ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • АБАЙ БЕЙНЕСІ ЖӘНЕ МҰҚАҒАЛИДЫҢ АБАЙҒА АРНАЛҒАН ӨЛЕҢІ

АБАЙ БЕЙНЕСІ ЖӘНЕ МҰҚАҒАЛИДЫҢ АБАЙҒА АРНАЛҒАН ӨЛЕҢІ

Оқылған 9371 рет

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді» - деп ұлы тұлғаларымыздың есімдерін атап көрсеткен болатын.

Қазақ жазба әдебиетінің негізін салып, қазақ поэзиясын әлемге танытқан қазақтың бас ақыны бүгінде халқымыздың жүрегінде, тіпті, көз алдында жүр десек те артық болмайды. Себебі, күнтізбеге қараған көпшілік енді оның беттерінен Хакім Абайды көре алады.

Біздің қолымыздағы күнтізбеде данышпан ақынның тұлғасы бейнеленген. Сурет авторы – Ж.Қайрамбаев.

Күнтізбе мұзбалақ ақын Мұқағалидың шығармашылығына құрыла отырып, жылдың әр айы дала данышпандарының есімдерімен айшықталған.  Әсіресе, М.Мақатаевтың өлеңдері күнтізбенің маңызын арттыра түседі.

Сондай-ақ, күнтізбедегі Мұқағалидың «Қазақ әдебиеті» газетінің 1965 жылғы 13 тамыздағы санында жарияланған, бірақ ақынның жыр жинақтары енбеген, Абай туралы «Дала данышпаны» өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

қорық-музейінің баспасөз қызметі

 

ДАЛА ДАНЫШПАНЫ

 

Дала жатыр – өн бойы тұнған өлең,

Абай, міне, жапанда тұрған емес.

Ата сөзі тербеткен бесігімді,

Ата сөзін өмірде тыңдап өлем.

 

... Ұлы емес Абай жалғыз сахараның,

(Мен емес, солай деген аталарым).

Сол ұранды ұрпаққа апарамын,

Мен қазақ – Абай болып атанамын.

 

Уһ, дала!

Дала толған көл-көсір жыр,

Дала – қобыз тұтпайды пернесін кір.

Тірі Абайды әлдиле, дархан далам,

Өлең селі өңірді тербесін бір.

 

Дала, дала...

Сал – дала селеулеген,

Жырмен ұйықтап, оянған өлеңменен.

Дала деген – күй сандық бұл қазаққа,

Абай десе құлағы елеңдеген.

 

Жылдар, жылдар...

Қаншама алыстадық,

Қаншама өзен өзгертті ағыстарын.

Уақыт озды, сен бірақ қалыспадың,

Уа, армысың, арысым, данышпаным!

 

М. Мақатаев.

«Қазақ әдебиеті», 13 тамыз. 1965 ж.

 

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.