Тәуелсіздік бәрінен қымбат

ӨЛЕҢГЕ ТҮЙГЕН ӨСИЕТ

Абай мен Дулат аманаты


Ұлы даламыздың қайраткер ұлдары айналайын қазағының азаттығы үшін қарумен де, қаламмен де күресті. Дана Абай да елінің еркіндігін аңсап, «ер сынарлық бес күндік майданның тамырын» басады. Қайткенде халқының озық жұрттардың қатарына қосыларын уайымдап, көріп-білгені мен танып-түйгенін мұқият пайымдайды. Үнемі «өзінен өзі есеп алып, естілердің айтқан сөздерін» ақыл таразысында саралайды. Шығыс пен Батыс ғұламаларының мұрасына үңіліп, ойын тергеген сауалдарға тиянақты жауап іздейді. Кезінде жаһанды билеп-төстеген қаһарман даланың бұлыңғыр бүгіні мен күңгірт келешегіне қабырғасы қайысады. Төрткүл дүниені мойындатқан жиһангер бабалар ұрпағының бодандағы ұйқылы-ояу хәлінен «сырты сау болса да, іші өліп қалғандай». Ел-жұртының еңсесін басқан заман тауқыметінен жаны аяз ұрған жапырақтай бүрісіп, қабағын мұң басады.

Туған елінің еркіндігін аңсаған жанның, әлбетте жалғыз өзі ғана емесін де біледі. Алдыңғы ақын-жыраулардың қайғы-зардан күңіренген «кеудесіне» құлағын тосады. Алқымнан қысып, аяусыз сығымдаған отарлық «шалмасының»  түйінін іздеп, оны «шешудің» амалын тапқанша жүрегі сыздайды. Осындай «жүдеулі» сәттерінде Хәкімге «бұлттан өтіп мұнарды болжайтұғын» Дулат Бабатайұлы сияқты абыз ақындардың жыр-толғаулары «ойына сана құйып, бойына қуат береді». Атақты жыраудың көркем тілмен көмкеріп, тереңіне ой жауһары тұнған мұрасынан жан азығын табады. Бір уақ, тіпті «жалғыздығын» да  ұмытқандай болады. Егер жеке басын ғана күйттеген көпшіліктің бірі болса, «ығы зор» әке қанатының астында оның ештеңеге алаңдайтын да жөні жоқ. Жастық дәуреннің де, билік пен байлықтың да сыбағасы Хәкімнің бір басына молынан жетеді. Осыған енді Абайдың «қазақта қара сөзде дес бермеген»  табиғи дархан дарынын қоссаңыз, бардың парқын білер жанға бұл аздық етпесе керек.

Бірақ, ол – Абай ғой!

Құдіреті күшті Алла тағала «қайран қазағына» айсыз «түнде» бағыт-бағдар сілтеу үшін жаққан шамшырақ! Олай болса, кемеңгер ақынды мұңға батырып, уайымға салатын өз басының «сақинасы» емес, халқының жалтақ хәл, күйбең күнкөрісі. Кәпірге кіріптарлықтан құтылып, еркіндікке жетудің жолы – «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған толық адам» тәрбиелеу екеніне де көзі жеткелі қашан. Ақиық ақын-жыраулардың тағылымға толы сөздерін өз ұстанымының тезіне салып, қабырғасымен кеңеседі. Соның бірі – Құнанбай шаңырағының қадірлі қонағы Дулат Бабатайұлының ғибратты мұрасы. Ұлы жыраудың «Темірсіз теңдік алмайды...тетігін тауып темір соқ» деген өсиеті теңдік пен бостандыққа жетудегі  Абай тапқан білім мен ғылым жолының дұрыстығын айқындай түседі. Надандық пен бодандық «құрығынан» босанудың  ендігі амалы – қарулы қақтығыс емес, оқу мен тоқу ғана екеніне еш күмәні қалмаған.

 

«Темірсіз теңдік алмайды...

