ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

ТҰРАҒҰЛ ҚҰНАНБАЕВ: ӘКЕМ АБАЙ ТУРАЛЫ

Абай туралы естеліктер

Оқылған 54451 рет

Менің әкемнің биографиясына, керекті сөздерді жинамақшы болған азаматқа, менің әкемнің жалпы әдепті мінезін, салтын көрсетуге замандасының бір жолыққандағы қалпын, түрін, киген киімін, отырған-тұрғанын, сөйлеген сөзін, қуанған не ашуланғанын жазбағым қажет екен. Менің әкемнің замандасында қаламға үйір, көргенін-білгенін қағазға түсіре білері аз болған соң, амалсыз өзім жазбақты мойныма алдым. Әйтпесе, әкесінің әдет-ғұрпын баласы жазбағы, менің білуімше, солақай секілді.

Мен бұрын мұндай сөзді жазып, иә жазған адамның кітабын оқып, танысқан адам емес едім. Бір күнгі, бір жердегі көргенімді есіме алып жазғаныммен сұраушы азаматтың көңіліндегі арманын ақтай алғаңдай емеспін. Сондықтан әкемнің өзімнің білген қадерімше, жалпы мінезін алыстан алып кеп, толғап жазғым келеді. Бұл сөздерді керек қылған азамат, мол бұлдан керегін пішіп, қорытып алар.

Мен әкемнің кіші жамағатынан туған тұңғыш баласымын. Әкем екінші жамағат алғаңда, бастапқы бәйбішесі өзінен 2-3 жас үлкен еді, ұлғайған кезімде өзімді күтуге қолайсыз болады деген шығар. Екінші, жалпы қолы жеткен, әлі келген адамға екі қатын алмақ ғұрып сықылданғаңдықтан да шығар.

Мен әкемнің 32 жасында, жастықтың алғашқы ағыны басылып, жігіт ағасы болып қалған кезінде туғамын. Мен әкемді танығанда, әкемнің жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды еді. Мәжілісі қызықты, сауықшыл, дастарханы аса мол еді. Бір іспен қызықтамай, жай салбырап, шаруасын істеп отырмаушы еді. Маған десе малай, малшы, қызметкер қатыннан да болса, бір тәуір мінезін, қылығын тауып жақсы көріп, ойнап, қалжыңдап отырар еді. Еш уақытта: іші сүймеген, сенбеген адаммен мәжілістес болып, ұзақ отыра алмаушы еді. Оңдай адамдармен бас қоспақ уақыт еріксіз кез келсе, ол уақыттың өзі абақтыдан кем көрінбеуші еді. Сыпайылық, сыйлық, әдейі реттеніп, аяғын басқанын аңдып, аузынан шыққан сөзін санап отыратын адамға ешуақытта риза емес еді. Жарқын сөзбен, ашық көңілмен қалтқысыз келетін адамды аңсап сағынып, ондай адам келгенде, баласы иә туған бауыры келген кісідей қуанып қалушы еді.

Менің бала кезімде, менің әкем қаңдайлық жылы шыраймен ойнап, қалжыңдап отырса да, көңілі қайтса, қытығына тисе ашуы да тез келгіштігінен, ауылдағылар да, бәйбішелері де айғырмен ойнаған ат секілді қорқынышы кеуделерінен кетпей қымсынып отырушы еді.

Ұйқысы шағын, жалпы халықтан кеш жатып, ерте тұру әдеті. Төсегінің алдынан қалың постел төсетіп, оның үстіне көрпе салғызып, бір жағынан үлкен жастық қойғызып, көйлекшең, басқа киім кимей, жастығына шынтақтап, кейде бауырына басып отырушы еді. Қағаз шайдан басқа шай ішкен емес, қантсыз шай ішкенін көргенім жоқ. Көп жегіш емес. Таңертеңгі шайына: кейде жұмыртқа қостырып құймақ құйғызады, кейде самса пісіртеді, жеке бауырсақпен іше қоймаушы еді, шайын стақанға құйғызып, ыстық күйінде ішпей, салқындаған кезінде жұта салушы еді.

Қазақ ойнайтын ойыңдар: дойбы, карта сықылды ойындардың бәріне де ілгергі қазақтың ойыншылары ретті ойнаушы еді, сөйтсе де, мен білген кезде салынып қызықтанып ойнайтұғын ойыны – тоғызқұмалақ еді. Қай-қайдағы тобықты ішіндегі ойыншы шалдар келіп, ай жатып ойнап қайтушы еді. Сондай ойыншы шалдардың дәулеті нашарлары, кейде соғымдық қой, тай, тайынша алып, иә атқа мініп қайтқаны да болды. Көбінесе ол шалдары қысты күні келіп жатқышы: Көрпебай, Құттықожа, Қуаттың Құдайбердісі, Мақыштың Ысмағұлы дегендер секілді.

Таңертеңгі шайды ішкен соң құмалақ басталады. Менің әкем көйлекшең күйінде, басында тақиясы, бауырында ақ жастығын басып, құмалағын ойнап жатады. Күндіз келген ел арасының ретті адамдары да ойынға кірісіп кетеді. Құмалақтан кезек тимегендер, ойнай алмайтын балалары өз алдына дойбы, иә картаның дүкенін ашады. Құмалақтан әкемді жеңген адам көргенім жоқ.

