ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Асан Омаров: Абайдың тұңғыш жинағы қашан, қалай жарық көрген еді?

Асан Омаров: Абайдың тұңғыш жинағы қашан, қалай жарық көрген еді?

Оқылған 26101 рет

Абайдың тұңғыш жинағы жарық көргеніне биыл 100 жыл толып отыр. Тәубе, Абай қазақ мәдениетінің ренессанстық тұлғасы, ал атал¬мыш кітап күллі Ұлы Дала өркениеті тари¬хын¬дағы соны құбылыс деп ашық айтатын за¬манға да жеттік.  Иә, ұлт рухының жаңғыруы, қазақ ренессансы Абайдан басталатыны кү¬мән¬сіз.  Айталық, Абайдың алғашқы кітабы мен “ояну дәуірі” дөп келуі, екеуінің арасын¬дағы тығыз байланыс бүгінгі уақыт биігінен қарағанда тіптен де кездейсоқтық емес. Жұқа¬лаң ғана кітап ұлттық оянуға, мәдени қозға¬лысқа өзгеше әсер еткен құдіреттің бірі.  
Сонымен, тарихи жинақ қалайша жарық көрген еді?  
Жақын туыстары Абай қазасынан кейін, Әлихан Бөкейхановтың кеңесі бойынша ақынның асыл мұрасын жинастырып, баспаға әзірлеуге кіріскені мәлім. Бұл туралы құнды де¬ректі 1915 жылы “Қазақ” газетінде жария¬лан¬ған Кәкітайдың қазасына байланысты жаз¬ған  мақаласында: “1904 жылы Абай мар¬құмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым” деп Әлекеңнің өзі жеткізеді (Абай дүниеден өткенде алғаш рет орыс тілінде қазанаманы жазған да Әлекең екені белгілі).
Сөйтіп, Кәкітай мен Тұрағұл 1905 жылдың қысы мен жазғытұрымында Абайдың өлең¬дерін, қарасөздерін жинап, түгендейді. Ал, жа¬дырап жаз келгенде бұл екеуі Абай мұра¬сын көрші әрі туысқан есебінде болған Мүр¬сейіт Біке баласы деген молданың қолына бе¬ріп, әдемілеп көшіріп жазуды тапсырады. Көркем (ескіше хұсни) жазудың хас шебері Мүрсейіт молда, Әрхамның куәлігінше, ар¬найы тігілген қоста отырып, өз жұмысын бір айда аяқтап шыққан екен. 
Аға буын зерттеушілер көп зерделеген бұрыннан мәлім мағлұматтарды  қайталап жатудың қажеті шамалы.  “Абайдың алғашқы жинағы баспаға қалай әзірленді?” деген сұ¬рақ¬тың,  біздіңше, бүгінгі күні бір ғана астары қалған сияқты. Ол – аталмыш жинақтың шығуына шәкірті Шәкәрімнің қосқан үлесі   қандай еді деген мәселе. Төменде осыған баса назар аудармақпыз.
Бірден айтайық, Абай өлеңдері мен қара¬сөздерін жинастыру барысында Шәкәрім мынадай істерді атқарды деп санамалап өту қиынға соғады.
Жалпысында белсенділік таныта алды ма? Егер жоқ десек, оның себебі неде? Басы ашық нәрсе, сол кездерде Шәкәрім “қазақтың дана¬сы, жасы үлкен ағасы” болған Абайдың ор¬нын басты. Яғни, бұл тұста іні ақын қыр өмірі үшін тым сирек құбылыс – үлкен шығар¬машылық иесіне айналды. Сонымен бірге, өзіне қарасты әлденеше ауылдың тұрмыс-тіршілігін басқару, реттеу әкесі Құдайберді дүниеден өткеннен беріде Шәкәрімнің мой¬нында еді.  Ақын әрі би болған ағаның жүгі қандайлығын інілері (Кәкітай Шәкәрімнен 11, ал Тұрағұл 17 жас кіші) жақсы білгені сөзсіз. Тағы бір өмір шындығы, Шәкәрімнің қыстауы мен Абай ауылдары арасы күнделікті аралас-құраласқа келмейтіндей қашық-тұғын.
