне қайта келіп айтса: «Мейлің, кімді жіберсең өзің біл»,- дейді. Абай барлық жол жабдығын дайындап, Семейге өзі ертіп барып, жетерлік ақша беріп, Халиолланы моллаға ертіп аттандырады. Ол кезде пароход Кереку (Павлодардан( әрі қарай ғана жүреді. Оған дейін почта ат арбасымен барады. Сондай лаумен кеткен молла бір ай шамасында Халиолланы көңілдегідей орналастырып елге қайтып оралады.

Бұл жағдайды естіген соң Абайдың көңілі орнығып, өзінің ойға алған зор мақсаты орындалып, келешек өміріне алдынан аз да болса сәуле беріп отырарлық адамы болатындығына қанағаттанады. Абайдың әдеті, Семейдегі медреседе болғанда араб, парсы, шағатай, түрік тілдерінен дәріс тыңдап оқуын оқығанда да қазіреттің, халфенің тәлім-тәрбиесін алғанда да ойлы толғаулы, шешімді қолданып отырады. Ой елегінен өткізіп керегін алып, керексізін қалдырады. Оған айтар дәлеліміз Абайдың құдайды тану туралы кейін жазған, құдайдың өзі де рас, сөзі де рас деген өлеңінде:

 

Ақылмен Хауа барлығы білмейдүр жүрек сезедүр,

Мүтәкәлимен мәнтігім бекер босқа ередүр,-

 

 дейді.

Арабшасын оқып пайымдаған адамға сол жас шәкірт уағында арабшаның мағнасын толық ұғып, оған қорытынды жасағаны көрініп тұр.

Наху, мантық, араб тілінің грамматикасы және сөз мағынасын, маңызын талдап шешетін ғылыми кітабы оны толық ұғып оқымаған адам дін жолын таза білмейді. Құр мылжыңдап езіп, бас қатырды деуі Абайдың өзі сол медреседе оқып жүргендегі алған білім екендігіне шек келтіруге болмайды. Екінші Абай дінді ғана біліп, соның ғана жолын ұғып тынды деуге тағы болмайды. Күншығыс ақын жазушыларының атын атауын, олардан жәрдем сұрауы, оларға еліктеп бәйіт жазуы жас күнінде-ақ Абайдың табиғи ақындық дарынының жоғары, өзі жәрдем сұрайтын шағрилар, яғни ақын-жазушылар қозғап еріксіз ертіп әкетуі анық көрініп тұр. «Әлифби» өлеңі де соның куәсі сықылды. Әрине, Абай қазақ ортасының жұмысына араласып жүргенде де медреседен алған білімін ұмытып тастап кеткен жоқ. Ел ішіндегі дәрет алып, шалма орап хақтың жолын танымай қалбаң қағып жүретін молдасымақтарды да сынап-мінеп, құдай жолы деудің өзі де әділдік. Адам баласын сүюшілік, махаббатты болушылық деп жол айтып, жөн көрсетіп отырды. Қысқа айтқанда Абайдың Семейде оқыған үш жарым жылғы еңбегі зая кетпей, өмірлік азығы болды десек қателесе қоймаймыз.

Абай орыс школінен төрт-ақ ай оқиды. Соның өзінде бір жылдық сынауда жақсы баға алды. Аздаған тіл үйренді, орысша аздап оқып жазарлық болды. Енді одан әрі оқуға әкесі ырық бермесе де, Абай мен үшін мектеп есігі тарс жабылды деп үмітін үзіп қарап қалмайды. Інісі Халиолланы шолғыншыға жіберіп, өзі оны шығарып салуға Семейге барғанда орысша, татарша сөздік (словарь( және өзі түсінерлік орысша тіл құралын сатып алып қайтып, әкесінің тапсырмасынан қолы бос мезгілін пайдаланып, орыс тілін үйренуге зер салып қарастырып отырады.

Құнанбай жас Абайды шу дегеннен ауыр жұмысқа салмайды. Барып кел, айтып келден бастап, баласының өз тапсырмасын қалай орындауын бақылап, ойындағыдай нәтиже беретіне көзі жеткен соң, өзі шешетін ірі дау, қиын тартыс, аңдысып-айтысып, арбасып отыратын келелі кеңеске бірге ертіп барып, бөлтірігін қозы жеуге үйреткен қасқырдай баулып, әдіс-тәсілге көзін қандырып бойын үйретеді. Өзі басқарып отырған ұлықтық жұмыстарына қатыстырады. Өзімен әріптес, дос, жора-жолдастарымен таныстырмақшы болады. Сол мақсатпен Қарқаралы дуанына қызмет бабымен баратын болғанда Құнанбай Абайды да ертіп апарады.

Қарқаралы қаласы айналасы қарағайлы тау, ортасында орналасқан аз ғана қышлақ аймағы 15 болыс қалың майқы, Бошан руының қыстауы. Құнанбайдың бұрын келіп түсіп жүрген пәтері қазаққа араласып кеткен татар үйі екен. Кең төрт бөлмелі қарағайдан салынған үй болатын. Үй иесі келген қонақтарды жылышыраймен қарсы алады. Кешке келген Құнанбай ол түні тынығып жатып, ерте тұрып мешітке намаз оқуға барады. Абайды да қалтырмайды. Бұл мешіттің имамы Хасен деген молла орта жастағы татар екен. Бұдан бір жыл бұрын осы мешіт тұрған үйді Құнанбай сатып алып, мұнара орнаттырып, ішін жабдықтап, өз атына жаздырып осы Хасен молланы өз қолынан имамдыққа сайлатып кеткен екен. Құнанбайдың келгенін көрген соң молла орнынан тез тұрып берген сәлемін алып, «мархаба қош келдіңіз»,- деп қолын алып, жалпылдап сәлеметтігін сұрап құрмет көрсетеді. Шәкірттің дәстүрімен сәлем берген жас Абайды да ескерусіз тастамай мырза бұл сіздің Семейде оқып жүрген ұғылыңыз болар деп саулығын сұрайды. Абай бұрын көп көрген дін тәртібі, намаз құраны оқылады. Намаздан қайтып пәтерлеріне келген соң Құнанбайдың келгенінен хабарланып қалған Бошан адамдары амандасуға, сәлемдесуге ағылып келе бастайды. Бұлардың ішінде бұрыннан бастас баталас құда, тамыр, дос-жоралары көп екен, ел амандығын, мал жайын сұрасып  әңгімелесе келіп бастары қосылып көбейіп, қымыз ішіп қызып алған соң әзіл-қалжыңға ауысып Шаншар елінің Қантай-Тонтайдың жолын ұстап қалған айтқыш шешендері бірін-бірі іліп қағып, ырғап, шаншып айтысып, тартысып, дуылдасқан думан құрысады. Жас Абайға бұл да өте қызық. Үлгі аларлық, өміріне азық боларлық керекті қазына екендігі сезіледі. Соның ішіндегі мақал-мәтел, тақпақ, тапқырлық сөздерін көкірегіне сақтап қалуға тырысады. Әсіресе, осы жолы Абай өміріне ауыр да зор хауіп те, өмірлік дақ та қалдыратын жағдай Алшынбайдың келіп әкесімен амандасып әңгімелесуі болады. Алшынбай Бошан Шаншардың Әйбике руынан шыққан атақты Қазыбек бидің шөбересі, Бекболаттың немересі. Тіленші бидің баласы, зор денелі қасқабас, қызылсары адам екен. Бұл уақытқа дейін бағы, абыройы қайтпаған, бұдан екі жыл бұрын Құнанбай Қарқаралы дуанына аға сұлтан сайланарда осы дәрежеге қолын жеткізген осы Алшынбай.

Сен қайынды болдың, қалыңдықты болдың, әкең Бошан  Алшынбайдың немере қызын айттырды деген сөз қатын-қалаш, ауыл-аймақтан Абайдың құлағына бұрын тиген болатын. Басында одан ұялып, қысылып жүргенмен би үйреніп, бос қалжың әзіл орнына сайып жүретін. Енді мына келген қайынатасын көріп, білгенде бұрынғы ел аузындағы сөздің растығы бұл темір тордан ешбір босануға лаждың жоқтығы жас баланың жүрегін қатты күйзелтіп, өмірлік арылмас тұтқынға түскендей көрді. Бірақ оған көнбеске шара бар ма. Еріксіз бағынатынын да біледі.

Абай әкесінің алдына келушілер сейілген мезгілде серуенге шығып, көше аралап өзімен құрбылас жастарды көріп танысып әңгімеге кіріссе, олардан бір түрлі жағдай естіледі.

- Күйеу бала, ер жетіп қалыпсың, қалыңдығың бой жетіп, сары алтындай балқып отыр. Өмірлік жолдасымды қашан көремін, ойнап-күліп мауқымды қашан басамын деп күтіп отыр. Енді жасырын күйеулеп қайтатын шығарсың,- деп бір әзілдесіп қойысады. Онымен қабат Алшынбай қызына қолы жетпейтін өзі тұстас ел жігіттері бір тілдесуге құмартып, көріп сөйлесуге бата алмай, арманда болып жүргендерін де ескертіп қояды. Жас Абай құрбы-құрдастарының мұндай сөздеріне құлақ аспай, жастық жалыны оянбай қалмайды, күннен күнге қалыңдық жайында еске алып есепке тұта бастайды. Жас кеудеде алысқан екі ой бірін-бірі жеңе алмай күндіз оңаша жүрсе, түнде төсекке жатса маза бермейтін болады. Бірақ, тез арада ұмыт болып кетеді.

Бұл Қарқаралы дуанына келген Құнанбайдың негізгі жұмысы бір дуан елдің орыс патшасына төлейтін алым-шығынды төлету болады екен. Енді Бошан болыстары, старшындары келіп елден жиналатын ақшасының қаншасын жинағанын, қаншасы жиналмай қалғанын айтып оны тез арада құтылу керектігін, ол ақшаны табу жолдарын қарастырады. Сен пәлен сәудагерге бар, сен түген сәудегерге бар десіп сөз байласып жатады. Бұрын ел ішінде болса да Абай алым-шығынның жәйін білмейді екен. Енді тыңдап қараса, бұл ел басына оның ішіндегі кедейге, малшы-жалшыға, түсетін ауыртпалық, еңсесін көтертпейтін аузын аққа, иінін киімге жарытпайтын айықпас сор екен. Патшаның шаңырақ алымы дегені бай, кедей демей шаңырақ иесі болған үй басына бірдей 4 сомнан болады екен. Оның үстіне қара шығын, «земский сбор» болыс, старшын алатын шығындар екен. Одан бай-дәулетті адамдар малын, жүнін, терісін сатып құтылады да, қолында малы жоқ кедейлер ақша таба алмайды екен. Старшын екі-үш рет «алымыңды төле» деп барады екен де, тауып бере алмаған соң сенің алымың, шығының (недоемко), яғни төленбей қалған-дықтан өсіммен төлеуге қалды дейді екен. Мына сәудегерлерді қарастырғанда жаз берілетін қойға солардан ақша сұрап алып, алым-шығынды төлеу екен. Ақша берушілер жаз алатын бір бойдақ қойға 80 тиыннан ғана береді екен. Содан 4 сом шаңырақ алым, 1 сом қарашығынға кедей 7 қой төлеуге міндетті болады екен. Байларға жалданған малшы-жалшының жаз алатыны 4 қой, 4 киім, қыс алатыны 3 қой, 3 киім, енді жаз шығып жер қарайғанда ақша берген саудагердің малын жинайтын адамдары келгенде старшын орыс «стражник» ертіп жүріп алымы недоемкаға қалғандарды «мал төле» деп қысады екен. Лажы құрыған кедей байларға жалынып бір жылға басын байлап 7 қой алып беріп зорға құтылады екен. Мұны көріп, естіп білген жас Абайдың төбе құйқасы шымырлап жүрегі ауызға тығылады. Мұндай әділетсіздік ел ішінде бар деп бұрын ойлап көрмеген Абай басқа дүниеге кіргенде қайран қалады.

Абай Қарқаралы дуанынан қазақтың неше алуан шешен сөздерін мақал-мәтелдерін, сайқал-мазақ, шанышпа тілдерін Бошан ортасында болған ақын-қожа Қалдыбай, Бурақанның айтқан өлеңдерін, олардың өткір сын, өтімді теңеулерін жадына сақтап қайтады. Мысалы, Қалдыбай қожаға Тіленші би: «Сен кісіні мақтап, әрі жамандап өлең айтшы»,- дегенде Қалдыбай былай депті:

Тіленші Бекболаттан туған ұлсың,

Базарда бағаң артық қымбат бұлсың.

Кейде олай, кейде бұлай мінезің бар,

Жүгіндей ақ түйенің аума құлсың.

Қайырымың бар еді жоқ жарлыға,

Беруші ең ер құнын келсе алдыңа.

 

Әулиесіп фақырға көп күлуш ең,

Қатының ақсақ, балаң таз келді алдыңа.

 

Тіленші бидің әйелінің бір аяғы кем екен де баласы Алшынбай қасқабас кісі болыпты. Сонда Тіленші ашуланып, аз ойланып отырыпты да «ендігәрі маған өлең айтпа» деп айбат көрсеткен екен.

Алшынбай Майқы, Машанды, Тобықтыны түгел билеп айтса әмірі екі болмапты, бірақ пара алғыш өзі басқаға түк бермейтін сараң адам болыпты. Сол кезде Қалдыбай ақын қартайып, оның ақындығын Бурақан деген қожа ұстапты, ол Алшынбайға көп жолықпай басқа бай мырзаларға еріп өлең айтып жүреді екен, бір топта Алшынбайға кездесіп сәлем бергенде, Алшымбай: «Әй, қожа, сен маған неге жоламай қойдың елдің берген сыйын мен де беремін»,- дегенде Бурақан:

 

Алшеке, аузың берер қолың бермес,

Өтірікші құдайдың жүзін көрмес.

Әуелден үлкен ауыз, сіздің ауыз,

Өзі алмаса өзгеге беруші емес,-

депті.

Алшынбайдың пара алғыштығы, сараңдығын бір өлеңге сыйғызып көзіне айтқаны Абайға күшті әсер етеді. Қазақта да адамдықты әділетті көксеген жандар барын таниды. Өзіне ұнағандарын көкірегіне сақтайды.

Абайда ақындық талант, нағашыларынан мұра болған сайқы мазақ жас шағынан өзіне біткен қасиеті. Мысалы, тоғыз жасында айтқан өлеңі «Кім екен деп келіп ем түйе қуған», «Түңілікбайдың қатыны - атың Шәріп» деген өлеңі және «Абыралыға» деген өлеңі, нағашысы Қантай-Тонтайдан мирас болған сайқы мазақ екенін  анық көріп тұрады.

Құнанбай Қарқаралы қаласында қыс ортасы ауғанша болды. Бір дуан елдің алым-шығынын төлетті. Абайды қасынан босатпады. Енді өз аулына қайта келгенде ел ортасына өсек тарап, Бөжей мен Майбасардың арасында ұғыспаушылық, оған ыза болып кек тұтқан Бөжейдің Жігітек, Көтібақты жиып ақсарбас, көкқасқа сойып баталасып Майбасарды болыстықтан тайдырмақ болып Олжай ортасына пәле тауып жатқан кез екен. Оның жағдайын естігенде Құнанбай абдырап саспады. Сабырлы ой, салқын пішінмен тыңдады. Өзінің қатысы жоқ іс сияқты жөн, яки теріс демеді. Бірақ, Абайға қатты тиді. Қалада болып оқу оқып, мұндай ел партиясын сырттан ғана естіп жүрген жасқа алдында әзірленген үзілмес жаулық, таусылмас дау тұрғандай болды.

Енді Бөжей Майбасар ортасын баяндайық. Жоғарыда жазылған еді, Құнанбай Қазыбек бидің шөбересі Алшынбаймен құда болып қызын Абайға айттырды деп. Сол Алшынбайдың көмегімен аға сұлтан сайлауында Құнанбай аға сұлтан болды деп бұрын Қарқаралыға аға сұлтан болып келе жатқан Құсбек, Сартай, төрелердің зорлығы, зәбірі көптің көңілін қалдырып жүргенін пайдаланып сайлау болғанда бастығы Алшынбай болып Бошан адамдары Құнанбайды аяқ астынан аға сұлтандыққа сайлайды. Қарадан хан болды деп мадақтайды. Бұл хабар шапқыншымен Құнанбай аулына жеткенде алдымен естіген Майбасар болды. Ол атына міне салып Бөжейге барады. Бөжей оны күтіп сыйлап алады.

Бөжей: «қонақ бол»,- десе Майбасар: «Жоқ қайтамын, бір нәрсе сұрайын деп келіп едім ала алмай қалсам көңілім қала ма деп қорқамын»,- дейді.

Бөжей: «Өй, Майбасар, не айтып тұрсың. Менің сенен аяйтын малым, басым бар ма еді. Айт, не де болса беремін, аласың»,- дейді.

Майбасар: «Әй, Бөжіке-ай, берерсің-ақ, ертең ағайын-туған көптің талқысына күшті жуанның ықпалына еріп қайта танып кетсең өлім ғой»,- деп Майбасар кібіртіктей бергенде Бөжей шамданып: «Ммен айтқанымнан қайтатын қатынмын ба? Егер екі айтсам атам Кеңгірбайдың әруағы атсын»,- деп ант ішеді.

Майбасар енді шешіліп сұрағанын айтады:

«Осы жолы Қарқаралы дуанына кеткен мырза ағам аға сұлтан боламын ба деген үміті бар көрінеді. Егер ондай жағдай болса ол келген соң өз орны болыстыққа сені сайлайды. Сен болыс болмасаң да ұл едің, мені жұрт тоқалдан туған құл дейді. Егер сол болыстықты маған қисаң, мен құлдықтан арылар едім»,- дейді, Бөжей күледі де:

«Әй, Мәйке-ай, сен қашпаған тайыншаның уызын сұрап келіпсің ғой. Ондай күн туса болыстық сенікі. Айтқаным-айтқан, өлген әкем Ералы тіріліп келсе де екі сөйлемеймін»,- деп наным береді.

Кешікпей Құнанбай аға сұлтандыққа сайланып, кішік Тобықты болысын өзі сайламақ болып қайтып келеді. Қайырлы болсын айтушылар күні-түні сеңдей ағылып келіп жатады. Құнанбай елдің басты адамдарына: «Мен пәлен күн ел жиып болыс сайлаймын»,- деп хабарлап жатады да айтылған күні жиналған топқа келеді.

Жиналған көпке: - Ал, қауым, мен аға сұлтан болып сайландым. Енді менің бұрынғы болыстық орыныма бір жақсы адамдарыңды сайлаңдар,- деп ат өтті етеді.

-Мырза, біз сізден артық не білеміз, өзіңіз лайықтап бір ініңізді белгілеңіз,- дейді.

Құнанбай: - Маған билетсеңдер мынау отырған Бөжей болыс болсын, ана Сүйіндік кандидат болсын,- дейді. Көпшілік құп-құп осы деп шуылдасып жатқанда Бөжей орнынан тұрып мырзаға: «Осы болыстықты біржола менің ықтиярыма беріп тұрсыз ба, жоқ артын өзіңіз билейсіз бе?»- депті.

Сонда Құнанбай: - Ей, Бөжей, екеуіміз бір ананың емшегін бірге емісіп, бір ұяда өскен едік. Ортадағы әзәзіл шайтанға сеніп менің қателесіп саған мейірімсіз жұмыс істегенім рас, оны кешісіп ұмыт болған жұмыс еді ғой. Шын бердім көңіліңе шек алма,- деп Тоқмамбетте болған жанжалдың сарынын айтып кетеді. -Жоқ, мырза аға, мен көңіліме ондай  зіл сақтап айтып тұрғаным жоқ. Егер маған шын берген болсаң, осы жолы болыстыққа мен өз орныма мына Майкенді «Майбасарды» сайлаймын, соны бекітіп беріңіз,- дейді.

Бұны естіген Құнанбай қанын ішіне тартып, сұрланып бетіндегі шешек дағы жоғалып, кәріне мініп: - Ой, Бөжей, не айтып тұрсың. Атаң Қабекең «Кеңгірбай» айтқандай менің тілім Майбасардың атына келмей тұр дейсің бе? Жоқ, Майбасар інім екенін ұмытып тұр дейсің бе? Болмас сөзді айтпа, жөнге түс,- деп тұжырымды бұйрығын айтады. Бірақ оған Бөжей титтей де сасып жасқанбайды. Айтқаным айтқан маған берсең Майкен болады, бермесең өзің білесің,- деп бедірейіп орнына отыра кетеді. Бұл шайқасуды естіп отырған Жігітек адамдары дуылдасып көтеріледі.

-Әй, Бөжей, сен не деп адасып кеттің. Кешегі атамыздың «шолақ найзасы» жаңа қолға келгенде Майбасарың не? Атқа мінсем жығылып қалам деп отырсың ба? Қой, мырзаның әмірін екі етпе,- десіп біріне-бірі кезек бермей жамырасып сөйлегенде:

Бөжей: -Тәй әрі, шуылдама. Мен екі айта алмаймын, сендердің аталарыңа келген болыстық болса, өздерің сайлана беріңдер. Болмаса, басымды қатырмаңдар,- деп қатты зекіп, ағайынның бетін қайырып тастайды.

Енді Құнанбай аз ойланып тұрады да: -Бұл сәті түспеген іс болды. Бүгін топ тарқасын үш күннен кейін қайта жиналсын. Оған дейін Бөжей ақылына түсер, теріс екенін білер,- деп әмір айтады. Топ тарап кетеді. Әркім әртүрлі жору айтып, үйді-үйіне қайтысады. Сол уәделі күні тағы ел жиналды, топ құрылады. Жігітек ішінде Бөжейдің өзімен немерелес Қалыбайдың баласы Тайшеке деген айтқыш, шешен адам бар екен. Жасы Құнанбайдан бес-алты жас үлкен болса да құрбыдай айтыса беретін әрі дос көңілдес кісі екен. Құнанбай өзі аға сұлтан болып інісі Майбасарды болыс сайлағалы жатыр деген хабарды естіген соң, не де болса Құнанбаймен бір шайқасып көрейін деп қойшы мініп жүрген торшалық байталды мініп осы топқа келе сала «Құнанбай қайда, қай жерде» отыр деп даурығып сұраса, анау көптің ортасында отыр десіп шетте отырғандар нұсқап жіберіпті. Дауыстаған аттыға қарап Құнанбай Тайшекені таниды да жақын келгенде сәлем береді.

Тайшеке: -Ой, Құнанбай, құдай қайда, аруақ қайда? Кеше атам Кеңгірбай билігін сенің әкең Өскенбайға берген жоқ па еді? Өзің бүгін төре болып келіп, болыстықты бұлтаққа салғаның қалай? Сен бас жесең, құлақ менікі емес пе еді,- дейді.

Құнанбай: -Уай, Тайым (Тайшекені тайым дейді екен( менің сөзімді тыңда. Мен Бөжей болыс болсын, Сүйіндік кандидат болсын деп отырмын, мұным теріс пе?- дегенде Тайшеке: «Енді бұны бұзып отырған кім?»- дейді.

-Тайеке, ол мен. Маған тиген болыстық болса, оған Майкенді сайлаймын,- деп отырмын дейді Бөжей. Сонда Тайшеке:

-Майкен деген өзі кім?- дейді. Жанында отырғандар мына Майбасар десіп көрсеткенде Тайшеке жан-жағына қарап ыңыранып аз тұрып:

-Мен, тоқалдан туған Тайшеке деген құл едім, менің атым Тайеке болыпты. Тоқалдан туған Майбасар құлдың аты Майеке болыпты. Соны айтқан кісінің атын мен қ...ке қойдым депті де, -Қош, Олжайдың баласы. Қоянша қанжығада табысайық. Қайран ел, қайран жұрт, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеттіңдер ме?- деп тор шолақ байталды борбайлап Шыңғыс тауына қарай жылап жөнеліпті дейді.

Ақыры Бөжей атағанын істеп, Майбасарды болыс қояды. Майбасар орнығып алғаннан кейін момынды, елдегі аз атаны бұратана келімсекті жылата бастайды. Семіз малын ұстатып сойып, ұстатып мініп, малына ие қылмайды. Одан жәбір көрген ел Құнанбайға барса, Майбасарды мен тия алмаймын, оның иесі Бөжей, соған барып шығыңдар деп жауап береді. Олар Бөжейге келіп жылаған соң Бөжей Майбасарға сәлем айт, малын қайтарсын, жазасызды жылатпасын деп бірде інісін, бірде баласын жібереді. Майбасар жүре тыңдап, селқос жауап береді. Барып  келгендер «ойбай, Майбасарың әбден асып алған, бізді жан деген жоқ, сіздің сәлеміңізді тындамайды» деп шағым айтады. Бұған Бөжей сабырмен шыдап, қой Майбасар олай болмас бір мәнісі бар шығар толғанар, тоқталар деп ұзаққа созып келеді екен.

Бөжейге ағайындас бір жесір әйелдің жалғыз семіз ақбас атан түйесі болады екен. Ешбір себепсіз Майбасардың атшабары ұстап алып кетеді. Ол артынан сұрап барса, әйелге Майбасар ұрсып ұрарманға келіп, бермей қайтарады. Әйел жылап Бөжейге барып:

 

Ақ маралды құдай алды,

Ақ бас атанды Майбасар алды,-

 

деп дауыс қылады.

Бұндай зарлағанды естіген соң Бөжейдің шыдамы таусылып, атын алғызып мініп, қасына бір атшы ертіп Майбасардың аулына барады. Бөжейді көрген соң Майбасар алдынан шығып сәлем беріп, атын ұстап байлап, құрметтеп үйіне кіргізіп, мал сой, қымыз әкел деп жылпылдап, қымыз ішкен соң: -Бөжеке болыстық жұмыс ауыр екен, күндіз-түні тыным-тиыштық жоқ. Енді сіз бір-екі күн жатыңыз. Менің қызметім бар еді, соған барайын,- десе Бөжей:

-Ей, Майбасар, мен саған қонақ болғалы келгем жоқ, заманымыз бір құрбы едік, бір төсекте бірге жатысқан, бір ананың емшегін бірге сорысқан туысқан едік. Сен келіп бір назарыңды салып қалап сұраған соң ел-жұртым, туысым, Жігітек баласынан айырылып, бір шешеден туғандай болған сүйеніш мырза ағамнан (Құнанбайды інілері мырза аға дейді екен) кетіп, саған болыстықты әперген мен едім ғой. Сенен қорлық-зорлық көрдік деген халық еңіреп, жылап есігімді босатпады. Інімді, баламды жібердім, «жауап бермеді» деп келді. Енді еттен өтіп, сүйекке жеткен соң өзім келдім. Райға қайтып тіл алып, ел-жұртпен ұғысып, әділдік істейсің бе, жоқ өзім жеттім, өзім болдым, әміршілікті қолыма алдым, қырамын да жоямын дейсін бе. Соны ғана есіткелі келдім. Өтірік айтпа, шыныңды айт,- десе Майбасар:

-Әй, Бөжеке-ай, бір тілегенімді беріп едіңіз, артынан қалмай қуа бердіңіз ғой. Орыстың бұйрығын орындаймын ба, сіздің бұйрығыңызды орындаймын ба. Әбден мазам кетті. Қызмет істетпейтін болдыңыз. Енді қатеден бердім деп қызғанып-қимағаныңыз болыстық болса, оны қайтып алыңыз. Күнде бұлдануды көтере алатын емеспін,- деп түсін бұзып жауап берді. Бөжей: -Жарайды, Майбасар, сөзім бітті. Мырза ағам сүйгеніңнен татарсың дегенде мойындаған жоқ едім. Көрісуге күн жақсы болсын, қоян сықылды қанжығада табысайық,- деп орнынан тұрып, дайын тұрған тамақты ішпей атына мініп үйіне қайтады.

Бойын ашу-ыза кернеген Бөжей үйіне бара сала Жігітектің басты адамдарын шақыртып алып: -Әй, ағайын-туған, мен қателесіп адасқан екенмін. Үлкен аға, кішіні, сендердің тілдеріңді алмай Майбасарға берген бір ауыз уәдемді орындаймын деп қасарысып барлығыңның көңілдеріңді қалдырып, сақтарыңды сындырып едім. Енді өкіндім, дос дегенің жау шықты. Қадірімді білмейді, ендігі қалған өмірімді кек алу жолына жұмсамақ болдым. Бұдан былайғы істі көпке билеттім дейді. Сонда, өздерінің зығырданы қайнап жүрген жігітек адамдары: -Бәсе, ол құтырып еді, оның жазасын тартқызу керек,- десіп күпілдесіп, дуылдасып кетеді. Бұл жиын жолдас көбейту, тілеулес дос, серік табу жайын сөйлесіп, күн байлап шақыратын елін, кісілерін атасып тарқасады. Айтылған күні уәделескен аулына Жігітек, Көтібақ сықылды тұтас рулардың адамдары, оған қоса Бөкенші басшылары және Торғайдан Құлыншақтың бесқасқасы, Көкшеден Қаратай тағы басқалары жиналып дайын болды. Бұл елдің атқа мінер, пәлеқұмар қуларына таусылмас азық таптырмас ермек табылады. Әрі-бері кеңесе келіп бір бас, бір тас болып, Майбасарды ұрмақ, болыстықтан түсірмек болып уәде байласады. Бұлар Құнанбайды да ұмытпайды. Бірақ, өзі келіп інім еді деп Майбасарға ара түскенше оның атын атамай қоя тұрмақшы. Егер Майбасарға болысса оған да қарсы тұруға, жауласуға берік бел байласады.

 

3. Отау иесі

 

Құнанбай Қарқаралыдан келгенде елдің дүрлігіп, сасқалақтап ауыздан-ауызға көшіп, айтысып жүрген сөздері Бөжей мен Майбасар ортасында болған ұғыспаушылық. Одан туғалы отырған зор пәлені естігенде елеп-ескермегендей пішін көрсеткенмен, осы басталғалы тұрған пәленің найза басы өзі болатынын Құнанбай жақсы түсінген екен.

Сәлем бере, амандаса келген ру басыларының тамырын ұстап байқап, баурына тартып, достығын күшейтіп екшей бастайды. Абайды шақырып алып: «Сен атқа мін, ел жұмысына көзің  қанып, құлағың естіп жаттықтың, енді қарап отыратын уақыт емес. Бүгін Құлыншаққа бар. Менен сәлем айт. Түбі бірге түтпес деген, балалары Жігітек Көтібақтың жиналысына барып жүр»,- дейді. «Тоқтасын, пәлелі сөзге ермесін. Түбі жақсы болмайды»,- деп зәрлі сөзін айтып Абайға үлкен тапсырма береді. Абай барып, Құлыншаққа сәлем беріп әкесінің сөзін айтқан соң, жас жігіттің пішініне аз қарап отырады да Құлыншақ: «Балам, ер жетіп қалыпсың, мырзаға менен сәлем айт. Біздің балалардың өкпесі бар көрінеді. Сондықтан Байсал мен Пұшарбай шақырған соң сонда барысыпты, адам соған ереді де. Енді мен оларды қайырып берем деп айтса алмаймын. Туысқан еді деп керек қылса өзі бауырына тартсын. Тілеген өксікті есесін берсін»,- дейді. Абай:

«Құлыншақ аға, өздеріңіздің мақалдарыңыз бар емес пе ағайынның азары болса да безері болмайды деген. Жау болмай, жат болмай отырып еселі сөзіңізді, өксікті жұмысыңызды айтпайсыз ба,- десе Құлыншақ: -Балам, сөзің орайлы, бірақ сенен әкең аздың арызын тыңдай ма?  Өз қорлықтан жат қорлық деген емес пе. Амалсыздан жат болып отырмыз да»,- деп бетін суыққа салып, қайта оралмайтын пішін көрсетеді. Бұны байқаған соң Абай: «Көп қажасқаннан не түседі, сөзі орайлы ғой»,- деп үйіне қайтып келіп, әкесіне Құлыншақтың сөзін түгел айтқанда Құнанбай:

-Өз соры-дағы, пара беріп шақырайын ба, көрерміз,- деп кәрі қылады.

Енді Абайды Сүгір мен Сүйіндікке жұмсайды. «Бөжей мен Байсал ел жиып, пәле іздеп жатыр»,- дейді, «Бөкенші, Борсақ ара ағайын момын ел еді, тілін алса аналарды тоқтатсын, тілін алмаса оларға ермесін, біржола арылып қайт»,- дейді.

Абай Сүгірге барып айтса: «Мен пәленің адамы емеспін, мал баққаннан басқа ел сөзіне кірмеймін. Мырзаға өз басымның жаулығы жоқ, Сүйіндікке бар, байлаулы сөзді содан ал»,- деп өз басын арашалайды.

Сүйіндік ауылы Түйеөркеш деген қыстауында екен. Сыпайылық сәлем берген Абайды Сүйіндік: -Балам, жоғары шық,- деп жылышыраймен қарсы алады. -Күн кеш болды ғой, бүгін қонақ бол,- деп құрмет көрсетеді. Сүйіндіктің Абайдан екі-үш жас үлкен Асылбек деген, Абаймен шамалас Әділбек деген балалары бар екен. Мал жайлаған соң олар да келіп амандасып, шәй ішіп әңгімеге кіріседі. Сүйіндік Абайдан Семейдің жәйін, діннің жолын сұрап, оған қайтарған жауабына қанағаттанғандай болып, одан кейін Қарқаралыда не көріп, не білгенін сұрап ұзақ кеңес құрады. Одан кейін өзінің келген жұмысының жағдайын сұрап, Құнанбайдың сәлемін естіп, аз ойланып отырады да: -Мырзаның сәлемі жөн ғой, бірақ, біздің Бөкенші, Борсақтың қол-аяғын буып, Жігітектің қарауына берді емес пе. Көрші отырып, олармен қайтып жау боламыз. Ара ағайын екеніміз рас қой. Екі алыптың ортасында қалып, қабырғамыз сынып қала ма деп қорқамыз. Балам, мырзаға айт, біздің жаттық-жаулығымыз болмайды. Бөжей мен Майбасарды ұғыстырамыз, тоқтатамыз деп тағы айта алмаймыз. Өздері тимесе жәй жатамыз, өздері келіп соқтықса қорыққанмен жан қалама, өлмес қамын істейміз,- деп сөзін түйеді. Берік байлау, сенімді уәде айтқан соң одан әрі сөйлеудің керегі жоқ екенін ұғып, Абай да тоқтайды.

Абай Асылбек отауына барып жатады. Ол үйден Асылбектің келіншегі, қарындасы ет артынан шәй қайнатып жастар қалжыңдасып әзілдесіп отырып шәй ішеді. Абай жасынан талай қыз-келіншекті көріп, сөйлесіп, әзілдескен. Татардың, орыстың да қыздарымен танысқан болатын. Ал, мына Асылбектің қарындасы көзіне бір ерекше жаралған жан сықылды көрінеді. Жүрегі лүпілдеп соғып, өзінен-өзі, қысылып, бұрын өзі байқамаған жастық махаббат бойын жеңіп еркін алып бара жатқандай сезіледі. Ертең таң атқан соң Абай аулына қайтады. Жолда жүріп келе жатқанда ойынан сол қыз кетпей қояды. Бұл қалай, маған не болды, ертегі, хикаялардағы ғашықтық деген осы ма?- деп біресе бойы қызып, біресе суынып еш байлау алмай үйіне келеді.

Құнанбайға келіп Сүгір мен Сүйіндіктің сөзін, өзінің сөзін айтқанда:

-Жарайды, жақсы байлау жасағансың,- деп ырзалық біл-діреді.

Ел қыстаудан қазақ үйге көшуге дайындалған кезде Майбасар: -Жігітек ортасына съез қыламын, үй тіктір,- деп ат шабарын шаптырып, бір болыс елдің билерін жиғызып, Балпаң деген жердегі Жігітек ауылдарына түседі. Сойыс дайындатады. Мұны естіген соң Бөжей Байсалды, Көкше Қаратайды шақырып алып кеңес құрады. Сонда Қаратай мынадай ақыл береді:

-Сендер, бүгінгі жауымыз Майбасар ғана, Құнанбайға тиіспейміз дейсіңдер. Ол қате, Құнанбайға сүйенбесе Майбасар съезд құра алмайды. Жауды аяған жаралы болады, жау аламыз десеңдер орталарыңан жасырын бес жүз қой жинап саудагерге сатып ақша жинаңдар. Қарқаралыға барып ондағы майырға пара беріп, тілмәшінің аузын майлаңдар. Құнанбай аулымызды шапты, қатынымызға бала тастатты, қыстауымызды тартып алды деп арыз берсін. Соған үш жарамды жігіт дайындаңдар. Куәлік айтатын адамды дайындаңдар. Соларды аттандырған күні съез ғып жатқан Майбасарды ұстап алып байлап дүре соғып тығып тастаңдар. Сол күні жүз жігіт дайындап, он ауылды көшіріп, Құнанбай иеленіп жүрген Мұсақұл құдығына барып қоныңдар. Құнанбай осал жау емес, қолдан да, жолдан да жеңеді. Осы үш іс бір күнде істелсе екеуінен жеңсе де біреуін білмей жеңіліп қалуы мүмкін,- дейді. Осыған сөз байласады. Күні-түні шапқыласып үлесіп қой жинап оған ендігі сәудегерлерден ақша алып,  Жігітектен Түсіпті, Көтібақтан Дулатты дайындап қастарына бір сенімді атшы ертіп беріп Қарқаралыға жөнелтеді. Байдалы ауылында съезд құрып жатқан Майбасарды сабап байлап алады. Бірақ, Майбасардың қасында жүрген Құнанбайдың баласы Құдайбердіге тимейді. Ертең ерте он ауыл жүз жігіт жасақпен көшіп Мұсақұлға таратады.

Майбасардың байланғанын Құнанбай сол түнде естіп тұс-тұсқа шапқыласып жасақ жияды. Көп қол қару-жарақпен Жігітек жаққа жүреміз деп тұрғанда Мұсақұлға келген қалың көш көп кісіні көреді. Жай жақыннан шыққан соң қамданып отырған көп қол тұра шабады. Жігітек қолы да, бұлардан да, адам сойылға жығылады. Соның ішінде Бұшарбайдың баласы Қаракенің мұрнын Құнанбайдың асыранды інісі Ызғұтты айбалтамен шауып түсіреді. Қаны аспанға шапшып өкіре жығылған Қарекені көрген Жігітек, Көтібақ жағы ой бауырымдап шабысқанда Ызғұтты аттан қарғып түсіп Қарекені қасындағы кісінің алдына өңгертіп беріп, өзі кісілеріне қашпа-қашпалап тоқтатады. Кісіміз өлді деп ойлаған Жігітек, Көтібақ қолы иіріліп тұрып қалады. Қайта шаба алмайды.

Сол ортада хабар жетіп Бөкеншінің адамдары келіп ара ағайын болып, ортаға кірісіп Майбасарды үйіне қайтарады. Қарекені және басқадай қолға түскендерді босаттырып, Жігітектің көшін кейін қайтарып, өзіне тиісті құдықтарына қондырады. Сонымен уақытша тоқтам болады.

Бұл шайқасқа Құнанбай наразы болмайды. Бұрын Жігітектің ұрдым жық батыр-сымақтары әйдестің онын біреуіміз-ақ аламыз десіп күпілдесетін. Енді мына соғысқа Ырғызбай жігіттері Ызғұтты, Төлепберген, Елеусіз, Нұрмағамбет Торғайдан Сүлеймен, Бесбесбай, Топайдан Сарыбай, Матақ сықылды жас өспірімдер шығып Жігітек пен Көтібақтың батырларын ұрып, жығып беттетпей қуып тастап отырды. Бұдан былай әйдеске қол жұмсауға батылы бармайтын болды. Екіншіден көптен таласта жүрген Мұсақұл өз пайдасына шешілді, Жігітек қона алмады.

Құнанбай енді Олжай ішін тыныштандыру керек деп біліп содырлы Майбасарды орнынан алып, оның кандидаты осы жолы ара ағайындық сақтаған Бөкенші Сүйіндікке болыстық старшын жұмысын алып берді. Сонымен ел ортасын жайғадым деп жайбарақаттыққа түседі. Жігітек, Көтібақ жағы Қарқаралыға жіберген адамдарының не тындырып келерін күтісіп, монтансып жеңілгенін мойындағандай тыныш жатады.

Осы қалыппен екі-үш айдай уақыт өткенде Құнанбайды Қарқаралыға шақырған қағаз келеді. Оқытып көрсе жауапкер есебінде деген. Бұл қалай, неменеге жауапкер болдым деп ойына қауіп кіріп, балаларын, туысқандарын жиғызып: «Мені Қарқаралыға тез келсін деп шақырып жатыр, кешігуге болмайды. Сендер қамсыз болмаңдар, қысты күні Сарықасқа майырмен ренжісіп қалып едім, соның тапқан бір пәлесі болу керек. Мал сатқызып ақша дайындаңдар, патша ұлықтарының аузын майламаса болмайды»,- деп шаруа жайын айтып, Абайды соған ие ғып қалдырып, өзі Қарқаралыға жүріп кетеді. 10-15 күннен кейін Қарқаралыдан шапқыншы келеді. Жұмыс қиынға айналды. Мырза Омбыға корпуске баратын болды. Үйге қайтармады, «Абай Семейге жесін» деді. Үстінен арыз берген Түсіп пен Дулат екен. Қасқабас майырдың қалтасы толған көрінеді, мырзаны ұлық деп санамады. Тергеуші майырдың түсі суық деп ауылдың үрейіне ұшырды.

Абай сол күні Семейге жүріп кетті. Артымнан сататын мал әкел деп Ызғұттыға тапсырды. Семейге келе сала әкесінің жұмысын білуге уезд, жандарал кеңсесіне барып еді, бірақ одан іс шықпайды. Омбыға бармай болмайтын болды. Қарқаралы жағынан Құнанбай да келді, Бұқаш байдың үйіне түсті. Семейде 2-3 күн ғана аялдап, жетерлік ақша алып жолдастыққа руы Жуантаяқ, көптен бері әкесі Өскенбайға атарман-шабарман болған Тұрғанбайды баласы Мырзақан деген еркөңілді пысық жігітті ертіп, почта арбасымен Керекуге (Павлодар) Құнанбай жүріп кетті.

«Айлас қатын мұңдас» деген мақал бар.

Әр елдің өзінше қаны, сұлтаны, биі болған атақты адамдары болды-ғой, солардың бірі Қаржас руынан шыққан Шорман деген Николай патша таққа мінген тойыңды жүз боз ат, жүз қара ат сыйлық апарып «потомственный почетный гражданин» деген атақ алған, тұқымымен пайдалануға жер кестіріп алған, Кереку Омбы дуандарына беделі жүріп тұрған адам бар екен.

Құнанбай сол Шорман ауылына барып түседі. Бұрын Шорманның баласы Мұсамен көрісіп танысқан болуы керек. Ол құрметтеп қарсы алады. Мұсаның баласы Садуақасты Омбыдағы орысша «кодетский корпус» деген школға оқуға берген екен. Төртінші, бесінші кластарда оқып жүрсе керек. Былтырғы өткен күзде сол школға оқуға барған Құнанбайдың баласы Халиолламен танысып басшылық көрсеткен екен.

