Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай: Абайдың аршынына толған ат қандай?

Абайтанудың қазіргі көкейкесті мәселелерінің бір парасы - ақын өлеңдерінің мәтіннамасына байланысты байыбын таппаған тұстары. Автордың түпнұсқалық қолжазбасы сақталмағандықтан, бұл мәселенің шешілуі күрделі болуы - заңдылық. Біздің ойымызша, Абай шығармаларының мәтіннамасы мен ақынның шығармашылық лабораториясы арасында үзілмес байланыс бар. Демек, қазір жарық көріп жүрген  шығармалардың мәтінін  қалың оқырманға белгісіз, ертеректе жиналып, ғылым игілігіне қосылмаған нұсқалармен салыстыра зерттеу жемісті болар еді.

Абайдың көзі тірісінде жарық көрген шығармалары қатарында «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ...» және «Қансонарда бүркітші шығады аңға...» деп басталатын екі өлеңі де ғылым үшін аса қымбат нұсқалар.

Бұл өлеңдер 1897 жылы Қазанда басылып шыққан «Князь білән Зағида» деген қиссаның мәтінінен табылған. «Кітапты бастырушы Бектұрған Сиқымбайұлы, өлең етуші - Жанұзақ ақын» деп көрсетілген. Бұл нұсқаларды ғылыми айналымға енгізген көрнекті баспасөз және әдебиет тарихшысы Үшкөлтай Сүбханбердина, мәтіндерді талдап, түсінік берген профессор Мекемтас Мырзахметов [1, 6-8 бб ].  Қисса тініне жымдастырыла қосылып, басты кейіпкерлер Князь деген жігіт пен Зағипа деген қыздың жұмбақ айтысы түрінде тұтас берілген бұл екі өлеңнің авторы қазақ ақыны Абай екені айтылмайды. «Қиссадағы өлеңде кездесетін өзгерістер, өлең  жолдарындағы сөздердің орнын ауыстырулар, «кейінгі автордың» өзінше «жаңа жолдар» қосуы мұнда жиі кездеседі»[1, 8 б].

Зерттеуші М.Мырзахметов Абайдың шығармаларының қиссаға қосылғанда едәуір өзгеріске ұшырауына байланысты былай деп жазады: «...Сиқымбайұлының Абай өлеңінің гармониясын бұзып, өзінше омбылап жүруіне, өлең жолдарын көбірек ауыстыруына қарағанда бұл екі өлең кітап авторының қолына ел аузынан, бірден-бірге жеткен тәрізді»[1, 8 б]. Бұл пікірдің негізсіз емес екендігін айта отырып, толық келіспейтін де жайымыз бар. Мәселенің басын ашу үшін қиссаға қосылып басылған нұсқа мен өзімізге мәлім нұсқаны салыстыра отырып, тереңірек зерттеу қажет.  Сонда ғана ақынның көзі тірісінде кітап болып, жұртқа тараған бұл екі шығарманың қадіріне жетуге болады.

Әдетте, әр уақытта басылған нұсқалардағы айырмашылықтар туралы сөз еткенде көшіруші немесе бастырушы айыпты болып жүреді. Абайдың өз қолымен жазып қалдырған, түзеген, мінеген қолтаңбасы жоқ екені, Абайдың ақындық лабораториясының ерекшеліктері еске алынбайды. Демек, бұрынғы және қазіргі нұсқаларды салыстыра бағалағанда, бірыңғай бастырушыны жазғырмай, бастырушының қолында болған нұсқаның да қасиеттерін, өлеңдік үздік өрнектерін де байқап, ескеріп отырған жөн.

Біздің салыстыра зерттеуіміз осы бағытта. Қиссадағы  «Сынағандағы  аттың сыны» деген тақырыппен басылған нұсқаны «Қиссада», ал 1995 жылғы академиялық жинақтағы өлеңді «Жинақта» деп алдық.

Сонымен:

Қиссада:  Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,

Қой мойын, қоян жақты бөкен қабақ

Жинақта: ... .. .. .. .. .. .. .. .. .. .. .. .. .. .. .. ..

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.

