ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Тұрсын Жұртбай: ҚҰНАНБАЙ (Қуатты ой)

Тұрсын Жұртбай: ҚҰНАНБАЙ (Қуатты ой)

Оқылған 59711 рет

Шығармашылық психологияны зерттеушілер (19) аңғарған тосын құбылыстың бірі — суреткер мен кейіпкерлер әлемінің астасып кететіні сондай, туынды иесі өмірінің сындарлы сәттерінде сол шығармасындағы көркем шындықты өмірлік шындық ретінде қабылдайтындығы. Мұның соңы Лондон мен Хемингуэй сияқты күйініш те, Гете мен Гюго сияқты сүйініш те әкелген. Сондай-ақ, басына үйірілген пәлекеттің барлығын жағымсыз кейіпкерінен көріп, оны қарғап-сілеген қаламгерлер де болыпты. Оның қатарына Толстой, Бальзак, Достоевский қосылады. Қазақ әдебиетіндегі сондай шағымды «шатақтың» бірі – Мұхтар Әуезов пен Құнанбайдың өзара «қарым-қатынасынан» өрбіген және ол «Абай» романындағы Құнанбай бейнесі неғұрлым дараланып, дербестікке ие болған сайын, соғұрлым күрделене түскен. Бұл ушыға келіп, ақыры Мұхтар Әуезовтің Құнанбайды мүлдем жексұрын адам ретінде пікір қалыптастыруына әкеп соққан. Бұл бағыт 1951 жылы басталды. Ол...

Замана сұрқылтайларының сұрқия сұсынан Абай мен «Абай» романын аман сақтап қалу үшін Құнанбайды «құрбандыққа» атап, өзі сомдаған дала көкжалын «шығарманы шекесінен шертіп, автордың көзін жоюды алдына мақсат етіп қойған «Қазақ Академиясының хабаршысы» мен «Казправданың» сұмақай редакторлары сияқты қаскүнем сыншыға және сорына орай тап болған, көрсоқыр редакторларға» (4.121) оқымысты аярларға қарсы қойды. Сол арқылы М. Әуезов «Дала феодализмінің бөрілік сипатын Құнанбайдың бейнесіне жинақтай отырып, оның (Абайдың – Т. Ж.) көз алдынан өткіздім. Соған қарамастан, феодализмді үлгі тұтқан Әуезовті сынаған мақалада, романның басты, Абайдан кейінгі екінші басты кейіпкері – Құнанбай туралы бір ауыз сөз қозғамайды. Қозғағаны былай тұрсын, тарихи дамудың барысын диалектиқалық негізде ашып берген романның шымырлаған шындығы мен бетпе-бет келуден тайсақтайды. Мақала иесі ескі мен жаңаның күресін – диалектикалық негіз ретінде түсіндіріп, феодализмді әшкерелеген романның маңызын мойындағысы да келмейді. Абай – жаңа, Құнанбай ескі қоғам. Романның дәл осындай әділетті нысанасын социалистік реализм әдісімен суреттеген романдағы тарихи және көркемдік шындықты бұрмалауға мақала иесінің қандай қақысы бар? (4.121 – 122) – деп Құнанбайды «ұстап берді». Аға сұлтанды сұқ саусағымен көрсете отырып, Абайды, сол арқылы «Абай» романын және өзін арашалап қалды. Ал «дала құзғыны Бөжейді» ... қырдағы ең қатыгез жауызға қарсы күрескен тұсында — жағымды, ал Камшат қызды өлтірген (?– Т. Ж.) кезінде—қанішер ретінде көрсетіледі» (4.122) – деп ағаш атқа теріс мінгізді.

Адам тағдырын, соның ішінде өзінің кейіпкерін қақпақылға салып, қарақшы ретінде көрсетуге жазушы Мұхтар Әуезовтің қақы бар ма еді? Тарихи тұлға ретінде ешқандай да құқы жоқ. Ал кейіпкер немесе жағымсыз кейіпкер есебінде ше? «Жетеді, әр нәрсе өз орнымен, өз уақытымен! Жақсы адамдарды кейіпкер етіп алатын кез өтті. Неге олай істеу керек екенін де айтып берейін. Өйткені, жаны жайсаң бейшараларға тыныс беретін кез жетті: себебі жақсы кісі еді деген сөзді еріні қимылдағанның бәрі тым жеңіл айтатын болды: жақсы кісіні әдебиеттің жегін атына айналдырып жібердік, оны мініп алып, қос өкпесінен тепкілемеген, қамшының астына алып, қолына тиген нәрсемен сабаламаған жазушы қалмады: сөйтіп жақсы кісіні жауыр қылғанымыз сонша, онда жақсылықтың көлеңкесі де жоқ, тәнінің орнына ырсиған кабырғасы мен құр терісі ғана қалды: енді жақсы кісі деген сөз — екіжүзді деген ұғымға айналды, жақсының кадірі кетті. Жетеді, енді сұмырайдың өзін арбаға жегетін кез келді. Ал, енді сол сұмырайларды жарыса әдебиетке жегейік!» (45.ӨІ.223) – деген Н.В.Гогольдің «сұмырайларының» қатарына Құнанбай мен Бөжей жата ма, жоқ па? Тіпті солай болған күннің өзінде де Гоголь «жағымсыз кейіпкерлердің құкығына қол сұқпауға шақырмап па еді» (45. V. 553). Ал Мұхтар Әуезов көркем шығармадағы өзінің жазушылық үстемдігін былай қойып, тарихи тұлға мен тарихи қаһарманның жігін ажыратпай, қоғамдық теріс пікірді зорлап қалыптастырып отыр. Баласын арашалау үшін әкесін ұстап берді. Ал, әкесі үшін баласы жауап бермейді, – деген «ұлы диалектиктің» қағидасы да бар еді ғой.

Міне, осыдан келіп барып, творчество психологиясы мен жазушы психологиясы арасындағы қарама-қайшылық туындайды. Бұл әдебиеттану мен психология ілімінің тұсындағы тылсым мәселе және сол ұлы талант иелерінің пікірі өзара тоғыспаған тоқсан тараулы түйсікті тұжырым. Тіпті нақты ұғымды тілейтін ғылыми-шығармашылық пайымдаулардың өзінде де түсіндірілуі мүмкін емес түйін (19–139). Көркем шындық – абсолютті шындықтың баспалдағы. Демек, жазушының туындысындағы суреттелген немесе қиыстырылған оқиғалар – таным таразысы мен түйсіктің елегінен өткен, қоғамдық-әлеуметтік, өмірбаяндық, психологиялық, философиялық тарихи көркем ойдың нәтижесі. Сол арқылы қоғам мүшелерінің көзқарасы қалыптасады. «Толстой «Соғыс және бейбітшілікті» жазу арқылы әртүрлі адамдардың Наполеонға деген көзқарасын талқыға салды» (46. 4.) Мұхтар да «Абай жолы» арқылы Құнанбай туралы қилы-қилы көзқарастардың қақтығысы мен тоғысын ұсынуы тиіс. Өйткені көркем шындықтың өзі сол таланттың тарихқа деген көзқарасы болып табылады. «Егерде тарихи ақиқаттың өзі дәлелді қажет ететін болса, онда көркем шығармадағы шындықтың дәйектемесінің дұрыс-бұрыстығын ең алдымен сол ұлы тарихтың өзіне жүгіне отырып саралау қажет... Қателікке ұрынбай, шығарманы дәйектеу деп таңдап алған жалғыз бағыттың дұрыстығына көз жеткізу үшін ойымызға тұтқа боларлық тіректі — шығармадан тыс дәйектен — өмірбаяндық деректен, тарихи-әдеби немесе жалпы тарихи оқиғадан іздеуіміз қажет (47. 209 – 210) – дейді академик Д.Лихачев. Демек, М.Әуезовтің Құнанбайды саналы түрде «жауыз, қатыгез, парақор, шынжыр балақ, шұбар төс» етіп көрсетіп, кесіп-пішіп үкім айтуға қақысы жоқ. Өйткені Құнанбай – ұлттық руханияттан орын алған тарихи тұлға. Яғни, Құнанбайдың өмір жолы бұрмаланса – қазақ тарихы да, ұлттық танымы да бұрмаланады. Ал, солай жасауға мәжбүр етсе – әңгіме басқа. Бұл орайда Мұхтардың азамат ретінде өзін-өзі ақтауы заңды. Ал жазушы ретінде ше?

Өнердің өзегі – көркемдік шындық дегенмен де, ол – тарихи қиянатқа баруға негіз қаламайды. Қаламгердің азаматтық тұлғасы мен рухани ерлігі осындай қайсарлықтан барып сомдала құйылады. Гомер де, Рудаки де, Данте де, Толстой да, Пушкин де, Абай да өз «заманына симаған». Бірақ ақыл-парасат шындығынан бас тартпаған, Қысқасы, «бас кеспек – бар да, тіл кеспек жоқ». Көркемдік әдіс-тәсіл мен шеберліктің көмекке келетін тұсы осы.

Даналар мен тұлғалар – қалыптасқан зандылықтан тыс өмір сүреді. Тіршіліктің ағысына қарсы жүзбесе – онда көркем шығарманың өзегіне айналмас еді.

Сонымен, мейлі жағымды, мейлі жағымсыз болсын, бәрібір жазушының өз кейіпкеріне өзі үкім айтуға тарихи негіз жоқ. Көркем шындық арқылы оның тағдырына араласуға қақы бар ма, жоқ па? Гоголь бұл мәселені: «Жазушы ешқашан да өзінің кейіпкерімен керіспеуі керек: ол екеуі қол ұстаса жүріп әлі де соқтықпалы-соқпақсыз ұзақ жол жүруі тиіс, бұл – еріккеннің ермегі емес» (45.VI.245-246) деп татулықпен шешеді. Ал Толстой: «егерде оқырман суреткердің әлденені зорлықпен солай иіп әкелгенін, ал оның мүлде басқаша арнамен дамуға тиіс екенін сезсе, яғни, суреткердің өзін, оның зорлығын біліп қойса бітті онда өнерді өлді деп есептеңіз» (48. 57 т. 151)-деп мүлде қарама-қарсы пікір білдіреді. Оның бұл мүддені қатаң ұстанғаны, «Соғыс және бейбітшілікті» жазарда Кутузовты келемеждеп көрсетуге тырысқанын, алайда ақыры тарихи шындыққа иіліп, халықтық кейіпкер ретінде сомданғанынан-ақ аңғарылады. «Суық шығармашылықтың» иесі Флобер: «Менің ойымша, роман жазушы адамның мынау дүниеде не болып, не қойып жатқаны туралы өзінің пікірін білдіруге қақысы жоқ. Ол өзінің шығармасының жаратушысына пара-пар болуға тиіс, яғни, жаз, бірақ үндеме» (49.2.39) – деп уәж айтады. Сөйтіп айтып алады да, іле: «Автор өзінің туындысының ішінде жалғанды жаратқан жаратушы сияқты көзге көрінбей қатысып отыруы қажет» (49.1.235.) – дейді. Сайып келгенде, мұның барлығы Әрбір таланттың жеке шығармашылық психологиясына қатысты жайт. Алайда бір шындық бар. Ол – жазушының өз кейіпкеріне деген адалдығы. Гоголь: егер шығарма менің еркіме бағынса, онда он жылдан кейін Чичиковты адам етіп шығарар едім, – депті-мыс. Демек, ол өзін кейіпкерлерінің алдында кінәлі санаған. Ал Құнанбай бейнесін сомдағанда М.Әуезов өзін қалай сезінген?