  Тетігін тауып темір соқ»

 

Қандастарын «жарыққа» – ілім-ғылымға бастаудың зор қажыр-қайратқа тәуелді екенін түсінеді. Семейдегі Ахмет Риза медресесінде дәріс ала жүріп, орысша оқуының да сыры бір өзіне ғана мәлім. «Орысша оқу керегін, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұрғанын» еріксіз мойындайды. Тіпті, «зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға  тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі – олар дүниенің тілін білді, мұндай болды». Ал, «әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды». Жат жұртқа жалтақ күй кешпеу үшін де оның «ғылымын білмек керек». Сондықтан «өнерлерін айтысып, таласып келген қайрат, ақыл мен жүректі» ақын Ғылымға жүгінтеді. Дулат Бабатайұлының «темірсіз теңдік алмайды» деген тәмсілінен де теңдікке жетудің «тетігін» тапқандай толқиды.  

Хәкім, әсілі оқу-білімсіз темір кенін игеріп, оны шындап іске жаратудың мүмкін емесіне сенімді. Қазақ даласында небір ұсталар бағзы замандарда-ақ темір, алтын мен күміс қорытып, олардың ісмерлігіне жат жұрттықтар да тәнті болумен келеді. Бірақ, шеберлердің  маңдай терімен суарылған еңбегі отбасынан, аттың сайманы мен қару-жарақ соғудан аспай қалатынын да көріп жүр. Атақты жыраудың уәлі аузымен  айтылған дуалы сөздерінен  басқыншы биліктің «ызғарынан» – қалқан,  «дімкәс» жанына шипа табады.  Отарлық қасіретін алдын ала болжап, «аса түсіп ағы да, әжімі де көбейген» Дулат жыраудың қайғы-шерінің куәсі бола отырып Абай «тірі болса да, анық тірі емес». Халық ауыз әдебиетінің қазыналы «сандығын» ақыл сәулесімен ақтарып, «жүректің көзін ашады». Аға буын ақындардың жеке тұлғалар жөніндегі «Пайдасы көпке тимесе, Салтанат пен сәні арам» деген ұлағатын жадына тоқиды: «түбін ойлап, уайым жеп, ойланып түзеле ме деп,  талай сөзді бұдан бұрын да ол көп айтқан».

Адам деген атқа лайық болып, көштен қалмаудың мәңгілік талабын есті «құлаққа» тағы да құяды: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті – Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Елінің келешегіне деген үміті күннен-күнге көмескі тартып, қарындастарының басына түскен бодандық қасіретін ескертуден танбайды: «Көк тұман – алдыңдағы келер заман, Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған. Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр, Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған...». Бас еркінен айрылған халқының аумалы-төкпелі заманда шалыс басуының қаупі қабырғасын қайыстырады. Мұның «елден бөлек, яки кемел» адамның ғана қолынан келетінін де айтудан жалықпайды. Амал қайсы, «көнгенім-ақ соған деп табандаған» қандастары «өзі ермей, ерік бермей қор етеді». Ақын «Қадірлі басым,  Қайратты жасым / Айғаймен кетті амал жоқ», - деп, мең-зең: «Білмеген соқыр, Қайғысыз отыр, Тамағы тойса жатуға. Не ол емес, бұл емес, Менің де күнім күн емес...».

Бұдан асқан өкініш болар ма?! Жаңаға – басшы, ескіге – жұмбақ жанның күйінішін «кісімсінген білімсіздердің» ұға қоюы екіталай: «...Құлағын салмас, Тіліңді алмас / Көп наданнан түңілдім». Төңірегін қалың тұман тұтып, «ой саларлық ағайын табылмаса», тағы не шара?.. Ызалы жүректің «Естісем үнін, Білсем деп жөнін, Көп іздедім қаңғырып. Баяғы жартас – бір жартас, Қаңқ етер, түкті байқамас», - деген ащы тілінен улы сия төгіледі: «Ағайын бек көп, Айтамын ептеп, Сөзімді ұғар елім жоқ. Моласындай бақсының жалғыз қалдым тап шыным». Демек, ақынның өзінің «нені сүйіп, неден күйгеніне бір Алла мен арын ғана қазы» тұтудан басқа амалы жоқ. Ақыл қосар ағайын табылмағаны аздай, құлдықтың қырсығы шалған қарындастары өзара дүрдараз: «аяз мүйізді қысса, мүйіз тұқылды қысқан» бодан әрі надан ортада тынысы тарылады. Оңашада Дулат ақынмен «мұңдасып», жан сырын  бөліскен өзара «сұхбаттан» Хәкімнің бойы жеңілдеп, көңілінің көзі шырадай ашылады.

