АБАЙ ӨМІРІ – ҒАЖАП ӨМІР

Абай өмірі — ғажап өмір. Бесікте әнмен әлдиленген ол көшпелі елде, әртүрлі рулардың салтында әсершіл боп өседі. «Махаббат пен ғадауатқа» ерте қанығады. Тіршіліктің шұғылалы жағы мен көлеңкелі жағын түгел таниды. Бармағынан бал тамған өнерпаздарға қызықса, қарапайым жандардың ішкі сұлулығына сүйсінсе, үй ішіндік, рулық, таптық шәркездіктерге жауап іздеуге тиісті болады. Бұған құбылмалы табиғаттың әсерін қосыңыз. Шыңғыстау атырабы кектемде құлпырып, жазда шалқыса, күзде қуарып, қыста қылышын сүйретіп шыға келеді. Жайлы мәуіртте желпіндірсе, жайсыз шақтарда шыныктырады. Алмасқан дүние, қайшы әсер!

Ақын — заманның, жағдайдың, ортаның түлегі. Қөзбен көрген, жүрекпен сезген, бастан кешірген жәйіттер көңілдің түкпірінде, мидың қатпарында ұзақ сақталады. Осының барлығы кейін ол есейгенде, әлемнің ақ-карасын анық ажыратқанда, қиялға қамшы, болжамға баян болады. Тамырсыз өсімдік өспесе, тамырсыз пенденің кітаби білімі ұзаққа бармайды.

Абайдың арғы атасы, Ырғыз даласында туғандықтан, Ырғызбай атанған. Шыңғыстауға қалайша ауытқып барғаны жөнінде нақтылы дерек жоқ. Ақынның арғы аталары Қайдос, Олжай деседі. Олжайдан Айдос, Қайдос, Жігітек. Қайдостан — Бөкенші, Борсақ тарайды деседі. Бәрі де Тобықтының жуан рулары. Абайдың бергі атасы — Өскенбай. Одан Құнанбай туған. Құнанбайдың тараған он арыстың ішінен Абай мүлдем бөлек тартып кетеді.

Әрине, Абай он арыстың арасында өскен. О да басы жұмыр пенде болған. Сәбилік шақты сәбише, өспірімдік тұсты өспірімше, бозбалалық кезде бозбалаша, жігіттік кезеңді жігітше өткізген. Ада еміп, алшаң өскен Абай Арқаның көгіне аунап, шипа ауасын жұтқан. Домбырадан саз төгіп, ынталы кемейден ән шырқаған. Жастықтың қызығын еркін кешкен.

Кейін ел ісіне араласқанда, ақыл мен білімінің арқасында қатарынан ерен уздіктеніп, теңдессіз атаққа, дарқан даңқка беленеді. Абай ағаның сөзі заңға айналады. Ел билеген текешарлардың көбін менсінбей, құнарлы халыққа жақын тіршілік кешеді. Халық айбарлы ағаны қадір тұтады, емен-жарқын еркелете де біледі.

Озық орыс қауымымен араласып, білім жетілдіре, тарланша тулей келе, Абайдың шоқтығы шексіз биіктеп, жаңа аталған текешарларға деген тәкаппарлығы сұмдық асқынады. Сахарада өткен съезде оңаша үй тіктіріп жататыны, бұл үйге болыстардың батып кіре алмайтыны, «Абаймен жақындастыршы!» деп оның серіктеріне жалынатыны — әлдеқашан ашылғаи шындық, Бұған мынадай бір күлдіргі әңгімені қосуға тура келеді. Семей уезінің бастығы — орыс шенеунігінің әйелі түйеніц бақырғанын естісе, талып қалады екен. Сол себепті түйеші казақтар ұлық тұратын көшеге жоламайды екен. Қалашылап келгенде, Абай керуенді дәл сол ұлықтың үйінің іргесінен өткіздіреді және жорта түйе бақырттырады.

Бұл фактыдан екі түрлі шындық ашылады. Біріншіден, Салтыков-Щедриндерге, Гогольдерге, Крыловтарға қанық Абай, өзі сынампаз суреткер Абай зор шенеунікті келемеж етуден рақаттанады. Екіншіден, уездің бастығын менсінбеген Абай Құнанбаевтың Россиямен, бұл арада, билеп-төстеуші Россиямен, ішкі байланысы тым әріде жатады. Орыс-Түрік соғысы кезінде (1876-1878) Абай Құнанбаевтың казақ халқына ашық хат жазып, орыс әскеріне жәрдемдесуге шакырғаны мәлім. Оның туған інісі Халиулланың, Омбыдағы кадет корпусын бітірген офицердің, сол соғысқа қатысканы және мәлім.

Абай исламиятқа қарсы шығады. Сібірлік генерал-губернатормен сыйлас болады. Дәрежесі зор ұлықтармен мен терезесі тең адамша сөйлеседі. Бөгде жұрттар Абайды «Қазақтың ханы» деп лақапқа айналдырады. (Бұдан үрку орынсыз. Шоқанның өзін Петербургта «царевич»! «шаһзада» деп атаған ғой).

