ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ШЫҢЫНА

ІІ-тарау

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ  ШЫҢЫНА

Шығармашылыққа біржола ден қойған Қайым аумалы-төкпелі өмір өткелектеріне шыдас беріп, поэзияға бет бұрды. Әуелі латын әліпбиімен, кейін, 1940-жылдары, кириллицамен жазған өлеңдерінің кейбіреуі сақталған. Туған жер, махаббат, аңыз дастандардағы батырлар, Мәскеу, Киев туралы жазған лирикалық өлең-жырлары бар. Баспа бетін алғаш көрген туындысы - 1937-жылы Семейдің «Екпінді» гәзетінде жарияланған «Шаттық толғауы» өлеңі. Ал келесі жылы Жамбылдың шығармашылығына 75 жыл толуына орай өткізілген өнер бәйгесінде даңқты жыраудың атымен аталған дастан-толғауы бірінші орынды алды. Мамыр айында жас ақын әйгілі ақсақал Жәкеңнің мерейтойына қатысты.

Қайым 1930-жылдардың аяқ шенінде 20 өлеңнің, екі дастанның авторы және әзірбайжандық сазгер У. Ғаджибековтің «Аршин мал алан» музыкалы комедиясын қазақ тіліне аударған әдебиетші ретінде жұртшылыққа танымал болды. 1939-жылы Қазақстан жазушыларының екінші құрылтайына шақырылды. 1940-жылы КСРО Жазушылар одағының мүшесі болды.

Сол тұста ол әдеби сын саласында да қалам тербеп, ауызға іліне бастады. М.Әуезовтің «Шекарада», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Ш.Құсайыновтың «Боран», Т.Сағыровтың «Ер Тарғын» пьесаларына, қазақтың алғашқы киносы «Амангелдіге» татымды пікірлер жазды.              М.Горький, Н.Островский шығармашылығы жайында толғады. Семей ақындары туралы пайымдаулары жарияланды. Е.Ысмайыловпен бірлесіп жазған «Абай атындағы Семей қазақ театрының шығармашылық жұмыстары» делінген мақаласы 1939-жылы республикалық «Әдебиет және искусство» жоралында жарық көріп, жұртшылықтан қолдау тапты. Ал оның негізгі еңбегі, әдеби өмірінің өзегі қазақ әдебиетінің қайталанбас тұлғасы Абайға арналған ғылыми зерттеулері болды. Аса қиын да жауапты бұл бағытты оған Мұхтар Әуезов  мегзеген  болатын.

«Мұхтар Әуезовті бала кезімде-ақ көріп өстім, - дейді Қайым естелік әңгімесінде. - Біздің үйге бір күні арасында Мұхтар да бар бір топ мейман келді. Бізге, балаларға, мейманның келгені керек: олар домбыра тартып, ән айтып, өлең оқып, ерекше көңілді жағдай болды. Содан бастап Мұхтарды және басқа меймандарды біздің Жаңасемейдегі үйімізде жиі көріп жүрдім. Ол кезде мен жеті-сегіз жастамын. Өлеңдерін, әңгімелерін қызыға, ынталана тыңдаймын. Семейге жолы түскен сайын Мұхаң біздің үйге соқпай кетпейді.

1925-жылы Мұхамедханның үйінде Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» пьесалары алғаш рет оқылып, сахналау жұмыстары  басталды. Семейдің мұғалімдер семинариясында оқып жүрген Мұхтар келген сайын Қайымды сөзге тартып, оның әдебиетке бейімділігін байқап, баулуға кірісті, тіпті бірге туысқан ағасындай қамқор болды.

Қайымның Абайдың әдеби мұрасына, оның төңірегіндегі жас ақындар шығармашылығына көңіл аударуы, ден қоюы Семей пединститутының филология факультетінде оқып жүргенінде. Ол М. Әуезовтің қазақ әдебиеті жайындағы дәрістерін құмарта тыңдады. Соның нәтижесінде абайтануға беріліп, әрі ағасы, әрі ұстазы Мұхтардың ақыл-кеңесімен, жетекшілігімен ғылыми жұмысқа кірісті. Абай ғана емес, оның шәкірттері: Ақылбай мен Мағауия Құнанбаевтар, Әубәкір Абаев, Әріп Тәңірбергенев туралы дерек жинауға кірісіп, олардың өмірбаяндарын түзіп, шығармаларын іздестіріп тауып, мәтіндерін зерттеп, мақалалар жазды. «Абайдың әдеби мектебі» деген тақырып ашып, студент шағында-ақ 13  мақала жариялады.