Жыр алыбының 1880 жылдың соңына қарай Қазан баспасы тұсауын кескен  «Өсиетнама» кітабы Семейге тез-ақ жетіпті. Алты алаштың дұшпанын «улы тілмен улатып, кегін сөзбен әперген» сөз сүлейінің ойлары жанына балдай жағып, көңілсіздік пердесін серпіп жіберген. Бір уақ алдындағы ақ қағаз селеулі беті Күнге шағылған  Ақшоқыдай жарқырай қалды. Келесі сәтте атамекені ақ бесіктей аялап, қоңыр жүзі нұрға бөленеді. Жүрегін тербеп, жанарын байлаған ару қызға деген махаббат самалы желпиді: «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, Аласы аз қара көзі нұр жайнайды. Жіңішке қара қасы сызып қойған, Бір жаңа ұқсатамын туған айды. Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын, Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды, - деп жыр арнасы ашылып кеткен. Жүрегі лүп-лүп соғады... өмірдің «соқтықпалы, соқпақсыз» жолында жүрегін қытықтаған тәтті сезімді «үркітіп» алудан қорғанатындай. Ақ қағаздағы иненің жасуындай түйіршікті жайлап қана үрлеп түсіреді.

Абайдың «көңіл құсы шартарапқа құйқылжып, шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжып, жүрек тербейді»: «Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі, Сықылды қолмен тізген іш қайнайды. Сөйлесе сөзі әдепті әм мағыналы, Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды». Көз алдынан сұлу бойжеткен бұлаң қағып өте бергенінде өне-бойының ысынып, қызғылтым реңк араласқан жүзінің дуылдай жөнелгенін сезінеді:  «Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар, Үлбіреген тамағын күн шалмайды. Тақтайдай жаурыны бар, иығы тік, Екі алма кеудесінде қисаймайды». Қазақ жырауларымен қатар Шығыс шайырларының да ғашықтық ғазелдеріне бала жасынан қанық ақынның «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысына» деген талғам-талабы шыңдалып, өзі суреттеген арудың ажары көңіл арбайды: «Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес, Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды. Етіндей жас баланың білегі бар, Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы. Қолаң қара шашы бар жібек талды, Торғындай толқын ұрып, көз таңдайды...».

Дегенмен, ақынның айналасына, туған табиғатқа, ару қызға деген  тәтті әсер мен әсем сырға толы әуелгі тебіренісінің Дулат жырауды «ұйқы мен тыныштыққа» зар қылған алаң көңілге алмасатын шағы да алыс емес. Малмен көзін ашып, одан басқаны ойламайтын ағайынның күлді-көмеш күйбеңінен ашық күн де көмескі тартады: «Адамзат тірілікті дәулет білмек, Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек. Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп, Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек...». Жаратылысынан – жарық, адамдық талабына адал тұлға «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына кеткен» кертабан кезеңдегі халқының тым бейқам, тіпті өзара аңдысқан тірлігінен түңіледі: «Біздің қазақтың достығы мен дұшпандығы, мақтаны мен мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді-біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз... Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді-біріміз аңдып өтеміз бе?».