Мұса Құнанбайдан істің жайын Семей ұлықтарының жағдайын сұрап білген соң «сіз осында жата тұрыңыз, мен хат жазып Садуақасқа кісі жіберейін, сол Омбы қаласында оқып школды бітіріп қалған Шыңғыс төренің баласы Шоқан деген жігіт бар. Омбы ұлықтарымен таныс, өзі өте зерек, ақылды жігіт. Бізбен сыйлас, істің сәті келіп қалар» дейді.

Құнанбайдың үстінен түскен шағым-арызды тергеу жұмыстарына алып, тергеуші майыр да Омбыға барады. «Құнанбай ауылымызды шапты, қатынымызға бала тастатты, жерімізді тартып алды, параға атымызды түйемізді тартып алды» деген көп арыздар, куәлердің жамандап берген жауаптары зор қылмыс болып, онымен қоса майыр өзінің жасаған қорытындысын бірге алып барады. Аздан кейін Құнанбайды ертіп Омбыға Мұсаның өзі барады. Садуақасты іске қатыстырып ақыры ортаға көп пара жүріп Құнанбай жұмысы қысқартылады.

Омбы айналасында Арғынның жеті момын деп аталатын Тобықтымен туысы жақын елдері болады екен. Өскенбай асында Құнанбаймен көрісіп танысқан басшы адамдары Құнанбайдың келгенін естіп, кезек-кезек қонаққа шақырысып, сый берісіп көп аялдатады. Қыстай сол маңда болып жаз шыға аман-есен ағарып жұмыстан біржола құтылып Құнанбай үйіне келеді.

Құнанбайдың қасына еріп барған Мырзақан: «Майырды арақ беріп мас қылдық, мен пешке от жақтым. Құнанбай майырды шәшінен ұстап басып тұрды, бар қағазды жиғызып алып өртеп жібердік»,- деп елге лақап таратады.

Құнанбай Омбыға аттанғанда Жігітек, Көтібақ адамдары қатты қуанады. Сібірге айдаттық, итжеккен жерге жібердік, келмеске кетті деседі. Енді малын, жерін аламыз десіп  күпілдеседі. Абай Семейден қайтып келгенде мал, жер даулаушылардың алды келіп: «Қолдан бересіңдер ме, жолдан бересіңдер ме», - деп қиғылық салып жатыр екен. Жас та болса Абай одан сасқан жоқ. Болыс бар, би бар, ел басшылары бар, дауың болса айт, еселі ақың, өксікті жерің болса ал, деп келелі жауап берген соң сөзге тоқтап, топ құрып, көп шайқасып бітім жасады. Сол айғай соғым уақытына дейін созылып, жігітек көтібақ адамдары он төрт қыстау алады, елудей қара алады.

Сол айғай басылған соң Абайдың қолы босап үйінде отырып кітап оқуға кіріседі. Бір жылдан бері қарай қағаз бетіне қарауға мұршасы келмеген жас жігіт бұрынғы медреседе, школдағы шәкірттердің қалпына түсіп кітап оқуға бар ынтасын сала қимылдайды. Көбінесе орысша үйренуге талаптанады. Өзінің бұрыннан жиғаны, оның үстіне биыл өткен жазда демалысқа келген інісі Халиолланың әкеп берген кітаптары, школдың оқу ережесі жолдары ережелері, ондағы оқылатын пәндері туралы түсініктері Абайдың ендігі кітап оқуына басшылық жасайды. Бір-екі айда қолдағы кітаптарын оқып, ұғына бастаған соң енді қандай кітап алдыру керектігін алдын ала ескертіп Омбыдағы Халиоллаға ай сайын хат жазып қаражаттық ақша жіберіп, одан хат алып және керекті кітаптарын алғызып тұрады.

Құнанбайдың алыс сапарға қауіпті жұмыспен кеткенде артынан жаулары басынып жері мен малын үлесіп алып жатқанына немересі, жалғыз сүйеніші Абайдың күні-түні сарылып қағазға қарауына қартайған әжесі Зеренің жүрегі қатты қиналып, зор уайым тартады. Анда-санда Абайды шақырып алып: «Қалқам, Телқоңырым (Абайды екі шеше Ұлжан мен Айғыздың ортасында өскендіктен Телқоңыр деп атайды екен). Күндіз-түні жалықпай қағаз қарап жатасың. Әкеңнен не хабар білесің, жалғызымды тірілігінде көремін бе жоқ па»,- десе: «Әже көресің, асықпа хабар алдым»,- деп жұбатады екен. Қыс ортасы ауып күн ұзарғанда Абай жүдеу тартады. Қолына алғанын орындамай, ойлағанын таппай тоқтамайтын Абайдың бала жасынан әдетті мінезі. Соны байқаған Ұлжан: «Әй, балам, сен сарғайып жүдеп барасың, әкесін уайымдап артындағы сүйеніш баласы Абай да азып-тозып кетіпті деп дұшпан күледі, өзің де ауруға шалдығасың, қағазды таста, атқа мін. Шыңғыстағы ағаңдікіне бар, көңіліңді көтер, ел арала үйде отырма»,- деп тұжырымды бұйрық береді. Шешесінің орайлы дұрыс ақылын алған Абай атқа мініп, жолдас ертіп, Шыңғыс тауындағы Құдайберді ауылына барады. Құдайберді қыстай келмеген інісін көріп әзілдеп: «Адаспай қалай,  келдің, әбден сағындырдың ғой»,- деп құшақтап қарсы алады.

Жас адамның көңілін көтеретін бір қызықты ермек бүркіт салу. Құдайбердінің қыстауы тау ішінде. Түлкі көп жүретін қиын шатқал қорым қойтастың ортасында. Ол өзі де жасынан аңға құмар. Бүркіт жайын жақсы біледі. Абайды қасына ертіп алып «саған көрмеген қызығыңды көрсетейін» деп тауға бүркіт алып шығып түлкі алғызып, бірнеше күн сайрандатады. Абайға аңшылық қатты ұнайды.

 

Ешкімге зияны жоқ өзім көрген,

Бір қызық ісім екен сұм жалғанда,-

 

деп жазатын өлеңінің басы осыдан басталады.

Абай Құдайбердіден босаған соң Шыңғысты бөктерлеп жүріп жасы үлкен болса да жаны құрбыдай іш тартып бірнеше рет қонаққа  шақырған Асылбектікіне барып қайтайыншы деген ой түседі. Сүйіндік ауылы ойлағанда неге екенін кім білсін Тоғжан есіне түседі де жүрегі соғып қоя береді. Міне ғажап нәрсе.

Шыңғыс бөктері қыстай қара жатады. Жауған қар оңнан соққан күшті желмен ұшып жоқ болады. Үлкен таудың күншығыс жағында қатарласа біткен аласа таулар Арқалық, Қызылшоқы, Бөрілі, Мыңғызан, Мықыштың қара адыры, Түйеөркеш деген адырларды айнала отырған жиі қыстау, қалың ел. Абайдың жолында бөкенші Жанақтың асыранды баласы Көмекбай аулы бар. Түс кезінде сол ауылдың үстіне келсе есік алдында Көмекбайдың үлкен баласы Ербол тұр екен. Абайды танып сәлемдесіп атын ұстап «үйге түсіңіз» деп құрмет көрсетеді. Ербол Абайды өз отауына кіргізіп шай қайнат, ет ас деп әбігерленеді. Бұрыннан таныс адамындай үйіріп әкетеді.

Абай Ерболды былтыр Сүйіндік аулында бір-ақ көрген, сол ауылдың өз жігіті сияқты қонақ күтісіп, қызмет еткен. Шәй ішіліп әңгіме басталып, малдың жәйі, елдің жәйі сөйленіп, Сүйіндік болыс болғалы елдің берекесін, көпті басқарудағы Асылбектің еңбегін айтып Ербол Абайға көп түсінік береді. Түстік жеп аттанамын дегеніне болмай жабысып қондырады, ертең Абай аттанарда өзі еріп Сүйіндік аулына ертіп келеді.

Асылбек неше шақырып келтіре алмай жүрген Абайды көрген соң аттан түсіп, өз отауына кіргізіп құрметтейді. Былтыр көріп үйірлесіп қалған Асылбектің келіншегі Қарашаш, қарындасы Тоғжан ажарлы жүз, ашық үнмен  амандасып қарсы алады. Асылбек Абайды үш күндей жібермей қонақ қылады, сонда Ербол да бірге болады.

Жалындаған жастық құмары шешіліп Тоғжанмен көңіл қосады. Абайдың өміріндегі бірінші рет ұмтылмас із қалдырған сүйіспеншіліктің басы осылай басталған екен.

Абайдың «Сап-сап көңілім, сап-көңілім» дейтін өлеңі осы Тоғжан жайында жазылған.

Жаз шыға жабылған жаладан аман-есен құтылып Құнанбай үйіне келгенін естіген ел сәлемдесіп, амандасуға ағылып келіп жатады. Достары сүйініп, дұшпаны күйініп ел ортасына зор өзгеріс кіреді.

Жер қарайып кепкен соң Құнанбай Абайды қол ұстата қайнына жібермекші болып Семейге кісі жіберіп жыртыстық бұл алғызады. Көп қалың мал ырым, жырымын дайындайды. Абайдың қасына Ұлжанның өзі және бірнеше адамдарды ертіп Алшынбай аулына жүреді. Қазыбек тұқымы бес атадан қаракөк аталған белгілі ауыл. Соларға лайық сый-сияпат алады.

Алшынбай арқылы аға сұлтандыққа қолы жеткен Құнанбай бұл жолы құдасынан малды, дүниені аяды деуге болмайды. Әкелген ілу-жыртыс той малға ырза болған Алшынбай құдағиын сыйлап, бір жағы қарындасым, бір жағы құдағи болдың ғой деп әзілдеп  той жасап бөлек үй тігіліп, думан сауық туғызады. Неше түрлі ырым-жырым жасап, Абайға қалыңдығын әкеп қол ұстатады. Абайдың қалыңдығы Ділдә өзінен екі жас үлкен, бойжеткен қыз. Еркек тұрпатты, жуан дауысты, атасы Алшынбайға тартқан сарықызыл өңді, неше атадан бері ел билеп би болып, өміршілік құрған ауылдың тұқымына хас ірілік, мекендік мінез болады ғой. Ділдә одан да құр емес. Кесек сөйлеп, кекірт басады.

Оңаша жатқан жас қыз бен жігіт бірін-бірі сынауға, шенесуге қанша шыдасады, көңілдері жарасып қосылып кетеді. Бойлары үйреніп сүйіспеншілігі күшейіп бір жұмадай ойын-сауық құрып Абай үйіне қайтады.

Құнанбай Омбыдан қайтқан соң бұрынғы қызметі аға сұлтандық, яки болыстық старшина дәрежесін қайта қумайды. Бірақ, өзі жоқта тартып алған он төрт қыстауды жолсыз, зорлық деп бағалап иеленіп отырған Жігітек, Көтібақ адамдарына ол жерге иелік жасамайсыңдар деп әмір береді. Құнанбай ағарып келеді енді кегін қуар деп қауіптенген ел оған қарсылық жасай алмайды. Басымыз өзімізге олжа дегендей көнетінін білдіреді. Бұл шатқалаңның аяғы бәсеңдеп тоқталғандай болады.

Абай қайынынан келгенде Омбыдағы оқып жүрген інісі Халиолладан хат келген екен. «Демалысқа босадым, қайтамын, Семейге ат жіберіңдер»,- деген. Хатты оқысымен Абай жеңіл трашпеңке арбаға екі ат жеккізіп, көшіріне Мырзаханның баласы Көккөз жапырайған Баймағамбетті отырғызып, Семейге жүріп кетеді. Бұлар тез жүріп Құқабайдың үйіне келсе Халиолла да келген екен. Құшақтасып сүйісіп қуанысып қалады. Әңгімелескенде Халиолла өсіп қалғандығын білдіреді. Екі жыл ішінде талай адаммен жолығып танысып, оқудан да үздік жақсы деген баға алып, орыс тілін мүдірмей сөйлеп, кітабын мүлтіксіз оқитын болыпты. Абай бұған қатты қуанып өз ойлағанындай алдынан тағылып алып, артындағы елге үлгі берерлік інісі болатындығына нақ сенеді.

Семейде екі күн аялдап Абай оқуына керекті кітап, және ауылдағы Ысқақ, Оспан, Смағұлдарға да орысша азбука алып қайтады. Аулына келген соң аз күн мауқын басып оңаша үй тіккізіп інілерін жинап, Халиолла мен Абай бір уақыт орысша сабақ үйреніп, бір уақыт гармон, скрипка ойнатып үйретіп, бұрын бұл ауылдарда болмаған жаңа өмірдің бетін ашып мәдениетті елдің үлгісін шашады. Осы қалыппен бір уақыт өткен соң Құнанбай Абайды шақыртып алып Алшынбай аулына барып күйеушілеп қайтуға онымен қабат қасына Ызғұттыны қосып келінін биыл берсін деп сұратуға дайындалады. Абайды тез жүруге бұйырады. Бармаймын деуге лажы жоқ жаңа басталып келе жатқан өнер-білім есігі тағы жабылады.

Абай барғанда Алшынбай ауылы жайлауда Қу тауының сыртында екен. Танысып, табысып қалған қалыңдық, жеңге, балдыздар қуанышпен қарсы алысады. Ызғұтты Алшынбайға Құнанбайдың сәлемін айтса: «Құп онысы жөн, бір айдан кейін келіп келінін алсын»,- дейді. Бұлар үш қонып бір айда қайта оралмақ болып еліне қайтады.

Алшынбай сөзін естіген соң Құнанбайға тағы бір ой түседі. Ежелден елден ерекше іс істеуге құмар адам бұл жолы да бұрынғы ел салтында жоқ жұмыс істемек болады. Ұлжаннан туған үш ұлы - Тәңірберді жиырма жаста, Абай он алты жаста, Ысқақ он төрт жаста, бұлардың барлығының бұрыннан айттырып қойған қалыңдықтары бар. Алшынбай қызын әкелгенде, Тәңірберді мен Ысқаққа да қалыңдықтарын әперіп, тойын бірақ істеп, үш отауды бөлек ауылғып қондырып, енші беріп бөлек қыстатпақ болады. Тәңірбердінің қайыны Найман елі руы Сыбан Кенжеғұл деген мықты, қиқар адам. Ысқақтың қайыны Найман Мұрын деген елде атағы шыққан Тана мырзаның ағасы Жанпейіс деген бай екен. Бұдан бұрын Тәңірберді қайынына барып қол ұстап қайтқан. Ысқақ та сол жылы атасы Жанпейіс өлген соң қайынына барып аза салып қайын жұртын көріп қайтқан екен. Құнанбай Тәңірберді мен Ысқақтың қасына кісі қосып қайындарына аттандырады. Келінімді тез берсін, алатын малдарын айтсын дейді. Тәңірберділер Кенжеғұлға барып Құнанбайдың сәлемін айтса, Кенжеғұл: «Құнанбай неге састы, қызым әлі жиырма беске толған жоқ, жас баламды бере алмаймын»,- дейді. Тана аулына барған Ысқақтарға қайын-ағалары, енелері жайын айтады:

«Биыл басшымыз өліп жетім бала, жесір қатын болып қалдық. Жасау, жабдық дайындығымыз тағы жоқ. Баламыз әлі жас, биыл 13 жаста, мырза бізді қинамасын. Бірер жылға рұқсат берсін»,- деп қайтарады.

Құнанбай ұстанған бетінен қайтпайды. Қыздары жас болса ержеткенде берер дейді де ауыл адамдарын шақырып алып: «Мына Тәңірберді мен Ысқаққа орайлы екі қыз табыңдар, Алшынбайдың қызы келгенде олар да қызын беретін адамдар болсын»,- десе, жиналғандар: «Тәңірбердіге лайық Қарабатыр Отыншы дегеннің қызы бар, Ысқаққа лайық Шүрекбайдың қызы бар. Екеуі де бірауыз сәлеміңізден қалмайды»,- деседі. Құнанбай Отыншы мен Шүрекбайды шақыртып алып құдалық жайын айтса, олар: «Мырза сізге құда болудан қашамыз ба, қызымыз дайын, бүгін алсаңыз да өзіңіз білесіз»,- деседі.

Құнанбай Ұлжан мен Айғызды шақырып алып келін дайын болды, бірақ екі құданың отау көтеріп, жасау-жабдық істеуге дайындығы жоқ. Екеуін жиырма күн шамасында бесқанат екі ақ отау дайындаңдар, төсек, абдыра, кілем, сырмақ жақсы болсын. Алшынбайдың бәйбішесі қызын ертіп келеді. Содан ұят болмасын деп тапсырады. Ырғызбай, Өскенбайға қараған отыз-қырықтай ауыл бар. Бәрі де ауқатты бай, мына тығыз жарлықты орындауға түгел жұмылады.

Уәделі мезгіл болғанда Ұлжан мал айдатып тағы ырым-жырыммен алып Алшынбай ауылына аттанады. Бұлар барғанша дайындалып болған екен. Елін шақырып тойын жасап көп кешіктірмей он түйе арттырып, бес ат мінгізіп, он бестен жасау істеп артынып, тартынып Алшынбай қызын жөнелтеді. Қазақ жолында қалыңдығын алып қайтқан күйеу көшінен бұрын үйіне келеді, аулына хабарлайды. Абайлар көштен бұрын келсе Құнанбай ауылдары дайындалып болған екен. Келін келетін күні оюлы екі ақ отау тігіп, оның ішіне жасау-жабдық жайып, бір көгалды бұлаққа тігіп қойған екен. Алшынбай қызының көшін де соған апарып, отауын да сонда тіккізеді. Тәңірберді мен Ысқақтың қалыңдықтарын да әкеп өз отауларына кіргізеді. Көп ел шақырып той жасап, бір жұмадай құдағиларын күтіп, жол-жобасын беріп аттандырған соң Құнанбай үш баласына бірдей ғып екі жүзден қой, елуден жылқы, он түйеден енші береді. Тәңірбердіге Қосшыбай деген Керейді, Абайға Мырзақан баласы Шаяхметті, Ысқаққа Әнет Бікі дегенді әрі малшы, әрі көрші ғып қосады. Оны жайғастырып болғаннан кейін үш баласын шақыртып алып мынадай әмір айтады:

-Адам өседі, жер өспейді. Малды, жанды салып жүріп алған екі жерде қыстауым бар. Шыңғыстағы  Қан өзеніне Құдайберді ие болсын, мына даладағы Жидебай, Борсықбай, Мұсақұл, Бараққа Оспан мен Ысмағұл ие болсын, сендер Ащысу өзенінің жағасындағы Ақшоқы Тесіпшыққанға көшіңдер. Арты қара-бөктер, адыр алды ойылған көкпек қалың ши, жалпақ шабындық жердің шұрайы. Осы күні оған иеленген ел жоқ. Менің бір қызығып жүрген жерім еді. Ертеңнен қалмай көшіңдер, сендерге берген қыстауым сол,- дейді.

Айтты болды, шәкірттерше жүгініп, тыңдап отырған үш бала орындарынан тұрып, өз ауылдарына қайтты. Тәңірберді өз отауына барып екі інісін шақыртып алып: -Ал, жігіттер, ақ қар, көк мұзға айдаған әкелеріңнің әмірін қайтпексіңдер,- десе Абай: -Қайтейік, барамыз. Оңай, қиын болса да көнеміз,- деп жауап қайтарады.

Тәңірберді: -Жоқ, мен бармаймын, әділетсіз әкенің тілін алмаймын. Төрт-бес қыстаулық қара Шыңғысты Күңкенің баласына беріп, Ұлжаннан туған балаларды жапан дала, қалың қарға айдап тастаймын деуі дұрыс емес. Біздің шешеміз күң емес, біз құл емеспіз. Ол қорлыққа мен көнбеймін. Екеуің Ақшоқы мен Тесіпшыққанға барам десеңдер өздерің біл, мен осы түнде көшіп Қан өзенінің бойындағы Қаражұртқа барып қонып, там-қора түзетемін,- дейді. Абай аз ойланып отырады да: -Өзіңіз біліңіз, біз екеуіміз әкеге әзір қарсыласпаймыз, әмірін аламыз,- дейді.

Айтқанындай, Тәңірберді Шыңғыс тауына көшіп, Абай, Ысқақ, Ақшоқы мен Тесіпшыққанға көшеді. Тәңірбердінің қара жұртқа келіп қонып қора түзеп жатқанын білген соң Күңке Құнанбайға кісі жібереді: -Шыңғысты түгел саған бердім деген уәдесі қайда? Тәңірберді ең шұрайлы жерге қонып, қыстау түзеткелі жатыр. Соны айтып жауабын айтып кел,- дейді. Құнанбайға келіп айтса: -Мен Тәңірбердіге Ақшоқыға бар дегем, кісі жіберіп көшірейін,- дейді. Ызғұттыны Тәңірбердіге жұмсап: -Онысы несі, менің тілімді алмағаны ма, оны қойсын. Ақшоқыға барсын,- дейді. Ызғұтты барып Тәңірбердіге әкесінің сөзін айтса ол: -Жоқ, мен бұл жерден кетпеймін, әкемнің әділетсіз билігін алмаймын керегедей қалың Шыңғыстан Ұлжан баласына тоқымдай жер жоқ дегені дұрыс па? Бүгін мені зорлық қып көшіргенмен түбі жаман болады. Қалған тұқымына таусылмас пәле қалдырады. Шешем күң, мен құл емеспін. Ана екі баласы итарқасы қиянға кетті ғой, сол да жетер, маған тимесін,- дейді.

Бұны естіген Құнанбай ойға кетіп, сұрланып отырып-отырып аздан кейін: -Бұл иттің де сөзі жөн екен. Енді Күңкеге айт, өмірлік дау алғанша мына Жидебайдың төменгі жағында Жарық деген жақсы қыстаулық жер бар. Құдайбердінің кіші әйелі Ботантайды соған қондырсын. Қан өзенінің күншығысын Тәңірбердіге берсін,- дейді. Сол сөз байлауы болады.

Абай, Ысқақ, Ақшоқыға барса жөнді там қора жоқ екен. Бұрын Құнанбай Ақшоқының бір суының басынан тас қора салғызып өзіне қоңсы болып кеткен Майшоқы дегенді қыстатады екен де, Тесіпшыққанға Ақбан деген керейді  қыстатады екен. Екі жас келіншек жаңа үй болған бірінен бірі бөлінгісі келмейді. Ақпанды көшіріп, соның жаман үйіне қымтырыла, қыстырыла орналасады. Ақшоқы Жидебайдың күншығысында қырық бес шақырымдық жер. Әнет, Бәкең, Олжайдың Семейге  қатынасатын жолы сол арадан өтеді. Қыс соғым терісі, жаз жүні мен күз сататын мал алып, қалашылар келіп кетіп жатады. Олардан басқа жақын жерде ауыл сирек, әр атаның құдығының басында белгілі есебінде қыстақта бір-екіден үйлер қондырып кеткен. Әңгіме-дүкен құратын құрбы жоқ, үйренгенше айдаудағы адамдай, түйелі адам көрінбейтін қалың шидің арасында, күн көрінбес, қараңғы қапас сияқты орын екен. Көпке, дуға үйренген жастарға қатты қиындық түседі. Абайдың ендігі тапқан ермегі аң болады. Қарашолақ деген бүркіт алғызып жүйрік тазы тапқызып алып, жүйрік мықты аттарды жаратып алып, қасына Ысқақты алып, қағушы адам алып аңға шығатын болады. Өткен қыс Құдайбердінің қасына еріп жүріп құс салу жайын түсініп алған еді. Құсын баптап алып Ақшоқы, Қоянды, Қайрақты, Ешкіөлмес, Аршалы деген жақын жердегі тауларға барып аң қағады. Бұл таулар күзектен ел қайтқалы иесіз тұрған, түлкі, қасқыр, қоян қойша өретін аңға бай таулар. Қар қалыңдап атқа бөгет болғанша көп түлкі, қасқыр алып, қаныбет қызық көреді. Екінші бір Абайға ұнаған нәрсе күнде пәлен болды, түген болды деп мазасын кетіретін  өсек баққан партия, пәле құған қулар келмейді. Сондықтан кешке шам жаққан соң кітап оқуына бөгет жоқ. Және Семей жақын. Бір жүзден аса шақырым жер ғана, атпен ара қонып барып қайтып отырады.

Қыстай қараңғы тар үйде қысылып шыққан Абай, Ысқақ жаз шығып жері кепкен соң қора, там салып алуға талаптанады. Абай Ысқақты қасына ертіп жүріп Ақшоқы тауын тесіп шыққан қорығын, шабындығын қақ бөліп күншығыс жағын Ысқаққа беріп, күнбатысын өзі алып ортасынан меже қояды. Ақшоқы тауының бауырынан арасы бір шақырымдай жерден екеуі қора, там салып орнығып алады. Абай әкесіне сирек қатынасады. Құнанбай ақылдасарлық келелі кеңес болмаса Абайды бұрынғыдай ұсақ-түйекке жұмсамайды. Аздап қолы босағандай болған соң Абайдың алданышты қазақтың ұлт ойыны тоғыз құмалақ, дойбы ойнау. Бұрыннан ойыншы деп атақ алып жүрген көтібақтан Көрпебай, Мамайдан Смағұл дегендерді шақырып алып ойын әдісін үйретеді. Өзі ғана үйреніп қоймай інісі Ысқақты, ағайыны Ырысалды, Махметжанды, көршісі Текжан, тағы бірнеше жастарды қатыстырып күні-түні бас алмай ойнайды. Бұл ойын бұрынғы елдің ұсақ-өсегі, өтірігінен басқаша бір думан, сауық. Бәсеке жарыс, өнер табарлық мектебі сияқты болып біреуден-біреуге тарайды. Жастардың ынтасын аударады. Бұл жылы Абай жонға жайлауға көшпей, бауырдағы Ералы жазығын жайлайды, Омбыдан демалысқа қайтатын Халиолланы осы арадан күтеді. Ол келген соң өткен жазда басталып ортасы үзіліп қалған орысша оқу, ән-күй, домбыра, скрипка, гармон ойнап үйренуді қайта қолға алады. Абайға көрші Көкен тауының бауырын қыстап жайлайтын уақ елінің Қандар деген ауылынан шыққан, жас күнінде Семейде өскен Мұқа деген әнші-күйші бар екен. Ол жоғарыдағы аталған музыка аспаптарының бәрін жақсы меңгеріп, тамаша  ойнайды. Халиолла келіп думан басталған соң Абай кісі жіберіп Мұқаны шақырып алып өнеріңді көрсет, үйрет дейді де екі айдай жібермей қолына ұстайды.

Бұл Ералы деген жер, Ащысу деген өзеннің жайылмасы, айналасы ат шаптырым қалың шалғын. Бұрыннан бұл жерге көшуге көлігі жетпейтін миялы Үшқара деген жерден егін салып, кәсіп ететін кедей жатақ атанған ауылдар жайлайтын еді. Жұмыстан қолы босаған еңбекші жастар Абай ауылында болып жатқан думан, сауықтан құр қалғысы келмей басында келіп жүріп, аяғы өздері де қатынасады. Абай оған қарсылық жасамайды. Қайта бауырына тартып жөнін үйретеді. Осы жазда Абайдың әйелі Ділдә босанып бір ұл табады. Оның атын Абай Ақылбай қояды. Жастардың ақыл-білім өнер тапқан уақытын да еске алады. Он жеті жасар Абай әке болып бір шәлкем елдің ақыл айтар басшысы есебіне кіріп ерте ер жетеді. Осы демалысқа келерде Халиолла Абайдың оқуына орысша көп кітап алып келіпті. Ойын-сауықтан бос уақытында әдейі оқытып, ұғынбаған жерін үйретіп, ұстаздық етеді. Өткен үш жылдың ішінде өзінің білгенін түгелдей айтып, жол-жобасын түгелдей көрсетеді. Әсіресе Абайға қиын соғатын тіл үйрену жағы. Орысша кітап оқығанда сөзін түсіну қиын болғандықтан Халиолла сол жағына көңілін көп аударады. Орыс тілін қазақшаға аударып жазып беріп сөздік құрап сөйлемін ұқтырады. Оқу мезгілі жеткенде Абай Халиолланы Семейге өзі ертіп апарып қаражатын беріп қоштасып шығарып салады.

 

 

 

 

4. Өмір талқысында

 

Кішік Тобықты болысына Сүйіндік екі жылдай жақсы қызмет етеді. Бұрынғы атыс-шабыс тоқталғандай болады. Бірақ іштей тартыс болып жатады. Аға сұлтандық, болыстықтан бірдей айырылып қалғанын Құнанбай іштей намыс көреді. Ендігі сайлауға дейін күш жиып жолдас көбейтуге дайындалып, оған өзінен туған балаларынан болыс болуға жарарлық біреуін ойластырады. «Степное положение» заңында болыс болатын адамның жасы жиырма бестен, би болатынының жасы отыз бестен кем болмауы шарт екен. Соны білген Құнанбай Тәңірбердіні жиырма бес жасқа, Абайды жиырма төрт жасқа, Ысқақты жиырма үш жасқа келді дегізіп ауылдық есеп кінегеге тіркетеді. Сайлау күні таяғанда әуелі Құдайбердіге сен болыс бол десе, тәте (Құнанбайды балалары тәте дейді екен(, мен жалғызілікпін, балаларым жас, келініңіз науқас адам, өзім де жөтеліп ауыра берем, мен болыс болсам малға кім ие болады. Сондықтан мені қойып ана ер жеткен балаңыз Тәңірбердіні сайлатқаныңыз жөн емес пе десе, Құнанбай оған қарсы болмайды. Сайлау болғанда Тәңірберді болыс болады. Әнет, Орман деген кісі Ысқақтың қайынағасын кандидат қояды. Сонымен Құнанбай көңілі жайланғандай болады. Құнанбай аға сұлтандықтан қалғанмен Тобықтының келелі кеңес, басқа елдермен талас-тартысын дау-жанжалын өз алдынан таратып отырды.

Арқа тауын қыстайтын Тобықты Мамай деген ру мен оған көршілес Алжан тауын қыстайтын Найман, Сыбан елінің ортасында жер дауы, жесір дауы шиеленісіп, соған Құнанбай барады. Бұдан бірнеше жыл бұрын Арқат тауының сыртындағы Қарағайлы бет, Қайың деген жерден «қожа» деп аталатын адамдар келіп қыстап отырыпты. Ол кезде қазақтың өлгеніне жаназа шығаратын, баласын сүндеттейтін қожа тұқымы болады екен. Сол қожалардың бірі Бердіқожаның ер жеткен балалары Үсен, Бурақан, Әуезқан, Кенжеқан, Самарқан деген ұлдары, бой жетіп отырған Нұрғаным деген қызы бар екен. Келген қонақты құрметтеп күтеді. Нұрғаным қызылшырайлы, көзі мөлдіреген қара, сымбатты қыз екен. Құнанбайдың әйелдікке алуға көңілі ауады. Кісі салып айтқызса, Бердіқожа: «Шал ғой, қызым жастау ғой»,- десе: «Әке ол не дегеніңіз, әйелге еркек кәрілік қылама, әлі қайраты қайтпаған адам емес пе. Құнанбай сияқты адаммен сүйек болу үлкен мәртебе, зор бақыт емес пе»,- деп балалары кеу-кеулесіп Бердіқожаны көндіріп қарындасын Құнанбайға бермекші болады. Сол топтан қайтарында Құнанбай Нұрғанымды алып қайтады. Бұл Құнанбайдың төртінші әйелі, бұрынғы бала-шағалы болып кеткен үш әйелінен бөлініп, бір жола жас әйелінің тәрбиесіне көшеді.

Көп кешікпей Бердіқожа Құнанбай аулына көшіп келеді. Оған Шыңғыс бауырындағы Қызылшоқы деген жерден қыстау беріп біржола өз адамы қылып ұстайды. Тәңірберді ел ішінде съезд қылып бір болыс елдің биін жинап, жігітек Әбдінің аулына түседі. Онда Абай да барады. Ел жұмысын Тәңірбердімен бірге басқарады. Әкесінің тапсырғаны болуы керек.

Әбді Кеңгірбайдың Қотанбұлақ деген баласының немересі Түсіптің баласы. Әбдінің Зағипа деген сұлу қызы бар екен. Бұл қызын Жігітек ішінде кірме болып отырған Төлеген дегеннің баласына бермекші болып жүз қой алады. Төлегеннің баласының басы таз, жаман ынжық адам екен. Оны көрген соң Зағипа қатты қайғырады, күні-түні зарланып өлең айтып жатып алады. Төлегеннің мұқтажы жер, Әбдінің малы аз сондықтан қызының жылағанын елеп-ескермейді.

Зағипа съезд болып жатыр, Абай деген Құнанбайдың орысша оқыған баласы басқарады дегенді естіп Абайға өлеңмен мұңын шағып хат жазады. Абай қыздың шешен тілмен, зарлы үнмен шығарған ұйқасымды сөзін естіп жаны ашиды. Әбдіні шақырып алып, сен мынау қызыңды зарлатып Төлегеннің таз баласына берме. Өз ішіңнен шыққан балаңа қалай жаның ашымайды десе: -Уай, Абай, сенің бүгін ұлық екенің рас, бірақ, мен де осал ауылдың баласы емеспін, өйтіп басынба. Үй-ішіме іріткі салма, қызын малға сатқан жалғыз мен бе,- деп қарсы шығады. Абай Әбдінің сөз ұқпайтынын көрген соң, Төлегенді шақыртып алып: -Төлеген сен мал біткен момын адамсың, мына Әбдінің қызы саған келін болмайды, берген малыңды қайтартайын, бұл пәледен аулақ бол десе ол: -Абайжан, түсіп кеттім тереңге, енді маған күн қайда деп бұрынғылар айтқан екен. Малым көбейіп, жерім жоқ болып әркімнен қақы көрген соң жері көп, жуан ауыл ғой деп Әбдімен құда болған едім. Енді құдалықтан тайсам бар малымды жігітектің бұзықтарына талатып жіберді. Енді амалым жоқ, келінім кетсе бара берсін, осы жерде отыра беремін,- дейді. Шынына келгенде Төлегеннің сөзі жөн болған соң Абай зорламайды.

Абай Зағипаға кісі жіберіп айтқызады: «Мен Әбдіден де, Төлегеннен де арылдым, олар сөз ұғатын емес, енді өзі шыдаса орыс ұлықтарына арыз берсін. Заң жүзінде ер жеткен қыздың еркі өзінде болады. Одан басқа лажы жоқ»,- десе Зағипа Абайға былай деп жауап қайтарады:

«Мен бәрібір тірі адам емеспін. Төлегеннің тазын құшақтағаннан, көрге кіріп топырақ құшақтағаным артық. Ұлыққа арызды өзі жазып жіберсін, мен қол қояйын. Әйелдік қылып екі айтады демесін, жақсылығын ұмытпаспын, мені қорлыққа тастамасын»,- дейді. Абай, Семейдің мировой судьясына Зағипа атынан арыз жазады, почташы атшабарын жіберіп «жауабын тосып алып қайт» деп тапсырды. Бір жұма шамасында болысқа «қызға зорлық еткізбесін босатып сүйгеніне берсін» деген бұйрық келеді.

Тәңірберді Әбдіні шақыртып алып Семей ұлығынан келген бұйрықты оқып көрсетіп: «Енді зорлап бере алмайсың»,- десе, Әбді көкке шапшып: «Бұл арызды жазған Абай, әмірші сен, Құнанбай балалары жаулығың қалмайды, бұл зорлыққа көнбеймін»,- дейді. Тәңірберді Әбдінің сөзін түгел жазғызып, «болысқа қарсы келді» деп акті жасап, мировой судьяға қайта жіберді. Мұны Әбді естіп анық біледі. Сол актыны Семей ұлығына жеткізбеудің қамын істеп екі жігіт аттандырады. Семейге болыстың почтасын апаратын атшабар Көтібақ Қамысбай деген Қарауылдан шығып Ащысудағы өз үйіне барып қонып, ертеңінде Күшікбай деген жердегі жалғыз үйде түсте шәй ішіп енді Семейге жете қонамын деп келе жатса алдынан Мұқыр өзенінің жарынан екі атты кісі қарсы шығады. Қамысбай одан сескенбейді, есік пен төрдей жерге келгенде тақымдарынан шоқпарларын суырып алып Қамысбайға тап береді, Қамысбай сасып қалып енді атының басын бұрғанша басына шоқпар да тиіп, атына ұшып түседі. Екі кісі атынан түсіп Қамысбайдың мойнындағы былғары сумканы алып, ішіндегі барлық қағазды анадай тақыр жерге алып барып түгел өртеп жібереді: «Ал, Қамысбай жаның өзіңе олжа. Бізді көрдім деме»,- деп тастап жүріп кетеді.

Қамысбай танып қалады, біреуі Әділқан, біреуі Құйылыс деген Жігітектің белгілі ұрылары. Олар кеткен соң Қамысбай жарылған басының қанын жуып, орамалмен таңып қалай жүрерін білмей аз ойланып отырады да ақыры елге барғаннан не шығады деп, одан да Семейге тартады. Ояз кеңсесіне келіп, басының жарылғанын көрсетіп, екі ұрының почтаны тартып алып өртеп жібергенін айтады.

Ояз «ол ұрыларды таныдың ба» деп ақырған соң Қамысбай қорқып кетіп, Әділқан мен Құйылыстың жөнін айтады. Ояз екі стражник қосып беріп, болысқа бұйрық жазып, бұзықтарды тез мұнда жеткіз деп әмір етеді. Бұлар жолдағы елден лау мініп, сойыс сойғызып Қарауылдағы съезге жетеді. Өзге ұрылық болса да почта талау деген тобықты ортасында болмаған оқиға. Тәңірберді кандидаты Орманға екі кісі және мына екі стражникпен Қамысбайды қосып, сол түнде Әділхан мен Құйылысты ұстап әкелуге жібереді.

Барғандар Әділқанның ауылын қамап Әділқан мен Құйылысты үйінен ұстап алып, қайтып жолдағы Әбдінің аулына келіп түсіп мал сойғызып дамылдайды.

Әбді сол арада Базаралыға, Бөжейге, Қасқарауға басқа да Жігітек адамдарына кісі шапқызады. Көп кісі жиналады да, тез ақылдасып жіберіп стражник пен болыс адамдары ет жеп жатқанда айғайлай ауылға шауып үйді айнала қамап, Әділқан мен Құйылысты босатып алып кетеді. Стражниктер қорқып кетіп қарсы қару жұмсай алмайды.

Орман мен Қамысбай ұрыны тартып алған он кісіні таныдық дейді. Оған бұрынғы екі ұрыны қосады, сонымен Жігітектің он екі адамын бұзық, патша үкіметіне қарсы қол жұмсаушы деп айыптап акты жасап болыс, би, қол қойдырып мөр басқызып оязға жібереді.

Тез уақыттың ішінде он қазақ-орыс ертіп урядник келіп бастығы Базаралы, Балағазы, Әбді, Уәйіс, Құйылыс қып он екі адамды ұстап елді қырып-жойып қайтады.

Ол он екі адамды Семейдің мировой соты Сібірге айдалуға тиісті деп тауып Омбыдан бекіттіріп айдауға жібереді. Зағипа сол қайғыдан сарғайып, өлең айтып, зарланып жатып қайтыс болады.

Осы жұмыстың артынан «сен еліңді жөндеп алмадың, бұзықтарды тыйып, жөнге салмадың» деп Тәңірбердіні орнынан алып, орнына кандидаты Орманды бекітеді.

Орман Кішік ішінде өспеген аз ауыл Әнет деген руынан, Олжайға ара ағайын мұның болыс болғанын пайдаланып, он екі адамы айдауға кеткен Бөжей жасырын жолдас жинап қам жасайды. Құнанбай балаларын болыстықтан тайдыруды ойлап Тәңірберді мен Абайдың үстінен арыз бергізіп «ауылымды шапты, жерімді тартып алды, қызымызды зорлады, буаз қатынымызға бала тастатты» деп өтірік жала жапқызады. Ондағы мақсаты алдыңғы сайлауда бұлар тергеу астындағы қылмысты адам болып, болыс сайлануға жарамай қалсын деген әдіс болады.

Бұған Ысқақты да қосамыз ба дегенде Бөжей: «Ол әлі жас қой, болыстыққа жасы толмайды кейін көрерміз»,- деп арызға қосқызбайды.

Сайлауға үй тігіліп ояз келгенде елу басы  шарынан жеңген Құнанбай Абайды болыс қоямын десе, ояз: «Абайдың үстінен көп шағым арыз бар, сайлауға жарамайды»,- деген соң, енді Ысқақты қоймақшы болады.

Оны естіген Бөжей мен Байсал жасы толмайды деп арыз етіп қаратса список бойынша жиырма беске толған болып шығады. Жасын ілгерілетіп қойғанын біліп Байсал: «Оязға арыз берейік, жасын тексертейік»,- десе Бөжей: «Қой, оған әуре болмайық, бәрібір бізге болыстық жоқ, Ысқақты қалдырғанмен Құнанбайдың буына семірген  бір ақымағы болар, онан да осы Ысқақты өзіміз де сайласып сынайық. Ақкөңіл, кішіпейіл бала көрініп еді»,- деп тоқтады.

Сайлау болғанда Ысқаққа барлық тас түгел түсіп болыстыққа сайланады. Атағы болыс болған Ысқақ болғанмен бұған басшылық ету Абай мойнында болады.

Құнанбай енді ел сөзіне кіріспей, дін жолына біржола беріліп, күндіз-түні ораза тұтып, намаз оқып, Ғабитқан молланы уақыт-уақыт шақырып алып, шариғаттың бес парызын, уәжібін, сүннетін сұрап алып үйреніп, оңаша үйде тағат, ғибадат ететін болды.

Абай ел басқару жұмысын қолына алғаннан кейін әкесінің жолын өзгертеді. Енді бұрынғыдай қорқытып, ықтырып билеуді тастап, достықпен, ақылдасумен, көпті жинап кеңесумен басқармақ болады. Сондықтан бір болыс Кішік Тобықтының ата ұлдарының бастықтарымен тату-тәтті бола бастайды. Мысалы, Есболаттан Оразбай, Жуантаяқтан Байғұлақ, Сақтан Абыралы, Қаражан, Тоғалақтан Серәлі, Қайықбай, Бәкеңнен Байұзақ, Жанқожа, Бөкеншіден Асылбек, Әкімқожа, Ербол, Жігітектен Үркімбай, Көркембай, Көтібақтан Айдар, Жиренше тағы бірнеше дос жолдас тауып, ел ортасының жұмысымен солармен ақылдасып басқаратын болады.

Сол тыныштық қалыппен Ысқақтың болыстығы алты жылға созылады. Бұрынғы жауласқан Жігітек, Көтібақ қарсылық көрсетпеді. Ысқақ съезд істеуге билерін жиғызып ел ортасының жер дауын, жесір дауы, ұрлық, барымта сияқты дауларды тыймақшы болып Жуантаяқ пен Есболаттың ортасынан үй тікізеді. Абай сол съезге басшылық етеді.

