ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ ЭКОНОМИСТ-ОЙШЫЛЫ

Осы біздің қоғамда қалыптасып қалған жаттанды ұран бар: «Мақсатымыз айқын! Алға жолдастар» - деген. Ұғымның мағынасы не деп үңілсеңіз, астарында Советтік жүйеден қалған баяғы коллективизмнің иісі аңқыған идеологиясы жатыр. ХІХ ғасырда Карл Маркс әлемді қақ жарып, тарих екі ілімнің ыңғайына қарай бөлінгенде, біздің Қазақ жұрты тағдырдың жазуымен социалисттік бағытпен дамитын қоғамның кебін киді. 1991 жылдан бері капиталисттік ел болып, нарықтық экономикаға бет бұрғанмен, баяғы жартас сол жартас. Замана әлі күнге дейін бізді сол ескі иделогияның бесігінде тербетіп келеді.
Қазір ғаламторда "Қазақ - неге Жапония сияқты мемлекет бола алмайды" деген сұрақтар өзекті болып кетті. Ол сұрақтың төркіні, әрине, "Жапониядан үлгі алыңдар" деген Алашорданың аманатында жатыр. Содан шығар, жапон ғалымдары Бөкейхановқа келгенде, әйтеуір, іш тартып тұрады. Десек те, Бөкейханов бастаған Алашорда қайраткерлері Жапон идеясының астарында "Капитализм" жатқанын анық түсінді. Мүмкін Маргарет Тетчердің әйгілі "TINA" (there is no alternative - либералды экономикаға балама жоқ) деген ұғымын Бөкейханов та бізге айтып кеткен шығар. Алайда Советтік заман халқымыздың тамырына балта шауып, қыспаққа алғанда ата-жұрттың экономикасын ұмытып кеттік. Расымен, неге шаруашыл Қазақтың тамыры терең тарихында экономика ұғымы ешқашан айтылған жоқ? Бізді осы күнге дейін "өлеңшіл" яки дәстүршіл" етіп келген идеология халқымыздың іскерлік жағын жасыруға тырысты. Шынтуайтында қазақ халқы әсіре технократ болмаса да, 6 млн. халыққа елімізде 50 млн. қойдың болғаны экономика емей, немене?

