ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

Дина Мұхамедхан: ӘКЕ ЖОЛЫ

Абайтану

Оқылған 33451 рет

Дина Мұхамедхан

Phd докторы, Қайым Мұхамедханұлы атындағы Білім және мәдениет орталығының директоры

– Жақында Абайдың шөбересі дү­ниеден өтті. Қайым ағаға ол кісілер туыс­тай болып кеткен шығар. Қаза қа­йыр­лы болсын!

– Екі апта бұрын Ишағы Жағы­пар­қы­зы дүние­ден озды. Әкем Абай ұрпақтарымен өте жақын араласушы еді. Абай мен Шә­кә­рім ұрпақтары оған үлкен сенім­мен қарай­тын. Дүниеден бір адам кет­ке­ніне әлі сене ал­май отыр­сақ та, енді тек еске алу ғана қо­лы­мыздан ке­ле­тінін іштей мойындап, әкем мен Ишан апай­дың жазыс­қан хаттарын ақтарып шық­тым. Ақын ұрпақтарының шежіресін кестемен сызған хаты да бар екен. 

Абайдың 165 жылдығы аталып жат­­қан күн­дердің бірінде Қайым Мұхамедханұ­лы­ның Семейде ескерткіші ашылды. Ишан апай мен Ғазел апай сол кезде қарттықтың үлкен бір белінде тұрса да, сол салтанатқа ке­ліп, әкеме арналған шаралардың бә­рін­е қатысты. Мен бұны ақын ұрпақтарының әкеме деген құрметі деп түсіндім. Ишан апай­дың суреттері мен хаттары тарихтың бір парағына айналғанын қазір терең тү­сі­не бастағандаймын.

Қаралы хабардың өзінде бір ғибрат бар ғой. Дүниеден өткен адам туралы жақ­сы естеліктер, уақыт пен болашақ ал­дын­да­ғы жауапкершілігіміз жадымызда қайта жаң­ғырады. 

Әкем Абайды, Шәкәрімді, Әуезовті қа­сиет­ті санады. Жетпісінші жылдары бір сал­танатты жиында көпшілікке Мұғамила Әуе­зованы таныстырды. Ол кезде ешкім жазу­шының ондай қызы бар екенін білген жоқ.

– Адам өмірі көбінесе әйел адам­ға бай­ланысты деп жатады. Әкеңізден бұрын анаңыз туралы айтыңызшы?.. 

– Бұл өмірде әйел адамның ақылы, мә­­дениеті, парасаты көп нәрсенің шешіміне қатты әсер етеді. Анам Фархинұр­дың әке­­сі Ахметжан Семейде екі мұнаралы ме­­шіт салдырып, соның имамы бол­ған. Үлкен нағашыларымыздың бәрі шариғат жолын ұстанған екен. Мұха­ме­д­хан Сейіт­құловтың үйіне жастай ке­лін болып түскен. Сол үйде жиырмасыншы ғасырдың басын­дағы қазақ зия­лылары жиі бас қосатын. Абай шә­кірттері, «Алашорда» партиясының мү­шелері Мұха­ме­д­хан атамыздың үйін бас қосатын орталыққа айналдырып алған еді. 1948 жылы Всеволод Иванов ресми ісса­пармен Семейге келгенде де біздің әулет­тің үйіне түсіпті. Әуезов те Семейге кел­ген сайын осы үйге тоқ­тай­ды екен. Анам Мұ­хаң­ның жейдесін жуып, киімдерін дайындап қояды екен. 1939 жылы Естай анамды көріп, ән арнаған екен. 

Атам Мұхамедхан 1937 жылы «халық жа­уы» аталып, атылып кеткен. Үйіндегі бай кі­тапханасында әлем классикалары, сирек қолжазбалар мен сол кездегі «Тәр­жі­ман», «Айқап», «Шора», «Абай», «Уа­қыт», «Да­ла уалаяты», «Қазақ», «Патша география­лық қоғамының жазбалары» сияқты мерзімді басылымдар, Абай мен Шәкәрім­нің тұңғыш жинақтары, дін, философия кі­тап­тары болған екен. «Абай» журналы «Сарыарқа» газетінің шығуына демеушілік те жасапты.

Әуезовтің «Қарагөз», «Еңлік–Кебек» пье­саларының алғашқы дайын­дықтары да атамыздың үйінде өткен. Сол кездері Әуе­зов Семейдегі мұғалім­дер училищесін­де оқи­ды екен. Әкем бес-алты жаста бол­са ке­рек. Өзінің өмірлік ұстазын ал­ғаш рет сол кездері көрген екен.

