АБАЙДЫҢ ТАБИҒАТ ЛИРИКАСЫ

Абай өлеңдерінің бір алуаны - табиғат лирикасы. Табиғат - адам баласының еңбек етіп, өмір сүретін ортасы. Бар байлық, қазына, тіршілік, табиғат дүниежүзі әдебиетіндегі ірі классик ақындардың барлығының да шығармаларынан орын алды. Әр дәуір, әр жағдайға лайықты табиғатты әркім әртүрлі жырлады. Біреулер табиғат арқылы өмір сүретін, біреулер табиғатты суреттеу арқылы көңіл-күйін, өз көзқарасын айтып берді. Ал кейбіреулер белгілі бір кезеңдерде өмірдегі күрес-тартыстардан безіп, табиғатты ғана жырлап, өмірден безу көйгейін тартты. Қайткенмен де, табиғат көркем әдебиеттен үлкен орын алды.

            Абайдың да айрықша жырлағанының бірі табиғат болды. Ол табиғат аясында өсіп, оны сүйе білді. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Күз», «Қыс», «Жаз» деген өлеңдерін оқығанда, табиғаттың әртүрлі құбылысы көзіңе елестейді. Жаратылыстың жайдары жазын, түсі суық тұманды күзін, не болмаса сақылдаған аязы мен қарлы боранын өзің көріп тұрғандай боласың. Мысалы, «Желсіз түнде жарық ай» деген өлеңінде:

Желсіз түнде жарық ай

Сәулесі суда дірілдеп,

Ауылдың жаны терең сай,

Тасыған өзен гүрілдеп.

 

Қалың ағаш жапырағы,

Сыбырласып өзді-өзі.

Көрінбей жердің топырағы

Құлпырған жасыл жер жүзі, -  деп, жазғы түннің әдемі суретін алдыңа тартады, жаз кезінің желсіз тымық күні, аспандағы жарық айдың суға түскен сәулесі, жазғы ауыл, оның жанындағы терең сай, гүрілдеген өзен суретшінің бояуы арқылы тұтас бір картина ретінде көз алдыңа келеді.

            Ақын жайнаған жаздың әдемі көркін осылай суреттесе, сол сұлу сурет өзгеріп, гүл, жапырақ солып, түсі қашқан күздің суық кескінін:

 Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,

Күз болса, дымқыл тұман жерді басқан.

Білмеймін, тойғаны ма, тоңғаны ма?

Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.

Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,

Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.

Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,

Жапырағынан айрылған ағаш, қурай, -  деп, күз түсумен бірге бәйшешек солып, ағаштардың сидиып, жапырағынан айрылғанын, ерке жазда мәз-мейрам болып келген жастардың, асыр салып ойнаған балалардың көрінбейтіндігін, қысқасы, көңілсіз күздің бейнесін тамаша түрде елестетеді.

            Абай қыстың кескінін де аса шеберлікпен суреттейді. Үскірік бораны бұрқырап тұрған қысты рақымсыз адам бейнесіне ұқсатады. Қыстың малға да жағдайсыз соқыр, мылқау күш екендігін аңғартады.

 Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап келіп қалды.

 

Дем алысы - үскірік, аяз бен қар,

Кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды.

Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,

Аязбенен қызарып ажарланды.

             Абай жылдың қай мезгілін суреттесе де, ең алдымен оның шындық бейнесін береді. Жоғарғы үзіндіде келтірген өлеңдердің қайсысын оқысақ та, сол кездің суреті көз алдыңда тұрады. «Қылышын сүйреткен қыс», «Масатыдай құлпырған жаз» өз кескінімен көрінеді. Жылдың төрт мезгіліндегі табиғаттың өз әдемілігінің мына жері кем қалыпты деп ешкім таласа алмастай етіп суреттелінеді.

            Ақын өлеңдерінде табиғаттың тек жалаң суретін ғана беріп қойған жоқ, оны адам өмірімен нық байланыстыра білді. Мал бағумен күн көріп, көшіп-қонып жүрген қазақ елінің өмір шындығын дәлме-дәл көрсетіп, жылдың әрбір мезгілінің мал баққан елге қандай әсер ететіндігін баяндады:

 Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып,

Шаруа қуған жастардың мойны босап,

Сыбырласып, сырласып, мауқын басып, -  деп, Абай күн көрісі табиғатпен нық байланысты болған елдің алты ай қыста бүрсең қаққан, қалт-құлт еткен кейпі жаз келе жадырап, басқа түрге енгенін, мал баққан ел қандай қуанышпен жазды қарсы алатындығын, оның өзі өмір тіршілігімен байланысты екендігін көрсетеді. Сондықтан да ол осы өлеңінің екінші бір жерінде:

 

Жаңа пұлмен жамырап саудагерлер,

Диханшылар жер жыртып, егін егер.

