Сапар БАЙЖАНОВ: АБАЙҒА ҚАТЫСТЫ КЕЙБІР АРХИВ ДЕРЕКТЕРІ

Еліміздің архив қазыналарын нысаналы мақсатпен, мұқият зерттеген күнде, Абай жайлы архив документтері әлі де болса көптеп табылуы мүмкін. Айталық, соңғы жылдарда филология ғылымының кандидаты Б. Асылжанов Ленинградтағы СССР тарихы архивінен Абайдың 1898 жылғы оқиғаға байланысты сенатқа жазған хатын тапқаны жайында баспасөз бетінде жария етті («Қазақ әдебиеті» газеті, 1981 жылғы 24 апрель). Іздестірген күнде мұндай ғылыми кұнды деректер Ленинградтан да, Москвадан да, Омбыдан да, Ташкенттен де, Алматы мен Семейден де, басқа қалалардан кездесетініне шек қоюға болмайды.

Біз төменде тек Қазақ ССР Мемлекеттік архивінде сақталған Абай өмірінің соңғы кезеңі яғни 1903 жылғы бірер оқиға төңірегіндегі архив документтерін оқырман жұртшылық назарына ұсынып отырмыз.

1.     Ақмола облысы әскери губернаторының 1903 жылы 8 апрельде Семей губернаторына берген телеграммасы.

Қосшығұловтан почта қолхаты табылды. 1902 жылы 6 июнь Батовскіде Сәдуақас   Шермановқа, Зайсанда Кенчиновке, 1903 жылы 7 март Семейде Құнанбаевқа.

Тінту жүргізу керек.

Романов[1]

 

 

Семей полицмейстерінің 1903 жылғы 11 апрельде жазған протоколы.

Протокол

1903 жылғы апрельдің 11 күні.

Семей полицмейстерінің істерін атқарушы Семей облысы әскери губернаторы мырзаның биылғы 10 апрельдегі № 97 жолдауы бойынша жергілікті почта-телеграф конторында Ақмола облысынан биылғы 7 мартта Құнанбаевтың атына жіберілген заказды хат жайын анықтап білдім, сондағы анықталғаны: 14 мартта Ибрагим Құнанбаевтың атына Көкшетаудан № 802 заказды хат келіп түскен де, таяу күндерде табыс етуге 18 мартта Арқатқа жеткізілген. Бұл адресатқа осындай фамилиямен түскен басқа хат жоқ. Қаулы етілді: осы жайында мына протоколға жазып қою.

Қол қойған полицмейстер істерін атқарушы Бухартовский.

Қазақ ССР ОМА, 369-қор, І-тізім,

871-іс, 192-бума, 144-парақ.

3

3.     Семей оязының 1903 жылғы 25 апрельде Абай (Ибрагим Құнанбаевтың) үйінде жазған қаулысы.

Қ а у л ы

1903 жылғы апрельдің 25 күні. Мен, Семей уезінің бастығы Навроцкий, Семей облысының әскери губернаторы өз хұзырының 1903 жылғы 18 апрельдегі № 111 тапсырмасын орындап, Шыңғыс болысының қазағы Ибрагим Құнанбаевтың аулына келдім және губернатор мырзаның жоғарыдағы тапсырмасына сәйкес Құнанбаевтың қыстауы мен киіз үйлерін мұхият тінтідім және Құнанбаевтан нақ осы сәтте оның үйінде болған балалары Мағауия мен Тұрағұлдан табылған корреспонденцияны тұтқындадым және әлгіні Шыңғыс болысының болысы Рызықбай Құдайбердин мен уезд басқармасының хат жүргізушісі Оспанов сияқты куәлардың көзінше арнаулы пакетке салып, Семей уезі басқармасы мен Шыңғыс болысының мөрлерімен қаттап бекіттім және пакетті ішіндегі корреспонденциясымен Әскери губернатор мырзаға тапсыруға қаулы еттім. Ибрагим Құнанбаевты тінту кезінде менің оған қойған Көкшетаудан әлдеқандай корреспонденция алған жоқсыз ба деген сұрағыма Құнанбаев былай жауап берді, биылғы қыста осыдан екі ай шамасы бұрын Көкшетаудан белгісіз біреуден заказды хат алғаным бар, жауап хатыңызды Заит Башировтың атына жазарсыз депті. Белгісіз адам хатында Семей облысының құрметті қазағы есебінде Құнанбаевтан өкімет орындарының алдында қазақтардың мұсылман діні жиналысын құру туралы мәселе көтеруіне жәрдем етуін сұрапты.

Сол хатты маған беруін талап еткенімде Құнанбаев оны бұдан екі күн бұрын өзінің ұлы Тұрағұлға бергенін айтты. Осы арада тұрған ұлына әкең берген хат қайда деп сұрақ қойғанымда, ол бұл хатты Шыңғыс болысының болыснайы Рызықбай Құдайбердинге бергенін айтты, тінтіп қарағанда хат соңғысының бешпетінің қалтасынан табылды. Бұл хат тінту кезінде Құнанбаевтан табылған барлық корреспонденциялармен қосылып, бір пакетке қатталды. Ибрагим Құнанбаевтың ұлы — Тұрағұл Ибрагимовтен жауап алғанымызда, ол әкесінен алған хатты жуырда Шыңғыс болыснайына өзге бір мақсатпен емес, «шылым орауға» бергенін, өйткені оның әкесі де, өзі де бұл хатқа пәлендей мән бермегенін айтты. Ибрагим Құнанбаевта Көкшетаудан келген хаттың конверті сақталмаған.

Жоғарыда айтылғанды осы актіге жазып қоюға қаулы етіліп, қатысушыларға бұған қол қою ұсынылды, Бұл акті қатысушыларға оқып берілді және тінту кезінде Құнанбаевтан алынған корреспонденция олардың көзінше қатталып, бекітілді…

Семей уезінің бастығы

Навроцкий

Ибр. Құнанбаев

Мағауия Ибрагимов

Тұрағұл Құнанбаев

болыс Рызықбай Хұдайбердин

(қолдары бар)

Қазақ ССР ОМА, 369-қор, І-тізім, 871-іс, 192-бума, 145-146-парақ.

4.  Дала генерал-губернаторы статс-советнигінің 1903 жылғы 16 майда Омбыдан Петербургке берген № 2599 телеграммасы

Петербург, Сергиевская 63

Дала генерал-губернаторы мырзаға.

Омбыдан, 1903 жылғы 16-май

2 майдағы қатынас қағазымен Семей губернаторы Көкшетаудан Қосшығұловтың жетінші мартта Ибрагим Құнанбаевтың атына жіберілген хаты, хабарға қарағанда әлі тимеген және Арқат почта-телеграф конторында жатқанын хабарлайды. Әлгі хатты бер дегенде почта-телеграф бас басқармасының бастығы 868 нөмерлі телеграммасымен почта округінің бастығы арқылы Уставтың 368, 1035-статьяларына сүйеніп, рұқсат етпеді.