Осындай отбасына анам келін боп түс­кен. Әжем Мақыпжамалдан анам Сейітқұловтар отбасының дәстүрін үй­ренеді. Дастарханды үнемі кең жасайтын. Өйткені, жастайынан күтетін қонағы үзілмейтін. Әкем­нен ақыл-кеңес сұрауға тек қана оқыған азаматтар емес, қара­па­йым адамдар да жиі ке­летін. Солар­дың бәріне құрмет көрсетіп, күтіп отыратын. 

– Әкеңіз «Карлагта» болған кезін­де де өлең жазумен, аудармамен айналыс­қан екен?

– Бәріңізге белгілі, әкем 1951 жыл­дың 1 желтоқсанында сталиндік режиммен жиыр­ма бес жыл бас бостанды­ғынан айырылды. Басты айып – Абайдың ақын­дық мек­тебін зерттегені. Ғалым­ның сот­талға­ны, сол кездегі өмірі бөлек зерт­теуді қажет етеді деп ойлаймын. Түр­меде әкем бірқатар өлеңдер жаз­ған. Н.Карамзинның «Сормаң­дай Лизасын» аударды. Лермонтовтың «Вади­мін» Абай, Пушкиннің «Дубровс­кийін» Шәкәрім аударғаны секілді қазақ әде­бие­тіне қос­қан сүбелі үлесі еді. Анам әке­ме үне­мі рухани демеушілік көрсетіп отыра­тын. Декабристердің әйелдері сияқты әкем­нің қиын ғұмырына ортақ­тасты. Әкем түрмеге айдалып кеткенде, анам жеті баласымен үйде қалады. Тіпті үйді де «халық жауы­ның отбасы» деп тартып алады. Тар, бір бөлмелі үйде әкем ақталғанша тұр­дық. 

– «Карлагта» жатқанында Хрущев пен Фадеевтің атына хат жаз­ған екен...

– «Карлагта» болғанында, «Карлаг» де­ген көп лагерлердің ортақ атауы. Біз сақ­тал­ған хаттар арқылы әкеміздің қайда бол­ғанын айта аламыз. «Дария», «Құлайғыр», «Шерубай», «Қарабас», «Долинка», «Просторное», «Теміртау». Тұтқын­дарды әр жерге ауыстырып отырған. Бұл ең ауыр, азапты жылдары еді. Ол көп жерге хат жазған. Бірақ оның хаттарына ешқандай жауап болмаған. Жалғыз ғана сол кездегі бір тұтқынның әйелі арқылы ғана Мәскеуге беріп жі­бер­ген жалғыз хатты Фадеев пен Хру­­щев­тің атына жазылған, Фадеевтың қолына тиеді. Сол арқылы ақталып шы­ғады. Оның өзінде ақталды деген үкім шық­қаннан кейін, бір жылдан соң толық босап шықты. Ол хатты сол жер­дегі бір тұтқынның әйелі теріп берген екен. Хатын теріп беру үшін сол әйелге жазған сәлем хатында: «Құрмет­тім! 1,5-3 интервалымен мына хатты теріп беруіңізді өтінемін. Менің арызымда есімдері ұқсас екі тарихи тұл­ғаның аты кездеседі. Ол ақын Абай жә­не хан Абылай. Қате кетпеуіне назар ау­дар­саңыз. Бұл арыз – менің тағдырым. Сіз мұны, әр­ине, терең түсінесіз. Менің тілегімді орын­дау арқылы сіз маған үлкен жақ­сы­лық іс­тейсіз. Сормаңдайыңыздың бұл өтіні­шін орындаусыз қалдырмайсыз деп үміт қыламын» деп жазылған екен.

– Өзіңіз немен айналысасыз?

– Мен Ленинградтағы Педагогика ғы­лым­­дары академиясының үлкендерге білім беру институтында оқып, Бостон уни­вер­­ситеті мен Монтана штатының университетінде Phd докторлығын қор­ға­дым. Копенгаген бизнес мектебінің тәжірибесін қарап, менеджменттік са­ла­ның тиімді жақтарын зерттедім. «Мә­де­ниет және әлеуметтік жауапкершілік», «Мақ­сатты менеджмент», «Бизнес этика», «Педагогика», «Психология» сияқты курстардан АҚШ-та, Семей мен Алма­ты­дағы жо­­ғары оқу орындарында са­бақ бердім. Соң­ғы жылдары әкемнің атын­дағы қорды құрып, оның мұраларын зерттеуге, жүйе­леуге өз үлесімді қосу мақсатында жұмыс іс­теп жатырмын. Жыл сайын қуғын-сүргін­дерді еске алу шараларын, олардың мерейтойлары кезінде жиындар өткізіп жүрміз.