Біздің қазақтың уақытқа байлығының бір әдеті – бір жерге жұмыспен барса, барған жұмысын барған жерден айтпай, не қонып, не түстеніп, енді аттанарында ғана айтады. Менің әкем елдің бұл әдетіне қарсы еді. Алыс жерден келген сый адам болмаса, ел арасының адамынан келген жерден жұмысын сұрап, бітіріп, енді отыра бер деп өзі алаңсыз ойынына, иә кітабына кірісіп кетуші еді. Егер келген кісі, сұраған жерден жұмысын айтпай, елдің әдетіне салып тынығып қалса, оған ыза болып, еңді ол айтарлық кезегім келді деп жұмысын айтпақшы болғанда, бағана сұрағанымда неге айтпайдың деп ұрысып, кейде сөзін тыңдамай да қояды. Сұраған жерде жұмысын айтқан кісіге ырза болып қалады. Біздің елдің адамы бұл мінезіне үйренгендігінен нағып жүрсің деп сұраған жерден келген жұмысын айтатын болды.

Шаруа жағына көзін сирек салады. Күндіз-түні босатпайтын елдің жұмысынан қолы да тимейді. Шаруаның үш түрін ескеруші еді: жақсы қонысты таңдап қону, жақсы малшыны іздеп тауып, ақысын қымбатсынбай алу, жылқының аса ер етіп кеткені бар ма, соны ғана қараушы еді. Жақсы ат, айғыр сықылды жылқысы болмаса, жалпы жылқысын танымайды, қой мен түйені де сеніп салған қойшы, түйешісінен ғана сұрайды, әйтпесе өзі, мынау менің түйем, қойым деп бірін де танымайды. Сиырды жиған кісі емес, сиыр қар теппейді, жаз болса үйдің маңайын былғайды деп, ол кездегі біздің елдің байларының бәрі де жимаушы еді. Қалаға барғаңда, үйіне керек-жарағын өзі алып, апарған малын өзі саудалап сатқан емес, ондай шаруасына да ие қылып қойған жолдасы алып, сатады. Ақшасын қалтасына салып, не алғанын, несі қалғанын есептеп көрген емес. Ақшасы аз болса да, көп болса да, атшысының қалтасыңда жүреді. Ақша бітті десе, қайда ұстадың деп есеп алу да жоқ, қайтадан ақша тауып береді. Қалада жатқаңда қасаптың етін жемей, қолынан малын сойғызып жеуші еді. Біржолы қалада сойған жылқысының терісін сатқызса, сатып алған алыпсатар Матайбай Мәмбет баласы деген жігіт мақтанамын деп айтыпты: «сіздің кешегі бір жылқыңыздың терісінен үш теңге пайда қылдым», – деп, сонда менің әкем айтып еді деп, өзі айтып келуші еді:

«Мен саудагер кісі емеспін, мені ұялмаған арсыздың бәрі жейді», – деп, мен бірдеңе айтайын деп едім Айтқазы Жексенай баласы отыр еді, «тек» деп ымдаған соң, үңдемей ұялып қалдым деп.

Түн болғанда әмсе біреуге ертегі айтқызып, иә өзі айтып отыру әдеті бар еді. Біреуге айтқызғанда, бұрын есітпеген кісіше ынтасын сала тыңдап, әбден айтып болған соң, айтушының адасқан жері болса айтып, түзеп береді. Қазақ ертегісінде есітпеген, білмеген ертегісі кем шығар, «Қазақтың ертегісінен бұрын қай жерлерде жүргенін, көршілесі, күндес елдері кім екенін, қарекеті не екенін, елдің арманы, білімінің қаңдайлық кезінде шығарғандығы көрінеді» деуші еді. Жас кезіңде: парсы жұртының ертегілерін: «Жәмшит», «Қаһарман» сықылды кітаптарын да көп оқыса керек. Өзім көргенде «Мың бір түннің» кітабын оқып, алғаш біздің елді «Мың бір түнмен» таныстырған кісі менің әкем еді. Орыс кітабындағы «Густав Әмір» сықылды әңгіме кітаптарды елге таныстырды. Біздің ел «Мың бір түннен» жалығып, орыс романдарын әуестеп кетті.

Жалпы ғадетінде: ақылынан гөрі махаббатын ардақтап, ақылдың суық сынынан қашып көңіліне билетіңкіреп отырушы еді. Бірақ құдайдың өзіне мол берген өткір сезімінің арқасында, айтпасақ та не ойлап, разы яки наразы болып жүргенімізді де бүлк еткізбей сезіп қоюшы еді.

Көңіліне билеткіштігі сондайлық, жас баланы әлпештеп шақырғанда ұмтылып келсе, қатты қуанып, қаны тартып біліп тұр деуші еді, егер келмесе, жатырқап қашса өкпелеп, ашуланып қалушы еді. Мысалы, біздің үйіміз бөлек ауыл болған соң, әкеміз көбінесе қала-далада болып, үйде болғанда мол дәулетті бай-бәйбішесіндікіндегі топта болып, біздің үйге сирегірек келгендігінен Мекайл деген менің інім, бір келгенінде шақырғанына бармаса, көтін жаңа басып отырған жас баланың үстіне су құйып, ұрып еді.