Мұхтар мен Қайым - ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс нығайып, екі әдебиетшінің Абайдың шығармашылығы мен өмірі хақындағы зерттеулері арналасты. Екеуінің достығы бір әке, бір шешеден туған ағайындастықтан да  қымбат болды. Рухани табысу кейін, Қайым отау тіккен соң да, беки және өрістей түсті. Фархинұр Мұхтар ағасының киімдерін тазалап, жыртығы болса жамап-жасқап, Мұхаңның ерекше жақсы көретін украиндық қаусырма жағалы көйлегін жуып беретін (Мұхтардың Қайыммен түскен суретіндегі - сол көйлегі).

1940-жылы Семейге жолы түскен Мұхтар Омарханұлы әдетінше Қайымның үйіне соғып, оның шешесі мен келіншегін қазақтың Абай өмір сүрген кездегі ұлттық киімін кигізе суретке түсіріп алды. Ол Мұхаңның «Абай» пьесасын театр сахнасына шығармақ режиссер А. Тоқпановқа Абай дәуіріндегі қазақ әйелі бейнесін жасау үшін қажет екен. Ол фото-сурет Мұхамедхановтар отбасында тарихи ескерткіш болып сақтаулы.

Мұхтар аға Семейге оралған сайын Қайымның үйінде болатын еді, ағалы-інілі кісілердей еді дедік. Ол байланыстың басқа да бір қыры бар-ды. Мұхаң Абай хақында роман жазып жүрген де, ол жұмысына Қайымның көп көмек бере алатынына көзі жетіп, одан Абайды көрген көзі тірі қарттармен әңгімелесуді, кітап кейіпкерлерінің өміріне, сол жылдарғы ауыл тірлігіне қатысты нақты деректерді жиыстыра жүруді өтінген. Соларды ортаға сала ақылдасады. Кездесудің реті келіңкіремей, бірі Алматыда, бірі Семейде жүрген кездерінде хат арқылы, немесе телефонмен байланысып, ақыл-кеңес арнасын кеңіте береді.

Алдын ала айта отырайын: Мұхаңның «Абай» романына, «Абай жолы» эпопеясына қатысты екеуара жазысқан хаттар - небір құнды деректер жиынтығы үлкен бір шабадан екен, ал ұлы жазушы мен талантты ғалымның қыруар еңбегін айғақтайтын әдеби-ғылыми сол аса бағалы мол дүние 1951-жылы тұтқындалған Қайым үйінде тәркіленіп, «гэпэушілердің» қоймасына тасталып, ақырында ғайып болды. Мұхамедхановтардың кейін КГБ-ға, басқа да тиісті орындарға сұрау салғанынан нәтиже шықпады. Бұл жөнінде Қайымның 1981-жылы Қазақстан КП ОК-не  жазған хаты да жауапсыз қалды. Сол хаттан үзінді: «...МҚМ қызметкерлері келіп тұтқындағанда менің үйдегі  кітапханамнан көптеген кітапты, тарихи құжаттарды, оның ішінде «Абай жолы» эпопеясын жазуы жылдарында М. О. Әуезовтің  маған жолдаған ерекше құнды хаттарын тәркіледі. Қазірде М. О. Әуезовтің ғылыми-шығармашылық өмірбаянын жазып жүрген маған ол хаттардың тарихи мәні аса  зор. Оларды 1955-жылдан бері іздестіріп жүргеніммен ешбір дерек таба алмадым...».

Қ. Мұхамедханұлының мұрағатжайынан ұстазына жазған хаттарының екеуі ғана табылды. Біріншісі:

Қадырлы   Мұхтар  аға!

19/ х.  Москвадан жазған хатыңызды бүгін алдым.

Менің ойымды да өзіңіз айтып қойыпсыз. Бірақ, кінәнің салмағы менде жатқанын сезіңкірей түскен жайым бар.

Науқастанып үйде жатыр едім, Сіздің хатыңыз сергітіп жіберді. Енді бұдан былай хат жазудан Қайым ініңіз қажиды екен демеңіз.

Үй-іші аманшылық.

Бұл арада үй-тұрмыс жайларын араластырмай, алдымен романға қажетті білгендерімді айтайын.