Осыны мәлімдей отырып, Құнанбаевтың атына келген Арқат конторында сақтаулы хатты ашу жөнінде Министрдің алдында мәселе қоюыңызды бек өтініп сұраймын Абаза.

Қазақ ССР ОМА, 369-қор, 2-тізім, 871-іс, 192-бума, 147-парақ.

 

5.   Дала генерал-губернаторының 1903 жылғы 21 июньде Семей әскери губернаторына жолдаған № 3019 хаты

Өлкенің Бас бастығы мырзаның бұйрығы бойынша генерал-губернатор кеңсесі Сіздің хұзырыңыздан Дала генерал-губернаторының 1903 жылғы 21 майдағы № 356 телеграммасы бойынша Ибрагим Құнанбаевтан Арқат почта-телеграф конторы арқылы жіберілген Көкшетау қаласынан Шәймерден Қосшығұловтың хатын алу туралы іске байланысты не істелгенін неғұрлым қысқа мерзімде хабарлауды бек өтініп сұрайды.

Кеңсе басқарушы Лосевский Сонда, 126-парақ.

 

6.  Семей облыстық әскери губернаторының 1903 жылғы 10 июльде Дала генерал-губернаторына жолдаған №169 хаты

Биылғы жылғы 21 июньдегі № 3019 қатынас қағазға байланысты Ибрагим Құнанбаевқа Арқат почта-телеграф станциясы арқылы Шәймерден Қосшығұловтан түскен хатты Құнанбаев осы үшін Арқатқа командировкаға келген Семей уезінің бастығына өз ықтиярымен бергенін мағлұм етуді үрей көремін. Бұл хатты, конвертімен қоса, мен биылғы 3 июньдегі № 151 қатынас қағазбен Ақмола облысының Әскери губернаторы мырзаға жолдадым.

 

Губернатор істерін атқарушы

(Қолы анық емес).

Сонда, 144-парақ.

 

7.     Дала генерал-губернаторының 1903 жылғы I августе Ницкевичке жолдаған № 124 хаты

 

Мархабатты тақсыр Николай Федорович.

Өз хұзырыңыздың менің кеңсеме биылғы июлъде жол-

даған № 169

 

қатынас қағаздан Шәймерден Қосшығұловтан қазақ Ибрагим Құнанбаевқа жіберілген хат хақында аталмыш хатты Құнанбаевтан алып алу үшін өзіңіз командировкаға жіберген Семей уезінің бастығы Навроцкийге менің алғысымды жариялауды Сізден сұраймын.

Сонымен бірге Сіздің Хұзырыңыздан Құнанбаевтың өз басы жайында мүмкін байыпты мағлұматтар жинастырып, маған жеткізуіңізді сұраймын.

Аса құрметтейтінімді һәм берілгендігімді сеніммен қабыл алыңыз. Қол қойған Николай Сухотин.

Сонда, 146-парақ.

 

8.  Дала генерал-губернаторы кеңсесінен 1903 жылғы 10 октябрьде Көкшетау оязына жолдаған № 2004 хат

Осымен Семей губернаторының 1903 жылғы 3 июньдегі № 151 хабарының түпнұсқасын, Құнанбаевтың атына жазылған хатты және аудармасын қоса жолдай отырып, шұғыл түрде жауап алып, нәтижесі мәлім етілсін.

Айрықша тапсырмалар жөніндегі чиновник Яхонтов

Сонда, 281-парақ.

 

1  9. Дала генерал-губернаторы кеңсесінің Ибрагим Құнанбаевқа келген хат жайында протоколы

Семей әскери губернаторының 1903 жылғы 2 майдағы № 132 хабарына қоса жіберілген, қырғыз Ибрагим Құнанбаев пен Шыңғыс болыснайы Рызықпай Худайбердинді тінткенде табылған корреспонденция салынған айрықша пакетті қарап көргенде татар тілінде былай деп (аударма бойынша) басталатын конвертсіз хат табылды:   «Ассалаумағалейкум,   аса   мәртебелі,

құрметті, барша жұрт сыйлайтын Ыбрай Мырза, хаттың ортасында «халық атынан берілген өкілеттік күшімен біздің шариғат бойынша сенімімізді қорғау жөнінде ұсыныстар жасауға право берілетіні жайлы сайланған адамның сенімдіктері» бар екені көрсетіліп хат былай деген жолдамамен аяқталады: «Ақмола облысының Көкшетау қаласында қырғыз мешітінің жанындағы мектеп, Зихта немесе Зиядаға, біз сонда аламыз». Бұл хаттың қырғыз халқын дүрліктіру туралы насихатқа қатысы бар деп тауып, оны және қалған корреспонденцияны тек қана үй іші, семья арасында жазысқан хаттар ретінде № 132 пакеттен алып, өз иелеріне кері қайтару үшін қалдыру қажет деп саналсын.

Айрықша тапсырмалар жөніндегі чиновник (қолы)

 

25 октябрь 1903 жыл.

Қазақ ССР ОМА, 369-қор, І-тізім, 871-іс, 192-бума, 289-парақ.

 

10.  Семей облысы әскери губернаторы кеңсесінің Семей қаласының полицеймейстеріне 1903 жылғы 10 апрельде жолдаған № 97 хаты

Ақмола облысынан үстіміздегі жылдың 7 мартында Семей қаласына Құнанбаевтың атына заказды хат жөнелтілді. Құрметті Сізге хаттың нақ қай Құнанбаевтың атына жолданғаны жайлы Семей почта-телеграф конторынан анықтап алып, дереу оның, хат жолданған адамның, үйінде прокурорлық қадағалау жүргізетін адамның бақылауымен кенеттен тінту жүргізуді, Құнанбаевтағы барлық хаттарды түгелдей алуды және сол сәтте-ақ оларды тінту протоколымен қоса маған табыс етуді ұсынамын.

Қазақ ССР ОМА, 15-қор, 2-тізім, 399-іс, 153-бума, 28-парақ.

 

 

 

11. Семей облысы әскери губернаторы кеңсесінің Семей почта-телеграф конторының бастығына 1903 жылғы 10 апрельде жолдаған № 96 хаты.

Мен Семей полицеймейстеріне Сіздің мекемеңізде Ақмола облысындағы почтаға үстіміздегі жылдың 7 мартында өткізілген заказды хаттың онан Семейде нақ қай Құнанбаевтың атына қабылданғанын анықтауды тапсырдым.

Осы айтылғанды хабарлай отырып, Сіздің мархабатыңыздан өзім саяси іс жөнінде тексеру қарекетін жүргізуді тапсырған Семей полицеймейстеріне оның қажетті анықтаманы кідіріссіз алуына жәрдемдесуді өтінемін.

