ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

Төкен Ибрагимов: АБАЙ – НАҒЫЗ МҰҢДЫ ЖАЛҒЫЗДЫҢ ӨЗІ...

Абайтану

Оқылған 37191 рет

Төкен ИБРАГИМОВ, әдебиетші ғалым, абайтанушы:

– Біз әдетте Абаймен мақтанамыз, «кемеңгер ақынымыз», «ұлы ойшы­лымыз» дейміз. Бірақ мақтану бір бө­лек те, бағасына жету бір бөлек. Осы тұрғыдан алғанда, Абайды қан­ша­лықты тани алдық?

– Шынымен де, екінің бірінің айтатыны – Абай. Кейде тіпті «Алла» дегеннен де «Абай» деген күштірек сияқты сезіледі. Ой­лап қарасаң, Абай әлемі ерекше терең, көп қыртысты, қатпары мол, ойының өзегі өз­геше, қат-қат. Біз бірақ кейде соны се­зінбей, сөздің сыралғысы ретінде айтамыз, Абайды әңгімеге қоссақ, сөзіміз дәмді бо­­латын сияқты көрінеді. «Абайтану» де­­ген­де де, жұрт Абайды зерттеліп бол­ғандай, ол туралы бәрі айтылып біткендей көреді. Алайда әр кезеңде де абай­та­ну­шының, оған ден қоюшының алдында тың сұрақ­тар тұрады. Сондықтан да «Абайды то­лық­тай танып болдық» деу – артықтау. Өйт­кені абайтану әр кезең сайын жаңа қыр­лар­ды алдыға тартады, демек, бұл – қазір жа­ңадан басталып жатқан күрделі про­цесс. Абайды, Абай әлемін тану, оның әр сө­зін, ой аста­рын­да жатқан әрбір ұғым­дар­­­ды, құ­бы­лыстарды тану көптеген жаңа дү­ниелерді алдыға тартып отырған жайы бар. Абайды өзінің айналасынсыз, орта­сын­сыз, өзінің алды мен өзінен кейінгі­лер­сіз қарастыру дұрыс болмаған болар еді. Мысалы, Абай шәкірттерін, Абай ортасын игермей, зерттемей, Абайды то­лық­тай тану мүмкін емес. Мысалы, Шә­кәрім әле­мін­дегі Абай­ды танымай, Абай­ды тану толық бола ал­майды деп ойлай­мын. Сол сияқты, Көк­бай­дағы Абай, Ақыл­байдағы, Ма­ғауия­дағы, Уайстағы Абай, Абайдың со­ларға ықпалы, сол әсер­ден туған жаңа ұғым, та­ным деген нәрсе тың тұрғыда, жан-жақты ойлануды талап етеді. Де­ген­мен біз бұған әлі де терең бойлай алған жоқ­пыз.

– Сіздіңше, абайтанудың күрделі бо­лу себебі неден?

– Бұл мәселенің күрделі болу себебі Абай­дың өз әлемінің күрделілігімен бай­ла­­нысты. Өйткені әлемдік озық ойлар Абай ойынан, өлеңінен көрініс тапқан. Абай әлемі – батыстық, шығыстық озық әде­­биет­­тің, өнердің, ойшылдықтың қат-қат сыр­­ларымен суарылған әлем, сонымен қа­­лыптасқан, көмкерілген дүние. Оны та­нып-білу, әрине, оңайға соқпайды.

– Ал Абайдың ақын, адам, тұлға ре­тінде қалыптасуының түп тамырын қайдан, неден іздеген жөн?

– Ең бірінші, кез келген тұлға өзінің та­биғи жаратылысымен, болмысымен ерек­ше. Сонымен бірге оның бүкіл білімімен, жи­ған нәрімен, дүниетанымымен астаса оты­рып туған дүниесі, әрине, оңай бол­майды. Өзіңіз білесіз, Абай ақын да, жа­зу­шы да, ағартушы да, қайраткер де болды. Бірақ оның бірде-бір қызметі шы­ғар­ма­шы­лығына кедергі болған жоқ, қайта да­мыт­ты, танымын ұлғайтты. Қайшылық – Абайда емес, қоғамда болды. Абайдың ең ұлы дүниесі – адамды тануға ұмтылуы, адам­ның санасындағы, ұғымындағы қай­шы­лықтармен күресуі болды. Мысалы, «Мың­мен жалғыз алыстым, кінә қойма» дейді. Осындағы «мың» дегенді жұрттар: «Ораз­бай сияқты бай-шонжарлар, зор­лық­­шылдар мен өктем күштер» деп ой­лай­­ды. Алайда олар – тек бір жағы ғана. Шын­­­дығында, бұл – адам табиғатына тән мың мін, толып жатқан кемшілік. Былайша айт­қанда, адамның болашағына зиянын ти­гізетін, дүниетанымын тұсайтын түрлі олқылықтар мен жетімсіздіктер.