Менің балам Жәбраһилді, әкемнің өлеріндегі науқасының басталғанында, менің шешем алып барып еді, әкем шақырды, туғалы көргені сол, жас бала шақырғанда лапылдап ұмтылып еді – қаны тартып, жүрегі сезіп тұр деп қатты рахаттанып қалды. Мен: жоқ аға, нені біліп отыр дейсіз, әншейін ақымақтығынан ұмтылды ғой деп едім, «сен білмейсің» деп мені тыйып тастап, қолындағы өрігінің етін сүйегінен айырып, баланың аузына салды.

Менің өзімнің де бес ауыз сөзді болса да білгеніме, әкемнің осындай алыстан үміт қып қуанатұғын көңілі себеп болды, әйтпесе мұнан да әрі талапсыз, талантсыз болып қалғандай едім.

1889 жылы менің 14 жасымда үлкен шешемнен туған Райхан деген апамды, Найман, Серікбай баласы Құдайбергенге беріп, ұзатып, үйдің ішінің бәрі жолаушы кеткенде, әкеммен екеуміз ғана үйде қалдық. Бұл жылы әкемнің белсеніп ғылым жолына кіріскен жылы екен, артынан байқасам.

Әкемнің әмсе үйде отырғандағы киіп отыратұғын, баяғы көйлек-штаны, басында тақиясы, оның сыртынан тысқа шыққанда кие салатын жапетер, ақ елтіріден істеген, көк сатинмен тысталған көк бөркі. Анда-санда еті салқындаса жамылатұғын сары тоны бар. Таңертеңнен кешке дейін, көбінесе орыстың кітабын оқиды да, ара-тұра жастықты бауырына басып, алдында ақ қағазы, қолында қарындашы,күңіреніп отырып өлең жазып тастайды. Сол өлең жазардағы түрі.

Бір мұсаға мінген кісідей өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырап, естір-естіместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп көп жазып кеп кеткенде, көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де, өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды.

«Бір Алдаоңғар деген ұрыны», ұрлығыңды қой деп қасына көшіріп алып, теңіне қосамын деп, әлгінің бір Меңке деген әйел баласын асырап алған. Сол бала шайын құйып береді. Әлгі әйел балаға оңашада үйретіп қояды: «Мен қонақтарға сөйлеп-сөйлеп келіп, солай ма Менке дермін, сонда сен «солай» де деп.

Кешке сөз ұғар ма дегендей адамдар келіп: «Солай ма, Меңке?» десе, Меңке «солай» дейді. Сонда әлгі қонақтар, япырай мына баланың ұғып отырғанын қарашы деп таңырқап қалысады, кейде сөйлеп болған соң, осы сөзімнің жалғанын тапсаңыздар, көк бөркімді берейін дейді, онысы қонақтың қытығын тарқататұғын ойыны.

Мен сол жарты айдың шамасындай уақытта, жазған өлендерін жаттап, айтқан сөзін жалықпай тыңдап отырсам керек, менің соныма қатты қуанып, ырза болып, жолаушылар келгенде, соларға мені: «Мынау адам болады екен, менің сөзімді ұғып, жалықпай тыңдады» деп мақтады.

Мен әкемнің аузынан шыққан сөзді пайғамбардың аузынан естігендей сеніп, адам болады екемін деп, сол жылғы бастығымыз Шаһкәрім қажы болып, ақиқат олай емес, былай деп таласып жататұғын саналы шәкірттің қатарында болдым.

Жасында ашу мен махаббатты қатар қолданғандығынан, қатын-балалары да, ауыл-ауданы да, елдің адамдары да бір жағынан жылы махаббатты, жомарт мінезін сүйіп, бір жағынан жазатайым болса, ашуланып кететұғын мінезінен қорқып жүретұғын еді. Қай адам екі қатынын күндестесіп қалай сыйсын дейді, бәрі де күндестігін жоғалтқысы келетұғын шығар, бірақ адамньщ бұл тілегі қабыл бола бермейді ғой. Менің әкемнің жоғарыдағы айтқан екі түрлі мінезінің күштілігінен шығар, менің шешем де күңдестігін көрсете алған жоқ. Балаларының ойына күндестің баласымыз деген жаман ой кірген емес деп айта аламын.

Ұлғайған сайын әкемнің ашуы азайып, жұмсақ тарта берді, бұл жұмсатуды өзі еңбек қылып тапты. Әкесі қажының қайтпайтын қатты, суық мінезін сөгіп отырушы еді. Қорықпақ пен сүймек, от пен су секілді бір жерде жиылмайды, адам сүйген адамның ақылын ұғып, содан баһыра алады, қорқытып, ұрсып айтқан ақыл дарымайды деп.

Көз алдында қандай ойын-ойнап, күліп отырсақ тиіп-қақпай еркін еркелетіп отырады да, алдынан қашып, жасырынып, кейбір теріс мінезді адамдармен ойнағымыз келгенін көрсе, қатты ренжіп ұрсып, былайша айтып сөгуші еді: - Адамға көбінесе үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-ана, ұстазы, құрбысынан, солардың ішінде қайсысын сүйсе, содан мол алады. Сендердің менен жақсы көріп барғыларың келіп отырған жақсы құрбыларың қайсы - деп, ондай орыннан әйел бала есебінде тыю салып, қорғаштап өсіргісі келеді.