Абайдың бір кезгі элеуметтік-қоғамдық дәрежесі осылай болса, бұған оның аскан ақылдылығын, алғырлығын, білімпаздығын косуға керек. Дәулетті де жомарт Абайдың билеуші биік қауыммен қалайша аралас-кұралас жасағанын болжауға керек. Шоқанныц жомарттығын әкесінің — полковник шенді Шыңғыстың — түсінбей, «қыруар каражатты қайда жұмсайсың?!» деп таңданганын еске түсіруге керек.

Абай Меке-Мединеде мешіт салдыратын Құнанбай қажы емес. Ол — ақын. Ол — ойшыл. Ол — халкының қамқоры, прогреске шақырушысы. Ол орыс үлықтарының, орыс ғалымдарының атауынша — Ибрагим Қунанбаевич!

«Жұлдыз» журналының 1968 жылғы марттағы санында Есім Байболовтың «Абай Жетісуға келген бе?» деп аталатын мақаласы жарияланды. Қүні бүгінге шейін «Абай Петербургке барған ба?» деген сұрау баспасөзде қойылған жоқ. Ал, шындығында, сұрақсыз жауап жоқ қой. Біздің тарихшылар, Абай зерттеушілер бұндай сауалға неге жол бермейді?

Әлгіде ғана аталған Халиулланы коспағанда, Абайдың үлкен үміт артқан баласы Әбдірахман Петербургте оқып, бейне Шоқанша биік қауыммен араласады. Абай өлгесін, Петербургке Кәкітай Ысқақов барады. Абайдың маңындағылар Лев Толстоймен хат жазысады. Осылардың баршасынан биік Абай Петербургке бармайды. Бұл ақылға сыя ма? Жан құмарын «білмекке құмарлыққа» («любопытство») балаған Абайдың күнгейдің Жетісуымен, Сібірдің шаһарымен шектелуі калай болар екен?

Петербург дегеніміз Абай заманында қол жетпес құбыжық емес-ті. Абайдан бір буын бұрынғы Тәттімбеттердің оған барғаны тіптен бертінде ашылып отыр.

Абай Сібір халықтарының тарихын зерттейді. Түркі тектес халықтардың тіліне қанығады. Жабайы тіршіліктің кілегейі бұзылмасын деген зарлауықтарды шенейді. Сауда-саттықтың не екенін халқына түсіндіреді. Сырбаз Абай шарап ішеді, әртүрлі жұрттың жақсысымен сұқбат-мәжіліс құрысып, сауық-сайран салысады. Сондайлық Абай тобықтының арасынан қалай ұзап шықпайды?

Абайдың христиан дінінің білгір өкілімен Семейде бір түн айтысқаны мәлім. Айтыстың мазмұны құпияда калғаны және мәлім. Осының арғы жағында патша үкіметінің саясаты жатпасына кім кепіл? Патша үкіметінің астыртындығы жатса, Абайдың жандаралмен шектелмесіне және кім кепіл? «Жігіттер, менің сырым емес оңай, ешкімнің жұмысы жоқ, жүрсін былай» деп өлеңмен тұспалдаған тұңғиық Абайдың тіршіліктегі сапарларының кағазға түспеуі — өкініш.

Европалық ұлы ақындардың көбісінде «күнделік» болған. Абайдың «күнделігі» — оның қарасөздері. Олардың да уақыты көрсетілмеген. Ұлы ақындардың — Байронның, Шиллердің, Гейненің, Гетенің, Пушкиннің, Лермонтовтың көп-көп өлеңінің, ірі шығармаларының дербес тарихы сақталған. Абайда ондай тарих некен-саяқ. Бұған бармақ шайнайтын және бір себебіміз, жеке туындылардың тарихы автордың өмірбаянын арши түсуге көмектеседі. Бұлтартпас дәлелдің балауына жүреді. Мәдениетті ақындардың із калдырған жерін өлеңмен таңбалап кетуінде осындай да бір сыр бар.

Ұзын сөздің қысқасы, Абайдың соңғы жылдарында жұмбақ бар. Бұл — ұлы қайраткердің тағдырына тән жұмбак. Бес саусақтай белгілі деген Шоқанның соңғы жылдары біржола аршылып болған жоқ. Белгілі лақапта ол құрт ауруынан Жетісуда дүние салса, екінші бір деректе осының аз-ақ алдында ол Астраханнан бой көрсетеді. Meн үшін даусыз шындық — ақтық сәттерде кемеңгер Шоқанның да кемеңгер Абайша заманадан түңіліске, тағдырдан торығысқа ұшырауы.