– Абайдың өзі сол адами кем­ші­лік­тер мен міндерден ада әрі биік бола алды ма?

– Біздің Абайды «құдай» деп қарауға қа­қымыз жоқ. Олай болатын болса, Абай­да да пенделік бар. Бірақ пенделікті тек қана кемшілік деп кім айтты? Олай болуы мүмкін емес қой.

– Абайдың өмірі қаншалықты мұңсыз болды деп ойлайсыз?

– Абайдың тұла бойы – тұнып тұрған мұң. Әсілі, адамзаттың ойын дұрыстыққа, ізгі­лікке, жаңа бағытқа бастаймын деп, мың мінмен, кемшіліктермен алысып жүр­ген адам қалай мұңсыз болады? Өлеңдерін қарап отырсаң да, Абайдың ерекше бір риза болған, «болып-толдым» деген сәт­тері өте сирек, тіпті жоқ. Титтей кемшіліктің өзін көріп, біліп, танып, аяусыз сынға ала­ды. Ұстараның жүзімен, қандауыр тілмен, қара қанын ағызып тұрып, адамның са­на­сын содан тазартып отырғысы келеді. Бұл жағынан алғанда, Абай – нағыз мұңды жал­­ғыздың өзі.

– Ал, жеке өмірі тұрғысынан алған­да ше?

– Отбасылық мәселеге келгенде, Абай кез келген ата арман ететіндей жақсы ұл­дар­­дың әкесі болды. Мейлі Ақылбай, мей­лі Әбдірахман, мейлі Мағауия болсын, қай-қайсысы да бір-бір тұлға болатын. Тек солардың дүниеден жастай өтуі, өмірінің қысқа болуы Абайдың қабырғасын ерек­ше қайыстырып кетті. Ақынның жарлары да – аяулы аналар. Бірақ олар да кем­ші­лік­тен ада емес. Мысалы, Абайдың: «Жақ­сы ай­ғыр­да бие жоқ ат туарлық» деген сөзі бар. Мұны «жылқы» ұғымында ғана түсінбеу ке­рек, ұрпақ мәселесі ретінде қа­раған аб­зал.

– Өзіңіз айтқандай, Абай ұлда­ры­ның әрқайсысы өзінше бір тұлға бол­ды. Бірақ қандай жағдайда да, «әке – ба­­лаға сыншы» ғой. Мысалы, бала­ла­ры Абайдың көңілінен шыға алды ма?

– Әрине, балаларының бәріне де Абай­дың көңілі толды. Бірақ ақынның пер­­зент­терінен күткен арманы түгелдей орындала бер­ген жоқ. Кейбір міндерін ашық айтты да. Мысалы, «Ата-анаға көз қуаныш» атты өле­ңінде аса талантты ақпа ақын, әнші, күйші Ақылбайдың өзіне мін тағады. Алай­да мұнда тек Ақылбайды ғана сынап отыр­ған жоқ, атаның балаға артар жүгі, үміті турасында сөз қозғап, бү­кіл ұл атаулыға салмақ салып отыр.

– Ал Абайдың дінге көзқарасы, діни ұстанымы туралы не ойлайсыз? Бұл ба­ғыттағы ұстанымы ақынның шы­­ғар­машылығынан қаншалықты көрініс тапты?