«Жырымен елді жетелеген» Дулат Бабатайұлының ойлы да нәрлі сөз орамын Хәкім одан әрі тарқатып, ендігі бар үміті – жастармен тілдеседі: «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық, Қартаймастай көрмелік, ойланалық. Жастықта көкірек зор, уайым жоқ, Дейміз бе еш нәрседен құр қалалық... Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе, Ең болмаса еңбекпен мал табалық...».  Ол, тіпті өз басының да өкінішін жасырмайды: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім. Ержеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім. Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы, Қолымды дөп сермесем өстер ме едім?..». Бар кінәні алдымен өзінен көріп, себебін алаңсыз албырт шағынан іздейді: «Есіңде ме жас күнің, Көкірегің толық басың бос, Қайғысыз, ойсыз мас күнің».  Жан сырын осылайша бүкпей, жайып салады: «Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ, Айлаға да, ашуға да жақтым шырақ. Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым, Етекбасты көп көрдім елден бірақ».   

  Ойшыл бұдан әрі «Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын?- деп, замандастарына терең ой салады. Алайда, төңірегін қымтаған қараңғылық бұлтының жанарын жасқай беретіні де рас: «Халқым надан болған соң, Қайда барып оңайын?!», өйткені «Үлгісіз жұртты үйретіп, қалдық кейін, Көп надандар өзіне тартар бейім». Хәкімді қайғы-мұң басуының себебіне үңіле келгенде «уайым – ер қорғаны, есі барлық»  екенімен үнсіз келісеміз. Шынында да, немере інісі Шәкәрім айтпақшы, ақынның «замандасы болмады сөзді ұғарлық». Өз тұстастарынан көңілі қалған ол оқу-білім туралы өсиетін «көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға аманат етеді: «Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба, Құмарланып шаттанба, Ойнап босқа күлуге... Ғалым болмай, немене, Балалықты қойсаңыз? Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз...».

   Мынау қас-қағым тірлікте «ғылым оқып ой таппайтын»  қандастары ақынды еріксіз қынжылтады: «Қарасам, қайғыртар жұрт бұл заманғы, Салқын қуыс – өмірі я қараңғы. Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ, Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды». Ол бес дұшпан – «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақтан» сақтандырып, «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» секілді бес асылды санаға тоқытады.  Талапты жастан қолында бар «асылын аямақ» емес: «Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан, Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан, - деп, Шәкірім Құдайбердіұлы ұстаз-ағасына өлең арнап, ерекше ардақ тұтады, - Тегін білсең – аласың, бос береді, Тұстасынан ешкім жоқ мұны тапқан...». Табанды еңбек пен тынымсыз талаптың «адам деген атқа»  лайықты өмір сүруге жеткізетінін Хәкім айтып үлгеріп қалғысы келетіндей: «Басында ми жоқ, Өзінде ой жоқ» алақ-жұлақ, күлкішіл, опасыз мінезді» сын найзасымен түйрейді.

Данышпан ақын «Еһе-еһеге» елірме, бозбалалар,  Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық», - деп өскелең жасқа ой салудан дәмелі: Ақылға, өмірге де адам кенде, Өлмес өмір, қайрат, күш – бәрі менде. Күнінде жүз қуанып, күліп жүрген / Осы адам уайымсыз неткен пенде?!.. Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар, Көңілінің көзі ашық сергек үшін». Жастарға осылай үміт арта отырып, жанына сәл де болса дауа тапқандай, ой-санасы сергиді. Олай болса, ақынның қырық жасында-ақ  «қарттық мінез» танытуына таңдануға болар ма? Бұдан былай шын сырлас әрі «сеніскен досы» – кітаппен төл әдебиетіміздің теңіздей шалқар айдынында «желкен керіп», іш-құсасын да өлеңмен бөліседі. Балағына сүрінген, «ойға олақ, көңілсіз құлақтан» суынып, көкірегі булыққан Абайдың ендігі сенімді серігі де өлең: «Өзгеге көңілім тоярсың, Өлеңді қайтіп қоярсың? Оны айтқанда толғанып, Іштегі дертті жоярсың...».

