АБАЙ ШЫРАҚШЫСЫНЫҢ АЛҒЫСӨЗІ

(Ұлы ақын шаңырағына бұрын жолы түспеген замандасқа)

Ардақты замандас, Сіз бен біз Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының барша адам баласының өмірінен алар орнын, яғни тірлікті мейлінше мәнді ете түсер игі әсерін тап басып сезіне алдық па, осы!? Бес күндік бұ дүниенің ғажайып сыны мен ғаламат сыны маңдайына жазылған барша жұрт білетін шындық әзірге мынау: Абай ұлы даланың ұлы ақыны. Елбасының «Бүгін ұлы мереке. Халқымыз ең аяулы перзенті мен ең дана ұстазына мәңгі өшпес махаббатын білдіруге жиылып отыр,- деп  ұлы ақынның 150 жылдық салтанатында Хәкім Абайды ерекше ардақ тұтқаны мәлім. – Өз халқын «жұрт болсын, өссін, өнсін» дейтін әрбір азамат әуелі Абайды оқысын, Абайға құлақ ассын».

Демек, әрқайсымыз әуелі Абайды оқып, Абайға құлақ асайық...

Сіз енді аңдаған шығарсыз, замандас, жалпақ жұрттың бар білетіні ақын өмірі мен асыл мұрасының бір қыры ғана екен... Ал, шындығында Ибраһим Құнанбайұлы ұлы ақын болуымен қатар туған қазағына ғана емес, барша «адамның баласы – бауырына» қараңғыда жол сілтер Жарық сәуле – Ұлы даланың Ұлы қайраткері. Халықтың «көзін ғана емес, көкірегін ашу» үшін Жаратушы тұтатқан ақиқат ұшқыны.

Абай (Ибраһим) Құнанбаев!

БАС МУЗЕЙ

Ақиқат ұшқыны.

Сіз білсеңіз керек, көкірегіне осы ақиқат ұшқынын қондырғысы, Абай сәулесімен жүрегін нұрландырғысы келіп, Жарыққа талпынған жан бұрын да, қазір де көп, ертең де оның қарасы қалың болары анық. Олардың бәрі халқымыздың рухани меккесі –  Абай елін, ұлы ақынның туған жерін көруді, поэзия патшасына мінәжат етуді өздеріне адамдық зор парыз санайды. Тіпті, Жидебайда бұрын болып жүрсе де, киелі мекенге жылына ат басын тым құрыса бір бұрғысы кеп тұратын ағайын баршылық. Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» тарихи-танымдық еңбегінде ерекше ардақ тұтатын ұлы тұлғалардың бірі де тағы Абай!

“Алаш арыстары – М.Әуезов” музейі

 

Ерекше ықылас.

Алты алашпен бірге ғасырдан ғасырға асып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасар құдіретті сезім! Туған жердің төрт қиырынан, іргедегі Ресей мен Қытайды былай қойғанда, алыс-жақын шетелден арнайы іздеп келетін адам легі мұнда үзілмейді. Олар ұлылардың мәңгілік мекені – киелі топыраққа жүректері толқи отырып, тебірене қадам басады. Ұлы даланың данышпан ұлдарының әруағына тағзым жасайды, өмір сапарындағы өздерінің бір парыздарын өтегендей мерейлері өсіп, ақын шырақшыларына разы көңілмен аттанады.

Ахмет Риза мешіт- медресесі

 

Жүрегін тыңдағандар.

Қайрат пен ақылды Жүрекке жүгінткендер (Абай).

Сіз түсінесіз ғой, олардың іздегені Абай... ұлы ақынның рухынан тірлік талқысында таяныш тапқысы, тіпті рухани жалғыздықтан жандарына араша сұрағысы келеді. Жидебайға жолы түскендер, Абайдан басқа ештеңеге алаңдамайды, жоқ пен барды түгендеп, тінткілемейді. Қайта керісінше, киелі мекенде аса терең ілтипатпен тебіренеді. Сосын, әрине біздің  қызметте қалт кеткен тұстарымызды да көрмейді немесе көргілері де келмейді. Олар, ұлы ақынның табанының ізі қалған қасиетті топыраққа қадам басқандарына жандары желбіреп, жүректері шаттанады.