Ал Кәкітай мен Тұрағұл Абай ауылының өз кісілері, Абайдың мұрасын түгендеу де негізінен осы азаматтарға қарасты ауыл тұр¬ғын¬дары арасында (себебі, бастапқыда Абай¬дың ірікті, таңдамалы шығармалары ғана жи¬нақталды) жүргізілген болатын. “Абай өлең¬дерінің алғашқы жинағы” атты мақаласында жазғандай (Абай. — 1992. — №3) жазушы Р.Мұ¬саұлының: “Мұндай үлкен игі іске бүкіл ауыл-аймақ түгел тілеулес боп, шама-шарық¬тары жеткенше қол ұшын беріп, ат салысуына сөз бар ма?” деген пікіріне біз де қосыламыз. 
Сөйтіп, Шәкәрімнің 1905 жылдың қысы мен көктемінде Абай мұрасын жинастыруға белсенді түрде араласа қоймағандығы осы айтылған тұрмыс-тіршіліктің қарапайым түйт¬кілдерімен өз түсінігін табады деген ойдамыз. Бұл  парыздан Шәкәрімді екі іні өздері бо¬сатқан десек те қате бола қоймас.
Енді мәселені жинақталған Абай мұрасын кім¬дер реттеп, бір жүйеге салды деген қыры¬нан сараптайық. Өйткені, Шәкәрімнің осы іске анық қатысқанына дәлел болатын бір құнды естелік бүгінгі күнге жетіп отыр. 
Абайтану ғылымы үшін мәнді деректерді Әрхамқызы Мінәш апайдың “Кәкітай” атты мақаласынан (Абай. – 1995. —№1-2.),  дәлірек айтқанда осы мақалада келтірілген Кәкітай¬дың әйелі Бибі әжейдің естелігінен кездес¬тірдік. Жоғарыда Мүрсейіт Бікеұлы Абай өлең¬дерін бір айдың ішінде көшіріп жазып, қағаз бетіне түсірген дедік. Ал, одан кейінгі бірер айда Абай жинағын әзірлеу қалай дамы¬ды?  Міне, жаңағы естелік осыған сәуле түсі¬реді.
Бірінші дерек: Бибі әжей төрт кісі болып (өзі және Тұрағұл, Шәкәрім, Кәкітай) “Әкем¬нің (Абай атам) жылын береміз деп дайын¬далып жүргенде керек-жарақ аламыз деп Се¬мейге барып жаттық” дейді. Осы бір ауыз сөз бүгінгі зерттеуші үшін аса бағалы! Ол Шәкә¬рім бас болып, туыстардың Абайдың жылын өткізуге қажетті керек-жарақты алуға Семей шаһарына 1905 жылдың маусым айының ортасында келгенін анықтауға мүмкіндік бе¬ре¬ді (Абай 1904 жылдың 23 –ші маусымында қайтыс болған).
Бибі әжейдің екінші дерегі: үш туыс (Шә¬кәрім, Кәкітай, Тұрағұл) Абайдың қолжазба жинағын өздерімен бірге Семейге ала барды дейді. 
Хош, олар қолжазбаны қалаға қандай мақсатпен апарған? Гәп осы арада: Омбының тұрғыны Ә. Бөкейханов үш туысты Семейде қарсы алған (Саяси ахуалға орай, мамыр айы¬нан бастап Әлекең Семейде әліптің артын ба¬ғып, өзі айтқандай “бұғып” жүрген болатын). Неге? Абай өлеңдерінің алғашқы жинағын бі¬ріге қарап, бірлесе ойластыру үшін. Шыңғыс¬таудан Семейге жеткен топ Ә.Бөкейхановпен кездесіп, келелі мәслихат құрады. Мұны да естелік иесінің өз аузынан естиміз. “Бұл кісі кім?” деп сұрағанымда, оқыған ақылды кісі, Абай ағамның өлеңдерін қараттық деген”, - дейді Бибі әжей. Және, сол күні: “Достар таң атқанша әкемнің (Абай атам) өлеңдерін оқып, ән салып отырды. Таң қылаң бергенде ғана қонақты үшеуі шығарып салды”. Аса құнды факті емей не! 