«Көктемдегі көбең желіс» үстінде шынында да Долгополовтың             Л. Н. Толстой жайында жазған кітапшасын, Х. Шурдың «Воспоминаниясын» оқымаған екенсіз.

Бұл екі кітаптан Н. И. Долгополовтың Л. Н. Толстоймен таныс, көріскен, біліскен адам екені айқын көрінеді.

Тегінде уақытыңыз болса осы екі кішкене кітапты, Долгополовтың ісін (Дело Долгополова)  қарап шықсаңыз дейім! Оны өзіңіз білесіз. Егер қажет деп тапсаңыз, ол материалдарды жіберуіме болады.

Әзірше Долгополовтың Л. Н. Толстоймен таныстығын дәлелдейтін және Х. Шур кітабының әр жерінен көшірме жібердім (Хася Шур. «Воспоминания», издание автора, Курск - 1928, тираж 2000). Ішкі бетінде: «Посвящается памяти Н. Н. Нариманова» делінген. Көлемі ХV глава, 213 бет.

Енді осы кітаптан үзінділер келтірем.

Беттерін көрсетіп отырам.

Әуелі Л. Н. Толстойға байланысты:

«Вскоре мы должны были переехать из Курска в Тулу, где жилось тяжело (айдаудан қайтқан соң ғой. Қ. М.). Поэтому пробыли мы там не долго и переселились в Москву (стр. 173).

Упомяну между прочим, что в Туле мы близки были с чрезвычайно ценными общественниками - П. П. Белоусовым, известным своими трудами по статистике и новыми прикладными практическими работами в этой области, и домашним врачом Льва Николаевича Толстого - Марией Михайловной...»

(Аудармашыдан: бұл хаттың әлденеше бет болғаны «Енді осы кітаптан үзінділер келтірем» дегенінен аңғарылады. Әдеби мұрасын зерттеп-реттеуші балаларының айтуынша, Қакеңнің 1949-жылғы еңбектерінің  арасынан қолжазбаның алғашқы екі беті ғана табылған (мына ұсынылғаны). Әрине, сан қилы жағдайлар кезінде Қайым ағада мұқият сақтауға мұрша болмай, кейін қалпына келтіруге әне-мінемен қолы тимеген де шығар. Өте өкінішті. Дегенмен, «әлі де қаралатын біраз материалдары бар, хаттың қалған беттерінің  табылуы мүмкін» дейді балалары.)

Екінші хаты:

«Мұхтар аға! Сізге Н. И. Долгополовтың өмірі мен шығармашылығы жайында музей архивінен және басқа дереккөздерінен табылған мол мағлұматты анықтаманы, міне, жолдап отырмын. Борис Александрович (Б. А. Акерман, - мақала авторының ескертпесі) Мәскеуге барып, Нифонт Ивановичтің отбасымен, туған-туысқандарымен танысып қайтқан болатын. Ондағылар бізге Долгополовтың кітаптары мен фотоларын беріпті. Ал былтыр  Н. И. Долгополовтың қызы әкесі туралы естелік жазбасын және фотолар салып жіберді.

Біз Горький қаласындағы облыстық музейге хат жазып, жауап алдық. Музейде Долгополов бөлімі бар екен. Қаланың бір көшесіне және ауруханасына Долгополовтың аты беріліпті. Бұл  Н. И. Долгополовтың құрметті адам болғанын көрсетсе керек.

Бұл бағыттағы жұмысымызды жалғастыра береміз.

Қысқасы: бізге Долгополов туралы анау-мынау сөздерге құлақ асудың керегі жоқ.  Долгополовты қорғауымыз керек.  Жиреншин десек, ол аман-сау, өзін қорғай алар. Ол айтқанынан қайтпас...

«Күшік асырап ит еттім,

Ол балтырыпты қанатты.

Біреуге мылтық үйреттім,

Ол мерген болып, мені атты».

Абай».

28-маусым, 1950-жыл.  Қайым».

 

Бұл екінші хат бүгін үлкен ғылыми зерттеу жұмысқа арқау болғандай. Мысалы, Нифонт Иванович Долгополов туралы. Ол аса көрнекті дәрігер болған екен. «Жетпісіншілер» тізіміне ілігіп, 1884-жылы Семейге жер аударылып келген. 1885-жылдың маусым - саршатамыз айларын Абайдың ауылында өткізіп, Абаймен достасқан.  «Абай жолының»  Федор Иванович Павлов деп аталған кейіпкері.