Абайдың музей-үйі Жидебай қорығы

Абайға асыққандар.

Сіз байқайсыз ба, бізді келушілердің қатал сынынан арашалап алатын да ұлы тұлғаларымызға деген терең сүйіспеншілік сезімі. Сұқ көз бен сұғанақ сөзден аталарымыздың асыл қасиеті әрқашан қалқан болуда. Рас, ұлылар мекенінде, тіпті, кейбір кірпі мінезділер де инелерін іштеріне бүгіп, қасиетті мекеннің киесінен қорқады. Әйтпесе, рух мәртебесі – Жидебайда әлі де ажарын аша түсіп, оның ішкі мол қуатына сыртқы сән-сәулетін жарастыра атқарар шаруа жетерлік. Алайда, Жаратушының назары түскен құтты қонысты жайлаған ақын шырақшыларының өз міндеттеріне сергек қарайтынын көрмеу де әділетке қиянат болар еді.

Жидебайдағы “Абай-Шәкәрім” кесенесі

Шыңғыстау – ақындық пен адамдық төрі!

Ал, Абайға қызмет ету – алты алашқа қызмет жасау. Осыдан артық ардақты міндет бар ма?! Абайдың музей-үйі, «Шәкәрімнің саят қорасы» музейі, Абай-Шәкірім кесенелер кешені, Би ата (Кеңгірбай би) кешені және Зере-Ұлжан мазары мен басқа да жиырмаға жуық тарихи орындар мен ескерткіштер сыр шертетін 6.400 гектар қорық аумағы да осындағы шырақшы жиырма азаматтың жауапкершілігінде. Бұған Абай қыстауынан елу шақырым жердегі Көкбай Жанатайұлының мазары мен музейінің де жаңағы Абай шырақшыларының мойнында екенін қоссақ, жауапкершілік жүгі одан бетер салмақтала түседі.

Шәкәрімнің “Саят қорасы” музейі

Аса жауапты да абыройлы міндет.

Сіз білесіз бе, сырт көз, былайғы жұрт бұдан, әрине бейхабар. Бұрын болмаған соң, келіп көрмегеннен кейін кінә жоқ, әлбетте. Бірақ, өкінішке қарай, Абайды жалғыз өзі ғана ардақ тұтатын секілді күпініп, барды белінен басып, көз алдындағыны көрмей, Жидебайдан «жүдеп» қайтатындар да бар. Олар Абайды жекеменшіктеп, шаруаның мәнісіне бармай жатып-ақ, алдын ала кесіп-пішіп, жеке бастың өкпесімен сын семсерін сілтеуге білек сыбанып келеді.

Шәкір Әбенұлының музей-үйі. Құндызды ауылы

Тәкаппарлық.

Өзінен басқаның еңбегін ескеріп, барын бағаламайтын өзімшілдік. Олар Абайға табынып қана қоймай, ұлы ақын мұрасын жанын сала қорғайтындардың көп екенін көрмейтін мұнафықтар. Тіпті, «Абай жолын» егемен заманда еркін санамен тым құрыса бір қайтара оқып шықпай-ақ, ғұлама Әуезовтің мұрасынан мін іздеп, бесенеден белгілі «тап күресінің көлеңкесімен» алысатындар да солар. Сіз ондайлардың «сыбағамызды» сұратпай-ақ үйіп, төге салуға тым жомарт екенін білсеңіз керек. Демек, біздің бұл әңгімеміз оларға емес, Абай еліне асыққан ардақты замандас, Сізге арналады. Біз бүгінгі әңгіме тиегін ақын шаңырағына бұрын жолы түсе қоймаған замандасқа, әсіресе жас өскін-келешекке арнап ағытып отырмыз.

  Абай сөзіне, шіркін ертерек зейін қойсақ, қандай!? Жалпы, біз қазір қолға алып жатқан көп бастаманың дәйектемесін басқа жақтан іздеудің қажеті жоқ. Бәрін де Абайдан табасың (Н. Назарбаев), Абай – телегей теңіз ғой, содан қасықтап пайдалансақ та сарқылмас қазына (М. Әуезов). Олай болса, Абай еліне сапар шегуге жиналған замандасқа ұлы ақын туралы, оның ақындық және өнер айналасы мен өскен ортасы жайында аз-маз мағлұмат берген ләзім.

