АБАЙ МЕКТЕБІ: ӘРХАМ ЫСҚАҚОВ

 (Әрхам Кәкітайұлы Ысқақовтың дүниеден өткеніне 50 жыл)

 

Абайтануға зор үлес қосқан ұлы ақын ұрпақтарының бірі, Абайдың немере інісі - Әрхам Ысқақов.

Оның әкесі Кәкітай Ысқақұлы – Абайдың тұңғыш жинағын 1909 жылы  Петерборда бастырып шығарған және ақын өмірбаянын қағазға түсірген, 24 жыл Абайдың тәрбиесінде болған немере інісі.

Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов1885 жылы Шыңғыстауда, үлкен Ақшоқы деген жерде дүниеге келген.

Ақшоқы 1860 жылдан – атасы Ысқақтың қонысы.Құнанбай  Тәңірберді, Абай, Ысқаққа жеке мал, жер бергенде қатар беріп, бір мезгілде үйлендіріп, өздерін бөлек отау ғып шығарған екен. Сол үш отауды Шыңғыс таудың күн шығыс даласында  70-80 шақырымдай жердегі  Ақшоқы, Алшын, Тесіп шыққан аталатын мол пішенді қалың қорыққа орналастырады.

Кәкітайдың бәйбішесі Салихадан туған тұңғышы Әрхам қазақ салты бойынша атасы Ысқақтың бауырында өсіп тәрбиеленген. Қыстауы мен жайлауы қатар болып, ауыл аралары жақын болғандықтан, Әрхам Ысқақ пен Абай үйіндегі алғашқы немере болды.

Абайтану мектебінің ірі өкілі Қайым Мұхамедханов өз мақаласында Әрхам жөнінде: «Әрхам 9 жасында ескіше оқуға түсіп, 4 жыл ауыл молдасынан сабақ алып, сауатын ашқан адам. Бірақ, Абайдың өзі оған үлкен мектеп болған», - дейді.

Әрхам ата қызы Мінәш апайға жазған хатында: «Жасымда мұсылманша оқып хат таныдым. Орысша оқуға денсаулығым жарамады», - деген.

Кәкітай ержеткен баласының орысша білім алуын жөн көргенімен, атасы Әрхамның денсаулығының нашарлығына байланысты, оның Семейде оқуына қарсылық білдірген. Әрхамның орнына Кәкітай кіші ұлдары Біләл мен Даниялды алып, Семейге аттанған.

Орысша оқытқанның орнына атасы Әрхамды егін егіп, шөп шауып, мал семіртіп сату ісіне баулыпты. Біләл мен Даниял қалада жүрген кезінде, екі ауылдың шаруашылығы Әрхамның мойнында болып,  өзі айтқандай «үзіп-жұлып жүріп Абай ағасынан орысша оқып, нан сұрап жерлік» сауатын ашады.

4 жасынан бастап немересі есебінде Абайдың маңайында болып, жүйрік шешен, дүлдүл әнші-күйшілерді тыңдап өседі. Абай дүниеден өткенде Әрхам он тоғыз жаста. Абай жетік білген батыс және шығыс классиктерінің шығармаларын көкірегіне тоқып, жаттап өсумен бірге әдебиетпен де етене таныс болды.

Абай дүниеден өткеннен кейін Әрхам әкесі Кәкітайға серік болады. Абайдың өлең-сөздерін әкесімен бірге жинасып, Кәкітай 1907 жылы Абай шығармаларын Семейге бастыруға барғанда, қасына ерді. Семейден баспахана таба алмаған әкесін Омбыға параходқа мінгізіп еліне қайтады.

Кәкітай дүниеден өткеннен соң (Әрхам әкесі қайтыс болған жылы /1915/ 30 жаста) Әрхам – атасы Абайдың өнеге сөздерін, бастан кешкен оқиғаларын, баспа көрмеген кейбір өлеңдерін, жеке бұйым-заттарын жинауға кіріседі.

1920 жылдан 1923 жылға дейін ол азық-түлік комитетінде,  1923 жылдан 1930 жылдарға дейін су шаруашылығы бірлестігінің төрағасы болып, онан соң совхозда участок бастығы болып жұмыс істейді.

1924 жылы М.Әуезов пен інісі Даниялдың көмегімен Шыңғыс тауының күнбатыс жағасындағы құйқалы қоныс – Бақанас, Байқошқар, Қазбала, Жаныбек деп аталатын арналы өзендердің түйіскен жері – Аралтоғайдан 60 үйлі кедейдің басын қосып, артель құрған. Бақанас басынан қала үлгісімен үй, аурухана, монша, су диірмені, май заводын салдырады. 60 үй жатақтың балалары үшін мектеп салдырып, қаладан оқытушы мұғалімдер алғызып, Абай елінде тұңғыш мектеп ашты. Өзі де қоныстандыру жұмысымен қатар, бала оқытты.