Алғаусыз, бірақ астары терен мәселе. Өйткені, Мұхтардың Құнанбайға көзқарасы – жай жазушының жағымсыз кейіпкеріне көзқарасы емес, ол Әуезовтің – Абайға, тіпті Әуезовтің – Әуезге көзқарасы. Сондықтан да, Құнанбайға Мұхтардың да «неғылайыны» болуы шарт. Жоғарыдағыдай қатал да әділетсіз тұжырымға бірден келсе – шығарманың тағдырына деген сүйініш-күйініштен жүрек қуатын суытып алар еді. Жазушы үшін одан өткен тоқырау, өзін-өзі жоғалту табыла қоймайды. Ол өз үкімінің тарихи шындықпен сәйкеспейтінін терең сезінген. Сезіне отырып: «Тарихи романдардан оқушы көбіне көрсетілген шындықтардың өмірлік дерегін, типтердің прототиптерін, искусство шындығының арқауы болған өмір шындығын іздейтіні бар. Бұл тұрғыдан келгенде, өзі әр түрлі жасанды қылықтармен жақсы адам ретінде көрсетпек болған дала феодалы Құнанбай жөнінде нағыз шындықты табуым қиындау болды, басқаша айтқанда, оның жеке әріптері арқылы өз бейнесін дәл елестету қиын еді» (3.12 т. 113) – деп тұлға Құнанбай мен оқырманның алдында ақталғандай болды.

Сөйте тұрып оның игі жақсы әрекеттерін тізіп келіп, оған жамандықтың жамауын жасқап, кінә іздейді және... оны табады! Сөйтіп, романда баяндалған көркем шындықты өз пікірі Мұхтар Әуезовтің пікірі ретінде нығарлай айтып, өз сөзін өзіне дәлел етіп алады, әрі оқырманға оны тарихи шындық ретінде ұсынады. Өзге-өзге, дәл сол тұста (1955-1961) Құнанбайды соншама тұқыртудың Мұхтар үшін пәлендей мүдделілігі жоқ болатын. Басына үйірілген бұлт мәңгілік тарқаған. Енді күншілдердің күңкілінен басқа қауіп жоқ-тын. «Жылымық кезең» орнап, «халық жауларының» өзі ақталып, ойын күмілжусіз білдіретін тұс.

Бұл Мұхтардың өзі сомдаған кейіпкерінің іс-әрекетіне, яғни, өзі қиыннан қиыстырған көркем шындығына қапысыз сенгендігін, өмірлік шындық пен көркемдік шындықтың санасына сіңісе кірігіп кеткендігін байқатады. Пушкиннің: «Мына Татьяна тұрмысқа шыққалы жатыр. Қой десеңдерші», Толстойдың: «Аннаның өлгісі келіп жүр. Қалай араша түсеміз!» – дейтін алмағайып сәті.

Мұндай мінез кез-келген өнер иесіне тән. Әрі творчество психологиясына етене әрі өте шетін құбылыс. Мәселенің қойылуын осы тұрғыдан түйсінген лазым. Әңгіме – М.Әуезовтің жеке басы туралы емес, суреткердің, оның ішінде М.Әуезовтің шығармашылық психологиясындағы тосын да заңды құпия-жұмбақ туралы. Бұл – барша суреткерге тән қасиет және ғылыми мәселе ретінде арнайы қойылып, зерттеліп келе жатқан тақырып (19). И.Гетенің, Л.Толстойдың, Ф.Достоевскийдің, А.С.Пушкиннің, Н.В.Гогольдің көркем шығармашылық психологиясы қалай зерттелсе, М.Әуезовтің де суреткерлік психологиясы солай пайымдалуы заңды. Л.Толстойдың Кутузов пен Болконскийге деген жеке көзқарас қайшылығы да соны аңғартады.

Ал М. Әуезовке келетін болсақ, академик Әуезов содан тура бір жыл бұрын қанша қасарысқанымен де Құнанбайға араша түсе алмайтын. Өйткені, ол кезде Құнанбай түгілі Абайдың бесіктегі баласының өзі «Әккі буржуазияшыл-ұлтшыл», «қазақ халқының қарғысы жауған сатқыны» ретінде әшкереленіп жатқан. Сәбит Мұқанов айтқандай, «талай қуғынды көрген, жалтарудың, құтылудың да әдісін ерте және алыстан болжайтын», «құйрығы буырылданған түлкі сияқты» (50) Мұхтардың өзі де сұр заманның сұрқылтайлары – Никитиндер мен Нұрышевтардың шеңгеліне ілінген кезі болатын. Сонда да қасарыса шайқасып, ашық майданға шықты. Өзінің де қарпып қалатын шағымды шағы осы екенін түсініп:

«Мақала иесі бұдан кейін: «Автор қазақ халқының қарғысына ұшыраған, кейіннен әккі буржуазияшыл-ұлтшыл болған адамды Абайға игі әсері тиді-мыс деген желеумен жасырын түрде жағымды кейіпкер ретінде суреттеп, оны жақсы атты етіп көрсеткен. Мысалы, кеңес өкіметіне қарсы табанды түрде күрескен, аса ірі феодал, халық жауы Тұраш сүйсіне суреттеледі» — деп авторға қарата мазмұны жағынан сорақы-сөлекет, бірақ жантүршігерлік айып тағады. Бұл арада Әлгі «жағымды кейіпкерлердің» ішінен тек Тұраштың ғана аты аталған. Иә, оның есімі Айгерімнің емшектегі баласы, сәбиі ретінде «Абай» романының орыс тілінде жарияланған (Мемлекеттік Әдебиет баспасы, 1948) екінші кітабының 519 және 597 беттерінде аталып өтеді. Сөзбе сөз келтірсек, ол туралы: «Оңаша қалған Айгерім тосын жалғыздықты пайдаланып, өзінің кішкентай сәбиі Тұраштың қасына барып ыңылдап ән айтты» (519-бет), ал 597 - бетте ол туралы: «Абай Айгерімге үйленген кезде Ербол да өзінің Дәмелісіне той жасаған болатын, оның ұлы Смағұл мен Тұраш екеуі бір уақытта дүниеге келіп еді» – делінген. Дұрыс, сәби де болса оның атын атаудың қажеті жоқ еді, бірақ осыны негізге ала отырып авторға: оның «Абай» романында «халық жауы Тұраш сүйсіне суреттеледі» – деп сондай сорақы, әділетсіз жала жауып, айыптауға бола ма, бұл кезде ол екі-ақ жаста және Айгерімнің көңіл-күйіне қатысты өмірлік деректі ескерте кететін көрініс ретінде ғана суреттелген. «Казахстанская правданың» мақаласынан бұрын баспаға ұсынылған «Абай» романының екінші басылымында автор өзгеріс енгізіп, Тұраштың атын сызып тастаған болатын» – (4.120-121) – деп түлкі бұлаңға салып әзер құтылды.

Құтылған жоқ, тұтылған да жоқ. Бірақ тағы да бір сәби кейіпкеріне қиянат жасады. Абайдың Айгерімнен туған тұңғыш ұлы Тұраш Тұрағұл эпопея бетінен тірідей сызылды. Сондықтан да, сәбиге соғыс жариялаған сұрқылтайларды жағымсыз кейіпкерлердің мәселесі оңша ынталандырмады. Олар идеологиялық қысым тұсында жазушы өзінің заманға деген наласы мен наразылығын сол жағымсыз кейіпкерлердің іс-әрекеті мен сөзі арқылы жеткізуге ұмтылғанын аңғармады. Тек сексенінші жылдардың басында ғана бұл түйткіл әдебиеттанудың назарына ілікті. Гоголь айтқандай, «жағымды кейіпкерлер» марапаттан әбден жауыр болып, негізгі көркемдік шындықтың салмагы «жағымсыздарға» түскен шақта, оның түпкі себебі ашылып қалатын болғандықтан да, мәселені көтермей – жария талқыламау туралы құпия нұсқау берілді. Кеңес өкіметі Құнанбайлардан қатты сескенетін. Өйткені: «көркем шығарма – терең зерттеудің нәтижесінде дүниеге келетін көркем тарих. Қилы-қилы оқиғалар арқылы өмірдің түрлі-түрлі жағдайына тап болған адамның мінез-құлқын сынақтан өткізіп, кейіпкердің характерін жан-жақты ашады, шындықты терең түсініп, оның түйткілін түбегейлеп береді. Соның нәтижесінде ол сол мәселенің қырындысындағы қоясын шығарып, түпкі пиғылы мен қитұрқысын әшкере етеді. Және ол исі адамзаттың мән-маңызы бар ақиқатқа айналады, мұндай дәрежеге жеткен ақиқат суреткердің өзі өлгеннен кейін де ғасырлап өмір сүреді» (51. 509)