Буын саны түгел, тек  «ты» жалғауы жинақта «мойынды» болып қосылған. Өлеңдік қасиеті бұзылмағандықтан, бастырушы өзгерткен жағдайдың өзінде кешіріммен қарауға әбден болады.

Қиссада: Шығыңқы ауыз-омыртқасы жалы майда,

Үзіліп ойлық желке тұрса сағақ.

Жинақта: Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,

Ой желке үңірейген болса сағақ.

Әрине, қиссадағы сурет солғындау. Бірақ, «сағағынан үзілген» тіркес те осал емес, «үңірейген сағақтың» бейнелілігі күштірек болса да, ұғымға қиындау.

Көрнекті абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметханов та «Ой желке, үңірейген болса сағақ»,- деген жолға күдік келтіреді [2, 49 б]. Күдік  келтіреді де, Сәдуақас Шормановтың нұсқасымен келісе отырып, осы жол:

«... Үзіліп ойдық  желке, тұрса сағақ»,-  түрінде өлеңнің бойында, өз орнында тұр деп санайды.

Демек, біздің топшылауымыз негізсіз емес.

Біраз шегініс жасап, Абай өлеңдерін жазып алған Сәдуақас Шорманов және оның қолжазбасы туралы мағлұмат бере кетсек артық емес. Әрине, бұл - Абай шығармаларының текстологиясы жөніндегі пікірімізді дәлелдейтін бірден-бір дәлел деген сөз  болмаса керек.

Сәдуақас Мұсаұлы Шорманов жан-жақты білімді, Шығыс-Батыс әдебиеті мен мәдениетін жақсы білетін, қазақ әдебиетінің қадір-қасиетіне жетік маман десе болғандай тұлға екеніне академик Әлкей Марғұлан куәлік етеді [3]. Әлекеңнің көрсетуіне қарағанда, Абайдың  тұрғыласы әрі жақсы таныс, құдандалы азамат Сәдуақас Шорманов Абай өлеңдерін ерте бастан-ақ жазып алып, жинап жүрген.

Сол Сәдуақас Петербургке бір барған сапарында, 1897 жылы Абай өлеңдері жазылған дәптерді  «Петербург университетінің профессоры, шығыстанушы, қазақ тілі мен әдебиетін зерттеуші ғалым П.М.Мелиоранскийге сыйға тартқан. Қазір (1963 ж.-З.Т.) бұл дәптер Салтыков-Щедрин атындағы кітапханада академик А.Н.Самойловичтің архивінде сақтаулы тұр» [3].

Әлекең С.Шорманов қолжазбаларына, ол жинаған Абай өлеңдерінің мәтіні дұрыстығына кепіл бере жазған. «Сәдуақастың жазбаларында Абайдың 17 өлеңі бар. Жалпы көлемі - 576 жол». Солардың ішінде біз қарастырып, тексеріп отырған екі өлең бар.

1995 жылғы академиялық жинақты құрастырушылардың көз жеткізуіне қарағанда «Сәдуақас қолжазбасындағы Абай өлеңдерін жинақтарда басылған нұсқаларымен салыстырғанда, ақын сөздерінің көпшілігі Сәдуақас қолжазбасында  дәл беріліп, дұрыс жазылғаны анық байқалады» [4, 249 б].

Орайы келгенде айта кетейік, Сәдуақас Шорманов жазбаларын көпке мәлім Мүрсейіт қолжазбаларынан мүлде бөлек нұсқа ретінде дербес қарастыру қажет.

Сондықтан да Абай өлеңінің бір ғана жолының екі нұсқасы жөніндегі пікірлерімізді тиянақтау үшін С.Шорманов (1854-1927) қолжазбасына жүгіндік. Және онымыз нәтижесіз де емес. Тағы бір мысал мынадай:

Қиссадағы:  Жығылмай ѕәм сүрінбей жүрсе көсем,

Иек қағып белдеуде тұрса әсем, -

деген екі жол

Жинақта: Тығылмай әм сүрінбей жүрсе көсем,

Иек қағып еліріп басса әсем.