Сонда, 29-парақ.

 

 

12. Семей облысы әскери губернаторы кеңсесінің Семей оязына 1903 жылғы 18 апрельде жолдаған 111 хаты

 

Мүлдем құпия

 

Ақмола облысының Көкшетау қаласынан үстіміздегі жылдың 7 мартында Семей қаласына Ибрагим Құнанбаевтың атына заказды хат жөнелтілді, ал осыдан кейін Семей почта-телеграф конторы 18 мартта бұл хатты Арқат почта-станциясына жеткізген.

Қазір қырғыз халқының арасында үкіметке қарсы пікір-әрекеттердің таратылуы жөнінде жүргізілген тексеруге және жоғарыда айтылған хаттың, сондай-ақ жалпы алғанда Ибрагим Құнанбаевқа келетін хаттардың мазмұнын анықтау қажеттігіне байланысты, сіздің мархабатыңыздан, Ертіс өзені арқылы өткел салынып болысымен-ақ дереу осы аталған Құнанбаев тұратын жерге аттануды, онда мұқият тінту жүргізуді, бұл жөнінде прокурорлық қадағалау жүргізетін адамға хабарлауды және Құнанбаевтан алынған барлық хаттарды маған табыс етуді ұсынамын.

Сонда, 42-парақ.

 

13. Семей полицеймейстерінің Семей облысының әскери губернаторына 1903 жылғы 11 апрельде жолдаған № 48 рапорты

 

Қ ұ п и я

Осы жылғы 10 апрельдегі № 97 жарлықты орындай отырып, Сіздің хұзырыңызға жоғарыда айтылған жарлыққа сәйкес жасалған протоколды табыс етемін.

Сонда, 43-парақ.

 

14.   Протокол

1903 жылы 10 апрель күні Семей полицеймейстері міндетін атқарушы Семей облысы әскери губернаторы мырзаның осы жылғы 10 апрельдегі № 97 ұсынысына байланысты, жергілікті почта-телеграф конторында осы жылға 7 мартта Ақмола облысынан Құнанбаевтың атына жөнелтілген заказды хат туралы анықтама алдық, былай болған: Көкшетаудан Ибрагим Құнанбаевтың атына жіберілген № 802 заказды хат 14 мартта алынған және 18 мартта иесіне беруге ең жақын жер Арқатқа жеткізілген. Адресатқа және осындай фамилиясы бар адамдарға арналған басқа хаттар табылмады. Қаулы еттік: бұл туралы осы протоколға енгізілсін.

Полицеймейстердің міндетін

         атқарушы

(қолы)

 

Анықтама. Шыңғыс болысының қырғызы болып аталатын Ибрагим Құнанбаев өзі тіркелген орында тұрады, бұл туралы осы жылғы 10 апрельдегі баяндау хатта айтылды.

Сонда, 44-парақ.

 

15. Семей облысының әскери губернаторына Семей полицеймейс-терінің 1903 жылғы 10 апрельдегі баяндау хаты

Сіздің өзіңіздің жарлығыңыз жөнінде Сіздің Хұзырыңызға мынаны баяндағым келеді: Құнанбаев деген фамилиядағы қырғыздардан Семей қаласында 1 — кластың гимназисі 12 жасар Нұғымат деген бар, ол Шыңғыс болысының қырғыздарынан шыққан. Оның туысқаны Ибрагим Құнанбаевтың қырғыздар арасындағы ықпалы зор және ол сол болыста тұрады. Тағы бір Құнанбаевтар 2-ші бөлім ауданындағы Өрттітөбедегі Жанпейіс Жансариннің ауылында тұрған, ал қазір Өскемен уезінің Шар болысындағы Бесқұм деген жерге көшкен. Олар әртүрлі сылтау тауып, мұнда жиі болып тұрады. Олардың көшіп барған ауылы осыдан 80 шақырым жерде. Соңғы Құнанбаевтар да қырғыздардың арасында ықпалды және беделді.

Полицеймейстердің міндетін

атқарушы

(қолы)

Сонда, 45-парақ.

16.  Семей облысының әскери губернаторына Семей оязының 1903 жылғы 27 апрельде жолдаған № 48 құпия рапорты

Сіздің 1903 жылғы 18 апрельдегі № 111 ұсынысыңыз жайында хабарлаймын: Ертіс өзені арқылы өткел 23 апрельде қалпына келтірілген сәтте-ақ мен Шыңғыс болысындағы Құнанбаевтың аулына аттандым, онда 25 апрельде күндізгі сағат 12-де келіп, сол болыстың қырғызы Ибрагим Құнанбаевтың қыстауында да, сондай-ақ оның өзінің және балалары Мағауия мен Тұрағұл Ибрагимовтардың қыстаққа жақын жерге орнатылған үш киіз үйінде мұқият тінту жүргіздім. Тінту кезінде Құнанбаевтың және Ибрагимовтардың толып жатқан сандықтарынан, үй-жайларынан табылған барлық хат-қағаздарды тартып алдым.

Осыған қосылған, айрықша мұқият жабылған, Семей уезі басқармасының және тінту кезінде куәгер ретінде қатысу үшін өзім шақырған Шыңғыс болысының мөрлері соғылған пакетке салынған бұл қолжазбалар мен хаттарды құпия іске және осы жөніндегі көптеген қаулыларға қосып Сіздің Хұзырыңызға жолдап отырмын.

Пакетке салынған хат-хабарлардың ішінде Көкшетаудан келген, Ибрагим Құнанбаевқа беймәлім адамның Семей уезінің қырғыздарын да Ақмола облысындағы осындайлардың қырғыздар үшін мұсылман Мухамбет дінінің айрықша жиынын құру жөнінде үкімет алдында жасаған ұсынысын қолдап, мәселе көтеруді өтінген бір хаты бар.