Сонымен, Абайдың өлеңдерін бөлік-бө¬лікке бөліп, жүйеге салу, сондай-ақ, алғашқы жинақтың жалпы құрылымын анықтап, оның соңына Абайдың өмірбаянын беру сияқты мәнді мәселелерді шешуге кімнің қатысқанын тұңғыш рет естіп, біліп отырмыз. Үш кісінің үлесі бұрыннан-ақ мәлім болғанымен де, мәс¬лихаттың уақыты мен орны (Семей ме, әлде Омбыда ма) белгісіз-ді. Сондай-ақ, Шәкә¬рімнің есімі бұрын-соңды солай шығар деп болжанғанымен, нақты аталып көрген емес. 
Төрт достың бас қосып, кеңесуі нәти¬жесінде Абай жинағы құрылымының  қан¬дай болмағы шешілді дедік. Сол ше¬шімге сәйкес соңғы қолжазба нұсқаны әзірлеу, яғни жаңадан көшірту, әрине, тағы да Мүрсейіт Бікеұлына тапсыры¬лады.  Бұл туралы: “Оқылып, тексерілген соң қайта көшіртіп, бір ай шамасында дайындатып алып, Кәкітай Семейге алып жүрді, — деп жазады Әрхам ақсақал. – Жол расхотына сатуға екі семіз ат, екі се¬міз түйесін әкетті. Кәкітай малын ақша¬лап алып, Омбы қаласына кеттім деп хат жазды”. Кәкітайдың бұл сапары жайлы Әлекең былай дейді: “1905 жылғы шіл¬денің аяғында Кәкітай Абайдың қолжаз¬басын алып, Омбыдағы маған келді. Кәкітай біздің үйде бірер жұмадай жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-мәйрам болдық”. Бұдан байқайтынымыз, Абайдың қолжазбасын әзірлеу, оны жүйелеу мен бөлім-бөлімге салу төңірегінде әңгіме болмаған. Оның себебі, Омбыға Кәкітай соңғы нүктесі қойылған даяр қолжазбамен келген. 
Абайдың жылдық асы маусымның со¬ңында Жидебайда берілді, ал Кәкітай Абай¬дың жинағын алып, Омбыдағы Әле¬кеңе шілде айының соңында ғана аттана¬ды. Әрхамның қолжазбаны “бір ай шама¬сында дайындатып” деуінің мәнісі осы. Бұл ретте “Кәкітай неліктен жылдық ас¬тан соң бірден аттанбаған, бір айдан астам уақыт не үшін қажет болған?” деген сұ¬рақ¬тың тууы заңды.  Бұл мерзімнің қол¬жазбаны қайта көшіріп шығу үшін Мүр¬сейітке де, сондай-ақ, алғашқы жинақтың соңында басылған Абайдың тұңғыш өмір¬баянын жазып шығу үшін Кәкітайдың өзіне де қажет болғаны күмән туғызбаса керек-ті.
Сөйтіп, қайталап айтайық, Семей қа¬ла¬сында (Ә.Молдабаевтың үйінде) маусым айы ортасынан асқанда  Әлихан, Шәкә¬рім, Кәкітай және Тұрағұлдың соңғы қол¬жазба нұсқаны талқыға салғаны нақтылы дәйектеліп отыр.
Біреу біледі, біреу білмейді, 1909 жылы Петерборда жарық көрген тұңғыш жи¬нақта Абай өлеңдері 17 бөлікке топтас¬тырылып, әрбір бөлікке жекелей тақырып (“Халық туралы”, “Өлең туралы”, “Өзі ту¬ра¬лы”, “Ғашықтық туралы”, “Ой тура¬лы” деген сияқты) қойылған еді. “Ақын шығармаларын осылайша жіктеп, шартты түрде болса да, тақырыбына қарай топтап бастыру, – деп жазады абайтанушы ға¬лым Қ.Мұхаметханов, – сол замандағы оқырман қауымға Абайдың ақындығын таныту жолын жеңілдету мақсатынан ту¬ған болады” (Абайдың ақын шәкірттері. –Алматы, 1994.  
Бұл жіктеулер бұған дейін абайтану ғылымында Әлекеңнің көмегімен “Кәкі¬тай жасаған жіктеулер” (Әуезов)  делініп кел¬ді. Енді міне,  бұл маусым айында  Се¬мейге жиналып, кеңес құрған төртеудің ор¬тақ жұмысы һәм шешімі екенін  нақты білу¬дің сәті түсіп отыр. Бұл, сөз жоқ, үл¬кен олжа.