17

Сондай «ғасырлап өмір сүретін» тарихи тұлға мен адамзаттық мән-маңызы бар ақиқатқа айналған жағымсыз кейіпкердің бірі – Құнанбай. Құнанбай – Әуезовке тәуелді емес, Әуезов Құнанбайға тәуелді болатын. Аға сұлтан Құнанбай Мұхтарсыз да тарихи мұратына жетіп алған. Ал Құнанбайсыз Мұхтардың басты мұраты орындалмайтын. Ол Абайдың да, «Абай» романының да, сол арқылы Мұхтардың да беделін көтеріп тұр. Құнанбайсыз үшеуінің де белсүйегі сынатын. Сондықтан да психологиялық тұрғыдан алғанда жазушы Әуезов өзінің жағымсыз кейіпкерінің мінезінен қатты шімірікті. Бірінші кітапта Қодар-Қамқа оқиғасы тұсында Құнанбайды барынша қатал әрі әділетті шешім иесі етіп қанық бояумен суреттеді. Алайда екінші басылымда ол ниетінен қайтуға мәжбүр болды. Кісі өлімінен арашалауға дәрмені жетпеген жазушы Құнанбайдың күнәсін тараудан тарауға ауысқан сайын мысқалдап ауырлата берді. Ақыры қолдан жасалған қиянаттар мен қиялдан туған қисындарға шырматылған шырмауықтан Құнанбайды тазартып алудың жолы мүлдем кесілді. Толстойдың творчестволық психологиясы туралы академик Д.Лихачевтің: «...оның тарихтың нағыз қорғаушы күшін білуге ұмтылған құлшынысы – өктемдік құрып қалған тарихи тұжырымнан құтылуға ұмтылған құлшынысы болатын. Толстойда өлшем үлгісі жоқ... Толстойдың барлық жағымсыз кейіпкерлері әдеби әдепті қатаң сақтайды, ал жағымды жандары оны білдірмейді... Толстой өзінің кейіпкерлерінің мұндай бекзадалық әдепті сақтағанын қаламайды. Міне, бұл оның каһармандарының психологиясындағы басты конфликт болып табылады» (47. 152) – деген пайымдауының Мұхтарға болмаса да Құнанбайға қатысы бар. Өйткені жігіт шағында: «Ей, Алла! Бақ бер, байлық бер, билік бер. Берсең – осының барлығын толық қып бер! Ұқсата алмасам – маған серт, онда қандай тозағыңа болса да көндім. Бірақ, атымды Шыңғыстың биігінен асырып, қазақты бір сілкіндіремін», – деп салауат сұраған Құнанбай «ойын жолын» қатты сақтап, кейіпкер кейпінде де алған бетінен қайтпайды. Қатал билікті, суық ақылды, рух-қайратты тең жұмсап, Толстойдың «Қажымұратындағы» бүргенге ұқсап, ескі қоғамның тамырын шеңгелдей ұстайды. Енді оны бұл бетінен қайыруға Мұхтардың өзі де шарасыз еді. Құнанбайдың ділі мен діні, ішкі қуаты бұған дайын болатын. Оған Никитиндер мен Нұрышевтерді былай қойғанда, азуын айға білеген профессорлар Т.Нұртазин мен М.Қаратаевтың да тісі батпады. М.Әуезов пішіп берген шапанның өңірін ғана ауыстырып, қағып-сілкіп Құнанбайдың өзіне қайта кигізді. Жағымсыз кейіпкер санатында тұрып та шығарманың басты каһарманына айналды. Бұл реттен алғанда Есмағамбет Исмайыловтың бірінші «романның аты «Құнанбай» болуға тиісті» дегенінде жан бар. Егер де, шығарманың ішінен Тұрашка ұксатып Құнанбайды сызып тастаса – онда «Абайдың» құр сүлдері ғана қалар еді. Мұны терең сезінген Мұхтар Әуезов Құнанбайдың айбарының алдында именгендей болып:

«Мен Құнанбай жөніңде оның өлерінен он жыл бұрын Мекеге барған қажы екенін, соңғы он жыл ішінде дүние әрекетінен бойын аулақ салған, ұрпақтарына өзін күнәдан пәк, дін адамы ретінде танытқан біреу (?– Т. Ж.) екенін білемін. Ертеректе ол хан тұқымдарымен байлық бәсекесіне де түсіпті. Бір кезде Қарқаралы округінің аға сұлтаны болыпты. Қарқаралы қаласында мешіт салдырып, далаға ислам дінін таратушының бірі болған және балаларын мұсылманша оқытқан. Мекеде ол тәубеге келуші қазақтарға арнап үй салдырыпты» – деп кібіртектеп келеді де, «жоғарыдағы жайлардың бәрі бірте-бірте Құнанбайдың өмірлік прототипін, бойына тарихи қайшылықтарды түгел жиған, даладағы жаңа атаулының бәріне қарсы жауыз феодалдың типін белгілеуіме негіз болды. Ол – діндар адам, сондықтан, Әрине, Россиядан келген жаңалық пен жақсылықты қабылдай алмайды: тек өз маңсабы үшін ғана патша заңына сырттай табынады, бірақ іштей ол Россияның дұшпаны еді. Абай осының бәрін көре, сезе тұра, көп уақытқа дейін әкесіне қарсы күреске ашық шығуға батпайды». (3. 12. 114–115) – деген уәж айтады.

Уәжі – уәж. Бірақ та «Құнанбайдың – даланың сұмы, қу әміршісі», «соншалықты қатыгез, мейірімсіз», «парақор біреу» (3. 12. 113-115) екеніне тарихи айғақ керек. Тек тарихи шындық қана ақиқатты ажыратып, көркем тұжырым жасауға негіз қалайды. Көркем шындықты желеу етіп қайырымдыны – қатыгез, ақылдыны – қу, мал тауып, жан бағып, жақсы өмір сүргенді пайдақор, байлығының орынын тауып жұмсағанды – парақор, билік тізгінін мықты ұстағанды зорлықшыл етіп көрсетуге болмайды. Қаталдық – қатыгездік емес. Құнанбайдың ұстанған жолы әділ де күшті билік. Ал ұлылар сомдаған тұлға тарихи көркем шындықтың ұсқыны есебінде қабылданады. Себебі: «Достоевскийдің әрбір романы өзінше бір тарихи зерттеу болып табылады, оны кез-келген адамның өз көзқарасы арқылы қабылдауға толық қақысы бар, ал сол көзқарастың өзі аса маңызды тарихи дәлел болып табылады» (47. 212).

Құнанбайдың тарихи дәйегі «Абай» романы. Егерде шығармадағы Құнанбайға қарап, Құнанбай Өскенбайұлының жеке басына баға берілсе, нағыз қиянат сол. Баласы дана, әкесі пәле, демек, Абай пәледен туған дана болып шығады. Көркем әдебиет миллиондаған данамен ондаған тілде араға жылдар салып барып қайталанып таралып отырады. Оның қайсысына барып тарихи дәлелді түсіндіріп отырасың. Тіпті, қазақ әлеуметінің өзі де Құнанбайды қатыгез, қара жүрек, қара ниет адам деп қабылдайды. Зерттеулер мен оқулықтарда солай түсіндіріліп, солай талданады. Өйткені, авторлық идея да солай.

Сонда Құнанбайды ақтаудың ешқандай мүмкіндігі қалмағаны ма? Жазушы оқырманын жақсылыққа жетелейтін бір саңылау тастамағаны ма? Бар. Бірақ көмескі ғана емеурін. Тарихи дәлелдер мен дәйектерді іріктеу барысындағы жүгінген жөн-жобасын шындық есебінде тәпсірлей келіп М.Әуезов: «Абай өмірінің маған белгілі жеке фактілері шынында да әр тарап, әр түрлі, шашыраңқы жатқан нәрсе. Ал романда олар шашыранды күйінде емес, белгілі бір үлкен арнаға топтастырыла, нағыз өмірлік шиеленіс түрінде, тартыс үстінде көрінеді. Бұл – жалғыз менің романдарымда ғана емес, кез-келген реалистік шығармада болып отыратын құбылыс. Мысалы, екінші кітаптың бірінші тарауында қандай оқиға болады?» (3. 12. 118) – деп Құнанбай өз басынан кешпеген, демек ол үшін мәнмаңызы жоқ ойдан қосылған көріністі алдыға тартады.

Егер де жазушының өзі Дәркембайдың өмірде болмағанын мойындағанын ескерсек, онда Құнанбай Мекеге аттанғалы жатқанда оған адам құнын даулап: «Жалғыз жетімнің ақысын мойнына арқалап кетесін бе?... Білдім, құдайы жолын емес... тағы да Құнанбайлық жолыңды жоқтап барады екенсің ғой!» (1.4.17) деп ешкім бармаған болып шығады. Демек, жазушының ілгері тарауларда Құнанбайды қаралап келген уәждерінің барлығы да көркем қиялдың жемісі. Мәселені логикалық тұрғыдан осылай қойсақ қана тарихтың нақты дәйегі ашылады. Шығармашылық психологиясының қисынына жүгінсек: «Текстің жазылу тарихы шығарманың көркемдік нысанасын анықтап береді. Тек қана тарихи ақиқат қана көркем шығарманың қасиетін тануға жол ашады» (47. 213).

Егер де шығармашылық психологиясынан келіп, логиқалық талдауға жүгінсек, суреткердің өзінің тарихи жетекші тұлғасына қарап ұстанған қарым-қатынасында әділетсіздік басым. Одан пейіл емес, пиғыл аңғарылады. Тіпті сыңаржақ қаралаудың табы көзге ұрады. Романға және оған берген жазушының түсініктемесіне иек артсақ, егерде Абайдың жолына Құнанбай көлденең тұрмаса, Құнанбай бұл дүниеге келмесе Абайдың бақыты ашылып сала берер еді – деген емеуірін танылады. Тіпті мұның өзі автордың көркемдік концепциясына қарсы. Құнанбайдың көзі құрығанымен де қоғамдағы, Абайдың жеке басындағы қарама-қайшылық жойылып кетпес еді. Қайта М.Әуезовтің өзі атап көрсеткеніндей: «Абайдың көңіліндегі иманы — әкесінің сөзі (болмап па еді). Содан ұғынуы бойынша, әкесінің жауын – жаулап, досын – дос санады... Әкесімен жауласқан кісіге – сол әкесінің салмағына жақын салмағы бар мықты, бетті, жүйрік ер жігіт боп көрініп, қолы мен тілі қатаң тие (бастамап па еді)... Әкесіне кім жау болып, кім достықтан тайып, жау жағына шығып кетсе, соның барлығын неге кеткен себебіне қарамай-ақ алысатын, ұстасатын жауым деп біліп, айланы, ашуды, білімді де құрал қылып соңына түскен, әке тұсындағы дәуренді қайта орнатып, көп елді құлақтан басып, ауыздықтап мініп, бағындыру жолына еңсесін сала шаппап па еді... Жас күнінде әкесімен жауласқан Жігітектің 17 кісісі Сібірге айдалады... 70-жылдардың артынан Абай бұрынғысынан да екпіндеп кіріседі... Сонымен 86-жылы көрсету қатты молайып кеткендіктен көп мөрлердің себебімен Абайды жер аудартуға жақындайды... Мінеки, осындаймен 98-жылға келгенде... Абайдың өзіне қамшы тиіп,... бетіне таңба түседі» (52).