Құнанбаевтың берген түсініктемесіне қарағанда, ол беймәлім адамнан келген бұл заказды хатты мұнан 2 ай бұрын Арқат почта бөлімшесінен алған да, сонсоң осыдан екі күн бұрын, яғни 23 апрельде Құнанбаев ол хатты өзінің ұлы Тұрағұлға берген, ал ол оны Шыңғыс болысына «шылым орауға» берген. Менің нақ осы жерде тұрған болыс Рызықбай Құдайбердинге: Тұрағұлдан хат алдың ба, егер алсаң, ол қазір қайда және оны маған дереу бер деген сұрағыма,- Құдайбердин, сірә, сасқалақтап, менің сұрауымды түсінбегенсіп, мүләйімси қалды да, тілмаш арқылы: Немене? Қандай хат? Ол неге керек?-деген сияқты сұрақтар қойды. Мұндай түсінбегенсіп, мүләйімсуін тыйдым да, болыстың өзін тінтіп, оның киіп жүрген ішкі бешпетінің қалтасынан қажетті хатты тауып алдым. Бұл хаттың Құдайбердиннен табылу себебін мен былайша түсінемін: Құнанбаевтың ұлы Тұрағұл басқа жаққа шығуына мен тыйым салған өзәкесі қыспаққа түскенде Көкшетаудан хат алғанын мойындауға мәжбүр болады деп ойламай, менің басқа бір нәрсемен айналысып жатқандағы сәтімді пайдаланып, хатты тығып қою үшін жасырын түрде болысқа берді,  мұнда ол мені қызмет адамын, оның үстіне бұл куәгер ретінде шақырылып отырғанда тінте қоймас деп үміттенді. Ақыр соңында болыс та мұнан 2 күн бұрын өзіне Тұрағұлдың «шылым орауға» хат бергенін растады,- бірақ бұл түсініктемеге, менің пікірімше, ешбір сенуге болмайды.

Қорытындысында, Сіздің Хұзырыңызға мынаны баяндаймын: Көкшетаудан 1903 жылы 7 мартта Ибрагим Құнанбаевтың атына жолданған және Семей почта конторы оны иесіне табыс ету үшін Арқат почта станциясына жөнелткен хатты мен Арқат почта бөлімшесінің бастығынан 22 апрельде алған телеграммаға қарағанда, Құнанбаев әлі де алған жоқ және біз оны айрықша жарлық алғанша ұстай тұрамыз. Бұл хатты талап ету туралы Сіздің Хұзырыңыздың нұсқауын сұраймын.

Уезд бастығы Навроцкий (қолы)

Сонда, 52, 70-парақтар. 

Көшірме

17.  Қ а у л ы

 

1903 жылы 25 апрель күні мен, Семей уезінің бастығы Навроцкий, Семей облысының әскери губернаторы Хұзыры мырзаның 1903 жылғы 18 апрельдегі № 111 ұсынысын орындау үшін Шыңғыс болысының қырғызы Ибрагим Құнанбаевтың аулына келдім және губернатор мырзаның жоғарыда айтылған ұсынысына сәйкес Құнанбаевтың қарамағындағы қыстау мен киіз үйлерде мұқият тінту жүргіздім, Құнанбаевтан және оның балалары Мағауия мен Тұрағұлдан табылған хат-хабарларды тартып алып, оларды куәгерлер: Шыңғыс болысы Рызықбай Құдайбердин мен Уезд басқармаларының хат жүргізушісі Оспановтың көзіне айрықша пакетке салып, Семей уезі басқармасының және Шыңғыс болысының мөрлерімен бекіттім, хат-қағаздар салынған пакетті Әскери  губернатор   мырзаның  Хұзырына табыс етуге қаулы шығардым. Ибрагим Құнанбаевта   тінту   жүргізген    кезде   одан    Көкшетаудан қандай да болса хат алдыңыз  ба деп қойған  менің сұрағыма Құнанбаев биылғы қыста, мұнан   екі   айға жуық уақыт бұрын Көкшетаудан беймәлім адамның жауап хатты Зеит Башировтың атына жолдауды өтінген   заказды   хатын   алдым деп   жауап   қайтарды. Беймәлім адам бұл хатта Семей уезіндегі қадірменді адам ретінде Құнанбаевтың қырғыздары айрықша мұхамбет діни жиынын құру жөнінде өкімет   орындары алдында ұсыныс жасап   мәселе көтеруге өз жәрдемін көрсетуін сұраған. Менің сол хатты маған бер деп қойған талабыма Құнанбев ол хатты мұнан екі күн бұрын өз ұлы Тұрағұлға бергенін айтты. Нақ сол жерде тұрған оның ұлынан өзіңе әкең берген хат қайда деп сұрағанымда, ол мұны Шыңғыс болысы Рызықбай Құдайбердинге бергенін айтты, ал ол тінту кезінде соның қалтасынан табылған  болатын.  Бұл   хат тінту  кезінде Құнанбаевтан табылған өзге хат-қағаздарға қосылып жалпы пакетке салынды. Ибрагим Құнанбаевтың ұлы Тұрағұл Ибрагимовтан сұрағанымызда ол әкесінен алған хатты бұған әкесі де, өзі де ешқандай мән бермегендіктен басқа мақсат үшін емес, «шылым   орауға» жарату үшін жақында   Шыңғыс   болысына   бергенін айтты. Ибрагим Құнанбаев Көкшетаудан алған заказды хаттың конвертін сақтамаған. Жоғарыда баяндалған жайттарды осы актіге жазуға және бұған қатысушылардың қол  қоюларына ұсыныс жасауға қаулы алынды. Бұл акт осында қатысқандарға оқылды және тінту кезінде Құнанбаевтан алынған хат-қағаздар салынған пакет солардың көзінше мөрлеп жабылды.

Түпнұсқаға Семей уезі бастығы Навроцкий, Ибр. Құнанбаев, Мағауия Ибрагимов, Тұрағұл Ибрагимов, Шыңғыс болысы Ризықбай Құдайбердин қол қойды. Тінту және хат-қағаздарды алу кезінде Семей уезі басқармасының хат жүргізушісі Омарбек Оспанов қатысты.

Сонда, 53-парақ.

 

18. Томскіден Семей губернаторына 1903 жылғы 24 апрельде жіберілген телеграмма.

 

Құнанбаевтың хатын беру туралы бас басқарманың рұқсатын сұраймын.

Сонда, 55-парақ.

19.  Семей облысы әскери губернаторының Ақмола облысының әскери губернаторына 1903 жылғы 2 майдағы № 132 құпия хаты

 

Сіздің Хұзырыңыздың осы жылғы 9 апрельдегі телеграммаңызға сәйкес, осыған Семей полицеймейстерінің осы жылғы 10 апрельдегі протоколынан көшірмені, Семей уезі бастығының осы жылғы 25 апрельдегі Шыңғыс болысындағы қырғыз Ибрагим Құнанбаевқа тінту жүргізу туралы түпнұсқа қаулысын (протоколын) және тінту кезінде Құнанбаевтан алынған хат-қағаздарды айрықша бекітілген пакетке салып жолдап отырмын. Сіздің Хұзырыңызға мынаны хабарлаймын: Көкшетаудан Ибрагим Құнанбаевтың атына жөнелтілген және онда қолхат алып 7 мартта почтаға тапсырылған заказды хат осы кезге дейін Семейден жіберілгеннен кейін Арқат почта-телеграф станциясында жатыр.