– Қайымның мұрасы қаншалықты зерт­теліп жатыр?

– Қайым Мұхамедхановтың поэти­ка­лық мұрасы тақырыбында кандидат­тық дис­сертация мен «Ғалым мұрасы» (Ақмарал Смағұлова) атты монография жарық көрді. З.Сабированың «Қайым Мұхамедхановтың психологиялық порт­реті» атты ғылыми зерт­­­теуі бар. Жыл сайын студенттер мен ма­гистранттар бі­­тіру жұмыстарына тақы­рып етіп алып жатады. Семей Педагоги­калық институтында «Қайымтану» курсы оқы­­ты­лады. 

Рахманқұл Бердібаев: «Қайым көп қырлы тұлға. Оның әр қыры жіті зерт­телуі керек. Абайды жетік білген абай­танушы. Ол ешқандай идеоло­гияның қыспағына түспей, ғылыми шындығынан айырылған жоқ. Алаш­ордалықтар мен Шәкәрім мұрасын жарыққа шығаруда Қайым сияқты еңбек сіңірген адам аз. Бүкіл алаштықтар қырғынға ұшырағанда Әуезов пен Қайым қалды. Қайым арқы­лы біз Бұқар жырау, Шортанбай, Дулат сияқты ақындармен та­ныстық. Ұлттың рухы Қайым секілді азамат­тар­дың бойында сақталады. Оның мұрасы біздің халқымыздың тарихы мен мәде­ниетінің қасиетті бөлшегі» деген болатын. Әкем туралы кітаптар, деректі фильмдер, ма­қа­лалар аз емес. Бірақ әлі де зерттеуді қажет етеді. Жастар тарапынан ізденіс пен қызығушылықтың бары қуантады.

– Әкеңіздің абайтануға қосқан үлесі, ең­бегі туралы айтсаңыз?

– Әуезов әкемді «Талантты інім Қа­й­ым» дей­ді екен. Бала күнінен білетін шәкіртіне 1938 жылы жиырма екі жастағы Қайымға Әуе­зов үлкен үш тап­сыр­ма береді. Бірінші, «Абайдың ақын­дық мектебін» зерттеу, екінші, Абай му­зейін ашу, үшінші, Абай мұра­сына тү­пнұс­қа негізінде текстоло­гия­лық анализ жасау. 

1930 жылдары Абайдың ақын шә­кірт­терінің мұрасына қауіп төнді. Кө­біне халық аузында жүрген өлеңдері мен дастандарын тезірек қағазға түсіру ке­рек болды. Олар­дың өмірбаяны туралы да әлі ештеңе жазыла қоймаған уа­қыт еді. Әкем сол тапсырманың бәрін орындады. Әкемнің «Абайдың шәкірт­тері» ат­ты еңбегі туралы Мұхтар Әуезов: «Абай­дың айналасындағы ақындар­дың ұмыт болып бара жатқан шығар­ма­ларын жинау мен зерттеуде, олар­дың өмірбая­нын жазуда Қайым үлкен еңбек сіңірді. Болашақ абайтану­шыларға пайдалы ғылыми тұжырым­дар мен нақты деректер осы еңбекте молынан кездеседі» деп жазды. Академик Сильченко: «Мұ­ха­медхановқа дейін Абайдың шәкірттері туралы зерттеу еңбегін жазу мүмкін емес еді. Өйткені, олардың шығармалары да, өмірбаяндары да белгісіз еді. Қайым солардың бәрін зерттеп, жүйеге түсірді», - деді. Бұл шын мәніндегі үлкен еңбек бо­ла­тын. 

Қырқыншы жылдардың өзінде Қа­йым Мұхамедханов зерттеген ақын шәкірттері ғылыми айналымға енді. Ақыл­байдың «Да­ғыстан», «Зұлұс», «Қисса Жүсіп», Ма­ғауия­ның «Медғат–Қасым», «Еңлік–Кебек», Көк­бай­дың «Сабалақ», «Ке­несары–Наурызбай», Әсеттің «Сәлиха –Сәлмені» мен «Евгений Онегин» аудармасы, Әріптің «Біржан–Са­ра», Тұрағұл мен Әубәкірдің өлеңдері мен аудармаларын жарыққа шығарды. «Абай­дың ақындық мектебі» деген түсінікті Әуе­зов­­тің ақылымен ғылымға енгізді. 