Міне, дәл осындай Абайдың жеке басындағы қақтығыстар мен қысасқа: «Дүние сөзін сөйлемеймін»,– деп ешбір жанмен тіл қатпай қойып, оңаша үйде шымылдықтың ішінде жалғыз отырып, құдайға құлшылық қылумен болған» (сонда) қажы Құнанбайдың қандай қатысы бар. Әлде, жазушы: «Адамның қай мінезі өнері болса, сол мінезі айыбы да болады» деген Құнанбайдың өз сөзін өзіне қару ретінде жұмсап, айып есебінде танып отыр ма? Тарихта өткен Бөжей мен Құнанбайдың арасындағы қақтығыстан өзге-аға сұлтан, мырза, қажы Құнанбайға танылған күнәлар мен зұлымдық оқиғаларды шындығына, мотивировкасына, әлеуметтік астарына, имани сыпатына назар салайықшы. Құнанбай қолдап, әділ үкім шығарып, тиым салған бейбастықтың барлығы – жақсылық, ол қолдаған, ұстанған, жүзеге асырған имани әрекет тегістей жексұрын көрінетіні несі? «Екі күймек – бір жанға әділет пе?» (Абай).

Шығармадағы көркем шындық қайсы, өмірлік шындық қайсы?

Құнанбайдың мойнына адам құнын арқалатқан, зұлым да қатыгез етіп көрсеткен бірінші оқиға – Қодар мен Қамқаны түйенің өркешіне дарға асқызуы. Иә, бұл өмірде болған оқиға, жазаны шариғат жолымен жүзеге асырған – Құнанбай (53). Өте қатал да тосын үкім. Бірақ, жалғыз ұлы өлген соң жесір қалған келінінің қойнына барып, ақыры елсізге алып қашып кетіп, әуейі болған Қодардың қылмысын қалай ақтауға болады? Солардың соңынан ере кетіп, әуейілік құрған бозөкпелер мен бойжеткен қыздарға кім тиым салады. Атасы мен келінінің арасындағы қасиетті сыйласымдықты зинақорлыққа айналдырған Қодар мен Қамқаға қандай сот кешу береді? Егер мұндай бейбастаққа үкім кеспесе, қазақ жұрты азып, тозып, ар-ұяттан айрылмай ма? Бір елдің тізгінін ұстаған Құнанбай оны билер келесіне салып, ашық сот жүргізіп, жазаға тартуын қандай заң жоққа шығара алады. Бұл – қасиетсіздікке үкім, ұрпаққа ескерту, ұлттың ұятын қорғау. Ел иесі ретінде сондай шешімге барғаны үшін де Құнанбай жазықты ма?

Бетпақтың аты – бетпақ.

Үрім-бұтақтың жүзіқаралық індетке ұшырамауы үшін жасалған қатал да әділетті кесім. Егер Құнанбай өзінің қатаң қимылы арқылы жастардың жүрегін тітіркендірмесе, дарға асылардың алдында қымсынудың орнына: «Соңғы тілегім – Қодарды бір иіскетіндерші» (54.136) деп қылымсыған Қамқа сияқты қарлардың көбеймесіне кім кепіл. Ата мен келіннің, әке мен баланың ар ұятын, қыршында кеткен әруақтың ар-ұятын айғыздатпағаны үшін де Құнанбай жазықты ма. Қарғайтын емес, алғайтын қасиет. Жазушы өзінің көркем қиялын: «Қодардың күнәсі жөнінде алдымен қанқу сөз таратыпты, содан соң асып өлтіріп, қанды қолының ізін жасыру үшін қырық рудың билеріне қырық кесек лақтыртып, тағы бір айла жасапты. Сонда өз қолымен қолдарына кесек атқан ру басылары оны Құнанбай өлтірді деген сөзге дәлел таппапты. Осы шындықты білгеннен кейін ғана мен жайлаудағы Қодарға байланысты оқиғаның шындығына жеттім» (3. 12. 113) – деп тарихи шындық ретінде түсіндіруге ұмтылуы өзін-өзі ақтамайды. Өйткені Құнанбай Қодар мен Қамқаны нақты елбұзар зинақорлығы үшін өлім жазасына кескен. Оны былай қойғанда 1933 жылғы мақаласында, «Абай» романының бірінші нұсқасында Қодар мен Қамқаның әуейілігі ашық айтылмаушы ма еді? Демек, көркем шығармада емес, «Абай» романының жазылуы жайынан» атты мақаласында айтылған жоғарыдағы пікір қиянат. Осы арада бір кілтипан бар. Себебі, жазушыға орасан зор көмек көрсеткен Әрхам Ысқақовтың өзіне дүрсе қоя беріп, оның естелігін істен алғысыз етіп сынап: «Ең әуелі Құнанбай басына келсек, бірінші Құнанбайдың Қодарды өлтіргенін жасырады» (4. 306) деп қиялдан туған қисынды қылмысты нақты өмірлік дерек ретінде ұсынуды талап етеді. Және оны көз жұмарынан бір жыл бұрын – 1960 жылы 4 қазан күні жазып отыр.

Мұны қалай түсінуге болады? Шығарма жазылып бітіп, арада уақыт өтіп, әуелгі шығармашылық ыстық жүрек табы суыған сайын жазушы мен оның басты кейіпкері арасындағы қарым-қатынас күрделеніп, бара-бара қарама-қайшы сипатталып бара жатқаны несі? «Ойын бітті. Енді шындап айқасайық» дегендей суреткер жетекші тұлғасының өмірдегі тағдырына да араласып, оған жеке үстем көзқарасын орнатуға ұмтылғандай сыңай танытқаны несі? Бұл – романдағы көркем шындықты қорғағаны ма, жоқ, ширек ғасыр бойы қиялын билеген оқиғаға соншама сеніп кеткендіктен бе, Әлде...

Дәл осындай сұрақты Құнанбайды жексұрын, қатыгез, шариғатшыл етіп көрсететін Әмір сал мен Үмітей қыздың арасындағы ғашықтық хикаясына да қатысты Қоюға болады. Тарихи дерекке жүгінсек бұл арада да Құнанбай күнәдан сыртқары. Оның екі машайықтың алдында да, елдің алдында да, заңның алдында да жазығы жоқ. Мұны М.Әуезов жақсы білген және «Қаракөз» пьесасында бояуын сіңіре суреттеген. Өзінің бұл қадамын ақтаған сыңай танытып: «Енді ол (Құнанбай) мораль сақтағансып: Әмірді, оны сүйген Үмітейді сол ниетіне құрбан етпек болады» (3. 12. 121) – дейді сенімсіздеу желеумен. Бұл арадағы «мораль сақтағансып» – деген тіркестің үлкен мәні бар. Үмітей мен Әмір туралы ілгеріде егжей-тегжейлі баяндап өткендіктен де қысқа қайырайық. Қазақ жеті атаға толмай өзара қыз алыспайды. Ал Әмір мен Үмітей бір әкеден туған ағайынды екі кісінің ұлы мен қызы, Құнанбайдың өз немерелері. Ырғыз байлылығынан сескенген жұрт олардың бұл «серілігін» Құнанбайдан жасырады. Екі әйелі, балашағасы бар Әмірдің астамсып кеткені сондай Үмітейдің ұзатылып барған жеріндегі шымылдықтың ішін босатпайды. Бұл – басыну ғана емес, қанша Ырғызбай тұқымы, сал-сері болса да арсыздық еді. Сүйекке таңба! Жазушының өзі: «Абай Әмір мен Үмітей үшін мына жұрт өсегінен қысылып кетті... Мыналарға да, өзіне де ауыр болады-ау деп қысылу үстіне ұялып та барады», «Шолактеректегі ел бұл келіске сұмдықтай қарады. Сол ауылдардың аталық, елдік абыройын таптағандай көрді» , «Үмітей болса бұған сіңлі (анығында қызы Т.Ж.) есепті еді. Айғыз сол өз төркінінің тойынан ашуланып қайтты» (1.4.234) деп емеуірін танытады. Тіпті Құнанбайдың ата жауының өзі Қаратай да: «Сені мен менің өлер күнімізде бетке таңба түсті. Сені аяғанмен айтпай тына алмадым. Өзге кімге айтушы ем!» – деп қипақтайды. Абайдың өзі: «Бұларды шариғат та қосады» (1.4.236) – деп арабтардың немерелес туыстарына үйлене беретінін меңзейді.

Ол – мұсылман болса да – араб! Ал, Құнанбай және оның екі немересі қазақ еді. Ал қазаққа ағасы мен қарындасының қойындас болуынан өткен масқара, мазақ жоқ! Ендеше Құнанбайдың: «Менен туған арам қан, бәдбақыт нәсілдерім мына екеуі. Жаратқан ием, я Кәрім Алла, менің қолымнан өлтіртпедің. Бендең болған бар тілегім сол болсын. Ал мына екеуін! Жібер өзіңнің ақ бұйрықты ажалынды. Уын, зәрін өзгеге жаймай тұрғанда, жой көздерін, жоғалғырлардың!» деп, қолының сыртымен теріс батасын беруі «(1.4.237) – сауап! Осы үшін де Құнанбай ақ некелі махаббатты қорғағаны қатыгез боп шыға ма?! Егер атасы мен келінінің, ағасы мен қарындасының әуейілігіне тыйым салмаса – Құнанбай – Құнанбай бола ма, ел билей ме? Үрім-бұтағының азғындық жолына түсуіне қалай жол беріп қояды. Құнанбайдың бұл қаталдығы – қатыгездік емес, қатал да әділ үкім!

Ендеше бұл үшін де оны жазғыра алмайсың. Қарғамайсың – алғайсың! Өйткені өз мүддесі емес, ұлттың ұятын арашалап отыр. Мұны: «екінші желіде Оралбай, Әмір, Абай тоғысады – бұл феодализмнің қатал заңына қарсы күрестің көрінісі» (1.4.311) – деп Әмір мен Үмітейді бүркемелей ақтау, сол үшін Құнанбайды тағы да тұқырта нұқып, соқыр көзін шұқу – ойын тәртібінен тыс тәсіл.