Бәзіл деген Жуантаяқ Шөкей деген қызын Есболаттың бір жігітіне бермекші болып атастырған екен. Шөкей оны менсінбей Қаракесек Олжабай деген жігітпен көңіл қосып, қашпақшы болып серт байласады. Бұрын Шөкейге қырындап сөз айтып, көндіре алмай жүрген жігіттер Олжабай мен Шөкейдің уәдесін сезіп екеуін аңдиды. Ел жата Олжабай ат алып келіп Шөкейді мінгізіп жатқанда аңдып тұрған бес жігіт ұстап алып Олжайды сабап, Шөкей екеуінің аяғына бір кісен салып съезге айдап келеді. Билердің алдына алып келгенде Олжабай қорқып кейін тартынғанда Шөкей омыраулап төрде отырған Абайға өлеңмен арыз айтып мұңын шағады. Әкесі атастырған күйеуі теңі емесін, өзі Олжабайды сүйгенін, мына ұстап алып сабаған бес жігіттің соңынан қалмай мазасын алғанын, оларға көнбегенін, олар қолы жетпеген соң кек қуағанын, Олжабай екеуіне бір кісен салып айдағанын айтады, енді Абайдан және басқа билерден әділет күтетінін айтады. Сонда Абай Бәзіл мен оның құдасы Есболат адамдарын шақыртып алып: «Мына Шөкейдің басы бос болсын, өзі сүйген Олжабайға барсын. Сендер алысқан малдарыңды ауысыңдар»,- деп айтады. Сонда Есболат жағы: «Абай мырза мына Бәзілдің малы жоқ, келінім кетсе де малымды кетіресіз бе. Менің не жазығым бар»,- десе Абай: «Олай болса мынау Олжабай Шөкейді жазықсыз ұрған, аяғына кісен салған бес жігіт сенің малыңды төлесін»,- дейді. Бұл бұрын қазақ ортасында болмаған билік, естімеген әділдік. Шөкей мен Олжабай қатар тұрып Абайға көп алғыс айтып, бір атқа мінгесіп кетеді. Істің аяғы сонымен тынады.

Құнанбайдың Ұлжаннан туған балаларының кенжесі, жасынан ерке, тентек аталған алып денелі, аусар мінезді Оспан да ер жетеді. Құнанбайдың Оспанға алып берген алғашқы әйелі Мәметай руы Тасболат Ибақтың қызы Еркежан. Ол бала көтермеген соң Бошан Байбөрі руының бір аталы ауылы Есбалақ Өндірбай Қалпе дегеннің қызы Зейнепті екінші әйелдікке алады. Зейнептен бір ұл тауып ол бір жасында өліп қалған соң, Әнет байлаудың қызы Торымбаланы үшінші әйелдікке алады. Бірақ ешқайсысынан бала тумайды.

Оспан мал көбейтуге кірісіп, сауда істейді. Семейдің байларынан несиеге бұл, шәй алғызып, Еркежанның ағасы, өзінің қайнағасы Ысқақты бастық қылып  қос тіккізіп несиеге бұл, шәй сатқызады. Мырза, Мамай, Жөкең, Сыбан деген елдерге барып  күзді күнгі қызыл қозыға жаз бойдақ болғанда алуға төрт кез яғни үш метрден кездеме береді. Бір кез іштік бұлдың құны алты-жеті тиыннан аспайды, сонда бір қой отыз тиынға түседі. Ол несиені жаз шығып, жер кебе жинатып алып, Қоянды жәрмеңкесіне апарып бір қойды екі-үш сомнан сатқызады. Сонда бір тиынға пайда табатын болады. Осы ретпен істеген саудадан Оспан тез арада көп мал құрап байып алады. Қол малының өзі ғана жылқы мың жарым, түйесі үш жүздей, қойы екі-үш мыңдай болады.

Сол Оспан болыс болғанды әуес көреді де ағасы Ысқаққа: «Сіз алты жыл қызығын көрдіңіз ғой, енді қисаңыз мен болыс болайын»,- деп едім десе, ол: «Қалқам мен сенен болыстықты қызғанам ба, бірақ болыстың билігі Абай ағаңда емес пе. Ол кісі ұнатса мен сенің болғаныңа қуанамын»,- дейді. Абайға келіп айтса Абай: «Ысқақтан сұрадың ба?»,- депті. Сонда Оспан: «Сұрадым, Абай ағаңа ұнаса бол деді»,- дейді. Абай аз ойланып отырады да: «Жарайды, көпке айтайын олар қарсы болмаса осы алдыңғы сайлауда болыс қоямын»,- деп уәде байлайды.

Осы кезде Кішік Тобықты болысы он бес старшын ел екен. Абай Оспанды болыс қоймақшы болған соң сол он бес старшын ішіндегі өзіне тілектес дос, жолдас болып жүретін он бес басшы адамын шақырып жинап алады да Оспанның болыс болғысы келетінін айтады. Солардың ішінде Абай мен жасынан жолдас, сырлас болған Бөкенші Ербол деген жігіт жұлып алғандай: «Оған өзіңіз не дейсіз»,- дегенде Абай: «Болам десең бол деп едім»,- депті.

«Олай болса бізден несін сұрайсың, қай ініңді қойсаң да еркің өзіңде емес пе. Саған қарсы келеміз бе»,- деп жауап қайырады.

Нанғыш Абай өзі қатты дос көретін жолдасы Ерболдың сөзінің түкпірін тексеріп ойға салмайды да: «Жарайды, енді сөз байлауы болды»,- деп нанып қалады.

Бұл топ ауылдан шығып жөнелгенде бәрі бірдей ойға түсіп сандалып бірімен бірінің жұмысы болмай өз беттерімен жүріп бара жатады. Соның ішінде болған он бес басшы кісінің біреуі Көтібақ Жиренше деген ертерек бойын жинап алады да: «Уай, қауым, сендерге не болған, әкелерің өліп қалғанда да өмір сүріп, ат жалын тартып мініп, күн көріп жүрсіңдер ғой. Оспан болыс болмаса бір күнде қырылып қаласыңдар ма, естеріңді жинап, аттан түсіп бас қосып ақылдасайық та»,- дегенде қалғып келе жатып оянғандай ойға шомып келе жатқандар бастарын көтерісіп алып, күлісіп: «Уай, мына Жиренше дұрысын айтады, шынында да тіпті тереңге кеткен екенбіз»,- десіп, бірін-бірі қалжың қылып жадырасып, аттарынан түсіп, атшыларынан бөлініп он бес басшы бір төбеге шығып ақылдасуға кіріседі.

Мұндайда сөз бастайтын Ербол: «Уай, жігіттер, Абай бізге ауыр міндет артты. Оспанның жәйін білетін боларсыңдар. Бірақ, мен бәріне де қанықпын. Бұл ағалары Абай, Ысқақтың тілін алмайды, құдай оның бетінен сақтасын. Бас жарылады, көз шығады демейді туысқан болған соң көңілін жырта ма, Абай болыс қоюға сөз байлаған көрінеді. Менің  тұспалдап айтқан сөзіме құлақ қоймайды, көпшілік енді не айтасыңдар? Ойланып, толғанып кеңесіп бір жерден сөз, бір жеңнен қол шығарайық. Бүгін Абайдың көңілін қимай сайласаңдар, ертең құтыла алмайсыңдар. Арылмас пәлеге ұшырауларың анық»,- деп көптің көңіліне дық сала сөйлейді. Ерболдан мынадай аланиет сөз шыққан соң барлығы да Оспанның шәргез мінезін айтып келіп ақыры қалай да болса Оспанды болыстыққа сайламайық деген қорытындыға келеді.

Бағанадан бері сөзге қатыспай отырған Оразбай: «Сендер қолдарыңа болыстықты ұстап отырған кісідей айтып жатыр-сыңдар. Бүгін Құнанбай балаларының пәрмені көктегі айды да алуға жетеді. Біздің бұл арам пиғылымызды сезсе бір-бір жұлып орынымыздан алып тастайды да орындарыңа қуыс қурай деп басқа кісі тауып алып старшын ішінен бізді қаңғыртып қуып жібереді. Сондықтан қандай қайла әдістерің бар, әуелі соны айтыңдар»,- дегенде Ербол: «Көпшілік шынымен жұмылып уәдесін берік берсе, ол жағы маған міндет болсын. Мен Абаймен жастан  сырласпын, нанғыштығы елде жоқ. Абайды қолға бір қондырып алған соң өзге Құнанбай балаларының ана-мына дегені түкке тұрмайды. Маған ең қиыны осы отырған өздеріңнің байлауың»,- дейді.

-Ал, қауым, енді айтарларың бар ма,- дескенде біреулер: «Не айтамыз, көптің тілеуі бірыңғай, бірақ оны орындауды Ерболға тапсырдық. Соған қандай уәде, қандай наным болады соған келейік»,- деседі.

Ербол: -Оның байлауын мен айтайын тегіс қолымызға бір-бір тас алайық осы уәдеден бұзылмауға, еш адамға аузымыздан шығармауға сертіміз осы болсын. Кім опасыздық қылса осы қаратастай қатайық, құдай, әруаққа шек болайық деп төбемізге қолдағы тасты қояйық. Мен соған тоқтаймын,- дейді.

Сонда бағанадан үндемей отырған Жиренше: «Ал, барлық сөздің байлау болды ғой. Бірақ, сол болыстықты жеңіп алсақ кімді болыстыққа сайлаймыз, соны да осы арада уәдеге қоса кіргізу керек»,- дегенде Жиреншемен ойнай беретін Оразбай: «Пәлі оттауыңа, атыңның басын алып, жорғасы қалып па дегендей, әуелі қолыңа түспей жатып кімді атамақсың»,- десе, Жиренше:

-Онда несін сөйлеп отырсыңдар. Бұл байлауы жоқ батаға мен кірмеймін. Басыма пәле сатып алар жәйім жоқ. Өздерің баталаса беріңдер,- деп шалқая сөйлейді. Басы ойнап айтқандай болса да Жиреншенің сөзі рас болуға айналған соң өзгелер қатты сескенісіп қалады. Өйтетін себебі, Жиренше уәдеге кірмей кетсе, бағанадан бері айтылып отырған сөзді бұлжытпай жеткізуі анық. Ербол:

-Ал, Жиренше сенің не ойлағаның бар. Барлық байлауың болыс сайланатын кісінің атында ғана болса саған  билеттік. Кім болсын десең алдыңнан шықпаймыз. Жоқ, жолдастықтан бұзылғың келіп сылтауға айтқан сөзің болса оны айт. Құдай, әруаққа тапсырдық сені, бүйтеді деп басында біз ойлаған жоқ едік. Сенің бұл не дегенің шыныңды ашып айтшы,- дейді.

Жиренше: «Мен шынымды айтайын, біз біржола осы іске бекінген соң, бір жолға Құнанбай тұқымын алдаймыз да, болыстықты аламыз да, бұл анық. Бірақ, бұл жұмыстың кімнен шыққанын білмей қоймайды, бізден аяйтын жаулығы болмайды. Әркімді әр жаққа қуып тоздырып жібереді. Сонда алдымен Абайға қайта барып сүңгитін мынау отырған Оразбай мен Ербол екеуің боласың. Пәленің арты бізді басады. Сондықтан алдымен жаулыққа сендер шығып көріңдер. Мен сонда ғана нанамын» дегенде Ербол:

-Ал, сонда болыс кім болсын дейсің, оны қоса айт, неменеге тайқалақтап қалдың,- десе Жиренше:

-Мен айтсам, болыс Күнту болсын деймін. Оның себебі Күнту Ерболдың жақын туысы. Жанқабыл, Жанақ бір туысқан. Одан кейін мына Оразбайдың қызын алған күйеуі. Күнту сайланса сендер найза басы болып көрініп қаласыңдар да, Абай қайтадан бауырына тартпайды. Мына менің байлауым осы ғана. Дұрыс десеңдер қосылдым, батаға кірдім, болмаса үйіме барып малымды бағып жата берем,- дейді. Ербол мен Жиреншенің айтысын тыңдап отырған көпшіліктің есіне енді түседі. Жиреншенің ойы дұрыс, алыстан көргендік. Сондықтан бәрі де бірауыздан қосылып, Жиренше жөн айтады десіп жоғарыдағы Күнту болыс болсын деген байламға келеді. Төбелеріне тас қойысады. Бұл көптің Оспаннан түңіліп отырған себебі мынада еді:

Өткен қыста бір болыс елдің кеңесі болмақ болып Оспан аулына жиналады. Әдетте мындай көп жиын Құнанбайдың үлкен үйі аталған тамағы мол, қыстауы елдің ортасындағы Оспандікінде өтетін. Сол жиылған көп адам кеңеске кіріскенде атшылары аттарының аяғын тұсап далаға жайылуға жібереді. Оспан қыстауы қалың қорықтың ортасында. Оспан жазғытұрым ауылда қалатын арық малды жаюға деп біраз жерді соны ғып мал жайғызбай қорытады екен.

Ауылдан шығара тұсап қоя берген аттар сол қорыған жерге барып түседі. Оспанның Сейітқан деген даңғой малшысы болатын. Қорып тұрған жерге барған атты көре сала Оспанға жүгіріп келіп: «Абайға жиылған адамдардың көп аттары қорып  тұрған жерге барып  тас-талқан ғып жеп жатыр»,- десе Оспан: «Бар-дағы қуып  әкеліп қораға тық»,- дейді.

Сейітқан бір атқа мініп қолына ақтабан сойыл алып, бар  атты сойылдың астына алып отырып қораға қуып тығады. Маңдайшасы аласа қора кірген аттардың ерінің қасы жұлып түседі, ертоқымның быт-шытын шығарады. Оспанға айтса: «Өздері атқа мінерде ертоқымы сынып бүлінсе, менің істер қамым жоқ»,- дейді.

Құдайберді баласы Шәкәрім он тоғыз жаста атқа мініп, Абай мен Ысқаққа еріп ел басқару жұмысына көзі қанған екен. Ерболдың сайлап жатқан елу басшыларының Құнанбай тұқымына жау адамдар екенін байқады да әкесі Құдайбердімен көптен дос болып келе жатқан Жуантаяқ Байқұлақ деген кісіге келіп:

-Бәке сіз білесіз бе, мына Ерболдың істеп жатқаны бізге жаулық па, жоқ қателесіп жүр ме,- деп сұрайды.

Сонда Байқұлақ сасып қалып аз тұрады да: «Балам мен сенің әкең Құдайбердімен ақыреттік дос едім, мына сұрағаның маған өте қиын болды. Өтірік айтсам иманыма қас, шын айтсам уәдем мен антыма қас, бірақ та өзің сезген көрінесің, бұл істің жәйі мынандай»,- деп бастан-аяқ болған істі баяндап береді.

Болыстық біздің тұқымның мирасына тиген нәрсе ғой деп сеніп жүрген жас Шәкерімге мына сөз сұмдық көрініп, жүгіре басып Ысқаққа келеді. Маған оңаша жолығыңызшы деп Ысқақты оңаша алып шығып естігенін түгел айтады. Оған Ысқақ: «Біз қайтеміз, Ерболға Абай ағам қатты сенеді, ол кісіге ұнамаса біз не істеп аламыз. Мұны айтпай-ақ қой, мен айтсам Оспаннан болыстықты қызғанып жүр деп ойлайды, сондықтан артын көрерміз»,- дейді. Шәкәрім оған тоқтамайды. «Жүріңіз, Абай ағама барайық. Сіз айтпаңыз мен айтайын, қарап отырып болыстықтан айрылып қаламыз ба»,- деп еріксіз Ысқақты ертіп Абай отырған үйге кірсе бірнеше адам отыр екен. Шәкәрім келе сала: «Біздің оңаша шаруамыз бар еді, сіздер үйді босатыңыздар»,- деп үйдегілерді  шығарып жіберіп Абайға естігенін түгел айтады. Сонда Абай Баймағамбетті шақырып алып сен барып Ерболды ертіп келші деп жұмсайды. Ербол үйге кірісімен-ақ байқайды, іс әшкереленген. Абай:

-Әй, Ербол сен көппен баталасып Күнтуді болыс қоямын депсің ғой, сол рас па,- десе:

-Әй, Абай-ай, мен осы жұмысқа араласпайын десем өзің болмайсың. Сайлағалы отырғанымыз жалғыз-ақ болыстық. Оған Ысқақ мені қой дейді, мына Шәкәрім мен болайын дейді, сен Оспанды қой дейсің, бұл қайсысына жетеді, маған біреуін-ақ ұстатшы,- десе Абай:

-Е, солай ма, жұмысыңа бара бер,- дейді. Екеуі сүйретіліп орындарынан зорға тұрып кетіп қалады.

Оязға киіз үйдің біріне-бірін жалғастырып, ауыз үй, төр үй ғып тіккізіп, төр үйде оязға, ауыз үйде тілмәш, урядник, екі-үш стражник болады. Екі пәуеске арбаға үш аттан жегіп лаумен шапқылап келген уездің алдынан болыс, би, старшындар мойындарына знак «сары жез» белгісін тағып қарсы шығып құрметтеп алысады. Солармен бірге осы сайлауда болыс боламын деп анық сенген Оспан да  қалыспайды.

Арбадан әйелімен келіп түскен уезге Оспан басын изеп амандасып Халиолла мен Абайдан бұрын үйренген шала-шарпы білетін орысша тілімен «екеуіңізге бөлек үй дайындадым, соған кіруіңізді сұраймын» деп ұғындырады. Сонда уездің әйелі жүр Құнанбаевтің үйіне барайық деп күйеуін ертіп Оспанның тіккен үйіне кіреді.

Бұрын қазақтың сән-салтанатын, жасау-жабдығын көрмеген уездің әйелі Оспанның қымбатты заттар жинаған үйін көргенде қайран қалып тамашалайды. Ұстап көріп кейбір заттардың неден істелгенін, қалай жасалғанын сұрайды. Оспан бір сөзін орысша, бір сөзін қазақша айтып түсіндірген болады.

Ертеңіне сайлау басталады. Ортаға биік стол қойып айналасына үш орындық қойылады. Біріне уезд, біріне көмекші, біріне қазақ тілмәші отырады.

Биік столдың үстіне шар салатын сандық қойылады. Шар сандық ортасына бір қол сиярлық қуысы, одан төмен екі кішкене тартпа ағаш жәшік, бір жағы аққа боялған бір жағы қара боялған болыс сайлайтын елу басылар қолына берілген шар деп аталатын домалақ тасты қуысқа қолын тығып, болыстыққа аты аталған адамды сайлағысы келсе ақ жәшікке тастайды, сайлағысы келмесе қара жәшікке тастайды.

Бұл сайлауға бір болыс Кішік Тобықтыдан отыз екі елу басы сайланған екен. Олардан уезд жасырын сұрағанда болыстыққа үш адамды айтады: бірінші аты аталған Оспанға шар салғанда 21 тасы – аққа, 11 тасы қараға түседі. Оған кандидат болмақшы Асылбек Сүйіндікұлына шар салғанда 25 тас аққа, 7 тас қараға түседі. Енді үшінші адам Күнту Шоңқаұлына шар салғанда 28 тас аққа, 4 тас қараға түседі. Бұл тастарды санап жазып отырған уездің көмекшісі ақ тасы артылған соң болыс Күнту Шоңқаұлы, кандидат Асылбек Сүйіндікұлы болды деп жариялағанда уездің қасында отырған әйелі «как так» депті. Бұл сайлауда Оспан болыс болады, одан қалаулы бір сый аламын деп сенген әйел сасқалақтап қалса керек. Соны естіген қазақтар Күнту болыс дегенде уездің әйелі «көтек» депті деп аңыз етіседі.

Бастығы Оспан болып Құнанбай балалары өре түрегеліп Ерболды сабамақшы болып Абайдың ау-жайына қарап қалғанда алдыңғы қатарда отырған Абай қасындағы Ерболға бұл қалай, уәде осылай ма еді десе Ербол:

-Абай, уәде орнында, мен болыстыққа Оспанды атадым, мынау отырған көп  елубасының қолын ұстаймын ба. Сен оған неге ренжисің, Оспан інің болғанда, Күнту інің емес пе,- депті. «Олай болса жарайды Күнту-ақ болыс болсын»,- дейді Абай.

Мұны естіген өзге Құнанбай тұқымдары тоқтап қалғанда Оспан түтігіп қап-қара болып орнынан атып тұрып. -Уай, Ербол дос деп едік, жау болдың, бұл дүниеде екеуіміздің біріміз-ақ тұрармыз, жазаңды тартарсың,- депті. Осымен сайлау бітіп ел тарайды.

Уезд Оспанның тіккен үйіне қайтып барғанда Оспан арыз айтады. «Бұл сайлау дұрыс өтпеді. Ербол Көмекбай баласының айласымен елу басылар шарды қате салыпты. Егер бұл сайлауды бұзып  қайта сайласаңыз менің шарым артады»,- дейді. Уездің әйелі:

-Құнанбаевтың арызын орындау керек. Дұрыс емес, сайлауды бұзу керек деп өршеленген соң ояз әйелін қимай: -Жарайды, сен орысша дәлеліңді толықтап арыз жаз, мен сайлауды бұзайын,- дейді.

Оспан қуанып жүгіріп Абайға барып айтса: «Оязға өзім барып ауызша сөйлейін»,- деп Абай оязға келіп: «Жоғары мәртебелі тақсыр, сізден бір-екі ауыз сұрауға бола ма»,- десе, ояз сұра депті. Абай: -Осы сайлауда ешбір шатақ болды ма? Жоқ. Шар салуда, оны санауда жаңылыс болды ма? Жоқ. Олай болса, заңды, законды көпке үйрететін өзіңіз енді бұл сайлауды қалай бұзасыз?- десе ояз сасып қалып: -Сіз айтты деген соң,- дейді. Абай:

-Мен айтқанда патшаның әмірін екі етуіңізге бола ма,- дегенде ояз қысылып, қызарып, қате болды, кешіңіз,- деген екен.

Ояз аттанарда Оспан ояздың әйеліне бір тамақ ішік, бір қара түлкі береді. Кейін керегі болар десе керек.

Бұл Күнтудің болыстығына өзге Құнанбай тұқымы наразы болса-дағы сегіз-тоғыз жылдан бері партияға кіріп, елдің дау-жанжалына шатағына шырмалып қажып жүрген Абайға бір демалыс сықылды болып көрінеді.

Халиолла Омбыдан кодетский корпуста оқып жүрген жылдарында неше алуан адамдарға жолығып танысады. Олардан көп білім алады. Әсіресе, сол школдың жоғарғы класында оқып жүрген Шыңғыс төренің баласы Шоқан Уәлиханов қараңғы қазақ даласынан білім іздеп келген қаршадай қара баланы көріп, оның талабына риза болып қатты мейірімі түседі де школаға түсуіне орысша тіл үйренуіне көмектеседі. Ол кезде сол школаға келіп оқыған қазақ баласы бармақпен санарлық қана болатын. Төре, аға сұлтан, ақсүйектердің тұқымынан басқаны школға оқуға алмайды.

Халиолла Шоқанның басшылығымен оқыған сабағын түсініп өте жақсы деген баға алып, зейінді зерек деген атаққа жетеді.

Халиолланың болашағы зор екенін байқаған Шоқан сабағынан бос мезгілінде әдебиетпен таныстыра бастайды. Оны ұғына  бастаған соң жылдан-жылға жоғары жетектеп орыс жазушы ғалымдарының шығармаларын оқытып, ұқпағанын айтып, түсіндіріп ұстаздық етеді. Енді Абай болыстықты Күнтудің қарамағына беріп қолын ел тартысынан босатқан уақытта Халиолла Омбыдағы оқуын ойдағыдай бітіріп қайтады. Енді жоғары школға барып оқуға ниет қылып, бір жыл қырдағы үйінде жатып, дем алып, денсаулығын түзетпекші болады. Аулына келіп аздап тыныққан соң ағасы Абай, Ысқақ, інілері Оспан, Смағұл, ағасы Құдайбердінің баласы Шәкәрім, ағайыны Ысрайылдың баласы Ысқақ, Ысқақтың көршісі Әнет Бікінің баласы  Мүрсейіт, тағы осындай талапты жастарды кешке, оңаша киіз үйге жинай орысша оқуды, жазуды, сөйлеуді үйретіп, онымен бірге орыстың атақты жазушылары Тургенев, Лермонтов, Толстойдың повестерін, романдарын қазақ тілінде айтып беріп, ұқпағандарын жазып беріп, әдебиет кешін өткізіп отыруды әдетке айналдырады.

Сол бір жыл ішінде Абаймен бір жатып, бір тұрып өзінің алған  білімінің қысқаша мазмұнын ұқтырып отырады.

Халиолланы келер жылы жаз ортасы ауғанда Абай өзі Семейге апарып бір жылға жетерлік қаражат беріп аттандырады. Халиолла Москваға барып «Павловский ковалерский» школға түсіп оқиды.

Жоғарғы сөздерімді растау үшін бір-екі мысал келтірейін. Бірінші, Шоқан Уәлихановпен дос-жолдас болған Григорий Николаевич Потанин Шоқан туралы естегілерді жазғанда 1896 жылы мынадай бір әңгіме айтады:

«Маған біреу айтты, қазақтың бір сұлтаны Өскенбаев деген Омск кодетская школасын оқып бітірді, бұл күндерде қайтыс болған. Оның туған жері Семей маңында еді. Өз ауылына демалысқа барғанда оңаша киіз үй тіккізіп туысқандарына Тургенев, Лермонтов, Толстойдың  повестерін, романдарын қазақ тіліне еркін аударма ғып айтып беріп отыратын еді. Оны қазақтар қатты ынта қойып тыңдар еді. Өскенбаев өз сөздерінде орыстың сыншылары Белинский, Добролюбов бұл жөнінде мынадай пікір айтқан» деуші еді.

Екінші мысал, 1944 жылы Алматы қаласындағы Мерғұланов өзіне бір керекті материал іздеп Ленинградқа барып, ескі архивтерді ақтарып отырып Уәлихановтың бір папка шығармасын көреді. Соның ішінен Халиолла атына жазылған үш хат шығады.

Бірінші хат – 1865 жылы 8 ноябрь күні жазылған Құнанбайдың хаты. Мазмұны: Өзімнің барам ба деген ойым бар еді, бірақ Құдайберді мен Оспан, Нұрғаным науқас болып тұр. Өзіңді сұрап жазған едік, ол жарай ма, жарамай ма. Егер жарамаса енді қалай жазу керек екенін жазып жібер. Кодетский корпустан сұраймын ба, жоқ басқа жерден сұраймын ба.

Екінші хат – Ғабитхан молладан. 1866 жылы 4 февральда. Мазмұны: Біз айт намазына Семейге келіп едік, көптен хатың келмегенге әке-шешең уайымдап жүр. Елде ауру-сырқау бар. Құдайберді должной болыс болып тұр. Жаңадан сайлау шықпақшы. Тәңірберді ағаңыздың қатынынан бір ұл туды. Аты Мақұлбай, Ибраһим ағаңыздың қатыны бір ұл тапты, аты Әкімбай. Мырзаның өзі барамын ба деп еді, сенен хат күтіп тұр. Мүмкіндігің болса қайтқаныңды жақсы көреді. Білерлік адамдарға ақылдасып тез хат жаз. Ендігі хатты Сергиополь дуанына песмоводитель Василий Ивановтың атына жазсаң тез келеді. Әкеңіздің тапсыруы бойынша хат жазған Ғабитқан.

Үшінші хат – 1866 жылы 8 мартта, Абайдың жазған хатының мазмұны. Бізге хат жазған Қамаридден моллаға сәлем айт. Саған қарындастық жолымен еткен көмегіне көп рахмет. Хатыңды алып көңілім жай тапты. Көп жазуға асығыс болдым, Аякөзден почта жүргелі жатыр екен. Жол қаражатыңа отыз сом ақша жібердім. Ағаңыз Ибраһим Құнанбаев.

Жоғарғы Потаниннің біреуден естідім деп жазған сөзіне қарағанда Халиолла Өскенбаевтың өзі орыс ғалым жазушыларының еңбегімен танысқан, оны қырдағы аға-інілеріне айтып беріп, жазып беріп үйреткенін анықтайды. Біздің жоғарғы жазған сөзіміздің растығының дәлелі болады.

Екінші, мына Халиолланың атына жазылған үш хаттың Шоқан Уәлихановтың папкасының ішінен табылуы кездейсоқ іс деуге болмайды. Халиолла Шоқанның шәкірті екендігін, туысқанындай болып бір жатып, бір тұрып қағазын, хатын бірге оқып, бір папкаға салғандығын көрсетеді.

Абай қыстауының оңтүстік жағында жиырма бес шақырымдай жерде Орда деген тау бар. Оны қыстайтын Мамай батырдың тұқымдары солардың бір старшыны Еламан, Байшора деген екі атаның баласы. Еламан сексен үй, Байшора жиырма үй. Ол заманда кімнің сойыл соғары көп болса азға зорлық етеді. Бұл бір старшын ел жонға шықпай бауырдағы Кебек, Таймақ көлін жайлайды. Абай, Ысқақ ауылдары жонға шықпай Ералы деген жерде жайлағанда екі елдің арасы жақын, от ала қонысады. Қазақта ерулік қалмаған кез. Екі ел бірін-бірі шақырысып мал сойып, қонақ болысып, думан-сауық болып жатады.

Байшорадан шыққан атқа мінер пысық Аюбайдың Мұсасы, Еламанның жуандығына, зорлығына көнбеймін, ит ұяласынан қорқа ма деп жүрген жігіт екен. Сол Мұса Абайды қонаққа шақырған соң  Абай айқасына үш-төрт жігіт ертіп барады. Мұсаның жамағайыны ауылдасы Бекей, Шекей дегендер бар екен. Қонақ күтіп, шәй құйып беруге Бекейдің бойжеткен қызын Мұса шақыртып алады. Кең маңдайлы, нұр жайнаған қара көзді, ақша жүз, алқызыл бетті, күлкісі бұлбұлдың сайрағанындай қыз екен. Атағы зор болғанмен отыз жасқа жаңа келген жас Абайдың жалынды жүрегі сұлу қызға бой ұрмай тұра алмайды. Тамақ жеп үйіне қайтқаннан кейін көз алдынан кетпейді.

Ол заманда бозбалашылық етек алып тұрған кез. Абай Мұсаның әйеліне кісі жіберіп, сол арқылы қызды көндіріп көңіл қосады. Анда-санда жолығып мауқын басып жүреді. Бұл екі ел пішен шабар мезгілде екі айырылып көшіп, ауыл ортасы алыстап кетеді. Енді күз болып ел қыстауға қонып қарашаның қары жауып, еріп кетіп тұрғанда Абай жылдағы әдетімен бүркіт салуға шығып, түлкі қуып Орда тауына барып бір-екі түлкі алып, кеш болған соң кіші Орданың Шілікті кезең деген жерін қыстайтын Бекей аулына келіп қонады. Бекейдің үйі тар, жарығы шырағдан, алакөлеңке екен. Гүл жайнап тұратын Бекейдің сұлу қызының беті сұрланған, ажары қайтқан, қайғы-қасырет шеккен адам сияқты, кісі бетіне жөндеп қарай алмайды. Абай бұған қайран қалады. Ел жатып ұйықтағаннан кейін қыздың қасына барып хал-жәйін сұраса жылап отырып жауап береді. Өзіңізге аян мен бұрын еркек көрмеген жан едім, атастырған күйеуім жақын арада келіп қол ұстаймыз депті. Мен екіқабат болып қалдым, бұрын күйеуі қалыңдық ойнамаған қыздың оң жақта отырып екіқабат болғаны қандай масқара. Күйеуім мен еліме не бетімді айтамын. Менен сорлы жан барма, құр жылаудан басқа дәрменім жоқ дейді. Абай мұны естігенде жаны қатты түшіркенеді. Бір жағиф жанға мұндай зәбір қиянат еткеніне өкінеді. Бірақ, лаж жоқ, өткенге өкінгенмен не пайда. Абай ол ауылдан ерте аттанып, бес шақырым жердегі Мұсаның аулына келеді. Мұса үйінде екен,  қалбақтап күтіп алады. Абай Мұсаны оңаша алып өткен істі баяндайды. Сонда Мұса:

-Абай, сен неге қысыласың, атаң Өскенбайдың бес қатыны болған, әкең Құнанбайдың төрт қатыны бар. Көп қатын алу сендердің салтың емес пе, сол қызды ұнатсаң мен ертең әйелімді қосып беріп аулыңа апарғызып берейін. Қыздың қайыны берген малын алар, ел бүлінерлік түк жоқ,- дейді. Ойы он санға бөлініп отырған Абайға Мұсаның мына сөзі қамшы болып жарайды деп келіседі. Сол күні Абай Мұсаның үйіне қонып, Бекейдің қызын шақыртып алып киіндіріп, Мұсаның әйелін қасына ертіп аулына алып қайтады.

Абайдың бәйбішесі Ділдә келіншек болып түскеніне он төрт жыл болған. Сол жылдарда алты құрсақ көтеріп, тұңғыш ұлы Ақылбайды Құнанбайдың ең кіші әйелі Нұрғаным бала ғып бауырына салып алған. Одан кейінгі ұлы Әкімбайды Ысқақтың қатыны Мәніке бала ғып алған. Енді қолында Күлбадан, Райқан деген екі қыз, Ғабдрахыман, Мағауия деген екі ұл. Олардың алды тоғыз жаста, арты бес жаста. Жаратылысында сүйегі бостау Ділдә бала басты болып, тез қартаюға айналған. Бетіне айғызданып ажым түсіп саркідір қатын болған. Жас тоқалдың келгеніне ренжіген жоқ. Қайта барылдаған жуан даусымен Абайдың күні-түні ағылып келіп жатқан көп қонағын күтемін деп әбден сілем қатып еді, енді мына тоқалы күтсін. Балаларымды ермек қып отыра беремін деп ырзалығын білдіреді. Абай жас сұлу тоқал алып келіпті, қайырлы болсын айтамыз десіп көршілері туған-туысқандары жиналып той жасап жатқанда, Әнет Масақбай деген кіріп келіп «Абай, тоқалың қайырлы болсын, айдай керім екен»,- депті. Көпшілік оған күлісіп айдай көрім десіп аяғы әкесі Бекейдің қойған аты қалып Әйгерім атанып кетеді. Келер жаз шыққанда Әйгерім маңдайы мен мұрны Абайға тартқан, өңі шырайы өзіне тартқан бір ұл табады. Атын Турағұл қояды. Турағұл емшектен шыққанда Ділдә Әйгерімге: «Бай сенікі болсын, бала менікі болсын»,- деп Турағұлды өз бауырына салып бала ғып алады.

Жоғарыда жазған едік, Құнанбай үш баласына бір күнде әйел әперуді мақсат етіп, Тәңірберді мен Ысқаққа айттырған келіндерің жас деп сұратқанда бермеген соң екеуіне басқа қыз әпереді деп.

Ол заманда Құнанбай сықылды адамның келіні кете ме. Бірер жылдан кейін Тәңірбердіге бұрынғы Қаражанды әпереді. Ол келісімен бір ұл тапты. Атын Мақұлбай қойды. Ысқаққа Мұрын Тана мырзаның қарындасы Тектіні алып береді. Одан Ғабдылхаким деген ұл туды. Бұл Ғабдылхаким деген қиын, ұзақ атқа ауыл адамдарының және шешелерінің тілі келмей Кәкім-Кәкітай десіп атасып жүріп біржола Кәкітай атанып кетеді.

Абайдың өте жақсы көретін үлкен ағасы Құдайберді отыз жеті жасында қайтыс болып, бәйбішесі Дәметкеннен Нұртаза, Шәке, Шәкәрім деген үш ұл, тоқалы Ботантайдан Әмір, Ырзықбай деген екі ұл барлығы бес жас, жетім бала қалады. Көп мал қалады. Абай ағасының қазасына қатты күйзеледі. Артында қалған жетім бала, жесір қатын  қалың дәулетке ие керек болады. Сондықтан Құдайбердінің балалары ер жеткенше малына, аулына сен ие бола тұр деп Ысқақты Ақшоқыдан Шыңғыстауға Құдайберді аулына көшіреді. Бұнысына Оспан аулына келіп қонғанда сені не айдап барады, қарның ашты ма, Күңке баласына жалшылыққа барасың ба жібермеймін деп ақырып, артынан Абай жіберді деген соң лажсыздан көнеді. Ысқақтың кіші әйелі Тектіні баласы Кәкітаймен бірге өз қолына алып қалып, сен жалғыз Мәнікемен ғана бар, бір ай онда бол, бір ай мұнда бол. Егер де одан жаңылсаң менен жақсылық күтпе деп аттандырады. Жасы кіші болса да Оспан ағаларына әмір етіп отыратын әдеті екен. Ысқақ Құдайбердінің малын баққызып батаоқырын, қырқын, жылын өткізіп, бір жарым жылдай сонда болады. Құдайбердінің балалары Нұртаза, Әмір өз малдарына ие бола бастаған соң жеңгесі Дәметкеннен рұқсат алып Ақшоқыдағы өз қыстауына қайтады. Жолда Жидебайға соғып Тектіні ала кетпекші болғанда Оспан: «Сен кедей екі қатынды бір үйге ұстап аштан өлтіресің. Мен мына жас жеңгеме енші  беремін. Бірақ, сойып жеп қойып жүрме»,- деп Тектіге, Кәкітайға жүз қой, елу жылқы, бес түйе енші беріп Ысқаққа қосып береді.

Күнту болыс болғаннан кейін ара ағайын жолын ұстап әділдік етпекші болады. Бірақ, өзінің болыстыққа сайлаған дос-жарларынан қол үзе алмайды.

Сол жылы Ербол күз болғанда мал сатып керек-жарақ әкелуге Семейге барып қайтып келе жатып жолда ауырып, шұғыл қайтыс болады. Оспан ол кезде Семейде жатыр екен. Қаланың кісі өлтіргіш бұзықтарына Оспан ақша беріп Ерболдың үзеңгісіне у жаққызып, улатып өлтіріпті деген лақап тараған екен, бірақ дәлелді сөз болмаған соң аяқсыз қалады. Ерболдың өлімі Абайға қатты батады. Өз қолынан жерлеп, батаоқырын жөнелттіреді. Ерболдың жетім қалған бес жасар баласы Мағауияға, жесір қалған әйелі Қамқаға Абай өмір бойы қамқорлық етеді.

Бұдан бірнеше жыл бұрын Сібірге айдалған Жігітек адамдарын барған жерінде екіден-үштен бөліп әрбір поселкеге, қышлаққа таратып бос қоя берген екен. Олар шөп шауып, егін орып, нан сұрап жерлік орысша тіл үйреніп, күн көріп, тамақ асырап кетеді. Күнту болыс болыпты. Құнанбай балаларын  жеңіпті деген еміс-еміс хабар бір жылдан кейін Базаралының құлағына тиеді. Мұның қасындағы серігі Әділқан екен. Бір күні Базаралы Әділқанға ақылдасады: «Бұл жерде қорлық көріп жүргенше елге қашып қайтайық. Ноқталы басқа бір өлім, елге жетсек паналайтын адамымыз болыс болыпты. Не өлейік, не кек алайық» дейді. Әділқан: -Базыке, өзің біл, менің сізден жаным аяулы ма, не көрсек бір көрейік,- дейді.

Бұлар азықты молайтып алып бір түнде жаяу қашып жөнеледі. Анық жолды да білмейді. Бірақ жолдағы жолыққаннан сұрап Семей мына жақта деген нұсқауға бет алып тарта береді. Көрмеген бейнеті жоқ, үш айдай жаяу жүріп, табаны тиіп Семейге жетеді. Таныс үйлеріне келіп жасырынып жатып, еліне хабар айтып, ат алғызып мініп еліне қайтады.

Базаралының келгенін Жігітек баласы түгел біліп Байсал мен Күнтуға, Асылбекке сездіріп жан білмейтін қиын тастың ішінен үй тігіп беріп, жасырын сақтайды. Енді қыс басталып, қар жауып соғым уақыты болғанда Базаралы еш адамға сездірмей қамданып жиырма шақты жігіт жинап алып, аттанып, Ойқұдық деген жерге қостап шыққан Тәңірбердінің жылқысына келіп жылқышыларын байлап тастап іріктеп төрт жүз жылқы айдап кетеді. Еліне апарған соң барлық Жігітектің үй басына үлестіріп сойғызады.

Қосыңды шауып, бар жылқыңды айдап кетті, алған Жігітек Базаралы екен, ол Сібірден қашып келіпті, сол алыпты дегенді естіп Тәңірберді мен Жігітектен жылқы алғызамын деп қол жинайды. Абай айтады: «Жігітектің өздерінің тентектігінен де болған шығар, бірақ біз он екі адамның Сібір айдалуына себепші болдық. Соған кектенді, енді сен тағы жылқы алсаң Жігітек қарап отыр ма, ортада ұрыс-қағыс болған соң кісі өлуі мүмкін. Ел шабысып кісі өлімі болса Семейден ұлықтар келеді, ел күйзеледі. Тәңірберді сенің малың кетеді. Сондықтан болысқа, билерге кісі жіберіп шақыртайық. Сонымен бітім табайық»,- деді. Сол сөз байлау болады. Жиналған қолды  тарқатып Күнтуды, Асылбекті тағы бірнеше ара ағайындық айтады деген адамдарды жинап алып болған істі айтқан соң, олар Жігітек адамдарына сөйлесіп, ақыры тоқтам болады. Тәңірбердінің сойылған төрт жүз жылқысына сегіз жүз бесті төленсін, яғни бір жылқысы он төрт тоқтыдан болсын. Қосқа шапқан жиырма кісінің астындағы аты айыпқа берілсін деп билік айтылады.

Соның ішінде болған Жігітек Қорамжан Тәйшеке ұлы былай болған еді дейді:

-Тәңірберді жылқысынан соймаған барлық Жігітектен екі үй ғана. Қасқарау мен Үркімбай үйі болды. Енді оны төлегенде малы жетпей қалғандардың есесін малды адамдардан ұстап әпердік. Сегіз жүз жиырма қараны Тәңірберді алды, оған қоса болыстың сыбағасы, бидің старшынның сыбағасы деп бірталай мал бердік.  Сойыс деген көп болды. Сонымен көп мал төленді. Сол жылы артатын түйе, мінетін аттың кемдігінен он жеті ауыл Жігітек жонға көшіп шыға алмай Шүйгінсу деген күзекте жатақ боп қалдық. Жаз ортасында іш ауруы болып отыздай азаматымыз өлді. Ел өте күйзелушілікке ұшырады дейтін.

Әділқан, Қараша Қойтасы дейтін қиын таста жасырынып жатып ұрлық жасайды. Жондағы Жобалай Керейдің бір топ жылқысын алып, артынан қуғыншы жетіп ұрысып жүргенде біреуі Әділқанды танып қалады. Олар келіп Күнту болысқа айтса, ол: «Мен білмеймін, Әділқан Сібірге айдалып кеткен, елде жоқ, бекер айтасың»,- деп беттетпейді.