Бірінші нұсқасында аттың «жығылып-сүрінбей» көсем жүруі туралы айтылады. Екі сөздің арасындағы дефистің орнына «ѕәм» шылауының қосылуына қарай, екінші нұсқада мүлде басқа мағына пайда болған.

«Тығылмай» деген сөздің мағынасы ашық. «Бүгежектемей, босаңсымай, тіпті қатар келе жатқан екінші атқа «тығылмай», «сүйкенбей» дербес, кербез басып еркін жүруі деп түсінеміз. Осындай көсем жүрісті аттың тұрпаты көзіңізге елестейді. Бұл жерде жинақтағы нұсқаның мәні айқын, сәні көркем.

Тағы бір ескерте кетерлік теңеу «басса көсем» тіркесіне қатысты. 1909 жылғы алғашқы кітаптан бастап, 1995 жылғы академиялық жинаққа дейін:

«Тығылмай, әм сүрінбей жүрдек көсем,

Иек қағып, еліріп жүрсе әсем»

болып келгені мәлім. Мұндағы «жүрдек көсем» тіркесінде ең болмаса жүрдектен кейін үтір қойылса, жақсы ат әрі жүрдек, әрі көсем деген мағына берер еді. Бірақ, «жүрдек» сөзі «көсемге» синоним бола алмайды. Күшейткіш шырай тұлғасындағы сын есім деп қабылдасақ қисынға келеді.  «Жүрсе әсемнің» кемшілігі жоқ, тек бірінші жолдағы «жүрдекке» қарап, қайталанып келген селкемдік деп қабылдауға болар.

Осы жағдайды байқаған құрастырушылар Сәдуақас нұсқасын тексергенде:

Тығылмай, әм сүрінбей жүрсе көсем,

Иек қағып, еліріп басса әсем,

екенін тапқан.

Бас-аяғы жұмыр, сурет кестесі келісті осы екі жол жинаққа енгізілген. Абай өлеңінің асыл нұсқасы қалпына келген. «Әсем басу» атқа жарасымды екені де (Сұржекей әсем басып, елеңдейсің) айтылатыны ескерілген» [5, 266 бб].

Қиссада:  Салпы ерін, теке мұрын, ұзын тісті,

Қабырғалы, жоталы болса күшті.

Бөп-бөлек ойынды еті, омыраулы,

Бүркіттей тоят алған салқы төсті.

Жинақта:  Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті,

... ... .. .. .. .. .. .. .. .. .. .. .. .. .. .. .. ..

Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы,

Тояттаған бүркіттей салқы төсті.

Жинақтағы нұсқаның инверсиясы айқын, төгіліп тұрғаны рас. Бірақ, қиссадағы:

Бөп-бөлек ойынды еті, омыраулы,

Бүркіттей тоят алған салқы төсті,-

деген жолдардың да кемдігі көрінбейді. Абайдың өз қолынан  шыққан десек те олқы емес. Әсіресе, «бүркіттей тоят алған» деген теңеудің дәлдігі, ұғымға жеңілдігі қызықтырады.

Қиссадағы: Жуан сіңір бақайлар, жұмыр тұяқ,

Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.

Жер соғар бауыр сіңірі әлді келіп,

Жауырын етсіз бітсе, тақтайдай-ақ.

Жинақта:     Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ,

.............................................................

Жерсоғарлы, сіңірлі, аяғы тік

Жауырыны етсіз, жалпақ, тақтайдай-ақ.

Қиссадағы  «жуан сіңір бақайлар» жинақта «жуан, тақыр байқайлы» болып ауысуына да назар аударарлық жайлар баршылық.

Бақайдың жуан болуы екі нұсқаға да тән. Біріншісінде, бақайлардың «жуан сіңірлі» болып келуі қуатталады. Бұл заңды. Малдың бақайы көрініп тұрмайды, сіңірі жуан болса - әлділіктің белгісі. Ал, жинақта бұл теңеу мүлде басқаша реңкке бөленген. Мұнда  бақайлар әрі жуан, әрі тақыр болуы шарт сияқты.

