ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Асан ОМАРОВ: АБАЙ АЗАТТЫҚ ҮШІН КҮРЕСТІ АМАНАТТАДЫ МА?

Асан ОМАРОВ: АБАЙ АЗАТТЫҚ ҮШІН КҮРЕСТІ АМАНАТТАДЫ МА?

Оқылған 38761 рет

Сенсеңіз, азаттық - Абай аманаты. Ұлы ақын «шекпенінен шыққан» үшеудің (Шәкерім, Кәкітай, Тұрағұл) 1905-1907 жж. саяси қозғалысқа белсене ат салысуы осыған мегзейді. Құдай берем десе береді, соңғы жылдары нақты дәлелдер - Абайдың бірлі-жарым өлеңдері жаңадан табылып отыр.

Сонымен, ақсарыбас, ағайын!  Абайдың жаңадан табылған бірінші өлеңімен танысалық.

                                      Тоқ, татуды сыйламай,

                                      Аштарға берген ас артық.

                                      Үйінде босқа бұлдамай,

                                      Қатерге түскен бас артық.

Осы төртжолдық өлеңді нақыл, рубаи, шешен сөз, мейлі, афоризм десек те жарасады. Бұл бұрын-соңды жарияланбаған Абай афоризмі. Оны тапқан адам кім дейсіз бе? Ол - Тараз қаласының тұрғыны, абайтанушы Әлімбай Найзабаев (ізденушіге ел атынан мың да бір алғыс айтамын).

Афоризмді Шәкерім өзінің «Ар қарызы» атты мақаласында («Сарыарқа» газеті, 1917 жыл, 4 шілде) келтіріпті. Мақала мынадай оқиға ізімен жазылған: аштықты, жалаңаштықты көріп майданнан қайтқан Жетісудың 719 жігіті Әлихан Бөкейханов атына «стипендия тағайындалсын я медресе ашылсын» деп екі мың сом ақша жинап беріпті. Мұны естігенде алаш ақсақалы «бәрекелді!» деп қатты қуанбай ма. Сөйтіп, Шәкерім: «Міне, адамның көзіне жас, көңіліне махаббат келтіретін зор жұмыс» дей келе: «Абай марқұм былай деуші еді» деп жаңағы нақылды айтыпты.

Өзге емес, ұлы ақынның бас шәкірті Шәкерім мақаласында атап айтқан соң, нақыл сөз Абайдікі екеніне кім таласар.

Бізді «Үйінде босқа бұлдамай, Қатерге түскен бас артық» деген екі жол қызықтырып отыр. Бұл сөздің мәнісі неде? Қай кезде айтылған, өзі? Осыны ойласайық. Бақсақ, Шәкерім оны төңкерісті, өз сөзінше «қалқыма» кезең орайына келтіріп отыр. «Елдік үшін жан пида» деп намысты жанатын қайрақты сөз ретінде. Бірақ Абай астарлап, бүркемелеп айтудың асқан шебері болған. Афоризмнен «ел еркіндігі үшін басыңды қатерге тік, азаттық жолына жаныңды сал» деген астарды аңдау бүгінгі біздерге қиынға соғатыны сол.

Бұл ой-жота ғана, шындық ауылынан шығандап кету деп сөгуге асықпаңыз.  Алдымен 1904-1905 жж.  әлеуметтік ахуалға көз тігелік. Әмбеге аян, Ресей империясын төңкеріс елесі кезіп, саяси қозғалыс мықтап күш алды. Тарих сахнасына шықпаған күштер кемде кем, Ресей мұсылмандарының жәдитшілдік делінетін қозғалысы да мәдени арнадан саяси арнаға ауысты.       

Мекені қыр төсі болса да, Семей шәріне жиі қатынайтын, қырым татары И. Гаспринскийдің «Тәржіман» газетасын үзбей оқитын Абай, Шәкерім жаңағы «үстегілер-бағындыра алмайтын, төмендегілер-бағынғысы келмейтін» қоғамдық ахуалды тамыршыдай танып-біліп, жіті қадағалап отырмай ма. Әсіресе, Шаймардан Қосшығұловтың хатына байланысты 1903 жылы жазғытұрым Абай ауылдарына жүргізілген тінтуден соң, саяси еркіндік тақырыбы бұл ортада жиі көтерілгені хақ. Демек, Абай нақылды осы кездерде айтқан деудің орайы бар.

Осымен, екінші өлеңге ауысатын кез де жетті. 

                             Еріксіз түскен ылдидан,

                             Еркіңмен шығар өр артық.

                             Қорлықпен өткен өмірден,

                             Көсіліп жатар көр артық.