Семей уезі бастығының бұл хаттың иесіне берілгені және берілмегені болса, кідірте тұру туралы телеграммасына бұл айтылған почта-телеграф конторының бастығы былай деп жауап қайтарды: «Округ бастығына. Жарлық алғанға дейін ұстай тұрамын. Почта-телеграф округінің бастығына менің сол аталған хатты беру жөнінде жарлық шығаруды өтініп берген телеграммама ол осы жылғы 25 апрельде былай деген хатпен хабарлады: «Бас басқарманың бастығы № 868 телеграммамен Сіздің Хұзырыңыздың өтінішін  орындауға болмайды, өйткені хат-қағаздарды алу қылмыстық істер соты уставының 1035-пунктінің 368,1 және 7-ережелері бойынша жүргізіледі».

Осыларды сіздің Хұзырыңызға баяндай отырып, Арқат почта-телеграф бөлімшесінен жоғарыда айтылған хатты алу туралы менде ұсыныс жасау үшін деректер жоқтығын, ондай істі көтермей отырғанымды хабарлаймын.

Ал Черманов пен Кенчиновті тінтуге келетін болсақ, бұл жөнінде жарлық әзірленген, уезд бастығынан орындау туралы хабар алынбаған.

Сонда, 56-парақ.

20.  Генерал-губернатор Сухотиннің Петербургтен Семей губерна-торына 1903 жылғы 21 майда берген № 1003912 телеграммасы

 

Арқат почта конторында Көкшетаудан Қосшығұловтан Ибрагим Құнанбаевтың атына келген хат бар. Зиянды үгіттің тоқталуына байланысты, Құнанбаевтың парасатты, түсінетін адам екенін білетіндіктен уезд бастығына немесе көмекшісіне Құнанбаев хатты алған кезде болуды және оны Сізге табыс етуді тапсыруыңызды сұраймын.

Сонда, 63-парақ.

21.  Арқаттан Семей губернаторына 1903 жылғы 28 майда жіберілген 40 телеграмма

Арқат бөлімшесінің бастығы округ бастығының рұқсатынсыз Құнанбаевтың хатын бермейді. Беру жайында жарлық сұраймын.

Арқат почта-телеграф бөлімшесінің бастығына.

Құнанбаевтың атына келіп, тоқтатылып қойған хатты иесіне беруді ұсынамын.

Сонда, 64-парақ.

22.   Семей оязының Семей облысының әскери губернаторына 1903 жылғы 1 июньдегі № 48 құпия рапорты

Өткен 22 майдағы № 144 ұсынысқа сәйкес менің көзімше Ибрагим Құнанбаев Арқат почта бөлімшесінен өзінің атына Көкшетаудан келген № 802/87 заказды хатты алды және оны маған берді.

Мен пакетті ашқанымда онда қырғыз тілінде жазылған, «Бейшарабень-адам», яғни «мен пақыр» деген ұғым беретін қол қойылған хат бар екен, бұл хатта жазған жазу мен 25 апрельде Құнанбаевты тінткенде табылған, Сіздің Хұзырыңызға 1903 жылғы 27 апрельде № 48 рапортпен жөнелтілген хат-қағаздардың ішіндегі хатты жазған жазу өте ұқсайды.

Арқатта Құнанбаевтан алынған хатты ол салынған конвертке қоса Сіздің Хұзырыңызға табыс етемін.

Сонда, 67-парақ.

 

23. Дала генерал-губернаторы кеңсесінің Семей облысының әскери губернаторына 1903 жылғы 21 июньде жолдаған № 3019 хаты 

Өлкенің бас бастығы мырзаның бұйрығы бойынша, Кеңсе өте қысқа уақыттың ішінде Ибрагим Құнанбаевтың атына Көкшетау қаласынан Шаймерден Қосшығұловтан Арқат почта-телеграф конторы арқылы жіберілген хатты алуы туралы іс бойынша Дала генерал-губернаторының 1903 жылғы 21 майдағы № 356 телеграммасы жөнінде не істелгенін хабарлауды өтінеді.

Сонда, 72-парақ.

24.  Дала генерал-губернаторының кеңсесіне губернатор міндетін атқарушы Ницкевичтің 1903 жылғы 10 июльдегі жолдаған № 169 хаты

Осы жылғы 21 июньдегі № 3019 хатыңызға жауап ретінде Кеңсеге мынаны хабарлаймыз: Ибрагим Құнанбаевқа Арқат почта-телеграф станциясы арқылы жөнелтілген Шәймерден Қосшығұловтың хатын Құнанбаев Арқатқа командировкаға келген Семей уезі бастығына өз еркімен берді. Конвертіне қоса бұл хатты мен осы жылғы 3 июньдегі № 151 қатынас қағазымен Ақмола облысының әскери губернаторына жолдадым.

Сонда, 73-парақ.

25.  Дала генерал-губернаторы Сухотиннің 1903 жылғы 1 августағы жолдаған № 124 хаты

Мархабатты тақсыр Николай Федорович.

Сіздің Хұзырыңыздан менің Кеңсеме биылғы 10 июльде жолданған № 169 Шәймерден Қосшығұловтың қырғыз Ибрагим Құнанбаевқа жіберген хаты жөніндегі қатынас қағаздан Құнанбаевтан осы аталған хатты тартып алу үшін өзіңіз жұмсаған Семей уезінің бастығы Навроцкийдің бұл тапсырманы әбден ойдағыдай орындағанын ескере отырып, Сізден Коллегиялық Кеңесші Навроцкийге менің алғысымды жариялауыңызды өтінемін.

Сонымен бірге Сіздің Хұзырыңыздан Құнанбаевтың жеке өзі жөнінде мүмкіндігінше толығырақ мағлұматтар жинап, маған жеткізуіңді сұраймын.

Өзіңізді құрметтеуші Николай Сухотин.

Сонда, 74-парақ.

26. Ницкевичтің И. С. Навроцкийге 1903 жылғы 22 августа жолдаған № 197 хаты

Мархабатты тақсыр Иван Станиславич

Өлке бастығы мырза, менің жазған хатымнан Петропавл қаласынан Қосшығұловтың қырғыз Ибрагим Құнанбаевқа жолдаған хаты жөніндегі Сізге өзім айтқан тапсырманы ойдағыдай орындағаныңызды біліп, менен Сізге Оның Хұзырының алғысын жариялауды сұраған.

Өзіме жүктелген тапсырманы шын көңіліммен орындап, Сізден шын құрметімді қабылдауыңызды өтінемін.

Сонда, 75-парақ.

 

27.  Губернатор кеңсесінің Семей оязына 1903 жылғы 22 августа жолдаған № 200 хаты

 

Өлке бастығының талап етуі бойынша Сіздің Хұзырыңыздан Шыңғыс болысының қырғызы Ибрагим Құнанбаевтың жеке өзі туралы мүмкіндігінше толығырақ мағлұматтар жинап, маған табыс етуіңізді сұраймын.

Сонда, 76-парақ.