Әрхам атаның ісі  алға басып, еңбегі жанып, қала көркейіп келе жатқанда, бір «қолы жүйрік» белсенді «Құнанбай ұрпағы, ел билеп, байып отыр», - деп арыз жазған. Бір түнде Әрхам ата Семей абақтысына қамалады. Жазықсыз жан айуандық әрекеттің құрбаны болғанына 60 үйдің адамы шыдап жата алмады. Арыз беріп, абақты алдында кетпей жатып алған халықтың талабы зая кеткен жоқ. Бірақ, түрмеден босағаннан кейін, Бақанасқа жібермей 1927 ж. Көкпекті ауданына қарасты Үшкөмей деген жерге «Союз-мясо» мекемесінің малын баққызатын «гуртоправ» болып барады. 1929-30 жылы Әрхам атаның жағдайына қанық болған М.Әуэзов Ташкентке жетуіне ықпал жасап, қамқорлық көрсеткен

1939-1940 жылдан бастап Әрхамді Қазақстанда ғылыми-зерттеу қоғамы мен Орталық музей Абай мұрасын жинауға Семейдегі Абайдың мемориалдық музейін ұйымдастыруға ат салысуға шақырады.

Абай музейінің ірге тасын қаласып, шаңырағын көтеру ісінде Әрхам Ысқақов зор еңбек етті. 1940 жылы Абай музейі ашылған күннен бастап ол музей қызметіне орналасады. Сондағы Әрхам Ысқақовқа жүктелген міндет Абай көзі тірі кезінде пайдаланған заттарды жинау, Абайды көрген, естіген адамдардың есінде қалғандарын жазып алу болды. Абай музейінің директоры Жәрдем Тлековтың бұйрықтар кітабында 1941 жылдың 4 маусымындағы №30 бұйрықтың 2 бабында: «С 5/06. с.г. научного работника музея Исхакова Архама командировать в Чубартауский, Абаевский районы по сбору экспонатов, касающихся к жизни и творческой деятельности поэта Абая Кунанбаева», - деп жазылған.

Әрхам Ысқақов Семей облысына қарасты барлық аудандарын түгел аралап, Абай замандастары – қария адамдардың ақын туралы жетпістен астам естелік - әңгімелерін жинап Абай музейінің қолжазба қорын байытты.

Абайдың ақын балалары Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Әубәкірлердің шығарған ұсақ өлеңдерін жинап, Шыңғыстау елі жөнінде құнды деректерді, өз әкесі Кәкітай туралы, Ақылбай, Әубәкір жөнінде естелік жазып қалдырды.

 «Абайдың інісі Әрхам – ақынжанды, нелер құнды тарихи әңгімелер айтады. Ол әңгімеші ғана емес, өзі де білікті зерттеуші», - дейді М.Әуезов.

Абайтанушы ғалым Қ.Мұхамедханов: «Әрхам Кәкітайұлы Ысқақовтың Абай туралы жинаған бай материалы зерттелген емес. Бұл абайтану ғылымы үшін бай қазына...» - деп жазды («Абайдың ақын шәкірттері», 2-кітап).

Сонымен бірге, ақын музейіне қайың безінен істелген сыртына күмістен құлақ орнатқан тегене,  мүйізден жасап сабына күміс жүргізген ожау, Абай пайдаланған боялған ағаш ер, Варшава қаласынан алғызған күміс сағаты, жезден жасалған келі, келсап, сүйектеген кебеже және асадал, үлкен жез леген, тағы бірнеше заттар әкеледі.  

Қазақ ССР Ғылым Академиясының тіл-әдебиет институтының шақыруымен, 1945 жылы Абайдың 100 жылдығына орай шыққан Абайдың академиялық толық жинағын баспаға дайындауға қатысты. Абай сөздері мен кісі аттарына түсінік беруге жәрдемдескен.  Мереке қарсаңында М.Әуезовтің кеңесі бойынша Әрхам Ысқақовтың түсіндіруі негізінде музейде қыстаудың макеті жасалады. Онда қыстаудың құрылысының бастапқы жоспары, ішкі бөлмелердегі жасау-жиһаздары мен үй мүліктерінің орналасуы – бәрі де ақынның көзі тірісіндегі қалпында нақты бейнеленген.