Керейлер Семейдің оязына беріп Күнту қашқын сақтайды деп шағым етеді. Сонымен екі жыл болыс болған Күнту қашқын сақтағандығына айыпты саналып болыстықтан босатылып, орнына кандидаты Асылбекке болыстық қызметін жүктейді.

Күнту мен Асылбек болыс болғанда ел тартысы тоқталғандай болғанмен жолдас көбейту, алдыңғы болашақ сайлауда елу басын іріктеу әрекеті астыратын жүріп жатады. Дәл сайлау күні таянғанда Мәмбетей Тобықты және Кішік Тобықты аталатын екі болыс елдің ортасында көп өзгеріс болады. Бұрын Кішік болысына қараған Есболат, Сақ, Тоғалақ, Жуантаяқ дейтін аталардан бес старшын елге «Кіштік Тобықты болысынан шығамыз, бөлек болыс боламыз» дегізіп Оразбай приговор жасатып, сол мезгілде болыс болып тұрған Күнтуға мөр басқызып бекіттіріп алады. Оған қоса Мәмбетей Тобықты болысынан Жүзбенбет, Сармырза, Қарамырза деп аталатын елден төрт старшын елді қосып алып екі болыс ортасынан бір болыс шығармақ болады. Сайлаушы келгенде бұрынғы болыс аттары өзгеріп Мәмбетей Тобықты елін Шаған болысы Оразбай құрастырған тоғыз старшын ел Бұғылы болысы, бұрынғы он бес старшын Кішік Тобықты болысынан Бұғылыға бес старшын ел, күншығыс жағындағы Қоңыркөкше болысына екі старшын ел, Жігітек, Бөкенші бөлініп кетіп, қалған сегіз старшын ел Шыңғыс болысы аталады.

Сайлау болғанда Молдабай Бұданбаласы жаңа құралған Бұғылыға Арап Абыралы баласы (Оразбайдың қызын алған күйеуі) болыс сайланады. Ендігі қалған сегіз старшын Шыңғысқа Оспан болыс сайланады.

Бұрынғы Қоңыркөкше болысы он бір старшын ел екен. Оған бір старшын Жігітек, бір старшын Күнту бастаған Бөкенші қосылып он үш старшын болып, оларға болыс сайламақ болғанда талас-тартыс шығып, бірін-бірі ұлыққа шағып, ұрлығы көбейіп, берекесі кеткендіктен «сырттан болыс қою керек, яғни ояз бен жандаралдың өз ұйғаруымен қойылсын» деген шешім болады және сол елді дұрыс жолға салатын әділ мықты адам болсын деседі. Сол Қоңыркөкше болысына ояз бен жандаралдың лайықты деп тапқан адамы Абай болады. Сайлаусыз «назначение» ұйғаруымен болыстыққа Абайды тағайындайды.

Уақ Қызылмола болысы  атанатын елге болыстыққа Ысқақ сайланады. Сонымен осы жылғы сайлауда Құнанбайдың үш баласы үш болыс елге әмірші болады.

Бірақ, Оспан болыс болғанмен ойына алған арманы орындалмай, кегі қайтпай, барлық өштескен адамдары Оразбай, Абыралы, Байғұлақ, Серәлі Күнтулер басқа болысқа шығып кетіп, қолы жете алмай қалады.

Сол сайлауда Оспанның жаулығынан қорқып Бұғылы болысына қашып шығып кеткен Оразбайға Көкше Жанатайдың жас ақын баласы Көкбай мынадай өлең жазып жібереді:

 

Шұнайдың жел соғады бүйірінен,

Тапқан пайдаң тіліңнің сүйірінен.

Қарада қасқыр соққан қартаң айғыр,

Дөнен қуып шығарды-ау үйіріңнен.

 

(Шұнай Оразбайдың қыстауы екен)

Бұл сайлауда бұрынғы Қоңыркөкше атанатын бір болыс ел Мұқыр болысы деп аталады. Оның төрт старшыны Көкше. Екі старшыны Жөкең деген Оразбай мен Мамай тұқымы. Бір старшын Бөкенші, бір старшын Жігітек, барлығы он үш старшын әр рудан құралған тентегі, ұрысы, тыйылмаған ел екен.

Өздері ойламаған, күтпеген жерден Абайдың болыс болуы бұл елдердің ұрысына, тентегіне партия құмарларына ұнамайды.

Абай болыс болып қызметті қолға алғаннан кейін бұрынғы ел жұмысын басқарудағы өзінің әдісімен жолдас-дос таппақ болады. Сондағы тапқаны төрт старшын Көкше руы. Бұл Көкшенің ел билеген жуан аталары: Еспай, Жарылғап, Қаракүшік, Балтай. Еспайдың бұрынғы басшысы Қаратай бұл күнде қартайып, ел билеу жұмысын өзінің немере інісі Уандық Алатай баласына беріп, өзі үйде отырып қалған шал екен. Абай өзіне кандидат қып сол Уандықты сайлатып алып кеңсесін, тілмәшін, стражник, атшабарын сонда орналастырады. Жарылғаптан шыққан бай жуан Бозанбайдың кенжесі Шүленбаймен достасады. Қаракүшік Балтабайдан бұрын ұры болып, бұл күнде ұрылықты тастап атқа мініп ел сөзіне араласып жүрген пысық жігіт Қарасақауды Абай шабармандыққа алады. Тентек қара Мағзұм, Садырбай деген атқамінерлермен де достасады. Осы сайлауда Оспаннан қорқып Мұқыр болысына барып кірген Олжай балалары деп аталатын екі старшын Жігітек, Бөкенші басшылары Күнту, Арыстанбай, Бұланбай, Бейсембілерді шақыртып алып бұдан былай жаулықты тастасып, ұғысып жүрмекші болады. Абай өз еліне болыс болғанын білген Жөкең деген елдің екі старшынының басшылары Сұпы, Әбен, тағы бірнеше адамдары келіп Абаймен ұғысып сыйласып жүрмекші болады. Қоңыр деп атанатын төрт старшын Мамай, бір старшын Мырза жәй ғана бағынған болады. Оның себебі осы бес старшын елдің қазанына арам ас салмайтын үш-ақ үйі бар екен. Асаубай, Шамырбай, Сәменбай деген, одан басқа бес жүздей үйдің біреуі ұры, біреуі ұрыға ат майлаушы, біреуі ұры сүйеуші екен.

Абай ұрыны тиямын деп келіпті, мінезі қатал көрінеді. Арқа сүйегені ояз бен жандарал екен деп дақпырт шығып, өңкей бұзықтар сыртынан қорқып маңайлай алмай жүреді.

Ел қыстауға қона Абай съезд құрмақ болып он үш биді жиғызып бұрын батыр, мықты ұры атанған Мырза Бедей ауылына үй тіккізеді.

Сол Мырза мен старшын дос әрі аталас, жиырма үйдей Қабас деген ауыл бар. Сонда Байкөкше деген ақын бар екен. «Абай өлеңді жақсы көреді, ақынды қатты сынайды, өзі де бірер ауыз өлең шығарып айтып отырады» дегенді естіп Байкөкше Абайға барып жолығуға бата алмай жүреді екен. Енді дәл ауылдың алдындағы Бөдей Мыңғаның аулына келіп съезд құрған Абайға жолықпауға дәті шыдамай Байкөкше келеді. Байкөкше ақын келіп, атын шайлап жатыр деп тыста жүрген біреу келіп Абайға айтады. Болысқа тіккен киіз үй, күн суық, қиды тоқсыра қалап отыр екен. Қи сындыратын тоқпақ ағашты Абай қолына алып Байкөкшені күтіп отырыпты. Байкөкше: «Ассалаумағаликум»,- деп кіріп бір аяғын табалдырықтан аттағанда Абай ақырып: «Тоқта, бері баспа, сол қалпыңда тұрып бір ауыз өлең айт, егер өлең айтпай бері бассаң қол тоқпақпен басыңды жарамын»,- депті. Сонда Байкөкше:

 

Ұрасың неге мені тоқпақпенен,

Жүрсеңші әкең жүрген соқпақпенен.

Үйге келген кісіні ұрамын деп,

Неге бірдей боласың ақымақпенен.

 

Абай:

 

Ойпаң жерге қабындап шөп бітеді,

Кей жігітке мал мен бақ көп бітеді.

 

Ал осының аяғын сен айтшы десе, Байкөкше:

 

Кей жігітті пысық деп болыс қойсаң,

Қашан түсіп қалғанша жеп бітеді,-

 

 депті. Абай:

 -Әй, Байкөкше, сенің тілің неге ашты болған,- десе Байкөкше тұрып:

 

Атам Қабас Боранбай туысым зор,

Мырза менен Мамайдың зорлығы мол.

Екі өкпемнен екеуі қысқаннан соң,

Тілім ашты болатын себебі сол.

Құрысын бүйтіп елді меңгергенің,

Жақсы менен жаманды теңгермедің.

Күн көргенім қызыл тіл өлең еді,

Оны да сынап, мінеп жол бермедің, –

 

 депті.

Байкөкшенің бұл өлеңінде Қабаспен бірге туысқан Боранбай тұқымы өсіп-өніп көбейген Мырза, Мамайдан көрген қорлығын шағуы. «Азды көпке, жаманды жақсыға теңемедің» деп Абайға сын айтуы. Көңілдегі айтпақ сөзін шешен тілмен шебер орындауы. Абайдың өлеңге сын көзімен қарап мінеп, отыратынын ұққандығы Байкөкшенің ақындық талантының зор екенін көрсетеді. Абай Байкөкшені ұнатып өз қасынан тастамай ертіп жүретін жолдасы, серігі қылады. Ел  сөзінен қолы босаған уақытында өлең айтқызып өзі де көмектесіп бойына біткен ақындық өнерін сусындатып, мейірін қандыратын болады.

Абайдың Мырза, Мамай ортасына съезд ашып жатқанын естіп көрші елдер Сыбан, Уақ, Керей, Матай ағылып келе бастайды. Талай жылдан бері жүген-құрық көрмеген Мырза балалары Бөдей, Сасай, Едіге рулары малдарын ұрлап, іздеп барған жоқшысына дүре соғып, әбден қорлық көргендер «енді теңдікке қолымыз жетер» деп үміт етеді. Бөдейдің тынымсыз баукеспе ұрысы Мыңға, Олжабай, Сасайдың ұрылары Қабыланбай, Кішік, Абыланбай, Жылыспай дегендер оларға ат беріп ұрлығын жасырып, сүйеушісі мықтысы Дүйсен Мыңжасар ұлы Едіге ұрылары Баянды, қашқын Алдабергенұлы Кескімбай Жанкөбекұлы тағы тағылары съезге алынып келіп, ұрлаған малдарын төлей бастайды. Әсіресе, малды көп ұрлатқан Уақ Көкен елі, Қызылмола елі, екі болыс елдің момын жылауларын ертіп басшы болып келген Көкен тауын қыстайтын Қан, Қожа дейтін ауылдың басшысы, ақылшысы Әлімқан Төреқан баласы. Бұл адам Абаймен көрші бұрыннан сыйлас екен. Бұл съезде неше жылдан бері қолы жетпей жүрген малдарын төлетіп алып қайтады. Мырза ұрылары көп мал төлейді. Солардың ішіндегі тіпті тыйымсыз деген ұрылары Кескінбай Жанкөбекұлына, Қоқақ Бедей ұлына, Баянды Алдабергенұлына үш айдан абақтыға жатуға үкім жаза кесіледі.

Енді съезд Мырзадан тарап Мамайға келіп түседі. Оның атақты ұрылары Құмырсқа, Жүніс, Байділдә, тағы бірнеше ұрыларынан да жоғарыда айтылған Уақ, Керей, Матай елдерінен ұрланған неше жылғы малдары қайтарылып беріледі. Байділдә Қожанұлына, Бөген балалары Құмырсқа, Жүніске үш айдан абақты кесіліп түрмеге жіберіледі.

Абайдың бұл ісіне рахмет айтып, ырза болушылар көп болады. Бұл съезд жеке ғана шеттен келушілердің дауымен тоқтамайды. Ел ішінде біреуде-біреудің бітпей жүрген дауы, ала алмай жүрген ақысы, жуаннан нашардың көрген зорлығы сөз болады. Соның бірі Байшора Мұсаның арызы болады. Ол өзімен старшындас туысы бірге жуан көп Еламан адамдары Үзікбай Бүрібай баласы, Сәрсен Келдібай баласы Байшораға тиісті Таймақ көлі деген жерге зорлық қып қонып алып, есе бермей жүргенін болыс, биге шығады. Заң бойынша жер дауын елубасы шешеді екен. Абай он үш старшын елдің барлық елубасын жиғызып алып Мамайдың ақсақалдарын қосып тексертіп аяғы Мұсаның сөзінің растығын анықтап Таймақ көлді Байшора пайдасына бекітіп, акты жасап, барлығына қол қойғызып мөр басқызып береді. Бұған сол арада қарсы тұра алмағанымен Еламан адамдары: «Абай қайынағасы Мұсаға болысты, Байшора бізбен тең болатын ауыл ма?» - деді. Елубасы да Абайдың ау-жайымен кетті деп іштей наразы болып кек сақтайды.

Бұл қыс өтіп, келесі жаздың бас кезінде Қарамола деген жерде бес ояз елдің басын қосып, ақыларын алысатын «черезвычайный» съезі болмақшы болып хабар таралады. Бұл орайда бұрынғы дуан деген атты өзгеріп, оның орнына ояз, облыс деген әкімшілік құрылған. Тобықты Семей уезіне қарай бір болыс ел Зайсан оязы, Өскемен оязы, Семей оязы, Қарқаралы оязы, Павлодар оязы деген бес ояздан құралады.

Қарамола Семейден жетпіс шақырым жоғары Шар өзенінің бойында. Бұл Қарамола июнь айында бір рет, октябрь айында бір рет, жылына екі рет жәрмеңке ашылады. Оған Өскемен, Зайсан ояздарының малдары, жүндері, терілері әкелініп Семейден бұл, шәй, былғары сияқты заттар апарып, алық-берік сауда болады. Сол съезге белгіленген мерзімде Өскемен, Зайсан ояздарынан отыз бес би бас қосып, осы жолы Тобықтының ұрыларындағы есе бермей жүрген малымызды даулайық. Оған бізге серік боларлық ел табайық десіп Қарамолаға жақын отыратын Керей, Матай деген екі болыс елге барады. Бұл елдерді басқарып тұрған Рақыш Тәти баласы деген Керей руының байы, шонжары екен. Өскемен, Зайсаннан келген билер сонда келіп қонақ болып жатып, шаруасын айтады.

«Рақыш мырза, біз екі ояз Өскемен, Зайсан бірігіп келіп отырмыз. Біздің Тобықты елінде көптен қолымыз жетпей жүрген малымыз бар. Жоқшы шолып барған адамдарымызға жауап бермейді. Егер сізден көмек болса осы съезде солардан теңдік алар едік»,- дейді. Рақыш: «Жарайды, біздің Керей, Уақ деген елдер де Тобықты руларынан аз зәбір көріп отырған жоқ. Мен де ертең Қарамолаға барып үй тіктірем, Тобықтыдан басқа бір ояздың билерін жинап сөйлесіп, жауабын берейін»,- деп аттандырады.

Рақыш Сыбан, Уақ, Матай елдерінің басшыларын жияды. Көкен болысындағы Уақтың басшысы Әлімқан ақсақалға арнап кісі жібереді. Әлімқан: «Мен кәрі адаммын, ендігі билікті Рақыштың өзі басқарсын»,- деп сылтауратып жауап қайтарады. Өзге шақырған билер жиналған соң Рақыш Әлімқанның келмегеніне қарамайды. Сөзін бастап Тобықтыдан басқа Семей оязына қараған билердің уәдесін алады. Өскемен, Зайсаннан келген билермен баталасып, онымен қабат Қарқаралы оязынан келген он жеті бимен де уәде байласып, жетпістей бидің басын құрайды. Бұлар енді төрт болыс Тобықтыны шауып, шәншіп алмақшы болады. Сол кеңесте Абай жәйі де айтылып: «Абай бүгін әділсіп отырса да Тобықтыға қаны қызбай отыра алмайды. Сондықтан ең әуелі Абайдың өзін жаулап алмасақ тағы есе бермей кетеді»,- деседі. Соған байлау ғып: «Абай ұры сақтайтын бұзық адам, бұл көп жиналған съезде болмаса екен»,- деп «приговор» жасап, оған жетпіс би қол қойып, мөр басып, Семейдің жандаралына жібереді. Ендігі болған оқиғаны соның ішінде болып өз көзімен көрген Көкен болысына қарайтын Уақ Мүсірәлі Қожанұлы былай болған еді дейді:

«Мен өзіміздің Көкен болысындағы ағайынымыз Қанқожа деген ауылдан шыққан бай, саудагер, пысық Нүрке Шынқожа баласының атарман шабарманы болдым. Нүрке бірнеше сайлауда Көкен еліне болыс болды. Семей маңындағы Керей, Матай, Уақ Қондыбай деген ұсақ атаның басшысы болды. Нүрке өзі ат жалын тартып мінгеннен бастап Абаймен тілектес дос болады. Ақыры құда болады. Жасымнан етті-жеңді едім, Қарамола съезіне Қанқожаның ақсақалы Әлімқан бармады. Нүрке сауда жағдайымен Үрбіт жәрмеңкесіне кетті. Сондықтан менің де барарлық жұмысым жоқ болды. Бірақ, біздің ауылдағы Қарамола жиырма шақырымдай ғана жер болған соң барып-келіп, болып жатқан істің жайын естіп-біліп тұрдым. Біздің Байқадам, Сапақ аталатын ауылдар Тобықтымен жапсарлас Қарамолаға баратын жолдың үстінде отырады. Съезд басталады десіп тұрғанда төрт болыс Тобықты адамдары отыздай кісі, үш киіз үй артып, сауын бие айдап, сойыстық тай, байталдарын алып кешке біздің туысқан дәулетті адамдар Нұрбай, Сыбанбай, Бейсенбай дегендерге келіп бөлініп қонды. Соның ішінде Абайдың да келгенін естіп мен де жүгіріп барып сәлем бердім. Абай: «Ей, семіз кедей қалың қалай, съездеріңде не болып жатыр»,- деген соң мен көрген-білген барлық жәйді айттым. Өзі де естіп келе жатқан болуы керек. Ешбір сөз қосқан жоқ. «Әлімқан қайда,- деді. Мен: -Үйінде. Рақыш шақыртқан екен бармапты»,- дедім. Абай:

«Олай болса сен атыңа мініп Әлімқан ақсақалыңа бар, менен сәлем айт. Мені Қарамола съезіне бара жатырмын деп айтты де»,- деді. Мен: «Жарайды»,- деп жылқыдағы атымды ұстап мініп Төрегелді деген жерде отырған Әлімқан аулына кеттім. Күн көтеріле барсам Әлімқан жылқысын суарып, биесін байлатып тыста жүр екен. Берген сәлемімді алды да: «Мүсірәлі, ертелетіп неғып жүрсің?»- деді. Мен Абайдың сәлемін, сөзін айттым. Әлімқан бие байлап жүрген Мұсақан деген баласын шақырып алып: «Сен менің атымды әкеп ертте, маған атшыға бір жігіт ерсін. Өзің жүр, Мүсірәлі, үйге барып шәй ішейік»,- деп мені ертіп әкетті. Шәй ішіп, артынан қымыз ішіп атқа міндік. Әлімқанның мінгені кержорға ат екен. Басын шұлғып тастап жорғалатып отырады. Түс кезінде Қарамолаға келдік. Шар өзенін жағалай тіккен көп үйлер, байлаған бие, топтанған халық. Әлімқан маған: «Мүсірәлі, сен мұнда келіп пе едің, Рақыштың тіккен үйін білесің бе?»- деді. Мен: «Ана үйлер,- деп нұсқаған соң: -Жүр, соған баста»,- деді. Біз үй сыртына жақын келгенде тыста жүрген біреу хабарласа керек Рақыш үйінен жүгіре шығып сәлем беріп, Әлімқанның атын ұстап қалбақтап қалды.

Үйге кіріп отырысымен Рақыш: «Әлеке, жақсы келдіңіз. Әнеу күні кісі жіберіп едім, келе алмадыңыз. Сіз жоқта мына жаман ініңіз төрт ояз елдің басын қосып баталасып, мықтысынған Тобықтының жазасын тартқызғалы жатырмыз. Олардың сүйеніш қылатыны Абай ғой деп алдын ала қам жасап бұзық адам деп жетпіс биге приговор жасатып, мөр басқызып жандаралға жібердік. Оның да жұмысы бітті. Ендігі ел жұмысын басқаруға өте керек едіңіз»,- деп мәйпаздап жатты.

«Әлімқан сенің ел бастап, абырой, атақ алғаныңа қуанамын ғой. Бірақ, менің сенен сұрамақшы екі-үш сөзім бар еді, әуелі соған жауап берші»,- деді. Рақыш айтыңыз дегенде Әлімқан: «Осы сенің Тобықтыда кеткен ердің құны, нардың пұлы сияқты үлкен ақы-дауың бар ма?» Рақыш: «Бірлі-жарымды ұрыларының алған малы болмаса ондай ірі ақым жоқ»,-деді. Әлімқан: «Ендігі Тобықтыдағы ақы Өскемен, Зайсан, Қарқаралы оязыныкі ғой,»- дегенде, Рақыш: «Иә»,- деді. Әлімқан: «Тобықты төрт болыс ел. Сендер төрт ояз елсіңдер, азды көп жеңеді, айтқанды орындайды. Басын айдауға, малын талауға саласыңдар. Сенің баталасып отырған үш ояз елің Тобықтының малын айдап алып еліне кете ме, жоқ осы жақта тұрып қала ма?»- деді. Рақыш: «Неге тұрсын, өз еліне қайтады-ғой»,- деді. «Сонда малдан, бастан айрылған жас бала, жаман қатын, кәрі-құртаң Тобықты елі осы Шыңғыстан ауа ма, жоқ отыра ма?»- деді. Рақыш: «Қайда барады дейсіз, отырады да»,- дейді. Әлімқан: «Сонда біздің сиырдың бүйрегіндей құралған Уақ, Керей, Матай, Қондыбай еліне жәй отырғанда тыныштық бермей малымызды ұрлайтын Тобықты малын, басын шетке шауып беріп айдатып отырғанда не көрсетеді білесің бе? Айғайласаң даусың Алтай мен Тарбағатайға, Қарқаралыға жете ме? Олар саған көмек бере ала ма? Сондықтан Тобықты сенің сабаңның аузын ұстамай ма?»- дегенде Рақыш шошып кетіп: «Опырмай, Әлеке-ай, енді қайттім, батаға антқа шет боламын ғой»,- деді. Сонда Әлімқан: «Егер, сен менің айтқанымды жөн деп санасаң, осы елдің адамдарын маған жинап бер. Өз көзіңше олардың өздерін батасынан бездірейін»,- дейді.

Рақыш кісілеріне: «Сен пәленді шақыр, сен түленді шақыр. Әлекең деген ағамыз келді, амандассын, таныссын, ақыл сұрасын»,- деп жан-жақтағы өзінің баталастарына кісі шаптырып жатты. Кешікпей көп адам жиылып Әлімқанға сәлем беріп амандық сұрасып танысып жатты. Ел жиналып болғанда Әлімқан сөз бастады:

«-Ал, шеттен келген ағайындар, сіздер біздің Рақыш мырзаға келіп Тобықтыда еріміздің құны, нарымыздың пұлы бар. Көмектес, алып бер,- деп асылған екенсіздер. Бұл жігіт оған «алып берем» деп уәде ғыпты. Біз бұл Семей оязына қараған төрт-бес болыс аз атадан құралған елміз. Жер жағдайына қарай егін салып, пішен шауып қарекет етеміз. Тобықты бізбен көрші, қол зорлығы қалмаған ел. Ұрысы түнде малымызды алса, ел адамы күндіз қайтартып береді. Рақыш мырза албырт, жас қой. Тобықтымен жамандаспақ болып Абай сияқты әділ, ақылды адамның үстінен өтірік шағым жасатыпты. Ал, енді сендер «Тобықтыдағы ақымыз» деп бар малды айдап әкетесіңдер. Сонда біздің Керей, Уақ Тобықтының қолында қалмай ма? Малынан, басынан айрылған ызалы кекте Тобықты бізге мал малдандырып, жан жандандыра ма, сонда бізге не көмек етесіңдер? Біз олжа алайық, сендер өртеніп күйіп кетсеңдер мейілің дейсіңдер ме?»- дегенде мұны естіп отырған көпшілік:

- Жоқ, Әлеке, біз мұндай сөз айтқамыз жоқ. Біздің онымыз достық бола ма. Біз сіздерге сырттан достығымыз болмаса қол жиып беріп, Тобықтыны қырып береміз дей алмаймыз және біз мал алайық, сіздер ол үшін пәле арқала деп тағы айта алмаймыз. Тобықтыдағы қолымыз жетпей жүрген малымыз, ала алмай жүрген есемізге көмек ет, ара ағайындық жәрдем жаса дейміз,- дегенде Әлімқан:

- Олай болса мен Тобықтыдағы  дауларыңнын анығына мал,  танығына наным әперсем, мына Рақышты жолдастық уәдеден, батадан босатасыңдар ма?- деді. Көпшілік: «құп, Әлеке, сізге билеттік. Рақыш мырзаға біз ырзамыз, босаттық»,- десті. Әлімқан:

- Олай болса осы отырған бес ояздың барлық биі мен ел жақсылары маған еріңдер. Мен барлығыңды Абай алдына апарам. Сіздер маған билетсеңіздер, мен Абайға билетемін,- дегенде көпшілік: «өзіңіз білесіз, өзіңізге бердік»,- десті. Рақыш орнынан тұрып: «Әлеке, мен бір ауыз сөз айтайын ба?»- деді. Айт дегенде: «Абай әділ болса да Тобықты ғой, ұры да Тобықты, би де Тобықты болмай ма. Сондықтан Абай қасына бізден бір адам қосуыңызға болмай ма?»- дейді. Сонда Әлімқан:

- Әй, Рақыш, қате айтасың, Абайды сөзден ұтатын, заң, законнен жеңетін, қазақтың салтынан сүріндіретін кісі кім? Соны айтшы. Сенің қосқан кісің өз ақысын өзі көтереді. Өз дауынан өзі жеңіледі. Сондықтан өзінің басының арына, адамшылығына берсең Абай туысына сатылмайды. Әділдік жолын табады,- деді. Отырған көпшілік Әлімқанның сөзін қостап, Абай алдына баруға сөз байласты.

Мен Абайға барып, болған сөздің байлауын айтып қуантайын деп жылжып шығып атыма мініп шаба жөнелдім. Келе сала естіген сөзімді айтып және бес ояз елдің адамдарын Әлімқан сіздің алдыңызға алып келеді деп жалбаңдап жатырмын. Абай қасындағы үйлердегі Тобықты адамдарын шақыртып алып менің сөзімді айтып: «Сендер қымыз дайындаңдар, келгендер дәм-ауыз тиіп кетсін»,- деп тапсырып, қонақ күтуге дайындық жасатты.

Әлімқан көп адамды шұбыртып, Абайдың тіккен үйіне келді. Сәлемдесіп, амандасып отырысымен Әлімқан сөз бастады:

- Абай мырза өзіңіз де естіп жатқан шығарсыз, Өскемен, Зайсан оязынан келген ағайындар біздің Рақыш мырзаға келіп «Тобықтының ұрыларында ала алмай жүрген ақымыз бар, көмек ет» десе біздің Керей, Уақ жолдас, көмектес болмақ болып баталасыпты. Тобықтының жауға алдырмайтын тірегі ғой деп сізді ұлыққа шағыпты. Мен келген соң бұлар ақылдасып билігін маған берді. Мен әкеп саған бергелі отырмын. Себебі, сенің әділдігіңе, адамшылығыңа нанып едім. Енді мына көпті саған бердім, сені құдайға бердім,- деді. Абай: -Жарайды, Әлеке, ағасы бергенде інісі алмай ма. Бірақ сізден өтінішім осы съезд тарқағанша менің қасымда болыңыз. Қысылған сасқан жерде ақылшы болыңыз. Әлімқан: -Құп, болайын,- дейді.

Жұрт «сөз бітті ғой енді тарауға рұхсат па, Әлеке» дегенде Әлімқан: -Жоқ, жұмыс біткен жоқ. Сендер Абайды жамандап, үстінен шағым жүргіздіңдер, енді өзіне билігін беріп отырсыңдар. Бүгін жандарал келіпті, осы отырған бір болыс елдің билері түгел соның алдына барып байланған сөздің жөнін айтып ұғындырайық,- деді.

Әлімқан сол отырған барлық халықты ертіп жандаралға тіккен үйдің алдына барып: «Біздің жандаралға айтатын арызымыз бар. Тыңдауына болар ма екен»,- деп кісі жібереді. Көп кешікпей жандарал келеді. Жиналған жұрт бас киімін алып тағзым етті, Әлімқан түрегеліп болған сөздің жәйін, көптің байлауын айтқанда жандарал: «Құнанбаев, сен бері кел»,- деп Абайды шақырып алып, орысша сөйлесіп кетті. Содан кейін жұрт үйді-үйіне тарады.

Сол Қарамола съезіне Абайға жолдас болып еріп Қабас Байкөкше ақын да келген екен. Байқадам, Бабақ ауылдарына қонып, енді атқа мініп съезге қарай жүргенде Байкөкшенің түсі сұрланып бір сөз айтатын адамдай ыңғайланғанын байқап, Абай қасындағыларына: «Мынаның кәрі жыны ұстап келеді екен. Бір өлең айтады»,- депті. Сонда біреуі тұрып: «Бәке, жол қысқарсын бір әңгімені бастаңызшы»,- дегенде Байкөкше Абайға қарап тұрып, бүгін түнде түс көрдім деп мынадай өлең айтады:

 

Абайжан бір түс көрдім бүгін түнде,

Көкке ұшып, шарыққа шықтың мүлде.

Үстіңде ақ киімің, боз атың бар,

Аспандап, шағылыстың барып күнге.

Сонан соң жоғарылап, тағы да ұштың,

Ілдің де екі нәрсе жерге түстің.

Орнықтың биік тауға қондың-дағы,

Осыған әлеуметтің көзі түсті.

Жаныңа төрт аққу келіп қонды тағы,

Лық толған ақ сұңқарға екі жағы.

Қасыңа шалмалылар келіп еді,

Сөйлесті мәжіліс қып олар тағы.

Қол жайып шалмалылар бата берді,

Осыны жамағаттың көзі көрді.

Ұйқымнан ояндым да ғажаптандым.

Отырдым ойға түсіп әрлі-берлі.

Түсімнің халеті жоқ олай-бұлай,

Жорыдым өз түсімді өзім былай.

Ақ киімің, астыңда боз ат болса,

Ағартар тұқымыңды сенің құдай.

Көкке ұшса, бақытың көкті шарпыр,

Ақылың осы жүрген жаннан артар.

Әкелген екі нәрсең ғылым, білім,

Сөзіңді естігеннің бойы балқыр.

Күнге шағылыссаң боларсың ай мен күндей,

Арқа-ұранды қазаққа тегіс бірдей.

Ақ сұңқардың жаныңа лық толғаны,

Тұқымыңнан жан қалмас атқа мінбей.

Төрт аққу:

Күңке, Ұлжан, Айғыз, Нұрғаным аналарың,

Шалмалы:

Би Өскенбай, Кеңгірбай бабаларың.

Шалмалылар бата ғып қол жайғаны,

Бақытыңнан құры қалмас балаларың.

Күнен күнге болады бағың басым.

Шалмалылар батаны бос бермейді,

Мұратыңа жетесің не ғыласың.

 

Байкөкшенің түсі тура келгенде Абайды көп қауымның қалауымен сол съезге төбе билікке сайлайды.

Жандаралдар қазақ ортасындағы дау-шарды, талас-тартысты қалай бітіру керек. Оған қандай билік айту керек. Сол туралы Абайдан көп сөз сұрайды. Сонда Абай қазақ халқының орысқа қарамай тұрғандағы тапқыр, ақылды, ел қамқоры адамдарының, билерінің, ақсақалдарының сөздерін, жол-жобаларын айтқан биліктерін түсіндіреді. Бүгінгі патша ұлықтарының шығарған «Степное положение» заңымен қазақтың бұрынғы салт-санасының ортасындағы қайшылығын айтады. Сонда жандарал Абайға: «Енді сен өзің біліп отырған екі түрлі заңның біріне бірінің қайшылығын қарастырып, жаңа заң-жобасын жазып маған бер, оны мен жоғарғы заң шығаратын орынға жіберіп бекіттіріп, бұдан былайғы ел басқарудағы жұмыстарға пайдаланатын етейін»,- дейді. Абай сонда, 92 статья заң жазып жандаралға тапсырған екен.

Тобықты ұрыларында малымыз бар дегендерге Абай: «Бұл уақыттарда біздің ел жайлауда, бұдан он бес шақырымдай жерде, одан ұрыларды мұнда алғызғанмен малдарын айдатып келуге болмайды. Сондықтан ел бауырға түсетін сентябрь айларында кісі жіберіңдер. Анығына мал, танығына наным әперейін»,- деп тоқтатады. Сол уәделі уақытында келген жоқшылардың малын алып беріп, ырза ғып қайтарады.

Өзге бес ояз елдің ортасындағы жер дауы, жесір дауы, ұрлық, барымта сықылды көптен шиеленіскен жұмыстарды Абай тындырып, съезді тыныштықпен тарқатады.

Құнанбайдың салған жолымен Өскенбай тұқымы ауыл басына молла ұстап еркек балаларын ескіше оқытуды салтқа айналдырған екен.

Бірақ қыздарын оқытуды ескермеген. Абай жаңадан жол көрсетіп өзінің қыздары Райхан, Күлбәдән, Ысқақтың қызы Рахима, Ызғұттының қызы Хадиша, Мүрсейіттің қарындасы, Мырзаханның қызы тағы бірнеше көршілерінің қыздарын жинап бөлек беріп кішкене моллаға оқыттырады. Қыз туса қырық жеті мал туады дейтін қараңғы қазақ халқының ортасына, әйел де адам екенін, оларды да оқыту, тәрбиелеу керектігін Абай бірнеше рет іс жүзінде көрсеткен еді. Кішкене молла деген Қазанның татары екен. Әскер жасына жеткенде ол күнде патшалық Ресейдің 30 жылдық әскерлік ауыр міндетінен қашушылардың бірі екен. Ол Семей қаласына келіп енді жан сақтарлық орын қарастырғанда Семейдегі татарлар «Құнанбай аулына бар. Онда Ғабитқан деген татар молла бар. Осы күнде мал малданып, үйленіп, жетісіп тұр. Саған да пана болуға жарайды» деп ақыл береді. Сонымен Құнанбай қолына келіп молла болып орнығып тұрып қалады. Өзінің шын аты - Мұхаметкерім екен, Ғабитқаннан жасы кіші болған соң Кішкене молла десіп атап кеткен.

Енді Абай қолындағы еркек баласының үлкені Ғабдырахим сегіз жасқа толғанда өзі бір қыстай орыстың әрпімен, тілімен таныстырып, август айында Семейге апарып орысша «приходский начальный школға» оқуға береді.

Абай Мұқыр еліне болыс болып тұрғанда кандидат болған Уандықтың нереме ағасы Жанатай деген кісі өз ағасы Қаратай Құнанбаймен жау болып жүргеніне қарамай өз басы Құнанбаймен дос, тілеулес болған адам екен. Жанатайдың бес баласы болады, бірақ бәрі құйқа-бөрік жаман екен де, кіші әйелінен туған Көкбай деген баласы жасынан пысық, сөзшең болады. Оны сынамақ болып Жанатай қырдағы молдадан оқытса оқуды тез ұғып, зерек бала атанады. Домбыра шертіп, ән салып, аздап өз жанынан өлең шығарып айтатын болады. Жанатай осы Көкбайым өнерлі болар деп дәме ғып, оған үлгі-өнеге берерлік адам ойлағанда тапқаны Абай болып Көкбайды ертіп келіп:

-Шырағым, Абай, мен сенің әкеңмен өмірлік дос едім. Балаларым ер жеткенмен көңілім дауаламай жүр еді. Мына бір қара балам тықылдап тұрады. Оқуға да жақсы деседі. Ыңылдап өлең де айтады. Осыны саған әкелдім. Жақсы болса ұл, жаман болса құл ет,- дейді.

Абай: -Жарайды, мен ие болайын,- деп он бес жасар Көкбайды алып қалады. Көкбайдың ақындық өнері барлығын байқап Байкөкшеге тапсырып, өлең деген құр сөз қиыстыру ғана емес, неше алуан өнердің баяндаушысы, сыншы екенін ұқтырады. Көкбай Абайдан да, Байкөкшеден де үлгі алып, енді өз бетімен өлең жаза бастайды. Көкбай Абайға еріп келіп жүріп Оспанмен танысады. Үйі базар, түзі той болып жататын Оспан Көкбайға өлең айтқызып, ән салғызып думан, сауық құрады. Шыңғыс болысындағы партия басы пәле құрғандардың тойымсыз, тынымсыз мінездерін, жаман әдеттерін байқайды. Соларды сипаттап «Тоғызкөк» деген өлең шығарады. Мұның мағынасы елдегі сақал-шәші ағарып көк болғанша пәледен жалықпай жүрген адамдар деген сөз. Ол «Тоғызкөк» өлеңінің біразын жаза кетейік:

 

Көрпебайды сұрасаң сұғанақ көк,

Ет көрінсе асайды сыбалап кеп.

Қызылға кез құйрықтан қырағы екен,

Қайдағыны көреді сығалап кеп.

 

Атағы Сөрелінің дүрілдейді,

Дау келсе көкбурыл бас дірілдейді.

Терісінен қырық күн қызыл соқса-дағы,

Аузына жалғыз қырау ілінбейді.

 

Егіз көк, Қаражан мен Байқұлағың,

Бітім десе тұрады айқұлағың.

Әрекеттен кәрекет тапқан қулар,

Елдің жауыр қылды ғой тай-құнанын.

 

 

Шеккен көк ақикөкке қағын деп жүр,

Өтіп кеткен өмірді сағын деп жүр.

Бір түйір осы топқа жұмысы жоқ,

Асылып шолақ көкке неғыл деп жүр.

 

Көкбайдың жоғарғы сұғанақ көк, егіз дегендері Шыңғыс елінің адамдары. Шөккенкөк, ақикөк дегендері өзінің Көкшесінің адамдары. Бұлар осы өлеңді естіп «бізді Жанатайдың қу баласына жамандатты» деп Абайға өкпелейді.

Абай Мұқыр еліне екі жылдай болыс болып елдің таусылмас дау, бітпес талас-тартысынан қажып, босанбақшы болады да ояз бен жандаралға бірнеше рет арыз беріп ақыры болыстықтан босайды. Орнына кандидаты Уандық болыс болады. Абайдың болыстықтан түскенін естіген соң бұрын қолы жетпей қорғалап жүрген Мамайдың ұрылары, пәлеқорлары Абай үстінен арызды қарша боратады.

«Абай жерімізді қайынағасы Мұсаға тартып алып берді. Аулымызды шауып, бес жүз қойымызды алды»,- деп Еламанның қулары Үзікбай Бөрібай баласы, Сәрсен Келдібай баласы арыз береді. «Ауылымызды шапты, қатынымызды бала тастатты, бес түйемізді параға алды»,- деп Мырза Қабыланбай Мыңжасарұлы, Жылысбай Үркінбайұлы арыз береді. Сол сықылды неше түрлі қылмысты істер заңына жататын пәле-жаланы жауып, Мыңға Бөдейұлы, Қашқын Алдабергенұлы шағым жасайды. Олар көп адамды куәге салады. Бұл шағым-арыздар Семейдегі ұлықтардың қолына түскен соң Абайды Семейге шақыртып алып тергеу жүргізеді. Қаладан шықпайсың деп қолхат алады. Осы тергеудің аяғы сегіз жылға созылып алты жүздей адамнан жауап алынады. Ақыры Абайдың ақтығына көзі жеткен заң адамдары жұмысты қысқартады.

Бұл жылдардың ішінде Абай Семей қаласындағы Қарақондыбай Науыты дегеннің оңаша үйін пәтерге алып, кітап оқуға кіріседі. Өзге ағайын-туғаны Абай жазалы болды деп ренжігенде Абай ел партиясынан босап ғылым жолына түскеніне қатты қуанады. Бұл Семейде көп айлар жатқанда Абайдың қасына алып қалатыны Мырзақан баласы Баймағамбет, барып кел, айтып келге жұмсайтыны он екі жасар Кәкітай болды. Абай күндіз бір мезгіл ғана ояз кеңесіне барып көрініп келеді де кітап оқиды, кешке шам жаққанда Баймағамбетті алдына отырғызып қойып, кітаптағы өзі оқыған әңгіме, ертегі хикаяларын айтып береді. Ертең шам жаққанда өзі тыңдап Баймағамбетке айтқызады. Баймағамбеттің жаңылған жері болса қайта ұқтырып отырады. Сонымен Баймағамбет елге барған соң «Мың бір түн», «Алты бармақ», «Жеті үй» тағы талай әңгімені күні-түні жалықпай көпке айтып беріп қазақ халқын күншығыс елі шығармаларымен таныстырып отыратын болады.

Абай осы уақыттан бастап ел жұмысына көп араласпай тергеу жұмысы болсын, болмасын соғым соя Семейге келіп, оңаша пәтер алып қар кетіп, жер қарайып кепкенше қалада жатуды әдетке айналдырады. Осы мезгілде орыс ғалымдарының кітабын көп оқиды, кітапханамен қатынас жасап оқығанын қайтарып беріп жаңадан керек кітабын алып отыратын болады.

Абай жалғыз Ғабдырахимды орысша оқытқанына қанағат қып тұрып қалмай, одан екі жас кіші, Ділдәдән туған кенжесі сегіз жасар Мағауияны, одан төрт жас үлкен қызы Күлбәданды, өзінің тәрбиесінде жүрген Көкбайды Семейдің «приходский школына» оқуға кіргізіп, бұл үшеуіне соғым сойғызып жеке пәтер алып береді.

 

5. Халық қамқоры

 

Оспан Шыңғысқа болыс болып тұрғанда бір оқиға кездеседі. Ол: Жетісу облысына қарайтын Найман, руы Қожан Балтабек деген кісінің бір айғыр үйір қысырағын алып кетіп, әр жерден сұрастырса біреулер Семей оязына қарайтын Тобықты елінің ұрылары осы жаққа келіп мал ұрлап кетті деседі. Балтабек өз елінің оязымен үйір таныс екен. Қысырағын іздемекші болған Балтабек өз оязына барып менің жылқымды Семей оязына қараған ұрылар алған екен. Сіз Семейдің оязына хат беріңіз деп өтініп, одан хат алады да Семейге келіп оязға береді, өзі дәрежелес уақыт хатын сыйлаған Семей оязы «малыңды ұрлаған қай болыстың ұрысы, кімге тапсырайын» дегенде Балтабек Шыңғыс болысы Құнанбай баласы Оспанға тапсырып бұйрық қағаз беріңіз» деп өтінеді.