Көз алдында істеген іске көнгендігінің белгісі: бір жылы Семейде жатқанымызда, Кәкітай деген оқыған немере ағамыз азырақ қаланың сауда ісіне де араласатыны да бар еді. Государственный банкіден кредит ашып, бізді гостиницаға шақырып, той сымал істеді. Гостиницаға барған соң, әрине, ғибадатқа бола бармаймыз, ішуге бола баратұғынымыз белгілі. Әкеме айттым: «барайын ба? - деп, - бар», - деп рұқсат берді. Бұрын арақ, сыра ішетінімізді жасырып жүретінбіз. Әкеден рұқсат алып барған соң, жақсы адам, көп дудың ішінде артығырақ ішіп алып, түнде пәтерге келсек, әкем төсекке жатқан жоқ екен, төсекті салғызып тысқа шыққанда, әлі де болса ішкенімді әкемнен жасырмақшымын. Жүрегімді сыра көтеріп бара жатқан соң, оңаша жерге келіп жасырынып құсып тастайын деп, қораның қараңғырақ жеріне келіп, құсып жібергенімде, алдыңғы жағымдағы бұрышта әкем отыр екен, мен ала-көлеңкеде абайламаппын, сонда әкем тұра келіп, сыра антұрған жүректі көтергіш келеді, әбден құсып таста деді...

Бір ғадеті жақсы атқа, қыран құсқа құмар еді, өзі 2-3 жыл салтанатын келістіріп, құсбегілерін, мергендерін сайлап құс салыпты. Балаларының әр қайсысына құс салғызды, бірақ ұзақ уақыт құсшы болғанымыз жоқ. Біреудікін алып, біреуге сапырып отырады. 250 шамалы құсы қолыма келіп кеткен шығар. Тулақтың шолағындай құс көргенім жоқ деп айтып отырушы еді. Сол кісінің осындай сапырған мінезі біздің елге жұғып, бір ел бірінікін-бірі алып сапырылып жатқыш. Өз атымды өзім мінемін, өз құсымды өзім саламын деп, ат пенен құс секілді асылы бар кісі қаптал сеніп отыра алмаушы еді. Біздің Шыңғыстан басқа Тобықты Шыңғыстай емес, өйтсе де, басқа елден көрі олар да бере алмай қалғанды ұят санайды. Бір жылы жайлауда біреудің бір қоңыр қасқа атын, 5 құлыңды биесін беріп алды да оған көңілі болмай, бауырға түскенде 5 түйесін беріп, Қуқұла деген Қаракесекте атағы шыққан атты алды. Сол секілді біреудің атына көңілі түсіп, бұлдап алады да, тез жеріп, бір болымсыз адамға бере салғыш еді.

Жасында атқа болдырмайтын жүргіш болыпты. Мен есімді білген кезде алысырақ жерге арба жегіп, 30-40 шақырымдық жерге салт ат пен жүруші еді. Жасында жылқы бағып, отарға да шығыпты. Мен білгенде жалпы қазақтың байларынша ертелі-кешті малын аралап, жерін шалып, мал үшін атқа мінбеуші еді. Көбінесе үйде отырғандықтан ба, жазу жазғандықтан ба, иә жанын күтемін дегендіктенбе, ертерек кәрілік көктеді ме, әйтеуір жалпы халықтан көп ерте атқа мінуден қалды.

Үлкен үйдегі келіні Еркежанды алып, сол үйге кірген соң өзге үйіне оқта-текте келетін болып, дәулеті мол жерде, ел ортасында үлкен үйде отыратын болды. Қысты күні бұрынғы бәйбішесінің ауылы екі арасы 45 шақырым, біздің ауылымызға 70 шақырым болады. Бұл екі ауылдағы бала-шағасын сағынып, жазғы жайлауға барып, бірге алып жүргісі келеді.

Менің жоғарыдағы ашуын өзі еңбек қылып азайтты деп ойлаған себептерімнің бірі, 97-ші жылы май айының басында үлкен ауылға келсем, әкем ұранқай үйінде екен. Әмісе жазғытұрым ыстық басталғанша, күзгі салқын бастала бергенде үлкен ақ үйдің қонаққа, басқа ас-суға босатып, өзі ұранқай дейтұғын төрт қанат кішірек үйге кіріп, ақ жапаны жиғызып алып, көп үзбей от жаққызып, жер төсегінің алдынан қалың постел төсетіп, оның үстіне көрпе салғызып, көйлегінің сыртынан айналасына қара құлынның жарғағын ұстатқан сары тонын жамылып отыр екен, алдында қазан асып астына жапа қалап от жағып қойыпты. Үйдің сол жағына кішірек қара саба емізіктер тұр, қазанның есік жағында самауыры қайнап, жапаның шоғында бұрқ-бұрқ қайнап шәйнек тұр.