 

28. Семей оязының Семей облысының әскери губернаторына 1903 жылғы 26 августа жолдаған № 48 құпия рапорты

1903 жылғы 22 августағы № 200 ұсынысыңыз жайында Сіздің Хұзырыңызға Шыңғыс болысының қырғызы Ибрагим Құнанбаевтың жасы 60-та екенін, 3 әйелі барын, олардан 20-ға жуық балалары барын, 1000 жылқысы мен 2000 қойы барын, оның өте білімді және ақылды адам екенін, Шыңғыс болысы болып 2 рет үш жылдан және үш рет үш жылдан істегенін, сонсоң бір рет 3 жыл бойына үкіметтің тағайындауы бойынша Мұқыр болысы болып істегенін хабарлаймын. Құнанбаевтың қызметінде парасаттылық пен жігерлілік, үкіметке берілгендік және ұлтшылдықтың жоқтығы көзге түсті. Мысалы: Құнанбаевтың бір ұлы Михайловск артиллерия училищесінің курсын аяқтағаннан кейін офицерлер қатарына қосылды, Түркістан округінде қызмет атқарып жүріп қайтыс болды, қызы   қырғыздар интернатында оқып, оның курсын аяқтады, қазір күйеуде. Қалған ұлдарының бәрі орысша сөйлеп, жаза алады, оларды әкесінің өзі оқытады. Құнанбаевтың өзі кітаптар, газеттер мен журналдар алдырады, орыс әдебиетіне ынта қояды. Бұрынырақта Семей уезіндегі және көршілес уездердегі қырғыздардың арасында Құнанбаевтың беделі өте зор болды, бірнеше рет «Төбе би», яғни болыстар арасындағы дауларды шешуші болып сайланды, бұл қырғыздар арасында ең жоғары құрмет болып саналады және сайланған судьяның адалдығына сенім көрсетіледі. Қазір Құнанбаевтың беделі бұрынғысындай күшті емес, ол қартайған, іске араласпайды, тыныш   та жайлы өмір сүруде, тікелей өзіне қатысы жоқ істерге өте сақтықпен қарайды, яғни өз болысында да, сондай-ақ көрші болыстарда да ешқашанда   партияларды  басқаруға  бармайды, ал партиялардың басшылары онан кеңес сұрайды. Саяси жағынан алғанда, мен оны ақылды адам деп, фанатик емес деп санаймын, мұсылман билеп-төстеушілерінің қаракеттеріне араласпайтын, сенуге болатын адам деп  санаймын. Өзімен әңгімелескен кезде Құнанбаев өз пайымдауларында мемлекеттік мүдделерді толық түсінетінін және Россияның Азиядағы иемденуіндегі жерлерде мәдениетті қызмет атқаруына дұрыс көзқарасын көрсетті, фанатик мұсылмандардың үкіметке қарсы әрекеттерін   ашу-ызамен айыптады. Жалпы алғанда Құнанбаевтың өзі саяси  тұрғыда   ешқандай қауіп тудырмайды.

Сонда 85-96- парақтар.

Істің 88-89 парақтардағы Семей облысының әскери губернаторының Дала генерал-губернаторына 1903 жылғы 23-сентябрьде жолдаған № 206 құпия хаты да нақ осы мазмұнда.

29. Семей губернаторының Семей оязына 1903 жылы 7 ноябрьде жолдаған № 254 хаты

Үстіміздегі жылы 25 апрельде Ибрагим Құнанбаевты тінткенде Сіздің алған және биылғы 25 августағы № 48 рапортқа қосып берген хат-қағаздар бір хаттан басқасы (сірә, Көкшетау қаласынан келген) семья ішінде жазысқан хаттар болып шықты (сол хат «Ассалаумағалейкүм. Аса құрметті де қадірмен Ибрай мырза» деген сөздермен басталып, татар тілінде жазылған). Қазір тексеру жүргізіп жатқан іспен байланысты деп алынған бұл хатты басқа да хат-қағаздармен бірге иесіне беру үшін Сіздің Хұзырыңызға жіберіп отырмын.

Сонда, 94-парақ.

30. ЪАқмола облысы әскери губернаторының Семей облысының әскери губернаторына 1903 жылғы 28 октябрьде жолдаған № 2176 құпия хаты

 

1903 жылғы 2 майдағы № 132 хабарға қоса жіберілген пакет және менің жанымдағы айрықша тапсырмалар жөніндегі кіші чиновник Яхонтовтың жасаған протоколының көшірмесі тиісті жарлықтар беру үшін жөнелтіліп отыр.

Сонда, 95-парақ.

Көшірме

 

31.  Протокол 

Семей әскери губернаторы мырзаның 1903 жылғы 2 майдағы № 132 хабарына қосылған, қырғыз Ибрагим Құнанбаевты және Шыңғыс болысы Рызықбай Құдайбердинді тінткен кезде табылған хат-қағаздар салынған айрықша пакетті қараған кезде «Ассалаумағалейкүм, аса құрметті де қымбатты Ибрай мырза» деп басталатын, татар тілінде жазылған конвертсіз хат табылды. Хаттың ортасында «халық өкілдік берген сайланған адамның сенімі көрсетіледі деп,  біздің шариғат бойынша сенімімізді қорғау жөнінде ұсыныс жасауға право беріледі» дей келіп, хат былай аяқталады: «Ақмола облысының Көкшетау қаласында «Зиэту немесе Зияда» қырғыздар мешітінің жанындағы мектепке «нақ сол жерден біз алатын боламыз». Қырғыз халқын дүрліктіруді көздеген насихатқа бұл хаттың қатысы бар деп тауып, мен оны № 132 пакеттен алуды, ал қалған хат-қағаздарды семья ішінде жазысқан хаттар ғана деп санадым. Түп нұсқаға айрықша тапсырмалар жөніндегі чиновник Яхонтов және аудармашы міндетін атқарушы И. Безверхов қол қойған.

Сонда, 96-парақ.

Республикамыздың Орталық Мемлекеттік архивінде сақталған осынау документтердің мәнісін түсіну үшін Көкшетаудан әр тарапқа хат жазып, полицияны дүрліктіріп жүрген Қосшығұлов кім? Көкшетау, Ақмола, Омбы, Петербург, Семей арасындағы дүбір туғызып, «Шыңғыс болысының қазағы Ибрагим Құнанбаевтың» атын шулатып өзін тыңшылық жолмен тергеуге душар етіп, ауылында, үй ішінде патша ұлығының тінту жүргізуіне, Абай мен оның балаларынан, болыс Ризықбайдан жауап алуына себепші болған жұмбақ хат неғылған хат? Ол хат бар ма, бар болса, айтары не? Бұл дүрлігістің ақыры немен тынған? Архив қоймасында сақтаулы бұл документтерден сол кезеңге байланысты, Абайға қатысты нендей тұжырымдар жасауға болар еді? Әлбетте, мұның бәрі абайтану ғылымының, Абай дәуірін, Абай өмірі мен творчествосын түбегейлі зерттеушілердің еншісі болуға керек. Ал, біздер, архив мекемесінің қызметкерлері, архив қоймасында сексен жылдан астам жатқан осынау документтерді жұртшылық назарына, әсіресе зерттеуші ғалымдар игілігі үшін жарыққа шығара отырып, кейбір топшылау толғамдарды айта кетуді мақұл көреміз.