Ояз Оспанға: «Мына кісінің малын ұрлаған кісіні тауып кім де болса ұрыны жазалап, малын алып бер»,- деп бұйрық береді.

Оспан келген бұйрықты тілмәшіне оқытқанда ойына бір нәрсе келеді. «Оразбай, Абыралылар бес старшын елді бөліп алып менің қолымнан шығып кетті, оларды алдап болыстыққа Күнтуды сайлап кеткен ызасын ала алмай қалдым. Егер мына Балтабек сөзіме көнсе солардан кек алайын»,- деп ойлайды да Балтабекті оңаша алып: «Іздеп жүргенің мал болса менің мың жылқым бар, егер адам болса бір кісімен сыйласарлық шамам бар. Екеуіміз құшақтасып дос болайық. Бір жолға менің тілегімді орындап, не айтсам соны айтып қағаз бер»,- дейді.

Балтабек аға сұлтан Құнанбайдың кенжесі, малы мен абыройы асып тұрған Оспанға дос болмаймын, айтқаныңды істемеймін деп айта алмайды да: «Жарайды, мырза, не деп айт десең айтамын»,- деп уәде береді.

«-Олай болса сіз: «Малымды таптым, ұрланған Араб Абыралы баласы және Жуантаяқ Күсен деген ұры екен, бұларға ат беріп аттандырып отыратын бай жуан Оразбай Аққұлы баласы екен. Осы малымды ояздың тапсыруы бойынша алып беріп, өздеріне жаза берсеңіз екен»,- деп маған арыз жазып бер. Бар тілегім осы»,- дейді. Балтабек: «Хұп, не жазсаңыз да қол қойып беремін»,- деген соң Оспан өзінің ойына алғанын жаздырып, Балтабекке қол қойғызып Семей оязына қатынас жазып кісі жібереді. «Бұл істі маған тапсырсаңыз үш стражник жіберіңіз»,- дейді, екі-үш күнде ояздан қайта бұйрық келеді: «Сол Бұғылы елінің ұрыларын ұстатып алып, Балтабектің малын әперіп, өзіне жаза кестіруді саған тапсырдым»,- дейді. Және Оспан сұраған үш стражникті жібереді. Енді Оспанның ойлаған жерінен шығып жауын өз қолынан жазалауға ерік алған соң дереу өз болысының сегіз биін шақыртып Бұғылы болысымен шектес, Жалпаққойтас деген жерден үй тіккізіп съезд құрады. Араб, Күсен, Оразбай үшеуін ұстап съезге алып кел деп қасына өзінің екі шабарманын қосып, үш стражникті жібереді. Олар Араб пен Күсенді ұстап алып келеді. Оспанның ісін сезген бір адам астыратын Оразбайға хабар беріп ол Семейге қашып кетеді. Оспан стражниктерге және жиналған билерге «Оразбай ұлыққа бой ұсынбады, съезден қашты» дегізіп, қол қойғызып, мөр бастырып акты жасатып алады да пәуеске арбаға үш ат жеккізіп шапқылап отырып қызмет басталар уақытында ояздың кеңсесіне келіп кірсе Оразбай алдыңғы бөлмеде шірет күтіп отыр екен. Оспан кіре сала есік алдындағы тұратын охранаға: «Мен қашқын қуып келдім, мына отырған соның бірі, сен ие бол, мен оязға жолығып шығамын, айырылып қалма»,- деп қолына бір сом ұстатып ішке кіріп кетеді. Бұрын бірнеше рет сый алған ояз Оспанды жақсы таниды, жем дорба көрген аттай оқыранады. «Құнанбаев аман ба, бәйбіше жақсы ма»,- деп жалбаңдап қалады. Келген жұмысын сұрағанда Оспан билермен, стражниктің актісін көрсетіп сол қашқын Аққұлыұлының осы кеңсенің ауыз бөлмесінде отырғанын айтады. Ояз тілмәшін шақырып алып: «Бар, мына Құнанбаевтың қашқын адамын өз қолына бер»,- дейді. Оразбайдың арызын тыңдамайды, пішінін де көрмейді. Оспан Оразбайды пәуескенің артындағы жүк қоятын жерге отырғызып, қол-аяғын байлап елге алып қайтады.

Олжалы қайтқан Оспан Ащысу өзенінің бойында отырған Көтібақ Баймырзаның аулына келіп түседі. Баймырза мынадай содырлыққа таң қалады, бірақ Оспанға мұның қалай дей алмай, мал сойып, шәй қайнатып күтіп жатады да өзінің Сармырзаға деген інісін Ақшоқыдағы Абайға жібереді. «Тез бар, Оспанның істеп келе жатқан ісін айт»,- дейді. Баймырза аулы жақын отырады, Сармырза шапқан бойымен Абайға барып ағасының айтқан сөзін айтады. Абай қарапайым, ашуланып аз отырады да Оспанға тез бар деп Қарасақауды жібереді. «Оразбайды босатсын, өзі маған келсін. Баймырзаға айт өзінің атын мінгізіп, қасына өзі еріп Оразбайды үйіне жеткізіп салсын»,- дейді. Қарасақау келгенде Оспан ет жеп отыр екен. Абайдың әмірін естігенде Оспан: «Менің жұмысым бітті. Әні Оразбайы, бірақ бармаймын»,- деп тез атты жеккізіп арбасына отырып басқа жолмен Абайға соқпай кетіп қалады. Баймырза Оразбайға ет берсе жемейді, бір аяқ қана қымыз ішіп, даярлаған атқа мініп жүріп кетеді. Баймырза бір атқа мініп қасына еріп ауылдан ұзақ шыққанда, Оразбай: «Әй, Баймырза, сен неге келесің»,- десе Баймырза: «Бай, сізді үйіңізге апарып салмақпын»,- депті. Оразбай: «Жоқ, сен қайт, мен үйімді өзім табамын. Атың мен ертоқымыңды беріп жіберемін. Оспанның істеген қорлығын өлгенімше ұмытпаспын, тірі жүрсем алдына бір тартармын»,- деп жүріп кетіпті.

Семей қаласы, Ертіс өзенінің терістік жағында оның оңтүстік жағынан қатарласа орналасқан орысша аты «Заречная слабодка», қазақша бас жатақ, орта жатақ, Тыныбай жатағы деп аталатын қазақ қышлағы болады. Тыныбайдың сүйегі Уақ, өзі орта жасқа келгенше кедей болып, жалшылық еткен адам екен. Содан байып Ертістің оң жақ қабағынан ағаш үй салған. Құдай жолына деп мешіт салғызған атақты бай болған. Оның алған бәйбіше қатынынан Жұмәділ, Темірғали деген екі ұлы, Айғаным деген бір қызы болады. Байлыққа қолы жеткен Тыныбай атақ іздеп Құнанбайдың Ұлжаннан туған Мәкіш деген қызын тоқалдыққа алыпты. Мәкіштен Ғалиәкбар, Ғалиасқар деген екі ұл туыпты. Енді Құнанбай, Өскенбай, Ырғызбай тұқымдарынан Семейге келгендер Тыныбай үйіне түсетін болады. Халиолла Москваға үйінен аттанып, демалысқа келгенде апасы Мәкіштің үйіне келіп, кетіп жүретін болады. Москва школын бітіріп Корнет деген атақ алып қайтып келе жатып Халиолла Тыныбайдың үйіне түседі.

Бұрыннан Айғаныммен байласқан уағдасы болса керек, енді қызметкер болған соң біржола әйелдікке алмақшы болады. Халиолланың сыр айтатыны, ақылдасатын ағасы Абайға келіп осы қызды алғысы келетінін айтса, Абай: «Бұл болмайтын іс. Себебі күндестің күлі күндес деген емес пе,  Жұмәділ мен Темірғали қарындасын тірі күнінде Мәкіштің інісіне бермейді. Сендердің жүрістеріңді сезсе біреуіңді өлтіруден тайынбайды. Олардың байлығы тұрғанда орыс та, қазақ та соның сойылын соғады. Сондықтан басыңды байлап әуре болма. Қолдан келмес қорлыққа құмар болғаннан пайда жоқ»,- деп ақыл айтады. Өзінің сеніп жүрген сүйеніш ағасының сөзін естіген соң Халиолла Семейде тұрақтай алмайды, қырдағы үйіне кетеді. Бойды жеңген құмарлық, жастық Халиолланы қырға да байыздатпайды. Қасына Шәкібек деген нағашысын ертіп, бас жатақтағы бір үйге түсіп, жасырынып жатып Айғаныммен тіл жалғасады. Екі жас не де болса да шыдадық десіп қатерге басты байлап қашуға келіседі де, Семей мен Алматы арасында почта және адам таситын ат арбамен бір түнде Алматыға қарай тартып кетеді. Себебі Халиолланың қызметі Алматыда болмақшы болуы керек.

Ол заманда Семейде ол жаққа қарай жүретін отарба, не автомашина болмаған. Ең тез қатынасы бір бекеттен бір бекетке, атты ауыстырып жегіп күн-түн демей жүріп отыратын почта ат-арбасы ғана болады екен.

Халиолла өздері жегіп келген екі аттың бірін салт мінгізіп, бірін жетекке алғызып нағашысы Шәдібекті ертіп ала кетеді.

Жұмәділ мен Темірғали қарындасының қашқанын сол түнде біліп жан-жаққа тосқауылға кісі шаптырады. Олар қалаға келе жатқандардан сұрастырып жүріп бір қосар ат жетектеген салт аттысы бар пәуеске арбаны Алматы жолымен Ұлықыз бекетіне қарай қатты жүріп бара жатқанын естіп келеді. Жұмәділ қарындасын алып қашқан Халиолла екенін біліп көп кісі жинап қару алып қосарға  көп ат алып таң ата жолға шығады.

Халиолла түнімен тоқтамай жүріп таң ата Семейден бесінші бекет Қызылмолаға түсіп, шәй ішіп, тамақтанып алып Арқат бекетімен орталықта Еспе деген жарға тақалғанда Шәдібек «артымыздан көп шаң көрінеді, қуғыншы болу керек. Қызды менің астымдағы атқа мінгізіп, мен жайдақ ат мінейін, ана отырған ауылдар Мамай елі, соған жетсек бар Уақ келсе де Тобықты елі Құнанбайдың келінін бермейді, саған түк ете алмайды» деп Халиоллаға ақыл айтып, арбаны тоқтатып, қызды атқа мінгізіп енді кетпекші болғанда Халиолла: «Жоқ болмайды, бір қызды қорғап ала алмай Мамай еліне барып қорғалағанымыз ұят. Мен өлмей қызды бермеймін»,- деп Айғанымды аттан түсіріп, арбаға отырғызып пәуескенің алдын жапқызып сол арада тосып тұрады. Жұмәділ Халиолланың өлмей көнбейтінін байқап алмақшы болады да, анадай жерден атынан түсіп: «Уай, қалқам, Халиолла-ау бұл сенің неткен балалығың. Алып қашпағанда мен қарындасымды бермеймін бе, сенен артық патшаның баласы ала ма? Кейін қайтыңдар, қолымнан той жасап, жасаулап берейін, оған нан, мың құдай, міне құран, әні әруақ деп жер-көктегі антты ішеді. Қалқам, Айғаным, балалығың ғой, мен сені жанымдай жақсы көремін ғой. Халиоллаға барамын деп қашан айттың, сені сүйген адамыңнан айыратын мен ақымақпын ба? Ана Халиоллаға айт маған нансын»,- деп қарындасына жалынады.

Ақыры екі жас Жұмәділге нанып қайтуға көнген соң Жұмәділ өздері жолға алған қымызын, етін алғызып «шөлдеп қалдыңдар ғой» деп бәйек болып тамақтандырады да енді жүруге ыңғайланғанда «сендердің аттарың нашар көрінеді. Айғаным мына арбаға мінсін» деп өздері мініп келген арбаға Айғанымды қолтықтап ала жөнеледі. Ол Халиоллаға жалтақтап қарағанына мойын бұзғызбай арбаға отырғызып жіберіп, өзі мықтап ұстап отырып алып «атты айда» деп көшірге бұйрық береді. Халиоллаға айғайлап: «Сендер асықпай келесіңдер»,- дейді. Халиолла алданғанын енді біледі, аңырап тұрып-тұрып арбаға отырып кейін Семейге қайтады.

Семейге келіп басқа үйге түсіп Жұмаділдің не ғып жатқанын сұрастырса, ол үйіне келе сала оязға, жандаралға, мировой судьяға: «Халиолла үйімді талады, ақшамды, алтынымды алды, қарындасымды зорлап алып қашты»,- деп арыз беріп, оған қоса ұлықтарға пара беріп, Айғанымды адам көрмес, білмес жерге тығып тастапты. Халиолла Семейде жатып ұлықтарға жайын айтса: «Сіз оқыған, білімді қызметкерсіз, мұндай қылмысты жұмысқа қатынасуыңыз ұят болады. Жақын арада сот болады, қыздан жауап аламыз, содан кейін көрерміз»,- деп селқос жауап қайтарады.

Сот шақырған мезгілде Халиолла келсе Жұмәділ көп нөкер ертіп қыздың бетін жауып отыр екен. Окружной сот қызды жауапқа шақырғанда басындағы шәлісін алып бетін ашады. Айғанымның бет шырайы қураған, өңі өлетін адамдай сұп-сұр, шәші дудардай, тырнағы өскен, көзі жынды адамның көзіндей алақ-жұлақ етеді. Мұны көргенде Халиолла не болғанын білмей басы айналып, көзі қарауытып кетеді. Сот қыздан: «Сен Өскенбаевты білесің бе. Оны сүйдің бе»,- деп сұраса, қыз «білмеймін» дейді.

Сонда таяу тұрған Халиолла: «Әй, Айғаным, мені қалай білмейсің, шын тілеумен қосылған жар емес пе едің»,- дегенде, Айғанымы бұрылып қарап танығандай болып аз тұрады да кемсеңдеп жылағандай болады. Бірақ көзінен жас шықпайды.

«Жаным Халелімсің, мен саған жоқ, өлген адаммын. Қош»,- деуге ғана тілі келіп талып кетеді. Жұмәділ жүгіріп келіп қарындасын сүйеп, сотқа: «Тақсыр, бұл науқастанып жүр, танымаймын және мен саған жоқпын деді-ғой, енді рұхсат етсеңіз»,- деп сұрағанда сот басын изеді. Жұмәділ қолтығынан көтеріп шығарып алып кетеді.

Сот мүшелері аз уақыт кеңесіп үкім айтады: «Қыздың Өскенбаевқа бұрын көңілі ауғаны расталды, бірақ енді оған бармаймын деп бас тартты, сондықтан қызды зорлап Өскенбаевқа қайтаруға болмайды. Тыныбаевтың «ақша, алтын даулап берген арызының дәлелі болмағандықтан аяқсыз қалсын»,- деп үкім айтады. Ел тарайды, Айғаным бір айдай төсек тартып жатып, қайтыс болады. Жұмәділ оны сиқыршы кемпірге қаратып басын айналдырыпты деген лақап тарайды.

Халиолла үйіне бармай Омбыға тартады, онда барған соң корпусқа адъюдант болып орналасады, бірақ Айғанымның қайғысынан дертті болады. Халиолла ақын екен, қызды жоқтап, әділетсіздік қылып ақшаға, қаракүшке сатылған патшалық заңының бұғауына, параның үстемдігіне налып көп өлеңдер жазады және өз басын да өлген адамға есептеп жоқтау жазады. Содан есте қалған бір ауызы:

 

Арғы атаң сенің Ырғызбай,

Асауды жегіп үйреткен.

Қалмақтың жығып балуаның,

Қабырғасын күйреткен...

 

деп басталады.

Халиолла Омбыда бір жыл қызмет етіп тұрып, ақыры сол қайғыдан жүдеп, науқасқа шалдығып қайтыс болады. Одан хабар алған соң Құнанбай кісі жіберіп Халиолланың сүйегін алғызып Шыңғыс тауындағы қыстауы «Сарқатын» деген жерге қояды. Халиолламен бір шешеден туған Смағұл айтатын: «Кәкен ағамның сүйегін әкелгенде үлкен абдыра нәрсесін қоса алып келді. Ашып көргенде бір абдырадан ылғи неше түрлі оқалаған киімдер, алтындаған қылыш, кавказдағы қанжар, пышақ, көп дүние шықты, бір абдырасы толған кітап пен қағаз екен. Қырқын беріп, батаоқырын таратқан соң шешем барлық бала шағасын жинап алды да: «Қарақтарым, Халелім енді маған жоқ, мына боқмұрын Смағұлға бұл дүние не керек. Сендер Халелдің нәрсесін бөліп алыңдар. Әсіресе, Абай қалқам, таңдаулысын сен ал»,- дегенде Абай: «Әже, маған Халиолланың барлық кітаптарын берсеңіз болады. Өзге дүниелігін басқа туыстарына беріңіз»,- деп Кәкен ағамның кітаптарын түгел Абай ағам алып кетті»,- дейтін.

Семей облысы мен Жетісу облысының жері шектес болады. Ол елдің ортасындағы ұрлық, барымта, кісі құны, жер дауы, жесір дауы үздіксіз шиеленіп бітімсіз, тынымсыз, күнде арыз, ұлыққа шағым жүріп жатады. Сондықтан, екі облыстың басшылары екі облыс ортасынан съезд ашып билерді жинап бітім жасаспақшы болып «Көктұма» деген жерді белгілеп, болыс басы бір би, бір болыс сол съезд пәлен күнде жиылсын деп бұйрық таратады.

Семейдің жандаралы Абайға ерекше хат жазады. Сол съезге барып, қазақ ортасына тыныштық тоқтам етіңіз дейді. Болыс болып  тұрған Оспан бір пәуеске арбамен, Абай бір пәуескемен жүрмекші болады. Сол «Көктұма» съезінде болған Мүсірәлі Қожанұлы былай айтады:

«Біздің Көкеннің болысы Нүрке Шынқожа баласы Көктұмаға жүрді, мені көшіріне отырғызды, өзге елден екі күн бұрын барып, сегіз қанат, үлкен ақ үй жалдап алып тіккізеді. Күніне бір саба қымыз алып тұруға бие сауатындармен келісім жасады, бір семіз тай, үш қой сатып алып көрші ауылдарға қосып қойды.

Абай съезге бүгін келеді деп естіп көремін деп съезге келушілер жиналды. Нүрке маған: -Әй, Мүсірәлі, мен үлкен үй тігіп, қымыз бен сойысты кімге дайындап жатырмын, білесің бе?- деді. -Мен қайдан білейін,- деп едім: -Олай болса, Абайлар қазір келеді, олармен көпшілік амандасып жатқанда сен Абайдың арбасын өзіміздің үйдің жанына әкеп доғар, төсек-орындарын үйге кіргіз, мен осы съезде Абайды күтіп алуға дайындық жасағанмын,- деді.

Көппен бірге мен де Абайды күттім, екі пәуеске арба келіп тоқтады, бірінің ішінен Абай түсті, ақ бешпет, шалбар, басында ақ қалпақ, аяғында әмірқан жылтыр кебіс мәсі. Бір пәуескеден Оспан түсті. Үстінде жандаралдан сыйлыққа алған оқалы көк мауыты шекпен, басында айыр қалпақ, жиналған жұрт көріп, амандасып жатқанда бір қазақ-орыс жандарал келіп «орталарыңды ашыңдар» деп айғайлайды. Жұрт екі жарылды, келе жатқан жандаралды көріп Абай соған қарай жүрді, Оспан да ере жөнелді. Абай қалпағын алып жандаралмен амандасып, бір-екі ауыз сөзге келген соң съезге тіккен үйге беттеді. Сонда көпшілік: «Жарықтық, Абай десе Абай екен ғой, тұлғасы да зор екен»,- десіп тұрғанда бір қазақ-орыс: «Әй, ақымақ қазақтар, анау үлкен қара бос қара, барлық пәле ана кішкене қарада»,- деді. Біз Абайды танитындар күліп жібердік. Сол жиынға келген неше мың адамнан Оспанның басы асып тұрушы еді. Өзге денесі де өте жуан, сондықтан танымағандар Оспанды Абай екен деп қалды.

Мен Абай мен Оспанның арбаларын алып келіп, үйдің жанына доғартып, төсек-орнын, шабадандарын үйге кіргізіп, мал сойғызып қонақ күтуге дайындалдым. Сол съезде Абай төбе би болды. Қасына ақылшы би ғып Найман Бәйжігіт руынан шыққан Бұтабай деген адамды алды. Бұтабай орта бойлы, қызылшырайлы адам екен. Жасы Абайдан аздап үлкен болса керек. Жетісу облысына қарайтын елдің көбі – Найман, руы Садыр, Матай, Қожан деп аталады. Семей облысына қарайтын Өскемен, Зайсан ояздары да найман руы екен. Абай басқарған бұл екі облыстың съезі неше жылға лоңқа болып кеткен даулы жұмыстарды бітірді. Бұтабай Абайдың нұсқауынан басқа тартқан жоқ, Тобықты, Уақ, Керейлердің жұмысын Абай ылғи Бұтабай алдына жіберіп бітім, тынымын жасатып отырады.

Съезд тарқағанда Абай мен Нұрке бірге қайтты. Арқат бекетіне келгенде жол екі бөлінеді, Нұрке Семей жолымен жүрмекші болғанда Абай: -Нүрке мырза! Сенің қолың саудадан және ел жұмысынан босамайды, біздің үйден дәм татып, қонақ бол. Әдейі үйіңнен келмейсің,- деген соң біз Қасқабұлақ деген жердегі Абай аулына бірге келдік. Нүрекеге Абай бөлек үй тіккізеді, тай сойғызады, үш күн қонақ қылады.

Енді жүруге рұхсат сұрағанда Абай: -Нұрке мырза! Қазақтың қалған, сұраған дегені болады, не сұрайсың,- деді. Нұрке:

- Абай мырза! Мен малдан, дүниеден кенде емеспін. Жалғыз-ақ сізбен сүйек, құда болып не қыз беріп, не қыз алсам деген едім. Менің қалап сұрағаным сол,- деді. Сонда Абай: -Әй, Нұрке мырза-ай, мен сенімен қайда болудан да қашпаймын. Бірақ мен құдалықтан достықты артық көруші едім, енді құда болалық. Менің Мағауия деген ұлым бар, сенің сол шамалас қызың бар сияқты еді ғой, сол екеуін атастырайық. Онымен қабат достығымызды сақтасайық,- деді. Нұрке «мақұл» деген соң Абай Нұркеге қарғыбау деп бір түйе, бір ат, бір бесік жамбы, бір түлкі ішік берді. Маған бір жақсы шапан әкеп жапты. Қош айтысып жүріп кеттік»,- дейді.

Абаймен көршілес Көкен болысына қарайтын Уақ деген елде қандар атанған ауылда Әлімқан Төреқан баласы Абаймен дос, сырлас адам болады деп жоғарыда айтқан едік. Сол Әлімқанмен немерелес Қайырқан дегеннің Мұхаметқанафия деген баласы жасынан домбыраға, күйге, әнге әуес, үйір болып өзімен туысқан ағасы Рүстемнен домбыра үйренеді. Рүстем белгілі күйші, домбырашы екен. Мұхаметқанафия деген атты шешесі қиын көріп Мұқа деп атап кеткен. Інісі Мұқаның ән, күйге таланты бар екенін байқаған Рүстем Семейге апарып, сол күндегі гармоншы татар Жақып, скрипкашы орыс Черновтарға тапсырып олардың үйреткені үшін еңбек төлемекші болып Мұқаны қалдырып кетеді.

Сол Мұқа еліне келіп неше түрлі музыка аспаптарымен күй, ән тартып, өзі оған дауысын қосып ән салып, атағы елге жайылады. Халиолла бір демалысқа келгенде Абай шақыртып алып күй тартқызып, ән салғызып, өнерін көргендігі бұрын жазылған еді. Мұқаның немере ағасы Әлімқанның Исақан, Мұсақан деген екі баласы болады екен. Исақанның Бәтиқа деген сұлу әйелі бар екен де, Мұқа сонымен жасырын көңіл қосып жүреді екен. Исақан өліп, Бәтиқа жесір қалып оның жылы толғанда қазақшылық жолымен Бәтиқаны қайнысы Мұсақанға тигізбекші болады. Бәтиқа Мұқаға сол жәйді айтып жылап, мұң шаққан соң, Мұқа көп ойға түседі, өзінің жақыны ел ақсақалы бір ояз елге қадірі жүріп тұрған Әлімқанның келінін алып қашып кімге паналамақ, оған кім ара түспек. Сондағы тапқан жалғыз сүйеніші Абай болады. Біріншіден, Абайдың адамшылығы зор еді, екіншіден Абай Әлімқанмен дос еді, «жан қалса қара құл да қалады» деген деп, бір түнде Бәтиқаны алып қашып Мұқа Ақшоқыдағы Абай аулына келеді. Мұқа келгенде Абай үйінде жоқ, Шыңғыс жақта бір съезге кеткен екен. Ділдә мен Мағауия Мұқа мен Бәтиқаны бір жеке үйге жасырын сақтайды да, Мұқаның жәйін айтып, хат жазып Абайға кісі жібереді. Абайдан «Мұқаны әйелімен мұнда жібер» деп хабар келген соң, Мағауия өзі ертіп екеуін Абайға алып барады. Оларды Оспан аулына сақтап қойып, Абай Әлімқанға хат жазып кісі жібереді. Өзінің достығын, адамгершілігін, жолын айта келіп, екі жастың көз жасына қалмауын өтінеді. Әлімқан Абайдың хатын оқып «қой енді болмас, Мұқа барар жерін тапқан екен, менің жауыма бармай досыма барыпты, ашуымды тастадым еліне қайтсын» деп жауап қайтарады. Мұқа еліне қайтуға ұялып, Абай қолында екі жылдай тұрып қалған екен.

Осы Мұқадан Көкбай, Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Кәкітай, Турағұл, Әлмағамбет, Мұхаметжан, Өтегелді тағы бірнеше жастар домбыра, гармон, скрипка тартып музыка тілін үйреніп шығады. Абайдың қызы Күлбәдан, Ысқақтың қызы Рахималар да гармон ойнауды үйренеді. Жастар бас қосып ойын-сауық құрып, өнер-білім табуға бәсекелесіп, жарысып жаттауды әдетке айналдырған.

Абайдың ортаншы баласының аты Әбдірахман, шешелерінің еркелетіп қойған аты Әбіш, енді біз де Әбіш деп атаймыз.

Семей қаласында төрт жылдық «приходская школаны» өте жақсы оқиды деген бағамен бітіріп демалысқа үйге қайтады. Сол школдың екінші класында оқып жүрген Күлбәдан, Мағауия, Көкбай да бірге қайтады. Бұлар елге келгенде Мағауиямен құрдас Ысқақтың Кәкітай деген баласы қуанып, ойнап-күліп, бір жатып, бір тұрып жетісіп қалады. Олардың орысша сөйлескен сөздерін, оқыған кітаптарын әуес көріп тыңдап, ықылас қойып ұғып алып отыратын болады. Август айы туып оқу басталарда Әбіштер жүрмекші болғанда Кәкітай әкесі Ысқаққа: «Мен де орысша оқимын, Мағауиямен бірге оқуға жіберсеңіз екен»,- десе, Ысқақ: «Балам, мен сенің білім алам деген талабыңа қарсы емеспін. Бірақ, қаражаттық малым жоқ. Орысша оқитын бір бала айына он үш сомнан кем расход ұстамайтын көрінеді. Бір сом ақша бір қойсыз табылмайды, менің бар малым екі жүздей қой, отыз-қырық қара. Ол сенің бір-екі жылдық расходына кетеді, сонда біз немен күн көреміз?»- дейді. Кәкітай оқуға құмарланғанмен, әкесінің жағдайына қарамауға болмайды. Осы жайды естіген Мағауия Абайға келіп айтса, Абай Ысқақты шақырып алып: «Сен мына Кәкітайды орысша оқыт. Бұл ұғымтал, зерек бала, болашағы бар»,- десе Ысқақ Абайға да дәулетінің аздығын айтады.

«Олай болса сен оқыта алмайды екенсің-ғой. Енді бұл Кәкітайды мен бала ғып аламын, өзім оқытып, өзім тәрбиелеймін, бұдан былай бала менікі»,- дейді. Оған Ысқақ бір ауыз сөз айта алмайды. Себебі, Абайдың Әкімбай деген баласын Ысқақ бала ғып алып, сегіз жасында Ысқақтың қолында өлген, енді Кәкітайды бермеймін деп айта ала ма.

Абай оқып жүрген балаларын алып Семейге жүреді. Кәкітайды да тастамайды. Барған соң Әбішті Түмен қаласындағы «реальное училищеге» түсуге жібереді. Мағауияның өкпесіне суық тиіп қатты ауырып, ауруханаға түседі. Күлбәдан: «Мағауия жазылып школға барғанша мен де оқымаймын»,- деп школаға бармай қояды. Кәкітай Мағауияға тамақ апарып, күніне қал-жайын біліп тұратын болады да школға жалғыз Көкбай ғана барып оқиды.

Мағауия бір айда тәуір болады. Бірақ доктор енді оқуға жарамайды, өкпесі қарайған үйде күтім керек деген соң Абай Мағауияны қырдағы үйіне қайтарады. Мен жалғыз оқымаймын деп Күлбадан школға бармай қойған соң, оны да үйіне қайтарған Абай қасына Кәкітайды алып қалады.

Оқу мезгілінен кешігіп қалған соң Абай Кәкітайды өз қарауына алып шам жаққан соң орыстың азбукасын, есебін оқытып, үйретіп отыратын болады. Жоғарыда айтылған Абай кітапханадан үзбей кітап алып оқып отыратын деп, сол әдетімен қыстың бір күнінде Семейде Гоголь атындағы кітапханаға барып өзі оқып бітірген Толстойдың І-том кітабын қайтарып, екінші томын сұрайды. Кітапхананың іші толған оқушы орыстар екен, басында тымағы бар, аяғында саптама етігі, үстінде қара тоны бар қазақтың Толстойдың кітабын сұрап тұрғанын көргенде, отырған орыстар қайран қалады. Оның себебі: сол заманда қыр қазағында білім болады, онда Толстой сияқты орыс ғалымдарының атын білетін адам болады деген ой ешкімнің ойы түгілі түсіне кірмеген. Солардың бірі Михаэлис деген адам Семейдікі емес, патша үкіметіне дұшпан деп саналып жер аударылған халықшылардың бірі екен. Михаэлис орнынан тұрып Абайға сыпайы амандасып: «Мен сізбен әңгімелесейін деп едім»,- десе, Абай: «Жарайды, уақытыңыз болғанда менің пәтеріме келіңіз»,- деп үйінің адресін жазып береді. Михаэлис Абайдікіне келіп көп кеңес құрады, дүние жүзінде болып жатқан неше түрлі оқиғаларды хабарлайды, оқу білім жөнінде көп мағлұмат береді. Кейін Абай өз сөзінде: «Менің дүниеге көзімді ашқан Михаэлис»,- дегені мәлім.

Абай Михаэлиспен үйірлесіп алғаннан кейін оның дос жолдастары Гросс және Долгополов, тағы бірнеше орыс білімділерімен де танысады. Олар Абай аулына барып қонақтап қайтып жүреді. Соған қарап Абай осылардан ғана үйреніп дүниемен танысты деуге келмейді. Михаэлиске жолықпай тұрып Толстойдың шығармасын оқып түсінуі өзінің інісі Халиолланы он екі жыл мехнаттанып оқытқан еңбегінің нәтижесіз болмағанын аңғартса керек.

Бұрынғы қазақ «он бесте отау иесі» дейтін. Науқастығынан оқудан қалған Мағауия айттырып қойған қалыңдығы бар, соған жасырын күйеулеп баруы керек, қалыңдығын көруі керек деген құрбы-құрдастың кеу-кеулеген сөзімен Нұркенікіне бармақшы болады. Жасырын баратын күйеудің жеңгелеріне апаратын көп сый-сыйапаты болуы керек. Баласының ниетін естіп Ділдә қуанып жеңгетай дайындайды. Мағауияның қасына Кәкітай, Әлмағамбет ереді. Олар Семейге келіп жатып жеңгелеріне жасырын хабар жібереді. Нұркенің ауылы Семейдің күнбатыс жағында он екі шақырым Жалпақ деген жерде. Қалың қарағанды, жалпақ пішендік. Нүркенің аталары Қожа атанады. Айналасы жақын қыстаған жиырма шақты үй тегіс саудагер, бай. Нұркенің Аймұқамбет деген ағасы, Ораз деген інісі бар. Мағауияның жасырын қалыңдық ойнауға келгенін естіп Ораздың әйелі, Аймұқамбеттің баласы Сейілдің әйелі әбігерленіп шеттегі бір ауылдан оңаша үй дайындап Мағауияларды сонда түсіріп аттарын қораға тығып сақтап, күтіп сыйлап, Мағауияға қалыңдығын әкеп көрсетіп, оңаша үйге бір жатқызып, екі-үш күндей ойын-қызық көрсетіп қайтарады. Мағауия жасырын қалыңдық ойнап үйіне келгеннен кейін Ділдә тыным тыныштық көрмейді. «Мен қатарлы әйелдер бірнеше келін түсірді, оң жағына отау тігіп қызығын көріп отыр. Абай бір баламды оған, бір баламды бұған беріп жіберді. Әбішімді алысқа оқуға жіберді, Мағышым болса ер жетіп қалды, енді осының қызығын көрейін. Нұрке бізден көп мал дәмететін адам емес, бізге ең ауыры қол ұстату, жыртыс салу, ілу-кәделері, не де болса осы күз бізді Нүркенікіне жібер»,- деп Абайдың құлағының етін жейді.

Ақыры Абайды көндіріп, Семейге мал айдатып сатқызып, жыртыс, ілу, ұсақ кәделер деп бірталай заттар алғызады. Ағайын туғанын жинап той ғып, барлық керекті малын, жабдығын дайындап жатады. Нұркенің ауылына да бұл хабар барып жетеді. Сол Нұркенің қолында атарман-шабарман болған Мүсірәлі бұл жәйді былай баяндайды:

«Абай баласын қайындатқалы жыртыс алып дайындалып жатыр деген хабар дүңк ете түсті. Біздің Ертіс жағасында отыратын ел даңғой, сәнқой келеді. Абай баласы Нұркенікіне күйеу болып келеді-міс деген хабар жайылысымен біреу атын, біреу киімін дайындап, ел әбігер болды да кетті. Нұркенің өз ауылы да күні-түні тынымсыз дайындық жұмысын күшейтіп жатты. Сонымен мөлшерлі уақтысында күйеу-құдалардан хабар болмай кешігіп, жұрт жалығуға айналған соң Нұркенің бәйбішесі мені шақырып алып: -Сен Нұркеден өз үйіме барып қайтайын деп бес күнге рұхсат сұрап ал да, ешкімге сездірмей Абай аулына барып қайт. Бұл келеміз деген күйеу, құдаларға не болды, неге кешікті, енді қашан келеді, соның жәйін анықтай біліп кел, елге қатты қиын болды,- деді. Мен айтқанындай Нұркеге үйіме барып келейін деп рұқсат алып үйіме соқпай тура Абай аулына келдім. Оқиға мынадай болған екен: Мағауияны күйеулетіп қайтамыз деп ағайын-туған, дос-жарды шақырып той жасатыпты, жыртыс салыпты, енді пәлен күні жүреміз дегенде Мағауия «мен бармаймын, Нұркенің қызын алмаймын» деп атына мініп аулынан кетіп қалыпты.

Туысқандары, шешелері «тоқта» деп жабысса көнбепті. Ақыры өздеріне көнбейтінін білген соң Ділдә Абайға барып Мағауияның сөзін айтса Абай: «Оны мен қайтейін, зорлап әпергенмен ол жолдас бола ма. Ақыл ғып айту керек, ойланар, тоқтар, тіпті болмаса оны да көрерміз. Әзірше Нұркенікіне баруды тоқтата тұрыңдар»,- депті. Осы сөзбен басталған жұмыс тоқталып қалып енді қалай шешілерін білмей дағдарыста отыр екен. Сол хабарды біліп бес күнде оралып, Нұркенікіне келіп бәйбішесіне оңашалап айттым. Жалындап тұрған елдің жүрегі су сепкендей басылып, әркім бұрынғы өз шаруашылығына кірісті. Бұл жұмыс әсіресе Нұркенің қызына атқонақтай тиіп, өз-өзінен азып, жүдеп сүзек аурудай сарғайды, бірақ бөтен елге паш қылмай жасырын ұстады.

Сол Абай мен Нұркенің достығының ішінде бірге болған, екеуінің жауымен жау, досымен дос болып туысқан іні есебінде жүрген Белағаш елінде тұрған руы Көкше Тобықты Айтқазы Жексенайұлы деген жас жігіт болатын. Әсіресе, Абай қатты еркелетіп аса жақсы көретін. «Өркөкірек, айтқанына қайтпайтын, тілге шешен жігіт» дейтін малы мен бағы қабат өсіп, бір болыс елді түгел атағанына көндіріп, өзі бірнеше сайлаудан бері болыс болып келе жатқан талапты жастың бірі еді. Сол Айтқазы Семейге бір жұмыспен келіп одан Нұркеге ақылдасатын орайы келіп бір күні қонаға келді. Нұрке Айтқазыны құрметпен қарсы алып, үш күндей жібермей, әңгімелесіп қайтарында бір жақсы ат беріп жіберген еді. Енді содан кейін он күн шамасында Нұркенің қызы, Абайдың келіні бір түнде жоқ болды. Қайда кетіп, қайда тұрғаны мәлімсіз. Суға түсіп кетті ме десті. Ол жер, бұл жерден қарастырды, табылмады. Біреу алып қашып кетті деуге келмейді. Абай мен Нұркеге тісі батарлық кісінің орайы жоқ, оның үстіне қызбен қарым-қатынасып жүрген жігіт жоқ. Сол қалыпта бірнеше күн аң-таң болып жүргенде бір күні Семейге барып қайтқан біреу бір еміс хабар алып келді. Нұркенің қызын Айтқазы алып кетіпті-міс деген. Елдің есіне сонда барып түсті. Бәсе одан басқа кісінің қолынан келмейді ғой. Орай сонікі, шіркін-ай Абай мен Нұркенің ағалығын қалай қиды екен десіп жаттық. Енді Нұркеге білдірмеуге болмайды, мен барып нобайлап айттым. Нұрке естіген жерде қап-қара болып түтігіп кетті. Екі көзі шарасынан шығып кететіндей шатынап қатты ашуланды да маған қарап: «Атқа мін, шап, Қан мен Қожа балаларын түгел шақыр. Тез жиып кел. Мына Көкше артына қарамай құтырған екен, тәубесіне түсірейін. «Ит құтырса иесін қабады» деген, шауып алып, орнын жоғалтып күлін көке ұшырайын»,- деп долданады. Сөз қайтарғам жоқ тура шауып айтқан ауылдарына хабарлап шақырады. Сол күні кешке адам жиналады. Нұркенің ашуы әлі басылған жоқ, қырам да жоям да болды.

Нұркенің Аймұхамбет деген ағасы болатын, сол кісі келіп отырған соң інісінің сөзін естіп болды да: «Жә, тоқтай тұр. Бұл бала біздікі болғанмен бір жағы Абайдың келіні болатын. Осы болған оқиғаны айтып Абайға хат жазып жіберейік. Сол кісінің ақылымен болғаны дұрыс. Айтқазы ешқайда қашпайды. Қолдан келмейтін кісі емес»,- деді. Бұл сөзге Нұрке де тоқтады, жиылған көп те қостады. Баяғы белгілі Мүсірәлі барсын, хат жазылып берілсін деген сөз байлауы болды. Бір жарамды атты міндім де Нұркенің жазған хатын алып Абайға жөнелдім. Ара қонып барсам үйінде кешкі шәйін жаңа ішкелі отыр екен. Кіріп барып сәлем берісімен: «Е, Мүсірәлі, не жұмыспен келдің»,- деді. Мен ауызбен айтпай Нұркенің жазған хатын ұсындым. Хатты ашып оқыды да: «Мүсірәлі, мырзаң қатты ашуланған екен. «Менің балам ақымақ болды»,- дей беріпті. Нұркенің қызы ғана тентек емес, менің ұлым да тентек. Сондықтан, әлім жетеді деп әйелді айыптауға болмайды. Теңін тауыпты жолы болсын, адам басына зорлық істеу жөн емес. Мал бердім, менің жесірім деп иемдену қазақтың надан салты, жаман ғұрпы. Енді мен Нұркеге хат жазбаймын, сен сөзді дұрыс айтатын адамсың мырзаңа сәлем айт, ашуланбасын. Нұрке екеуіміздің достығымызды бағаламаған менің балам Мағауия болған, оның қорлығына шыдамаған Нұркенің қызы ғана теріс болып саналмайды. Сондықтан, екі баланың жұмысы үшін екеуіміздің достығымызды бұзбайық. Әуелі Нұрке құдалық сұрағанда өзің ішінде барсың, сонда айтқан жоқпын ба құдалықтан достықты артық бағалайық деп. Әлі де менің сөзім сол. Екінші, Айтқазыны жауға шабатын еркөкірек, ер ғып ұстаған Нұрке екеуміз болатынбыз. Қыз арызын шағып жылаған соң ерлігі ұстап кеткен шығар. Бүгін тидің деп шауып, шәншіп тастағанымыз жөн емес. Мен өзім бір ай шамасында Семейге барамын, сонда ауызша сөйлесіп, ақылдасып жұмыстармыз. Оған дейін ашуын басып тоқтай тұрсын,»- деді. Барлық жұмысты мен шешініп шәйға отырғанша шешіп бітіріп қойды.

   Ертеңіне қайтып Нұркеге келіп Абайдың сәлемін өзгертпей айттым. Нұрке ойға түсіп көп отырды да: «Құдай адамның бірімен бірінің арасын жер мен көктей алыс жаратады екен. Әншейін жүргенде біз де ақылдымыз, білімдіміз деп өзімізді-өзіміз Абайға теңбіз деп санаймыз. Егер осы Абай түскен жұмыс менің басыма келсе сол жерде не біреуді жарар едім, не өзім жарылар едім. Көлденең кісідей аспай-саспай ақылға салып, адам баласына бірдей әділдік жол ұстап отырған Абайды не деуге болады. Ал, менікі теріс екен ашуды қойдым»,- деді.

Сонымен бір ай өткен шамада бір күні Нұрке: «Мүсірәлі, сен ат жек. Абай Семейге келіпті деп естідім, барып жолығып қайтайық»,- деді. Мен атты жегіп дайындаған соң жүріп кеттік. Абай Әниярдың үйінде екен. Келіп сәлем беріп отырған соң Абай баяғы достық бетімен әңгіме айтып Нұркеден елдің, малдың жәйін сұрап кешке дейін ұзақ отырдық. Тамақ жеп болған соң Нұрке пәтеріне қайтпақ болғанда Абайға Айтқазы жәйін оған қоса қызының ақымақтығын қысқа ғана айтты. Енді Айтқазыға қандай жаза беру керек екенін сұрады. Сонда Абай: «Әй, Нұрке, сенің қызың ақымақ болса, менің ұлым одан да ақымақ. Екі ақымақ үшін біздің сөз сөйлеуіміз керек емес. Бұдан былай оларға ақыл айтып жақсы бала ғып тәрбиелеуіміз керек. Айтқазыны өзіміз адам ғып көркейтіп, енді албырттық істедің деп жазалауға болмайды. Оны кешіп, қайтадан іні, бала ғып ұстауымыз керек. Сондықтан менің тілімді алсаң, бұл жұмыс бұдан былай аяқсыз қалсын»,- деді.

