Жабал Шойынбет. Абай ақын ба, әлде хакім бе?

2009 жылдың жаз айының соңына таман Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың тікелей тапсыруымен Шымкент қаласындағы Абай атындағы саябақтан музей ашу қолға алынды.

Алматыдан белгілі дизайнер Аманжол Найманбай мен осы жолдың авторын Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әли Бектаев «музейді қалай, қай жерде жасасаң дұрыс болады?» деп ақылдасуға, пікір алысуға шақырды. Соңынан облыс әкімі мен оның орынбасары айтқан ұсыныстарымыз көңілінен шыққасын, «сіздер орындаңыздар» деп тапсырыс берді. Мен бірден музейді «Хакім Абай музейі» деп атау туралы ұсыныс жасадым. Мұндағы ойым Семейдегі Абай музейінен ерекшелендіру емес, бірақ сол музейдің тәжірибесін негіз ете отырып, заман талабына сай жаңаша сипатта, жаңа мәнде өрнектеу еді. Екіншіден, біз 2008 жылдың қыркүйегінен бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Пірәлиевтің бастамасымен, ұстазым, белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы екеуміз Қазақстанда тұңғыш рет «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығын ашып, іске кіріскен едік. Бұл ғылыми-зерттеу орталығының басты мақсаты етіп, бүкіл еліміздің мектептерінде, жоғары оқу орындары үшін жаңа сипатта оқу бағдарламасын, оқулығын, хрестоматиясын жасап, «Абайтану» деген пән енгізу еді. Бұл пәннің негізі етіп абайтанудың көшбасшысы М.Әуезовтің жүзеге асыра алмай кеткен ой-арманын өзінің 50 жылдан аса өмірін арнап келе жатқан, Абайдың Шығыс құндылықтарынан алған және ары қарай дамытқан үлгі-өнегесін терең зерттеген Мекемтас Мырзахметұлының еңбектерін негізге ала отырып, адамзат баласын өркениетке, прогреске бастайтын Хакім Абай даналығын оқыту еді:

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, 
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды, 
Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек...
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз, 
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек».

Яғни біз бұған дейін жалпы білім беретін мектепте, жоғары оқу орындарының филология факультетінде Абайдың ақындық қырын айтумен шектеліп келсек, енді ашылмай жатқан алтын көмбесі Абайдың «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі» түпқазық еткен «Имани гүл» (үш сүю), «жәуанмәртлік», «толық адам» секілді гуманизмнің  әлемдік үлгісіне айналар Хакім Абай даналығын оқытуды қолға алған едік. 
Әрине, Абайдың данышпандығын, яғни Хакімдігін қазақтың дүл-дүл ақыны Мағжан Жұмабаев:

Шын Хакім, сөзің асыл - баға жетпес, 
Бір сөзің мың жыл жүрсе  дәмі кетпес. 
Қарадан хакім болған сендей жаннан 
Әлемнің құлағынан әні кетпес!

Сөзіңе құлақ салып баға бермей, 
Қисайып қыңырайды жұртың ниеттес!
Бұртиып, теріс қарап: «Аулақ жүр», - деп, 
Болады ғой жақын туған бәрі кектес.

Тыныш ұйықта қадірің де, уайым жеме:
Қор болды қайран сөзім босқа, - деме.
Артында қазақтың жас балалары мен 
Сөзіңді көсем қылып жүрер жеңге!

Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар, 
Өлтіріп талай жанды жүгін артар. 
Көз ашып, жұртың ояу болған сайын
Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар, -

