ЖАБАЛ ШОЙЫНБЕТ: АБАЙДЫ ТАНУ – ҚАЗАҚТЫ ТАНУ

– Жабал аға, Абай мұрасын, Абай өмірін қалың көпшілікке насихаттау, таныстыру қандай дәрежеде деп ойлайсыз?

– Қазақтардың қоғамдық ой санасында Абайды танудың, оны ақын және қоғам қайраткері ретінде танып білудің, әр кімдердің өзінше танып бағалаудың  алғашқы бастамасы Абайдың атқа мініп ел ісіне араласқан заманында-ақ белгі бере бастаған. Осы жерде мен сізге бір қызық ой айтайын. «Абайды өзі өмір сүрген кезде қазақ халқы жете түсінбеді» деген пікірлерді естіп қаламын. Меніңше, бұл дұрыс емес, ол қазақ халқын кемсіту секілді көрінеді. Сол кезде-ақ Абайды қазақ халқы өте сыйлаған. Қайта осы күні Абайды жете біле бермейтін сияқты көрінеді маған. Абай туралы небір «менмін» деген ақындар өлең шығаруда, солардың көпшілігі Абайды Жамбылдай түсіне алмаған, оқып көрейік:

Мынау тұрған Абайдың суреті ме?

Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне.

Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,

Қарсы келер Абайдың кім бетіне.

Көшпелі өмір болмысының ерекшелігіне орай, Абай туындыларының халық арасында таралу жолының үш жағдайда жүзеге аса бастағаны байқалады. Әуел баста, Абай өлеңдері ауызша біреуден біреу жаттап алып, әнге қосып насихатталып жатты. Екінші жағынан, ақын өлеңдері қолжазба түрінде біреуден біреу көшіріп алып, көзі қарақты санаулы сауатты адамдар арасында таралып жатты. Үшіншіден, ақын туындылары 1889 жылдан бастап баспасөз беттерінде әр қилы жағдайда басылым көріп жатса да, Абайдың көзі тірісінде өз атынан жарияланған емес. Осы себептен де болса керек, Абай өзі айтқан өлеңдерінің таралу кеңістігі жайында пікір білдіргенде:

       Арғын, найман жиылса

      Таңырқаған сөзіме, – деп көршілес отырған екі ру шеңберінде, яғни қоғамдық өмірде өзі араласып әрекет еткен кеңістіктен ары аспағанын меңзейді. Абайдың сөздерінің мән-мағынасының терең әрі түсінуге оңай емес екенін, сондықтан сан мәрте қайталасаң да артық етпейтіндігін айтып «Қазақтың бас ақыны» мақаласында Ахмет Байтұрсынов оқырманға ой салады:

 «1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес, олардың сөзінен басқашылығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін ойланып, дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағандығынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін біліп жазады». Абай шығармасының мән-мазмұнын түсінуде А.Байтұрсынов айтқан кемшіліктен әлі күнге арыла алмай келеміз, яғни оқырманды өз дәрежесінде даярлай алмай отырмыз. 

Биыл жүз жылдығын атағалы отырған қара сөздің хас шебері, жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» кітабында данышпан ақынның қасиетінің тағы бір қырын көрсетеді «Абай Құнанбаев сынды ұлы ақындардың мағынасы терең мұрасы бір кезеңнін, бір дәуірдің еншісінде қалмайды. Оған ауыспалы ұрпақтар өз көзқарасын білдіріп, өз бағасын бере жатады. Мазмұнды өмірбаянның мәністі творчествоның қыры мен сыры дәуірлердің барысында ашыла түседі».

Абай шығармалары туралы шынайы шындық  –  өзі өмір сүрген кезде де, одан кейін академик-жазушы Мұхтар Әуезов бастамасымен ғылыми жүйеге түсе бастау кезеңінде де және М.Әуезовтен кейінгі кезеңнен бүгінгі күнге дейін де Абайды қазақ ұлты, қазақ елі «Бас ақынымыз (А.Б.)» деп мойындауы көңілге қуаныш сыйлайды.  