Бұл хат Абай заманындағы нақты шындықтарды суреттеушілер мен оларға қарама-қарсы әрекет етуші жалған ғалымдар арасындағы қызу пікірталасты ажыратып беруге, кеңес өкіметінің  отандық әдебиетіміздегі Абай орынын партиялық саясатқа табандап телу арқылы оның бейнесіндегі «ыңғайсыз» белгілерді алып тастау айла-шарғысын ашып берге негіз бола алар еді.

Немесе бұл  хат Абайдың өмір жолын, шығармашылық мұрасын зерттеуші семейлік Қайым Мұхамедханұлы, Борис Александрович Акерман  жайында ой өрбітуге себепшілік жасар еді.

Бұл хат, сондай-ақ, Мұхтар Омарханұлы мен Қайым Мұхамедханұлы жазысқан қыруар хаттың жойылып жібергенін айғақтай алар еді...

Әлбетте, мұның бәрі кейін болады. Ал оған дейін семейлік ғалымның тағдырында баршада болғандай қорқынышты, ауыр кезең пайда болды. 1941-жылы Ұлы Отан соғысы басталды.  Сол сын сағаттың өзінде билік «халық жауларының» ұрпақтарына сенбеді, күмәнмен қарады, оларды, әрине, Қайымды да, Еңбек майданы дегенге  алып, қара  жұмысқа жекті. Ғалым Қайым 1941 - 1942-жылдары Свердловскіде, Магниторскіде болып, батпан балғамен жер тоңын төкпектеп, топырақ шығарып, қорғаныс шебін жасасты. Аянып қалмады. Жанкештілігі үшін медальмен марапатталды да. Бірақ шексіз, мөлшерсіз қара жұмыс шыдатпады, 1942-жылы госпитальден бір-ақ шығарды да, жұмысқа жарамсыздығы себепті елге қайтарылды.

Қайым Семейге оралып, пединститутта оқытушылығын жалғап, ғылыми және шығармашылық жұмысқа  біржола берілді.

 

 

ІІІ-тарау

 

ЕКІ  ГИМННІҢ  БІР  ТАРИХЫ

 

Сонау бір жылдары барша қазақстандықтар да әр таңын КСРО-ның мемлекеттік гимнімен атыратын. Республикамыздың гимні содан кейін ғана жол алғанымен жұртты сол күннің игі істеріне еліктіретін, сендіретін, серпілтетін,салтанатты сәттерді күттіретін, еліміздің дауысы болып баурайтын. Біздің алғашқы сол ғажайып әуенімізбен айтылған әсерлі жыр-сөздің авторы 27 жаста еді.

Тарихи оқиға 1943-жылы басталды. Мұхтар Әуезов Қазақстан КП Орталық комитетінде болмақ бір мәдени шараға шақырылған. Ол үйінде тұратын  семейлік шәкіртін, жас ғалым Қайым Мұхамедханұлын ертіп барды. Жиында Сталиннің  кеңестік әрбір республикада өзінің мемлекеттік гимні болуға тиіс деген қаулысы оқылды. Ол жалпы елде отансүйгіштік сезімді (патриотизмді) күшейту мақсатын көздеген шара еді. Содан кейін, көп кешікпей, гимннің әуені мен өлеңіне бәйге жарияланды. Оған кәрі-жас сазгерлеріміз бен ақындарымыз құлшына кірісіп кетті.

Өнер жарысындағы жеңістен үміткер ақындардың көпшілігі Мұхтар Әуезовке иек сүйеуді, оны қалайда қосалқы автор етіп алуды ниет етіпті. Уәлихан Тоқпатаевтың Қайым ағаның айтуынан жазғанына қарағанда, үміткерлердің біразы семейлік жас ақын Қайымға қызғаныш білдіріп, оның Мұхаңның үйінде тұратынын айтысып, екеуі қайтсе бірігіп жазады десіпті.