деп жырға қосса, Алаштың асып туған асыл ұлдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар бастап Абайды қазақтың бас ақыны әрі хакімі деп бағалады. 
Абай өзінің отыз сегізінші қара сөзінде «...Бұл айтылмыш үш хасләттің иелерінің алды - пайғамбарлар, онан соң - әулиелер, онан соң - хакімдер, ең ақыры - кәміл мұсылмандар» дейді, егерде жоғарыда айтқан алаш арыстарының пікірлеріне қосылатын болсақ, онда қазіргі күндері кейбіреулердің Абайды мақтаудың жөні осы деп асыра сілтеп біресе пайғамбар, біресе әулие ету жөнсіз екені көрініп-ақ тұр емес пе?! Тағы да Абай айтады: «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді... Әрбір ғалым - хакім емес, әрбір хакім - ғалым». Яғни хакім ғалымнан да жоғары, онда хакім Абайдың даналығы қазақ халқын адастырмайтын - тура жол. Қайда жүрсек те, қай кезде де дәмін алған арасын іздегендей Абай шығармаларына қайта-қайта соға беретініміз, қайта-қайта оқи беретініміз. Дәмі де, мәні де зор, рухани азық екені күмәнсіз ақиқат!!
Тағы да шақырды, Абайдың дәстүрге айнала бастаған туған күнін 2010 жылдың 10 тамызын Шымкентте облыстық әкімшіліктің басшылығымен ұйымдастырылған «Хакім Абайға - 165 жыл» әдеби-музыкалық кешке қатыстым. «Хакім Абай» музейінің директоры Шыңғыс Өтеп «көпшілік арасында қызығушылық та, түсіністік те туындатып отырған «Хакімдікке» тоқтала кетсеңіз» деп өтініш жасады. Осы кеште бір байқағаным облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың Абайды насихаттау шындап кіріскендігі, ескіден қалған «науқаншылдықтан» ада екені бірден байқалады. Көпшіліктің көп келетін парктің аты - «Абай», алғаш аттап кіреберісте толғаныста отырған абай атамыздың ескерткіші, одан жоғары көк шөппен, жайқалған гүлмен көмкерілген төрге қарай жүрсеңіз, тұсаукесеріне қатысқан ҚР Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «музей шағын болса да, іші мәнді екен, келген қонаққа ұялмай көрсететін әрі көпшілікке тағылымы мол музей екен», - деп жоғары бағалаған «Хакім Абай» музейі тұр, одан әрі өтсеңіз Абайдың талантты ұлы Тұрағұлға арналған ескерткіш белгі бірден көзге түседі. Осыншалықты үйлесімді жасалған дүниені жандандыра түсу үшін түрлі-түрлі үгіт-насихат жұмыстары қолға алына бастаған.  
Оның айтқан көрінісіне тағы да куә болдық. Абай паркіне зиялы қауым, ақын-жазушылар, шенеуніктер, Абайдың шынайы оқырмандары көптеп келген. Біз көрген Абайға арналған іс-шаралар жаттанды сценарий бойынша жүргізіліп, аз ғана адамға ақындардың тақырыбын мүлде бөлек өлеңдерін оқумен шектелетін. әйтеуір даталы күнді атап өттік қой деген көңіл жықпас бірнәрсе көретінбіз. Ал бүгінгі жиында, Абайдың мұрасы да, өнегесі де сөз болды, қара сөзі мәнерлеп оқылды, әні шырқалды, жан-жақты қамтылған кітап көрмесі, музейді аралау, Абай туралы фильмдерді тамашалау, басты мақсат Абайды сүйіп келген, Абайды оқып келген, Абайды білсем деп келген көпшілік сұранысын қанағаттандыру. Сөзімізді қазіргі күні «Абайтанудың» жаңаша мектебін қалыптастырған, көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметұлының «Абай және Шығыс» (1994 ж.) кітабынан үзінді келтірмекпіз:
«Қызыл империяның ыдырауы ол ұстанған идеологиялық құрсанған мұзды сеңнің бұзылуына алып келді. Яғни енді Абай мұрасының Шығыс әлемімен қарым-қатынасын жаңа таным тұрғысынан қайта қарап, танып білу кезеңі туды. 
Көпшілік оқырман назарына ұсынылып отырған «Абай және Шығыс» деп аталатын бұл зерттеу еңбегімізде біз Абайдың Шығыс әлеміне қарым-қатынасын белгілі бір ғылыми жүйеге түсіре отырып өз ой-танымымызды баяндадық. Болашақта біз көтеріп отырған мәселе көптеген салаларға бөлініп, ғылыми-зерттеу нысанасына айналары анық, бұл іргелі де күрделі  тақырып жан-жақты дайындығы бар жаңа зерттеушілерді күтуде дегіміз келеді». біз де Абайды танып-білушілердің, насихаттаушылардың жаңа тобын көптеп көргіміз келетінін де айтқымыз келеді.

Автор: Жабал Шойынбет, Абай атындағы ҚазҰПУ «Абайтану» ҒЗО атқарушы директоры, «Хакім Абай» қоғамдық қорының президенті

"Жас қазақ" газеті