Нұрке тыңдап болды да: «Абай, мен өмірімде сіздің алдыңыздан шықпаймын деген тілеуімді өзгертпеймін деп өзіме-өзім ант еткен едім. Әсіресе мына Көкшенің ызасы өтіп еді, амал бар ма, сіз айтқан сөз байлау болсын. Сіз кеш деген соң қойдым»,- деді.

Айтқазы әуелде алды-артына қарамай жастықпен қызға уәде байлап қалып алып қашып барғанмен үйіндегі әкесі, туған-туысқан жақыны ойбай салады. «Ал, құрыдық, шабылдық. Абай мен Нұрке сені тірі қоймайды. Өз көзіңді өзің жоғалттың. Нұркенің қызын үйіне апарып таста»,- деп өз үйіне өзін отырғызбайды. Айтқазыға енді ой түседі. Бір жағы әкесіндей, яки ағасындай болып көмек етіп келген Абай мен Нұркеге істеген қиянаты, онымен қабат олармен жауласу, қолдасу, қағаздасу сықылды зор жұмыстар жүргізу керек. Өзіне серік болар деген ағайын, туған болса ат-тонын ала қашып отырғаны мынау. Қалай етерін білмей сасады да Нұркенің қызын Семейге алып келіп қаланың шет жағынан адамға көрінбей бір пәтер алып Абай мен Нұрке бас қосқан сөздің байлауын тосып жатады екен. «Абай мен Нұрке бүгін бас қосады» дегенді естіп жасырын тыңшы жібереді. Ол жіберген кісісі Абай мен Нұркенің әңгімесінің ішінде болып сөздерін түгел естіген Мүсірәлі болды дегенді айтып барған соң, сол Мүсірәліні тауып ал, мен шақырды деп айт: «Не қылса да өзі бір оңаша жолығып кетсін деді, өте қажет керек болдың дерсің. Мен де тірі болсам бір керегіне жарармын деп айт»,- деп маған кісі жібереді.

Абай отырған үйден шыға келгенімде Айтқазының қасына еріп жүретін бір жігіт: «Мүсірәлі, маған мойныңды бұршы»,- деді. «Е, айта ғой»,- дегенде Айтқазының сөзін, жататын пәтерін айтты. Мен: «Жарайды, осы түнде барып жолығайын»,- дедім. Нұркені пәтеріне апарып шанадан түсірген соң: «Мен бір үйге барып ерте қайтып келейін рұхсат етсеңіз»,- дедім. «Бара ғой, ерте келерсің»,- деді. Айтқан уағдам бойынша Айтқазы жатыр деген үйге келіп кірсем Айтқазы әрлі-берлі сенделіп жүр екен. Маған сәлем берді де: «Ал, Мүсеке, естіген сөзіңнің бір ауызын өзгертпей анығын айтшы. Менің ажалым қашан жететін болды»,- деді. Мен бастан-аяқ Абай мен Нұркенің айтқан сөздерінің біреуін қалдырмай айтып болғанымда: «Япырмай, Мүсеке, осы сөзіңіз шын ба?»-деді. «Менің өтірік айтқанымды бұрын көріп пе едің?»- дегенімде: «Жоқ, нанбай тұрғаным жоқ. Бірақ бұл жұмыстың байлауы бұлай болады деп бір адам ойлаған емес. Бұл менің де күтпеген ісім. Сондықтан бұл сөз маған сен айдаласың, байланасың, шабылып шәншілесің дегеннен қатты тиді. Оғат жұмыс істеп қалғанымды артынан біліп, енді қайтерімді білмей сасып, сандалып отырғанда Абай ағамның маған істеген кешірімі, кеңшілігі ойламаған жерден кездескен жұмыс болды. Мүсеке! Көпті көрген дос адам едің мен ақылымнан шатасып отырмын. Енді мен не істеймін, ақылыңды айтшы»,- деді. Сонда: «Әй, Айтқазы, сен бақытты жігітсің. Абай сияқты кешірімді ағаң бар, енді неменеге сасасың. Жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ болмайды. Ертең өзің барып Абайға сәлем бер. Артын өзі табады»,- дедім. Сонда Айтқазы аз ойлана отырды да: «Сіздің сөзіңіз жөн. Мен қорыққанмен ұялып қашқанмен қайда барып сиямын. Абай ағама барайын. Бірақ, сіз де бірге болыңыз, менің не жағдайда болғанымды көзіңізбен көріңіз»,- деп өтініш етті. Мен: «Жарайды»,- дедім.

Одан қайтып Нұркеге келіп едім үйде отыр екен. Маған: «Мүсірәлі, сен бүгін барып Абайды қонаққа шақыр. Ертіп кел. Кеше өзімізді ашу қысып отырып Абаймен жақсы әңгімелесе алмадым, оңаша отырып сөйлесуім керек еді»,- деді. Мен атқа мініп жолшыбай Айтқазының пәтеріне соғып, Абайды шақырып бара жатқанымда білдіріп, одан Абай пәтеріне келсем, оянып шәй ішіп отыр екен. Абай:

«Мүсірәлі, мырзаң ашуын тастап, ақылына түсті ме?»- деді. «Солай болды. Бүгін сізді қонаққа шақыруға жіберді, әңгімелесе алмадым деп өкініп отыр»,- дедім. Абай күлді де: «Нұрке ер ғой, болат темір сықылды бір-ақ сынатын»,- деді. Біз солай сөйлесіп күлісіп отырғанымызда Айтқазының қасында жүретін жолдасы үйге сәлем беріп кірді де: «Абай аға, сізге сәлем берем деп Айтқазы келіп тұр»,- деді. Сонда Абай: «Айтқазы сөйлес қып кіруші ме еді, кіре берсін»,- деген соң артынан Айтқазы есіктен кіріп сәлем берді де жоғары шыға алмай есік жақтағы орындыққа отыра кетті. Абай Айтқазыға қадала қарады да: «Кел, мұнда»,- деп қаттырақ дауыспен өзіне таяу орынды нұсқады. Айтқазы сенделектеп барып нұсқаған орынға таман зорға келіп отырды. Абай енді не дер екен, не істер екен деп мен де сасып қалып едім, ондай ешнәрсе болмады. Бұрын күнде көріп жүрген кісідей Абай Айтқазыдан елдің тыныштығын, астықтың шығымын сұрап, жай әңгімелесіп кетті.

Абай Нұркенікіне барған соң Айтқазының жағдайын, оның қатты ұялып, көруге бата алмай жүргенін айтып: «Енді кешкенің рас болса, Айтқазыны алғыз. Менімен бірге болсын»,- деген соң Нұрке мені жіберіп алғызып бірнеше күн әңгімелесіп бұрынғыдай тату-тәтті өмірін сүрісіп кетісті.

Мамай руы Еламанның балалары Жамантай, Құлжабай болады. Құлжабай жуан ауыл, сойыл соғары көп. Жамантай аз, өспеген ауыл. Жамантайдың Тезекбай, Көжекбай дейтін екі баласы бар екен. Өзінің көзінің тірісінде Жамантай қыстауын, күзеуін, бірдей қылып екеуіне бөліп береді. Көжекбайға дәулет бітіп байып кетеді де Тезекбайға бір сиыр, бір аттан басқа мал бітпейді. Көжекбай байып алған соң Еламанның жуаны Құлжабайдың пысықтарымен партиялас, баталас болады. Енді Көжекбайдың өз жері малына аздық қылған соң ағасы Тезекбайға соғым беріп, ат беріп жеріне малын жайып жүреді екен. «Малдының беті жарық» дегендей Көжекбайдың абыройы Еламан ортасына, одан артып бес старшын Мамайға жүретін болады. Сол малын жайып жүрген Тезекбай жерін біржола басы бүтін алуға ойланып Еламанның атқа мінерлері Қосқан, Тұрар, Айса дегендерді Көжекбай үйіне шақырып, семіз малын сойып күтіп, Тезекбай жерінен аудара бөлік жүргізіп беруін сұрайды. Бай тапсырған соң оның жұмысын орындамаймыз дей ме «жарайды» деп уәде етіседі. Ертесіне олар Тезекбайға «келсін» деп кісі жіберіп алғызады да: «Мына Көжекбаймен екеуіңнің жерің бөлінбеген көрінеді. Біз соған бөлікке жүргелі отырмыз»,- деседі. Тезекбай: «Жоқ, олай емес, тірі күнінде әкеміз Жамантай бөліп берген. Қойған меже тасы ба»р,- дейді. Көжекбай: «Бекер айтады, бұл күнге дейін бөлік болған жоқ. Қыстауының өзі маған тиісті жерде»,- деп дауын құлаштайды. Қосқан: «Сендер ағайынды екеуің ауызбен дауласпаңдар, ара ағайынбыз орталарыңа бөлік жүргізіп берейік, бізге билетіңдер»,- дегенде Көжекбай: «Жарайды, бердім»,- десе Тезекбай: «Жоқ, мен бермеймін. Себебі, сендер ас пен атқа сатыласыңдар. Егер Көжекбайдың менде жер дауы болса Абайға жүгінейік. Барлық жерімді Көжекбайға бер десе де мойын бұрмаймын»,- дейді. Бұл сөзге Қосқан шамданып: «Тұрар, жүр, атқа мін. Біз жер бөлеміз, көнбейтін мықтыны көрерміз. Біздің билігімізді кім бұзар екен»,- деп кісі ертіп келіп Тезекбайдың қыстауының іргесінен тас қойып, көп жерін Көжекбайға қалдырады.

Тезекбай: «Мен бұған риза емеспін. Төрт баламен өзімді түгел өлтірмесеңдер, жеріме мал жайғызбаймын»,- деп айбалта, шоқпарын ұстап төрт баласын ертіп барып Жамантайдың бөлігінің үстіне отырып алады. Көп кісілер әрі-бері домбытқанмен өлмей көнбейтінін байқаған соң: «Енді бұл бізге болмас бес старшын Мамайдың басты адамдарын шақырайық, оған қоса болыс тілмәшті алғызайық. Еламан ақсақалы болып осы бөлікті бөлдік, енді соны бекітіп беріңдер дейік. Олар бір старшын Еламанды бір кедей шалға айырбастамас. Айтқанымызды істер, ақтығын саған бекіттіріп берейік. Содан кейін Тезекбайдың үні өшер. Сен біраз шығынға шыда. Түбінде мал жерсіз күн көре алмайды ғой, біржолата өз жерің болғаны жөн,- деп Көжекбайға ақыл беріседі.

Сол сөзге иланған Көжекбай бар Мамайдың атқамінерлерін болыс, тілмәшін шақырып бөлек үй дайындап ту бие, семіз қой сойып күтеді. Бұл шақырудан олар да бас тартпайды. Ақша алып, ат мініп қайтуға кім ерінеді десіп, айтқан күні Көжекбай аулына түгел жиналысады. Қосқан барлық жағдайды айтқан соң ұғынып, енді Тезекбайдың сөзін естиік деп шақыртады. Тезекбай келген соң болыс отырып:

-Әй, ақсақал, барлық Еламанның басты адамдарының билігіне неге тоқтамадың. Енді бұл жұмыстың билігін бізге бер,- дегенде:

- Жоқ, шырағым, бұл жерді әкем бөліп беріп кеткен. Қосқан, Тұрар ат пен асқа сатылып айтып отыр. Сендер сол қулардың сөзіне ересіңдер, ақшаға сатыласыңдар. Менің разылығымды сұрасаң екеумізді Абайға жібер, болмаса төрт балам мен өзімді өлтіріп алып бер. Одан басқаға мен көнбеймін,- дейді. Жиылған елдің бәрі Тезекбайға өшігеді де: «Енді не қылса да мұның жерін саған алып береміз. Әуелі бір болыс болып жер сенікі деп акты жазып береміз, оған көнбесе сол өзі қалап отырған Абайына осы отырған игі жақсы түгел барып салмақ саламыз. Жалғыз атты қуарған шалға Абай бір болыс елді айырбастамайды»,- деседі. Сол сөз бойынша жерді Көжекбай пайдасына бекітіп акты жасап беріп, біреуі ат мініп, біреулері ақша алып тарқасады.

Жиылған көпшілік өз үйлеріне қайтқан соң Көжекбай малын бөлгізіп алған жеріне малшыларынан айдатып жіберсе, Тезекбай балаларымен күтіп тұрып малын қайта қуады. Көжекбайдың екі-ақ баласы бар, біреуі жас. Қолмен төбелесуге қорқады. Малшылары тағы төбелесе алмайды. Тіпті Көжекбайдың өз жерінен қуып малға тыным бермейді. Құр қағаз малға жер болмайтын болған соң Көжекбай Қосқан мен Тұрарды қайта шақыртып алады да:

-Бұл жер алу маған бақ болмай, сор болды. Күнде жасақ жиып мал жаюға болмады. Енді бір тоқтам етіп беріңдер,- дейді. Тұрар отырып:

-Мен Абайдың Мағауия деген ең жақсы көретін баласымен таныс едім, сен малыңды аяма, сонымен дос бол. Тезекбайдың сілесін сөйтіп қатырайық,- десе Көжекбай:

-Жарайды, әуелі өзің барып сөйлес, бар жылқымның таңдамасы Буырыл деген атым бар Мағауияға соны бер,- дейді. Тұрар Мағауияға барып, бастан-аяқ қал-жәйді айта келіп Көжекбайдың Буырыл атты беретінін білдіреді. Мағауия күледі де:

-Ақсақал, әкем менің пара ал дегеніме көне ме? Бірақ, үш күнде әкеме барамын, сонда сөздің жөнін айтып қарайын,- дейді. Тұрар қайтып келгенде Мағауиядан сөзге жарамадым деуге ұялып: -Мағауия үш күнде Абайдың Жидебайдағы ауылына баратын болды. Абайды сөзге көндіретін болды,- дейді.

-Ал, олай болса құдай берді, Тезекбайға Абайға жүрсін деп кісі салайық. Сен әнеугүнгі уәделескен Мамай кісіңе хабар бер. Үш күнде түгел баратын боласың де. Осы жолдан малды аямаймын,- деп Көжекбай жан-жаққа кісі шаптырады. Тезекбайға: -Ал, Абайыңа барып жүгінейік,- деп кісі жіберсе ол: -Жарайды, мен дайын, екі сөйлемеймін. Абай алдында өлсем арманым жоқ,- деп қарайды.

Айтылмыш күні Көжекбай тілеуіндегі жиырма-отыздай адам жүреді. Тезекбай бір баласымен екеуі ғана жүреді. Бұлар Абайға келіп сәлемдесіп отырған соң Қосқан сөз бастап, Тезекбай мен Көжекбайдың жерге дауласқанын, оған Еламан ақсақалдарының бөлік жүргізгендерін, ол бөлікті барлық Мамай адамдары мен болыс, тілмәштің бекітіп акты жасағанын, Тезекбайдың көпке көнбегенін қылжыр терістігін айта келіп:

-Ақыры сіздің алдыңызға алып келдік. Біздің Мамай баласы елім, жұртым, көмегім десеңіз сол біздің бөлігімізді бекітіп беруіңізді осы отырған қауым түгел сұрап келді,- дейді. Қосқан әбден айтып болған соң Абай Тезекбайға қарап: -Сен не айтасың?- дегенде:

-Бұл екеуміздің жерімізді әкеміз Жамантай тірі күнінде бөліп беріп кеткен. Сондықтан қайтадан бөлікке мен көнбегім жоқ. Еламанның қулары Қосқан, Тұрар ас пен аттың билігін айтып жүр. Мамайдың жігіттері партияның сөзін сөйлеп жүр. Болыс пен тілмаш ақшаның айт дегенін айтады. Жарлы болдым, елден жалғыз қалдым, әділетіңе келдім, айтқан билігіңе екі етпей көнемін,- дейді.

-Көжекбай, сен не айтасың?- дегенде Көжекбай:

-Ел жидым, шығындандым, жерді бөлгізіп алдым. Бірақ ағамның тоқтамы болмады. Сіздің алдыңызға келіп отырмын. Билігіңізге разымын,- дейді. Сонда Абай:

-Олай десеңдер, Көжекбай сен мына Тезекбайға бір семіз ту бие мен екі семіз қой соғым бер. Тезекбай сен мына Көжекбайдың малын қыстай барлық жеріңе жайғыз. Әкелерің Жамантай сендерге жер бөліп жүргенде мен жолығып көрген едім, қар кетіп жер қарайғанда сол бөлікті тауып, жаңадан (омақа, меже( қойып беремін,- дейді. Тезекбай орнынан түрегеліп:

-Төрелігіңе құлдық, бір қу басым бір болыс елмен жарысып келіп едім, әділетіңе алдың. Разымын,- дегенде Көжекбай:

-Абай, сөзіңе көндім, бірақ осы жолы өзіңіз бізбен бірге жүріп қонақ болып, дәм татып, жер жұмысын тындырып қайтуыңызды сұраймын,- дейді. Сонда Абай:

-Ай, Көжекбай, сенің ат беріп айтқаныңды істететін кісің мен емес. Буырыл ала ат беретін Мағауияңа барып айт,- депті. Тезекбай жағасын ұстап:

-Бұл сайтан сізді де жағалаған екен ғой. Бүгін өлсем де арманым жоқ, теңдікке қолымды бір жеткіздіңіз. Өркенің өссін,- деп батасын беріпті.

Сол айтқанындай жер қарайып кепкен соң Абай барып Жамантайдың бұдан жиырма жыл бұрын бөлген бөлігінің омақасын дәл тауып қайтадан белгі тұрғыздырып беріпті.

Жас күнінен ақындық өнер, талант Абайда бар болғаны анық. Бірақ, адамның қолы тимей аршылмай қалса, құм-саз басып жатқан қайнар бұлақтай әр жерден көзі атқылап шығып ағып кете алмайтын шалшық болып қалады.

Алғашқы жазған өлеңдері сықақ, сайқал мазақ болып отырады. Абыралыға, Шәріпке, Күлембайға, Дүтбайға, тағы сондай көзі көріп, көкірегі сезгенін мінеп, шенеп отырған. Ләкин өлеңдерді сөз өнер екен деп санамаған. Оған бірінші себеп: қазақтың надан байларының жақсы ауылдан ақын мен бақсы болмайды деген аңызы болса, екінші, бұрынғы ақындардың өлеңді мал табу құралына жұмсап, байды, бекті мақтап айтатындарынан жиіркену болады.

Абайдың «дүниеге көзімді ашқан Михаэлис» деуі Михаэлис орыс ақындары Пушкин, Лермонтов, Крыловтардың шығармаларымен Абайды таныстырып өлеңді мал табу үшін емес, өнер, білім, адамшылық жолына халықты үгіттеуге өткір құрал екенін ұқтырады.

Абай бұрын ойламаған, білмеген жаңа дүниеге кіріп, сара жол тауып, бойындағы ақындық қасиетін осы бағытқа аударады. Бұдан былайғы жазған өлеңдерін Көкбай айтты, Масақбай айтты, Қара қатын айтты демей өз атымен жариялайды.

Абай өлеңді өзі ғана жазып, соған қанағаттанған ақын емес сонымен бірге жаңа талап, жас таланттарды жиып, соларға ұстаздық жасаған. Мысалы, ағасының баласы Шәкәрім өз балалары Ақылбай, Мағауия және тәрбиесінде болған Көкбайларға тақырып, тапсырма беріп, оны өзі сынап баға беріп, түзу жолға сілтеп отырған сыншы. Абай олардың қандай өнері барлығын, қандай жолға бейімділігін байқамай қалмайды. Шәкәрімге:

-Сен мұңды, зарлы, ескілікті әңгімені ұнатасың, сондықтан «Қалқаман Мамыр», «Еңлік-Кебекті» солардың басынан өткен қайғылы оқиғаларды жаз,- дейді. Көкбайға:

-Сен біреуді дәірптеп, мадақтап, мақтауға ынталысың, сондықтан Абылайхан, Кенесары, Наурызбайлардың істеген жорықтарын жаз,- дейді. Ақылбайға:

-Сен суретшісің елге аты әйгілі Қап (кавказ( тауын және оны мекендеген қауіп-қатерден қорықпайтын ер, черкес халқын суретте,- дейді. Мағауияға:

-Сенің аздаған білімің бар, сондықтан бай мен құлдың ортасында өмір бойы үзілмей келе жатқан теңсіздікті, адамды малдан жаман қорлаушылықтың барлығын көрсет. Сондай қорлыққа шыдамай кек алуға аттанып, ойындағысын істеп шығатын Қасым сықылды ердің еңбегін көрсет,- дейді. Міне осыларға Абай өзі басшылық ете отырып өлең, дастандар жазғызып тараттырады. Абай өзі өлеңді не үшін жазатынын былай айтады:

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ, барды ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, көңілі ойлы,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.

Өлең жазып жүрген жастарға мынадай сын қояды:

Сөз айттым Әзіретәлі айдаһарсыз,

Мұнда жоқ алтын иек, сарала қыз.

Елде кәрі жамандап өлім тілеп,

Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.

Бұл бір ауыз өлеңде үш ақынды бір-ақ түйрейді. «Әзірет Әлі айдаһарды жеңіп өлтірді»,- деп Көкбай бір хикая жазған екен. Сыбан Әріп ақын қызды мақтағанда: «Иегі алтын, көзі гауһар»,- деп жазған екен. Шәкәрім кәрілікті жамандап: «Алпыстан әрі бармаңдар, байқамай шал боп қалмаңдар»,- деп кәріліктен өлім артық деп жазған екен. Оларға:

Өлеңі бар өнерлі інім сізге,

Жалынамын мұндай сөз айтпа бізге.

Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ,

Есіл өнер қор болып кетер түзге,-

деп ақыл береді. Абай халқына мынадай жол көрсетеді:

Жұртым-ай, алақтама, жол таба алмай,

Берірек түзу жолға шық қамалмай.

Не өнер жоқ ,немесе білім де жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай,-

дейді.

Осы жоғары айтқан өнерді қалай табу керек, ғылымды қалай білу, кімнен үйрену керек, адал еңбек мал бағуды, егін салып кәсіп етуді дағдылану керек. Адамшылық жолы не болу керек деп өсиет айтып, бұдан былайғы жазған өлеңдерін соған арнайды.

 

6. Өмір соққысы

 

Құнанбай ел басқару жұмысын балаларына қалдырып, өзі тағат, ғибадат, ораза, намазға бой ұрып үйінде отырып қалды деп жоғарыда жазған едік. Енді сол кісі жетпіс бір жасқа келгенде барлық балаларын жинап алып: «Қағыбатолла, құдай үйіне - Меккеге барып тауап қып қайтайын деп едім»,- деп ақылдасады. Оған балалары қарсы болмайды. Көп мал сатып, жеткілікті қаражат жинап беріседі. Құнанбай қасына өзінің асырап алған інісі есебінде ұстаған адамы Ізғұттыны ертіп жолдан Қаракесек Байбөрі руы, бұрын Меккеге бірнеше рет барып қайтқан Өндірбай халфеге барып сол кісіні басшылыққа алып кетеді.

Абай өзі басқарып Мекке жақтың жолын, жөнін жазып беріп және ауызша ұқтырып жібереді. Ол күнде жол қатынасы өте қиын, Семейден ат-арбамен шығып Қарқаралыға соғып, одан Омбы қаласына барып поезға мініп, Қара теңізден пароходқа отырып көп михнат көріп бір айдан асқанда Мекке қаласына жетеді. Құнанбай барған уақытта қажы болуға барған қазақ аз екен. Барлық үш жүздің баласынан барушы жеті-сегіз ғана адам болады.

Бұлар барғанда бұрын барған қажылар орналасып қалғандықтан қазақтарға жататын орын табылмаған соң Құнанбай арапша білетін бір тілмәшті жалдап алып, қаланың билеуші бастығы Әмірге барып хал-жәйін айтып жатар орын сұраса Әмір:

-Сіздер нендей халықсыздар?- дейді.

-Біз - қазақ деген халықпыз,- десе, Әмір біле алмайды. -Бізге жер үстіндегі мұсылман халқы жылда келіп Қағыбатолланы тауап қып қайтады. Қазақ деген мұсылман ел бар деп бұл бірінші естігеніміз,- дейді. Құнанбай қайтып жолдастарына келгенде қатты қапаланып келеді. Мәнісін сұрағанда Әмірдің сөзін айтады:

-Жер жүзінде біздің қазақтан қор халық жоқ екен. Барлық мұсылманның ұйытқысы болған Мекке бастығы аты-жөнімізді білмеді,- дейді. Сол қазақтан барған қажылардың ішінде кіші жүз Мырқы деген адам бар екен. Сол кісі:

-Құнанбай, сен босқа налыма, қазақ елінің атын шығарамын десең кейінгі қазақ тұқымына мұра болып қаларлық бір қонақ үй салғыз, не дайын үй сатып ал. Пұл менен болсын, еңбек сенен болсын,- депті. Соған уәде байласып өзге қажылар еліне қайтқанда қазақ тәқиясы, яғни қонақ үйін салғызбақшы болып Құнанбай Мекке қаласында қалады. Оған Мырқы бір мың қаражат береді. Өзге қажылар да шамасынша көмек беріседі. Қош айтысарда Құнанбай Мырқыға:

-Мен тірі болсам, бұл жұмысты орындамай қайтпаймын. Осы қонақ үйді сіздің атыңызға жаздырамын,- десе Мырқы:

- Олай емес, мен мал бердім, сен жаныңды қиып қалдың, сондықтан малдың атына жаздырма, жан қиған өз атыңа жаздыр,- дейді.

Құнанбай Меккеде екі ай жатып жүздей адам сиярлық қонақ үй салдырып бітіріп, «Қазақ Құнанбай тәқиясы» деп жазғызып аман-есен қайтады. Құнанбай үйіне келген соң сегіз жылдай дүние жұмысына қатыспай, оңаша үйде ғибадат қып жатып, жетпіс тоғыз жасында қайтыс болады. Сүйегін Абай мен Ысқақ қыстауының ортасы Ақшоқы тауының бөктеріне жерлейді.

«Құнанбай әкесіне үш жүздің баласын шақырып ас берген. Енді Құнанбай балалары Арғын, Найман, Керей, Уақты шақырып ас берер, бұл күнде орта жүздің көптігі бұрынғы үш жүздей болып қалды ғой»,- десіп ел аңыз етіседі.

Бірақ, Абай бұл ескілік жолға түспейді. Әкесінің жетісін, қырқын қырда хатым-құранмен өткізіп, енді жылы толғанда Семейге келіп ар жақ-бер жақтағы он екі мешіттің имамдарын, халфелерін, мәзен қариларын түгел жинатып, хатым, құран оқытып, мол ғып құдайы садақасын бергізіп тарқатады. Бұл жұмысқа қыр қазақтары қанағаттанбай сырттан: «Абай мал аяды, әкесінің жолын қумады»,- деп өсектеушілер де көп болады. «Жоқ, әкесі діншіл адам еді, құдай үйін көріп келіп еді, Абай дұрыс істеді»,- десіп мадақтаушылар да көп болады.

Құнанбай тірі күнінде қолына асырап алған немересі Ақылбайға Найман Мұрын деген елдің қарадан хан болған, Қисық мырза деп атағын көкке көтерген ел бастығының баласы Жұмақанның қызы Ізқанды айттырып алып берген.

Ол Ізқан Нұрғанымның қолына келіп болып түскен. Аздан кейін бойы үйреніп алған соң Нұрғанымның жұмсағанына, басшылық еткеніне көнбей, кеудесін көтеріп: «Сендей ел ішіндегі қожаның қызының маған әмірі жүрмейді, менің кімнен туғанымды білесің бе»,- деп тайталаса бастаған. Бірақ Құнанбайдан жасқанып сыртқа шығара алмай іштей тартыста жүреді екен.

Құнанбайдың жылы өткен соң Нұрғаным екеуі сыйыса алмай жанжал бола бастаған соң Абай Ақылбайға енші беріп бөлек отау ғып шығарып, Нұрғанымды өз қарамағына алады.

Енді Нұрғанымды паналап келген Бердіқожа балалары жеке Абайдың ғана нағашысы болып саналып, Абай оларды бұрынғы отырған қыстауы Қызылшоқыдан көшіріп, бауырдағы Бөрілі, Қаражырық деген қарағанды, пішенді жерге орналастырады. Ақылбайға да соған жалғас Тышқанбұлағы деген жерден қыстау береді.

Абай Ділдәдан туған үлкен қызы Райханды семіз Найман Серікбай қажының баласы Құдайбердіге берді. Кіші қызы Күлбәданды Көкше Уандықтың баласы Дүйсекеге береді.

Әйгерім екінші ұл тауып атын Мекаил қояды. Абай бұрынғы Ділдәнің бауырында өскен Турағұлға Жігітек Бікайдың қызы Мисаны әперіп лайықты еншісімен Әйгерімнің қолына қайтарып береді. Ақылбай қыстаған Тышқанбұлағының қатарынан Аралтөбе деген жерден қыстау салып береді.

Ділдә қолындағы екі қызын ұзатып, Әйгерімді бөлек ауыл ғып шығарған соң серіксіз қалып Мағауияның мазасын алады: «Сен жетіп алғалы отырған Нұркенің қызын алмадың, енді мен қолқанатсыз қалдым. Бір қызды тез тауып қолыма келін түсір»,- дейді.

Мағауия Мәмбетей елі Қарамырза Мүсірәлінің қызы Дәмегейді көріп, ұнатып алып келеді. Ділдә қуанып той қылып, оң жағына отау үй тігіп мәз-мәйрам болады. Бірақ жаңа түскен келін Ділдәнің ойлағанындай болмайды. Дәмегей қандыкөз, өркеуде, үшкір тілді адам болады. Ділдәнің ыңғайына жүрмейді. Басында үйренер, қояр деп жүрген Ділдә өз қолынан келмейтінін көрген соң Мағауияға шығады. Бірақ Дәмегей оған да қарсы келіп тілін тартпайды. Енді не қыларын білмей дағдарып жүргенде Дәмегей бір қыз табады, атын Уәсила қояды. Ділдә Уәсиланы бір жасында емшектен шығарып, өз баурына салып Дәмегейге аздап мал беріп үй ғып шығарып, суық тұмсық етпекші болғанда Дәмегей тағы бір ұл табады. Аты Хұтайба болады. «Ұл туғанға күн туады дегендей» бұрынғыдай емес Дәмегей күш алып нығайып орнығып алады.

Оспан екі сайлау болыс болып кектескен жауларына тиісті жазасын тартқызып, қызығын көріп, мауқын басып енді жалығып орнына болыстыққа үлкен ағасы Құдайбердінің ел басқаруға жарап қалған баласы Шәкәрімді болыстыққа сайлатып үйінде отыратын болады.

Оспан жас күнінде ерке, тентек болған, ендігі өмірінде басқа жағдайға түседі. Үш қатын алса да бала болмайды. Бала көрмеген соң Абайдың немересі Ақылбайдың ортаншы ұлы Әубәкірді бала ғып бауырына салып алады.

Сауда мен малды көбейтіп, байып алған соң мырзалық жолын ұстайды. Күні-түні сойылған мал, асылған қазан, келіп-кетіп ішіп-жеп қарақұрым адам болады. Өзінің үш ағасына бөлек үй дайындап, әрбіреуіне бөлек төсек-орын сайлатып күтуші қойып қонақ қып отыруды әдетке айналдырады. Олар айына екі рет, ең болмаса бір рет келіп үлкен үй, үлкен ауылда екі-үш күн қонып жатуға міндетті болады. Егер мезгілінде келе алмай қалса Оспан кісі жіберіп алғызып айыбың деп бір жұма жатқызып қайтармай қояды.

Тәңірберді мал жиып байып кеткен. Абай мен Ысқақ мал жимаған. Қолына түскен малды қонаққа сойып, мұқтаж, кәріп кәсерге үлестіріп отыратын болған. Абайға келетін қонақ Тобықтының ұрыларында малымыз бар, жер дауы, жесір дауымыз бар деп арызын, арманын айтушы Арғын, Найман, Керей, Уақтың адамдары. Ағылып келіп, кетіп жатады.

Ысқаққа келетін қонақтар бір болыс Шыңғыс елінің Семейге барып малын, терісін, жүнін сатып, ұн-шәй, көйлек-көншек алып қайтатын керуен қалашы деп аталатын жандар. Олар жыл маусымында әрбір үй басы Семейге төрт рет қатынасып отырады. Жазғытұрым түйе жүні, қой жүні, елтірілерін сатып, керек-жарағын алады. Күз күзем жүні, киіз, семірген малын сатып, қыстай ішетін ұн, бидай шәйін алып қайтады. Қыс соғым терісі, жазғытұрым қайтарма терісімен шығады. Ысқақ күні-түні келіп, кетіп жатқан қалашыны күтетін күндіз Көтібақ Сарсақау дегенді тағайындап, түнге Қарақбай дегенді қояды. Ұйықтамай тұрып түнде келген қалашыға шәй беріп жатқызады. Жүретініне шәй беріп жөнелтіп отырады. Оспан осы екі ағасының ұстайтын көп расхотына жаз сойысына, расхотына, қыс соғымына, сауатын бие, мінетін ат, киетін киімдеріне малын аямайды. Екі кедей аштан өліп қалмасын, қонақтан ұялып қалмасын деп ылғи қамқорлық қып отырады.

Оспан он-он бес сайыпқыран жігіт сақтайды. Олардың бірі әнші, бірі домбырашы, бірі күлдіргіш, әртүрлі өнері бар адамдар. Соның біреуі жау түсіргіш батыр, кеудесі мен қолының жүні жабағының жалындай жалбырап тұратын Семіз Найман Қартбай дейтін, біреуі жауырыны жерге тимейтін палуан Керей Байқұда, Көкше Ақылбектің Омары, Мамай Нұрмағамбет, біреуі Қаракесек Мауқай деген жігіт, бір адамды көрсе айнытпай даусын, пішінін соған ұқсататын нағыз әртіс адам, енді бірі қалжың сөзге мүдірмейтін өзінің нағашысы Тонтайдың немересі Шектібай, ең асыл бұлды иығына жамылып, басына қозы терісін айналдырып жауып алатын, көрген адам күлетіндей болып жүретін өзі домбырашы, сыбызғышы Борсақ Қияспай, енді бірі шаш ал десе бас алатын пысық шабарманы Көкше Қарасақау, күні-түні ертек айтуға жалықпайтын, жанған оттан таймайтын ер, жылпос Мырзақанның Баймағамбеті. Міне, осы сықылды әрқилы өнері бар адамдарды қолына сақтап, оларға тамақ, киім, мінер ат, сояр соғым беріп өнерлерін көріп, сүйініп арқаларынан қағып, менің ұлым да осылар, қолғанатым, жауыма шабар жасауылым, еріккенде ермегім де осылар деп еліртіп, шаттандырып қояды екен.

Осындай мінезді Оспан қырық бір жасында жеті күн ауырып қайтыс болды. Артында иесіз болып мың жарым жылқы, сегіз жүз түйе, үш мыңдай қой қалады, екі ауыл болып отырған үш қатын жесір қалды. Бұл қаза Құнанбай тұқымына арысы Ырғызбай, Олжай балаларына қатты батады, «шалқып жатқан көліміз еді, жомарт, шүленіміз еді» десті. Ел болып ат қойып, ой бауырымдап жер-көкті күңірентті. Оспанның екінші әйелі Зейнеп, мұңды-зарлы үнмен жоқтап дауыс айтатын болды. Оған Еркежанның сіңлісі Бибіажар қосылады. Зейнеп арапша оқыған, хат таниды. Жоқтауды Абайға жаздырып алып айтып, елді жылатып, көпті сүйіндірді. Жаздай қаралы көш, қара шапан жамылған қатын, қыздар, қатарласып дауыс айтатын болды. Абай Оспанға да ас беріп ат шаптырған жоқ. Оспан өлгеніне жылы толғанда ағайын туғаны жиналып, құран аудартып, бата ғып тарқасты. Артынан көп кешікпей иесіз қалған көп мал, жесір қалған үш қатын туралы сөз басталады.

Қазақ жолында бірінші таңдау үлкеніне тиеді екен. Тәңірберді үлкен үй мен Оспанның үлкен әйелі - ауылдың, малдың қожасы Еркежанды аламын және Жидебайды қыстауға аламын дейді. Оған екі інісі қарсы болған жоқ, бірақ Еркежан көнбейді. Байым өлерінде: «-Сен бірталай жасқа келіп қалдың, енді менің орнымды жоғалтпа. Мына Әубәкірді қолыңа ұстап отыр,- деп өсиет айтқан. Мен сол сөзін орындаймын, ерге шықпаймын»,- деп қарысып отырып алады. Еркежанды зорлауға ешкімнің батылы бармайды. Арада жүрген ағайындар Тәңірбердіге келіп:

- Ақсақал, келінің ерге шықпаймын, Оспанның орнын жоғалтпаймын дейді. Енді не айтасыз,- дегенде Тәңірберді:

- Олай болса Зейнепті аламын,- дейді. Олар Зейнепке кеп айтса, ол:

-Қазақтың жолынан мен қайда барамын, бірақ отырған қора-жайым, қолымдағы малым өзіме тисе қайсысы аламын десе де тиемін,- деп уәдесін береді. Зейнепті малымен, қыстауымен, үй жиһазымен Тәңірберді алады.

Ендігі таңдау кезегі Абайдыкі болып, ал сіз таңдаңыз десе Абай:

-Менің екі әйелім бар, сол жетеді. Мал, жер, десеңдер Еркежанның қолында менің немерем тұр, ол үлкен үйден енші алмай құр қалмас. Менің есем сонымен толсын, мен Оспан мұрасынан ешнәрсе алмаймын,- дейді.

Енді Ысқаққа Оспанның кіші әйелі Торымбаланы береді. Оған қыстаулық жер деп бұрын Оспанның көршілері қыстап жүрген Барақ деген жерді береді. Аздаған енші деп мал әпереді.

Бұл тоқтамаға өзге ел разы болғанмен Тәңірбердінің баласы Әзімбай ырза болмайды:

-Бұл Абайдың қулығы, Еркежанның қайласы. Егер Еркежанның сөзі рас болса, қолына Абайдың бір немересін ұстағанда Тәңірбердінің де бір немересін ұстасын, болмаса ол алдағанға мен көнбеймін,- деп әлек салады.

Бұрын осылардың арасында тоқтам айтып жүрген ағайындары қайта жиналады. Әрлі-берлі ырғасқанда үлкен үйге көп малға Оспанды паналап отырған қырық-елу үй кірме көршілерге Әубәкірдің ие болатын сыйқы жоғын айтысады. Жасы онға келіп қалса да Әубәкірде әзір ақыл-сана жоқ: «Әкем өлді жетім қалдық, енді бұл ауылдың, малдың иесі мен ғой»,- дегенді ойына да алмайды. Ауыл-аймақтың балаларын жиып алып өлең айтқызу, асық ойнау, дойбы ойнау, өлең айтып домбыра тарт деп келген елдің мазасын алады. Үлкендер жағы: «Бұл үлкен үй жалғыз ғана Құнанбай балаларының үйі емес, арысы Тобықты, қала берді Олжайдың қара шаңырағы еді, бұған ие болатын адам қоймасақ болмайды. Оған орайлы кім бар»,- дескенде ойларына Кәкітай түседі. Бұл мұра туралы талас Тәңірберді мен Абайдың ортасында. Ысқақ екеуіне бірдей туысқан. Сондықтан Ысқақ баласының Оспан үйіне иелік жасағанына екеуі де қарсы болмайды. Екінші Кәкітай, шаруаға пысық, өзі адал, мына ауыр дәулет пен көп көршіге ие бола алады десіп байлау жасайды да, сол сөзді айтып Әзімбайға кісі жібереді. «Біз мына үлкен үйге Кәкітайды кіргізетін болдық. Бұған айтар дауы бар ма?»- десе, енді Әзімбай да қарсымын дей алмайды. Оның ойынша «Тәңірберді мен Ысқақ туысқан ішінде ренжіскен адамдар емес. Екінші мал мен дүниеге қызықпайтын адам бар ма, мол дәулет қолына тиген соң Кәкітай содан айрылмайтын қам істер. Сонда маған сүйенбегенде кімге сүйенеді. Менің қастасқаным Абай балалары ғой. Түбінде жаман Әубәкірді айдап тастармыз» деп есептейді де, келісім береді. Сөз осыған байлау болып Ақшоқыдағы Кәкітайды қатын-баласымен көшіріп алып келіп Жидебайдағы Оспанның мал-мүлкіне ие қып қалдырады.

Бір жылдай тыныштық болып, Кәкітай көптің көңіліндегідей басқарып тұрып жатады. Бірақ, Әзімбайға ұнамайды. Себебі, Кәкітайда ортақ туысқандық жоқ. Абай өл десе өледі, бар тілеуі, бар билігі Абайда. Өз әкесі Ысқақты да танымайды. Ал, Кәкітайды үлкен үйден қууға ешбір сылтау жоқ. Сондықтан да басқадай әдіс қолданады.

Әзімбай Ақылбаймен құрдас, қатты қалжыңдасады. Ақылбайды ылғи «жамансың, жасықсың» деп боқтап отырады. Ақылбай нанғыш, аңқау және біреудің жақсы затына қызыққыш. Соны білетін Әзімбай Ақылбайды кісі жіберіп шақырып алғызып бірнеше күн қонақ етеді. Әзімбайдың жылқының суреті, үстіне кісі жатып ұйықтағандай семіз керауыз аты бар, домбығып жаратып қойған. Ақылбай көрісімен оған қызығады:

-Уай, атың келісті екен. Мұндай жылқы жаралмас,- деп мақтайды. Әзімбай:

- Әй, аузыңды... сенің қызықпайтын нәрсең бар ма? Алып міне ғой, бір жола басымен бердім,-десе Ақылбайдың ес-ақылы кете қуанады. Өз ертоқымын салғызып, мініп, жүрісін көріп, мойынан қағып бар ынтасын атқа салады. Енді жүрмекші болғанында, Әзімбай Ақылбайды оңаша алып:

-Сен не білдің? Кәкітай мен Мағауияның шығарда жаны басқа, дос, құрбы екенін білесің бе?- дейді.

- Иә, білемін,- дейді Ақылбай.

- Олай болса мен анығын білдім, Кәкітай Еркежанді азғырып саған мына Әубәкір бала болып жарытпайды. Бұған айттырған қызын алып беріп, аздай енші беріп өз әкесінің қолына тапсыр. Өзің Мағауияны бала ғып, соның қарамағына көш, түбінде сүйенішсіз отыра алмайсың. Мен бұл үйде көп тұра алмаймын, менің әкем тиісті мұрасын алған, ендігі мал мен жер Абай ағамның мұрасы. Сондықтан Мағауия иеленуі керек,- депті. -Ал, Еркежан соны дұрыс көріп Әуәкірдің қайнына кісі жіберіп: «келінімді берсін, сүйеніш қыламын» деп сылтау айтыпты. Сен, ашық ауыз, өз сыбағаңнан өзің құр қалдың,-деген осы дейді Әзімбай.