– Абай – үлкен дінтанытушы. Бірақ «дін таныту» дегенді біз көп ретте ұға бер­мейміз. Мысалы, дін дегеніміз – сенім. «Ал­­ла» дейміз, «құдай» дейміз. Абай сө­зінде мұның бәрі бар. Дүниеге көзқарас, уа­қыт, мұсылмандық шарттары, сонымен бай­ланысты ақынның өзіндік ойы айты­ла­ды. Тіпті бір өлеңінде «Алла деген сөз же­ңіл, Аллаға ауыз жол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі Хаққа қол емес» дейді. Қалай дәл айтылған! Расымен де, кейде жай ғана «Алла» деп айта саламыз, еш­қан­дай сезіміміз, жүрегіміз қосылмайды. «Ауызша» деген сол ғой. Ал шын пейі­лің­мен, жан-жүрегіңмен сезініп, ұғынып ба­рып айтсаң, сенсең, сонда ғана жаңағы «Алла» дегенің Хақ болады, яғни бұл жү­рек­тен шығуы тиіс. Абайдың Алла, Тәңір ту­ралы ерекше сөз қозғайтын тұсы – Әб­дірахманның ауруымен байланысты. Бірақ бұл баласы үшін күйінген әкенің сөзі ғана емес, мұнда терең көзқарас бар. Тағы бір өле­ңін алып қарайық:

_Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй

«бауырым» деп,

Және Хақ жолы осы деп әділетті,_ – дейді. Қарап тұрсаңыз, осында үлкен қай­шы­лық жатыр. Өйткені дінге салсаң, адам­зат­тың бәрін жақсы көру шарт емес. Тіпті дін жолымен кәпір атаулыға майдан ашып, өлтіруге, қырып-жоюға болады. Ал Абай болса, «адамзаттың бәрін «бауырым!» деп сүй» дейді. Неткен үлкен жүрек! Менің бі­луім­ше, мұндай ойды тіпті Сократ та, Пла­тон да, Аристотель де айтпаған, бұл – Абай­дың ғана аузынан шыққан сөз. Және мұны түсіну – өте күрделі дүние. Мысалы, «адамзаттың бәрін сүй» дей салса да бо­лады ғой. Абай «бауырым деп сүй» дейді. Осы «бауырым» деген нәрсе – әлемдік ой­ға Абай әкелген үлкен жаңалық. Енді 37-ші қара сөзге барыңыз: «Әкесінің баласы – адам­ның дұшпаны, Адамның баласы – бауырың». Бұл – адам танудағы өте тың нәрсе. Шынымен де, әкеңіздің ғана бала­сы болсаңыз, бүкіл дүниені, бүкіл жақсы­лықты әкеңізге тартар едіңіз. Сондықтан да әкенің ғана емес, адамның баласы болу деген – өте абыройлы, жауап­ты парыз.

– Демек, бұдан «Абай кез келген нәр­­сеге философиялық тұрғыдан қа­ра­ды» деген ой туады ғой...

– Бір анығы, Абай кез келген нәрсеге үл­кен мән берген. Бұл – Сократ пен Пла­тон­­нан болмаса Аристотельден Абай озып кетті деген сөз емес, Абайдың әлемдік ой­ға ой қосып, ұлылармен терезесі тең тұр­ғандығының айқын дәлелі.

– Сонда әдебиетші ғалымдарымыз Абай ойының осындай қырларына, ерекшелігіне онша бойламай жүр деп ойлайсыз ба?

– Сөз жоқ, Абайды тану жаңа басталды. Бұған дейін көбінесе ақын өлеңдерін тек мазмұндық, көркемдік жағынан, кезеңдік та­лаптарға орай түсіндіріп келдік. Одан те­ре­ңірек талдауға, салмақтауға ғалым­да­ры­мыздың енжарлығы, керек болатын болса, өресі жетпей жүр. Мына бір өлеңін қараңыз: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Мы­салы, ыстық қайрат арқылы Мұзды мұ­­хит­­тың мұзын ерітуіміз керек, ол үшін қару керек, ол қару – ақыл. Онда да ол нұрлы ақыл болуы қажет. Өйткені кейде жауыз да дана болып келеді. Енді осының бәрі – қайрат та, ақыл да кімге қызмет етуі керек? Адам­ға. Ал күллі игілікті адамның пай­да­сы­на, онда да сүйіспеншілікпен, ма­хаб­­бат­пен жұмсау үшін, пайдалану үшін жылы жү­рек қажет. Бұл деген ғажап емес пе!

– Мұншама ойшыл, мұншама дана Абайдың шығармашылықтан сырт, би­лікке араласуына не түрткі болды?