Бұл түңіліске, бұл торығысқа Шоқанды патшаның қолшоқпарлары — сібірлік ұлықтар душар етіп еді. Оны мансапсыз ғалымдар, жазушылар, саяхатшылар жанындай жақсы көрсе, мансапқор шенеуніктер оны иттің етінен жек көрген-ді. Бұл өшігу, әсіресе, Шоқанды патша ағзамның өзі қабылдағаннан кейін күшейген-ді. Ол кезде Сібірді, оның ішінде шалқыған Сарыарқаны билеп тестеуші ірі шенеуніктер көбінесе немістер еді. Олар қара қазақтан жарып шыққан найзағайды көрнеу күн деді. Бұл жайында A.К. Гейнс (Сібірдің бұрынғы генерал-губернаторы, кейінгі саяхатшы) өзінің «күнделігінде» 1865 жылы 17 июльде былай деп жазады: «Бүгін Дюгамельдің үйінен түстік жедік. Кроериус пен адъютанттар болды. Жалпылама нәрселер төңірегінде әңгіме шертілді. Кроерйус марқұм Уәлихановты, осынау аса адал, аса таза ардагерді ғайбаттаушы еді, патша кабылдап, маңдайынан сүйгені үшін ғайбаттаушы еді. Сол Кроериус Уәлиханов туралы жарамсыз сөздер айтты. Мен оған ең игі ориенталистер, соның ішінде Ковалевский де Уәлихановты тамаша ғалым санайтынын, қазақ халқының игі досы һәм орыс мемлекетінің мүдделерін сақтаушы санайтынын айттым. Бұл пікір Дюгамельге ұнамаған тәрізді. Оны өзім де күтіп едім».

Осының өзінен де Шоқан Уәлихановтың көкірек ауруы күйінде шипалы Сарыарқаға, Сырымбетке бармай, Жетісу өтіп кету себебі біраз аңғарылатын сияқты. Сібірлік ұлықтарға жоламаған Шоқанның күнгейдегі генерал-губернатор Колпаковскийден пана тапқаны, одан айлық алып тұрғаны — айдан анық. Бұны Шоқанның соңғы хаттары да (1865 жылғы 19 февральдағы) дәлелдейді.

Ірі дарын, зор санаткер Абайдың да осындай халге душар болмауына кім кепіл? Өмірінің соңғы жылдарында неге ол тағдырдан өлім тілейді? «Жүрегім, ойбай, соқпа енді» деп неге зарлайды? He де болса, оның өлімнен қорықпағаны, қашпағаны рас. «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, ол бірақ қайтып келіп ойнап-күлмес» дегенде, ол, ең әуелі, өзін меңзеген. Халқының келешегіне жалғасарын болжаған. Содан уаныш тапқан. Халықтың тарихында мәңгілік ұмытылмас ұлы оқиғаларды бастасқан, бүкіл ұлт тағдырына ортақтасқан адамдар, шынында да, өлмек емес. Олар халықтың жанына, болмысына, табиғатына сіңіп, өз өмірінің жалғасын келешек ұрпақтардан табады, заман озған сайын жаңарып, ұлылығы өсе, тереңдей түскендей болады: өскен заман тереңдегі қазынаны тезірек таниды, тезірек аршып алады. Жеке адамдардың ұлылығы заман ұлылығына жараса түседі.

Осындай халықтың жүрегінде сақталған ұлы Абай өз халқы тарихының Россия тарихымен ұласқан ең бір елеулі кезеңінде туды да, асқан көрегендік жасап, туған елін үміті мол тың бағытқа қарай меңзеді. Өз басы соның жолдарын, тәсілдерін саясат, экономика, мәдениет жағынан кенже қалған сахара жағдайында, ең алдымен, искусстводан іздеді. Бұл салада «адасқанның алды жөн, арты соқпақ» болған шиырға соқпай, омбылай тартып, сенімді төте жолға шықты. Сол жолдан Абай тайған жоқ. Барлау үстінде анықтаған, сүйінген, шын берілген, күдіктенген жерлері де болды. Соның бәрі оның шығармасында азды-көпті із қалдырды. Осы себепті, ұлы художниктердің көбісінде болатын шәркездік қайшылықтардан Абай да тысқары қала алмаған еді. Абай он төрт жасынан бастап өлең шығара бастағанмен, сол өлеңдерін құнттамаған, жинастырып сақтамаған. Бертініректе, жасы қырықтан асқан кезінде жазған өлеңдерін алты-жеті жыл бойына басқа адамның атымен таратқан. Мұның бірнеше себептері бар-ды.

Қазақтың феодал семьясында туып, сол ортада өскен Абай көпке шейін искусствоның әлеуметтік маңызын терең ұғынып, жоғары бағалай білмеді. Искусствоның әшкерелеуші күшінен іштей қаймығатын дала шонжарлары ақын атаулының қадірін кетіріп, беделін түсіруге бар айласын жасап бақты, өздерінің қошеметшісіне айналдырмақ болды. Олар ақындықты менсінбей, бойға мін көрісті. Мұның бәрі жас Абайға азды-көпті ықпал етпей қойған жоқ. Бірақ іштей зерек туған Абай пікірлерге күдіктене де қараған еді. Халықтың көркемөнерді сүйетінін, қуанышын әнмен қарсы алып, мұңын әнмен ұзататынын ерте-ақ байқаған. Қейін: «Туғанда дүние есігін ашар өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген даналық сөзі сол байқампаздықтан туған еді.