Абайдың әр қырынан зерттеген соңғы жылдары шыққан еңбектер абайтануға жаңаша серпін әкелді деп сенімді айтуға болады, атап айтсақ; Зәки Ахметовтың, «Абай ақындық әлемі» (1994), Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың ақын шәкірттері» (Үш кітап: 1993, 1994, 1995), «Абайдың мұрагерлері» (1995), Ақжан Машановтың «Әл Фараби және Абай» (1994), Б.Әбдіғазиевтің «Абай дәстүрі және Шәкәрім Құдайбердиевтің поэзиясы» (1990), Ауданбек Көбесовтың «Абайтану дәрістері»  (2000), Қойшығара Салғараұлы «Таным баспалдақтары» (1993), Тұрсын Жұртбайдың «Күйесің, жүрек... Сүйесің» (2001), Бейсембай Байғалиевтің «Абайдың өмірбаяны архив деректерінде» (2000), Тұрсынжан Шапайдың «Шын жүрек – бір жүрек» (2000), Мақсат Әліпханұлының «Құттың кілті – кісілік» (1997), «Қазақ әдебиетіндегі адамгершілік ілімі» (2013), Сейдалы Оразалиевтің «Абай және Дауани», Ислам Жеменейдің «Хафиз және қазақ әдебиеті» (2000), Бауыржан Ерденбековтің «Абайдың әдеби ортасы» (2008), Марат Бекбосыновтың «Тәуекел мен батыр ой» (2010).

Профессор Мекемтас Мырзахметұлының есептеуінше ақын мұрасы жайлы жазылған, жарияланған, зерттеу жүргізілген әр түрлі сипаттағы деректер көзі қазіргі күнге дейін төрт мыңнан асқан.

 

Бізде әлі күнге дейін талапқа сай «Абайтану» оқулығы жоқ

– Абайтану оқулығын жазу туралы ой қалай басталды? Және бұл іс қалай жалғасын тапты?

– Абайтануды бастап берген ірі тұлға Мұхтар Әуезов университет қабырғаларында дәрістер оқумен ғана шектеліп, «Абайтану» деген оқулықты армандап, шығара алмай кетті. Еліміз тәуелсіздік алған соң, ғұламаның қызы Ләйлә Мұхтарқызы мен Мекемтас Мырзахметұлы Әуезовтың дәрістерін кітап етіп бастырып шығарды. Бізде әлі күнге дейін талапқа сай «Абайтану» оқулығы жоқ. Ең ұяты және масқара болғанда «Абайтану» деген ұлттық рухқа және жастар санасына өте қауіпті кітапты кришнаиттық көзқарастағы жат ағымдар қазақша шығарып, мектеп оқулығына енгізіп жіберді. Ол мектеп бағдарламасында төрт жыл оқытылды, айқасып жүріп, ақыры алдыртып тастадық. Енді осының орнын толтыру үшін ұлттық негізде жазылған «Абайтану» оқулығы шығу керек. Ал ол әлі күнге жоқ. Біз осыны тезірек қолға алуымыз қажет.

– Абайдың 1995 жылғы толық академиялық жинағын шығаруға жауапты хатшы ретінде қатыстыңыз. Бұл жинақтың жетістігі мен кемшілігі неде деп ойлайсыз?

– Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында құрамында академиктер С.Қирабаев, З.Ахметов, абайтанушылар Қ.Мұхамедханов, М.Мырзахметұлы, Ж.Ысмағұлов, Қ.Салғарин, Б.Байғалиев және өзім бар Абайтану бөлімі ашылды. Бес жылдан аса Мүрсейіттің үш қолжазбасынан бастап тоқсаныншы жылдарға дейін шыққан ақынның күллі жинақтарын сүзгіден өткізіп, ғылыми сараптама жүргізіп, Абайдың академиялық екі томдығын түсіндірмесімен қосып, қайта шығардық. Әр жинақта әр түрлі басылған мәтіндердің  қай басылымда екенін арнайы көрсеттік. Сондықтан келешек Абайды зерттеушілер ол өзгерістерді әр жерден іздемейді, біздің түсініктемелерімізге қарап, қорытынды шығарады. Жетік маман болса, одан әрі дамытып кетеді. Абайдың әзірге бір ізге түскен негізгі кітабы – осы. Бірақ мұның да алда жөндейтін жақтары бар. Мұндағы ең бірінші кемшілік неде? Абай араб, парсы, шағатай тілдерін түпнұсқадан оқыған. Біз сол түпнұсқадағы сөздердің мағынасын аударып беруде қатты қиналдық және сол бойынша кемшіліктер де кетті деп ойлаймын. Арнайы шақырған аудармашылар қазақ тілін жете меңгеріп қана қоймай, аударма жасап отырған сөзінің, яғни сол ұлттың сөз тариыхын да терең меңгерген болуы қажет. Бізде ондай әмбебап аудармашы жоқтың қасы екен.