Ақылбайдың үш ұйықтаса ойында жоқ, аяқ астынан көтерілген мына жұмыс ойласа орайы келіп тұр, және Әзімбай бұған қастық ойлайтын адам емес, сүйеніші, құрдасы, есі шығып кетіп:

- Ал, Әзімбай, мұның қисыны бар екен, енді бұған мен не істеймін,- десе, Әзімбай оған:

- Саспа, бірақ менің айтқанымды істе. Сен бүгін бізден аттанған соң үлкен ауылға барып қон. Онда Бәшейдің қатыны Зылиқа бар. Соны оңаша алып сені жарылқаймын деп өзіңе қаратып ал, ол сайтанның да тілін біледі. Еркежан байға тимеймін дегенде екі қатыны бар кәрі әмеңгелерінен қашқан, басы бос салт болса байға тимей неге қу тізесін құшақтасын, сен Ізқанды қалдыр, оның үш ұл, үш қызы бар. Әлімқұл мал-түлігі боп қалды. Сені не қылады, ол рұқсат береді. Содан соң Еркежанның қолына кірем десең қарсы сөз айтпайды. Егер әне-міне деп қипақтаса маған айт. Ол жаман Тасболаттың қызының төрт аяғына төрт қазық қағып дүре соғамын. Көктен түскен хор қызы деймісің, қазақ жолында әмеңгерлеріне тимейтін қатын болмайды. Саған міне дәулет, міне бақ. Бұдан айырылып қалсаң дүниеде тірі жүрме, алты бала тапқан Ізқанда не қызық қалды. Өмірінде бала таппаған, қыз мүсінді, еркек күтуге ыңғайлы Еркежанды ал да рахаттанып жат,- деп ақыл берді. Ақылбай бұған сүттей ұйыды.

Әзімбайдың ақылы бойынша Ақылбай үлкен ауылға келіп қона жатып Зылиқаға: «Еркежанды маған көндіріп бер»,- деп қолқа салады. Зылиқа айтса Еркежан басында: «Ой, сайтан жындысың ба, Ақылбай ондай сөз айтпайды»,- деп нанбайды. Зылиқа ант-су ішіп: «Мен бекер айтамын ба, рас»,- деген соң, нанады да қатты ашуланады. «Ол жаман, шірікті азғырып жүрген Әзімбай ғой. Маған бай керек болса өзімнің әмеңгерім бар емес пе. Оның тұрғысы менің баламдай емес пе, мұндай ұят сөзді менен басқа ешкім естімесін, сандалмай ауылдан кетсін»,- дейді. Оған Ақылбай тоқталмайды. «Ол сөзді қойсын, егер көнбейтін болса төрт аяғына төрт қазық қаққызып, кергізіп қойып дүре соғып отырып аламын. Менің қолымнан кім алар екен»,- деп қоқаңдайды.

Мұны естіген соң Еркежанның көңіліне қауіп кіреді. Әзімбай маған өштесіп жүр, мына Ақылбайды біржола қолына қондырып алып бір шатақ шығармақ екен, одан да бұған айла табайын дейді де:

- Жарайды, олай болса, мен төркініме ақылдасайын, бір жұмаға аял берсін, мен бір жаққа қашып кететін кісі емеспін ғой,- дейді. Бұған Ақылбай:

-Жөн, мен бір жұма шамасында үйіме барып Ізқаннан біржола арылып келейін, бірақ менен құтыламын деп ойламасын,- деп жүріп кетеді.

Еркежанның төркіні Мәмбетей Тасболат деген ауыл. Тобықты ортасында малы мен басы қатар өскен жуан ел. Еркежанның Ыбырай, Ысқақ деген екі ағасы бар, соларға хат жазып кісі жібереді. Олардың қолына хат тиісімен ағайындары Мотыш, Сармырза, Қарамырза басшыларына барып:

-Мына сүйектеріңді жоқтайсыңдар ма, жоқ дүре соққызып қоясыңдар ма?- десе, олардың оншақты басшы адамдары Жидебайдағы Оспан аулына келеді. Еркежан Олжайдың, Ырғызбайдың атқа мінерлерін де шақыртып алып:

- Ал, ағайын, мен байдың өсиетін күтіп отырайын деп едім, Әзімбай мен Ақылбай тиыштық бермеді. Енді мына төркіндеріммен еліме кетемін. Бұл үлкен үй жалғыз ғана қажы баласының үйі емес, көптің үйі еді. Маған малдың керегі жоқ. Төсек-орынымды ғана аламын, сіздер баталарыңызды бер,- деп жылайды. Еркежанның төркініне кеткені, көптің бас қосатын қара шаңырағының орны жоғалатыны елге қатты батады. «Бізді ағайын, туғаным десе тез келсін»,- деп Абайға кісі жібереді.

Бұл жұмыстан хабарланбаған Абай тағы бір шаруа болып қалған шығар деп Жидебайға келіп істің жағдайын естігенде қап-қара болып түтігіп, бірталайға шейін ойға түсіп отырып қалады.

-Болған іске дауа жоқ, енді маған не қыл дейсіңдер. Еркежанға басындағы үйін, малының жартысын беріп төркініне қосып жіберіңдер, одан басқа менің қолымнан келері жоқ,- дейді. Жиылған көп мұны ашу деп ұғады да Мәмбетай адамдарына сөйлеседі.

-Ағайын, бұларың қалай, ерден кетсе де елден кетпек бар ма. Еркежан бұлай отыра алмайтын болса таңдау берейік. Төрт старшын Ырғызбайдан бір адамды таңдасын,- деседі. Мәмбетай адамы Еркежанды оңаша алып, көп ырғасып келіп, аяғы Абайдың өзін таңдатады.

Екі болыс елдің адамдары бір күн, бір түн жабылып отырып Абайды еріксіз көндіріп Оспанның үйіне кіргізеді.

Кәкітайға енші беріп өзінің Ақшоқыдағы қыстауына көшіріп апарады. Сөз аяғы осымен тынады. Бірақ, артында үзілмес өкпе, кешірілмес наразылық қалады.

Абайдың Еркежанды алғанын Әбіш дұрыс көрген жоқ. Демалысқа келгенінде:

- Әке, сіз надан адам емессіз. Қазақтың ескі салтының адамшылыққа келіспейтіндерін жұртқа өсиет қып айтып жүрген адамсыз, сол салттың ең жаман әдеті көп қатын алу, әмеңгерлік жолын қуу, соны біле тұра өзіңіз қолданасыз. Үлкен қате жасадыңыз. Бірақ, өткенге өкінгеннен пайда жоқ. Енді менің тілімді алыңыз. Ақшоқыда, Аралтөбеде қатыным бар, балам бар еді деп қыдырмаңыз. Егер оларды сағынсаңыз шақыртып алып, бес-он күн қонақ қып қайтарып отырыңыз. Екінші, Семейге барып көп жатып, кітап оқып білімді адамдармен әңгімелесуді де тоқтатыңыз. Ендігі сізге оқуға керекті кітаптарды, ұғарлық сөздерді мен жеткізіп беріп тұрайын. Осы үйден қозғалмаңыз. Мені он екі жыл көп пұл шығарып михнаттанып оқытқанда осының қызығын көріп, жемісін жермін деген шығарсыз. Енді соның қызығын көріңіз,- дейді. Абай Әбіштің сөзін ыхлас қойып тыңдап, құп алады, айтқанын орындайды.

Әйгерімнің бұрын екі ұлы болған. Абай отырған үлкен ауылға жылына үш-төрт рет келіп бір жұма, он күн қонып қайтып жүргенде бір ұл тапты. Оның атын Ізкәйіл қойды, бір қыз тапты атын Кенже қойды.

Осы Абай жайында жазып отырған мен Әрхам Ысқақов Абай өзі бала ғып алған Кәкітайдың баласымын. 1885 жылы тудым, жас күнімнен Абайдың немересі қатарында болып, сол ұяда ер жеттім. Ескі арапша қырдағы молладан оқып хат таныдым. Ес білгенімнен бастап Абайдың алдында болып бұдан былайғы жағдайды өз көзіммен көріп, ішінде болдым.

Әбіш Түмен қаласындағы реальный школды төрт жыл оқып бітіріп келген соң, Абай баласының болашағы зор екенін танып, Петрбор қаласына оқуға жібереді.

Әбіш онда төрт жыл оқып офицер болып үйіне қайтады. Абай енді Әбішті үйлендірмек болады. Баласының ризалығымен сол Шығыс еліне келіп тұрып саудамен байыған татар Ысқақ дегеннің баласы Сүлейменнің Мағрифа деген қызын айттырып алып береді. Әбіш бір жаздай дем алады да Алматыға қызметке жүрмекші болғанда Мағрифаны өзімен бірге алып кетеді. Бір жылдай Алматы қаласында қызмет істеп тұрып Әбіш демалыс алып елге келгенде Мағрифа екіқабат болып қалған екен. Енді өз қолымызда босансын деп Ділдә келіні Мағрифаны алып қалып Әбіш Алматыға жалғыз кетеді.

Әбіш кеткен соң екі-үш айдан кейін Мағрифа босанып қыз табады, атын Рақила қояды.

Әбіш Абайдың ойлағанындай ақылды, білімді, кейінгі жастарға басшы боларлық жігіт болады. Әкесіне берген уағдасы бойынша оқитын кітаптарын мезгілінде жеткізіп тұрады. Ұғымға ауыр сөздердің мағынасын түсіндіріп жазып беріп отыратын болады.

Абайдың көңілі жай тауып, Оспан өлімінің жарасы ескіріп, алаңсыз өмір сүре бастағанда тағы бір ауыр соққыға душар болады.

1895 жылы октябрь айында Алматыдағы Әбіштен хат келеді.

«Мен ауру болдым. Жүріп, тұруым қиын болды. Маған Мағауияны жібер. Мағрифа келмей-ақ қойсын, жас баласы жүдеп қалар, бұл аурудан қорқыныш аз, уайым етпеңіз. Бірақ серік керек болған соң Мағауияны шақырып отырмын»,- дейді.

Мағауия қасына өз аулындағы көрші болып отырған төре тұқымы Майқан дегенді ертіп Алматыға кетеді. Абай Әбіш ауруына қатты алаң болып көп өлеңдер жазады. Үздіксіз хат жазып, хат алып отырады. Сол жылы ноябрь айында Әбіш қайтыс болып, Мағауия Әбіштің сүйегін уақытша аманат деп Алматыға жерлеп үйіне келді.

Әбіштің қайтыс болғанын естіген Тобықты елі, көрші отырған Уақ елі күндіз-түні баурымдап келіп жатты. Көздің жасы көл болды. Мағауия көп аялдамай үйге келгенде Абай:

-Әй, Мағаш, Әбіштің сүйегін біржолата қойдың ба, жоқ аманат қойдың ба?- деп сұрады. Мағауия:

-Сізден рұхсатсыз мен біржола қоя алам ба, көпке айтып, басына аманат қойылды деп тақтаға жазып кеттім,- дейді.

Қыстай Абай алты атты жемге байлатып, семіртіп қар ала тегенек болып кете бастағанда Әбіштің сүйегін алып келуге үш кісі жіберді. Оның бірі өз қолынан қойып келген Майқан төре, екіншісі, орысша тілге жүйрік, Оспан болыс болғанда жағымды би болып жандаралдан оқалы шекпен киген, түсі сары, көзі көк, мұрты едірейген, байқамаған кісі орыс деп қаларлықтай түрі бар Бөкенші Солтабайдың Ысқағы. Үшіншісі жанған оттан қайтпайтын, жаудан қорқып таймайтын, алған бетінен бұрылмайтын Жуантаяқ Байту баласы Тәнеке. Үшеуі үш атты салт мініп, үш атты жетекке алып, жол азығын бөктеріп Алматыға жөнеледі.

Алматы мен Ақшоқы ортасы отыз бес бекет. Күніне төрт бекет яғни бір жүз шақырым жер талмай жүріп отырған адам тоғыз-он күнде жетеді. Бұл жолаушылар жолдарындағы Оспанның досы Балтабек аулына барып екі күн дамылдап мініп барған үш аттарын сонда тастап, тың аттарымен Алматыға кетеді. Алматы қаласында Әбіштің бұрынғы жатқан үйі, қайтыс болған орны Құнанбайдың інісі Жақыптың қызынан туған жиені Әбдісамат деген бай адам екен. Барған Абайдың үш адамын күтіп қарсы алады.

Бұлар барған соң Әбдісамат Әбіштің сүйегін салатын табыт жасатады, оның ішіне адам бойына өлшеп, былғарыдан түймелі қап істетіп, оның ішінен жақсы ақ мақтамен кебіннің сыртын орап, былғарыға қаптап табытқа салатын етеді.

Ол күндегі жол қатынасының жылдамы почта ат-арбасы. Алматыдан Арқат бекетіне дейін ауыспайтын арба жалдайды. Бекет сайын үш аттан ауыстырып, жегіп отыратын қылып почта конторымен келісім жасасып, күн бата мазарға барып Әбіштің сүйегін қазып алып мақтаға орап былғарыға қаптап, ағаш табытқа салып алып шығады. Табыт пәуеске арбаға тұрқы сыймаған соң қиғаштап салып ашық жеріне орындық қойып, Ысқақ отыратын орын жасайды. Барлығын көңілдегідей ғып жайлап алып, түн ішінде жүріп кетеді. Әбдісамат Әбіштің сүйегін бір бекет жерге шығарып салып, Әбішке мінгізгенім деп торжорға атын беріп қош айтысады. Майқан мен Тәнеке екі атты салт мініп екі атты жетектеп Әбіштің сүйегін салған арбадан қалмай желе текіректеп отырады. Ысқақ басына айыр қалпақ киіп, оқалы шекпенін сыртынан жамылып, құдды бір орыс ұлықтары сияқтанып Әбіш сүйегінің жанында отырады.

Алматыдан ұзағанша біреу тексерер деп хауіптеніп қатты жүріп келіп, ұзаған соң жәй жүріп бір жұмада Балтабек аулына таяу бір бекетке келсе, алдарынан Балтабектің Қондықазақ деген баласы күтіп жатыр екен. Сол бекетте бір күн дамылдап Балтабектің баласы бір жолдаспен еріп бір қол адам, бір топ атпен Арқат бекетіне келеді. Абай баласының сүйегін алып келеді деген хабарды естіп, сол айналадағы Мамай жігіттері жиналып күтіп алады.

Абай аулына пәлен күні шықтық деген телеграмм келген соң бастығы Кәкітай болып он кісі пәуеске арба жегіп Арқат бекетіне кетті. Сүйек ауылға келгенде көп адам жиналды. Арбадан табытты көтеріп үйге кіргізген соң Абай Әбіштің бетін ашқызып көрмекші болды. Сонда Махмұт деген кішкене молланың баласы:

-Абай аға, өлген адамның бетін ашу күнә емес пе,- деп еді Абай:

- Әй, Махмұт, қате айтасың, мен сонау Алматыдан көп михнатпен алғызып кімнің сүйегі екенін көрмей жерлеуіме бола ма? Екінші, шариғатта жыламасын деген бар, бірақ баласының бетін әкесі көрмесін деген сөз жоқ,- деді.

Абай Әбіштің басын ашқызып өзі көріп маңдайынан иіскеді де, одан соң сендер де көріңдер, бірақ жыламаңдар деп шешелеріне, бауырларына түгел көрсетті.

Әбіштің еш жері бұзылмаған, аппақ болып ұйықтаған адамдай жатыр екен. Жалғыз-ақ оң жақтағы қасы түсіп қалыпты.

Әбіштің сүйегін атасы Құнанбайдың аяқ жағына әкеліп жерледі. Мағрифа талып қалды. Бір түн есі кірмей жатты. Абай дауыс шығарған жоқ. Бірақ екі көзінен жас парлап ағып тұрды, Әбішке жыламаған жан болмады.

Әбіштің өлімі Абайды ерте қартайтты. Елу жасында сақал-шашына ақ кірді. Ұзақ түнде ұйықтамай өлең айтып күңіреніп Әбішті жоқтап отыратын болды.

Мағрифа сарғайып төсек тартып жатып қалды. Бір жылдай шамада қайғыдан о да қайтыс болды.

1898 жылы ел жайлауға барғанда Тобықтының төрт болысын және билерін сайлауға Семейдің уездный начальнигі келді.

Бірінші сайлау Шаған болысынан басталатын болады. Оразбай Оспаннан кегін қайтара алмай қалып, арманда болып жүр еді. Абайдың өлімбасты болып үйде отырып қалған кезін пайдаланып бір әрекет етпекші болып атқа мініп Шаған болысының сайлауына барады.

Шаған елін көптен билеп келе жатқан Молдабай баласы Мұсатай Абаймен құда, әрі Құдайбердінің Шәкісінің қызын алған күйеу. Бурақан Молдабаймен бір туысады. Бурақан балалары тегіс бай, момын. Оразбай барған бетінде Бурақанның қара шаңырағы Әлімжанның үйіне түсіп әңгімелесіп отырып бұл сайлауда кімнің болыс болатынын сұрайды. Олар Мұсатай біледі ғой десе, Оразбай:

-Әй, Әлімжан, сенің Мұсатаймен туысың бір емес пе. Сендер атқа мінсеңдер жығылып қаласыңдар ма. Осы сайлауда біреуің болыс болыңдар. Мұсатай өз қолынан берер, егер бермесе саған жолдас көп. Үш старшын Қулық, үш старшын Қырғыз бен Байғазы, екі старшын Жуантаяқ менің айтқанымнан шықпайды. Құр мал жинап, Молдабай баласына құл болып отырғандарың не?- деп азғырып, аяғы Бурақан балаларынын желіктіріп, Мұсатайдың болыстығын сұратып алғызып, Итжанды болыстыққа сайлатады. Оразбай Бурақанның Омарының қызын Мекеғали деген баласына айттырып құда болып қайтады.

Оразбай Бұғылы болысына өзінің күйеуі Араб Абралы баласын болыс қояды.

Оспан мұрасынан кем қалдым деп өкпелеп жүрген Әзімбаймен бұдан екі жыл бұрын құда болып, Әзімбайдың қызы Ибадатты Оразбайдың Медеуінің баласының үлкені Мәукілге атастырған болатын. Ондағы есебі Құнанбай баласын ала ғып бірін-біріне жауластыру болған.

Әзімбай осы сайлау алдында болыстыққа іштей тартыс қылса да елі басқадан аз болатын болған соң Ақылбайды тағы шақыртып алып:

-Осы сайлауда болыстықты сұра, сен ит те бір ширап адам болсаңшы. Абай Мағауияны болыс сайламақшы деп естідім. Оның сенен жасы кіші ғой. Сенің үйің бауырда елден аулақ жатады. Одан қорықпа, кеңсең менің аулымда болсын, барлық шығының менен болсын,- дейді. Ақылбай оған келіседі. Сайлау басталарда Мағауияға барып:

-Осы сайлауда мен болыс болайын деп едім,- дейді. Мағауия барып Абайға айтса:

- Жоқ, ол болмайды, оның ақылы мәлім емес пе. Оны тағы Әзімбай азғырып отыр ғой,- десе Мағауия: -Әке, біз жақсы, жаман болса да Ақыл ағамнан құтыла аламыз ба. Жол сол кісінікі екені рас емес пе. Болыс болғанмен ол не бітіреді,- деп Абайды көндіріп Ақылбайды болыстыққа сайлатады. Ақылбай болыстыққа сайланған соң кеңсесін, тілмәшін, ат шабарын Әзімбай аулына оналастырып, өзі де сонда болады. Оразбай осымен үш болыс Тобықтының әміршілігін қолыма алдым деп санайды да енді Мұқыр болысына тағы өз кісісін болыс сайлатпақшы болып аттанып жолдағы Әзімбай аулына келеді. Бір күн жатып ақылдасып мынадай сөз байласады:

-Мұқыр болысына қарайтын ел төрт старшын Көкше, екі старшын Олжай балалары Жігітек, Бөкенші, бір старшын Оразбаймен аталас Жөкең деген ауыл болады. Бұл Мұқыр болысында Абймен дос, құда, сыйлас Көкше руы. Оларды қысымға алса Абай еріксіз қозғалады. Абай оларға ара түсем десе сылтау тауып ұрғызып жібермек. Егер оларға болыса алмаса онда өзінің де біржола елден аласталғаны болады деседі. Әзімбай аулынан аттанарда Оразбай Абайға кісі жібереді.

«Мен осы жолы барлық Көкше елін Шыңғыс тауынан айдап Ақшатауға көшірмекпін. Олардың жеріне, қыстауына өзім көшіп келіп орналсамын, аз ауыл Көкше құтырды. Дүтбай, Көкбай, Күлембай деген қулар Тобықтыны бүлдірді. Абай оларға болысамын, ара түсемін деп келмесін. Келсе аман қайтпайды. Қашан айттың демесін»,- дейді.

Оразбай сол ағындаған бетімен Мұқыр еліне барып Жөкеңнің атқа мінері Әбден Бітімбай баласының аулына барып түседі. Үш мың жылқысы бар, қонысы шалғай туысқаны Оразбай келген соң Жөкең адамдарында ес қалмай қуанысады. Мырзаның басшыларын Жігітек, Бөкенші адамдарына кісі шапқызып жинатып алып үлкен топ құрады.

Оразбайдың ұйғаруы бойынша Көкшенің ұлын ұрымға, қызын қырымға жібермек болып сөз байласады. Бұл хабарды естіген соң Көкше адамдарында құт қалмайды. Барлық жағдайды айтып хат жазып Абайды шақыртып кісі жібереді.

Абай: - Мен сөзден қалған адаммын. Егер керек етсе Мағауия мен Кәкітайды жіберейін. Көкшенің өз іші бүтін тұрса шеттен жау алмайды. Құр домбыттан қорықпасын,- деп қайтарады. Енді төрт старшын Көкше бас қосып кеңесіп:

-Бұл Оразбай осал жау емес, төрт болыс Тобықтыны өзіне қаратып алды. Түбінде Абайға ақыл қоспай болмайды. Не қылса да бізге келсін,- деп Көкбай, Нұранбай, Мағзұмбай үшеуін жібереді: «Абайға айтыңдар, бізге болысып пәлеге қатынаспасын, бірақ ақылын аямасын. Өзі ат жалын тартып мінгелі біз дос, тілеулес ел едік. Мағауия мен Кәкітай әлі жас қой, не қылса да өзі келсін»,- дейді.

Абай лажысыздан атқа мініп Көкшеге келеді. Ол хабар елге тез тарайды. Бұрын Абай Мұқырға болыс болып тұрған кезде сыйлас болған Жөкең Сұпының Уәйісі, Мырза Байбосын, Сыбанбай, тағы сондай адамдар Абайға сәлем беріп амандасамыз деп келе бастайды.

Әбең қатты сасады. Өзі иемденіп отырған Мырза, Жөкеңдер ыдырап кетіп жатыр. Болыс болам-ау деген үміт бұлдырап ұзап барады. Сондағы ойлап тапқаны жанжал-төбелес шығару болады. Оның пәлесін көтеретін Оразбай бар. Әбен жиылған көпке: -Жүріңіздер, сайлауға тіккен үйге барайық. Қара құдай келіпті ғой, оның өнерін көрейік,- деп жиналған көп қолмен атқа мініп, оязға тіккен үйге таянғанда, Көкшенің ояз үйіне жақын жерге Абайға арнап тіккен үйін көреді. Үйдің көлеңкесінде төрт-бес қана адам сөйлесіп отыр екен, солардың ортасында отырған Абайды көреді.

Әбен айғайлап: -Ал, Олжай балалары барсыңдар ма, бері келіңдер,- деп Жігітек, Бөкенші адамдарын шақырып, жиып алып: -Сендер жәй отырғанда Құнанбай балалары он жеті кісімізді Сібірге айдатты. Малымызды талауға салды. Күніміз туса көрерміз деп алқынып отырушы едіңдер, соны істеген Абай анау отыр. Қасында үш-төрт қана адамы бар. Егер шын Кеңгірбай тұқымы болсаңдар кек алатын кездерің келді. Абайды өлтірсеңдер азар болса он кісінің құнын алар, оны мына қастарыңда тұрған үш мың жылқысы бар Оразбай төлейді. Мінер ат, ішер ас, ұстар шығын ақшаларың да Оразбайдан болады. Бұл сөзім рас па мырза?- десе, Оразбай: -Рас айтады. Қолқайрат сендерден, мал мен пұл менен,- дейді.

Бұл сөзге буланған Жігітек жігіттері: «Несі бар, ұрмай, өлтірмей жібермеңдер»,- десіп, бірін-бірі кеу-кеулесіп жақындау келіп аттарынан түсіп, қолындағы қамшыларын білеп, Абай отырған үйге таман жүреді. Басында елемей, құр даурықпа ғой деп ойлаған Көкбай мен Уәйіс сасып қалып, Абайды қорғап шапандарын жауып таяққа өз арқаларын тосады. Кәкітай олардың аямайтын түрін байқаған соң оязға тіккен үйге қарай жүгіріп барып сұраусыз ояздың үстіне кіріп барып: -Тақсыр, жау қаптады, Абайды өлтірді,- дейді.

Ояз есік алдында тұрған старжниктеріне мылтық ат деп бұйрық береді. Екі стражник есік алдына шыға салып, Абайды қамап алған топ адамның басынан асыра мылтық атады. Мылтық даусынан үрейленген Жігітектердің есі шығып дүркірей қаша жөнеледі. Көкбай мен Уәйістің жонынан тиген қамшы арқаларын тіліп кетеді. Абайдың оң жақ самайын қанатып кетеді.

Ояз, үйінен шығып, Абай отырған жерге келіп: «Не болды, келген жау кім?»- деп сұраса Абай: «Мен білмеймін, ешбіреуін таныған жоқпын»,- деп жауап қайтарады.

Енді Абай атына мініп аулына қайтады. Бірақ, Кәкітай жоқ болып шығады. Оны іздестірсе, бағана атына мініп еліне қарай шауып кеткендігі анықталады.

Бұл хабарды естіген Шыңғыс елінің атқа мінуге жарайтын барлық адамы түгел жиналып ұрысқа жарайтындары сойыл-шоқпар, айбалталарын дайындап, Абайдың келгенін күтіп тұрады. Абай келген соң, біреулері жылап, біреулері білегін сыбанып: «Бұл не деген қорлық, қырамыз да жоямыз»,- десіп, жұлқынысып кеуілдесіп жатыр екен. Абай оларға ақырын: «Тоқтаңдар, жетті. Еш нәрсе бүлінген жоқ. Үйлеріңе тараңдар»,- деген соң жиналған көптің ойлаған атыс-шабысы болмай, иықтары түсіп, сүлдері кетіп ауылдарына тарайды.

Абай: «Кәкітай үйге келді ме»,- деп сұрағанда, оның ұлықтарға шағым арыз беруге Семейге кеткенін естіп, «Кәкітай қайтсын, арыз бермесін» деп хат жазып кісі шаптырады. «Тез жет»,- деп қос атпен Қарасақауды Семейге жібереді.

«Абайды ұрыпты, өлтірмек бопты» деген хабар көрші отырған Керей мен семіз Найман еліне жетеді. Керей Бегеш деген адам Абаймен көптен сыйлас, қадірлес екен. Семіз Найман Серікбай деген қажы Абайдың құдасы, сол екі тап ел бас қосып кеңесіп, орталарынан Бегешті, Самбайды, Серікбайдың баласы Құдайбердіні бас қылып, оншақты адамды Абайға жібереді. Олар Байқошқар өзенінде отырған Абай аулына келіп, сәлемдесіп, амандасып отырған соң, Бегеш:

- Абай мырза, ерге жара-түйін деген, ит-арамды, тентек құдайды танымайды. Сіз жалғыз Тобықты үшін туған ер емес едіңіз, орта жүздің арысы едіңіз. Сізге Жігітектің алаөкпелерінің қолы тиіпті деп естіп келдік. Керей, Найман екі арыстың баласы. Қазылған ор, шашылған топырағында боламыз деп келдік. Бізге не бұйырасыз. Қол күшіміз керек пе, мал мен пұл күшіміз керек пе, дайын болғалы келдік,- деді.

Абай: -Рахмет, сіздерге! Бірақ, бұл жолы мені өлтіреміз, ұрамыз деп қол жұмсаған Жігітек балалары. Менің әкемнің, аға-інімнің, өзімнің ел басқарып тұрған кезімізде Жігітектің он жеті адамы Сібірге айдалды. Өздерінің бұзықтығынан, тентектігінен болан шығар. Бірақ, біздің рақымсыз, мейрімсіздігімізден де болды. Сол он жеті адамның орайына мені ұрғаны, өлтіргені айып па? Екінші, оларды желіктіріп, көмек беруші Оразбай болды. Менің інім Оспан «мені болыс қоймадың, алдап кеттің» деп Оразбайды арбасының артына таңды. Бұл күнде Оспан өлді, енді Оразбай кегін менен алмағанда кімнен алады. Сондықтан, мен бұдан былай кек қумаймын. Неше рет Жігітектің адамын айдаттық, малын талауға салдық, жеңдік. Бірақ кек артынан кек туды. Енді осы істің артын кексіз тарқатамын деп отырмын,- деді.

Бегеш: -Оныңыз дұрыс ақыл екен. Бірақ, біз әдейі келіп бір жұмыс басқарып қайтпағанымыз жөн болмас. Егер сіз бізге билетсеңіз, орталарыңызға жүріп бітім, тыным айтар едік,- дегенде, Абай: -Жарайды, билеттім. Мен тиыштық түйген адаммын,- деді.

Бегештер Абай аулынан аттанып Жігітек ортасына барып түсті. Олар сый ағайын келген соң, құрметпен күтіп қарсы алады. Бегеш келген шаруасын айтады. Жігітек, Бөкеншінің ақсақалдары, атқа мінерлері жиналған соң Бегеш:

- Ал, Олжай балалары, сендер құдайдың берген бағын көтере алмадыңдар. Абай сықылды дана, ақылды адамдарыңды өлтіремін деп қол жұмсауларың кешірілмес күнә. Абай сендерге қадірсіз болғанмен Арғын, Найман, Керей, Уақ елінің қол артары, ақыл берер арысы еді. Біз екі арыстың баласы Абайды жоқтап келіп отырмыз. Егер бізді қомсынсаңдар Арғын мен Уақты жинайық. Сендерге жолдас болған Оразбай, Әбендеріңді шақырт. Жауап, жүгініс бере ме жоқ па?- дейді.

Жігітек адамдары: -Бізге Керей, Найман адамдары келді, ақылдасып жауап берейік,- деп Оразбай мен Әбенге кісі жібереді.

Оразбай алғаш Жігітектің жігіттері Абайға ұмтылғанда пәленің ұлғайғанын біліп, Ақшатаудан асып Керей елінің жерімен қашып жанға көрінбей, үйіне барып азық алып, бауырдағы Аршалы деген таудың бір дарасына тығылып жатқан екен.

Оразбайдың баласы Медеу, інісі Ысман, Жігітектің барған кісілеріне «біз Оразбайды көптен көргеміз жоқ, өлі ме, тірі ме білмейміз. Біз Жігітек кісілерімен жолдас болғамыз жоқ, пәлесін аулақ әкетсін» дейді. Шақырып барған адамға Әбен «Олжайдың қағындысы менен аулақ кетсін. Абайды ұрған біз емес, жауабын өздері берсін. Егер бізді партиялас едің десе, оған күйдірсе, оны кейін көреміз» деп шақырғанға бармайды.

Жігітектің екі сүйеніші теріс жауап берген соң, Бегешке келіп айтса Бегеш: -Міне адасқандарың, Есболат пен Жөкең сендерге серік бола ма. Ендігі жауапты өздерің бер, біздің билігімізге көнесіңдер ме жоқ па. Жеңген жеріңде ал дейсіңдер ме?- десе, Жігітек, Бөкенші әрлі-берлі ақылдасып келіп: «Қой, бұл болмайтын іс екен, не де болса басқа түскен іске көнейік. Енді кімге барып паналаймыз»,- деседі де, Бегеш пен Найман адамдарына: «Біз бір үлкен қателескен екенбіз. Бірінші құдайға бердік, екінші өздеріңе бердік, жалғыз-ақ бізді малмен құтқарсаңдар болғаны. Басымыз тағы айдауға түспеуіне сіздер ие бол»,- дейді.

Керей, Найман адамдары ақылдасып мынадай билік айтады:

- Сендер Абайды өлтірмекші болдыңдар, ажалы жетпеді. Сондықтан құныкер есебінде болдыңдар. Ер құны елу түйе, Абайдың құны жүз түйе. Оны біз мынадай ғып бөлдік: Жігітек баласы жиырма түйе, Бөкенші он түйе, Оразбай отыз түйе, Әбен мен оған қосылған Мырза кісілеріне қырық түйе. Біздің айтқан билігіміз осы,- дейді. Бұған Жігтек, Бөкенші адамдары «біз көндік, бірақ Оразбай мен Мырза, Жөкеңе кесілген малға бізді күйдірмеңіз, өздерінен алыңыздар десе, Бегеш оларға: «Сендер оған саспаңдар, өздеріңе түскен малды төлесеңдер болғаны. Бізге олар бір атым насыбайдай-ақ»,- дейді, сол сөз байлау болады.

Керей, Найман адамдары барлық болған жағдайды айтып: «Мал айдап қайтарлық кісі жіберіңіз»,- деп Абайға хат жазып жібереді. Абай олардың хатын оқыған соң: «Бегешке, Самбайға менен сәлем айт. Биліктеріне мен ырзамын. Бірақ, мен кісі жіберіп мал алмаймын. Билігін алған болса өздері еліне қайтып жүре берсін. Бітім, тынымын Жігітек, Бөкенші адамдары өздері табар. Оған алаң болмасын»,- дейді.

Абай сөзін естіген соң Бегеш пен Самбай Бөкенші, Жігітек адамдарына: «Біз елімізге қайтатын болдық. Өздерің кесікті малды айдап Абайдың алдына барып аяғына жығылып кешу алыңдар, егер оны орындамасаңдар бізге өкпелемеңдер. Төрт арыстан төрт жүз кісі ертіп келіп қазан-ошағыңды қиратамыз»,- деп бір жағы қорқытып, бір жағы ақыл айтып еліне қайтысады.

Олар кеткен соң Жігітек адамдары жиырма түйені тоқтыға шағып үлесіп, кісі шығарып жинатып Абайға жүрмекші болады. Сол Абай алдында келгендердің ішінде болған Жігітек Қорамжан Тайшеке болған жағдайды былай деп айтады:

-Отыздай Жігітек адамдары малды айдап Абай ауылына қарай жүрдік. Мен ағам Бұланбайдың атшысы болдым. Бөкенші ақсақалдары да өздеріне кесілген он түйенің малын айдап келіп бізге қосылды. Жиыны қырық-елудей кісі болдық. Абай ауылы Өртең деген жерде отыр екен. Ауылға жақындағанда келе жатқан кісілерге қауіп түсе бастады. «Біз Абай алдына не бетімізбен барамыз. Кешерлік іс істеген жоқпыз. Өз көзімізді өзіміз жоғалтқалы барамыз ба. Бізге кектенген жастар көп. Онан да екі үш адамнан мал айдатып жіберіп өзіміз кейін қайтайық»,- десті. Сонда Әкімқожа деген Бөкенші ақсақалы: -Ей, қауым, оларың қате. Бізді айдатамын десе, ұрамын, қырамын десе Абайдың қолы жетпей жүр ме. Үйге қашып барып тығылып не күн көреміз. Онан да барайық, басқа түскенді көрейік,- деді. Соған сөз байлап малды екі-үш адамға қалдырып өзіміз Абайға бардық. Алдымыздан үш-төрт жігіт шығып, атымызды байлап өзімізді Абай отырған үйге кіргізді. Сәлем беріп ақсақалдар жоғары шығып отырды. Маған босағадан орын тиді. Абай даусын шығарып сәлем алған жоқ, амандасқан да жоқ. Келіп отырып жатқан адамдардың бетіне тегіс қадала қарап шықты. Абай үндемеген соң келушілер де үндемей, жым-жырт отырысты. Менің шыдамсыз жынды мінезім бар еді, мына отырысқа шыдай алмадым. Сол уақыттарды жастардың «үндемес» дейтін ойындары бар болушы еді, сол есіме түсіп кетті де:

- Уай, біздің Олжайдың ақсақалдары Абайдың алдына барамыз аяғына жығыламыз, кешірім сұраймыз дегендерің қайда? Мұнда үндемес ойнауға келіп пе едіңдер?- дедім. Абай маған жалт қарады да, өзінің қасында отырған Әкімқожаға қарап:

- Әкім аға, ана Қорамжан жөн айтады. Сіздің боғауыз қосып айтатын күлдіргі сөзіңіз болушы еді ғой, соны бастасаңызшы,- деді.

Әкімқожа бір қозғалып қойып сөйлеп кетті. Абай, оған қосыла көп адам күлді. Жаңа ғана қасапқа соятын қойдай көздері бозарып, өлім күтіп отырған көп халық тойға келгендей дуылдасып, масайрап кетті.

Бізге екі үй дайындаған екен, қымыз ішкен соң екі бөлініп барып кірдік. Екі күн қонақ болып жатып, енді қайтпақшы болғанда Әкімқожа сөз бастады.

- Шырағым, Абай, біздің осы отырған Олжай балалары адастық. Азғырған тілге ердік, сенімен жауласып, барар жер, басар тау таппадық, айналып алдыңа келдік. Алсаң міне бас, алмасаң алдияр бас. Ендігі кесім де, шешім де өзіңде,- деді.

- Әкім аға, біздің Олжай балаларының алғашқы адасқаны бұл емес, талай рет адастық, жауластық, айдатып байластық. Бірақ, кек артынан кек туды. Ағайындық, татулық шыққан жоқ. Енді осы болған істің артын мен татулық, тыныштықпен тарқатпақшымын. Бұдан былай өкпе, кек тарқасын. Кешірім болсын, менің айтарым осы,- дейді. Жұрт ду ете түсті. -Құлдық, көп жаса, рахмет,- деп әркімі өз аузына түскен сөзін айтып жатты. Әкімқожа:

- Бұдан былай қастық ойлаған, жаулық бастаған Олжай тұқымын Кеңгірбай бидің әруағы атсын,- деп бата қылды. Енді атқа мінуге сыртқа шыққанда Абай үш семіз атты байлатып қойған екен. Сол топта аты болмай тайға мініп келген үш ақсақалға Абай: -Сендер мына атты мініңдер, бұдан былай ас, ат керек болса менен келіп алып тұрыңдар,- деді. Ауылдан қоштасып былай шыққанда біздің құнға деп алып келген малымызды бөлек баққызып қойған екен. Түгел алдымызға салып берді. Ер, тайымыз қалған жоқ,- дейтін.

Жігітек, Бөкенші Абайға барып татуласып, табысып қайтқанын Әбен мен Мырза адамдары естиді. Әбен:

- Ал, қауым, Олжай баласы бір бас, бір тас болыпты. Енді біз тыныш отыра аламыз ба? Өз қадірімізді өзіміз кетірмей Керей, Найманның адамдарының келісімі қырық түйенің малын үлесіп жинап алып Абай алдына барайық. Абай Жігітек, Бөкеншінің малын алмай қайтарыпты, бірақ біздің де малымызды қайтарады деуге болмайды. Біз пәле басы, найза басы елміз.

Содан бір ай шамасында ел қыстауға қонған соң Мырза Жөкең адамдары өздеріне тиісті қырық түйенің малын айдап Абай аулына келді. Солардың келе жатқанын естіп Көкше кісілері Нұранбай мен Көкбай да келді. Оның есебі стражник мылтық атқанда қорқып қашқан көп адамдардың Көкшенің Абай жатуға тіккен үйінен үстінен түсіп есіз тұрған үйден бірталай заттар алып кетіпті. Көкшелер соны төлету үшін келген екен. Абай өздерің сөйлесіп бітіңдер деп екі жағынан екі кісі шығарды. Олар он төрт басты малға келісіп сол келген малдан Көкшеден кеткен нәрсенің төлеуін алып қалды. Өзге қалған малын Абай өздеріне қайтарды.

«Соғым сояр кезде Оразбай баласы Медеуді Абайға жіберіп кешірім сұратты, олардың айдап келген малы болған жоқ. Бір мың сом ақша әкеліпті» деген аңыз болды анығын білген адам жоқ. Үш күн қонақ болып жатып Медеу үйіне қайтты.

Бұл Абай таяқ жеді деген жанжал осылай аяқталды. Бірақ, бұған Құнанбай тұқымдары айызы қанып, көңілі тұрақтаған жоқ. Абайдың өзі ауыр жүгінен жеңілгендей бойы сергіп, дән ырза болды.

 

7. Соңғы сапар

 

Кавказ тауын мекен еткен шеркес деген елдің үш адамы Абайды сыртынан естіп іздеп келеді. Бұл жүрісінде бір жағдаймен елінен қашып шығып, қалалы жермен жүре алмай қазақ елінің арасымен Алматы, Тәшкент жаққа өтпекші екен және жол қаражаты да жетімсіз болуы керек.

Абай бөлек үй тіккізіп беріп үш айдай қонақ етіп, астыларына мінуге үш ат беріп, бірталай ақша жиып беріп аттандырады. Әуелде Абай тілдеріне түсінбесе де аздан кейін ұғысып, көп әңгімелесіп, талай нәрселерді сұрап біледі. Абай бір сөздің ретінде «сіздің шеркес елінің белдікке, қанжарға және сондай заттарға күмісті қақтап оған кетпейтін қара бояумен өрнек жүргізіп істеуі өте ұнамды. Біздің қазақ қара темірге күмістен өрнек салады, ол ұнамсыз келеді» десе, сол үш шеркестің біреуі «мен күміске қара бояу жүргізе білуші едім, егер ұғарлық адамыңыз болса үйретейін» дейді. Абай Әнет Сағындық деген ұстаны шақыртып алып үйретуге тапсырады. Бір жұма шамасында Сағындық үйреніп шығады. Абай қандай жұмысты болса да өзінің ой елегінен өткізбей қолдана салмайды. Кавказ елінің қараласы ұнаса да өрнегі ұнамайды. Қазақтың жіңішке қошқар мүйіз өрнегімен Сағындыққа белдік, кісе істетіп өзі буынып, қыздарына, келіндеріне білезік, сырға, жүзік істетіп қарала жүргізеді. Одан Көкше Әзіке деген ұстаға, Қарабатыр Баймұрын, Көтібақ Сүлеймен деген шеберлерге үйреттіреді.