Оның жас шағында жазғандары халық ақындарына, қала берді, шығыс поэзиясына еліктеуден туған алғашқы шәкірттік тәжірибелер ғана болды. Содан бізге жеткен «Йүзі рәушан, көзі гауһар» сняқты бірен-саран өлеңдері әсер бермейді. Оның құнарлы өлеңдері жасы әбден ұлғайған кезінде туды. Бұл кезде ол ел ішіндегі байлардың, билердің, атқамінерлердің бұқараға жүргізген зорлық-зомбылығын, ескі тұрмыстың, әдет-ғұрыптың жағымсыз жақтарын мінемей, шенемей отыра алмады. Өлең соған қарсы жұмсалды. Бірақ ол кезде қазақта жазба әдебиет дәстүрі жартымсыз еді. Сондықтан Абай өз күшіне кәміл сене де алмады. Өлеңін өзге біреудің есімімен таратқанда, күшін сынағандай да еді. Бертін келген сайын өзінің ақындық қуатына көзі жете бастады. Абай шығарған сөз, Абай шығарған өлең сахараға тез тарады. Ауыздан ауызға өтті. Көшіріп алушылар көбейді. Абай орыс әдебиетімен, бұл әдебиеттің игілікті традициясымен мол танысты. Туындыларын өз атына 1887 жылы «Дала уалаяты» газетінде «Жаз» деген өлеңі жарияланғаннан кейін барып көшіруі де кездейсоқ емес-ті. Енді, ол искусствоның рөлін тереңірек түсінді. Түсінді де «қолын мезгілінен кеш сермегенін» аңдады. Бірақ кенде калған жоқ еді. Жаңа болашаққа ұмтылған қазақ қоғамының ең бір кызықты кезеңінен жол тосқан Абай өзінің бар қаһармандығын ескілікке қарсы жұмсап, сол ескіліктің фәлсапасына, көзқарасына, кертартпалығына, бір сөзбен айтқанда, бүкіл рухани бейнесіне өлтіре соққы берді. «Мыңмен жалғыз алысса» да мерт болған жоқ. Өйткені, тарихи жаңа дүмпу туғызған оның қаруы, тірегі мықты еді. Ал Абай өз халқының сол тарихи талабынан пайда болған еді.

Абай халықтың даналығынан, тапқырлығынан, шеберлігінен үйренді.

Абай шығыс мәдениетін меңгергенде, талғампаздықпен сынай қарап меңгерді. Діни уағыздардан кашты. Махаббат бостандығын, әділетшілдікті, әлеуметтік прогресті жырлайтын сыршыл поэзияға құмартты. Ол Низамиді, Науаиді, Хафизді, Саадиді, Фзулиді, Фирдоусиді, Жәмиді қадір тұтты. Бұлардың ішінен Науаидің «Фархад-Шырыны», Фирдоусидің «Шахнамасы», Низамидің «Ләйлі-Мәжнүні» қазақ даласына кең тараған еді. Парсының, арабтың кейбір мифологиясының ұзын-ырғасы қарасөзге айналса, «Төрт дәруіш» («Ағайынды төртеу») тәрізді тәжіктің халық романы ертегіге айналып кеткен еді. Рудаки, Омар Һайям сынды саңлақ ақындар ертеден-ақ әлемге әйгілі болса, шәкірт Абай сиынған Хафиз ұлы Гетеге үлкен әсер еткен-ді. Ол туралы Гете: «Бұл жалғанда екеуміз ғана жарыса алатын едік», — деген. Оған «Дивондар» аталатын екі томын арнаған. Осы ақындардың басым көпшілігі зор ғұлама болғанын да Абай білді. Сөйте тұра, ол орыс әдебиетіне бой ұрды. Бұның негізгі себебі Абайдың қайраткерлігінде, санаткерлігінде (просветительствода) жатыр. Үстем тапты аяусыз әшкерелеу, мінеп-шенеу үшін, қалың бұқараның сана-сезімін ояту үшін реалистік үлгі-өнеге керек болды. Бұны Абай орыс әдебиетінен тапты. Оның бақытына қарай ол кезде орыс әдебиеті өте-мөте биік еді. Бұл биіктіктің тарихи себебі, диалектикалық тұтастығы бар-ды. Ғасырлар бойы кенжеліктен арылмаған ұлан-байтақ Россия сананың қайнарын әдебиеттен іздеді. Өткеннің кегі, өмірдің уанышы, келешектің үміті әдебиет арқылы жетті. Ұлы елді ояту, өзін өзіне таныту жолында дарынды ардагерлер туды. Абайдың рухани жағынаи әбден есейген, толысқан шағында орыс әдебиеті мәдениетті Европаға мықтап әсер етіп, дүние жүзіне танылды. Осы шындықты болжаған, ұғынған Абай қазақ топырағына тың, тосын жаңалық әкелді.

Абай үшін ұлы орыс мәдениеті туған анадай болды. Сол арқылы ол бүкіл Европа мәдениетімен танысты. Орыс әдебиеті Абайдың дүниеге көзін ашты. Ол, ең алдымен, әдебиеттің әлеуметтік маңызын терең ұғынды. Орыс әдебиетінен сын реализмнің дәстүрін қабылдады. Абай орыс поэзиясының тамаша үлгілерін аударып берді. Қандай аударма халықтың игілігіне айналатынын танытты. Осындай әр тарапты мұра басы қосылғанда, аса пайдалы, үлкен дуние еді. Бұл дүние бүгінгі бізге де ортақ.