Бұл бұрыннан белгілі, ұлы Мұхаң өзі тауып қосқан шумақ. Алайда афоризм осы күнге шекті елеусіз хәлде «жазылған жылы белгісіз» делініп келді. Оны саралау қажеттігі енді ғана туып отыр.

Бақсақ, алғашқы өлең мен соңғы төрт жолдың стилі, мазмұны және ұйқасы егіз қозыдай ұқсас. Бұл жәйт екі өлеңнің  мерзімдес екендігіне сілтейді, бір. Екіншіден, басты гәп «ерік» сөзінде. «Ерік» сөзін екі айтуы – ел егесі Абайдың ел ертеңіне алаңдаған үні десек несі айып.

Енді «Қорлықпен өткен өмір» дегенді түсініктемелейік. Әзелде Абай «Ағызды сығып жасымды», «Бұрқ етіп, көзден жас шықсын» деп қазақтың ит мінезіне күйінген, әлеуметтің мешел хәліне қорланған. Жеке басы я от басы, ошақ қасы мәселесіне емес (Абайдың қазақ арасын кеулеген қырсықтар мен келеңсіздіктерден торыққаны, өз тұрғыластары арасынан «елу беске дейін сенісер адамын таба алмай» күйзелгені қандай шындық болса, мінезі майда Еркежан бәйбішенің, ақылды келіні Кәмәштің жақсы күтімінде, өзін шын сүйген балалары, пір тұтқан  шәкірттері ортасында болғаны сондай шындық).

Сонымен, екінші нақылдан да саяси астар байқалады.  

Күдікті сейілту үшін оқырман назарын мынадай жалпы жәйттерге аударайын. 1885 жылғы әйгілі «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңінде ел дертіне:

                           Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

                           Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, -

деп «диагноз» қойған ақынның шығармашылық өмірі соңында «түзел қазағым, ырқың (еркің) өз қолыңда болуын көзде» деген дауаны сөз етуі заңдылық.  Өзіңіз де ойлаңыз, Абайдай данаға ырықсыз, бодан елдің болашағы бұлыңғыр екені көзбен көріп, қолмен ұстағандай ақиқаттұғын.          

Осы тұста уақыттарыңызды алып, Абай мен немере інісі Шәкерімнің арақатынасына тоқталуға мәжбүрмін. 1898 жылға шекті екі тұлға арасы күрделі болып, онан соң жылма-жыл жақындай берген. Естеліктер өзара құрмет пен  сыйластық арта бергенін там-тұмдап болса да жеткізеді. Шығармашылықты қоя тұралық, 1902 жылдың 11 мамырында Абайдың тете інісі Ысқақ дүние салғанда, келесі жылы Шәкерімнің тете ағасы Шәке баз кешкенде Абай мен Шәкерім сол ауылдарда қона жатып, зираттарын қырқына дейін қалатып береді. Осы кездерде қос ойшылдың армансыз ой бөлісіп, ел келешегіне қатысты сан талай сыр шертіскені сөзсіз.

Оған Шәкерімнің «Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым» атты өлеңдер циклі нақты дәлел (бұл жырлар шын мәнінде жоқтау болып табылады).

                                 Қатып қалған желіннен,

                                 Қаймағы бар бал шықты.

                                 Қайғылы біздің көңілден,

                                 Қайғырған сайын қан шықты, -

деп төпелеген сай-сүйекті сырқыратар жоқтау, әрине, ағасы Абайды шын ұстаз тұтқан жүректен шыққан. Хазіреті Шәкерім 1905 жылы жайлау төсінде Абайдың жылдық асын өткізіп, күзде Мекке сапарына аттанған. Елге оралған бетінде-ақ, Ресей кадет партиясының мүшесі, келешек алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың қасынан табылып, саяси істерге бас қойсын. Абайдың орнын басқан ағаға Кәкітай, Тұрағұл ілескен болатын. Кәкітайдың мезгілсіз қазасына орай, 1915 жылы 18 қаңтарда «Қазақ» газетінде басылған «Қош, қарағым!» мақаласында: «Мен 1908 жылы абақтыда жатқанымда келіп, амандасқан да осылар (Шәкерім, Кәкітай, Тұрағұл – А.О.) болды. «Бұған өзге қазақ жарамады-ау», - деп налыдым», - дейді Әлекең.

Айтса айтқандай, қыр қазақтары ішінен 1917 жылғы Ақпан төңкерісін бөркін аспанға ата қарсы алып, тұңғыш қазақ автономиясы - Алашорда үкіметін құруға бір кісідей ат салысқандар тағы да - Шәкерім, Тұрағұл. Яки «үйінде бос бұлдап» жатпады, жанып кетердей болып қан майданда жүрді. 

