ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

ШӨМІШБАЙ САРИЕВ. АБАЙ ЕЛІ

Оқылған 1981 рет

Тәуелсіз Қазақ елі – Абай елі,

Тауқымет тартқан азап талай елі.

Өлмейтін поэзия, өлеңдері,

Жаратқан ақын жүрек сарайы еді.

 

Тәңірдің өзі берген дарынымен,

Жүректің оттай жанған жалынымен.

Ұлтына қайталанбас ақын болды,

Қазаққа Абай болды бар үнімен.

 

Өмірдің өзен-дария арнасымен,

Ұлағатты ұрпақтың жалғасымен,

Тәуелсіз Абай елі ал бүгінде,

Өзінің Президенті, Елбасымен.

 

Бас ақын, ғұламасы, бас данасы,

Елімнің еңсе берген бас қаласы.

Қазағым деп толғаған ұлы Абайдың,

Арқадан бой көтерген Астанасы.

 

Анық басқан қадамды санап басып,

Тарихымыз жаңа бір парақты ашып.

Үшінші миллион қалам еңсе берді,

Астанам, Алматыммен қанаттасып.

 

Куәсі боп ғасырлық бір демінің,

Арманындай сонау бір Күлтегіннің.

Түркістаным айналды орталыққа,

Астанасы секілді түркі елінің.

 

Бар әлем қазақ үнін тыңдай қалды,

Таулы шыңда барысым күнде айбарлы.

Ұлы Абай домбырасы ал бүгінде,

Жыл сайын толғанатын күнге айналды.

 

Қазақ болып ұлы Абай сөз алдың да,

Қарапайым жырыңмен оза алдың да.

Қазақтың мемлекеті жер жаһанның,

Ақыл-ой, жүрегі мен көз алдында.

 

Қазақ бастан жанымен арайлы еді,

Куә болып таңырқар талай елі.

Тәуелсіз Туы астында Ақордалы,

Жасай бер Қазақ елі – Абай елі!

 

 Шөмішбай Сариев,

ақын, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.