Құнанбайға тағылған үшінші айып – «дін жолындағы құлшынысы». Соның ішінде немересі Әмірді «салалы саусақтарымен шеңгелдей қылқындыруы». Жазушы бұл оқиғаны Әмір мен Үмітейдің әуейілігі тұсындағы теріс батамен қабаттаса суреттейді. Рас, Құнанбайдың «діндарлығы мен ел билеу жоніндегі ірілік, мықтылығы, алысты болжағыш ақылдылығы, мінезінің суықтығы, қаттылығы, сонымен бірге мырзалығы, намаз оқушы кедейлерге ат, киім беруі, әншейін орта қалыптағы қазақтан кесек болғандығы», «ақыл мен сөзге, келелі кеңеске билік, байлауға келгенде көпті тоқтатып, орта жүздің басты билерінің қатарындағы кісі боп саналғаны» ақиқат жайлар. Бірақ Мекеден келген соң «дүние ісіне араласпай тек жатқан», Алладан ақ өлім мен иман ғана тілеп, фәниден уаз кешкен тірі әулие Құнанбай, жат емес, туған атасы Құнанбайдың намазын бұзу үшін таңғы мінәжатқа ұйып отырғанда жынды емес – әумесер, сал-сері емес – сайтан, бала емес –қос қатыны, үш баласы бар әке – Әмір жайнамазды аяғымен баса отырып aп, «Жалаңбұт» атты көргенсіз күйді тартып, саусағын, тілін шығарып, бет-аузын қисандатып:

Сыпыра бойдақ, сылқылдақ,

Буыны жоқ – былқылдақ.

Сұлу келіншек, сұлу қыз,

Кез келсе — Әмір сылқылдат.

Сылқылдат, Әмір сылқылдат!, –

деп ән айтқан есерсоқ немересінің «алқымынан, жалаңаш мойнынан сығымдап қысып кеп буындырып, өзіне қарай сілке тартып, қинамағанда» Құнанбай не істейді!

Әмір – Біржан сал да, Ақан сері де, Үкілі Ыбырай да, Әсет те емес. Алланы, атаны, ана сүтін сыйлаудан қалған «қасиетсіз арам қан!». Сондықтан да «Қызарып атқан таңда, мынау зауал таңда... аталық қарғысын айтуы» да орынды. Қайта осыншама қорлық пен мазаққа көнген Құнанбай көмпіс, шыдамды, сабырлы жан. Жайнамазды аяғымен басу – бетіне түкірумен пара-пар басыну. Өзгеге шыдаса да азғындыққа шыдамаған жан ашуы, айтқан лағынеті!

Міне, осы үш оқиға үшін Құнанбайға қарғыс қамыты кигізілді. Абайдың арашада жүруі сиымды да сенімді. Тіпті көркем шығармада солай-ақ көрсетілсін. Бірақ кейіпкер емес, тарихи тұлға – Құнанбайды қиянаттың қылбұрауымен қылғындыруға болмайды. Өкінішке орай, көпшілік қауым көркем шындықты өмірлік шындық деп қабылдап, қиялға сенуменен келеді. Тіпті бұл ұғым жалпы ұлтқа сіңісті болып кетті. «Кісі айыбын айтпақтан оңай жоқ, өз айыбыңды өзің айтқаннан ауыр жоқ» – деген Құнанбайдың «айыбын» исі қазақ қауымы жарты ғасыр бойы бетіне басты. Енді Құнанбайды қорлап келген өз айыбымызды айтатын кез де туды.

Сонда Құнанбайға қаратыла айтылған қатал да қисынсыз көркем шындықтың тарихи айғағы, дәлелі, дәйектемесі қайсы? Ол...

 

2

 

Бірінші, ол – көркем уақыт. Екінші, сол замандағы қоғам. Үшінші, сол қоғамда өмір сүрген адам психологиясы. Осы үш қисынның тоғысынан барып тарихи көркем ой туындайды. Өйткені: «Тарихи көркем тұжырымның барлық саласы: текстің жазылу тарихынан бастап – өмірлік шындыққа дейінгі, әдебиет тарихы мен жалпы тарихтан бастап – сол мәселенің өзінің шешімді тарихына дейінгі тарихи ой жүйесі – біздің іліміміздің жұлын-жүйкесі, оның дәлелінің тамыры және әдебиеттану ұстыныңың тәуелсіз сұңғағы» (47. 60) болып табылады.

Мұхтар Әуезовтың көркемдік әлемі де көркем шығармашылықтың зандылықтарына жататын нақты тарихи уақыт, суреткер уақыты және көркем уақыт деген үштіктің бірлігі мен «дәлсіздік пен белгісіздіктен» бастап әлемнің көркем бейнесін жасауға мүмкіндік беретін кеңістікке (47. 197) дейінгі аралықты қамтиды. Сырттай қарағанда кеңістік пен уақыт ұғымының жігі ажырамағандай көрінгенімен бұл өте күрделі, дүниетаным мәселесіне тікелей қатысты және кеңес тұсында идеологиялық сыпат алған шетін тақырып. Көркем кеңістік мәселесі жетпісінші жылдардың аяғында ғана зерттеле бастады (Қараңыз: 19. 1-15). Ойымызды түсіндіре кету үшін сәл ғана түсінік бере кетейік.

Кеңістік пен уақыттың соншалықты ділгір мәселеге айналуы – дүниеге деген идеалистік және материалистік таныммен тамырласып жатыр. Егер өнердегі көркем кеңістікті мойындасақ, онда бір ғана жаратушының бар екенін, оны әр адам: 1. Космогониялық мифтік түйсін арқылы елестететініне. 2. Оның ұлы сарынын, аянын жеткізетін иеміз бен киеміздің бар екеніне бой ұсынуымыз қажет. Яғни, әуелі сана, содан кейін – болмыс. Ал материалистік таным, марксизм-ленинизм ілімі мұны жоққа шығарды. Сондықтан да түйсіктегі ұғымның барлығын уақытқа сидырды. Өнердің де шегін уақыт, яғни, тарих мөлшерімен өлшеді. Нақты тарихи уақыт, суреткер және көркем уақыт деген қағидалар соның нәтижесінде дүниеге келді және кеңістік ұғымы көркем уақыттың ішінде қарастырылды. Бұл сәйкессіздікті Б.С.Мейлах, В.Л.Глазычев, М.С.Коган, В.В.Иванов, М.А.Сапаров, Г.М.Мотылева, В.В.Молчанов, В.Б.Храпченко, О.А.Дашкевская (19. 1-15) іспетті ғалымдар талдап, әдебиеттанудағы жаңа бағыт туралы батыл пікірлер білдірді. Академик Д.С. Лихачев орыс жылнамаларындағы кеңістік пен уақыт мәселесіне ерекше назар аударды. Б.С.Мейлах «Пространственновременные представления, сохраняя свою объективную основу, становится не только средством мыслей, чувств и переживаний героев и автора, но и служит образному обобщению сложнейших процессов действительности. Так в руссқой литературе еще Пушкиным были открыты возможности разнообразных операций со временем, поэтические способы «останавливать» время, «растягивать» время, способы микроанализа быстротекущих переживаний, прихотливого сочетания временных пластов и временных планов – все это во имя художественного познания жизни и воплощения внутреннего мира, тоненьких душевных движений – (19. 3. 8. – мәтінді түпнұскадан әдейі аудармай алдық – Т. Ж.) деп атап көрсеткеніңдей, кез-келген даналарға тән түйсікпен М.Әуезов те кеңістік-уақытты емін-еркін игерген.

М.Әуезовтың көркем кеңістігі – көшпенділер әлемі. Ал оның көркем жобасы (Д.Лихачевте – образ) – «Абай жолы» роман-эпопеясы. Көркем кеңістіктің елесі, ойлау жүйесі, бейнесі (образы), сарыны суреткердің жадынан, түйсік болмысынан, сана сәулесінен оянған. Суреткер көшпелілер кеңістігіне сол көшпелілер әлемінің ақыл-ойы, сарыны, мұқым болмыс-бітімі бойына ұйыған дана кейіпкері хакім Абайды шығарады. Ал көркем кеңістіктің шыңына шыққан Абай өз кезегінде: «қуарып, шошайып қалған жалғыз ғана қу ағаш» боп «көк аспанға тіл қатты. Не жазып ем, не сұмдық, не зұлымдық етіп ем. Біттім, міне, тек көк аспан куәм едің сен, сенен ғана сұраймын. Сорымның да куәсі, көгерген гүл атқан шағымның да куәсі сен едің – кең көк аспан! Сен ғана бір айтшы... Мен өлейін, бірақ сол сан жылдарда сенің желдерің қуып әкеткен гулдерім, дәндерімнен ұрпақ, нәсіл қалар ма?» (1. 6. 439) – деп Мәңгілік кеңістікпен бақұлдасады. Мұндағы «қуарған ағаш» уақыттың, «кең көк аспан» кеңістіктің нысаналы белгісі. Аспан – Мәңгіліктің, ағаш уақыттың өлшемі. Қазақ ертегілеріндегі аңыздың сарыны, мифтік бейне бойынша Бәйтерек – кеңістік пен уақыттың арасындағы көпір. «Ертөстіктегі», «Күн астындағы Күнікей қыздағы» Бәйтеректер сол кеңістіктің белгісі. М.Әуезов: «...биік басына шыққан зәулім өскен алып шынар құлады» (1.6.441) – деп Абайдың уақыты біткендігін айтып отыр. Ал оның рухы – Кеңістікте, Мәңгілік «кең көк аспанда». Абай арқылы Әуезов кеңістіктің түпкі иесімен тіл қатып тұр.

Көркем кеңістік – кәдімгі уақытқа тәуелсіз. Сондықтан да абсолютті шындыққа жақын. Көркем уақытты бір сөзбен, бір сөйлеммен немесе бір-екі ауызекі пікір алмасумен қадым ғасырдан бүгінгі күнге әкелуге, заманалар мен дәуірдің орнын алмастыруға не белгілі бір мезетке тоқтатып қоюға болады. Екі дүниені қатар қойып жарыстыра салыстыруға да суреткердің еркі бар. Бірақ бұл – уақытқа шексіз өктемдік жасау деген бейпіл қағида емес. Оның да өзіндік логикасы мен заңдылығы бар. Уақытты тоқтата ма, соза ма, жоқ тездетіп жүргізе ме, бәрібір, тек тарихи шындықпен сәйкес келетін шартты уақыт межесін таңдап алуы тиіс.