Әлихан Бөкейхановтың: «Австралия қойының еті төрт ай мұхитта кемемен жүріп келіп, Петербург базарында сатылады. Малы көшіп жүр, адамы қала болып отыр" деген астары терең сөзі бар. Кезінде зындан мен абақтыдан тұрған Австралияның кемелді, байқуатты ел болуының сыры неде? Ал халқының жартысы көк ала қойдай қырылып, бар жоғы 30 жылда әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекетіне айналған Жапонияның сыры неде? Әлбетте, халқының экономикалық һәм саяси ұстанымында жатыр. Әлқиссадан капиталисттік немесе либералдық деп аталтын осы ұстаным біздің халыққа да туа біткен. Қайран қазақты "бір қазаннан ас ішіп, бір көрпенің астында ұйықтаймыз, бақуатты боламыз" деп уәдені үйіп-төгіп, апырмай, шексіз зиянға ұшыратқан Советтік Идея қазақ халқын қолдан еріншек етті. Қазақ - еріншек, ұйқышыл деген ұғым 70 жылда пайда болған. Одан ертеде арамызда еріншектер болғанмен, ол қай ұлтта жоқ дейсің, халқымыз мемлекеттік деңгейде еріншек болмаған. "Бір қазаннан ас ішіп, ұйықтаймыз" - деген сұмпайы ой - қазақтың түсіне де кірмеген. "Гейненің тілімен айтқанда, Социализм - қазаққа шақырылмаған қонақ" - деген Ахмет Байтұрсынұлы халқымыздың Совет идеологиясын қабылдамауына барынша қажыр-қайратын жұмсады. Жалпы жалғыз ол емес, бүкіл Алашорда капиталисттік-либералды жүйені ұстанған. Бөкейхановтың: "Социализмді қолдамаймын" - деп кетуі, өлер алдындағы Қазақ халқын қауіпті кеңестік идеологиядан сақтан деп ескертуі еді. Осындай аяулы зиялысынан айырылып калған халық ұлы идеяны сіңіріп, күні бүгінге дейін осы қамыттан шыға алмай келеді.
Мәселен, Қазақ халқының қандай болғанын елінің адал ұлы болған Мақаш Сұлтан Бекмұхамбетов 1894 жылы "Астраханские ведомости" газетінде былай деп жазады:
‎"Казах - от природы не обижен ни в каком отношении: он телом дороден, умом смышлен, бодр, смел, предприимчив и видящие в казахе врожденную беспечность и леность - в большом заблуждении. Он не ленив и не беспечен, а только не имеет дела, его занимающегося, интересующего; он кочевник, а кочевая обстановка не требует разнообразия в занятиях, а потому бездеятелен он не по природе, а по
образу жизни, не пробуждающему его к всесторонней деятельности".
Енді осынау қазақты қолдан жалқау қылған социалисттік экономикасын ашып беретін бір мысал келтірейік. Тарихта "Рингельман эффектісі" деген атпен калған эксперимент 1927 жылы жасалды. Онда қарапайым адамдарды жинап алып, әр-түрлі ауыр тастарды көтеру мен арқан тарту арқылы сынап нәтижесін тәжірибеге алды. Мысалға бір адам 100 кило тасты көтере алса, екінші адам 80 килоны көтеруге шамасы жетті делік. Басымызға сіңген "көпшілік - күш" деген ұғыммен талдасақ, онда бұл екі адам бірігіп кемінде 180 кило көтеру керек еді, бірақ екі адамдық топ, жекелеп көтерген салмақтың тек қана 93 пайызын ғана көтерген, ал 8 адамдық топ 49 пайызын ғана көтерген. Себеп - топтағы әр адамның бір-біріне сеніп, «бұл ортақ іс қой» деп салғырттық танытуында жатыр. «Қойшы көп болса,қой арам өледінің» кебі. Біздің қазақ әлқиссадан бері капиталист әрі индивидуалистік көзқараста болған. "Ортақ бұқадан, оңаша бұзауым артық" деген қазақты коммунисттік жүйе нарыққа бейімделу деген ұғымнан аластатып, тіпті заманға икемделу деген түсінікті санасынан өшіріп жіберді. Соның зардабынан Қазақстанда интеллектуалды ортаның деңгейі төмен хәм технократиялық қоғам қалыптаспай отыр. Осы орайда, мына заманды 4-ақ жолмен түсіндіріп кеткен Сәбит Дөнентаевтың парасаттылығына таң қаласыз:
Бұл заман байқағанға күштінікі,
Азулы, тырнақты мен тістінікі.
Дүниенің патшалығы, батырлығы,
Тыпырлап, тыныш жатпаған істінікі.
Қазақ халқын 70 жыл бойы жалған идеологиямен алдарқатып, дамыған әлемнен ажыратып, жалған кеңістіктің ішінде ұстап келді. Жалғыз бізді емес, сол кездегі күллі Кеңестік халықты бір қамшының астына алды. Десек те, Ресейдің капиталистік деңгейде бізден алға шығуының бір себебі - олардың интеллектуалды ортасының қалыптасуында жатыр. Мысалы, орыстан жалған экономика мен ұстанымды айыптаған Солженициндар болғанда, біздің қазақ интеллигенциясы, керісінше сол жалған идеологияны дәріптеумен келді. Қазақта ақ-қарасын ашып айтар адам табылмады. Болса да саяси-экономикалық тұсын емес , тек әдеби-рухани жағын қозғағандар болды. Олар да саусақпен санарлық. Түпкі себеп, Кеңестік режимнің Алашорда бастаған интеллгенциялық коғамның түгелге жуығын қырып тастап, орнына әліпті таяқ деп білмейтін, парасаттылықтан жұрдай,өңшең шолақ-белсенділерді бастықсымақ кылып қоюында.