1948 жылы Алматы, Жамбыл, Шымкент, Тәшкент қалаларын аралап Абай нәсілінен тараған ұл, қызы, немере, шөбересі, жиенін, келіндерін іздеп тауып солардың 125 фотосуреттерін әкеліп, олардың Абайға жақындығын, жасын, мекен-жайларын өзі жазып музейге тапсырды.

Абайдың туғанына 125 жыл толуына орай Жидебайдағы ақын қыстауының бастапқы қалпын сақтай отырып, қайтадан салу үшін қандай үлгі-жобаға сүйену керек деген мәселе туғанда, осы макеттің жобасы негізге алынған.

Семейдегі Абай музейінің экспозициясы көркемдік жағы жеткіліксіз,  тексттік материалдардан ғана тұратындықтан, Москва, Ленинград музейлерінің үлгілері бойынша суреттер, макеттермен жандандыру қажеттілігі туады. 1949 жылы  экспозицияның идеялық мазмұнын тереңдету және көркемділігін жақсарту мақсатында Абайдың қоладан жасалған бір мүсінін, ағаштан жасалған бір мүсінін, 2 сурет, 8 акварель, 2 макетке тапсырыс беру жоспарланады. Алайда, бұл тапсырыстар қаржы бөлінбегендіктен шығарылып тасталған.

Осы жағдайға байланысты музей В.Долгунин деген суретшіге Абайдың бір киіз үйінің макетіне тапсырыс берумен шектелген. 1950 жылы Ә.Ысқақовтың айтуымен жасалған Абай үйінің макеті, тұтынған мүліктерінің үлгілері мұражай қорында күні бүгінге дейін сақтаулы.

Әрхам Кәкітайұлы Абай оқып, жақын таныс болған орыс, Батыс Европа классиктерінің шығармаларын ел аузынан жазып алып, үнемі музейге тапсырып отырды. Әсіресе, Абайдан естіп, ұғып, үйреніп Баймағамбет ертегі етіп айтатын: Ален-Рене-Лесаждың, Фенимор Куйер Майн Рид, Александр Дюманың шығармаларынан «Ақсақ француз» (орысшасы «Хромой бес»), «Разбойник Сохати», «Шерлок Холмс», «Үш мүшкетер», Бальзактың қазақ арасына ауызша тараған «Шегірен былғары» («Шагреновая кожа»), романдарын қағаз бетіне түсіріп, әдеби бай мұра қалдырды.

Қазақ ССР Ғылым академиясының тіл-әдебиет институтының шақыруымен, 1945 жылы Абайдың туғанына 100 жыл толуына орай шығарылған академиялық толық шығармалар жинағын баспаға дайындауға қатысты. Абай сөздері мен кісі  аттарына түсінік беруге жәрдемдесті.

Әрхам өткен өмір сырына жетік, ескі дүниеге куә, жаңа заманға айғақ болған адам. Бұл кезде ұлы ақын мұрасын жинауда игілікті жұмыстар атқарумен қатар, «Абайдың өмір жолы» (ақын өмірінен естігенім, білгенім және көргенім) деген көлемі 200 бет еңбегін 1958 жылы, «Абай өмірінің соңғы жылдары» естелігін 1962 жылы жазады.

Бұл еңбектің абайтану үшін айрықша маңызы бар. Естелікте М.Әуезовтің төрт томдық романына кірмей қалған көптеген сол замандағы оқиғалар, рулар арасындағы айтыс-тартыстар, жер, су аттары, ақынның туыстық, құда, жекжаттық, нағашы-жиендік, тағы басқа да байланыстары өзінің атынан баяндалады. Абайдың жақын адамы есебінде ол ақынның балалық, жастық шағына, шыққан ортасына, мінез-құлқына, жазу дағдысына, ағартушылық көзқарасы мен халықпен қарым-қатынасына көбірек көңіл бөледі. Естегілерін Абайдың бала шағы, жас күні, ер жеткен кезі, қартайған дәуірі, өмірінің соңғы жылдары деген жүйемен баяндайды.

 «Абайдың өмір жолы» деген естелігі «Абай өмірбаянына қосымша деректер» деген атпен «Жұлдыз» журналының 1993 жылғы 6-номерінде алғаш жарық көрсе, 1995 жылы ақының 150 жылдығы қарсаңында  «Жүрегімнің түбіне терең бойла...» атты Абай өмірі туралы тұңғыш шыққан естелік кітапта «Абайдың өмір жолы», «Абай өмірінің соңғы жылдары» деген екі естелігі жарияланады.