Мұхтар Әуезовтің таңдаған уақыты – «тарихи мүмкіндіктердің ауысқан кезеңі», «қазақ халқының жүз жылдық тіршілігі» (4.312) яғни, ол көшпелілер әлемінің заман талқысына түскен, мәңгіліктің тұңғиығына батуға бет алған тұяқ серпер дәуіріндегі барлық қайшылықты құбылыстарды қамтуға салауат алды. Осынау тарихи кеңістік жазушының құзырына несиесіз көшті. Енді сол құзырындағы уақыттың шекарасын анықтап, оған шартты фабулалық сыпат беріп, тарихи оқиғаға деректік дәлел ұсынып, өлі уақытты тірілтетін рухани қуаттың көзін табуы тиіс. Бұл ретте Мұхтар өзінің алдына: «өзінің романдарында Абай арқылы қазақ халқының жарты ғасырлық өмірін көркем сүзгіден өткізуді» (4.316), «оның өмірін, күресін, өскен ортасын, өз басынан кешкен өмір тіршілігінің нақтылы деректері арқылы тарихи жағынан дәл, дұрыс суреттеуді, деректердің ішінде қоғамдық мәні бар ірілерін де, жеке басқа, от басына ғана тән ұсақтарын да... кейіпкердің жан дүниесіне жинап, ой-сезімінен, ақыл сарабынан өтіп, ... соның бәрі ақынның шығармасында сәулеленіп, оның дәуірін бейнелеуі шарт» (3.12.308).

Қаншама ұлы талант иесі болса да енді осынау өзі тандап алған уақыт шеңберінен шығуға қақысы жоқ. Оқырманнан бастап оқымыстыларға дейінгі аралықтағы қауым сөз иесінен тек сол дәуірге қатысты кез-келген тарихи дәлелді талап етуге, уәж айтуға, пікір таластыруға, қабылдамауға ерікті. Өйткені саған бір ұлттың ғана емес, мұқым абсолютті уақыттың тарихын өзіңше пікір саумалын пісіп, ой ұйытып, тұжырым қорытуға сеніп тапсырды, талантыңның жауапкершілігіне жүктеді.

Мұхтар Әуезов уақыт шекарасы ретінде Құнанбайдың аға сұлтандыққа сайланған тұсын меже етіп алды. Бұл, милади есебі бойынша 1849 жылдың 16 шілдесіне тура келеді. (20.1.4387., 13-14). Суреткердің өзі мұны: «Абай кезіндегі қазақ даласында күні өтіп бара жатқан, бірақ тамыры әлі де тереңдегі Ескіні мен Құнанбай образына жинақтадым. Ал оның баласы Абайдың бойында енді туып келе жатқан Жаңа бар» (3. 12. 108) – деп өзінің көркем уақытының шекарасын нақтылап береді.

Бұл – Құнанбайдың аға сұлтандыққа сайлануынан бастап Абай өлгенге дейінгі аралықтағы тарихи уақытты көркем уақытқа айналдыруға толық кепілдік алғанының белгісі. Сол межедегі заманалық құбылыстардың барлығын қалай өзгертемін, оқиға мен уақыттың орынын қалай алмастырамын, қай оқиғаға кімді араластырамын десе де өз дәргейінде. Тек ол Құнанбай мен Абайдың көркем бейнесіне қызмет етсе болғаны.

Өйткені көркем уақыт сол екі тұлға үшін салауатқа беріліп отыр. Келіспеуге, дауласуға, наз айтуға ырықтысыз. Бірақ айыптауға құқыңыз жоқ. Көркем шығарманың қасиетті мақсаты мен міндетінің ең қасиетті заңының бірі осы.

Міне, осы арадан бастап тарихи дәлел мен тарихи тұлға толықтай жазушының еркіне көшеді. Мұхтар Әуезов бұл мүмкіндікті барынша толық және даналық пайыммен қапысыз пайдаланды.

Шындығын айтқанда, сондай қисынды, сенімді, дәлелді, әсерлі көркем уақыт пен көркем шындықтың алдында тарихи уақыт пен тарихи шындық көмескі тартып, жай ғана күңкіл әңгіме болып қалды. Бұл арада, негізгі ой арқауы жазушының көркем уақытты тандауы туралы болып отырғандықтан да, оның алғаулы дәлелі көркемдік тұрғыдан өзін-өзі ақтады ма, жоқ па және оны қалай жүзеге асырды деген сонарлы соқпаққа түспейміз. Ол дербес талдаудың еншісі. Алайда творчестволық лаборатория мен психология тұрғысынан сараласақ, М.Әуезовтің көркем уақыттың орындарын сондай нәркес те нәзік желі арқылы жымдастыра ауыстырғаны аңғарылады.

Роман-эпопеяның ұлы сүйегін ұстап тұрған негізгі арқау – осы көркем уақыт. Мұхтар «ақын Абайдың қалыптасуын... ескі мен жаңаның диалектикалық қарама-қайшылығын, күрес нәтижесін, ескіні жаңаның жеңуі үшін» (3. 12. 108) - әкесі мен баласының өмір сүрген уақытын алмастырды. Аға сұлтан Құнанбай ақын ұлын тарих сахнасына иығымен көтеріп шықты. Абайдың жолына өзі баспалдақ болып қаланды. Суреткер еріксізден еріксіз Абайды он бес жасқа есейтуге, тарихи оқиғаларды бері жылжытуға мәжбүр болды. Өйткені заман қайшылығы мен көркемдік шындықтың өзі соны талап етті. Көркем уақытқа сәйкес көркем айғақ, көркем дерек қажет. Әйтпесе, Абай бейнесі «етекбасты» күйінде қалатындай қауіп төнді. Сондықтан да Мұхтар Әуезов еріксіз еркіндікке барды.

Мысалы: I. Жас Абайдың жүрегін түршіктірген Қодар-Қамқа оқиғасы Абай дүниеге келмей тұрып, одан 10 – 15 жыл бұрын өткен болатын. 2. Әйгілі Мұсақұл соғысы тұсында Абай бесіктен енді ғана шыққан, бір жасар сәби. 3. Құнанбай аға сұлтандыққа сайланған кезде Абай төрт жасқа енді толған еді. 4. Ал Бөжейдің асында Абайдың кісі күтіп жүруі мүмкін емес-тін. Өйткені Бөжей 1853 жылы дүниеден қайтты. Абай онда жеті жаста. 5. Базаралы «итжекенге» Құнанбай емес, Абай болыстық құрып тұрған кезде Зағипа қыз бен Нұрғанымның арасындағы махаббат машаһаты үшін айдалды.

Тарихи шындық пен уақыттың ақиқаты осы. Ал бұл оқиғаларды алып тастасаңыз, не оның барлығы Абайдың қатысуынсыз өтсе – «Абай» романы қандай күйге түсер еді? Әлем әдебиеті, оның ішінде қазақ руханияты ұлы Абай бейнесінсіз қалатыны сөзсіз. Даналардың уақытқа бағына бермейтіні, өз «заманына сыймайтыны», «замананың ақыры оны илейтіні» (Абай) сондықтан. Өйткені уақыт мәңгілік, адам фәнилік. Тек көркем уақыт пен көркем шындық қана оны тірілте алады. Қалпына келтіреді. Екінші өмір береді. Көркем уақыттың шекарасын дәл анықтап, уақыт шындығын сара санамен белгілей білгендіктен де Мұхтар Әуезов Абайдың көркем өмірін ұзартты.

Енді көркем шығарманың көркем уақытына сай сол уақыттың жетекші тұлғасы анықталуы тиіс. Ол тұлға уақытын қозғалысын, бағытын, мінезін, тіршілік ырғағын, қоғамдық қоллизиясын, еркін, нысанасын, өмір сүру тәсілін, ішкі қайшылығын, адамдардың арасындағы психологиялық шиеленісін, ерік-жігерін, жалпы алғанда мұкым шығарманың болмысын анықтап береді. Анықтап қана бермейді, өзгені өзінің дегеніңе көндіріп, айтқанын істетеді. Кемеліне келген, ырғақ-екпін алған, ішкі рухы қуатты тұлғаланған каһармандар тіпті автордың өзіне жөн көрсетіп, оған бағынбай, бәсекеге түседі. Мысалы «Соғыс және бейбітшіліктегі» сері князь Андрей Болконский Толстойдың еркіне көнбей, Бародино майданында жаралы күйінде Наташаға көрінгісі келмей, ажалды таңдап алған. Соның нәтижесінде «Декабристер» атты романын жазудан еріксіз бас тартқан. Өйткені Болконский образын Сенат алаңына әскер бастап шығаратын жетекші тұлға ретінде дайындап келе жатқан екен. Болконскийді өлтірмеу – суреткердің құзырында. Бірақ дана Толстой көркем шындықтың заңына бағынған.

Көркем шығармадағы ең күрделі әрі қиянатты көп көретін, тарихи бейне болса маңдайының соры қалындай түсетін, қашан күйреп тынғанша бетінен қайтпайтын кейіпкер – осы жетекші тұлға. «Абай» романында бұл міндет Құнанбайға жүктелді. М.Әуезов Құнанбай тұлғасы арқылы: «Абайдың қалыптасу жолын... ескі мен жаңаның диалектиқалық қарама-қарсы күресінің нәтижесінде... ескіні жаңаның жеңуін ашуға тиіс болды. Құнанбай образы идеялық жағынан алып Қарағанда, сол дәуірде қазақ даласына ...еніп келе жатқан, келешегі зор жаңаның жолындағы кедергіні ескіні көрсету нәтижесінен туды... Абай мен Құнанбай образының қарама-қарсылығындағы параллель де кездейсоқ нәрсе емес, мұнда композициялық бүтіндік, авторлық замысельдің бірлігі жатты» (3. 12. 117). Сөйтіп, уақыттың қайшылығының өзі, яғни, Тарихи уақыт пен Көркем Уақыттың қайшылығы – шығарманың композициялық желісіне айналды. Заман қайшылығын әкелген – Құнанбай, ал Абай көркем уақыттың қайшылығы арқылы заманға қарсы шықпақ... Өте сұңғыла шешім. Ырақ, қалай дегенмен де, шындық Құнанбай жағында. Өзі ұсынып, өзі иландырған Құнанбай туралы қиянат шындыққа өзі де қатты сенген М.Әуезовтің Ә.Жиреншиннің еңбегіне жазған пікіріндегі: «Абай мен Құнанбай алшақ болмаған» деп және Құнанбайдың Мекеге бару сапарын дәріптеу кімге керек? Оны Құнанбайдың әруағына осы күнге дейін тауап қылатын құнанбайлықтардың тоғышар теріс нәсілдерінің сыбағасына беру керек» (4. 298) деген салғырт ойды кейіпкер мен сөз иесі арасында қалыптасқан творчестволық психологияның тылсым жұмбағының біріне балаған абзал. Мұндай түсініксіз күй ұлы жазушылардың бәрінің де басынан өткен.