Абайдың ақын шәкірттеріне орыс және әлем әдебиетінің ықпалы қандай болды де­генді де әкем назардан тыс қалдырмады. Ақылбай мен Мағауияның «Дағыстан» жә­не «Медғат–Қасым» поэмаларына Пушкин мен Лермонтовтың Кавказ поэмалары әсер еткенін, Ақыл­байдың «Зұлұс» поэма­сы­ның ар жа­ғын­да Хаггардтың «Сүлеймен патшаның қазынасы» жатқанын жазды. Және Абайдың өзінің қалай әсер еткенін де, оның сыны мен талабының жоғары болғандығын нақты дәйектер арқылы кел­тірді. Ол қазір барлық әдебиетшіге мәлім. Ғылымдағы осы бағыты үшін 1951 жылы жиыр­ма бес жылға бас бос­тан­дығынан айырылды. Псевдоғалым­дар: «Абайдың ақындық мектебі жоқ. Тек марксизм мен ленинизм мектебі ғана бар. Абайдың шәкірттері буржуаз ұлтшылдар, панисламистер, байлар» деп ұрандатты. 

Әкемді түрмеде ыстық, суық камерамен азаптап, тырнағының астына ине­ тығыпты. Абайдың ақындық мектебі бар деген ұстанымынан бас тартуын талап еткен. Әкем Абайды да, ұстазы Әуезовті де сатқан жоқ. «Карлагта» өт­кіз­­ген бес жыл өмірін көп еске алмайтын. Ұмытуға тырысатын. «Алаш­­тықтар атылып жатқанда, менің өмі­рім не дейсің» деп ойладым деп отыратын. Бір адамдық камерада отырғанын Әуезов­ке айтқан­да, Мұхаң: «Біз Ташкентте түр­ме­де отырғанда Ахметтермен бір сағаттай жо­лы­ғып, әңгімелесетін едік. Сенің өзің жалғыз отырғаның қиын бо­лыпты» деп жа­ны ауырса, әкем: «Мұха-ау, менікі лю­кс қой» деп әзілге сүйейді екен. Бұ­нысы өмірге деген құштар­лықтан, бо­ла­шаққа деген сенімнен болса керек. Өткенмен өмір сүруге болмайтынын сөзімен де, ісімен де бізге дәлелдеп кетті ғой...

1940 жылдары Әуезов әкемді Абай­дың жүз жылдық мерейтойын ұйым­дас­ты­ратын Комитеттің ғылыми хатшысы етіп тағайын­дайды. «Абай жолын» жаз­ғанда нақты де­рек­терді, архив құжат­та­рын әкеммен хат жа­зысу ар­қылы біліп отырған екен. 

Абай музейінің директоры болған ке­зінде Абай атының кірлемеуімен көп күрес­­кен. Қазір Абай ұлттың әкесіне, данышпан, данаға айналған. Ал ол кезде Абайды қа­ралауға, жоққа шығаруға құмар топ­тар­дың болғанын несіне жасырамыз. Абайды әрқашан қорғауға тура келді. Абайдың әр кездері жазыл­ған кей хаттары сақталған. Солардың бәрін жинап, Абай мазарын жаңар­ту жөнінде, ескерткішін ашып, көше­ге атын беру тура­лы алғашқы бастамаларды әкем қоз­ғап, билік басындағыларға хат жаз­ған. Солардың бәрі бүгін орындалды. Бұл – абайтанудан бөлек қоғам­дық жұ­мыс­тар еді. 

Абай өлеңдерінің мәтіндері алғашқы ба­­сылымында да, одан кейінгі жиырмасын­шы жылғы жинағында да өзгеріске ұшы­ра­­ған болатын. Соларды түпнұсқа­мен са­лыс­­тырып, қалпына келтірді. Абай лек­­­си­­­конындағы араб, парсы, көне түркі сөздерін ол кісі жақ­сы білген. Ақынның отыз өлеңін тауып, екі томдығы­на ғылыми түсініктеме жазға­ны­ның өзі сүбелі үлес деп есептеймін. Әкем бол­­ғандықтан айтып тұрған жоқпын деп өті­рік айтпай-ақ қояйын. Әкем болғандық­тан да, абайтанушы болған­дық­тан да айтып отырмын. 