М.Әуезов музей-үйі. Бөрілі ауылы

Асыл мұра.

Сізді сапарға шақырған Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі ұлы Абай, кемеңгер Шәкәрім мен ғұлама Әуезовтің өлмейтұғын қазынасы терең де тағылымды сыр бүккен киелі мекен.

Мәдени-тұрмыстық кешен. Жидебай қорығы

Абай үйі.

Сізге, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің қанатының астындағы сегіз отаудың әрқайсысының-ақ ұлы даланың ұлы тұлғасының өмірі мен шығармашылығы және Абайдың ақындық мектебі өкілдерінің бай мұрасы жайында айтар сөзі мен аманат етер қазынасы мол. Олай болса, Абай шаңырағына бұған дейін жолы түспеген замандасқа айтар Алғысөзді неден бастағанымыз жөн, асыл мұрамен алғаш жүздескен жанға әуелі қалайша дұрыс жол сілтеп, оның қандай мағлұматқа алғаш қаныққаны абзал?   

Әсет Найманбайұлының әдеби-музейі. Мақаншы қаласы

Алғысөз.

Тегінде, ұлы Абайды бұл іргелі әңгімеден аулақ адамға егжей-тегжейлі түсіндіріп, оның терең сырына қанықтырмақ болу, Сіз дұрыс түсінесіз ғой, бос әурешілік. Бұл, басқаша айтқанда, асығыс жолаушыны жолдан бөгеп, шырайлы әңгімеге тартқандай әбес әрекет. Ол тек ұялғанынан ғана басын шұлғығаны болмаса, ештеңе ұға қоймайды... «қайран сөзім қор болған». Ал, кейбіреу жол-жөнекей сөзді арқаланып, барған жерінде аз-маз естігенін «өзімбілемге» салып, Абайдың жарларының есімдерін аналарының есімдерімен шатыстырып-ақ ұятқа қалады.

Олай болса, Алғысөздің алтын жүлгесі қайсы?!

 

Әңгіме желісі...

Абай және ақын мұрасы туралы сөзіміздің шумағын қалай тарқатсақ қонымды?..

Сізге, сіз секілді жаңа танысқан барша замандасқа алғысөзді неден бастап, қалай өрістетсек жұғымды болады?.. Көңілдегі осы қиын сауалдың жауабы оңай табылды. Ол – Абай музейінің Семейдегі бас шаңырағындағы  «ізетті, бірақ асығыс», «асығыс, бірақ Семейге келе тұра Абай шаңырағына бас сұқпады» деген секілді көз бен сөзден ығатын  ресми қонаққа арналған экскурсиялық таныстырылым орамы.

Бұл жүздесу – «Абай дәуірінен» бастау алып, Хәкімнің ақындық айналасымен жалғасып, Абайтанумен өріліп, Шәкәрім мен Әуезов мұрасымен сабақтаса келе «Абай арманымен» түйінделеді. Яғни, бұл экскурсия орамын қолда бар асыл мұраның ең бір жинақты жері, Абай өмірі мен шығармашылығының өзіндік бір беташары десе артық емес. 

 Сонымен...

Сіз байқаған боларсыз, әсілі, біз өз әңгімемізді «Ақиқат» деп ауызымызды ашқанда-ақ бастап жібергенбіз. Олай болса, әлхисса сөзімізді одан әрі нақтылай түссек, музей экспозициясының ең бірінші бөлімі – «Абай дәуіріне» қадам басқан сәтте  Сіздің көз алдыңыздан ашылған ұлылар мекенінің картасы – Абайдың атамекен, туған жерінің бағыт-бағдары.

Сіз рухына тәу етіп келіп тұрған ақын шаңырағы орналасқан Семей сонау он тоғызыншы ғасырдағы білім мен мәдениеттің ордасы, киелі жерге сапардың бастауы. Бодандық бұғауындағы елдің бір пұшпағы еді ол кезінде. Қараңғылық қапасынан жол іздеген алаш арыстарының еркіндік пен бостандық рухына толы мекен. Қаладағы бас мұражай, сонымен қатар, ұлы ақынның табанының ізі қалған қасиетті шаңырақ. Абайды қастер тұтқан зиялы қауым өкілдерінің бірі – ХIХ ғасырдағы орыс көпесінің үйі.