Шаруаның бір малы екеу болып,

Жаңа төлмен көбейіп дәулет өнер, -  дейді.

            Ақын қазақ даласындағы жазғытұрғы кездің барлық суретін толық берумен бірге, бұл кезді қазақ халқын еңбекке жұмылдыратын, тіршілік үшін күресінің қайнар көзі деп таниды.

 Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,

Адамзат көңілі өсіп, көтерілер.

Қара тастан басқаның бәрі жадырап,

Бір сараңнан басқаның пейілі енер.

Тамашалап қарасаң, тәңір ісіне,

Бойың балқып, ериді іште жігер, -  деп, жаздың суретін өзі де сүйеді және оны жалпы жұрттың көңілін шарықтатып, жігерін туғызатын маусым деп ұғады.

            Абайдың тағы бір өлеңі - жазғы шілде кезін суреттеген өлеңі. Ақын бұл өлеңінде жаздың дәл кемеліне келіп тұрған кезін көрсетпек болады. Жаздың әдемі көрінісін:

 Жаздыгүн шілде болғанда,

Көкорай шалғын, бәйшешек

Ұзарып өсіп толғанда,

Күркіреп жатқан өзенге,

Көшіп ауыл қонғанда,

Шұрқырап жатқан жылқының

Шалғыннан жоны қылтылдап,

Ат, айғырлар, биелер,

Бүйірі шығып ыңқылдап,

Суда тұрып шыбындап,

 

Арасында құлын, тай,

Айнала шауып бұлтылдап, -  деп суреттейді.

            «Күз» өлеңінде шөп қуарып, күн салқындап, көңілсіз кездің келу суретін бұлжытпай берумен қатар, мал баққан көшпелі, шала көшпелі ел үшін күздің жағдайсыз кезең екендігін айқындайды.

 Кемпір, шал құржаң қағып, бала бүрсең,

Көңілсіз қара суық қырда жүрсең, -  дейді. Жалғыз бұл ғана емес, қай жерін оқысаң да, көзіңе күзгі кедей ауылдың көңілсіз сүреңі елестейді.

            Табиғатты оқиғамен байланыстыра суреттеу халық ауыз әдебиетінде де болды. Бірақ қазақ әдебиетінде табиғаттың өзін жеке тақырып етіп алып, Батыстың классик ақындарының үлгісімен суреттеу Алтынсарин мен Абайдан басталады. Әсіресе оны жоғарғы сатыға көтерген - Абай.

            Абай «Қыс» деген өлеңінде қысты адам бейнесінде суреттеп береді. Бұрын қысты бұлай суреттеу болмаған-ды. Абай оны қазақтың ұғымына сай «кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды» деген тәрізді байырғы сөздер арқылы образдар жасайды. Қысты ақ сақалды шал бейнесінде суреттеу бұрынғы қазақ әдебиетінде, Абайдан басқаларда кездеспейді. «Қыс» деген өлеңнің басқа жағын былай қойғанда, бұл шығармадан қыстың қырдағы елге қандай әсері барлығын, мал баққан жылқышыға, жалпы шаруаға жылдың ең бір қолайсыз кезі екендігін айқын көруге болады. Өйткені қыс өз тұлғасында толық берілген. «Қыс» өлеңін оқығанда, аязды қыстың суық лебі бетке тигендей болады. Табиғат тақырыбында жазылған бұл өлеңдері - ақынның асқан суретші екендігіне толық дәлел.

 

Абай поэмалары және адам образы

Абай - лирикалық жанр ғана емес, эпикалық жанрдың да шебері. Ол әлеуметтік, махаббат, достық және сатиралық, философиялық, лирикалық өлеңдермен қатар, сюжетке негізделген, көлемі шағын эпикалық өлеңдер де жазды. Эпиграмма тәрізді сатиралық төрт жолдан құралатын «Көжекбайға» сықылды өлеңдерден бастап, ақын ұзақ поэмаға шейін көтерілді.