Биыл Абай қорық-мұражайының 70 жылдығына орай «Абай мұражайының кітапханасы» сериясымен «Абай туралы естеліктер» кітабы жарық көрді. Осы кітапқа кірген Әрхам Кәкітайұлының естеліктері мұражай қорындағы түпнұсқа бойынша берілді (КП-27).

Ә.Ысқақов «Абай өмірбаянына қосымшалар» атты естелігін Алматыға апарып, Мұхтар Әуезов бастатқан, Есмағамбет Ысмайылов, Ханғали Сүйіншалиев қостаған ғалымдар танысып, өздерінің жазбаша пікірлерін қалдырған.

М.Әуезов жазған арнайы пікірінде Ә.Ысқақовтың Абай өмірбаянын көрсетуге арналған кейбір деректерді таңдап алудағы кемшіліктерін көрсетеді. «Өмірбаян ішінде ақын Абай мүлде жоқ деуге болады. …Үстем таптық, феодалдық-патриархалдық салт-сана түгелімен Ысқақов аузымен қайталанып отыр» - деп қатаң сын айтылады.

Ә.Ысқақов естегілерін жазу барысында  арнайы бір таптың мүддесін қорғау, немесе өзіне дейінгі елге мәлім Абай өмірбаянын қайта жазып шығуды көздемегені анық десек, қателеспеген болармыз. Абайдың жақын адамы есебінде ол ақынның балалық, жастық шағына, шыққан ортасына, мінез-құлқына, жазу дағдысына, ағартушылық көзқарасы мен адамдармен қарым-қатынасына көбірек көңіл бөледі. Өскенбай, Құнанбай, Абайдың шеше тегінен бастап, шежіресін таратады.

Әрхам Ысқақовтың қолжазба еңбегі жайлы белгілі ғалым Е.Ысмайылов «Әрхамның бұл еңбегі ғылыми жүйеге түскен өмірбаян емес, Абайдың өмірін жан-жақты түсінуге қажетті, аса құнды қосымша материалдар. Бұл әсіресе, Абайды зерттеушілерге, Абайдың жеке өлең сөздерін тексерушілерге,  жалпы әдебиетші, оқырман жұртшылығына қызықты да бағалы еңбек», - деп баға береді.

Абайдың туған жылын, туған жерін, Абайдың нашарлап ауыра бастағаны, қайтыс болғаны, Жидебайға әкелініп қойылғаны жөнінде нақтылы мәлімет берген - Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов.

М.Әуезовтің: «Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс тауын жайлаған Тобықты руының ішінде 1945 жылы туған», - дегенін Ә.Ысқақов толықтыра түсіп, нақтылы деректер келтіреді: «Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін, 1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді».

Ұлы ақынның басынан өткен көптеген оқиғаның куәгері, оның тәрбиесін көрген, білгені, естігені мол Ә.Ысқақовтың осы құнды дерегі Абайдың туған күнін 10 тамыз емес, жаңа жыл қайырумен 23 тамызда тойлануының бірден бір негізі болып табылады.

Көптеген деректерде Абай 60 жасында дүниеден қайтты делінсе, Әрхам Кәкітайұлы 59 жасында деп жазады. Өз көзімен көріп, қолымен жөнелткен Абайдың бауыр-баласы Әрхам оның қазасы жөнінде: «Сол жылы жонға-жайлауға Абайға, Ысқаққа қараған  жиырма шақты ауыл түгел көшіп шықты. Жаздай батаоқыр болып, Абай ауылы жиыннан босамады. Балашақпақ өзеніне барып қонып, Мағауияның қырқын өткізуге дайындық жасады...Мағауияның жабдығын Кәкітай мен Тұрағұл басқарады. Абай мені қойыңдар деп кіріспеді. Көп адам жиналып Мағауияның қырқын, қатымын беріп тарқаған күні кешке Абай ауырып шықты. Төсектің үстінде басын көтеріп отырып алды. Тамақ ішпеді, жатып ұйықтамады. Өзі сөйлемеді, біреу жағдайын сұраса, басын шайқады... Абайдың осындай ауыруға ұшырағанын естіп өзінің бір туған ағасы Тәңірберді келді. Ол есіктен кіре аңырап жылап: «Бір анадан төртеу туып едік, екі ініден айырылып едім, енді мен сенің де артыңда қалатын болдым ба? – деп еңіреді.

Абай ағасының бетіне қарап отырып: «Ез күнде өледі, ер бір-ақ өледі, - деді. Басқа сөз айтқан жоқ. «Тілі сөйлеуге келмейді» деп қойған ел Абайдың әдейі сөйлемейтінін сонда ғана білді. Үш күн сол қалыппен басын көтеріп жатпай отырып, ескіше 23 июнь күні Абай 59 жасында дүниеден қайтты...-дейді.