Мұны, үш туыстың Әлекеңе еруге жараған азаматтық ерлігін, ұлы Абайдың «Қатерге тіккен бас артық» деген өсиетімен бір байланыста қарастырған дұрыстық деп білемін.

Сөйтіп, жоғарыда қарастырылған екі афоризмнің сарыны, рухы бір. Ол - отарлық бұғауға қарсылық. Екеуінің де жазылу уақыты - 1904 жылдың бірінші жарымы деп топшылаймыз.      

Сабыр етсеңіз, Абайдың тағы екі өлеңіне көңіл бөлмекпін. 2014 жылы «Абайдың соңғы өлеңі» деген тақырыппен баспасөз бетінде мынадай өлең жолдары жария етілді:                     

                                Күнәйім көп Илаһи,

                                Кешіре гөр мұнымды.

                                Барар басқа жерім жоқ,

                                Ұсындым Хаққа мойнымды.

                                Ата-анам едің қара жер,

                                Аша гөр енді қойныңды.

Шүбәсіз, бұл алты жол Абайдың бақиға өтер шақта  шығарған өлеңі. Ешбір жинаққа енбеген тың туынды. Оны Серік Жақсыбаев деген азамат 1978 жылы Жидебайдағы Абай музейінің шырақшысы Ниязбек Алдажаров қарияның аузынан жазып алыпты.  Ниязбек ақсақал - Абайдың аталас туысы, жалған сөзге жаны қас, шыншыл адам болған. Демек, өлең Абайдікі. Өлең керемет! Хаққа мойынсұнған, сол себепті өлімді тосып алған әулие кісінің көкірек түкпіріндегі соңғы тілегі. Балалық шағында сопылық ілімнің уызын ішкен жарықтық сол әулиелік жіптен айырылмай өміріне соңғы нүктені қояды. Қай жағынан келсек те, өлеңді мойындамауға ешбір себеп жоқ. 

Өз тарапымнан қосып айтарым, жаңадан табылған өлеңнің «Күнәйім көп Илаһи» деген бірінші жолы «күнәм көп Илаһи» деп ұғылуы мүмкін. Бұл қате. Дұрысы, «бойымда мін, кемшінім көп Илаһи» деп ұққан жөн. Неге десеңіз, қазақта «мүттәйім» деген (арабтың «мүттәһим»  сөзінің өзгерген түрі) «үрейлі», «сезікті» және «зұлым» деген мәндерді жеткізетін сөз бар (үлкен кісілер үрей, қорқыныш сезімін тудыратын жерді бертінге дейін «мүттәйім жер» десетін). Сол сияқты «күнәйім»  парсының «күнәһар» (күнәлі болу) сөзінің қазақыланған түрі. Бірақ, әулие Абай оны «күнә» мәнінде емес, жаңа айтылғандай, «бойымдағы мін, кемшін» деген мағынада қолданып отыр.

Осымен, ақынның «Ойға түстім, толғандым, Өз мінімді қолға алдым» деп басталатын 8 шумақ өлеңіне келейік. Бұл да шамасы 1904 жылдың қысында дүниеге келген туынды. Өйткені, алдыңғы өлеңменен ой жүйесі ортақ, стилі бір - дана адамның тазарған рухын, ахиретке даярлық кейпін байқатады.  

Сонымен, шығыс поэзиясының алыбы Омар Хайямның пәлсапалық төртжолдық жырларын (рубаи) еске салатын Абайдың қос шумағын және «Ойға түстім, толғандым», «Күнәйім көп Илаһи» деген екі өлеңін тілге тиек еттік. Жиыны - төрт туынды. Алдағы уақытта осы төртеуі 1904 жылдың еншісі болуы керек деген ойдамыз.

 «Азаттық - Абай аманаты» деген жаңа ойымыз да осымен тәмам. Кешегі кеңестік билік  Абайдың кейбір қырын танып-білуге тыйым салған болса, зерттеймін деген адамға жол айқара ашық қазір. Ләжіміз не, Абай кеңістігінің соңы (1898-1904 жж.) әзірге иесіз «бос» тұр. Біз оның бір пұшпағынан (1903 жылдың мамырынан келесі жылдың жазына шекті) ғана жеміс тердік.

Қорытынды түйін: тасада қалып келген Абайдың соңғы өлеңдері ақыр аманаты әрі көңіл-күйінің айнасы. Тың мұралар Абай жинақтарында жарқыратып көрсетілсе һәм оларға ғылыми түсініктеме жазылса ұтарымыз көп болмақшы.

Асан ОМАРОВ.

abai.kz

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.