Қилы кезең.

Ойсыз жанға оңайырақ-ау өмір сүрген (Абай). Бізге, ең алдымен, Ұлы ақын өмір сүрген дәуірдің тыныс-тіршілігінен хабардар болмайынша, ақын мұрасын байыптай алу екіталай (М. Әуезов). Барша қазақпен бірге Ырғызбай ұрпақтары да отарлық бұғаудың азабын аямай тартты. Бірақ, алдағы заманның қазаққа қасірет әкеле жатқанын ұлттың Абай секілді біртуар тұлғалары ғана көре алды. Ұлы ақын У ішкендей мең-зең қалыпта, сырты – бүтін, іші толған дерт болатын. Қараңғылық пен надандық данышпанның жүрегін сыздатса, отаршыл империяның тақ сондай ұрдажық, ноқай әрекеті одан бетер жанына батады.

Сонда ел-жұртқа көмектесудің амалы қайсы? Құлдықта қаталаған халыққа қайтсе ауызына су тамызып, дәтке қуат етерліктей селбесуге болады?! Ақынның төрт мәрте болыс, екі рет би болып, ақ патшаның заңдарын ұлттық болмысқа жақындату үшін Қарамола және Көктұма ержелерін жазуы немесе оларға ұсыныс беруі де қиын заманда қандастарына қарлығаш қанатымен су сепкендей хәл. Бұған, айталық, «Қарамола» ержесіндегі ұлы ақын енгізген «күйеуі өлген әйел адамның, әмеңгері болмаған жағдайда бұрынғыдай екінші рет сатылуына» тыйым салатын, «барымташы ұсталған күнде, оның шығынын бұрынғыдай туыстары емес, оған ат берген, қолдау көрсеткен адамның есебінен өндіру туралы» қабылданған нақты баптар дәлел.  

Сіздің назарыңызға келесі кезекте ұсынылатын Абай шежіресіндегі ұрпақтардың әр буынының байдың, қажының, яғни «тап жауының ұрпағы» ретінде көрмеген қорлығы жоқ. «Бізден бұрынырақ өмір сүрген аға буын бақыттырақ екен» (Құнанбай) деп тебіренеді Абайдың әкелері. «Көк тұман – алдыңдағы келер заман,/ Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған» − бұл Абайдың өз сыры. Ақын ұрпақтары кінәсізден кінәсіз жапа шегіп, запыран ішті. Мәселен, «Турағұл Абайұлында 5-10 қара, 30-40 қой-ешкі бар екен. Бұл сол кездегі өлшем бойынша, тіпті орташа дәулеттінің санатына да жатпайды... Абай атамыздың асыл көзі Турағұл 1934 жылдың 6 наурызында 59 жасында қайтыс болып, кейін Шымкентте зауыт салынғанда зираты соның астында қалады» (Б. Ерсәлімов «Құнанбайдың қуғын-сүргін көрген ұрпақтары», Семей, 2005 ж., 23-бет).

Көкбай Жанатайұлының музейі

Аяусыз тағдыр.

Еріксізден еріксіз өздеріне өздері қол жұмсауға барғандары да болды. Шәкәрім... жары Айғаншадан Ғафур, Қабыш, Ахат, Зият деген төрт ұл мен Жәкіш, Гүлнар есімді екі қызы болған. Бұлардың үлкені Ғафур мен оның ұлы Баязит отызыншы жылдардағы ел басына күн туған шақта қорлыққа шыдай алмай, өздеріне өздері қол жұмсайды. Ал, Қабыш болса, сол жылдары аштықтан көз жұмған. Қажының кенже ұлы Зият сол ашаршылық жылдары Шыңғыстау көтерілісі бұрқ ете қалғанда бірер серіктерімен Қытай асып кеткен.          