– Абайдың билікке араласуына себеп­кер болған,ең алдымен, әкесі Құнанбай. Бі­рақ ойлы, саналы адамдар қоғамның, адам­ның кемшілігін түзету, елді жарқын жолға бастап, жоқ-жітіктер мен әлсіздерге теңдік алып беру үшін, сөз жоқ, билікке ара­­ласады. Мысалы, сайлауға Шоқан да түс­кен, бірақ өтпей қалған. Ал Абай үш рет бо­лыс болған.

– Абайдың «Қазақты түзеймін де­ген адамға зор билік немесе мол дәу­лет керек» деген мағынада айтқан сөзі бар. Бұл жағынан алғанда, Абайда би­лік те, байлық та жеткілікті болды. Со­лай бола тұра, халқын жөнге сала алған жоқ. Керісінше, таяқ жеді. Мұны қалай түсінуге болады?

– Абайдың: _«Заманға жаман

күйлемек,

Замана оны илемек,

Заманды қай жан билемек?»_ – деген өлеңі бар ғой. Шынымен де, замана еш­кім­нің ырқына көнбейді, тоқтатуға кел­мей­ді, өз ағынымен зулап кете барады. Ал адамның өмір сүргісі келеді. Бірдеңе алып қалу үшін еркіне көнуге, жағынуға тура ке­леді. Былайша айтқанда, күйлейміз. Ал за­манада аяу жоқ. Пендені қалауынша илейді. Оған Абайдың көзі жетті де. Бірақ одан Абай ұтты. Заманның осылай екенін, би­л­іктің опасыздығын, екіұштылығын өлең­дерінде жетер жеріне жеткізе жазды.

Өкінішке қарай, осының бәрін талдап, таразылап жүрген зерттеуші жоқтың қасы. Мысалы, Абай ойларының шәкірттері та­ра­пынан жалғасуы қалай? Бұл ретте, Көк­бай:

_Заманды түзетпейді ешкім билеп,

Әркімнің екі қолы ішіне имек.

Ғаламға ақыл патша болған күні,

Теп-тегіс адамзатқа есе тимек,_ – дейді. Яғни Көкбай «заманды да түзетуге болады. Ол үшін ақыл үстемдік етуі тиіс. Сол кезде адам­ның құшағы ашылады, ішке тарт­қыш­тық икем жазылады, әділдік орнайды» деген ой айтады. Бұдан Абай ойының шә­кірт танымы арқылы басқаша ұғым ие­ле­нуін көруге болады.

– Әңгімеңіздің басында «Абайдың ор­­тасын, айналасын жете зерт­те­ме­йін­­­ше, Абайды толық танып-білдік деу­­­ге болмайды» деген едіңіз. Осы орайда, Абай ойының, Абай рухының шәкірт­тері шығармашылығынан кө­рі­ніс бе­руін де ескеруіміз керек бол­ғаны ғой?

– Әлбетте. Бірақ біздің абай­тану­шы­ла­рымыз қазір бәрін тындырып тастағандай кейіпте. Шындығын айтқанда, біз қазір Әуезов жеткізген абайтанудың өзін әлі ұғып, игеріп болған жоқпыз. Сөйте оты­рып, қалай дамытамыз? Ал Әуезовтің Абай­ды уа­қыттың ығына қарай түсіндіруге, зерт­­теу­ге мәжбүр болғандығын ескерсек, бізге көп нәрсені қайта зерделеуге тура ке­леді. Мысалы, Әуезов бір еңбектерінде: «Абай жақ­сы байлар, момын байлар дей­ді. Он­дай байлар болушы ма еді? Олардың бәрі де Абайдың өзі арпалысып жүрген бо­лыс, билер, зорлықшылдар емес пе еді?» – дей­ді. Бұл жерде, әрине, Мұхаң Абайды сынап, кемшілігін ашып отырған жоқ, тап­тық құрылысқа әкелу үшін, еріксіз жазып отыр. Шын негізінде, Абайды ұққан бір адам болса, ол Мұхтар Әуезов болуы ке­рек. Ал Әуезовтің өзі бол­са, «мен ештеңе де біле қойған жоқпын, Абай, Абай, Абай ғана бәрін біледі» деп кеткен...

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен: Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.