Бүкіл әлем мәдениетінің прогрессивтік, демократттық жақтарын іш тарта қабылдайтын біздің Отанымыз Абайды ерекше ықыласпен таниды. Әрине, Абай орыстың алдыңғы қатарлы революционер-демократтарының, оның ішінде, әсіресе, Н.Г. Чернышевскийдің идеяларын толық қабыл алса да, өзі революциялық жолға көрнеу түсе алмады, халықты соған ашық шақыра алмады. Бұған қазақ қоғамының кенжелігі бір себеп болса, саясат мәселесінде Абай көзқарастарының тарихи тапшылығы, қорғалақтығы екі себеп болды. Абаймен тұстас, бағыттас, максаттас Ыбырай Алтынсарин мен Шоқан Уәлиханов та төңкеріссіз ағартушылық қызметімен айналысқан. Бірақ сол дәуірде саясат, экономика және мәдениет жағынан мешеу қалған қазақ даласында олардың озық орыс мәдениетіне бой ұруы, соған өз халқын шақыруы, баулуы батыл прогресс еді, тарихи маңызы зор жаңалық еді.

Абай өз халқының өсіп-өркендеу жолын ұлы орыс халкымен достықтан іздеді. Россиядан іздеді. Әлбетте, Абай Россияға талғамай қараған жоқ. Ол екі Россия барын аңдады. Белинский мен Чернышевскийдің, Пушкин мен Лермонтовтың Россиясын патша үкіметінен ажырата білді. Сондықтан ол:

Военный кызмет істеме,

Оқалы киім киюге.

Бос мақтанға салынып,

Бекер көкірек керуге.

Қызмет қылма оязға,

Жанбай жатып сенуге, -

 

деп ақыл айтты қазақ жастарына.

Абай орыс мәдениетіне араласқанда, оның ұлы гуманистерінің дәсүріне қарай талпынбай, әкім болуды аңсайтын мансапқор жастарды қатты сынайды.

Ойында жоқ бірінің

Салтыков пен Толстой.

Я тілмаш, я адвокат

Болсам деген бәрінде ой, -

 

дейді ол.

Сірә, Абай орыс тілін біз топшылап жүрген мөлшерден анағұрлым артық білсе керек. Әйтпесе, осы өлеңдегі:

Ақылы кімнің бар болса,

Демес мұны тілі ащы.

Айтыңызшы, болсаңыз З

дравомыслящий, -

 

немесе:

Занимайся прямотой, -

 

деген жолдар эффект үшін әдейі енгізілген деп айту қиын. Қазақ оқушысына арналған өлеңде мұндай орыс сөздерінің қалайша жымдасып кеткенін Абайдың өзі де байқамай қалатын сияқты. Өйткені ол көп жерлерде орысша ойлап отырады. Солай ойлағандықтан да ол «жапырағы сарғайған ескі үмітпен» деген тәріздес тың суреттерге барады. Ал Татьянаның аузына:

Шеш көңілімнің жұмбағын,

Әлде бәрі — алданыс.

Жас жүрек жайып саусағын,

Талпынған шығар айға алыс, -

 

деген сөздер салады. Әрине, Абай сол орысша ойлаған образдарын қазақ ұғымына мейлінше жатық етіп береді. Оның данышпан шеберлігі, тапқырлығы да осында. Абайдың бізге жеткен алғашқы көрнекті өлеңдері сексенінші жылдары жазылған. Бұл өлеңдердің басым көпшілігі салт-сана, тұрмыс, мінез-құлық, табиғат көрністеріне арналады. Әрбір үлкен художник сияқты Абай да табиғат көрінісін әлеуметтік өмірден бөліп алмайды. Қайта, соның сырларын ашатын фон ретінде суреттейді. Тіптен оның «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деп келетін аңшылық туралы өлеңінің өзінде жұқалаған саяси астар бар. Өмірде жауыздықты көп көрген, озбыр қауымнан соққы жеп қажыған ақын сергуді іздейді, аң аулауға шығады. Сол сапардағы ғажайып суреттерден кейін ақын өлеңнің идеясын да аңғартады.

Көкіректе жамандық еш ниет жоқ,

Аң болады кеңесің құс салғанда,

Ешкімге зияны жоқ өзім көрген,

Бір қызық ісім екен сұм жалғанда.

Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға

Бәрі де анық тұрмай ма ойлағанда, -

 

дейді. Психологиялық тамаша мотивировка!

Абай аңшылық туралы өзінің екінші бір өлеңінде:

«Не таптық мұныменен» деген жан жоқ,

Түні бойы күпілдер кұсын мақтап.

Басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ,

Қайран ел осыменен жүр далақтап, -

 

деп, құр ермек іздеушілерге ренжиді.

Өлеңді әбден ұлғайған шағында жазған Абай қазақ арасын билеп-төстеуші топтың рухани пәстігін, қараулық қиянатын анық көрді де, соған ызаланды, өшікті, жапа-жалғыз күресті. Әрине, оның арқа сүйер тірегі, сүйенер қолқанаты да болды. Бұл өз халқы еді, соның жаңалыққа қарай талпынған талантты жастары еді, дұрыс жол сілтеген орыс достары, орыс мәдениеті еді. Бірақ соқталы жауыз көп болды да, рақымсыз соққысын аямады. Әлі санасы оянбаған жұрт ғасырлық калпынан тез серпіле қоймады. Сондықтан Абай:

Қартайдық, кайғы ойладық, ұйқы сергек,

Ашуың ашынған у ойың кермек.

