АБАЙ ЖАЗҒАН ҚАРАМОЛА ЖАРҒЫСЫНЫҢ ТҮПНҰСҚА КІТАБЫ ТАБЫЛДЫ

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі қызметкерлерінің ғылыми іс-сапарының нәтижесінде Қазан қаласынынан құнды қазына табылды. Бұл 1885 жылы Абай Құнанбайұлының төбе би болған Қарамола сьезінде қабылданған жарғының 1886 жылы Қазан қаласынан шыққан басылымы.

«Қарамола жарғысы» ХІХ ғасырдағы адам құқықтарының сақталуы мен бостандығы хақында Абайдың өзі құрастырып шығарған, халық арасына кең таралған ережелердің бірі. Бұл құжаттың қабылдануы мен ел арасына таралуы туралы деректер мен естеліктер өте көп. Қазіргі графикаға аударылған нұсқасы біраз уақыттан бері белгілі болса да, басылымның түпнұсқасы немесе көшірмесі беймәлім болатын.

Бұл басылымды 1959 жылы ҚР Ғылым Академиясының қызметкері, ғалым Қарта Қаңтарбайұлы Қазан қаласынан тауып, аудармасын ғана жасап алған. Осы аударманың машинкада терілген нұсқасы музей қорында сақтаулы.

Абай музейінде талай жыл қызмет атқарған Мұздыбай Бейсенбайұлы 1984 жылы Қазан қаласына барып қайтқан сапарында аталған жарғыны көргенін жазған. Алайда еліміздегі кітапханалар мен музей қорларында осы күнге дейін Қазан қаласында басылған Қарамола жарғысының бірде-бір көшірмесі болмаған.

Хакім Абайдың бастамасымен қабылданған «Қарамола жарғысы» қадым жазуымен Қазан қаласындағы Императорлық университеттің баспаханасынан 1886 жылы Семей облыстық әскери губернаторының өкіміне сәйкес жарық көрген.

Табылған құнды құжат осы уақытқа дейін белгілі аудармаларды түпнұсқамен салыстыруға және жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

мемлекеттік қорық-музейінің

баспасөз қызметі