Жетекші тұлға анықтап берген көркем уақыттың тарихи тартысына қарай кейіпкерлер жүйесі іріктеледі. Әр кейіпкердің өзіндік мерзім-мезгілі, жас мөлшері, өмірбаяны сол суреттеліп отырған заманға сәйкес орайластыра жасалады. Абай өмірі көрмеген Қодар мен Қамқаны тірілтуі соған айғақ. Бар мен жоқтың, қиял мен шындықтың, табиғат маусымдарының қисынын (мотивировқасын) қиыстыратын тұс осы. Романға қиыспай қалған Қиясбайдың – Дәрмен боп, Шәкәрімнің бар жақсы қасиеті мен дастандарын иемденіп шыға келіп, тосыннан шығармаға киліге кетуі; Базаралының «дүние ісіне араласпай, тек жатқан» Құнанбайдың қолынан жер аударылуы, қыр қазағының құлағына түрпідей тиетін қара шекпендер мен жатақтардың Абайдың үйінің табалдырығын тоздырып жүруі – сол көркем шындықтың заңдылықтарына жатады. Бұл арадағы уақыт өткінші уақыт, жетекші тұлғалардың көлеңкесі ғана. «Бірен-сараны болмаса, романдардағы кейіпкерлердің бәрі түгел дерлік өмірде болған адамдар: әрине, олардың бәрі бірдей белгілі тарихи роль атқарып жатқан жоқ, бірақ Абай айналасында өмір сүріп, тіршілік еткендер. Сондықтан, азамат ақынды, оның дәуірінің шындығын көрсетуде бұларды елеусіз қалдыруға болмайтын. Олардың шыққан тегі, істеген істері шындыққа дәл» (3. 12. 110) еді.

18-7

Тарихи дәлелдің көркем Уақыттан талап ететін тағы бір басты айғағының бірі жер аттары, табиғат суреттері, хайуандар әлемі. Құнанбайды – Ырғыздың, Абайды – Кеңгірдің бойында туды: Қаратауда өмір сүрді, құлан аулады, есекке мінді, тауыс ұстады; жатақтар – күріш, қарашекпендер – қауын екті – деуге болмайды. Достоевский «Қылмыс пен жазадағы» оқиға өтетін үйдің баспалдағына шейін дәл санапты. Толстой «Соғыс және бейбітшіліктегі» суреттелетін ортаның алаңқайлары мен ағашын да сол қалпында бейнелепті. Бұл өте түйінді мәселе. Өйткені табиғат — уақытпен қоса өзгеріп отырады. Көркем шындық сол жоғалған тіршілікті қалпына келтірудің және оның өмірде болғандығына сендірудің бірден-бір мүмкіндігі. Достоевскийдің шығармашылық психологиясының тамырына зейін қойған Д.Лихачев ғұлама: «Кейіпкерлерінің нақты тұрған жері, шығармаларындағы оқиғалар өткен мекен-жайы оқырмандарын қатты қызықтырған одан (Достоевскийден) басқа жазушы табыла қояр ма екен. Достоевскийдің оқырмандарының ішкі жандүниесіндегі осынау құлшыныс – көркем әсерді толықтыруға деген құштарлықтан туған... Топографиялық дәлдік – оның көркемдік мақсатына ғана емес, жалпы шығармашылық әдіс-тәсілінің өзегіне айналды. Өзі сақнаға шығарған образына актер қалай кірісіп кетсе, сол сияқты Достоевскийдің де өзі суреттеп отырған көріністің шынайылығына сондай сенді әрі сене отырып өзі де соның ішінде жүргеніне күдіксіз иланды» (47. 53, 55) – деп жазды. Ал Мұхтар Әуезов көркем уақыттың табиғатын қиялдың қуатымен тірілткен жоқ, өзі соның ішінде өмір сүрді. Жетекші және қосымша кейіпкерлері өмір сүрген ортаның рухани картографына айналды. Мұхтардың: «Жер әңгімеші, жер әңгімеші болған соң – ел әңгімеші. Жер – анасы, ел – баласы деуге болады. Ел айтқан әңгімені ел мекені, ер бесігі жер де айтады. Көз жібертсең, көңіл тоқтатсаң, тыңдап көрсең – көпті айтады. Алдымыздағы, айналамыздағы көк өзен, өлке, қойтас, қырқа, бұлақ, шалғын – барлығы да қазақ халқына сүйікті, қымбат болған, көп-көп өлеңнің туған ұясы, тербелген бесігіндей. Бұл жерлер – әсіресе әңгімеші жерлер» – деп жазушының өзіне өзі мінездеме бере толғануы да сондықтан.

Бұл реттен алғанда «Абай» романы қазақ даласының қағаз бетінде жазылған картасы мен салынған сурет деуге толық негіз бар. Өйткені: «романдардағы географиялық атаулар, пейзаж бәрі де шындық. Әсіресе, пейзаж Абай туған даланың жай, жалаң көріністері ғана емес, тірі табиғаттың сырлы суреттері. Түрліше оқиғаларға куә жайлау, қыстау, қоныс аттары өз күйінде алынған» (3. 12, 110). Көркем уақыт пен жер тарихы берген мүмкіндікті қапы жібермеген. Бұл қосымша дәлелді қажет етпейтін қалтқысыз шындық.

Көркем уақыт пен тарихи дәлел тұрғысынан аса ұрымтал, суреткер үшін шешуші әрі түйткілді мәселе – әр кейіпкердің, оның ішінде басты тұлғаның «өзіне жүктелген міндетті» атқару үшін шығарманың ішіне кіретін тұсы. Бұл негізінен көркемдік шешімнің құзырындағы талдауға жатады. Алайда басты тұлғаның оқиғаға араласуы – сол туындының мерзімін анықтап, қалған тарихи дәлелдерді дәйектеп беретін айтулы сәт. Үш күндік жолдың... соңғы күніңде шәкірт бала» – Абай – болашақтағы Мәңгілік екінші өміріне жету үшін «барын салып» «Абай жолы» роман-эпопеясының ішіне кірді. Бұл кезде Абай Құнанбайұлы бар болғаны он үш жаста болатын.

Міне, дәл сол мезеттен бастап романның көркем уақыты өзінің сәт сағатын соқты. Абайдың алдында бүкіл көшпелілер әлемінің Қаражартасы – Құнанбай тұрды. Екі уақыт жалғанның екі жартасы бір-біріне қарама-қарсы жүрді. Олар қашан және қалай, көшпелі әлем кеңістігінің қай түкпірінде қалай қақтығысады ол суреткердің еркіндегі көркем құбылыс. Оған, ал біздің жағдайымызда, «Абайға» Мұхтардан басқа ешкімнің үкімі өтпейді. Енді тек сол көркем уақыттың соңғы сәті жеткенше «Абай өмірден өткенше» Әуезовтің көркем әлемінде серуендеу ғана қалады.

Көркем уақыттың үкімін күтесің.

Ал «Абай» романындағы Заман мен Уақыттың кілтін Мүсірепов дәл тауып берген. Ол пікір мынау: «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда» деген әрбір бөлімнің аттары. Осыны біріне-бірін жалғап, бір саты етсең, қат-қабат, шытырмандар арқылы бел-белеске, өрге, қияға шығып келе жатқан Абайды көресің. Бұл үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы. Сонымен бірге бұл Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысаң, бұл жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құнанбайдың жолы. Үшінші, бұл Құнанбай тобының да, Абай тобының да жолы» (21. 4. 167–168). Әрине, бұл Тарихи Заман мен Көркем Уақыттың жолы.

Сол ұлы кеңістіктің ішіндегі тарау-тарау күре жолдарды тоғыстыратын кіші кеңістіктегі тағдыр соқпақтарына апаратын өмір баспалдақтары қалай қойылған және Құнанбайды қалай құлатып, Абайды қалай шыңға шығарған. Яғни, Абайды «Абай жолына» Құнанбай қалай салып жіберді?

Гәп сонда.

Бұл гәптің түйіні – Заман деп жалпылама айтыла салатын Көркем уақыттың тарихи сәттерінің қақтығысында жатыр. «Аспандағы Ай мен Күннің шағылатын», «Тәңірінің берген өнері, көк бұлттан ашылатын» (Абай) тұсы. Сондай айшықты мезетте суреткер дүниенің тұтқасын ұстайды және бар ащы запыранын төгеді, құдыретін көрсетеді, ақыры құмарынан шығып, солықтап тынады. Көркем коллизия делінетін мұндай шақта дүниенің быт-шыты шығып, ой ұйытқысы ыдырап, рухани жүйкенің жіптері үзіледі. Шығарманың жалпы әсерінің шағымды шағы осы. Суреткердің өзіне берілген шексіз мүмкіндік пен үмітті ақтайтын, руханият тарихына не ұлы, не дауырықпа талант иесі атанатын сын сағаты. Кірпияз да нәзік, қайырымды да қатал, әдепті де әділетті тарихи қауымның көңілі көншіп не құлазып тынатын қадір түні ол. Сол қас-қағым мезет үшін өзінің бүкіл руханиятының тағдырын суреткердің еркіне сеніп тапсырған болатын.

Мұндай зауалды шақтар-көркем Уақыттың қақтығысы сол суреттеліп отырған оқиғадағы ситуациялардың қарама-қайшылығынан туады. Шығарманың тұтастай әсер-болмысы және ондағы көркем Уақыт өзара табиғи түрде жалғасып жатқан, «қуатты ойдан бас құраған» (Абай) тараулы талқылардан құралады. «Бүкіл тұлғалы туындының бойындағы жекелеген тараулардың өзіндік желісі, өзіндік сюжеттік бұралаңы, өзіндік ой қорыту жүйесі болады»... (55. 1. 336). Солардың басы тоғысқаннан кейін барып Уақыт-заман қозғалысқа түседі. М.Әуезов те сол жүйені сақтаған және оны: «Кітаптың бүкіл болмысындағы сияқты жеке тараулардың әрқайсысында оның (Абайдың – Т.Ж.) шығармашылығының өмірлік қайнар бұлағы, ғұмырлық және реалистік тамыры көрсетіліп отырады. Мұндай өмірлік алғы шарттары: 1. Тек қана өзінің, жеке басына қатысты құпия сырлары мен қоса. 2. Үй-ішіне. 3. Қоғамға... 4. Халқына, яғни тарихи оқиғаларға тиесілі дәйектерді қамтиды. Бұл көріністер кез-келген шығармаға, реалистік романға тән сипатпен өзара тоғысып отырады. Мысалы, бірінші тараудағы Құнанбай мен Абайдың, Абай мен Дәркембайдың, Қиясбайдың ұшырасуы сияқты» (4/314) – деп жіктеп береді.