Мұңдасарға кісі жок, сөзді ұғарлық,

Кім көңілді көтеріп болады ермек, -

 

деді. Ол бұл ретте өзінің Лермонтовпен мұңдас екенін байқады. Оған зор ықылас аударды. Абайдың көрнекті тұңғыш өлеңдерінің ішінде Лермонтовтан аударма жүруі де тегін емес. Және қандай өлеңнің аудармасы десеңізші.

Әм жабыктым, әм жалықтым,

Сүйеу болар қай жігіт?

Көңілден кеткен соң тыным,

Үнемі не еткен үміт.

 

Абай бұл арада Лермонтов өлеңінің бірінші шумағын аударумен шектеледі. Көзі ашық қауымға жете таныс атақты өлеңнің сыры мен сыпаты қазақ окырманына толық түсінікті болсын деген ниетпен түгел аудара кетуді жөн көреміз.

Мен зеріктім, мен торықтым, медеу болар жан бар ма?

Көңілім сырқат сәттерде…

He үміт бар тұл тілекте, әмсе алдамшы арманда?

 Барады өтіп игі жылдар әттең, не!

Сүйер едім… Қімді бірақ?..

Көнілдестік садағасы әуреңнің,

Қияметтік махаббат жоқ өмірде.

Шаттығың да, шерің де бір елесі өткен дәуреннің,

Дәуреннен сол уаныш жоқ көңілде.

Ләззат не?.. Тәтті дерті жалықтырар ерте-кеш,

Нәпсінін де айнитыны анық қой;

Құр келеке өмір мәнсіз, парасатқа берсең дес,

Төңірегіңе назар сал да, танып қой…

 

Абай аудармаларына кейін келеміз. Бұл жерде айрықша айтарлық нәрсе, осы өлең арқылы Абай Лермонтовпен бірге күңіренеді, бірге торығады, оны өзінің ең жақын сырласына балайды.

Абай да қоғамдық құрылыстың әділетсіздігіне мейлінше қарсы шықты. Еңбекші бұқараның күйзелген халіне қарсы шықты. Қазақ ауылындағы жолсыздыққа, байлық-феодалдық тәртіпке, оның озбырлығына, карауғылығына қарсы шықты. Еңбекші бұқараның күйзелген халіне жаны ашыды. Соның жолын еңбектен іздеді. Әрине, Абай еңбектің өзі қоғамдық құрылысқа тәуелді екенін біз тілерлік дәрежеде ұғынған жоқ. Қайтсең де, өз еңбегіңмен «мал тауып кел, қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас» дейді. «Еңбек қылсаң ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді. Ғаклия сөздерінде Абай еңбектің мәнісін біраз кеңіте түседі. Бірақ онда да «егін, сауда, өнер, ғылым секілді нәрселерге салын» дегеннен әрі ұзап та, тереңдеп те кете алмайды. Өз заманындағы Абайға мұндай талап қою қиын да болар еді. Абайдың еңбекті, отырықшы жұрттарды дәріптеуі прогресс жолын көздегендік еді. Түркістаннан Арқаға ауысып барып, қайтпай қалып койған Шортанбай:

Сауып ішер сүті жоқ,

Мініп түсер күші жоқ,

Ақша деген мал шықты, -

 

деп зарласа, Абай сол Түркістан жақтың егіншілігінен, қолөнер кәсібінен, сауда-саттығынан үйренуге шақырады.

Бұл көзқарас реалистік әдебиеттен көрініс табашақ еді. Оның реалистік әдебиеттің романтикалық әдебиеттен айырмашылығы, артықшылығы, қиындығы белгілі дәуірді, қоғамды, әлеуметтік-экономикалық жүйені, қарапайым өмірді жете зерттеп, жете білуге саяды. Әдебиеттің өз ішінде қордалы байлықты екшеп, байырғыландыру заңдылыққа айналады. Бұл әдіс орыс әдебиетінде Пушкиннен басталып, Гоголь тұсында калыптасты. «Натуральная школа» («Шыншылдық мектебі») аталған ағым кейін «сыншыл реализм» деген атауға ие болды. Абай осы мектептен, осы әдістен үйренді. Сахара толған озбырлықты іштен шалып құлатуды көкседі.

Абайдың табиғат туралы жазған жырларының өзінде әлеуметтік өмір асқан зор байқампаздықпен суреттеледі, қазақ ауылындағы тоқтық пен жоқтық, үстемдік тен кіріптарлық қарама-қарсы көрініп отырады. Ақынның алғашқы жарияланған «Жазында» бұл сыр байқалыңқырамаса, кейінгі «Қүзінде», «Қараша жел тоқсанында» толық-ақ ашылады.

Жазды күні шілде болғанда,

Көк орай шалғын, бәйшешек

Ұзарып, өсіп толғанда,

Күркіреп жатқан өзенге

Көшіп ауыл қонғанда,

Шұрқырап жатқан жылқының

Шалғыннан жоны қылтылдап,

Ат, айғырлар, биелер

Бүйірі шығып, ыңқылдап,

Суда тұрып шыбындап,

Құйрығымен шылпылдап,

Арасында құлын-тай

Айнала шауып бұлтылдап,

Жоғары, төмен үйрек-қаз

Ұшып тұрса сымпылдап.