 

 Абайды қаралаушылар

–  Сіз «Адасқан қазақтар» Абайдың шығармашылығын теріс түсіндірді деп көптеген мақала жаздыңыз. Мұндай ойға баруыңызға не себеп болды?

– Менің 19.02.2008 жылы сол кездегі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке, Президент әкімшілігінің жетекшісі Қайрат Келімбетовке, Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевқа жазған «Біз кімге сенеміз немесе Абай мен Шәкәрім қағидалары неге бұрмаланады?» деген ашық хатымды Парламентте депутат Б.Тілеухан оқып қозғау салған болатын, мені қолдап 44 депутат қол қойыпты. Осы хаттағы: «Құрметті мырзалар! Қазақстанның азаматы, әрі абайтанушы ғалым ретінде он жыл бойы миссионерлердің еңбектері мен әрекеттерін зерттеу нәтижесінде ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ еліне және оның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ЮНЕСКО шеңберінде данышпан Абайдың 150 жылдығы тойын өткізуге байланысты бастамасына қарсы «миссионерлік ылаң» ұйымдастырылған деген тұжырымға келгенімізді ашық жариялаймын.

      Әбден иін қандырып, жүйелі түрде ұйымдастырылған «миссионерлік ылаңды» жүзеге асыруға өз ішімізден тартылған екі адамды анық атай аламыз. Олар Семейден шығатын «Абай» журналының әдеби қызметкерлері, техника ғылымдарының кандидаттары ағайынды Досым және Асан Омаровтар.

     Оларға жүктелген міндеттер:

  1. Халықаралық Кришна санасы қоғамының негізін қалаушы А.Ч. Бһактиведанта Свами Прабхупаданын «Өмірден өмір туындайды» кітабын қазақшаға тәржімалау, оны қазақтардың санасына сіңіре уағыздау.
  2. Досым Омаров Кришналық «Өмірден өмір туындайды» кітабының негізінде Абай мен М.Әуезов туындыларын бұрмалап докторлық диссертация мен «Абайтану курсы» оқулығын, ал Асан Омаров Шәкәрім мұраларын бұрмалап докторлық диссертация мен кітап жазу көзделген.
  3. Бұл істі жүзеге асыруда жерлестік, руластық, қызметтестік, достық қарым-қатынасты барынша пайдалану, – деп айтқан болатынмын.     

Бұл мәселе сол кезде парламент депутаттарының, тиісті Министрліктердің, Үкіметтің араласуымен оң шешімін тауып «Абайтану» кітабы қолданыстан шығарылып, диссертациялар тоқтатылған болатын. Бұдан кейін Абайды «қаралаушылардың» екінші жағы шығып, Қанағат Жүкешев қазақтың тілі асханадан артық жерде пайдалануға жарамайтын, Абайды қазақтар қолдан данышпан етіп отыр, ол әлемдік деңгейден төмен деп Абайды, қазақты қорлап докторлық диссертация қорғамақ болса, америкалық әлдебір Чарлз Уеллер қазақты 300 жылдық мәдениетінен айырылған, көп дінді әлсіз ұлт ретінде және сол уақыттағы Қазақстанның Түркі тектестер рухани Одақтас болайық деген бастамасының жүзеге аспайтынын, тек ғана америкалық ұлт, америкалық Одақтастықтан үлгі  алып, дінің мәсіхшіл болса ғана алға басасың деп уағызын өзінше ғылыми түрде айтқан болып қазақша диссертация қорғамақ болды. Әрине, бұлардың ғылыми жетекшілері – академиктер – Әбдімәлік Нысанбаев пен Ғарифолла Есімов еді. Бұл мәселеде көпшілік арасында қызу талқыға түсіп, Жоғарғы жақтың араласуымен тағы да тоқталған болатын. Бұл сыртқы көрініс қана екен. Академик Ғарифолла Есімов пен ғалым шәкірті Асан Омаров Абайды «насихаттауда» өте белсенділік танытуда. Бір ғана мысал «Абай әлемі» сайтында Асан Омаров абайтанудан 20 дәріс жүргізе бастаса, телеарналардан шыққан фильмдерде тұрақты абайтанушы кейіпкерге айналды. Жақында «Хабар» телеарнасынан «Тарих. Тағдыр. Тұлға» көрсетілімінде (19.05.2018 ж) ұстаз бен шәкірт қатарласа сөйледі. Қанағат Жүкешев те бұлардан қалыспай қорғалмаған докторлық диссертациясын кітап етіп шығарып, онысын республикалық көп таралатын газетке үнемі жариялатуда. Бұлардың белсене жұмыс жасай бастауының себебі, елді шулатқан, яғни, қазақтың ұлттық құндылықтарын жоққа шығаруға белсене кіріскен «миссионерлердің» американдық лидері Чарлз Уеллер Қазақстанға Вашингтон университетінің профессоры атынан қайта атбасын бұрыпты. Академик Ғ.Есімов «Менің шәкіртім Чарлз латыншаға қашан өтесіңдер» деп айтқанын баспасөзде қуана айтты. Тіпті қайта оралған «Шоқандарын» әлі де сыйлайтындықтарын білдіріп, өздері өткізген конференцияның төріне отырғызып, уағызын тыңдатыпты. Сірә, Чарлз Уеллерді елінде қазақтардың «рухани жаңғыруы», латынға көшу бастамалары үйінде тыныш жатқызбаған болу керек. Енді ол біздің философтарымыздың қолдауымен өзінің арам пиғылын жүзеге асырып, игі ісімізге сына қағып «ақыл» айтады, біздегі жандайшаптарына «жаңаша» тапсырма беріп кететін шығар...          

