АУРУ ЖҮРЕК АҚЫРЫН СОҒАДЫ ЖАЙ

Ауру жүрек ақырын соғады жай, 
Шаршап қалған кеудемде тулай алмай. 
Кейде ыстық қан басып кетеді оны, 
Дөңбекшіген түндерде тыншыға алмай.

Қараңғы саңырау қайғы ойды жеңген, 
Еркелік пен достықты ауру көрген. 
Ақылы жоқ, ары жоқ шуылдақты 
Күнде көріп, тұл бойы жиіркенген.

Тірілтіп өткен күнді, тағы шөлдеп, 
Осы күнді күн демес қарғап, міндеп. 
Кейде тілеп бақ пенен тағы тыныштық, 
Кейде қайғы, азапты тағы да іздеп.

Кейде ойлайды жылауға қайғы зарын, 
Тынышсыз күнде ойлаған дерттің бәрін. 
Кейде онысын жасырар жұрттан ұрлап, 
Кетірер деп мазақтап беттің арын.

Ауру жүрек ақырын соғады жай, 
Өз дертін тығып ішке, білдіре алмай. 
Кейде ыстық тағы да қан басады, 
Кейде бір сәт тыншығар үн шығармай.