Кыз-келіншек үй тігер,

Бұрала басып, былқылдап,

Ак білегін сыбанып,

Әзілдесіп сыңқылдап.

 

Жан біткеннің бәрі мәз осындай жайдары жазда:

 

Ақ көйлекті, таяқты

Аксақал шығар бір шеттен.

«Малыңды әрі қайтар» деп

Малшыларға қаңқылдап, -

 

деп жүреді.

Мұның себебін ақын аша кетеді. Ол әлгі шалдың:

Бай «байғұсым» десін деп,

Шақырып қымыз берсін деп.

Жарамсақсып жалпылдап, -

 

жүргенін айтады.

Бұл өлеңде байдың аулы суреттеледі. Бай ауылдың жаздағы сән-салтанаты жыр болады. Жалшылар өмірі қөмескі қалады. Мұның өзі ақынның әлеуметтік санасы өсу жолындағы алғашқы кезең ғана екенін аңғартпақ. Осыдан үш-терт жыл кейін жазған өлеңдерінде қазақ ауылының күйі мүлдем басқаша сурет табады.

Сұр бұлт, түсі суық каптайды аспан,

Күз болса, дымқыл тұман жерді басқан.

Тойғаны ма, білмеймін, тоңғаны ма,

Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.

 

Ақынның не айтқалы келе жатқанын білу қиын. Ойнакы шеберлікпен басталған өлең бірден қызықтыра тартады да, сырын артқа сақтай тұрады.

Тойғаны ма, білмеймін, тоңғаны ма,

Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарыскан, -

 

деп, әр нәрседен дәмелендіреді. Содан, екінші шумағында ақын біраз шешілгендей болады.

Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,

Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.

 

Miнe, мұнда көңілсіз жастар жаңағы жарысып жүрген тай-құлындарға бірден қарама-қарсы суреттеледі. Және «жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай» дегенде түсі сынған жасыл шөп пен ажары сынған жастар көз алдыңа катар келеді, аса бір нәзік жанама теңеу боп келеді. Осыдан кейін ақын теңеуге тіке көшіп:

Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,

Жапырағынан айрылған ағаш, қурай, -

 

дейді.

Қандай ғажап!

Бұл арада қайыршы шал-кемпірге ұқсап қалған ағаш, қурайдың суреті күшті ме, әлде, жапырағынан айрылған ағаш, қурайға ұқсас қайыршылардың бейнесі басым ба, ол жағын жіктеу қиын. Асылы, искусствоның күші осындай қайталанбас шеберлікте болса керек. «Бейнелеп ойлау» дегеніміз де осыған саяды.

Қаз, тырна қатарланып кайтса бермен,

Астында ақ шомшы жүр, ол — керуен.

 

Қыстың ызғарын сезген қаз, тырналар күнгейге қайтады. Сол жаққа астық іздеп, қаз, тырнадай тізіліп керуендер келеді. Екеуінің сапары да ұқсас, көрінісі де ұқсас.

Біреу малма сапсиды, салып иін.

Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.

Енесіне иіртіп шуда жібін,

Жас қатындар жыртылған жамайды үйін.

 

Халықтың осындай жабырқаңқы күйіне жаны ашыған Абай «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» дейтін өлеңінде ауылдағы тап қайшылығын жітірек көріп, тереңірек ашады.

Кедейдін, өзі жүрер малды бағып,

Отыруға отын жоқ үзбей жағып.

Тоңған иін жылытып, тонын илеп,

Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.

 

Кедейдің бұл күйіне кінәлі кім? Оған Абай «тағдыр» деп жауап бермейді. Байларды есіне алады, кедейдің халін байдың халімен салыстырады. Кәрі кой ептеп сойған байдың үйі, Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі? Қара қидан орта қап ұрыспай берсе, О да кылған кедейге үлкен сыйы. Бірақ әлі кедей мен байдың арасындағы қарама-қайшылық асқынбай жатыр. Әрі жарлының күйі асқан аянышқа жеткен жоқ. Соны сезгендей Абай адам мейрімін оятатын ең бір нәзік жайды сөз қылады.

Жас балаға үйде от жоқ тұрған маздап,

Талтайып қақтана алмай өле жаздап.

Қар жауса да тоңбайды бай баласы,

Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.

 

Кедей баласы мен бай баласының тұрмысы осындай екі түрлі болса, оның әлеуметтік астары да бар.

Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,

Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.

 

Әрине, осындай тап қайшылығын кергенмен, ашқанмен, оған саяси мән беріп, саяси ұранға шақырарлық дәрежеге Абай жеткен жоқ. Қоғамдық құрылыстың әділетсіздіктерін қаншама шенесе де, оның төркінін түгел білген жоқ. Сондықтан ол: Алса да аяншақтау кедей сорлы, Еңбек білмес байдың да жоқ қой орны. Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей, Бір қыс сақта, тас болма, сен де о ғұрлы! – дейді. Тап қайшылығы үгітпен бітісе алмайтынын ұғынбайды.

