ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Нұрбек ТҮСІПХАН: ӘБДІРАХМАН ӨЛГЕНДЕ

Нұрбек ТҮСІПХАН: ӘБДІРАХМАН ӨЛГЕНДЕ

Оқылған 781 рет

Бағашар бауырым Абайдың 175 жылдығына орай басталған ақын өлеңдерін талдау эстафетасын маған жолдапты. Мен үшін көтере алмайтын шоқпар. «Абайды бала кезімнен жаттап өстім, таныдым» дей алмаймын. Оқушы кезімде толық түсінген емеспін. Әлі солай. Бұл бір түпсіз мұхит немесе асу бермес шың. Кейде ақынның не айтқысы келгенін бір оқып, тіпті бірнеше қайталап ұқпай қалам. Сол кезде Әуезовтің, Әлімқұловтің, арыстан Мағауиннің, сыншы Тұрсынжан ағаның жазғандарына жүгінем. Қасым ағамның «Анық Абайын» қайталап көрем. (Жалпы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай ағамның осы еңбегін Қазақстан телеарнасы қайталап көрсетсе дұрыс болар еді. Бұрын-соңды дәл осындай теле өнім түсірілген жоқ.) Классик жазушы Мұхтар Мағауиннің өзі «Абайдың суреті» деген эссесін жазған 60 жасында да: «Абайды ұлық тұтқан адам өзінің шамасын біледі. Ал мен өте жақсы білем. Сондықтан күні бүгінге дейін Абай туралы арнайы сөз ете алмай келем: жүрегім дауаламайды. Дана туралы толғаныс үстінде шалалығым көрініп қала ма, Биікке бой салғанда аласалығым байқалып қала ма, Тереңге үңілген талабымды таяздығым әйгілей ме деп қорықтым» - дейді. Мағауин осылай дегенде бізге не жорық? Дегенмен ақынның мерейтойы ескерусіз кетпесін. Бауырымның аманатына қиянат жасамайын. Көтере алмасам да мықшыңдап, ышқынып байқайын. 
Ақынның маған әсер еткен өлеңдерінің бірі – «Әбдірахман өлгенде». Ұлы Әбішке арнаған бірнеше өлеңінің ішінен «Арғы атасы қажы еді» деп басталатын алғашқы тармағын айтқанда барып қай өлең екені түсінікті болады. Осы бір жоқтау жырына тұтас бір дәуірдің келбеті, тұтас бір әулеттің тарихы сыйып тұр дер ем. Бұдан өзге бір өлеңіндегі: 
- Жаңа жылдың басшысы – ол, 
Мен ескінің арты едім, - деген ой, арман осы «Арғы атасы қажы еді»-де айқын, шерлі шыққан. Өлеңнің тақырыбы мен соңғы «Сабырлық қылсақ керек-ті» деген тармағы ғана Әбдірахман өліміне байланысты екенін көрсетеді. Әйтпесе, өлең - әкесі Құнанбайды жоқтау. Абайдың Әбдірахман өлімінен 10 жыл бұрын қайтыс болған әкесі Құнанбайға дер кезінде жоқтау айтқаны-айтпағанын білмеймін. Бірақ мына қаза жан-дүниесін құлазытып, ауыр қайғыға батырғанда ақын өзіне рухани тіреу, сүйеніш іздейді. Сондағы тірегі, тілдесері, мұң шағары - әке рухы. Бір қарағанда Абай баласы мен әкесіне деген махаббатын осы тұста шендестіргендей көрінеді. Сонша жақсы көрген, үміт артқан, ізімді жалғайды деп сенген Әбдірахманы мен тәрбиесін көрген, ақылын тыңдаған әкесінің орнын айқындайды. Құнанбай мен Абай арасындағы «қайшылықты көзқарас» тақырыбына зер салып, анықтап қараған жан осы өлеңнен-ақ өз күмәнін сейілтер еді, санасындағы күдікті, даулы сұрақтарына жауап алар еді. Амал не… Әуезовті таяқтап, күнде жиналысқа салып, әр сөйлемінен саяси қате іздеген заман бар назарды ақынның өз сөзіне емес, ол туралы жазылған көркем шығармаға бұрып кетті. Әйтпесе, жалғыз-ақ осы жоқтаудан ақынның жүрегіндегі әке орны анық көрінбей ме? 
- Ол сыпатты қазақтан
Дүниеге ешкім келмепті – дейді. Әрине, қайғы үстінде ақындық қуатымен әкесін тым биіктетті дейтін қисынға да келтіруге болар. Бірақ осы сөзіміздің өзі айтып тұрғандай біздікі бәрібір – қисын ғана. Ал факт – «…Мал түгіл жанға мырза еді…». Әкеге берілген әділ баға! Ақынның жүрек сөзі. Тіпті, «…Оны да алды бұл өлім» дегенде әке рухын өз жанынан, керек десеңіз Әбіштің жанынан артық қойып тұрғанын аңғару қиын емес. Бәлкім пікірім асылық болар. Бірақ жоққа да шығара алмаймын. 
«Тереңге үңіліп таяздығымды, Биікке бой салып аласалығымды» байқатқаным үшін кешірім сұраймын!

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.