ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Қ. Мұқаметқалитегі: МЕН КЕЛЕ ЖАТЫРМЫН

Қ. Мұқаметқалитегі: МЕН КЕЛЕ ЖАТЫРМЫН

Оқылған 27191 рет

(Абай ескерткіші алдындағы жыр)

Ардақты баба!
Алғаусыз сырын айтуға келді жас мұнар,
Буырқанған толқын
Жағаға жетіп жығылса ғана бастығар.
Көпшілік сынап
Көрмеген балғын жырым һəм нəзік мұңыммен,
Алдыға бүгін
Бас ұрсам мені кең қолтығыңның астына ал!

Мен талай түндер
Жырыңа сиынып күбірлеп жатып көз ілгем,
Сол сəтте жырда
Жанымды ұйытар шуақтың барын сезінгем.
Түйсінгем сонда
Мендік бақыттың өзіңнен бастау аларын,
Байқағам жəне
Қайғының мендік қалыптасқанын өзіңнен!

Басқалар мені
Бала дер, мүмкін тырнақшаға алып "дана" дер,
Санаңа пана
Болмаған жүрекке мен қайтіп, қалай табам ем?
Қас-қағым ғұмырда
Қасыңнан сенің табылсам ба деп жыр жаздым,
Жазғырма мені
Хабарымды айтып күңіреніп берсе қара жер.

Мен келе жатырмын
Бармағым тістеп, өз қолымды өзім кесе алмай,
Мұңлы ғұмырға
Уақыт пен Адам осынша неге өш, Алла-ай?!
Алдымнан арман
Алауын жақса жетуге соған асықтым,
Жан-баба, саған
Бұйырған бақыт мені сол жерден тосардай.

Тебіреніп тұрып,
(Табиғатына тартқаным болар бесікті?!)
Іздесем шаттық
Алдымнан ылғи ашыла берді есік - мұң.
Өзімнен-өзім
Жерініп қанша жанталасқанмен жалғанда,
Жанымды ұғар
Өзімнен артық жолдастың жоғын кеш ұқтым.

...Сен - Дара едің,
Мен үшін емес, ел үшін болған бөлек ең,
Даралар жайлы
Даналық айтар данышпан кісі мен емен.
Дегенмен мені
Жолдармен даңғыл жеткізетіндей мұратқа,
Жаңа заманның
Жыршысы əлі жазбаған жауһар кəне өлең!

Сол жолдан тайсам
Мендік мұратты сендік ғұмырдың киесі ұрсын,
Айныса серттен
Ақынның - тілі, батырдың - ділі кесілсін!
Мен де бір өртпін
Тұтауы келмей тұншыққан желдің өтінде,
Лап ете қалса
Қашан да жалынға көл болмай барып ұшу - сын.

Аруақты баба!
Армансыз сырын айтсам деп еді жас мұнар,
Жас мұнар
Бəлкім, аққулар айтқан аспани əнге мас шығар.
Бəрібір ешкім
Сынап көрмеген жырыммен немесе мұңыммен,
Алдыңа келіп бас идім!
Мені Сен қанатыңның астына ал!!! 

Қалмаханбет Мұқаметқалитегі

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.