ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • ЖЕЛТОҚСАН ЖАҢҒЫРЫҒЫ НЕМЕСЕ АБАЙҒА ШАҒЫНУ

ЖЕЛТОҚСАН ЖАҢҒЫРЫҒЫ НЕМЕСЕ АБАЙҒА ШАҒЫНУ

Оқылған 27501 рет



О, Жер-Ана!
Сен қандай қымбаттысың!
Ақын біткен жан сала жырлапты шын.
Адал жүрек алқаны соғады кеп
Қондырмауға төсіңе "зұлмат құсын".

Ұғып өстім жасымнан дала сырын,
Содан өнген бойдағы бар асылым.
Тірлік біткен тыныстап тербеледі,
Құшағында алып Жер-Анасының.
Сол Ананы сақтауға міндетті жұрт,
Сақтағандай көзінің қарашығын.
Бұл күндері қасиетті Жер-Ананың,
Ақ төсінде тырналған жарасы мың.
Сөйте тұра ел мен ел арасында,
Басылмауда қан-төгіс, талас ұғым.
Болмаған соң солармен жарасымым,
Шығарамын жан даусын, жан ашуын!

Ойға алсам Балқаш пен Аралымды,
Азалаған естимін қаралы үнді.
Тоналғандай бейне бір тал бесігім,
Жөргегімде тербеткен бала күнгі.
Тұзға айналып барады ақ айдыным,
Еркін кешкен түріп ап балағымды.
Қызғышынан айырылды көрікті көл
Аймалаған нұрымен жанарымды...

Ертістегі ойласам Семейімді,
Ащы өксік кептейді көмейімді.
Жарылыстың жаңғырығы қайталайды,
"Өлім" деген үрейлі өгей үнді.

Сәні кетті саф самал сақараның,
Басуда ажал жұртпенен қатар адым.
Татьянаның әнін сап аузымды ашсам - 
Шаң-тозаңнан қатерлі қақаламын.

Ақын салған бір кезде ол айтулы ән,
Жаңылдырмақ мынау хал соны айтудан.
Жойқын бомба зардабы улап кетті,
Топырақты қасиетті Абай туған.

Кешіре гөр, о Баба, ұрпағыңды,
Құлатпайды ұрпағың жыр-тағыңды.
Туған жердің намысын қорғаймын деп,
Батыл ұлан шықты әне, бұрқақ үнді.

Өрге өрлеуім - тың дәстүр өлшемі еді,
Ұлдарына ту ұстар ел сенеді.
Ұлы дүбір осынау ұмтылысты
Басыңды бір көтеріп, көрсең еді.

Жиреніп ең ісінен ездің, Көкем,
"Сөзі жылмаң" суайттан бездің, Көкем.
Бүгін менің еңсемді езгілеген
Мына жайды сол кезде-ақ, сездің бе екен?!

Жетпегендей қиянат құрсауы әлі,
Еспесін деп еркін леп, жыр самалы.
Көрмесін деп шындықтың шырағданын,
Көрсоқырлар көзімді тұмшалады.

Қастандықтың қылығы қосталды да
Келді үйіме жалтақтап достар бұға.
Таланттыны тұқырта табанға сап,
Тасжүректер кеудесін тосты алдыма.

Керең қылып бітеді бар құлақты,
Арба жегіп, қор қылды арғымақты.
Шаттығым мен күлкімді тонап алып,
Жазықсызды жазғырып, зар жылатты.

Қара ниет қаптады қара түн боп,
Ақ жүрекке туралап қаратылды оқ.
Кінәсізді көз көре күйдірмекке
Жылмаң қақты тасадан жала тілді от.

Күн шыдамай көруге көзін жұмды,
Алас ұрды болған соң, сезім жынды.
Мәңгілікке қоштасып қимасымен
Жоқтау айтты тұншыға төзім мұңды.

Бұлт астына Ай шошып жасырынды,
Асау толқын жартасқа басын ұрды.
Қиянатшыл қандыкөз қара түнек
Міз бақпастан тонады асылымды.

Жарға құлап кетуге тақау қалып,
Бойға түскен сезіндік ақауды анық.
Шүлдірлеген дүбәра күйге ұшырап,
Тілсіз қала жаздадық сақауланып.

Деді ме әлде: өлмесе кере жесін,
Міндет қылды мәңгүрттік ережесін.
Алды-артымды аңдатпай, адастырды
Тарихымның тарс жауып терезесін.

Мәрттігімді көлгірсіп, мақтан қылды,
Қомағайлар қамба сап, қақпан құрды.
Тер төгілген ырыс пен ризығымды
"Барса келмес" аулына аттандырды.

Мін табасың көрсең де қай қырымнан,
Қайысады қабырғам қайғы-мұңнан.
Жетпіс жылда еңсеміз қалды шөгіп,
Қайыршыдай тоналған байлығынан.

Түк ете алмай түңілдім ізгі үлгімді,
Жапырақтай сарғайдым күзгі күнгі.
Момындығым мойныма қамыт болып,
Ұстап бақты өзгелер тізгінімді.

Көп жайсаңым жеді ғой көр таяғын,
Соны ойласам, кемерден ортаямын.
Ұшқыр ойым омалды кібіртіктеп,
Шідерлеген тұлпардай төрт аяғын.

Көп көрген соң қағажу, қиындықты,
Жайлаған соң кеудесін "құйын күпті".
Қол ұстасып алаңға, желтоқсанда
Бас құраған жастардан жиын шықты.

Нық адамды өзгеше бастамақ кім?
Жанын ұғу жөн-ақ қой жас талаптың.
Қанша ұрпақтың үміті ұшты желге
Ырайына қараумен қас-қабақтың.

Алғаш оны ұқпастан туын жығып,
Булықтырып тастадық, буындырып.
"Есіріктік, сотқарлық - бұларың" деп
Мысын басып тараттық, қуып жүріп.

Жас жүректің шықса да ащы зары,
Тас кереңдер естімей, рас шыдады.
Қатыгездік көрсетті қасақана
Сол кездегі үкімет басшылары.

Солар жапқан жаладан арылдық біз,
Шындық сөздің құлаққа бәрін де ұққыз.
Адалдық деп күрескен азаматқа
Ақиқаттың шөл басар нәрін жұтқыз.

Жанға сәуле төккендей бұрылып таң,
Жүректердің сезімтал сырын ұққан.
Бас ауыртып жүр бүгін жаңа ұрпағың
Шығарам деп жұртымды тығырықтан.

Берік болып іргесі өр қаланған,
Кемерімнен енді мен орталанбан.
Қадірлейді қашан да Ерлерін ел
Жүрегінен халқының жол таба алған.

О, Баба!
Арқаланып елдің жүгін,
Тердің асыл сол үшін жердің гүлін.
Желтоқсанның жаңғырығын жебей көр деп 
Шағым айтып алдыңа келдім бүгін! 

Марат Ысқақұлы

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.