Бірақ біз үшін ең қымбаты — Абай реализмі. Тіптен, Онорэ де Бальзак, Лев Толстой сияқты ұлы суреткердің біз үшін мәңгілік бағалылығы да олардың жеке басының ұғымында, көзқарасында жатпай, өмір шындығын адал көрсете білген реализмінде жатады. Көп жағдайда әулеттілер, дүмділер поэзияны сатып алып, қолжаулық қылған дәуірде, қараңғы қазақ сахарасында, Абайдың үстем тапты мінеп, өлеңді соған қарсы құрал етіп жұмсауы зор жаңалық еді. Абай жарамсақ, жалтаң, кызыққұмар ақындармен айқаса шықты.

Батырды айтсам ел шауып алған талап,

Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап.

Әншейін күн өткізбек әңгіме үшін,

Тындар едің бір сөзін мыңға балап, -

 

деп, кінә тағады оларға.

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

Өлеңі бірі жамау, бірі кұрау.

Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,

Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау, -

 

деп күле де, ренжи де қарайды оларға.

Мақсұтым — тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ, -

 

деп, өз мақсатын айтады окушыларға.

Шынында да, Абай осы мұраттан өмір бойы тайған жоқ. Мынадан үйрен деп халқын өнер-білімге шақырды, моральдың биіктігіне, сезімнің тереңдігіне, дүниеге көзқарастың кеңдігіне қарай баулыды. Мынадан жирен деп, қоғамның кеселді жақтарын әшкерледі.

Абай ауылдағы болыстардың, билердің қорқаулығы үстіне мейлінше корқақ, жүрекшайды болып алған сорлы екенін айтып, өлтіре сықақ қылады. Мұның өзі әртініректе Гоголь мен Щедрин, бертініректе Чехов суреттеген орыс чиновниктеріне де тән еді. Және олардың, аталмыш жазушылардың, алдында Капнист, Фонвизин секілді сынампаз, шенемпаз, шыншыл сықақшылар бар-ды. Сюжеті мен ситуациясын Пушкин сыйға тартқан Гогольдің «Ревизоры» Капнистің «Ябедасына» («Жаласына») көп-көп қырынан ұқсас-ты. Абайдың алдында үлгі болмады. Ол жақсы білетін фольклорлық шымшыма, ертекке айналған алдампаз сықаққойлар оған аздық етті. Сондықтан да әшкерлеуші құралды оның өз қолымен жасауына тура келді.

Абай «Күлембайға» дейтін өлеңін:

Уағалайкүмсәлем,

Болыс, мал-жан аман ба?

Мынадайға кез болдың,

Аума-төкпе заманда, -

 

деп келемеж етіп бастайды да:

Орныңнан тұра шабасың,

Атшабар келсе қышқырып.

Ояз келсе қайтер ең,

Айдаһардай ысқырып?

Отырасың үйіңде,

Өз-өзіңнен күш кіріп.

Босқа-ақ түсіп қаларсын,

Біреу кетсе үшкіріп! –

 

деп бітіреді. «Болысыңның сиқы мынау» дегендей, шек-сілесі қатып күледі. Абай «Болыс болдым, мінекей» деп келетін атақты өленінде бұл улы сықағын қоғамдық құрылыстың тамырына дарыта түседі. Болыс бүй дейді:

Күн батқанша шабамын,

Әрлі-берлі далпылдап,

Етек кеткен жайылып,

Ат көтіне жалпылдап.

Оязға жетсін деген боп,

Боқтап жүрмін барқылдап.

Кейбіреуге таяғым

Тиіп те кетті бартылдап.

Ашылып омырау, күн ыстық,

Қойын кетті алқылдап.

 

Бұл неғып осынша кансорпа болып жүр десең, оның себебі былай боп шығады:

«Өз малым» деп қойған мал

Иесіне берілді.

Ақылы жандар қамалап,

Кептірді сонда ерінді.

 

Бұл жерде болыстың ояздан қорқу себебі де ашылып қалады. Ол — парақорлық. Бірақ ояздың өзі де пара алғанды жақсы кереді. Сондықтан болыс:

Оңашада оязға

Мақтамаймын елімді.

Өз еліме айтамын:

 

«Бергем жоқ, — деп, — белімді», - дейді. Ояз кеткен соң ол не істейді деңіз:

Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап.

Әлсіздің сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырындап.

Сияз бар десе жүрегім

Орнықпайды суылдап.

Сыртқыларға сыр бермей,

Құр күлемін жымыңдап.

 

Бұл жолдардың әрбір сөзі найзадай қадалып жатыр. Поэзиялық көркемдігі де тамаша. Ұлттық колорит те бар: «Бас изеймін шыбындап» дейді ақын. Асылы, ұлттық ақынның бір ерекшелігі — образ жүйесін өз халқының ұғымынан таба білу болуға керек. Абай «Бай сейіл­ді» деп келетін өлеңінде: «Жас теректің жапырағы жамырайды соқса жел», — дейді. Әдетте, қой-қозы жамырайды ғой. Ендеше, мал бағып өспеген халыққа бұл балама суреттің жетуі де қиын. Бірақ қазақ ұғымында бұл қаншалықты әдемі, жатық шыққан десеңізші!

Абай мәдениетінің диапазоны қаншама кең болса, Абай творчествосының тақырыбы да соншама қомақты. Тереңдік жағына келсек, оның лирикасы өте-мөте шымыр.

 

Әлімқұлов Т. Жұмбақ жан. – Алматы: Жазушы, 1972.

http://abai-inst.kz/?p=2562