ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

Қ. Бұғыбаева: ТАҢ АТҚАНША

Оқылған 39831 рет

Таң атқанша, бір қызамын, бір суып,
Түсімде ылғи кезем өзге тіршілік.
Тас мүсінді Ұлы Абайдың басынан,
Тұрды нұрлы шұғылалы Күн шығып.

Көз алдымда көрген күнім сағынып,
Осы шығар, асыл арман, ақ үміт.
Шашыраған сансыз жарық сәулесі,
Көздеріме түсті менің шағылып.

Жүргендеймін қыл көпірдің үстімен,
(Өмір деген - өмір емес, түс, білем).
Көк байрақтан көріп едім өңімде,
Күн көтерген қайсар қыран құсты мен.

Ұмытылмас... болды өзгеше, өмір бұл,
Күн көзіне қарай өсер көңіл гүл.
Түні бойы таңды күтіп сарғайған,
Сағыныштың сәулесіне шомылдым.

Жан-жүрекке жарық түспей басқадан,
Жылу күтіп, болдым неге "тасқа" алаң?
Кейде өмірден түңілгенде, түстегі
Күліп шыққан Абай күнін еске алам.

Таң атқанша сезім кештім, өртендім,
Көкірегім жайып қанат көркем күн?
Дүниеге неге ертерек туды екем,
Мен қызығам бақытына ертеңнің.

Өзі білсін... жорыса да қалай, кім,
Содан бері жүзі болды сан айдың.
"Бағамды" алмай барам "өмір-базардан" 
Күліп шыққан Күнін көріп Абайдың.
Өзі білсін, жорыса да қалай, кім?..

Қанипа Бұғыбаева

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.