– Хәкімнің алғашқы кітабы Ілияс Бороганский деген башқұрт зиялысының баспасынан шыққан екен. «Абай­тануға Абайдың алғашқы кітабын шығарған баспагердің есімі де маңыз­ды» деп сол кісі туралы Қайым Мұха­мед­ханұлы ең­бек жазған екен. 

– Абайға қатысы бар дейтін кез кел­ген нәр­се әкем үшін маңызды еді. 1909 жылы шыққан алғашқы жинағы ол кісі­нің үйінде болған екен. Мұқабасында «Электропечатная Бороганского. Санкт-Петербург. 1909 г.» деген жазу болған. Соны оқығаннан бас­­тап, әкем ол кісі туралы көп ізденді. Бо­роганскийдің аты сол кездері белгісіз, ұмыт болған еді. Жиырма жыл бойы із­деген екен. Кеңес үкіметінің кітап­ха­на­лары мен архивтері­не, Мәскеудегі Ғылым ака­демиясына, Қазандағы, Башқұртс­тан­дағы ғалым, жазушылардың бәріне хат жаз­ған. 1970 жылы Ілияс мырза туралы бар деректі жинап, бір мақала арнайды. Абайдың алғашқы кітабын шығарған бас­па­гер, каллиграф, Петербор уни­вер­сите­тінің профессоры болған екен. Түркияда тұр­ған, Кырымда, Башқұртс­тан­­да, Петерборда қызмет қылған. Баш­құрт ұлтынан шыққан аса зиялы, ғалым болған кісі екен. Әкемнің бір қызметі – осындай аты ұмытыла баста­ған­дар­ды жарыққа шығару болған сияқты. Абайдың «Мал түгіл жанға мырза еді» дейтіні осы шығар, бәлкім.

– Қазақстандағы алғашқы мемле­кет­тік музей Қайым Мұхамедханұлы ашқан Абай музейі болды. Сол музейді ашу, жабдықтау да оңайға соқпаған болар...

– Әр нәрсені алғашқы болып бастау өте қиын. Абайдың, шәкірттерінің қолжаз­­баларын, тұрмыста қолданған зат­тарын, кітаптарын жинау үшін ауылдарды аралады. Көзкөргендердің аузынан сол затты ақын тұтынды ма, соны анық­таған. Әйтпесе, мынау Абайдың бәкісі деп кез келген ескі бәкіні біреу тық­палап жіберуі де мүмкін ғой. Сол музей­ді ашуға атсалысқан әкемнің әріп­тесі Б.Акерманның да орасан ең­бе­гін айтпай кетуге болмас. 

Бүгінгі күні абайтану-шәкәрімтану-әуезовтану-қайымтану логиялық жа­ғынан да мызғымас, сабақтас үдерістер. Бұл – ғылыми факт.

Абайтануда Қайым айтқан, бірақ бүгін ескерілмей келе жатқан мәселелер бар ма

– Абай туралы жинаған материалдары, абайтануда жазамын деген жоспарлары көп еді. Өмірінің соңына дейін бір тоқтаған емес. Отызыншы жылдардың соңынан бастап ауылдарды аралап, Абайды көрген адамдар мен өмірі, шығармашылығы туралы көп әңгімелесетін. Сол қолжазбалар әлі сақтаулы. Оларды жарыққа шығару керек. Әкемнің архиві өте бай. Иге­ріл­меген материалдар көп. Сотталғанда кәмпескеленген еңбектерін айтпа­ған­ның өзінде. Өкінішке қарай, әкемнің аты көп айтылмайтын болды. Абайтанушылар қазір көп. Солардың бәрі өзде­рінің атын қалыптастыруға, есімдерін тарихта қалдыруға жанталасып жатқандай әсер етеді. Әкемнің атын, ең­бе­гін айтса, көп адамның жағдайы белгілі болып қалады деп ойлайтын шығар. 

– Алдағы жылдары әкеңіздің мерейтойы. Қандай жоспарларыңыз бар?