Музейдегі Абай дәуірі туралы әңгіме одан әрі – «Шәкәрім», «Абайдың ақындық айналасы», «Абайтану», «Абай арманы» жайында сабақталады. Шәкәрімнің қазір қолда бар үш суретімен де осында таныса аласыздар. Олар кемеңгердің ақындықпен қатар саятшылық, бес саусағынан өнер тамған шеберлік және қоғам ісіне араласқан қайраткерлік еңбегінен жан-жақты мағлұмат береді. Ал, мына чемоданға 1961 жылы Шәкәрім қажының сүйегі салынған екен. Оған Ахат Құдайбердиев Құрқұдықтан аршып алған әкесінің сүйегін бөлеп, Бақанастан Жидебайға әкелгені мәлім. Чемоданның ұзындығы – 72 см, ені – 46 cм, ішкі жағында «Ленинград, 1952» деген жазуы бар. Қарауылда тұрған Кенжетілеу Доланбеков үйінің мүлкі. Оны Абай мүзейіне 2017 жылы Айдар Доланбеков тапсырған.

Абайдың ақындық мектебінің Шәкәрім бастатқан шәкірттері тағы кімдер еді?.. Абайдың тұңғышы Ақылбай, тағы бір ұлы Мағауия, ең адал досы Көкбай, шәкірттері Әріп пен Әсет, немересі Әубәкір Ақылбайұлы. Демек, Абайтанудың асқан білгірі Қайым Мұхамедхановтың рухына тағзым етер кез келді.  Әуезовтің тапсыруымен Абайдың  ақындық айналасын ізерлей зерттеп, алғыс естудің орнына Қайым аға адасқан қоғамда қуғын-сүргін көріп, жазықсыздан жазықсыз  25 жылға сотталып, түрме қапасының зардабын тартты. Бұдан соң, өзінің музей қорындағы хатында «АН-2» самолетінің ішін ұжмаққа теңеуіне таңдануға да болмас.

Ал, Абайды тану Алаш арыстары Әлихан Бөкейханмен басталып, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыровтармен жалғаса келіп, қазақ әдебиетіндегі жаңа сала, Абайтану ілімінің арқатірегі – ғұлама Мұхтар Әуезовке жол ашары түсінікті. Сондықтан ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын танып, білу кезеңдерінің Мұхтар Омарханұлының есімімен үкіленуі де заңды болса керек. Жиырма жасында Ойқұдықта Қазақ театрының кіндігін «Еңлік-Кебек» спектаклімен кескен де, «Татьянаның қырдағы әнімен» болашақ «Абай жолына» қадам басып, оны жаһанға танытқан да, «Абай Құнанбаев» секілді монография жазған да басқа емес, әлемнің Әуезові!

Абай қазір дүние жүзіне танылды. Елбасы осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын, егемендігіміздің елең-алаң шағында, ұлы ақыннның 150 жылдық салтанатында Абай туралы «Жан иесі жарыққа талпынбай тұра алмайды... халқына қамқор, ұлтына жанашыр болам деп жүріп, күллі адамзатқа мейірбан гуманистік өреге көтерілді»-деп атап көрсетіп, мерейтойдың әлемдік деңгейде атап өтілуіне тікелей қамқор болса, одан кейін де Семейге жолы түскен сайын ақын рухына тағзым етумен келеді (Н. Назарбаев «Абай туралы сөз»). Республика Президенті осыдан екі жыл бұрын алты алашты зор серпіліс туғызған еңбегінде «Абайдың даналығы, Мұхтардың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері – бұлар бабалар үнінің бір парасы» деп ұлылар рухына бас иіп, (Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан), күні кеше «Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді» - деп зор мақтан етеді («Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан).

Бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі де, Ұлы Абайдың және барша ата-бабаларымыздың аңсаған арманы болатын. Елбасы Абай шаңырағына сыйға тартқан «Тағзым» кітабына «Абай мұражайы құтты болсын! Абай арманы орындалып, еліміз бақытқа жетсін!» деп естелік қалдырған екен.

Сондықтан Абай шаңырағының түйінді сөзінің айтылар тұсы  да осы «Абай арманы» экспозициялық көрме залы. Абай туралы әңгіме, әлбетте таусылмақ емес. Ал, біз соның Алғысөзін ғана айттық. Сіздердің Абай мұрасымен жүздескендеріңізге әрқашан қуаныштымыз. Келіңіздер, хәкім Абай сөзіне құлақ салыңыздар, жан иесінің Жарыққа – Абай сәулесіне талпынуы адамдық парыз.

 

Абай шырақшылары атынан  

Болат Жүнісбекұлы,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекттік

қорық-музейінің директоры.