            Айта кететін бір нәрсе, эпиграммалық немесе сатиралық лирикасы болсын, қаншама қысқа, қаншама шағын десек те, ұлы суретшінің полотноға кистісін сілтеп қалса, адам, не басқа бір өмір құбылыстарының мүсіні бейнелене салатын тәрізді, Абайдың қысқа өлеңдерінде адам образдарының кескін-келбеті, іс-әрекеттері байқалып қалады. Біз ол туралы ақынның сатиралық лирикасымен байланысты айтқандықтан, бұл жерде қайталап жатуды қажетсіз көрдік.

            Ақынның сюжетті өлеңдерінің бірі - «Адасқанның алды - жөн, арты - соқпақ» өлеңі. Бұл жай қарағанда, портреттік өлеңге ұқсайды. Ал талдап көрсек, қысқа да болса сюжеттік өлеңдердің сапына жататындығын аңғарамыз. Қимыл, іс-әрекет, белгілі бір бейне, адам тұрқын көзге елестетеді.

 Бір аршөпке шапаны сондай шап-шақ,

Мүшесінен буынып басады алшақ.

Қарсы алдына жымырып келтірем деп,

Ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ.

Жаздыгүні ақ бөркі бүктелмейді,

Қолында бір сабау бар ол дағы аппақ.

Керегеге сабауын шаншып қойып,

Бөркін іліп қарайды жалтақ-жалтақ, -  деп, кескін-келбетін суреттей келеді де, кейінгі шумағында қимыл, іс-әрекетін көрсетіп, оған мінездеме береді:

 

Тірі жанға құрдас боп жап-жасында-ақ,

Қалжыңдамақ, қасынбақ, ыржаңдамақ.

Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып,

Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ.

Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,

Бәрі де шаруаға келеді олақ.

Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,

Бар өнері - қу борбай, сымпыс шолақ.

 

            Абайдың сюжетке құрылған үлгілі өлеңі - «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында». Өлеңнің оқиғасы екі-ақ шумаққа сыйғызылады.

 Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында,

Хан да жанын қияды қыз жолында.

Алтын-күміс кигені, қамқа, торғын,

Күтуші қыз, келіншек жүр соңында.

 

Деген сөз «бұқа буға, азбан дуға»,

Хан қарық боп, түсіп жүр айқай-шуға.

«Етімді шал сипаған құрт жесін», - деп,

Жартастан қыз құлапты терең суға.

             Басқа жолдары ақынның осы мәселеге көзқарасын баяндайды. Әйтсе де, осы сегіз жолдың өзінде адам және олардың қимыл, іс-әрекеттері бар. Тіпті кейбір ақындардың бір поэмаға азар сыйғызатын мазмұнын Абай бірнеше жолдарға-ақ сыйғыза алған. Бұл да шеберліктің бір көрінісі.

            Абайдан бізге қалған (әңгімелерін санамағанда) өлеңмен жазылған эпостық туындылары - «Масғұт», «Ескендір», «Әзім әңгімесі» («Мың бір түннен»), «Вадим» (соңғы екеуі аяқталмай қалған).

            Одақтық Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалы құрастырып, 1945 жылы ақынның 100 жылдығына арнап шығарылған шығармаларының толық жинағы басқа баспаларға қарағанда, шынында толығы да, ғылыми жағынан біркелкі ұқыпты басылғаны да осы кітабы. Біз көбіне осы жинаққа сілтеулер жасадық. Алайда бұл жинақ та кемшіліксіз емес. Ең алдымен, өлеңдерінің жылдары көп жайттарда сенімді емес. Махаббат, сүйіспеншілдік туралы жазылған өлеңдерінің жылдары ақынның есейіп кеткен кездеріне тура келеді. Ал жас келіп, өмір тәжірибесі молайғанда айтылуға тиісті сөздері жас кездерінде жазылған болып шығады.

            Осы жинағында поэмалардың жазылуы 1887 жылдан кейін болып шығады. Бірақ қай поэмасы қай жылы жазылды, ол жағынан дерек жоқ. Бұл жағдайлар ақынның даму жолдарын нақтылы көрсету үшін зерттеушілерді недәуір қиыншылыққа кездестіріп келеді. Сондықтан да Абайды тақырыбы жағынан зерттеушілік көбірек орын алады.