 

 Абайдың рухани әлемі

 

– Меніңше, М.Мырзахметұлының еңбектерінде Абайдың Шығысы көбірек айтылады. Бұл мәселе бұрын ғылыми ортада айтылмай қалған сияқты көрінеді. Сіздің пікіріңіз қандай?

–  Мұхтар Әуезов Абайдың біліміне ықпал еткен төрт жағы бар деген. Бірінші, өз ортасы – қазақ, екіншісі – Шығыс, үшіншісі – Еуропа, төртіншісі – Ресей деген. Ресей бізге тікелей әсер еткендіктен, Еуропа мен Ресейді бөліп көрсеткен. Бұл төртеуі де ақиқат, бар нәрсе. Бірақ, Кеңес Одағы кезінде Ресей мен Еуропаны ғана айтқызған. Себебі, революцияға дейін қазақтың екі пайызы ғана сауатты болды деген жалған мәлімет таратқан. Ал ол екі пайыз қазақ – Ресей империясының оқу орындарында білім алған озық ойлы  қазақтар мен арнайы өз қазағын арандатуға жұмсайтын тілмаш қазақтар. Ал содан соң Шығысты да айтқызбады. Бірақ та, біз – қай жағынан алып қарасақ та шығыстықпыз. Ендігі біздің зерттеу бағытымыз – Абайдың шындығын айту. Яғни, өзінің қазақ ортасындағы алған білімі мен Шығысты ашу. Абайға Еуропаның да, Ресейдің де белгілі дәрежеде ықпалы болды. Бірақ, Абай Ресей мен Еуропа білімін меңгергенге дейін толық адам болып, тұлға ретінде қалыптасып қойған. Ал Кеңес кезіндегі ғылыми еңбектерге қарасаңыз, Абай Ресей мен Еуропаның білімі арқылы қалыптасты деген жалған ұғым бар. Біз оны дәлелдеріміз арқылы жоққа шығарамыз.

Абайдың рухани әлемін ашуда қазіргі күні өнер саласында, әсіресе, кино саласында жаттандылық, көшірме, жасандылық орын алуда. Абай бейнесі үнемі шапанын желең жабылған, алып денелі, жалғыз өзі адымдап бара жатқан ортадан тыс бейне ретінде беріледі. Ал тәуелсіздік алғалы бері шыққан кино мен телеарналарда Абайдың Оразбайлардан таяқ жегені міндетті түрде берілуде. Бұл кейінгі жастарға қазақ өзін өзі сабауды әдет еткен деген жағымсыз ұғым тудыруда, тіпті жирендіруде. Сонымен қатар Абай сахналық көріністе тағы да жадағай шапанын жамылып үнсіз отырады, ол қашанғы үнсіз отыра береді. Данышпан даналығын сөзбен жеткізбек емес пе, ал біз өзіміз сырттай мадақ-мақтау айтып сөйлей береміз, сөйлей береміз. Бұл не деген жаттандылық, не деген жасандылық?!? Абай бейнесін өнерде сомдауда, бейнелеуде алдыңғы ағалардың ісін қашанғы көшіре береміз, ізденісіміз қайда, Абайдың даналығы қайда?!   