Қамал алатын шағында «Беріш боп шері байланған, Ұйқы беріп, қайғы алған / Қайғылыны уатқан» Дулаттай шайырымен бірге отырып толғанады: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, Ашуың – ашыған у, ойың – кермек...». Халқының жер жүзіндегі озық жұрттардың қатарына қосылуын тілегенде атақты жыраудың «Темірсіз теңдік алмайды...» - деп, өлеңге түйген өсиетінен  жабырқау көңілі сейілгендей болады. Көне замандардан бар темірді өндіріп, баптау тәжірибесі қайта оралса, қадір- қасиетін басқыншы биліктің зымиян саясаты «іріткен» халқын өркениет көшінің алдынан қарсы алу арманы. Ол темір кенін табу мен игерудің, ең әуелі, оқу мен тоқуға тәуелді екенін жақсы біледі. Осыны айта-айта «етекбасты» қандастарына деген ашу-ызадан еріксіз булығады: «Ғылым да жоқ, ми да жоқ, Даладағы аңдарсың, Жүрегіңмен тыңдамай, Құлағыңмен қармарсың...».

 

 

«Дүние де өзі, мал да өзі,

 Ғылымға көңіл берсеңіз»

 

Сырт адамнан сырын бүгіп, жалаң темір туралы ғана сияқты көрінген Дулат жырының ел еркіндігі үшін атойлаған сардар «мінезіне» сүйінеді. Сөз «сәйгүлігі» еліктірген шабыт «тұлпары»  өлең  бәйгесінде қара үзуден үмітті. Атақты жыраудың, әсіресе темірді қандай мақсатқа пайдаланудың ара-жігін ашып көрсеткен адамгершілік  ұстанымына разы: «Ұста соққан темірден / Әр түрлі аспап, сайман бар. Темірсіз теңдік алмайды, Керектісін сайлаңдар», - деген ол кетпен, балта, ара, қысқаш, балғаның «күн көрудің құралы» екеніне назар аудартады. Дулаттың, сондай-ақ, «түбі қарғысқа ұшырататын қылышпен хандардың ғана орындалар мұраты» деген тұжырымы Абайдың барша адам баласын бауыр санаған жүрегінің мейірім пернесін тап басады: «Қылыш алсаң қолыңа / Біреуге зорлық істеуге, Біреудікін тартып ап, Өзіңдікін күштеуге – Қайда барсаң, оңбайсың, Ұшырарсың қарғысқа».

Бір қарағанда кәсіп жайын ғана қаузайтындай көрінген толғаудың тереңге тартып, ойға тамыздық болғанына  Хәкімнің жаны жадырайды: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және сүй хақ жолы осы деп әділетті», бірақ «Біріңді, қазақ, бірің дос / Көрмесең, істің бәрі бос». Ал, қай халықтың болсын темір кенін игеріп, оны кең қолданбайынша қолындағы шаруасының қарымсыз болып, өзгеге күні түсері кәміл. Өзі көзін көріп, батасын алған Дулат ақынның өлең «бәйгесін» қыздырған жүйрігін «тізгіндеп», темір туралы өсиетінің қайнарынан оқу мен білімнің мөлдір бұлағының «көзін» ашады. Мұндай кезде Турағұл әкесінің «өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайтынын» байқайды. Сосын «естілер-естілместей ғып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп жазып кеп кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де, өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды».

Қағазға шүйілген Абай бәйгеге қосқан жүйрігінің мәреден жарқ етіп өтер сәтін күткен бапкердей тақымын қысады. Жыраудың «темірдің теңдік» әперетіні туралы өсиетінің шумақ-шумақ өрімін де енді өз тұсынан тарқатады: «Қара жер адамзатқа болған мекен, Қазына іші толған әр түрлі кен, - деп жаза бастап,  бұдан әрі темірдің қасиетін жұмбақ етіп жасырады. - Ішінде жүз мың түрлі асылы бар, Солардың ең артығы немене екен?». Осылай жұмыр жердегі «қазынаның ең артығы» – темірді игеру туралы ғана жазғандай бола отырып Хәкім де адам баласы үшін аса қымбат білім «сандығының» кілтін ұстатады.  Өлеңдері мен қара сөздерінде «халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» (М. Әуезов) екеніне ұйытады. Өйткені, «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды... жан құмары: білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен», яки теңдікке де жетудің амалы – ілім мен ғылым жолы.