            Абайдың «Масғұты» - қысқа сюжетті оқиға байланысы, дамуы, шарықтау шегі, шешуі бар поэма. Поэмадағы шал мен Масғұт арасындағы және хан мен Масғұт араларындағы диалогтар мен ерлік қимылдарын баяндау арқылы Масғұт ұнамды қаһарман, ерлігіне ақылы сай, парасатты адам бейнесінде суреттелінеді. Өзінің ақылының арқасында ол «Шығыстың күні» деген атқа ие болды деп қорытады ақын. Ал поэманың негізгі идеясы - әйелдің қоғамдағы атқаратын ролін дәріптеу («Абайдың реализмін» баяндаған бөлімде бұған әдейі тоқталғанбыз).

            Біздің бұл кітабымызда кеңірек тоқталмақ шығармамыз - «Ескендір» поэмасы. Өйткені «Ескендір» бүгінге дейінгі Абай туралы жазылған зерттеу-еңбектерде тек аталып өтіледі. Орта мектептерге арналған оқулықтарда программаға сай қысқаша талдаулар берілумен ғана шектелінеді. Сондықтан да бұл поэма айрықша көңіл аударуды қажет етеді.

            «Ескендір» - дүниежүзі әдебиетіне тақырып болған, кәдімгі атышулы қолбасы Александр Македонский екендігі оқырмандар жұртшылығына мәлім. Батыс пен шығыстың талай жайсаңдары «Ескендір» туралы әңгіме, роман, көлемді поэмалар жазды. Олардың әрқайсысы әлемді тітіреткен қолбасы, оның ғұлама ұстазы Аристотель жайлы өз көзқарастарын кейінгі ұрпақтарына қалдырды. Әр автор өзінше түсініп, өз пікірін ұсынды. Осындай дүниежүзінің ірі адамдары сөз еткен тақырыпқа ХІХ ғасырда қазақ даласынан үн қосқан да және олар жайлы өз көзқарастарын ұсынған да Абай. Бір ғажап жері - Абайдың Ескендір жорығын түсінуі де, оған беретін бағасы да, ұрпақтарына қалдырған қорытынды пікірлері де өзінен бұрынғылардың айтқандарынан бөлек, жаңа, соны пікір. Бұл айтылған екі түрлі жағдайлар Абайдың «Ескендір» поэмасына ерекше көңіл бөлуді талап етеді.

            Александр Македонский туралы өз заманында да, өзінен кейін де көп жазылған. Ол - орта ғасырда барлық елдердің де ақын, жазушыларының көңілдерін аударған тақырып, әдеби қаһарман болды. Ескі және ертеректегі грек, латын тілдерінде жазылған әңгіме, роман, поэмалар орта ғасыр авторларына негіз болады: Франция, Англия, Германия, Испания, Италия елдерінде Александр туралы көптеген романдар туады. Орта ғасыр көркем туындыларының шығыстағы маңдай алды поэмалары: Фирдоусидің «Шахнамасы», Низамидің «Искиндернамасы», Навоидің «Саади Искандари» («Ескендір қорғаны») дүниеге келді. Аталған ұлы поэмаларға өзек болған - Ескендір жорықтары. Бұл оңтүстік славяндарда да (Сербская Александрия), орыстарда да ХҮ ғасырда туады.

            Иран тарихы мен әдебиетінің ірі маман-ғалымы Е.Э.Бертельстің айтуы бойынша, («Саади Ескандари». «Вал Искандерев») Зу-л-қарнайн қорғаны (қамалы) туралы аңыз тіпті Құранға да енген дейді. Ескендір - дүниежүзі әдебиетінен кең орын алған әдеби қаһармандардың бірі.

            Абай - өз заманының оқымысты ақыны. Оның шығармаларын зерттегенде, шығыс, батыс, орыс әдебиеті, олардың тарихын, аңыз, әңгімелерін көп білетіндігіне таң қалмасқа болмайды. Ескендір жайлы да ол әртүрлі мәліметтермен танысқандығы күмән келтірмейді. Бірақ дәл қандай қорларды пайдаланғандығын айту қиын. Әйтсе де ол, ең алдымен, шығыс әдебиеті, ол тілдердегі Александр туралы жазылған тарихи деректерді жақсы білген деп топшылауға болады. Өйткені шығыстың ұлы классиктерінің шығармаларымен Абай жасынан таныс. Сондықтан Александр туралы Фирдоуси, Низами, Навои, Эмир Хосров (Әмир Хысрау) сияқты ұлы ақындардың жазғандарымен жақсы таныс болғаны байқалады. Демек, біз Абайдың «Ескендір» поэмасын осылармен салыстыра зерттегеніміз жөн.