Айтпақшы, Семейде кездесіп, бірер күн көңіл көтеріп, шат-шадыман болған  достар бірге суретке түседі. Бұл суретті көзі көрген Кәкітай немересі Мінәш апай былай деп жазады: “Сол суретте әжемнің бір жағында беті боялған кісі, бір жағында Кәкітай атам, сыртында Тұраш ағам, екінші жағында Кәкітайдың иығына қолын салып, Шәкәрім атам тұр еді”. Ә.Бөкейхановқа “халық жауы” деген жала жабылғандықтан сақтық жасап, бетін бояп тастаған сияқты. Бір әттегенайы, бұл сурет сақталмаған, аласапыран заманда жоғалған.
Әрхам Кәкітайұлы Абайдың жинағын әзірлеуге Шәкәрімнің ат қосқанын біл¬мейді емес, әрине, білген. Ол қолжазба “оқы¬лып тексерілген соң қайта көшіртіп, бір ай шамасында дайындатып” дей отырып, кім-кімнің “тексергенін” атамай, аттап өтеді. Себеп сол:  тексергендердің үшеуіне (Әлихан, Шәкәрім, Тұрағұл) бір¬дей “халық жауы”  деген пәле жабылған жағдайда өзге амалың қайсы.       
Ұзақ, төрт жылға созылған шырғалаң¬нан соң ақырында Абайдың алғашқы өлеңдер жинағы 1909 жылы басылып шығады. Жинақтың басқы бетінде: “Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғылының өле¬ңі. Бастырған: Кәкітай, Тұрағұл Құ¬нан¬¬бай¬ұғландары. СПБ., Восточная элек¬тропечатня И.Бораганскога, 1909” деп жазылған. Сондықтан кітаптың Кәкітай мен Тұрағұлдың еңбегі арқасында жарық көргеніне ешкімнің таласы жоқ. Алайда бұл екеуіне Әлихан сияқты ақыл-кеңесін беріп, көмек қолын созған төртінші адам¬ның да  болғанын, ол Шәкәрім екенін ескере жүрсек, ғылыми айналымға енгіз¬сек, ұлы рух алдындағы борышымыз сәл де болса өтелер еді деген пікірдеміз.  
Соңғы айтар жай, Абайдың қарасөз¬дері тұңғыш жинақтан сырт қалды. (Ом¬быдан Қазан қаласына келген Кәкітай, он¬да істің реті келмеген соң, Мәскеу асып, қияндағы Санкт-Петербург қала¬сына дейін барып, қаржы тапшылығына тірелген еді.  Мысалы, Петерборға “200 сом жібердік” дейді Әрхам. Егер кітап қа¬лыңдар болса, әрине, шығын да молая түсер еді). 
Абайдың прозамен жазылған қолжазба кітабы екеу: бірі – “Ғақлия” (бұл кітабы туған ұлтына бағыттаған 40 ғақлия сөзді құрады), екіншісі – “Ғақлиат-тасдиқат” (қазіргіше 38-ші қарасөз). Егер Абайдың қос кітабы, әсіресе, соңғысы тәуелсіз ел¬де, қалыпты жағдайда зерделенген болса, ұлы ақынның қазақ әдебиетімен қатар  ұлттық философиясының негізін қала¬ғаны, тіпті әлем ойының алыбы екендігі баяғыда-ақ дәйектелер еді...  
Кемел Абай бес жыл ғұмырын сарқа жұмсап тәмамдаған аталмыш ұлы мұраны игеру қажеттігі соңғы жылдарда қай қы¬ры¬нан да (бүгінгі қазақ философиясына жан бітіру, қазіргі әлемдік діни-рухани ахуалды терең түсіну, сондай-ақ, қазақ рухының биігін өзгелерге көрсету, таныту т.б.) ғаламат артып отыр. Бүгінгі абай¬тану¬дың аса зәру мәселесіне жаңа буын философ мамандарымыз қашан бет бұрар екен?!.

Асан ОМАРОВ, абайтанушы ғалым.
«Егемен Қазақстан» газеті 3 маусым 2009 жыл

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.