Мен сәлем беріп кіріп келгенде: «Сәлемімді алар-алмастан, сыртқа шығасындар ма», - деді. Мен: «-а-а-у біздің түйеміз симайды ғой», - дедім. «Мен түйе жинап берейін сыртқа шығындар», - деді. «Сол үйде отырған Оразалы деген балалау жігітті Есіркер деген сыбайласының ауылына жіберді, үш түйесін берсін, біздің кіші ауыл жүк артып жайлауға шығады, түйесін ақсатпай, жауратпай бергізерсің», - деді. Ол Есіркеп біздің ЬІрғызбайдың төрт баласының ішіңдегі ең азы, нашары Жортар деген кенжесі болады. Есіркеп сол Жортардың Арқат деген құлының баласы. Есіркепке орташа мал біткен адам, Жортардың балаларының ішіп-жегенінен қашып 2-3 жылдан бері менің әкемді паналап отырушы еді. Оразалыға «түйем жоқ» деп, түйе бермей жіберіпті. Сонда менің әкем, азырақ үндемей отырыңқырап, аздан соң, басын көтеріп күлімсіреген шыраймен айтты: «Құдайға бергеніңе тәубә, мен мұсылман екенмін. Егер осы Есіркеп Тәкежанның қасында отырып, Тәкежан осы менше түйе сұратып жіберсе, түйем жоқ деп түйесін бермей жібере алмас еді. Бұл түйе бермегеніме Абай ашуланып ештеңе етпейді», – деп менің жұмсақ мінезіме сеніп бермей отыр деп қуанып қалды.

Ұры сүйегіш адамға ырзалығы жоқ еді. Бір күні үйде отырғанда Найман Кәріпжан қажы келіп тұр деп тыстан біреу келген соң, әкем мәсісін, шалбар, бешпетін киіп, көрпе салғызып, үйге кіргіздірді.

«Е! Қажы, неғып жүрсіз?» – деп сұрағанда: «7-8 жылқы алғызып, соны қуып келіп қалып едік», – деді. Менің әкем: «-Ай, Қажы-ай 7-8 жылқыны өзіңнің қуып келгенің не қылғаның бір бала-шағаны жіберсеңіз де тобықтының ұрысы әкелген болса алып бермеуші ме едім», – деп ренжіген еді. Кәріпжан қажы: «Бір ашумен шығып кетіп едім», – деп ұялып қалды.

Қасыңда 5-6 кісімен Кәріпжан қажы түстеніп отырғанда, қасында Ысмағұл Шодыр баласы деген ұрыны ертіп, Тәңірберді дейтұғын ағасы келді. Менің әкем: «Сіз неғып жүрсіз?» – деп Тәңірбердіден сұрағанда: «Тәнірберді мына Ысмағұлды пәленшемен даулы жұмыс туралы Оспан саған билікке жіберіп еді, мынаны ертіп келдім», – деп еді, менің әкем «Сіз атшабар болып па едіңіз?» – деді. Менің әкем ағасының ұрыны сүйеп ертіп келгеніне қатты ренжіп айтты. Әкемнің бұл сөзіне ағасы өкпелеп қалып, артынан Оспанның аулына бастарын қостырып, татуластырмақшы болған жиылысында мен де еріп бардым.

Менің әкемнің топта билікке тартып, яки айтып, сөзін сыртқа сөйлеп, суырылып отырғанын көргенім жоқ. Байлаулы жеріне қысқа түйірім сөзді ақырын айтса тоқтаса қалушы еді.

Менің әкемнен басқа араздық іздеп, жүгінетұғын адамды көргенім жоқ. Жалпы, өзіміздің елдің жақсысын абайласам, алдына келген даудан, мүмкін қадірлі, өзінің досына пайдалы жағынан қапы қалдырмай билік айтады. Менің әкеммен жаудың іздеп жүгінгіші аз да болса салмағын досына сала айтатұғын секілді еді.

Жалпы ұрылар айтады: «Абайдың алдына өтірікпен бара алмаймыз, жанымыз қалса шын сөзіміздің арқасында қалады», – деп.

Менің әкемнің ұрыдан алатұғьш парасы - шын сөзі еді. Мыңжасар Қобылан баласы деген атасынан бері қарай неше шабылып, айдалса да ұрылығын тастамаған бір кәрі ұры айтады: «Жас кезімде Абайдың сұраған малының шынын айтып, шыншыл атанып, абұйырлы ұры болып жүргенімде құдай атып бір өтірік айтқаным, Қаракесек жағынан бір топ жылқы алдық та, осы малды кімге болса да айтпалық десіп, жолдастарымыздың бәрі түгел төбеге тас қойып, анттасқанбыз. Жоқшы келген соң, Абай мені шақыртып алып сұрады, айтпай танығаным. Қыстың суық күнінде суық су құйып қинаса да айтпай тістеніп отырғанымда: «Өй, әкенңің аузын... не оттап отырсың, пәленше жолдасың әлдеқашан айтқан, пәленнің-пәленге, түгеннің-түгенге таратыпсындар деп қоя бергені. Сөйтсем ана иттер айтып қойған екен. Мені ие болып, қайтып айтқаныма сенбейтін ғып алғаным,» – деп.

Қалаға барғанда мен білгенде үш адамның үйіне жатты. Қабыл деген шала қазақ, Сүлеймен деген ноғай, Мауты деген қазақтың үйінде, бұл үшеуінің де қатындары пысық, асты тәтті қып пісіре білетұғын адамдар еді. Байдың үйіне ақы берсе жатпайды. «Өй, тәңірі-ай! Расходымды көтереді екен деп байдың қабағын түріп, аңдап басып, абайлап сөйлеп, кіші күйеу сықылданып жатарым ба», – деуші еді.

Мағаш деген жақсы көретұғын баласы қыстай ауру, қыс жұт, қардың кеткеніне қарамай, Еркежаңды ертіп, Ұранқай мен Мағаштың ауылына келіп отырды.