Байыптап  қарасақ, бақайдың жуандығы ма, әлде бақай сіңірлерінің жуандығы ма? Әңгіме неде? Әрі бақайдың тақырлығы деген нені білдіреді? Түсініксіздеу емес пе? Әлбетте, поэзия проза емес, ғылым емес - бейнемен, өрнекпен кестеленетін сөз өнері екеніне дау жоқ. Дегенмен, қиссадағы «сіңірі жуан бақайды»,   «тақыр бақайдан» құндырақ көретінімізді жасырмаймыз.

Сонда, Абайдың сөз өрнегін басқа біреу жөндеп жіберген бе? деген сауал да тууы мүмкін. Біздің жауабымыз: екеуі де Абай нұсқасы, екі түпнұсқа. Біреуі алғашқысы, екіншісі ақынның редакциясы болуы мүмкін. Әрине, бұл байламға біз тек «бақай» төңірегіндегі ізденіспен ғана келіп отырғамыз жоқ. Әрі қарай талдайық.

 Қиссадағы: Тар мықын, талғақ жая, қалбағайлы,

Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы...

Жинақтағы: Кең сауырлы, тар мықын, талғақ жая...

... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...

Қиссадағы «Тар мықын, талғақ жая...»  қандай әдемі. Қатаң «Т» әрпінен басталатын екі сын есім, бірін-бірі күшейтіп, тасқа қашағандай  айқын, дәп-дәл сурет құраған. Естілуі қандай әсерлі. «Кең сауырлы, тар мықым...» да осал емес. Сөйтсе де, «Тар мықын, талғақ жаяға» жетпей жатқанын мойындамасқа шара жоқ.

«Абай тілінің сөздігінде» [6, 365 бб] «жалбағайлы» сөзіне «мықын сүйегі шығыңқы» деген түсінік беріліпті. Ал, «талғақ» деген сөз жоқ. Егер осы біз талдап отырған жолды Абайдың өзіне қайтарсақ, ақынның сөздік қорына тағы бір қазақ сөзі қосылар еді. Қазіргі қолданыста жоқ, көнерген сөз ретінде лексикамызда болмағандықтан, бұл «талғаққа» біз де түсінік бере алмадық. Сондай-ақ, жинақтағы нұсқада аттың жаясы-ның сыны туралы айтылмайды. Олай болса, Абай-ақынға біреу сырттан сөз қосыпты дегеннен гөрі, әуелде бар сөз кейін белгісіз себептермен қысқарып қалған десек қисыны келетіндей.

Мұның екінші бір мысалы ретінде кейбір жинақта жоқ, қиссада бар мына сынды да ұсынуға болады:

Балтыры болса жуан, шақпақ етті,

Санды келсе, дөңгелек болса көтті.

Жүні қысқа, бауыры болса жазық,

Арты талтақ, ұмалы, үлпершекті.

Жинақта:   Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті,

Өзі санды, дөңгелек келсе көтті.

Сырты қысқа, бауыры жазық келіп,

Арты талтақ, ұмасы үлпершекті.

Екі нұсқада едәуір алшақтық байқалады. Жинақта аттың балтыры қандай болуы керектігі мүлде айтылмайды. Оның орнына:

«Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті»,

деген жол жазылған.

Қиссадағы: «Жүні қысқа, бауыры болса жазық»

деген әбден-ақ түсінікті сурет жинақта: «сырты қысқа (?)» түрінде берілген. Жақсы аттың тықыр жүні құндыздай жылтырап тұратыны, қазанаттың, қойторының жүндес, бауыр жүні сабалақ келетінін әр қазақ біледі. Ал, «сырты қысқа» деген не мағына береді? Ненің «сырты қысқа?» Аттың тұрқы ма? Жоқ. Жылқыны мақтағанда «есік пен төрдей» деп көсіле сөйлемеуші  ме еді атам қазақ. Бәйгі аты болса «қаршығадай ғана шапеті, ықшам, жеңіл жылқы» деуші еді. Және де Абай аттың тұрқы ұзын-қысқалығын білдіру үшін қайдағы бір «сырты қысқа»  деген сөзді қолдана ма? Егер, тіпті, «сыртқы жүні қысқа» дегенді айтқысы келсе де, «сырты қысқа»  деген екіұшты мағыналы сөз таңдай ма?