            Е.Э.Бертельс өзінің «Навои» атты (1948ж.) кітабында мейлінше тұжырымды түрде шығыс классиктерінің өздерінің поэмаларында Александрды қалай көрсеткендіктерін шебер баяндайды. Ғажап көлемді шығармалардың сюжетін айтып жату мүмкін емес. Сондықтан академик Бертельстің айтқандарының негізінде әрқайсысына қысқаша ғана тоқталып өтелік.

            Персия тілінде Александрдың аңызға негізделген өмірбаянын өзінің «Шахнамасында» бірінші рет баяндап берген - Фирдоуси. Ол Александр туралы өзінен бұрынғы сасанид дәуірінің аңыз-әңгімелерінің әр түрін негіз еткен. Ол - Александр Филиптің баласы емес, ІІ-Дарияның баласы екен, сондықтан Александр Иранның заңды патшасы деген аңыз бар болатын. Фирдоуси да өзінің поэмасында Александрды ескі Иран патшаларының бірі етіп және оның атышулы жорық пен жеңістерін, әртүрлі қиын да, қызық та оқиғаларға кездесулерін суреттейді.

            Дегенмен бұл тақырыпты жеке алып, Александр туралы арнаулы көркем шығарма жазған бірінші ақын - Низами. Бертельс Низами «Искиндирнамасын» жазу үшін өте көп материалды, деректерді пайдаланып, иран, араб, грек, армян материалдарын да зерттей келіп, поэмадағы басты қаһарманы Александр образын үш түрлі аспектіде жасауды мақсат еткен: жауынгер, әділ патша, философ және пайғамбар деп қорытады. Низамидің көрсетуі бойынша, бұл үшеуі бір-бірімен нық байланысты, бірі екіншісін толықтырушы. Жақсы тәрбие алып өскен Александр жасынан-ақ елді әділ басқарушы ретінде суреттелінеді. Ол соғысты баю үшін, не патшалығын кеңейту үшін емес, езілушілерді қорғау, солардың қамы үшін жүргізеді. Философиямен қатты шұғылданушылар оның барлық адамдық, даналық істерін бізге айқын ашып берді, патшаның негізгі мақсаты, халыққа қызмет етуде екендігіне көзі жетті, сол үшін тәңір оған пайғамбарлық ат берді деген пікірді ұсынады дейді Бертельс академик. Біз академик Бертельстің Низами туралы айтқандарын дәл аударып отырғанымыз жоқ, қысқаша түрде өз сөзімізбен мазмұнын ғана беріп отырмыз. Әйтсе де осы келтірілген мысалдың өзінен де Низамидің Александрды қалай түсініп, қалай бағалағандығы айқын.

            Академик Бертельс Навоидың «Саади Искандариін», Низамидің «Искиндирнамасымен» салыстыра келіп, Навои поэмасында, негізінде Ескендірді екі тұрғыдан көрсетуді мақсат еткен: Ескендір - қоғам қайраткері және данышпан философ. Низамидің Ескендірді пайғамбар етіп бейнелеуін Навои қабылдамаған. Мұнысының өзінше себебі бар.

            Навои «Саади Искандари» поэмасын жазғанда, нағыз ойдағыдай ел (мемлекет ұғымында) басқарушысының образын жасауды ой қазығы етті. Бірақ ол тек қиялдағы ғана емес, өмірде болуға тиіс, өз кезіне сай келерлік ел басқарушыларды арман қылды. Темір ұрпақтарының ел басқару істеріне поэманың жетекшілік құрал болуын нысана етті. Поэмасын Сұлтан Хусейннің өзіне ғана емес, оның мұрагері Бадиазземан мырзаға да арнауы осыны мегзейді. Өзінің мемлекет жұмыстарындағы лайсаң мол тәжірибесінің негізінде Навои ел басқарушылардың қолына жетекші құрал беріп, егер олар оны басшылыққа ала отырып халқын басқарса, елін де бақытты, өздерінің патшалығын да мызғымас берік етер еді деген пікір ұсынады. Егер Навои Ескендірді пайғамбар етіп көрсетсе, оған оқырмандары бұл қол жетпес қиял деп қарар еді. Ал поэмада Ескендір пайғамбар емес, қарапайым адам етіліп суреттелгендіктен, Темір ұрпақтарының барлық іс-амалдары жөнінде Ескендірге ұқсауын талап етуге автордың хақысы бар еді деп қорытады академик Бертельс.

(Жалғасы бар)

Abai.kz