Өскенбай бидің Таңшолпан деген келін алған қатынынан шын аты Тілеуберді, жалған аты Шыбар деген баласы болған. Шыбар менің әкемнің асықты бірге ойнап өскен тату туысқаны еді. Шыбардың дәулеті нашар болды да, өзі өліп, артыңда үш баласы қалды, соның ортаншы баласы Қанағат деген менімен құрбы баласы, қолынан келсе ұрлық қылғандай, ағайынға кәдірі жоқ, жасық жігіт еді. Сол Қанағат, бұрынғы әкесі алып берген қатынын кемсініп, біреудің қызын алып қашқан соң ағасы жазғырып, қолындағы барлық малын қыздың әкесіне сыпырып алып берген. Ағайынына тентек болып, малдан айырылып қалған Қанағат сорлыға жоқшылық күнін көріп шықпақта қиын болып, біреудің арық атын сұрап мініп қалаға барып, азырақ астық алып, иттеніп, біздің төменгі ауылға жеткізіп, сабырда жүре алмай, Мағаштың көңілін сұрамақшы болып, біздің ауылға келді. Өзі жалпы туысқаннан сөгіс естіп жасып қалған сорлы, Мағашқа да қорғалап әрең сәлем беріп жүрген, сұрағанымызда әрең айтты.

Қораның сыртына киіз үймен отырған менің әкеме де сәлем бере кетпекші болып барса, сен қайдан жүрсің десе Қанағат жүрген жайын, аты болдырғанын, әншейін жай-күйдің ретінде айтса: менің әкем: «Ой, байғұс-ай атың болдырып келе ме? Олай болса менің қара атымды жегіп, астығынды жеткізіп ала қой», – деп қыстай сұлылап отырған атын Қанағатқа беріп жібергенін естіп, Мағаш ағам маған айтады: Ой, сенін әкеңе қайткен адам ұқсай алады. Қанағат деген кім? Құрбысы, сыйласы емес. Оған болыспақ марқамат қылмак, сен, мен, Кәкітай сықылдылардікі емес пе? Қанағатқа астындағы атын қосып беріп отырған әкеге мен ұқсай алмаймын, - деді, әкесінің жомарттығына сүйініп, осы сықылды мінезі толып жатыр.

Менің жас күнімде, Кавказдағы атақты батыр Тастемірдің баласы, қасыңда екі жолдасы бар, қыстап жатып, жаз шыққан соң үшеуі үш ат мініп кетті. Ол Тастемірдің баласы екенін жасырып жүреді екен. Бір күні біз сөзден біздің ауылдың бір жігіті ашуланып, әлгі жігітті өлтіремін деп қуғанда, сені өлтірмесем Тастемірден тумайын деп, аузынан шығып кетті, сонан кейін Тастемірдің баласы екенін білген. Жыл сайын бірден, екіден үркіттен қашқан Кавказдың адамдары келіп, кейде қыстап, кейде бір-екі ай жатып, кісі басы ат мініп кетеді, көбінесе оларды менің әкем Қояндыларға барушыларға қосып береді.

Оларды арғы Көкшетау жақтан келген саудагерлерге қосып береді. Осы секілді тасымалмен кетуші еді. Осындай ат мініп кеткен адамдар 15 шақты бар шығар. Осылар секілді қашып келе жатқан мұсылманға ат беріп жіберетұғын әдет қажыда да көп болса керек.

Мен жоғарыда жазғанымда айтқаным: әкесінің мінезін баласы жазбақ қолайсыз деп, сондағы менің ойыма келгені баласының көңіліне әкесінің жақсы қылықтары ғана түсіп, жаман мінезі түспейтін сықылды.

Мен қандайлық әділ көзбен қарап жазайын десем де: жасында қарулы еді, жанын күткіш, ертерек шау тартып еріншегірек тартты демесем, басқа мін таба алмадым, мұным әкемді мақтаймын дегенім емес, бар білгенім-сезгенім осы-ақ.

Енді Долгополовтың менің әкеме айтқан сынын жазайын. Бұл Долгополов бірінші ме, иә екінші ме, государственный Думаға Одесса қаласынан депутат болып сайланған адам.

Докторлыққа экзамен беріп жатқан жеріңде саяси айыбы анықталып, Семейге айдалып келген жерінде, менің әкеммен таныс болып бір жаз, 85 жылы жаздай біздің ауылда болған. Бір күні менің әкем сөйлесіп отырып, менің балаларымды сынашы депті. Сонда Долгополовтың айтқаны: «Сенің балаларыңның адамға қарасы түзу, зерек, жақсы балалар. Бірақ сенің мына сән-салтанатынды, дәулет-дәуренінді көре отырып, жақсы бала болмайды (әкемнің жазды өлең қылғаңдағы ауылы, осы Долгополовтың ауылды жайлағандағы өзінің ауылы еді), ғылымға ет ауыртып еңбек қылмаса қолға түспейді, сенің балаларың оншалық етін ауыртып еңбек қып неғылсын, еңбексіз-ақ өзі хан, өзі би, сенің ауылыңнын төбесі көрінбестей алысқа кетсе, сонда адам болады», –  депті. Содан соң өзімді сынашы депті, соңдағы Долгополовтың айтқан сыны:

«Сенің басың алтын адамсың, бірақ, үйренген әдет-салтың ұнамсыз, таңертең төсектен тұрасың, киімдерінді біреу әкеліп береді, арқаңа шапаныңды жабады, есікті ашып тысқа шығарады, қайтып келген соң, тағы да есікті ашып, үйге енгізіп, алдыңа шылапшынды әкеліп, құман мен суды қолыңа құяды. Ас келсе шайыңды құйып береді, етіңді жапырақтап береді, ұйықтамақ болсаң, төсегіңді салып, өзінді біреу шешіндіріп, жатқызып, шақшаңды бір жағыңа, мұрын орамалынды бір жағына тығып, үстіңе көрпеңді жауып салады. Өзің-өзің үшін не қыласың? Әр нешік ұйықтап көресің», – депті. Осы Долгополовтың азғана сөзі, менің әкемнің бірқатар әдетін, салтын көрсетер деп жаздым, бірақ бұл әкеме сырт берілген сын, оның оқу, жазу, ой қызметі – бәрінен де қиын ғой, Долгополов осы жағына көңіл бөлмеген сияқты. 13 жасынан жұмысқа жүргізіпті. Қажының өзінің қыздай алған бәйбішесі Күңке шешеміз Қажыдан бірнеше жасы үлкен екен. Қажыны күтуге қолайсыз жасы жетіп алған адам болғандықтан, келін алған, Қажы біздің шешеміз Ұлжанның қолына шығыпты. Ұлжаннан басқа Айғыз деген Халиолла мен Смағұлдың шешесі бар. Бұл екі бәйбішесі бір болыпты. Күңкеден туған жалғыз баласын Құдайберді деген ағамыз шешемді тастап кетті деп, Қажыға кектеніп, айтқанына көнбей шалыс болған екен, әкеммен бірге туған ағасы Тәңірберді, Өскенбай бидің келін алған қатынының қолында өсіпті. Қолындағы баласы да менің әкем, қолайлысы да сол болған шығар. Сол 13 жасынан былай қарай қажының жауын жаулап, бірде жеңіп, бірде жеңіліп, ағайындарымен бірде қосылып, бірде ашылып келіп, 27 жасында біздің елдің Бұғылы жақ шетіндегі Оразбай Аққұлы баласының ауылындағы сайлауда қасында жақын туған-туысқаннан адам жоқ, жалғыз барып, елді жеңіп алып, інісі Сқақты болыстыққа сайлатып қайтыпты. Оразбай Аққұлы баласы, бірсыпыра шын сенген жолдастары болған, бұлар қажы адал дос болмайды, алдамшы деп кек көреді екен. Оған менің әкем көнбей, өзі заманында да тапқан достарына алаңсыз сеніп жүре беріпті. Қажының қатты айтып ұрысқан жерлері де болса керек. Осы ретімен жік салмай Сқақты үш рет болыстыққа сайлапты. Сқақты соңғы болыстыққа сайлатардың алдында бір күні Сқақтың ауылына елдің бір жиылысы тобына менің әкем келсе, Сқақ төсектен тұрған жоқ, түске шейін отырған елдің ақсақалдары жалығып тарқап бара жатыр еді. Сонда менің әкем, Сқақты шақырып алып, айтыпты: «Сонау Жиреншенің не ойлап бара жатқанын білесің бе?» –  деп Сқақ айтып: «Жоқ», – деп. «Ендеше сені келесі сайлауда боғымды болыс сайлармын дей барады», – депті. Біздің қажы баласының елді билегені-ай дейтұғын дәурені осы Сқақтың болыс болып өткізген 9 жылы. Қажы баласы атанған жандар елді билеу үшін елге жалынып, елдің ықыласын алу керек дегенді ұмытып, тек Абайға жақсақ болады дегенді көздеген көрінеді. Сқақтың да, Сқақтың бәйбішесінің де елді-ел, жұртты-жұрт демей, елдің малын өз малындай қолы билеп, қостап шыққан жылқыдан қолымен ұстатып алып, бай бәйбішесінің де сойған соғымын, байы съезге шыққанда, бәйбішесі ере шығып үй тіккізіп, салтанат құрып шығарған дукертін, Сқақтың ашуы келсе үлкен-кіші, жаман-жақсы демей бас салып ұрысып айтқанда, ертегі секілді дәл бақтың өзі қонған байдың ауылы, қатыны, баласы таңырқаушы еді.

Кенже інісі Оспан: сырты аусар, аңғал көңілі сүйген кісіге көл болып төге салатын, көңілі сүймеген адамды үйінен сүйреп тастайтұғын адам болса керек. Бірақ анығында: Абайдан соңғы ақылдысы, сырты аусар болып отырып, іші есепдал, бір келешек пайдасын көздеп, иә болмаса жұртты дәмелендірейін деп істейтін болса керек. Ақыл тоқтатып, анық жобалы жолына түспей келе жатқан жасты, ер адам әртүрлі жорып адасса керек.

Жоғарыда айтып кеткен Құдайберді ағамызбен «әкеме көнбедің деп, күндестік ойладың деп, жасында менің әкем де араз болып келіп, өлерінің алдында, екі-үш жыл бұрын татуласқан екен. Осы екі-үш жылда бұрынғы араздық жоғалып, қатты қызықты туысқан болыпты.