 

Біз қашанғы «іні» боламыз

– Абай шығармаларын жете түсіну үшін санамызды бодандықтан, құлдықтан арылту жөніндегі ойыңызды білсек...

– Кеңестік кезеңде Абайды «қазақтың Пушкині», Мұхтар Әуезовты «Шығыстың Шолоховы» десек, тіпті, Ұлы Отан соғысында «көзсіз» ерлік жасаған қазақтың батыр ұлдары – Сұлтан Баймағанбетовты, Нүркен Әбдіровті, орыстың Матросовы мен Гасстелосының ерлігін көріп «қайталаушылар» деп міндетті айтып отырдық. Яғни, мұның астарында «ұлы халықтан» асып туынды жаза алмайсың, ерлік жасай алмайсың, сенің орның әрқашан төменде деген ұғымды білдіреді, оны бәріміз қуана «інілікке жарадық-қой» деп жамырай құп алушы едік, сірә «ұлы халық» өкіліне жете жаздағанымыздың өзі бізге асқан мәртебе еді..?

Кешегі Кеңестік Одақтың құрсауынан босанып шыға келген, бүгінгі тәуелсіз ел құшағына орана қалған қалың қазақ санасындағы дағдарысқа тап болды. Отаршылдықтың сан қилы саясаты, сан қырлы «жымысқы» әрекеті, сан салалы айла-тәсілдермен бүркемеленген «кіші» ұлтты жоюға бағытталған жауыздық жоспарлы көп жылдық бағдарламасының нәтижесі алдымыздан атойлап шыға келді. Абай айтқан «қазақтың бірінің біріне қас күнем болмағы, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғыны, рас сөзі аз болатұғыны, қызметке таласқыш болатұғыны,  өздерінің жалқау болатұғының қазақ ұлтының туа бітті қасиеті емес, қалай жабыстырылғанын байқамай жүре келе тапқан «қасірет-қасиеті». Осындай оспадар  іске өршелене ұмтылған отаршыл орыс империясының бұл әрекетінің түбі қазаққа қайырлы болмайтынын данышпан жүрегі сезе білді, қатты сезіктенді. Абайдың сезіктенуі дәл келіп, бұл күнде жүре келе тапқан «қасірет-қасиеті» қазақ ұлтының шаңырағын шайқалтуда. Олар – «өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар». Абай айтады «Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтемінен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді. Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларымда малды болса екен дейді. Ол мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ. Қыста тарлық қылса, арызы жеткендік, сыйы өткендік, байлық қызметінен біреудің қыстауын сатып, алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ. Ол қыстауынан айырылған және біреуге тиіспек, я болмаса орынсыздығынан елден кетпек – әр қазақтың ойы осы».

Бұл айтып тұрған жағымсыз ойдың  қазақтың санасына ұялай бастауы Абайға дейін тек қана жалқы сипатта сирек кездесетін болса, енді оның отаршылдардың жоспарлы түрде әдейі санаға салған ойранынан кейін жалпылық сипатқа айнала бастағанын ақынның зерек көңілі анық байқап тұр. Тек Абай сөзі, Абай түсінігі – жалған саясатпен бұрмаланып түсіндіріліп келеді. Бұл көрініс еліміздің тарихын жазғанда әліппеден энциклопедияға дейін өңің айналдырып айтылды, санаға сіңірілді. Қазақ ұлт болып қалыптаспаған, өркениетке қол жеткізбеген, тарихы беріден басталған «жабайы тобыр» дәрежесінде деген пайымдау қылаң берді, әрі сол пайымдау бірте-бірте санада бекітіле берді. Абай қазақ бір-бірімен қырқысумен келеді демейді, «бір-біріне қас күнем болмағы» дейді; қазақ бұрыннан жалқау, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ еді демейді, «осындай жандар шығады» дейді.

Отаршылдардың ойранынан кейін Абай айтқан «ешкімге достығы жоқ жандардың шығуы» бүгінгі күні де ылаңын салуда. Яғни «достығы жоқ жандар» дегеніміз – ең бірініші өзінің ұлтына достығы жоқ, тек өзге ұлттың ғана тілін, мәдениетін, дәстүрін мойындайды, отаршылдардың уысында өсіп шыққан, тәрбиеленген «мәңгүрттер» мен «көзқамандар». Олар үшін өз Отаны, өз ұлты – тек материалдық байлықтың көзі ғана, соның ордасы ғана, Абайша айтқанда «мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан».