Міне, осыдан кейін барып уақыттық, замандық шындықтарды іріктеу, орын алмастыру, ойдан қосу, қиыстыру басталады. Тарихи дәлел мен көркемдік қисындар көңіл көрігінен өтеді. Талант қуаты мен талғамның төсінде сомдалып, түрленіп, тума шындыққа ауысады. А.Толстой айтқан: «Қиялдың өзі кейде шындықтан да шынайы боп шығады, Иә, нақты шындықтың өзінен де басым тұрады, көбінесе жалаң деректің өзі сенімсіздік тудырады, өйткені – деректі жазбаның өзі – бір ғана көріністің куәсі, ол фотобейне сияқты – адамның қасқағым сәттегі бір ғана бет әлпетін білдіреді, ал оның түртүсінің бет-бейнесінің құбылуын тұтастай қамти алмайды. Өнердің міндеті (портрет жасаудың да) характер, типтік тұлға жасау» (56. XIII. 505) деген уәждің жүзеге асатын кезі осы. Мұхтар Әуезов бұл тәсілді «Абай» романында барынша шебер әрі нанымды түрде пайдаланады. Ал «Абай жолының» екі кітабы тұтастай алғанда көркем қиялға құрылған. Мұнда жазушының еркіне шек қойылмайды. Уақыт та, тарихи оқиға да суреткердің көркемдік мақсатына қызмет етеді. Заманы ортақ үлкенді-кішілі кейіпкерлер мен елеулі-елеусіз оқиғалардың барлығы да жетекші тұлғаның тұрлануына жұмылдырылады. Сондықтан да М.Әуезов: «заңның өзін ілхамға иген Құнанбайдың зорлығын көрсету үшін... Жігітекпен арадағы жаулықты, Бөжейдің соққыға жығылуын Қодардың дарға асылуымен байланыстырады» (4. 314) және қылаусыз байланыстырады.

Міне, бұл – исі әлем әдебиетінде баламасы жоқ көркем уақыт және Мұхтар Әуезовтің суреткер ретіндегі даналығының кепілі болып табылады.

Ал осыдан келіп туындайтын тарихи уақыт сәйкессіздігі, яғни, тарихи шындық пен көркем шындықтың арақатынасы туралы мәселе қаншама зор маңызға ие болғанымен де, тек қана жазушының шеберлігі мен шығармашылық логикасына қатысты қолданатын әдеби пайымдаудың еншісіне ғана тиесілі және ол – дербес талдаудың тақырыбы. Өйткені, тұтас бір әлемге айналып отырған Көркем кеңістіктің өзі де сол жымы білінбей құрастырылған ұсақ бөлшектерден – тағдырлар тоғысынан тұрады. Мұның өзі «дәлелсіз дәлел» немесе «жаңсақ деректер» (неточные материалы) деп те аталады. Онсыз шығарманың тұзы татымайды, дәмсіз-татусыз сұлу сөздердің жиынтығы болып қалады.

Өмірбаяндық құжаттар аяқталған жерден барып өнер туындысы басталады. Себебі, қасаң құжаттар суреткердің топшысына оралып, оның қанатын құлаштай жайып, шабыт аспанында шарықтай шалықтауына жол бермейді. Сөйтіп, шығарма тот басқан көне күндердің шалағай шындығына айналады. «Қиял құсы еркін» қауымның бетін теріс бұрып әкетеді. Ойы мосқал, сезімі тосан, Әліп пен әріпті ғана мойындайтын тарихшының да ықыласын аударып, «құмарынан шығаруы» екіталай.

Сондықтан да: «Көркем образды сомдау барысында қолданылған жаңсақтықтар оқырманның не көрерменнің сол образдың көркем әсерін өзінше толықтыра қабылдауы үшін аса маңызды. Көркем шығармадағы әрбір «жаңсақ деректер» терең зерттеуді қажет етеді. Әрбір суреткердің әр дәуірге қатысты қолданған жаңсақтықтарының көкейкестілігі мен сыйымды мөлшері дәл анықталуы тиіс. Өнердің құрылымы мен құнының бағасы сол зерттеудің нәтижесіне байланысты» (47. 195) – дейді академик Д.Лихачев.

«Абай» романындағы сондай көкейкестілігі мен сыйымды мөлшерін анықтайтын «дәлелсіз дәлелдің», «жаңсақ деректің» бірі – Құнанбай мен Бөжей арасындағы қақтығыс. Бұлардың көркем уақыты сай келгенімен де, көркемдік мотивировка тұрғысынан алғанда екеуінің психологиялық шиеленісін тарихи дәлел растамайды. Өйткені, даланың қос көкжалын таразының екі басына екшеп қойған Қодар-Қамқа оқиғасының өзі бітіспес тартыстың желісі емес. «Ар ұялар іс қылған» қос бетпақты көшпелілер қоғамы да, Бөжей де, Құнанбай да оларды өлім жазасына кесігі, сүйегін отқа өртеткен. Бұл қанды оқиға тұсында жазушының Құнанбайды қаралап, Бөжейді ақтайтындай ешқандай тарихи айғағы жоқ. Олар – заң мен дәстүрлі әдеттің орындаушысы. Оған қарсы тұруға екеуінің де шамасы келмейтін. Қодар–Қамқа оқиғасынан бастап татулық көбесі сөгілген Бөжей мен Құнанбайдың арасына Абайдың елші орнына жүруі де қисынсыз. Сондай-ақ «М. Әуезовтің «Абай» романы туралы» деген аты шулы басылымның арандату ықпалына еріп Мұхтардың: «Мақалада бұдан кейін: Автор: дала жыртқыштарының бірі, Жігітек руының көсемі Бөжейді – халықтық кейіпкерлердің қатарына қосып, сый-сияпат көрсеткен» деп мені айыптайды. Бұл да өте жаңсақ, қате тұжырым. Бөжей – даладағы зұлымдықтың нағыз ұялы ордасы Құнанбайдың өзіне қарсы күрескен тұсында салыстырмалы түрде жағымды суреттелген, ал Кәмшат қызды... Өлтірген... тұсында жас Абайдың көзіне жексұрын боп көрсетіледі» (4. 122) деп екі тұлғаға теріс мінездеме беруі де өмірлік дерекке сәйкес емес.

Тек бұл арадағы авторлық пайымдау ғана оқиғаға Абайды араластырып тұр.

Әйтпесе, Бөжей мен Құнанбай Зеренің емшегін тел еміп өскен бесік дос. «Өскенбай би бір анадан жалғыз қалған Құнанбайға серік болсын деп Бөжейді бауырына басып өсіреді. Бөжейдің атасы Кеңгірбай да өлерінде ел тізгінін өз балаларына емес, Өскенбайға береді. Құнанбай мен Бөжей Зеренің екі құшағының астында егіз ұлдай боп ерекше тату боп өседі. Бөжейді ер жеткен соң үйлендіріп, жеке отауға шығарады. Қыстауын, еншісін түгендеп бөліп береді. Есейген соң да татулығы бұзылмайды. Құнанбай аға сұлтандыққа сайланған соң болыстық орынды Бөжейге ұсынады. «Қашанғы тоқал күңнен туған құл атанамын. Болыстығыңды маған бер» деп ол орынды Бөжейден Майбасар қалайды. Бұған Құнанбай қатты наразылық жасайды. Ақыры: «Айтқанымнан қайтпаймын дейтін көк ауру едім. Әй, Бөжей! Бір ананың емшегін еміп, бір туғандай болып ек. Сол туыстықты бір сайтанның тіліне саттың ба? Бетіңнен қайт. Күні ертең Майбасардың қорлық-зорлығына шыдамай, райыңнан қайт деп жүрме. Сен сол тілегіңнен қайтпассың. Мен көнбеспін. Содан барып араздық туар. Ел арасына іріткі салма» – дейді. Бөжей дегенінде турады. Майбасар болыстыққа ілінісімен ел-жұрттың басына қамшы үйіріп, қан қақсатады. Құнанбай шағым айта келгендерге: «Мен бұған кіріспеймін. Оны сайлаған – Бөжей. Соған барыңдар» – дейді. Ақыры Майбасар Бөжейдің өзін де өкпеге теуіп, дүренің астына алады. Құнанбай арашаға түспейді (11. 23-24).

Міне, Бөжей – Құнанбай арасындағы қайшылықтың түпкі себебі осы.

Оқиға ушығып барып, Мұсақұл соғысына ұласқан. Мұндай суық хабарды естіген «Зере... ызғарменен қайта сұрап, анықтап ап: «–Жан ашырлық жақсының арты еді. Ардан кеткен екенсің, түгі. Қуарған неме, оның несіне қақсап отырсың бала-шағаның көзінше?» – деп Жұмағұлды зекіп, тиып қоюында» (1.3. 109) – жоғарыдағы өмірлік оқиғаның астары жатыр. Романда бесіктестердің татулығы айтылмайды. Оны М.Әуезов «дәлелсіз деректердің» қатарына қосқан.

Демек, көркем шындыққа шырматылатын өмірлік деректерді екшеуге М.Әуезов ерекше көңіл бөліп, суреткерлік сананың катаң сарасынан өткізген. «Оның (Абайдың – Т.Ж.) өмірі мен творчествосына байланысты көп фактілердің ішінен ен қажеттілерін ғана таңдан алдым» (3.12.116) – деп түсінік беруінің астарында сондай салмақ жатыр.

Ендеше, «Абай» романындағы көркем уақыттың еншісіндегі «жаңсақтықтардың көкейкесті» мәні бар және ол сиымды мөлшерде» пайдаланылған деуге толық негіз бар.

Мұхтар Әуезов туралы екі мыңыншы жылға дейін дүниежүзінің баспасөз беттерінде жарияланған үш мың бес жүзден (!) астам зерттеу мақалалардың ешқайсының жазушының көркем уақыты мен көркемдік шындығына шүбә келтірмеуі соған дәлел.

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.