Ә.Ысқақов Абайдың музыкалық мұрасы - әндерін жинауға көп үлес қосты. 1935 жылы М.Әуезовтің Абайдың музыкалық мұрасын сақтап қалуға байланысты белсенді қызметінің нәтижесінде Семейде Абай әндерін алғаш рет толық жинап, нотаға түсіру қолға алынды. Композитор Л.Хамиди Семей қаласында Әрхамнан Абайдың «Біреуден біреу артылса», «Желсіз түнде жарық ай», «Ішім өлген, сыртым сау», «Сегіз аяқ», «Татьяның Онегинге жазған хаты» т.б., барлығы 20-ға жуық әндерін жазып алды. Әнші, Шәкәрім әндерін насихаттаушы К.Өлмесековтың айтуынша Абай әндерінің ең дұрыс нұсқаларын жеткізген  Әрхам Ысқақов.

Ақын ұрпақтарының барлығы Абайдың ақындық мектебінен өткен, оның мол мұрасынан сусындаған, тәлім-тәрбиесін, өнеге үлгісін көрген жандар.

М.Әуезов: «Абайдың інісі Әрхам – ақынжанды, нелер құнды тарихи әңгімелер айтады. Ол әңгімеші ғана емес, өзі де білікті зерттеуші» дейді.

Әрхам өлең де жазған, бірнеше рет ақындар айтысына қатысқан. Көптеген өлеңдері кезінде республика, облыс газет-журналдарында басылып отырды. Әрхам өлеңдерінде табиғатты, өнер-білімді, оқу-ғылымды жырлап, ескі дүниенің жарамсыз қылықтарын сынап, жаңа заман сәулетті өмірін суреттейді. 1930 жылы Ташкентте айдауда жүргенде, еліне, жеріне деген сағынышын өлеңмен жекізеді:

Бақанас сағынамын өзеніңді,

Тік жартас, биік асу кезеңіңді.

Тал, қайың, мойыл, терек араласқан

Көк жасыл, ұзын аққан өзегіңді.

           ...Бұраңдап ұзын аққан арығыңды,

Тойдырған аш-жалаңаш, ғарыбыңды.

Су жайған жалаң аяқ, күрек ұстап,

Талапкер, ер еңбекшіл халығыңды.

         Шын тілеу, ақ ниетпен барып едім,

         Жолыңа мал мен басты салып едім.

         Әртүрлі мәдениет белгісі орнап,

         Елім-ай, іретке кеп қалып едің.

Әрхамның поэзиядағы елеулі еңбегі - 1961 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Зағипа» атты тарихи поэмасы. Зағипа мәселесі ел ортасында кең тараған шындық. Поэма Абайдың жарқын бейнесін, Абай заманын, бай-болыстарды, солардан жапа тартқан Әбдіқызы Зағипа атты қыздың тағдырын жырлайды. Поэма тарихи болған істі, сан қилы Абай өмірінің тағы да бір беймәлім кезеңін суреттейді. Абайдың өзі тікелей араласқан және Шәкәрім қатынасы елге аян жайлар. Бұл еңбегі 1961 жылы жеке кітап болып жарық көрді.

Әрхам Ысқақов сонымен бірге асқан дойбышы болды. 1948 жылы өткен дойбы, тоғызқұмалақ ойындарының облыстық, 1952 жылы тоғызқұмалақ ойындарының республика, Орта Азия бойынша чемпионы болды. 1950-60 жылдары  осы ойын жарыстарының көбіне қатынасып, облыс, республикада жүлдегер болып жүрді (дипломдары мұражай қорында сақтаулы).

Бүкіл саналы ғұмырын ұлы атасы еңбек еткен іске арнап, берген үлгі өнегесіне дақ түсірмей, ұрпақтық парызын ақтаған Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов 1963 жылы 31 қаңтарда, туған елі - Абай ауданында, 77 жасында дүниеден қайтты. Сүйегі Қарауылда жерленді.

Арттағыға сөзің мен ісің қалса,

Өлсең де,  өлмегенмен боласың тең, -  деп Абай айтқандай Әрхам ата өзі қалдырған үлгі-өнегесі, еңбектері, өнер мұрасымен мәңгілік жасай бермек.

 

Шынар Мұратқызы

Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы

Қараша, 2013 жыл

 

http://old.abai.kz/content/shynar-myratkyzy-abai-mektebi-erkham-yskakov