Бұл заманның ісін есті бітірмейді, епті бітіреді.
«Заманы бірдің - амалы бір» - деген Бөкейхановтың сөзі - Қазақ үшін іскерлік бағытта айтылған өнегелі сөз. Қазақ халқы бұрынғы қамытты тастап, капитализмге толықтай бет бұрып ,іс бастау керек. Мемлекеттен тек заңның орындалуын талап етіп, өнімді іс жасауға тырысып бағу керек. «Есектің артын жусаң да, еңбек ет» деген Абай Кұнанбаевтың бағыты капиталисттік ел кұру болған. ХХ ғасырдың басында өз айналасына интеллектуалды элитаны жинап, Қазақ халқының басын қосып, елдікке ұмтылған Әлихан Бөкейханов Абайды ең керемет түсінген адам. Оның ұрпақ үшін «Абайды жаз» деп Мұхтар Әуезовке қалдырған өсиетінің нәтижесінде Қазақ халқына теңдессіз роман «Абай жолы» еңбегі бұйырды. Абай Кұнанбаев капиталисттік экономиканың жаңа жаршысы болған. Оның «Осы жұрт жұт-жұт деп жатады, қыста жұттан өлген суырды немесе қоянды көргенім жоқ» деген сөздері қазақ халқының бейқам болмауын, патшадан немесе өзгеден көмек күтпей, индивидуалисттік бағытта еңбек етіп, бақуатты болуын меңзеп тұр. Ұлы Тұрағылдың естелігінде Абай қарапайым адамдарға еңбек етуді, мал құраудың жолын үйренуді ұсынған. «Ақыл дәулетке бітпейді, ақылға дәулет бітеді» - деген сөздері халық арасында кең танымал. Ақылды орнымен жұмсап, бақыт, дәулет табу - әрбір адамның жігер, талап, қайраттылығына, еңбек өнеріне байланысты.
Абайды оқи отырып оның «Еуропалық білім» алмағанын көріп ,әттең-ай деп қаласың. Дейтұрғанмен Абайға ықпал еткен батыстың ойшыл ақындарының еңбегі арқылы Абай көптеген экономикалық ойларды жете түсінген. Мәселен Абай өлеңдерінен классикалық экономиканың атасы, аты әлемге әйгілі Адам Смиттің ойларын табуға болады.
Өз заманының прогрессшіл тұлғасы Пушкин «Евгений Онегин» шығармасында өзінің экономикалық ойларын былай деп саралайды:
Бранил Гомера, Феокрита;
Зато читал Адама Смита
И был глубокой эконом,
То есть умел судить о том,
Как государство богатеет,
И чем живет, и почему
Не нужно золота ему,
Когда простой продукт имеет.
Отец понять его не мог
И земли отдавал в залог.
Бұл ойлар түсінген адамға таудай тағылым. Мемлекеттің экономикалық бағытында жерді жалға беру немесе дайын пайдалы қазбаны сату емес, керісінше тауар өндіру амалы тұру керек. Адам Смит өзінің экономикалық ойларын "Продуктивизм" тұрғысынан жеткізген. Экономисттің ойынша, мемлекеттің экономикалық дамуы, ең алдымен, оның тауар өндіру күшімен анықталады. Жеке адамның өз өмірін бақуатты қылуы - мемлекеттің бақуатты болуы. Адам Смиттің әр индивидум қоғам мен нарықта өз орнын тауып, белгілі бір өнім шығаруға ұмтылу керек деген тұжырымын Абай былайша өрнектейді:
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де - бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан!
Адам Смиттің пайымдауынша, әлем нарықтан құралған. Нарық - сұранысқа ие ұсыныстан кұралған. Ұсыныс пен сұраныстың үйлесімділігі нарықты кұрайды. Яғни Абайдың кірпіш дүниенің кетігін тауып, ол жерге барып қалануды меңзеп тұр. Ағылшын тілінде "Niche" деген сөз бар. Мағынасы кетік. Орыстар оны "ниша" дейді. Осыдан кейін Абайды экономикалық ілімді білмеген деп көріңіз. Абай қашан да біз үшін терең, сарқылмас ілім иесі болып қала бермек. Абайдың экономикалық һәм коғамдық қатынастардағы парасаттылығын жете ұққан Бөкейханов «Қазақ елінде демократиялық, капиталисттік, азаматтық қоғам" орнатсам деп өле-өлгенше армандаған. «Жапонда кісі қажетіне жаратылмаған алақандай жер жоқ. Онда мұндай ыждаһатты жанкештілік болмаса аштан өлесің" - деген Бөкейхановтың сөздерін біз бүгінгі күні қолдануымыз керек. Қазақ елі өзінің әлемдегі кетігін тауып, жоба жасап, іс қылуы керек. Тауар өндіру керек. Мұнайдың сарқылатыны әмбеге аян. Жалпы мемлекет түгіл, адамның да бақытты болуы тек қана осы өмірде өз орнын табуымен есептелсе, онда Қазақ үшін бүгінгі бағдар - тауар өндіруде болуы қажет. Алақандай Сингапур, Тайланд, Тайвань сияқты елдер тауар өндірумен әлемдік нарықта өз орнын алып отыр. «Заманың түлкі болса - тазы боп шал» деген де - балапан болмай, әдіс қыл деген ғой», « Әр замананың өз рәсімі, өз салты бар. Біздің замандағы салт: әркім құқына таласу, хұқына тартысу болады. Жылау салты артта қалды» немесе «Бұл заманда жылап мұратқа жетем деу - аш түйенің күйсеуі сынды дәрменсіздік» - деп Бөкейхановтың айтуы - Абай парасатының елін сүйген ұлына жетуі деп санайық. Абай - қазақтың әмбебап ақыны, оның өлендері тек қана адам өмірінің емес, сонымен қатар мемлекет өмірінің барлық саласын қамтиды. Біз бүгінгі күні Абай ілімдерінің экономикалық тұстарын өз өмірімізде кеңінен пайдалануымыз қажет. Мінекей, таза ілімнен бастау алған бағыт бар, енді іс керек, ағайын.

Ержан Алаш, экономист.

aikap.kz

/
сайты

 

http://old.abai.kz/content/erzhan-alash-abai-kazaktyn-tyngysh-ekonomist-oishyly