Осы орайда, Абайдың Көкбайға айтты деген бір әңгімесі де бар: Көкбай ақын «Сабалақ» дастанын Абайға таныстырғанда, «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» өлеңінде сипатталған атты Абылай жырына кіргізбек болып сұрағанда: «Бұл шіркіннің өзі де мес болып кетті ғой», деп өзі суреттеген аттың сынына көңілі толмаған. Яғни, тұрқы қысқа, жеңіл ат емес, дегені.

Демек, қиссадағы «жүні қысқа» деген тіркес өз орнын тапса екен дейміз. Тағы осы «жүн» туралы мынадай бір мысал ойға оралады. «Жаз» өлеңінің «Дала уалаяты» газетіне басылған нұсқасында «Шалғыннан жүні қылтылдап» деген жол абайтанушылар тарапынан бірталай талас тудырып, ақыры «шалғыннан жоны қылтылдап» болып басылып кетті. Осы кітапта бұл туралы пікірімізді білдірдік.

Қиссада: Арты талтақ, ұмалы, үлпершекті

болып басылған жол, жинақта:

Арты талтақ, ұмасы үлпершекті

түрінде беріліп жүр. Үңіле қараған адам жинақтағы: «үлпершекті, майлы ұманы» көзге елестетеді. Жылқының үлпершегі ұмасының майы емес, ең алғашқы қазының, телшіктің майы. Ұмада май болады, оны мақтайды, деп естіген емеспіз. Олай болса, қиссадағы  «ұмалы, үлпершекті» деген сөздер үтір арқылы, сөйлемнің бірыңғай мүшелері түрінде берілгені дұрыс көрінеді. Ал, «ұмасы үлпершекті» деген тіркес жете назар аударылмағандықтан кеткен селкемдік қана.

Қиссада: Жұп-жуан шідерлігі, бота тірсек,

Бір атты дәл осындай мініп жүрсек,

Төңкеріп екі көзін тостағандай,

Жуас болса, белдеуде байлап қойып.

Жинақта: Шідерлігі жуандау, бота тірсек

Бейне жел тынышты, екпінді мініп жүрсек,

Екі  көзін төңкеріп, қабырғалап,

Белдеуде тыныш тұрса, байлап көрсек.

Бұл шумақтың екі нұсқасының айырмашылығы анадайдан көрінеді. «Жұп-жуан» мен «Жуандау» екеуі де бота терсекке қатысты болғанымен, «жуандаудың» сыпайы екендігі дәйекті. «Жұп-жуан» тіпті поэзия атаулыдан алыс, дөңбектей дөрекі сын есім. Жинақтағы екінші жолда автор ойы шашыраңқы. «Бейне жел» мен «екпіндінің» біреуі қалса да, аттың аяғын жеңіл басатынына иланасың. Ал, «тынышты» - үсті  жайлы жылқы деген мағынада қолданылған. Ұйқасындағы ақаулар, буын санының артықтығы - автор  мәтініне бөгде қол араласқанының дәлелі.

Қиссадағы: «Төңкеріп екі көзін тостағандай» деген сурет жинақтағы «Екі  көзін төңкеріп, қабырғалап» дегенге есе бермейді. Бірақ, мәтінде бар сөздерді ескермеуге хақымыз жоқ, «Төңкеріп екі көзін»  дегеннен кейін, сол екі көздің - «тостағандай» екендігін айту артық болғандықтан, бұл жолдың «Екі  көзін төңкеріп, қабырғалап» деп  автор-ақын аттың кербезденіп бүйіріне қабырғалап қарайтын суретін берген. Сонда, белдеуде «Екі  көзін төңкеріп, қабырғасына қарап қойып, тыныш тұруы» аттың жақсылығының тағы бір белгісі екен. Бұл  теңеу қиссадағы «Жуас болса белдеуде байлап қойыптан» әлдеқайда қуатты. Заты «жуас» ат көп, бірақ олардың бәрі жақсы ат емес. Аттың байлауда тыныш тұруы тәртібінің, тәрбиесінің жақсылығы, дегенмен  жуастығының дәлелі бола алмайды. Ал «байлап қойып» дегенде не мағына, не ұйқас жоқ.