Архив документтерінің мазмұнына қарағанда, өткен ғасырдың 90-жылдарының аяқ кезінде, ғасырымыздың бас кезінде қазақ өлкесін уысында берік ұстау үшін оны басқару жөніндегі патша үкіметі жаңа тәртіптер енгізіп, бұның бір ұшығы дін мекемелері мен мектептерді де қамтыған. Петропавл, Көкшетау, Павлодар өңірінде мешіттер жабылып, молдалардың мұсылман дінінің заңы — шариғат жолымен қызмет атқаруына тыйым салынған. Мұндай әрекеттер кезінде ел ішінде едәуір дүмпу туғызып, Омбы мен Петербургке дейін арыз-шағымдар көбейген.

Мәселен, 1903 жылы Көкшетау уезінен Петербургке Ішкі істер министрінің атына жолданған бір арызға былай деп жазылған: «…енді 1901 жылдан бері тыныштықтан айрылдық, пәлеге душар болдық. Мұның себебі, аталмыш жылдың 19 сентябрь күні Троицкий дейтін ояз Көкшетау өңіріндегі жеті болыс елдің болыстары мен билерін съезге жинап алып, мынадай жарлық оқыды, «сендер, қырғыздар, бұрын мұсылман дінінің заңы — шариғат бойынша өмір сүріп келген едіңдер, мұның өзі әбден ескірген устав… Енді шариғат заңын уағыздаушы молдалар жауапқа тартылады, бұдан былай билер бата береді, старшындар неке қияды» дегенді айтты. Мұны естіген қырғыз халық күңіреніп кетті…» (Қазақ ССР ОМА, 64-қор, 1-тізім, 938-іс, 137-парақ.)

Ішкі істер министрлігінен тартып, губернатор, ояз, крестьянский начальник сияқты алуан шенді патша ұлықтары ел ішінен бас көтерген мұндай үнге өте-мөте үрке қараған, өкімет орындарының жаңа тәртібіне қайшы әрекеттер жасап, қарсы пікір айтушыларды қуғындап қатаң жазалап отырған. Қалың қазақ жұртының тіршілігі мен тағдырына қатысы бар қысталаң шақта ел ағасы деп санап Семейдегі Абайға почта арқылы хат жолдаушы осындай патша әкімдерінің қыспағына қарсы үн көтерген –Көкшетау мешіті жанындағы интернат мұғалімі Шәймерден Қосшығұлов.

Полиция Көкшетау мешіті жанындағы интернаттан, оның   шәкірттерінің қолынан гектографқа басылған, арабша жазылған жүзден астам қолжазба кітапшалар тауып алған. Осыған байланысты Көкшетау мешітінің молдасы Наурызбай Таласов пен оның көмекшісі, интернат мұғалімі Шәймерден Қосшығұловты абақтыға жауып, тергеуге алған. Ибрагим Құнанбаев есімінің полиция тізіміне ілігіп, тергеуге, тінтуге душар болып жүргені нақ осы Қосшығұлов ісіне байланысты. Көкшетау молдасы Наурызбай Таласов, оның көмекшісі, мешіт жанындағы интернат мұғалімі Шәймерден Қосшығұлов және басқа болыс, би, молдалар патшалық Россияның отаршылдық озбыр саясатына   қарсы сол кезде қазақ қауымы ортасында белең алған азатшыл, демократияшыл үнді тұтас қазақ   өлкесін   қамтитын дербес діни ұйым құрып, оны мүфтиға бағындыру дейтін панисламистік ұранға қарай жетектеуді көздеген. Өз қимыл-әрекеттерінің пәрменділігін, ықпалын арттыру үшін олар Ибрагим Құнанбаев сияқты жалпақ  қазақ  жұртына құрметті, беделді адамдарға да иек артқысы келеді.

Архив документтеріне зер сала қарасақ, қазақ жұртының сол кезеңдегі   саяси-әлеуметтік ахуалы, жеке адамдардың қоғамдағы   орны мен праволары, патша әкімдерінің құлық-әрекеті жайлы әралуан пікір түйіндеуге болады. Бұл деректердің өте-мөте құндылығы Абайдың өз заманындағы қоғамдық ролі, тек Шыңғыс өңірі ғана емес, байтақ қазақ өлкесінің алуан түкпіріне атақ-даңқы жеткен ел ағасы есебіндегі беделі жайында куәгер деп бағалауға болады. Патша үкіметінің әкімшілік органдарының іс қағаздарына топтасқан осынау бір шоғыр документтерінің ішінде, біздіңше, өте-мөте екі документтің мазмұны алабөтен қымбат, берер мағлұматы бағалы екені даусыз. Біріншісі — Семей облысы әскери губернаторының 1903 жылғы 23 сентябрьде жазған Ибрагим Құнанбаев жайлы сипаттамасы десек, екіншісі Семей уезі бастығының сол жылғы 25 апрельде Абай ауылында қолма-қол жазған қаулысы дер едік. Соңғы документтің мазмұнымен қоса біздер үшін де, болашақ үшін де өте-мөте қасиетті ыстық бағаланатын және бір айрықша сипаты — онда атақ-даңқы, асыл мұрасы заманнан замандарға асқақтай көтерілген заңғар Абайдың, дана Абайдың «Ибр. Құнанбаев» деп орысша жазған өз қолтаңбасының сақталғанында.  Бұл қолтаңба «Орыстың ғылымы, өнері — дүниенің кілті… барыңды салсаң да балаңа орыстың ғылымын үйрет» деп өсиет айтқан Абайдың, Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын сүйіп оқып қана қоймай, ең алғаш қазақшаға аударып, қазақ сахарасына таратқан Абайдың, өз кезінде орыс тілінде шығып тұрған көптеген газет-журналдарын жаздырып алып оқыған Абайдың өз басының орысша сауаты, орысша әріптерді әліптеу мәнері жайында бұлтартпас дәлел болатын тарихи, ғылыми баға жеткісіз дерлік айғақтың бірі десек артық айтқандық болмайды.