Абай Қарқаралыға барып жүргенде Еркін деген ершінің ерін көріп ұнатып, бір ер сатып әкеледі екен. Өз еліндегі Жігітек Өтеп деген ершіні шақырып алып: «Сен ерді осындай ғып қос, бұрынғы атқа ауыр, алдыңғы қасы биік, адамға жайсыз үлгіні таста. Бірақ Қарқаралы елі ерді желдік салып мінеді екен, ол артық зат. Сондықтан желдік салмағанда да ат арқасына батпайтын болсын»,- деп өзі қатынаса отырып әрі жеңіл, әрі сұлу, әрі адамға жайлы ат арқасына тимейтін ер жасатып шығарып кейінгі жас ершілерге үлгі қалдырады.

Тобықты елінің бұрынғы етікшілері етікті түріп, ұлтарып, қонышы мен алқымын бірдей ғып тігеді екен. Абай Мұса, Балықбай деген шебер етікшілерге орыстың шегемен орнататын сыпайы жеңіл етігінің формасын көрсетіп киіз байпақпен киетін етікті де жеңіл, ұнамды ғып істетіп, оларға Әлмағамбет, Оразалы, Дүйсембі деген жастарды үйреттіріп шығарады.

Бұлардан басқа да Абайдың көп көңіл бөлгені қазақтың ұлт ойындары: тоғыз құмалақ, дойбы, қазақ арасына жаңа тарап келе жатқан шахмат ойыны. Бұл ойындарға шебер адамдар мыналар болды: тоғыз құмалақ ойынына жүйрік Құду, Көрпебай, дойбы ойнына жүйрік Мамай Смағұл, шахмат ойнын таратып жүрген Семейлік Сүлеймен дегендер. Осыларды жинап алып өз баласы Ақылбай, Кәкітайға Ғабитқан молланың баласы Ғабидоллаға, Ысқақбайдың баласы Мұсабай, Қарабатыр Өтегелді, тағы бірнеше жастарды үйретті.

Тобықты ортасында Абайдан бұрын арапша оқытатын мектеп болмаған, орыс школы да болған жоқ. Орысша оқи білетін, сөйлей білетін адамдар да жоқ болды. Абай орысшаны өзі оқып үйренумен қатар інілерін үйретті. Орысша сөйлеп, оқып, жаза білетұғын мынадай адамдар болды. Абайдың өз інісі Ысқақ, Оспан, Шәкәрім, Кәкітай, баласы Турағұл, Мекаил, көршілері Хабидолла, Сүлеймен, Махмет, Мүрсейіт, Солтанбайдың Ысқағы, Ырсайдың Ысқағы. Осы айтылған адамдар өмір бойы орыс школының бетін ашып көрмеген, Абайдың ғана алдында болып тәлім-тәрбие алғандар.

Мағауия, Көкбай, Әнияр сықылды бірнеше жігіттер екі-үш жыл орыс школында оқып ұғып кетуіне Абайдың көмегі көп болған. Осы жоғарыда аты аталған адамдардың талабы зорлары көп қарастыруының арқасында орыс ақындарының, жазушы-ларының бірнеше еңбегін қазақ тілінде аударған. Мысалы, Шәкәрім Пушкиннің қара сөзбен жазған Дубровскийін қазақ тіліне өлеңмен поэма ғып жазып, бастырып шығарды. Турағұл Максим Горькийдің «Челкаш», тағы бір орыс жазушысының кітабын «Мен өмірге жерікпін» деген атпен қазақ тіліне аударды. Ұмытпасам, орысшасы «Я хочу жить» деген болу керек.

Кәкітай бай, оқыған орыс ғалымдарының неше алуан шығармаларын оқып, ұғып отыратын дәрежеге жеткен.

Абайдың мінезіндегі бір өзгешелік сәлем беріп кіріп жатқан адамдардың бетіне қадала қарап шығады. Ассалаумағалейкум деп айтпайды. Олар отырысымен неге келгенін, не жұмысы бар екенін сұрайды. Оған дұрыс жауап қайтарған кісі болса, яки бір қажетті іспен келгенін айтса жұмысын қолма-қол бітіріп, көңіл тындырып болады да, «ал ана оңаша үйге бар тамақ іш» дейді.

Егер кібіртіктеп сізге сәлем бергелі келіп едім десе: «Бар тамақ іш»,- деп, қонақ үйге жібереді. Қанша көп жатса да, оны қумайды, бірақ енді қайта келіп, сізде шаруам бар еді дегенде, қолын бір-ақ сілтейді, сөзін тыңдамайды.

Екінші бір мінезі: бір адам сөз сөйлесе, бар ынтасын қоя тыңдайды. Ол сөйлеп болғанша бір ауыз сөз қоспайды. Егер сөзі дәмді болса оған сұрақ қойып, әңгімелеседі, дәмсіз болса, «болды, тоқтат» деп қайырып тастайды. Еш адамды жақындығына, байлығына, абырой атағына қарай бағаламайды. Айтқан сөз, еткен ісіне қарай оған тиісті сыбағалы бағасын береді. Ол адам кедей, нашар деп кемітпейді. Осыған бірнеше мысал келтіре кетпейік.

Абай ауылы жонға шығып Барлыбай өзеніне қонып еді, ол жерде отын аз болады. Таудан барып ағаш кесіп алып келіп жағады. Оспанның үйінде көптен бері тұрып келген Шәукімбай деген Әнет бар еді, ақылы кемтар, жарымес адам еді. Көрпе-төсек берсең жатпайды, өзі кең ғып жерошақ қазып, күні бойы қазан астында от жағып тамақ пісіріп отырады. Түнде жерошақтың күлін алып тастап түйенің жабуына оранып сонда ұйықтайды.

Түс кезінде Абай үйінде көп адам отыр еді, сол үйдің аспазшысы Көтібай дегеннің әйелі есіктен кіріп келіп, сақылдап күледі. Абай жалт қарап: -Қара қатын, не болды, неменеге күлдің?- дегенде, қарақатын: -Ана Шәукімбай жындының сөзіне күлдім,- деді.

Абай аулы Байқошқар өзеніне келіп қонғанда Қиясбай деген келеді. Ел оны жарым ақыл, әумесер десетін. Абайға таяу келіп отырады да алдында жатқан кітап пен қағазға тесіле қарады. Абай:

-Қиясбай, сен хат білесің бе?- дегенде, Қияспай:

- Мен сіздерше хат білмеймін, өзімше хат білемін,- деді.

- Ал, өзіңше жаза ғой,- деп Абай қарындаш пен қағазын берді. Қияспай қарындашты үшінен ұстап қағаздың бетіне ирек-ирек сызық салды да: -Болдым,- деді. Абай: -Бұл жазу емес қой,- деп еді, Қияспай: -Бұл жазу, ана қотанның ортасында жүріп бара жатып сиген тарғыл бұқаң емес пе. Мен соны жазып отырмын,- деді. Үй толған жұрт ду күлді. «Міне ақымақ, сызық бұқа бола ма» десті. Сонда Абай: -Қиясбайдың сөзі дұрыс, адам баласы әуелде жазуды, оқуды білмеген заманда айтайын деген сөзін, яки затының суретін салады екен. Мына сызық та жүріп бара жатып сиген бұқаға ұқсайды,- деді.

Абай біреу өзінің мінін айтса, кемшілігін көрсетсе, мойындап, ол қатені түзеуге бет бұрады. Мысалы, Әнет Өрімбек дегеннің қатыны жаяу бәйгеге қосылып жарысқан қатындардан озып келсе қолынан жетектеп алып үйіне апарып кіргізіп, есігін сыртынан басып отырып алыпты. Озған бәйгесін әкеп берген жігітті боқтап қуып жіберіпті. Отырған ақсақалдар Өрімбекті шақырып алып: «Бұның не?»- деп сұраса, Өрімбек:

- Менің әйелім жүйрік, тұлға-сүйегі келісімді. Бәйгеден келіпті дегенді Абай мен Оспан естісе: «көреміз алып келсін»,- дейді. Оған апармауға болмайды. Егер оларға ұнаса: «Біз саған басқа әйел әперейік»,- дейді. Бермеймін деуге тағы болмайды. Оны өздері тағы пайдаланбайды, біреу көріп мақтаса: «Сен ала ғой» деп беріп жібереді,- депті. Сол сөзді біреуден-біреу естіп Абайға келіп айтса аз ойланып отырып:

-Мына Өрімбек бізге шын дос екен. Біз асқан екенбіз. Жүйрік ат пен қыран құс бізде ғана болу керек деп өзге жұрттан сұрап алып, оны тағы біреуге беріп жіберу біздің әдетіміз болған ғой. Мен мойындадым. Бұдан былай елдің жүйрігін, сұлуын, қыранын алмаймын, біреуге әпермеймін. Оспанға барып айтыңдар, о да мұнан былай бұндай істен тиылсын,- депті.

Жасы елуден асқаннан кейінгі Абайдың тұрмысындағы әдет: ерте сағат сегіз-тоғызда оянады. Түзге барып жуынып келгенде сүйекті кереуеттің алдынан қалың көрпе, қалың постел төсеп бас жағына үлкен жастық қойған орынға келіп отырады. Бар киген киімі көйлек-штан, басына қазақша сырып тіккен тақия. Егер үй салқын болса, арқасына жеңіл шапан жамылады. Басқадай киім кимейді. Алдына дөңгелек стол қойып ертеңгі шайды соған жасаттырады. Абайдың шәй ішетін ыдысы стакан, шәйдің ішіне қант салып шайқап суытып екі стакан ғана шәй ішеді. Үш-төрт бауырсақ, тоңазытып туралған екі-үш жапырақтай ет жейді. Шәйді жинап алысымен столға таза дастарқан жайғызып Абайдың өзі оқып отыратын кітабы, ақ қағазы, қарындаш қойылады. Олармен қатар беті ашық сырты шойын қара сағаты, ұсақ жазған әріптерді ірі көрсететін томпақ шыны. Насыбай салған мүйіз қара шақша тұрады. Бірақ, оларды көп қолданбайды, керек бола қалғанда бетін ашып қарап қояды. Абай шәй ішіп болған кезде шаруасы бар адамдар сәлем беріп кіріп жатады. Ондай адамдар болмаған жағдайда ауыл адамдары, көршілері, балалары, келіндері кіреді. Абай келгендерімен әңгімелесіп қал-жайын сұрасып басты шаруа болмағанда жәй қалжың, әзіл сөздер айтып құрбы, замандас адамдай күліп дуылдасып отырады. Түскі сағат он екі болғанда отырған адамдардың бәрін шығарып жіберіп, шымылдықты түсіртіп сол отырған орнына жатып бір сағат ұйықтап тұрады.

Содан кейін бір стакан қымыз, яки айран ішеді. Сағат екі шамасында ет келеді. Бір столға сыйғандай адам отырып ет жейді. Абай аса көп жемейді, орташа ғана жеп тоқтайды. Түстен кейін жұмыспен келушілер тарағанда қоналқаға қалғандар қонақ үйге барып орналасады, жаз күндерінде Абай көлеңкеге сырмақ, кілем төсетіп үйден шығып отырады. Күндегі әдеті бойынша мал баққандар бие сауғандар, үй шаруасын істейтін әйел, еркек қыз-келіншек, бозбалалар Абайдың айналасына келе бастайды. Абай олардың аздаған болса білетұғын өнерлерін байқап ап тапсырма береді. Біреуіне өлең айт дейді, біреуіне ән сал, біреуіне күй тарт деп домбыра беріп, кейбіріне тақпақ жаңылтпаш, кейбіреуіне күлдіргі әзіл, қалжың айттырады. Қысқасы, әр адамның шама-шарқына қарай бойындағы талантын, қасиетін ортаға салғызады. Өзі де солармен бірге қызықтасып күліп рақаттанып отырады. Олардың жаңылғаны, қателескені болса айтып түзеп береді.

Шам жаға үйге кіріп, шәй ішіп болған соң үйдегілерді шығарып жіберіп, оңаша қалдырып кітап оқуға кіріседі. Анда-санда қағазға жазып қойып отырады. Содан түндегі ет піскенде 4-5 жапырақтай ет жеп, бір тостағандай сорпа ішеді.

Абайдың өзі жататын орны кереуеттің алды, бәйбішесі бөлек биік кереуетке жатады. Алдына стол қойып үстіне балауыз шам, сіріңке қойылады. Кей уақыттарда бізді де өз үйіне төсек салғызып беріп төрдің алдына жатқызады. Сондағы көргеніміз: Абай кей түнде ұйықтамайды, шамды сөндіріп төсекке жатып қалады да бір сағаттай уақытта шамды қайта жағып кітап оқып отырады, не қағаз жазып отырады. Аздан кейін шамды өшіріп жатып қалады, аздан кейін тағы шам жағып кітап оқып отырады.

Абай күндіз оқуға, жазуға көп көңіл бөлмейді. Кейбір кезі келіп қалғанда бір-екі бет өлең, яки қарасөз жазып тастайды. Көбінесе кітап оқуды, жазуды шам жаққаннан кейін ғана қарайтын әдеті болуы керек.

1903 жылы жазғытұрым Кәкітай өзінің бір жұмысымен Семейге кеткен еді, жер қарайып кепкен соң қорадан аулақ киіз үй тігіп, соған үй ішін шығарып жатқан мезгіл түс кезінде Семейден Кәкітайға еріп кеткен атшы Көтібақ Бегдәлі деген ауылға шауып келді. Жұрт үрпиісіп: -Неге шаптың?- дегенде, Бегдалы: -Ойбай, Семейден тергеуші шықты. Абайдың ауылын, үйін тінткелі келеді. Соған хабар айт деп Кәкітай жіберді,- деп ентігіп аттан түсті. -Қашан келеді, қай жерде келеді?- деп сұрағанда орыстар жолдағы ауылға ат жегіп жатқанда мен шауып өтіп кеттім, ендігі Қашқынбай аулына келген шығар,- деген соң ауыл кісілері қатты састы, біздің ауылдан екі шақырымдай жерде Мағауияның аулы бар еді, қойшының аты мен бір кісіні сонда хабар бер деп жібереді. Ол тез барып қайтып келді. Мағауия үйінде екен Жидебайдағы Абай аулына қос атпен Майқанды жібереді. Біздің ауылды да тінтер деп Мағауия дайындалып жатыр деді. Сонан бір сағаттай шамасында үштен ат жеккен екі арба орыс біздің ауылдың жанындағы жолмен шапқылатып өтіп Жидебайға қарай кетті. Мағауияның аулына бұрылған жоқ. Сол күні түнде Жидебайдағы Абай аулынан хабар келді. Абай киіз үй тіккізіп қорадан шыққан екен, барған тергеуші: «Сіздің үйіңізді тінтуге келдік, рұхсат етіңіз»,- депті. Абай: «Рұқсат, тінт»,- деген соң олар барлық абдыра, сандықты ашқызып қарапты. Төсек арасын, жүк арасын, қарамаған жері жоқ. Бірақ, ешнәрсе таба алмапты. Әбден шаршап бастық төренің өзі Абайдың жанына келіп отырғанда орындық әкеп қойып Абай: -Тінтіп болдыңыз ба?- дегенде, төре: -Қарап болдым, еш нәрсе таппадым,- депті. Сонда Абай: -Сіздің іздеп келгеніңіз мына хат болар,- деп кемзалының төс қалтасынан бір қағаз алып берді. Төре қарап: -Осы еді,- деп күліпті. Сонымен, Абаймен көп сөйлесіп тамақ ішіп, қонақ болып қалды деп келді. Артынан естуімізше тергеушінің аты «Куприянов» деген екен. Абайға бір адамның патша өкіметін жамандап жазған хаты келді деп шағым еткен соң келгені осы. Сол хатын алып Абайдан жөнін сұрап, ұғынып қайтты. Арты тыныш болды.

Мағауия оқып жүргенде соқпа зертең болып, өкпесі қарайып оқуға жарамсыз болып қалғаны жоғарыда жазылған еді. Сол аурудан болуы керек. Жұқа өңді, нәзік болып ер жетті. Басында әкесі айттырған Нүркенің қызын жаратпай алмай кетіп, өзі көріп жүріп алған Мүсірәлінің қызы Дәмегеймен де ұнасымды өмір сүре алмады. Бірнеше жылдар шыдап түзетпекші болғанмен ешбір нәтиже шықпады. Дәмегей бір қыз, үш ұл тапты. Қызы Уәсиләні Ділдә бәйбіше бауырына салып, үлкен ұлы Құтайбаны Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным Ақылбайдан бөлінген соң Мағауияның қолына келіп тұрған еді, сол кісі бала ғып алып баурына салды. Екінші ұлы Бабырды Абай өз қолына алып Еркежанның бауырына салып берді. Ендігі Дәмегейдің қолында қалған Жағыпар деген ұлы ғана болды. Енесі Ділдәні, күйеуі Мағауияны сыйлап, күтуді қойып қарсылық жасай берген соң Мағауия Дәмегөйге енші беріп, Тесіпшыққан деген жерден бөлек қыстау салғызып, көрші қосып бөлек ауыл ғып шығарды.

Дәмегөйді орналастырған соң Мағауия Түкі-Сыбан деген елден Қамбар деген адамның Мөржан деген қызын әйелдікке алды. Мөржан келген соң Мағауияның үйіне, аулына өзгеше көрік кірді. Ердің атын қатын шығарады деген емес пе. Жат та, жақын да Мағауияға үйіріле бастады. Бұрын Абайды босатпайтын көрші елдің адамдары енді Мағауияға ауысты. Той қылған ауылдай күндіз-түні жиын, ішкен тамақ, тартқан күй, салған ән, думан-сауық сол Мағауия аулында болды. Мағауия өте сыпайы, қыз мінезді жігіт еді. Білімді адам келсе оқыған, тағылым көрген адамдай өзіне лайықты сөз, келісімді кеңес құрады. Халық ортасының ел ағасы, ақсақалы, басшысы келсе көпті көрген көне адамның сөзін сөйлеп, құрметін істеп ырза ғып аттандырады. Партия басы қулық сауғандарға кездессе ақыл айтып, тоқтам салып, ескіліктің жарамсыз істерінен бой тартудың керектігін түсіндіріп отырады. Замандас, құрбы-құрдастарымен ойнап-күліп жастықтың жалынды қызығын көреді.

Мағауия аз өмірін ұзартқан халқынан мақтау мен алғыс алған жігіт болды. Қошеметшілер «тусаң Мағауиядай ту, Абайдан да артық туды» десті.

Оспанның өлімі, оның артында қалған үзілмес дауы, өзінің бір анадан туған оқымысты, блімді, сүйеніш көрген ағасы Әбіштің қайтыс болуы Мағауияға қатты батты. Зор қайғы өкпедегі жабысқан ауруы ұлғайып, жөтелге айналды. Онымен қабат өзі сүйген жары абырой, атағын көтерген көмекшісі Мөржан өкпе ауруы болып жатып алды. Сондай жағдаймен бір жылдан кейін 1904 жылы январь айында Мөржан қайтыс болды. Одан туған бір қыз қалды, атын Кәмила қойды. Бұрын аяқ үшімен жүріп, жүдеп арықтаған Мағауия төсек тартып жатып қалды. Содан бас көтере алмай ескіше майдың он төрті күні жұрт мақтаған Мағауия отыз төрт жасында қайтыс болды.

Абай үш айдан бері Мағауияның жанында болып қайғыдан қажып қалған еді. Жұрт Мағауияға шын жылады. Досы да, қасы да кінә тақпады. Абайға өз білгенінше көңіл айтпаған адам қалмады. Соның ішінде Жігітек Байдалының баласы Тәстенбек деген келіп: «Ай, Абай, Мағауия Мағауия-ақ еді: бірақ сен Абай едің ғой»,- дегенде, Абай Тәстенбектің бетіне қарап аз тұрып:

- Япырмай, жұрт артын берсін, қайрын берсін деуші еді. Мына Тәстенбектің айтқан көңілі дұрыс, тоқтау боларлық сөз болды-ау,- деді.

Сол жылы жонға жайлауға Абайға, Ысқаққа қараған жиырма шақты ауыл түгел көшіп шықты. Жаздай батаоқыр болып, Абай аулы жиыннан босамады. Балашақпақ өзеніне барып қонып Мағауияның қырқын өткізуге дайындық жасады. Тобықтымен көрші Керей, семіз Найман елдеріне де хабар берілді. Мағауияның жабдығын Кәкітай мен Турағұл басқарады. Абай мені қойыңдар деп кіріспеді. Көп адам жиналып қырқын, қатымын беріп тарқаған күні кешке Абай ауырып шықты. Төсектің үстінде басын көтеріп отырып алды. Тамақ ішпеді, жатып ұйықтамады. Өзі сөйлемеді, біреу жағдайын сұраса басын шайқады. Мұндай ауруды бұрын көрмеген ел аң-таң болды, не шара істерін блмеді.

Абайдың осындай ауруға ұшырағанын естіп өзінің бір туған ағасы Тәңірберді келді. Ол есіктен кіре аңырап жылап келді. «Бір анадан төртеу туып едік, екі ініден айырылып едім, енді мен сенің де артыңда қалатын болдым ба»,- деп еңіреді. Абай ағасының бетіне қарап отырып: «Ез күнде өледі, ер бір-ақ өледі»,- деді.

Басқа сөз айтқан жоқ. Тілі сөйлеуге келмейді деп қойған ел Абайдың әдейі сөйлемейтінін сонда ғана білді. Абай үш күн сол қалыппен басын көтеріп жатпай отырып ескіше жиырма үшінші июнь күні елу тоғыз жасында дүниеден қайтты. Намазына жеті болыс ел шақырылды. Көп адам жиналды.

Абайдың сүйегін әуелдегі өз қыстауы Ақшоқының бауырындағы Құнанбай зиратына апарып қоймақшы болып, пәуеске арбаға салып, жүздей адам жүріп кеткен еді. Шыңғыс тауының асуынан асқан кезде Абай сүйегінің жанында отырған Кішкене молла елді тоқтатып:

-Бұл сүйекті Ақшоқыға апаруға болмайды, үш күн ғана ауырып, арықтамай өлген және ыстық күнде үш күн сақталған адамның денесі мына арбаның тау-тасқа соққанына шыдайтын емес. Сондықтан осы таяу жердің біріне жерлеу керек,- деді.

Абайдың туыстары ақылдасып, Жидебайдағы Оспанның зиратына қоюды ұйғарып, қабыр қазуға сол түнде кісі жіберді. Тоғайдан ағаш кесіп әкеп, населке жасатып, төрт кісі атқа өңгеріп отырарлық ағашқа байлап сүйекті қозғамайтын айла жасады. Түнделетіп жүріп отырып таң ата Жидебайға барып жерлеп қайтты.

Абайдың қырқын Семейде өткізбекші болып ел бауырға түскенде қымыз, сойыс алып осы күнгі Абай музейіне қарасты болып тұрған бұрынғы Бекбай деген Мағауияның досының үйіне келді. Ертістің екі жағындағы он екі мешіттің қазіретін, халфесін жиып қатым-құран шығартты. Сол күні жұрт тарап қайтқан түнде Абайдың үлкен баласы Ақылбай ауырмай-сырқамай кенеттен қайтыс болды. Оның сүйегін өз қыстауы Тышқанбұлағы деген жерге апарып жерледі.

Осындай жарты жылдың ішінде төрт басты адамынан айырылып Абайдың төрт аулы жетім-жесір болып қалды.

 

8. Ақынның мұрасы

 

Абай Кәкітайды он жасында өзі бала ғып қолына алып, содан жиырма төрт жыл бойы қасында ұстап, тәлім-тәрбие берді деп бұрын жазылған еді.

Абайдың өз баласы Ақылбай жасынан үлкен әке-шешесінің қарауында болып жатбауыр болып өсті. Екінші ұлы Ғабдырахыманды жасынан орыс школына жіберіп оқытып, ғылым жолына салды. Мағауия жасынан науқастау болып жүріп-тұруға жарамсыз жігіт болды. Ендігі Абайдың алыс-жақыны, дос-жарына, айтыс-тартысына жұмсайтын адамы, керегіне жаратқан баласы Кәкітай болды.

Онымен қабат Абайдың бір бет қағазға жазып тастап, яки ауызша айтқан өлеңдеріне қара сөздеріне Кәкітай иелік жасап жинап, сақтап отыратын болған.

Абай, Ақылбай, Мағауия төрт айдың ішінде өліп, оларға қараған оншақты ауыл басшысыз, панасыз қалған соң бұрыннан сол ауылдардың өз адамы болған Кәкітай мал мен жанға иелік жасады. Батаоқырын, келімді-кетімді көп қонағын, жас бала, жесір әйелдерін, көрші-қолаңдарына басшылық етті. Кемшілік-тапшылық көрсетпеді.

Ендігі Абай артында қалған бала-шағасының бас көтерері үлкені Турағұл бұрын өзінің туған шешесі Әйгерімнің аз ғана дәулетіне ие болып, Абай мен Мағауия ауылдарына келіп-кетіп қонақ ретінде ғана жүретін еді. Енді Абай өлген жылғы сайлауда Турағұлды ағайын-туғандары Абайдың мирасқоры ғой деп болыс қойды. Кеңсесін, тілмәшін Жидебайдағы Абайдың аулына орналастырды. Турағұл бұрын еселі қыстау ала алмаған еді. Жидебайдың солтүстік жағындағы Барақ деген жерден бір қыстаулық жер берді. Кәкітайдың ендігі серігі, Абай тұқымының атқа мінері Турағұл болды.

Турағұл жас күнінде ескіше молладан оқып, арабша хат таныған. Мағауияның қасында болып, одан тәрбие алып, орысша тіл үйреніп, орыс кітаптарын оқып, ұғарлық білім алған. Мағауия Турағұлдың домбыраға, ән-күйге әуестігін байқап Семейдегі «Яков» деген скрипкашыдан ақы төлеп бір қыстай музыка үйреттіреді. Орыстың бірнеше күйлерін скрипкада тартатын болды. Мысалы, «Однополка», «Шестикадрел», «Дунайская волна», тағы осы сықылды күйлерді үйреніп, қырдағы ауылдарына келіп ойнаушы еді. Домбыраға да аса шебер ойнайтын болды. Қазақ күйлерін де жақсы білетін Турағұл жастық турасынан бірнеше өлең шығарып жазып жүрді. Бірақ онысын ұқыпты жинамады.

Абайдың өзі отырған үлкен үйінде Оспан бала ғып алған Ақылбайдың ортаншы ұлы Әубәкір қалды. Абай өз қолында он екі жыл тәрбиеледі. Көп жол, жоба көрсетті, бірақ, өлең айтудан басқа өнер таба алмады. Әубәкірдің ақындық таланты өте күшті болды. Әр кезде көзі көріп, көңілі сезген оқиғаны қолма-қол ауызша өлең ғып айтып отыратын еді. Әсіресе, біреудің кемшілігін, мінін айтуда өте шебер сынайтын болды. Мысалы, Шыңғыс болысының билері сөз ғып жатқанда бір адамдағы ақысын сұрауға Әубәкір келеді. Ерігіп отырған билер Әукеш өлең айтып жіберші десе, Әубәкір жоқ, айтпаймын, сендердің мініңді айтсам ашуланып қаласыңдар,- деді. Сонда айт, ашуланбайық дегенде Әубәкір мынадай өлең айтады:

 

Ішіңде байың да бар, кедей де бар,

Кедейлігі болмаса өгей де бар.

Тайлы бие тамаққа жұқ болмайтын,

Тойымы жоқ, жалмауыз көмей де бар.

Ішінде қымың да бар, жымың да бар,

Би болуға жарамсыз сұмың да бар.

Анық әділ тартылсаң таразыға,

Балтаменен шабатын мінің де бар.

Ішінде тасыр да бар, ұғар да бар,

Өміріне билікке құмар да бар.

Алаңғасар, ақылсыз, айласы жоқ,

Жарға жығар ... сұғар да бар.

 

Билер: -Әй, Әукеш-ай, адамды аямайсың-ау,- десіпті. Әубәкір салақ, аңқау жігіт болды. Ел оған қанағаттанбады. Абайдың жылы өткен соң Кәкітай мен Турағұл Абайдың өлеңін, қарасөзін жинап бастыруға талаптанды. Өзі тірі күнінде Абай жазғандарын реттеп кітап қып жиғызбаған. Бір-екі бет қағазға жазып, ел қолына тарап кеткен. Көшіріп, жазып алып, қайсыбіреулері жаттап алатын болған. Сол бытырап кеткен өлеңдерді жинау, оны реттеу оңай болған жоқ. Пәленшеде пәлендей өлеңі, яки қара сөзі бар еді-ау деп іздеп тауып алатын болды. Немесе пәленше жатқа білуші еді деп сұрап жазып алып жүрді. Ол, өлең мен қара сөз бар деген адамдардың өзі жақсы сақтамаған. Керексіз етіп жыртып жоғалтқандары көп болды. Мысалы, өз көзім көрген бір жағдай: Кәкітай бір күні: «Мен Жидебайға барамын, сен маған ер»,- деді. Екеуміз салт атпен жүріп отырып түс кезінде Абай қорасына жетіп едік. Кәкітай ол ауылға соқпай, Жидебайдың күнбатыс жағында мешіт, медіресе салып имам болып тұрған Кішкене молланың баласы Махмұт молланың аулына тартты. Махмұт Кәкітаймен құрбылас болатын. Кәкітайдың алдына шығып, атын ұстап, құрметтеп үйіне кіргізді. «Союға мал әкеліп, шәй қайнат»,- деп әйеліне бұйырып жатты. Сонда Кәкітай: -Әй, Махмұт, «Вадим» қайда, әуелі соны алып кел,- деді. Махмұт сасқалақтап абдырасын, сандығын ақтарып жүріп ортасы жыртылған бес-алты беттей тозған қағаз алып келіп: -Кәке, бар болғаны осы,- дегенде Кәкітай: -Бұл көп өлең болатын, не болды, кидің бе, міндің бе?- деді. Махмұт:

- Үлкен ұят болды, мына Құтыш деген балам ойнап жүріп жыртып, жоғалтып тастапты. Өзім апарып берем,- деп сізге уәде еткен едім, бетім күйіп апара алмадым дегенде Кәкітай ашуланып, қарайып кетті де:

-Әй, Махмұт, сені ел имам сайлап, бала оқытып, молла қылып жүр. Сен молла болмақ түгіл мұсылман емессің. Абай ағамнан көрген жақсылығыңды әкеңнен де көрген жоқсың. Құдайдан қорықпай Абайдың «Вадим» сияқты зор еңбегін мына қараборбай балаңа беріп жыртқызғаның не?- деді де жыртық қағаздарды бүктеп қалтасына салып, дайындап қойған тамағына қарамай, атына мініп Абай аулына жүріп кетті. Осы күнгі Абай жинағына кіріп, арты жоқ болған «Вадим» поэмасы әуелде көлемді үлкен поэма екен.

1906 жылы жаз шығып киіз үй тіккенде Кәкітай Абылайша қос тіккізіп, Мүрсейіт молланы шақыртып алып: «Сен мына біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз»,- деп оңаша қосқа отырғызады. Мүрсейіт асықпайтын, одан кейін бір жағын ақ тастап қайта көшіртіп, бір ай шамасында дайындатып алып Кәкітай Семейге өзі алып жүрді. Жол расхотына сатуға екі семіз ат, екі семіз түйесін әкетті. Кәкітай малын ақшалап алып: «Омбы қаласына кеттім»,- деп хат жазды. Одан кейін: «Омбыда бастыра алмадым. Қазан қаласына жүріп кеттім»,- деп тағы хат жазды. Бір жұмадан кейін үйге телеграмма келді: «Қазан қаласындағы баспаханалар басуға уақыты болмады, сондықтан Петербург, Ленинградтағы баспаханалармен шарт жасастым. Тез екі жүз мың сом ақша перевот ет»,- деген. Айтқанындай екі жүз сом жібердік. Кәкітай бір айда қайта оралды. Корректорлық міндетін өз мойнына алатын болыпты. Ленинградтағы баспахана бір баспа табақ қағазға басып, Семейдегі Әнияр үйіне жіберіп тұратын болды. Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұрды. Кәкітай оның қатесін түзеп қайта Ленинградқа жіберетін болды, одан тағы қайта басылып келіп қайтып отыратын еді. Осындай сергелдеңмен жүріп Абайдың бірінші өлең жинағы 1909 жылы яғни үш жылда зорға жарыққа шықты. Ленинградтағы әріп терушілердің қазақтың сөзін ұқпауынан қатесі көп болды, толық түзеуге мүмкіндік болмады. Абайдың өмірбаянын қысқаша ғып Кәкітайдың өзі жазды.

Соған қарап Кәкітай Абайдың өмірінен білетіні аз деп ойлап қалуға болмайды. Жиырма төрт жыл Абайдың жанында болған барлық қызық-шыжығын бірге көрген Кәкітай Абай өмірі туралы көлемді еңбек жазған еді. 1919-шы жылы Совет өкіметінен қашқан «колчактың» әскерлері Кәкітайдың клетіндегі үш абдыра жиған кітабын, жазған еңбегін және Абайдың көп материалдарын өртеп жіберді. Сондықтан Абай өмірі туралы жазғандары жарық көрмей жоғалды.

Енді әкем Кәкітай айтып отыратын сөздерден есімде қалғандары: «Әкем Ысқақ тоғыз жасымда қырдағы моллаға ескіше оқуға берді.

Мен Абай ағамның Мағауия деген баласымен бір жыл туған құрдас едім, екі аулымыздың арасы жақын еді. Екеуіміз бірге оқып, бірге ойнап, бір жатып жүретін болдық. Абайды бар балалары «аға» деуші еді, себебі жастайынан балалы болғандығынан болуы керек.

Абай ағам бізден екі жас үлкен Әбішті орысша оқуға жіберген еді, одан кейін Мағауияны, одан үлкен қызы Күлбаданды, оларға қосып қолында өлең айтып, ән салып жүретін жігіті Көкбайды Семейдегі орыс школынан оқытты. Мен де соларға еліктеп, орысша оқығым келіп жүрді, бірақ әкем дәулетім шағын деп қалаға оқуға жібермеді, көзім қызығып лажым құрып жүрді.

Жаз демалысқа Әбіш, Мағауиялар қайтып келгенде солардың қасында боламын, олардың орысша сөйлескенін, кітап оқығанын аса таңсық көріп, бір ауыз сөз болса да ұғып алуға құмарланамын.

Күз, август айында Әбіш, Мағауиялар Семейге оқуға жүрмекші болып жатқанда әкем Ысқаққа келіп:

- Әке, мені Мағауиямен бірге орысша оқытыңызшы,- дегенімде әкем:

- Балам, Семейде тұрып орысша оқуға көп расход керек көрінеді. Қолдағы малдың аз екенін өзің білесің, шамаға қарау керек. Қырдағы молланың оқуын түгел білсең де кем болмассың,- деді.

Менің салым суға кетіп Мағауияға келіп жағдайды айтып едім, ол барып Абай ағама айтты:

-Мына Кәкітайдың бізбен бірге Семейге барып орысша оқығысы келеді, Ысқақ ағам оны оқытуға шамам келмейді депті, мүмкін болса, мұны да оқытсаңыз екен,- деп өтінеді.

Абай ағам Ысқақты шақыртып алды да:

- Мына Кәкітай ұғымтал, зерек болатын көрінеді, мұны орысша оқытуың керек,- деп еді, Ысқақ баяғы дәулеті аз, қолының шолақтығын айтты.

Абай ағам: -Онда сен оқыта алмайды екенсің, енді Кәкітайды мен бала ғып Мағауиямен бірге оқытамын. Бұдан былай Кәкітайда жұмысың болмасын, мен ие болдым,- деді.

Оған Ысқақ: -Өзіңіз біліңіз, мен оған не деймін, ерік өзіңізде,- деді.

Сол күннен бастап мен киім-кешегімді алып Абай ағамның қолына келіп, меншікті баласы болдым. Оқу уақыты таяғанда оқушы балаларды бір арбаға отырғызып, Семейге Абай ағамның өзі алып жүрді.

Мәуіті дегеннің үйіне келіп түстік. Мәуіті қара Қондыбай екен, үш бөлмелі ағаш үйі бар, жеке біреуін Абайға арнап жабдықтап қояды екен.

Әйелі Тоқбала Тобықты жуантаяқ қызы екен. Інісі Кәрім базарда ұсақ сауда жасайды, оның әйелі Бәтима Зайсан қаласындағы атақты саудагер Бидахмет Бүпкенің қарындасы екен, өте пысық әйел.

Семейге келісімен, Әбіш өзінің бұрынғы оқып жүрген школына түсті, Мағауияға жолда суық тиіп, қатты ауырып, больницаға жатты.

Күлбәдан: «Мен школға Мағауиясыз бармаймын»,- деп, үйде жатып алды.

Көкбай школға жалғыз кетті. Мен Мағауияға тамақ апарып күніне бірнеше рет больницаға барып, халін біліп тұратын болдым.

Бір айдан артқанда Мағауия тәуір болып больницадан шықты. Бірақ, енді Семейде тұрып оқуға жармайды, өкпесі қарайған деп доктор қорытынды жасады. Сондықтан Мағауия қырдағы үйіне қайтты, одан қалмай Күлбадан да елге қайтты.

Абай ағам Әбішті орысша тіл үйренуіне жақсы деп орыс үйіне пәтерге қойды, Көкбай да басқа пәтерге шықты, сонда Абай ағам қасына мені алып қалды. Көшірлікке Мырзақанның Баймағамбетін ұстады.

Сол кезде мырза мен Мамайдың ұрылары, бұзықтары Абайға неше түрлі пәле жауып берген көп арыздары Семейдің тергеу орындарына түсіп, тексеріліп: «Абай Семейден рұхсатсыз басқа жаққа шықпасын»,- деп, үй тұтқыны ғып қойған еді. Күніне ояз кеңсесіне бір уақыт барып, Семейде барлығына белгі қойғызады, одан басқа уақытта бос болады. Күні бойы ойдан-қырдан келгендер амадасып, әңгімелесіп босатпады.

Күн кеш болып, шам жаққанда, үйді оңашалап Абай ағам кітап оқуға кіріседі, оқу мезгілі өтіп кетіп, школға түсе алмай қалған мені қасына отырғызып, орысша «Азбука» оқытады, есеп жазғызады. Орыс сөздерін қазақшаға аударып, жазғызып жаттады, сол қалыппен май айына дейін Абай ағам Семейде болды. Мені қасынан шығарған жоқ. Сол сегіз айда бірталай орыстың тілін, есебін, оқу, жазуын біліп қайттым.

Сол қыстай Семейде болғанда, Абай ағама үзбей Михаэлис деген орыс досы келіп тұрады. Кейде оның қасына еріп Долгополов және Гросс деген адамдар еріп келеді, түн ортасына дейін әңгімелесіп отырып қайтысады. Мен олардың сөзін түсінбеймін, олар кеткен соң, Абай ағам мынадай жағдайларын айтады:

-Бұлар бір топ оқымысты, білімді, халық қамын ойлайтын, әділдікті көксейтін, көптің теңдігін қорғайтын жандар екен. Сол істері патша өкіметіне қарсылық деп білген патшаның қолшоқпарлары, орталық қалада тұрса елді азғырады деп Сібірге жер аударып, осы Семейге жіберген екен.

Абай ағам оларды құрметтеп, сөздерін ықыласпен тыңдап, дүние жүзінде болып жатқан талас-тартыстың жағдайын естіп-біліп, бұлар менің күншығысымды күнбатыс етті, дүниеге көзімді ашты деп отыратын еді.

Михаэлис бұрын Абайға бірнеше барып, қонақ болып қайтып жүр екен. 1884-шы жылы жаз айында, ел жайлауға шыққанда, Абай ағам аулына Гросс келді, ол кісінің мамандық қызметі халықтың әдет-ғұрпын, салт-санасын зерттеу екен.

Абай ағам Гроссты өзі ертіп жүріп, қазақ халқының, оның ішінде Тобықты елінің салтын, әдетін көрсетіп, ұқтырып жаздырды. Одан кейін Тобықтыға көрші Керей Қожакелді, Малдыбай, Матақ дейтін елді аралатып кел деп, Гроссқа Мағауия екеумізді қосып берді. Оның себебі ол Керей елінің салты біздің Тобықты елінен өзгеше екен.

Одан кейін 1885 жылы жаз ортасында Абай аулына Долгополов келді, ол адамның мамандығы адамның жаратылысын тексеру екен. Шыңғыс тауының сыртында көлденең Шаған деген өзеннің жағасында «Қоңыр әулие» деген үңгір тас бар, соған Долгополовты өзі ертіп апарды, қасына Мағауия екеуімізді ертті.

«Қоңыр әулие» жал болып біткен ақ тас екен, сол тастың оң жақ бетінде, тастың орта тұсында бір адам сиярлық жарық бар, одан ары қарай жүрсең, кеңдігі бес жүз қойдың орнындай, биігі он метрдей қараңғы үңгір, одан ары жүрсең көлемі одан да үлкен тағы қараңғы үңгір, үңгірдің ішінде терең көл бар, суы мөлдір, арғы шетіне көз жетпейді. Бір қалтарыста кереует сияқты тастың үстінде адам бейнелес қара тас жатыр, сол жақтан тасты надан ел «әулие» деп санап оған ақтық байлап, түнейді екен.

Сол үңгірдің ішіндегі тасқа келгендер түгел атымызды, жөнімізді, келген мезгілімізді жазып кеттік.

Сол тастың алдындағы жотада үш бөлек қойылған үш жүздей адамның бейіті бар, тегіс таспен сандықтаған, олардың басына биікше тас орнатып, оған Шыңғыс хан заманындағы әрбір руға, белгіге берілген таңбалар салынған, ай таңба, шөміш, тұяқ, кілт, тағы сондай көп таңбалары бар.

Долгополов оған қатты назар аударып түгел жазып алды, және сол көп адам бір мезгілде өліп қойылған деп білді, қабырдан сыртта жатқан адам сүйектерін көріп, бұлар қазақтан бұрын осы жерді мекендеген адамдардың сүйегі болар деп шамалады.

Сол сапардан қайтқаннан кейін Долгополовқа Мағауия екеумізді қосып, Бақанас өзенінің бойындағы үңгір тастарды аралатып көрсеттірді. Олардан да Долгополов көп нәрселерді көріп, жазып алған еді.

Абай ағам Семей қаласында ашылған музейге қазақ халқының ертеден қолданып келе жатқан заттарын көрмеге қоюды мақсат етіп музейдің басқарушыларымен келісіп, мынадай заттарды жиғызып апартып берген еді.

Қазақ киіз үйлерінің жабдықтары: алаша, сырмақ, түскиіз, үй ішіне төсек-аяқ, жүкаяқ, асадал, қалмақбас дегендерді, олардан басқа қобыз, домбыра, кісе-белдік және ұста саймандары: көрік, төс, балға, соғыс құралы: найза, айбалта, шоқбар, шиті-мылтық, бұлардан басқа да талай түрлі заттар, ең ақыры қазақ істейтін тағам құрт, ірімшік сияқты заттарды да апарғызады, заман өзгеріп отырады, кейінгі ұрпақтар өткен замандағы ата-бабаларының қандай өмір сүріп, қандай зат қолданғанын көруді, білуді керек етеді. Сол үшін музейде сақталуы керек. Ол жоғалмайды,- деген еді.

Жоғарыдан басқа да Кәкітай Абай туралы көп әңгімелер айтқан еді, әзірше есте қалғанды осымен аяқтай тұрамын.

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.