 

Абайдай Хәкім көп ұлттарда жоқ

– Сіз бір мақалаңызда Абайдың ақындығы мен хәкімдігі туралы тың ойлар айтыпсыз. Біздің оқырмандарға да осы жайында мәлімет бере кетсеңіз...

– Хәкімдігі Абайдың шығармасынан да айқын аңғарылады. Мысалы, «Отыз сегізінші қарасөзінде» Абай «адам, жарты адам, толық адам, ғалым, әулие, хәкім, пайғамбар, Алла» деп, солардың бәріне талдау жасап көрсетіп кеткен. Абай: «Дүниеде ғалым көп хәкім аз. Ал ғалым хәкім бола алмайды. Хәкім ғалым бола алады» дейді. Яғни хәкім ілуде біреу шығады. Сосын Абай: «Егер де хәкім болмаса, дүниенің астан-кестені шығар еді» дейді. Яғни ғалымдар өзінің ашқан жаңалығын адамзаттын жақсылығы үшін де, жамандығы үшін жұмсай береді. Ал хәкім жаңалығын тек қана бір-ақ нәрсеге – бүкіл адамзаттың жақсылығына ғана жұмсайлы.

Абайда үш сүю бар. Оның біріншісі – Алланың адамзатты сүйіп жаратуы, екіншісі – адамның бүкіл адамзтты сүюі. Яғни Абайша айтсақ «Адамзаттың  бәрін сүй «бауырым» деп». Үшіншісі – әділетті сүю хақ жолы деп.Осы үш сүюді Абай иманигүл деп атайды. Осы жерде әл-Фарабиден Абайға дейін келіп, ары қарай жалғасын таппай қалған іліміңіз жатыр. Ол – жүрек. Қазақ халқының даналығы бойынша, бізде ақыл мен қайратқа емес, жүрекке бірінші орын береміз. Жаратушы иеміз «Маған мешіттің, басқанын қажеті жоқ, сол мешіттің ішінде жүрегіммен сүйіп отырған бір адам болса, сол бәрінен артық» дейді. Абай болса «Алланы жүрегіңмен сүй» дейді. Хәкімдік те осыдан шығады. Хәкім адамзатты жүрегімен сүйеді. Ақыл мен қайрат, күштерге жол бергізбейді, яғни жамандықтың жолын кеседі. Міне, хәкімдік ілімнің ең күштілігі – осында. Бұл бүкіл әлемдік ілім, адамгершілік бастауының қайнар көзі.

Ашығын айтқанда, тіпті Абай секілді хәкім көп ұлттарда жоқ. Өздерін ұлы халықпыз дейтін орыстың Пушкині қанша мықты ақын болғанымен, онда мұндай хәкімдік жоқ. Сол секілді қытайдың ұлттық идеологиясының негізі саналатын Конфуций де Абайдың дәрежесіндей хәкімдік биіктікке жетпеген, ұстаным жағына келгенде Абайға жете алмайды. Жаңылысады. Себебі Конфуций бүкіл қытайлықтар үшін керемет данышпан болғанымен адамзаттық деңгейге келгенде, ол адамды жеке адамға табынтып қояды. Ал енді Исламға келетін болсақ, тіпті Мұхаммед «с.ғ.с.» пайғамбарымыздың өзі: «Ей, адамдар, сендер адамға табынбандар, тек қана Аллаға табынындар. Мен де сендер сияқты адаммын. Адам ешқашан де бір-біріне табынбауы керек. Бәрі тең»,  – деген. Мінекей, осыдан келіп Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп» деген керемет ілімі шығады. Бұл – ешбір данышпан айтпаған сөз...

 

Мекемтастың абайтанушылар мектебі

– Мекемтас ағайдың тікелей тәрбиелеген шәкірттері бар ма, оларды қалай тәрбиелеуде?