– Біз, ұрпақтары шамамыз келгенше, әкеміздің атын, еңбегін ұмытпауға, ұмыттырмауға үлес қосып келеміз. Бірақ Қайым біздің әкеміз ғана емес. Мемлекет тарапынан, ғалымдар мен зерттеушілер жақтан үлкен жұмыс істеледі деп ойлаймын. Абай, Шәкәрім, Бұқар жырау, Махамбет шығарма­ла­рына жазған ғылыми-текстологиялық еңбегін, «Абайдың ақын шәкірттері» де­ген бес томдығын қайта басып шығару керек. Мерейтойы қарсаңында «Ер Білісай», «Толқын», «Майданнан май­данға» сияқты авторлық пьесалары мен У. Гаджибеков­тың «Аршын мал алан», Ш. Камалдың «Қожа әфенді үйленеді» се­кілді аудармаларының бірі қайта сахналанса деп ойлаймын. Тарихи фото­суреттері, құжаттары бар. Солар­дың басын құрап, фотоальбомы шықса. 

Әкемнің жүз жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өтеді деп үміт етемін. Семей, Алматы, Астана қалаларының әкімдіктері, Мәдениет министрлігі тарапынан үлкен қолдаулар болатын шығар. Өзінің шәкірттері де аянбай қалмас. 

– Қайым Мұхамедханұлының ең­бек­тері түгел жарыққа шықты ма? Неше кітабы шығып, қандай қолжаз­балары сақтаулы?

– Он томдығы шыққан. Бірақ оған барлық еңбегі сыймады. Мұрасын та­қырып бойынша сұрыптау – қайта жи­нақтау керек. Архив материалдары мен қолжазбалары әлі зерттеуді қажет ете­ді. Өлкетану, театр, тарих, абайтану, әуезовтануға арналған және өзге де аты көпке мәлім емес авторлардың шығармаларына қатысты жазбалары бар. 

– Айтып кеткен өсиеті бар ма? 

– Әкем өмір-бақи ғылымға адал болу­ға тырысты. Шәкірттерінен барынша ғалым шығарғысы келді. Ғылымдағы нақтылықты сүйді. Ұмытылып бара жатқан есімдерді қалпына келтіру мен әділетсіз айтылмай жүргендерді жа­рық­қа шығаруды ойлады. Өз әкесі туралы өте көп білді. Екеуі де халық үшін ғұ­мыр кешкен жандар еді. 

«Адал өмір сүріңдер, қарапайым бо­лыңдар, адам қалпында қалың­дар!» деген сөз әкемнің аузынан жиі шығатын. Тіпті, бала күнімізде естіген сөзіміз. Ұмыту мүмкін емес. Соңғы бір сұхбатында: «Бақыт деген еркін болу, шындықты айтудан қорықпау. Тек солай ғана өмір сүру керек. Адам үшін осы маңызды» деген болатын. Ол осындай тәрбие көр­ді, осылай ғұмыр кешті, балаларын да соған тәрбиеледі. 

– Қайым Мұхамедханұлының ба­ла­сы болу қандай міндеттерді жүк­тейді? 

– Әкем ешқашан бізді бір нәрсеге мәжбүрлеген емес. Бірақ үнемі «оқың­дар!» дейтін. Әкемнің өз принципіне адалдығы бізге үлгі болды. Бес ұл, бес қыз өстік. Бәріміз әке жолымен ғылым­ға бардық. Жалтақтамауды, тілемсек ғалым болудан аулақ жүрдік. Әкем өзі ештеңе айтпаса да, Қайым Мұхамед­хан­ұлының баласы болу өзінен-өзі бір міндетті жүктейтін сияқты сезіледі. Жұрт­тан бұрын әке мұрасын балалары білу керек деп ойлаймын. Соның өзі үлкен міндет, әрі жауапкершілік.

– Бала күніңізде зиялы қауым өкіл­дерін көп көрген шығарсыз. Бүгінгі зиялы қауым мен бұрын­ғы­лар­дың арасында қандай айырма­шыл­ық­тарды байқайсыз? 

– Әкем бірнеше тілді білді. Он төрт жасында Ыдырыс Мұстамбаевтың тапсырмасымен арабша жазылған бір кітапты көшіріп шығыпты. Үш күн ұйықтамай жазған екен. Бұндай тапсырмалар жиі болатын дейтін. Атамызды төрт рет кәмпескелеген. Бірақ ешқашан көшу, Семейден кету туралы ойламаған екен. Бұның бәрін не үшін айтып отырмын. Бұрынғылар аса ұстамды, сали­халы, сабырлы еді. Бүгінгі зиялылар ұш­қалақтау. Баяғы қазақтардай ұстам­ды, сабырлы емес. Бұрынғылар терең білімді болатын. Бүгінгілер көп нәрсені атүсті біледі. Бұл жақсылық емес.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.