Қайым бәйгеге жазған өлеңін комиссияға өткізіп, өзі Семейге қайтып кетеді. Содан 1945-жылы Алматыға шақырылады. Мейманханаға орналаса бергенінде Әбділда Тәжібаев келе қалады да, анау-мынауға қаратпай ерте жөнеліп, үйіне  алып барып, құрметті мейман етіп күтеді. Семейлік жас ақынды одан кейін Ғабит Мүсірепов шақырады. Қайым олардың неге соншама бәйек болғанын  Ғабиттің үйінде түсінеді. Оны-мұны әңгіменің бір әредігінде Мүсірепов: «Қайым, бәйгені сенің өлеңің алатын шығар. Әбділда екеуіміз оны оқып, аздап түзетіп, қол қойдық» дейді.

Қызықтың шыжығы партияның Орталық комитетінде болып шықты. Оны Қайым былай әңгімелеген-ді:

«Мені Орталық комитетке шақырып алып, өздеріне өлеңімнің  ұнағанын, алайда оған біраз түзету енгізген Ғабит Мүсірепов пен Әбділда Тәжібаевтың қосалқы авторлар етілгенін хабарлады. Өлеңімді алып оқысам, - бастан-аяқ өзімдікі! Бар-жоқ түзету - менің алғашқы «Ер қазақ» деген екі сөзімнің «Біз қазақ» деп өзгертілгені! Орталық комитеттегілердің ол екі сөзімнен неге безінгендерін түсіне алмадым, сірә, өз халқымызға қатысты «Ер қазақ» деген теңеуден қорыққан болар. Мен ол жағын қазбаламай: «Екі қосалқы автордың қажеті не еді?»  дедім. «Олар «біз» деген сөзді қосты емес пе?» деседі. «Өзгерткісі келген екінің бірінің қолынан келетін ол «түзету» шынымен шығармашылық өнер болғаны ма?!» дедім...».

Әрине, Қайым ол «түзетуге» де, қолсалқы авторлардың болуына да қарсылық білдіріп, келіспей шықты. Ол болар істің болғанын, Мүсіреповтің тексті бекіттіріп келу үшін Мәскеуге аттанып та кеткенін білген жоқ.

Текст бекітілді. «Қоалқы авторлар» өз дәрежелеріне қарай қомақты қаламақы алды, Қайымға ол екеуінен артылған азын-аулағы ғана бұйырды. Дәстүр бойынша банкет (салтанатты қонақасы) ұйымдастырылатын болды да, Қайым бар-жоқ қаламақысын соған өткізе салды. Салтанат  сәтінде Мұхтар Әуезов атақты «қосалқы авторларға» қарата қатты-қатты сөз айтты. Бірақ  көш кетіп қалған еді.

Ел әні өлеңінің авторын  тауқыметке ұшыратқандар оның әуен авторын да әлекке салды. Бәйгеге қатысқан сазгерлерге бәйгеге түскен өлеңдердің өздеріне ұнағанын таңдап алу еркі берілген екен, дарынды сазгер Мұқан Төлебаевқа Қайым Мұхамедханұлының өлеңі ұнапты. Қыранды қыран қиядан көреді. Мұқан мен Қайым табысып, өлең мен әуенді үйлестіру жолында бірлесе тер төгеді. Өлеңді қосылып оқып, әуенді қосылып тыңдап, әбден жарастырады.  Ақырында... әуен авторы да үшеу болып шыға келсін. Мұқанға Латиф Хамиди мен Евгений Брусиловский тіркеліпті! Ол екеуінің де «толықтырулары» Қайымға қосақталған «авторлардың» өзгертулеріндей ғана!..

Өзіне жасалған қиянаттан арылу үшін күресуге жол ашылған кезде Қайым шындықты іздеп көп бейнеттенді. Мысалы, Қазақстан КП Орталық комитетіне жазған хатынан бір үзінді (сол кездегі «тәртіпке» қарай автордың орыс тілінде жазғанын қазақшаламадым, - Ғ. Қ.):

"...Одним из наиболее дорогих своих творений считаю текст гимна КазССР. Объективная партийно-научная оценка этой работе дана в "Истории КазССР" (том 5, с. 229). Основным автором текста гимна, по решению жюри, был признан я, что нашло отражение в последовательности имен авторов при утверждении гимна Указом Верховного Совета КазССР. К сожалению, в многочисленных изданиях последних лет мое авторское имя игнорируется из-за конъюнктурных соображений. В качестве основного автора указывали то А. Тажибаева, то Г. Мусрепова, и, наконец, дошли до того, что мою фамилию исказили до неузнаваемости (Казахский календарь, 1981 г.)".