Өз еркімен ой «тұтқынына» айналған Абай түн болғанын үйдегі бала-шағаның жасқана сыбырласқан күбір-күбір даусынан ғана барып аңдайды. Ақынның жатар алдында «біреуге ертегі айтқызып, не өзі айтып отыратын»  әдеті. Осыны білетін үйдің үлкені мен кішісі қазір де отағасының аузына қарайды. Кешелі-бүгін оқу мен білім әлемін емін-еркін шарлаған Хәкім әуелі «жан құмары» туралы  жұмбағын жасырды: «Сыналар, ей, жігіттер келді жерің, Сәулең болса, бермен кел талапты ерің. Жан құмары дүниеде немене екен? Соны білсең – әрнені білгендерің». Бәрі жапатармағай, жарыса ойланғандарымен, жауабын ұлы Мағауия бірінші болып табады. Сөйтіп, «жан құмары – білмекке құмарлық» туралы жұмбақ өлең ертеңінде-ақ елге жайылады. Ал, ендігі тыңдайтындары Дулат Бабатайұлының «Бір патша» атты ертегі жыры. Отырғандар оны жаттап алып, айтып беруді әкелерінің Мағауияға алдын ала тапсырғанынан хабардар.

«Қазақтың ертегісінен, - Абайдың айтуынша, - бұрын оның қай жерлерде жүргені, көршілесі, күндес елдері кім екенін, қарекеті не екені, елдің арманы, білімінің қандайлық кезінде шығарғаны көрінеді». Әкесінің осы сөзін есіне алған Турағұл «жас кезінде парсы жұртының «Имашіт», «Қаһарман» секілді кітаптарын көп оқыса керек», - деп іштей топшылайды.  Кейін Алашорда үкіметінің қызметіне белсене араласқан уақытында да Тобықты жұртын «Мың бір түнмен» алғаш таныстырған кісінің де өзінің әкесі екенін ол мақтан етіп айтып отырар еді. Сонымен бүгінгі тыңдайтындары – «Бір патша» ертегісі. Ағасы Мағауияның өлеңді мұқият жаттап алғаны көрініп-ақ тұр. Бастапқыда, жыр жолдарын судыратып ала жөнелген оны әкесі қабағымен «шаужайлап», бірқалыпты ырғаққа ауысты.

Кәкітай «шоң» өзара «қу көсе» деп әзілдесетін жас ақын өлеңді үйреншікті дағдысымен мәнерлеп жатқа айтады.

Ертегінің кей жерінде Мағауияның дауысы сыбырға көшіп, отырғандар құлақтарын «созып», ентелесе қалады. Соңында «Дәулет пен қазына басып жатса да, қанағат жоқ, тәубә жоқ, тойымсыз патшаның қырғи соққан торғайдай» жер құшқанына тыңдаушылар мәз-мәйрам болысады. Осылай адалдық пен «әділет, шапқат» сезімі ақын ұрпақтарының бойына бірте-бірте дариды. Бірақ, әкелерінің бұл өлеңді таныстыруының шын себебінен олар бейхабар. Мұның жауабын  «Отты ұстап тұрғаным, Отқа бәрі табынбақ, Оттың тілін білгенге / Жердің жүзі бағынбақ, - деп, ертегі кейіпкері  – сұлу қыздың өзі береді. - Оттың тілін үйренсең, Орындалар тілегің». Барша тіршіліктің, оның ішінде оттың да тілін білудің оқу мен білімге тәуелді екені анық. Дулат жыраудың туған елінің өзге жұртпен терезесі тең болуын көксеген арманынан Абайдың көңілі қанаттанып, темір мен от туралы ой құшағында қалғып кетеді.