–  Өз басым абайтанушы деп М.Әуезовті, Қ.Мұхамедхановты және ұстазым М.Мырзахметұлын толық мойындаймын. Бұлар бүкіл шығармашылық ғұмырын Абай мұрасын зерттеуге, насихаттауға арнаған. Басқа ғылымның саласына Абай арқылы барады. Абайды зерттеген, насихаттаған басқа да ғалымдар, ақын-жазушылар бар, олардың негізгі зерттеу объектісі басқа, сол арқылы Абайға келеді. Мысалы, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, З.Ахметов т.б. Бірақ абайтанушы деген атақты фамилиясына өздері қосарлап жазатын абайтанушылар да көбейіп бара жатыр, кейбіреуі науқандық бір-екі мақала жазса, кейбіреуі тіпті Абай туралы бірде-бір мақала жазбай, абайтанушымын деп бөседі. Ал алдыңғы үшеуін ерекше атау себебім, олардың ғылыми еңбектерін оқысаңыз, өміріне көз салсаңыз Абайдың ғана емес, қазақтың тағдыр талқысы көрініс береді әрі Абайтанудың қазақты тану екендігін жете түсінгендігін білесіз. Коммунистік идеологияның қанша қысымына ұшыраса да Мекемтас ағай өзіндік мектеп қалыптастырған бірегей тұлға. Оның мектебінің шәкірттері – Қойшығара Салғарин, Бейсенбай Байғалиев, Қанипа Мәдібай, Ислам Жеменей, Сейдолла Оразалиев, Нұрқанат Керімбай, Мақсат Әліпхан, Марат Бекбосынов, Ақан Бодықова, Рахат Саламатова, Гауһар Мақашева, Жабал Шойынбет. М.Әуезов айтарын көсіліп айта алмай, жазарын жасырмай жайып салуға мүмкіндігі болмай, көкірегі ояу өзі табар деп ойын жасырын сөзбен берді. Академик-жазушының жасырын ойын, айта алмаған сөзін көп жыл тапжылмай отырып әрі Ләйлә Мұхтарқызының тікелей қолдауымен жарыққа шығарды, көмбенің көзін ашты. М.Әуезов Абай туралы бір ғана монография жазса, ал Мекемтас Мырзахметұлы көз майын тауыса, ерінбей-жалықпай ізденуінің арқасында тек ғана Абай туралы он кітапты дүниеге әкелді, әлі де еңбек етуде. Нағыз ғалым осындай-ақ болар, үлгі алар жақсы жан ортамызда! Шіркін-ай, арман М.Әуезов, Қ. Мұхамедханов, М.Мырзахметұлы туралы көркем туынды жазылса, көркемкино түсірілсе, өнегенің өнегесі болар еді!!! 

 

Қарашаңыраққа – 90 жыл, орталыққа – 10 жыл

– Университет пен орталықтың мерейтойларына дайындықтарыңыз туралы тоқталып өтсеңіз?

–  Қазақ оқу орындарының қарашаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетке 90 жыл толды. Осы жылдар ішінде университетте қаншама педагог-мамандар даярланып, қаншама игі істер бастау алды десеңізші. Соның бірі – 2008 жылдың қыркүйегінде «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының ашылуы. Орталықтың ашылуына сол кездегі университет ректоры Серік Пірәлиев бастамашы болса, қазіргі күні орталықтың жұмысының жандана түсуіне университет ректоры Тахир Балықбаев тікелей өзі басшылық жасап, қолдау көрсетуде. Ғылыми орталық алғашқы ашылған күннен бастап Абай мұрасын қазіргі күн талабына сай жаңаша зерттеуді қолға алса, сонымен қатар жалпы білім беретін мектеп пен жоғарғы оқу орындарында жаңа «Абайтану» пәнін енгізуге де бастамашы болып отыр. Мектептерге «Абайтану» таңдау пән ретінде ендірілді, қарашаңырақ университетінің барлық факультетінде «Абайтану» пәнінен дәріс оқылуда. Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасында тұңғыш ашылған «Абайтану» музей-кабинеті де көпшілік қауымның көзайымына айналуда. Ендігі міндет жетілдірілген, талапқа сай «Абайтану» оқулығын, хрестоматиясын жазып шығу. Яғни, ұлттық құндылықты түгел қамтыған Абайдың ақындығын, өзінің данышпандық межесі хәкім Абай деңгейінде оқытуға қол жеткізу. Хәкім Абай даналығы – адамзаттың үйренер даналығы қайсы деген сұраққа толық жауап береді.

Жабал ШОЙЫНБЕТ, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, «Хәкім Абай» қоғамдық қорының президенті

Сұхбаттасқан Самал ӘНУАРҚЫЗЫ

                        «Аңыз адам» журналы. № 11(191) 1-15 маусым 2018 жыл