Ал 1989-жылы, көкек айында, ҚКП Орталық комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке жолдаған хатында былай депті (ол хат та орыс тілінде):

" ...то, что я являюсь единственным автором прежнего текста, могут засвидетельствовать здравствующие ныне М. Абдыкалыков, С. Ахметов и Р. Ильяшев - крупные партийные работники того времени, имевшие прямое отношение к заказу на создание гимна".

Әдеттегідей қаншама шырғалаңға тап болса да, шындық бұл жолы да жеңіске ие болды. Бірақ, өкініштісі сол, Қайымға шырғалаңнан құтылу тым ауыр болып, қырық жылдан аса уақыты сарп етілді. Оның арызы бойынша 1980-жылдары құрылған комиссияның тыңғылықты жұмысы нәтижесінде республикамыздың алғашқы гимні өлеңінің авторы - Қайым Мұхамедханұлы  деген тұжырым жасалды.

Ел әніне қатысты бұл әңгімемізді тәмәмдалды деп жүргенімізде оған ұқсас және бір жәйт болғанын айтпасқа лаж жоқ. Кеңес өкіметі ыдырап, тәуелсіздік алған республикаларда өздерінің ұлттық рәміздерін жасау басталды. 1992-жылы Қазақстанда Мемлекеттік гимннің әуені мен өлеңіне жаңадан бәйге жарияланып, Қайым Мұхамедханұлы оған да қатысуды жөн көрді. Үміткерлердің өлеңдері комиссияға бұл жолы да бүркеншік атпен ұсынылды. Қайымның бүркеншік аты «Шоға» болыпты (уақ руындағы бір атаның аты). Байқаудың әр кезеңінде тәуір деп іріктелген өлеңдер баспасөз бетінде жарияланып тұрған. Өлеңдердің көркем, қуатты, елді, халықты мадақтауы иланымды да ізгілікті болуы талап етілгені белгілі. Беделді комиссия «Шоғаның» өлеңін сол талапқа сай деп бағалап, бәйгенің екі кезеңінен кейінгі  оны үздік деп атаған.

Комиссия мүшелерінің бірі белгілі жазушы Ғаббас Қабышұлы былай деп жазды:

«...Үшінші, шешуші кезең мәжілісі қашан, қайда өткізілгенін мен де, тағы бірнеше мүше білмей қалдық, қалайда шақырылмадық. Кешегі кеңестік «бригадалық тәсілдің» жаңаша қолданылғанын, гимн өлеңіне үш жүздің үш ақыны және әлеуметтік теңдік үшін әйел ақын автор етілгенін гәзеттен оқып, еріксіз таңдандым. «Бұл қалай?!» дегеніме жауап болмады. Ал «Әйтіппіз де бүйтіппіз» деп сан сабалаған дүбәрә өлең - Ағаның: «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталған байырғы, рухы аса қуатты  өлеңімен салыстыруға келмес жасық нәрсе. Қакең бұл жолы сабыр сақтады, қатты ренжімеді: «Танымал ақын емес деген шығар»,  деп күлді де қойды».

Мемлекеттік рәміздер жөніндегі үш комиссияға да мүше болған  жазушы Герольд Бельгердің кейінде жазғаны, міне:

«...Маған 64-нөмірлі өлең бірден ұнады. Ол Қайымның қаламынан туған екен. Мен соны құптап  дауыс беруді  ұйғардым, ал бір таныс ақын бәйгені басқа өлең алатынын айтты. Бәйгеде текстің өзі емес, ол тексті қолдайтын кісінің (немесе кісілердің) жеңетінін сонда білдім».

Бәйге қорытындысында жеңіс, иә, баяғыша үш авторға  емес, жаңаша төрт авторға бұйырды. Ол авторлардың кейбірі қолдауды әдебиет ауылынан емес, саясат ауылынан іздеп, парламент депутаттарына қолқа салғаны кейінде әңгімеленіп жүрді.  Семейдегі Қайымға астаналық жоғары лауазымдылардың бірнешеуі телефон соғып, бұл жолы да өлеңін қосалқы авторлар алуы дұрыс боларын  ескертті, ол «ақылға» Қайым, әлбетте, бұл жолы да көнген жоқ.

Бұл жолы да «бригадалық тәсілмен» қабылданған өлеңнің өмірі ұзақ болмады, жұртшылық наразылығы құлағына жеткен парламент жаңа бәйге жариялау қажет деп шешті.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»