Ал жоғарыда аталған әскери губернатор кеңсесінің ресми мінездемесі Абайдың тіршілік қалпы, кәсібі, қызметі, ел ішіндегі алар орны, өмірге көзқарасы, семья жағдайы, балаларының тәрбиесі мен сауаты жайлы мағыналы мағлұматтар береді. Архивте сақталған осы және басқа нақты документтерді ақынның шығармаларымен қабыстыра қараған кезде «соқтықпалы, соқпақсыз кезде өскен», «мыңмен жалғыз алысқан», «қазағым, қалың елім, қайран жұртым» деп толғанған азамат ақынның шиыр-шырғалаңы қат-қабат өрелі өмірінің өзекті соқталары сүлеленіп шыға келеді.

Бұл документтен Абайдың әр нәрсенің ұшығына жетпей жатып шешім қабылдамайтын сақ әрі сабырлы мінезі, қиын-қыстау, тар жерде де сырбаз мінез танытып, оңды, ұтымды жол таба білетін, сергек те тапқыр ақылы, қалың қауым, қоршаған орта, лауазымды шен-шекпенді адамдар арасында да, ағайын-туыс айналасы мен балаларының алдында да риясыз беделді, айбынды қияпаты көрініс береді. Абайдың өз кіндігінен туған бел балалары Тұрағұл мен Мағауия сөздері мен әрекеттері де, «әке көрген оқ жонар» демекші, оңтайлы, көңілге қонымды: сасқалақ, ұшқалақ емес, үрейшіл, ынжық емес, ел қадірлеген әкеге лайық тәлім-тәрбие алған абзал азамат нышанын аңдатады.

Архив документтеріне қарағанда, Көкшетаудан белгісіз адамнан Абай атына екі хат келгені байқалады. Біріншісі — әлгі 25 апрель күні ояз тінту жүргізіп, Ризықбай болыстың қалтасынан тауып алған хат. Бұл кезде, полиция тұтқындаған Қосшығұловтан табылған квитанция бойынша дерегі мәлім болған 7 мартта Көкшетаудан жіберілген екінші хат Абайдың қолына әлі жетпеген, Арқат почта-телеграф кеңсесінде «тұтылып» жатқан. Бұл хатты кейіннен  Семей оязының өзі әдейі ілесе келіп, көзбе-көз қарап тұрғанда табыс етіліп, Абай оны оқып шыққан соң конвертімен қоса оязға қолма-қол берген. Ал бірінші хаттың конверті, Абайдың айтуынша — «сақталмаған», жоғалған. Архив документтерінің ішінен бірінші хаттың арабша жазылған түпнұсқасы да, тілмаш аударған орысша нұсқасы да әлі күнге таптырмай жүр. Ал екінші — Абайға Семей оязының көзінше табыс етілген хаттың орысша аударылған нұсқасы қолда. Оның қазақшаға тәржімалағандағы мазмұны мына төмендегідей:

«Ассалаумағалейкум.

Жоғары мәртебелі, аса құрметті, жұрт ардақтайтын Ибрагим мырза.

Сізге Ақмола облысының барша 5 уезінің қадірмен адамдарының атынан өкілдік алып жазып отырмын.

Мұндағы қазақ халқының мұқтаждық хал-жағдаяты 15 майдан әрмен қарай мағлұм болмақшы, өйткені жиналған малды сатуға тура келеді.

Халық қамқоршысы ретінде Сізден еш хабар-ошар ала алмадық, ал Сізден әлдеқайда шалғайда жатқандар хабар беріп тұр. Жетісу облысында болатын кеңесті күтуліміз, әмбе тері-терсек сатылатын Семей жәрмеңкесінің өтетін мерзімін күтіп жүрген жайымыз бар; мерзімі әлі бұрынғыдай, жәрмеңкеден қазаққа келер пайда да шамалы, бұл жағын жұрттың бәрінен де өзіңіз жақсы білсеңіз керек-ті.

Баяғы дәурен өтті де, өлетін заман жетті де. Барлық жай-жапсарды айтып, ақылдасуға болар еді, амал не, қазақтың мүддесін шағып ойласуға кедергі жасап тұр ғой.

Хатты мына адреске: Көкшетау қаласы, қазақ мектебі, Абдулла Зиядуға тисін деп әдепкі жолмен жіберсеңіз аламыз. Хат жазушы мына мен пақыр әлі де көп нәрсе жазар едім, әзірше үндеместен осымен тәмам етейін.

1903 жылғы 6 март»

Бұл хаттан, сондай-ақ жоғарыда келтірілген документтерден туатын қорытынды — Абай туған өлке төскейінде болып жатқан өз заманындағы оқиғалардан әсте шет қала алмаған, қайта байтақ қазақ елінің алуан түкпірінде әрқилы топтың өкілдері оны ел қамын ойлайтын, қалың елге мұратты жол нұсқайтын сұңғыла ақылшы, ақ ниет қамқоршы есебінде қараған.

Еліміздің орталық архивтерінен соңғы кезеңде табылып жүрген Абайдың Сенатқа хаты («Қазақ әдебиеті», 1981 жылғы 24 апрельдегі санын қараңыз), 1876-1878 жылдардағы орыс-түрік соғысы кезінде жазған ашық хаты («Қазақ әдебиеті» газеті, 1963 жылғы 16 август) тәрізді документтерді былай қойғанда, республикамыздың орталық мемлекеттік архивінде әр түрлі істердің құрамында жүрген, жоғарыда келтірілген нақты деректерге қарағанда, Абайға байланысты архив деректері қыруар да, ақын өмірін зерттеушілер үшін қызғылықты да мағыналы екенін көрсетеді. Бұлар халқымыздың ұлы перзенті Абайға тікелей қатысты архив документтерінің басы да, соңы да деп қарауға әсте болмайды.

Түбегейлеп іздеушісі, зерттеушісі келіссе, республикамыздың архивінен де, Ленинград пен Москваның, Омбы мен Ташкенттің, басқа да қалалардың архив қазыналарынан да әлі де талай-талай құнды да мәнді документтер табылары кәміл. Бұл істе, әсіресе Қазақ ССР Ғылым Академиясының әдебиет және өнер институты белсенділік көрсетуі қажет-ақ.

Абай творчествосын зерттеу, талдау, халыққа таныту, тарату жөнінде қыруар іс тындырылғанын, Абай өмір баянының ғылыми желісін түзу жөнінде кезінде Мұхтар Әуезов баға жеткісіз зор еңбек атқарғанын мойындай тұрсақ та, Абай өмірін ғылыми тұрғыдан, нақты документтер негізінде түбегейлеп зерттеу шын мәніндегі ғылыми өмірбаянын тиянақтау ісі әлі күн тәртібінде тұрған борыш деп ұғуымыз ләзім.

 

[1] / Бас штабтың Ақмола облысындағы әскери генерал губернаторы, генерал-майор.

Қазақ ССР ОМА, 359-қор, 1-тізім, 871-іс, 192-бума 35-парақ