Қиссадағы: Алшысынан тымақты кигізгендей,

Шадландырып жігітті күлгізгендей.

деген адасып жүрген екі жолды талдауға уақыт шығын етпесек те болар. Өйткені жинақтағы:

Аяңы тымақты алшы кигізгендей,

Кісіні бол-бол қағып жүргізгендей.

Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс,

Ыза қылдың қолыма бір тигізбей. -

деген шумақтың төрт құбыласы түгел, үлкен шабыт үстінде құйылған асқақ поэзия екеніне бас иеміз. Өлеңнің ең соңғы түйіні, «Шоқпардай кекілінен», «қамыс құлағынан» бастап суреттелген жақсы аттың ер жігітке арман болған қасиеті осындай аяңы мен желісі-ақ шығар. Қиссада Абай аңсаған жақсы аттың сынын толықтыра түсетін тағы бір шумақ бар. Дене бітімі, мінез-құлқы, жүрісі суреттелеген аттың түсі қандай болу керек? Ақын мұны ескермей кете ала ма? Оқиық:

Қардан ақ, мақпалдан қара болса,

Әдемі мінген сайын жарау болса,

Сат десе мың тілләға сатпас едім,

Қимайтын достым келіп қаламаса,-

деген шумақта жақсы аттың бәсінің қаншалықты қымбат екендігін айғақтайды.

Бұл шумақ жөнінде жинақты құрастырушылар ештеңе айтпайды.  Оның есесіне «Абай» журналында басылған қиссадағы нұсқаға: «Бұл шумақ, сөз жоқ, қисса авторының қоспасы, өйткені, бұл өлеңнің қарпылмаған ырғағы мен үйлесімінен көрініп тұр» деген кесімді түсінік берілген. Яғни, бұл жолдар Абай ақындығына жат, деген сөз. Біз мұндай пікірге келісе алмаймыз. Өзгесін былай қойғанда:

Сат десе мың тіллаға сатпас едім,

Қимайтын достым келіп қаламаса.

деп ағынан жарылса, Абайдың авторлығына жат бола ма?

«Қарпылмаған ырғақ пен үйлесім» дегенде сыншы бірінші жолдың бір буыны жетпей, ақсап тұрғанын көрсетсе керек. Кім біледі, түпнұсқасындағы «әппақ» деген сөз ақ болып «түзетіліп» кетті ме екен? Сонда бұл жол:

Қардан әппақ, мақпалдан қара болса,

түрінде берілсе 11 буыны түгел, әдемі тіркес, жарасымды теңеу болып шығар еді.

Осылайша, «Шоқпардай кекілі бардың» біз көріп жүрген нұсқасы, ақтық, толық мәтін емес-ау, деген тұжырым жасаймыз.

1995 жылғы академиялық жинақты құрастырушылар тарапынан: «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» өлеңінде әлі де текстологиялық талдау жасап, анықтауды қажет ететін сөздер бар» [5, 265 бб] деген ой айтылуы да тегін емес. Біздің ізденісіміз сол міндеттің атқарылуына аз да болса себін тигізсе деп, бұл өлеңді түсіну, игеру мақсатындағы  талпынысымыз осы арнада..

Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай,

филология ғылымдарының кандидаты,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан

мемлекеттік университетінің профессоры

 Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.      Абай» журналы, 1992, №3, 6-8-беттер.

2.      Абай шығармаларының текстологиясы жайында А., 1954, 49-бет.

3.      Әлкей Марғұлан. «Қазақ әдебиетi», 1963, 6-тамыз.

4.      Абай. Шығармаларының екi томдық толық жинағы. ҚР ҰҒА М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты дайындаған. Жалпы редакциясын басқарғандар: З.Ахметов пен С.Қирабаев, жауапты шығарушысы Ж.Ысмағұлов. IІ-том, 1995, 160-161-беттер.

5.      Абай, сол басылым,  І-том, 1995, 249-бет.

6.      А., 1968, 365-бет.