Бірақ, «ұйқысы әдетінде шағын, жалпы жұрттан кеш жатып, ерте тұратын» ақын көбінесе өң мен түстің арасында болады. Кірпіктері айқасса да бүйіріне батқан бодандық пен қараңғылық «зынданында» зығырданы қайнайды. Ондайда бірде Семейдегі  білімпаз достарымен әңгімелесіп отырады... енді бірде қаладағы кітапханадан алған кітаптары мен газет-журналына қуанып отырады... келесі сәтте жаңағы «олжасын» жоғалтып алып, іздеп отырады... Қайта қалғып кеткенінде «Елге жеткізсем, өзім де, көзі ашық жастар да оқысақ» деген дүниесінің «қолды» болғанынан ұйқысы ашылып, ренжіп отырады: оқуға алса құба-құп, ал өзінің кітапқұмарлығын жақтырмайтындардың іштарлығы болса ше? Қандастарының «бірінің-біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғыны, рас сөзі аз болатұғыны, өздерінің жалқау болатұғыны» жабырқатады.  Қазағының «бет бергенде сондай жақсы шырайының қайдан ғана бұзылғанына» қапалы.

Өзін талайдан бері мазалаған сауалдың жауабын да Хәкім біледі: «Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді, - деп налиды. - Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды танидыдағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады... естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады...». Келесі күні де ақын кешегі ой шырмауынан оңайлықпен босанып шыға алмайды: «...уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу...  күллі ақыл мен ғылымды тоздыратын нәрселер».

Ұлы ойшылдың «білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі не керек?» - деп, жорғалай жөнелген қаламы сәл-пәл ауада «тыныстап», қайта «бауырын жазады»: «... әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек, білмей іздегенмен табылмас, - деп, түнде ұйқысын ұрлаған ой сүрлеуі  ап-айқын тартылып сала берді. - Әуелі білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек... ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек...».  Осыны жаза отырып Хәкім терең ойлы, от тілді Дулаттың ел басындағы зобалаңды көре тұра үнсіз қала алмасын әбден түсінеді. Ежелден-ақ, «айтпаса, сөздің атасы өледі» деп, турашылдықты ұстанған ақын-жыраулардың  озбыр әрі айлакер отаршыл биліктен жасқанбай, қарсы шапқан найзағай намысы қашанда ел жадына. Олардың отаншылдығы мен  шыншылдығына Абай да әрқашан  сүйінумен келеді.

Ақынның Әйгерімнен туған ұлын Турағұл деп атауы да содан.  Ұрпағының оқу-білімге сүйеніп, турашыл болғанын қалайды: «... ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. Бахасқа бола үйренбе... әрбір хақиқатқа тырысып, иждиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрылма!..». Алайда, «ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады» екен. Қазағының сол бір «табиғи мінезін» құлдықтың құрты ірітіп-шірітіп бара жатқанына шерленеді. Арызқойлық пен жағымпаздықтың салдарынан жік-жікке бөлінген «алты ауыз» (М.Ж. Көпеев) ағайынның жуырда басы қосылып, жауға шабар қауқары байқалмайды. Оның үстіне,  отты қарумен жасанған басқыншыға қарсы қылыш-найзамен көтерілген  күнде халқының қайраты жетпей, намысы майырылып, босқа құрбан боларын ойласа, еріксіз түнереді. Ақын «бодандық» бұғауында тыпырлаған ел-жұртының азаттыққа жетуі үшін оқу мен білімнен басқа жолдың қалмағанын мойындауға мәжбүр. «Қайран елін» сардар сөзімен оятып, қарекетке көшіруге белін бекем буған қайраткер ақын өскелең ұрпаққа ілім-ғылымды аманат етеді.

 

Болат Жүнісбеков,

жазушы, халықаралық «Алаш»

әдеби сыйлығының лауреаты