Әкем айтып отырушы еді: қайғы жас жүрекке қатты батады екен, Бәкемнің өліміндей қатты батқан өлім көрмедім деп (Құдайбердіні Бәкем деуші еді). Мағауияның өлгендегісін өлшеп айтқан жоқ, бұрынғы Оспан мен Ғабдрахманның өлімін өлшеп айтып еді. Сқақтың үш сайлауынан кейін, Бәкемнің орнына беремін деп, жиырмадан жаңа асқан Шәһкәрім қажыны болыстыққа байлатыпты. Шәһкәрім қажы болыс болған соң астыртын ел құрып, әркіммен анттасыпты. Келесі сайлауда Оспанды сайламақ болған екен, оған елде, Шәһкәрім қажы да қарсы болып, барлық адал деп әкесі үлкен қажының айтқанына бұрылмай сеніп жүрген достары, құрдасы бұзылып, Күнту дегенді болыс сайлаған жерде бірақ біліпті. Ел бұзылды, сені алдап жүр деп Сқақ келіп айтса, Ербол деген бір досын шақырып сұрапты, ол: «жоқ, Абай, Сқақ бекер айтады, -десе, сеніп отыра беріпті, өзі азырақ сырқат екен.

Осы сайлау 1884-ші жылы болғанда содан кейін достан, елден түңіліп соққы жегендіктен осы өлендерді айтқан секілді: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қырын бүркіт не алмайды салса баптап», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Байлар жүр жиған малын қорғалатып», «Көңілім қайтты достан да, дүшпаннан да», «Адасқанның алды жөн арты сокпақ».

«Сабырсыз, арсыз еріншекті» жазып болып отырғанда, қасында атын ерттеп жүретін жолдасы Қарасақау деген шын аты Құсайын Қиқымбай баласы деген көкше табы Балтайы сол айтыпты: Көжекбай қалды ғой деп.

Бұл Көжекбай: Мамай ішінде Еламан табынан Көжекбай әкесі Жамантай үлкен қажыға ата болып, біздің Ұлжан шешемізді өкіл қыз еткен екен.

Жамантайды жерге таласып, туысқандары өлтіргенде Қажы құнын келістіріп алып беріп, әкеден жас қалған Көжекбай, Тезекбай, Мақыш деген үш баласын өз балаларындай көріп, еркелетіп, қанаттыға қақтырмай өсірген екен. Ұлжанның төрт баласының біріңдей болып өсіп-алмағаны да, бермегені де болмаған жандар. Сол біздің ел бұзылғаңда, жеңген жақты жақтайтын мінез бен Қажы балаларының жау жағына шығып, болыс болған Күнтумен құда болған.

Біздің жау ағайынымыз Жігітек табыңдағы Базаралы деген кісі бізден кетіп, өздеріне еріп жүргенде, былайша айтып Көжекбайды боқтапты:

«– Кімнің жүгі биік болса соған қарғын, шыққан мысық келді ененді ұрайын», – деп, бір топта өзіне соқтыға бергенде, Байкөкше ақын айтыпты:

 

«Көккөжектің осы сөзі расына,

Көк тымақ әкесінің мұрасына.

(ескі тозған көк тымағы бар білем Көжекбайдың).

Айнадағы бере кедей елеңдейді:

Сайтанның анасы ма, баласы ма?

 

– деп: «Тегі құбылма адам екенің рас-ау деймін». «Бөтен елде бар болса, өжеттісің, сыйлассың басыңа жұмыс түскен күн жақсылықты бұрынғы неғылып ол ойласын» деген өлеңді сол Көжекке арнаңқырап бастап, арт жағын жалпы елдің мінезіне аударып кетіпті.

Менің әкемнің көбінесе ағайын-туысқандарын жамандап сөгіп айта беретұғынына өзінің Ырғызбай деген табының елден ерекше нашарлығынан болған секілді. Ырғызбай би болмаса да, Кеңгірбай биге қадірлі, ажарлы болады, сөзі сыйлы адам бопты. Кеңгірбайдың тілін білетұғын інісі болған соң, елге де қадірлі болыпты. Бір байын кісі өлтірген қатын байына жөнді құн ала алмай қалғанда мынадай деп дауыс айтыпты:

 

Мойны, басы былқылдап,

Ырғызбай жүрді араға,

Кеңгірбай толды параға,

параға алған сары атан,

Тігілгей еді қараңа,

 

– деп Ырғызбай Кеңгірбаймен сырласып, татулығынан Кеңгірбайға келген жақсы ат, жаман атқа ортақ болған секілді.

Кеңгірбайдың, Өскенбайға батасын бергеніне Ырғызбай мен татулығы себеп болған шығар. Кеңгірбай, Ырғызбай өлгенде бейітінен шықпай, «Сен ақ көңіл Алланың арыстаны едің ғой, Алла тілегінді берер, мені енді мына елдің ішінде алжытпай қасыңа Алладан тілеп ал», – депті деседі. Содан кейін кешікпей Кеңгірбай би де өліпті. Сол Ырғызбайдан бастап, Өскенбай, Құнанбай, менің әкем төртеуі де елден ерекше бақытты қадірлі адамдар болғандығынан ұрпақтарының бәрі дүниенің талқысын көрмей, көлеңкеде өскен көк шыбық болып, біреу білер жер келсе жөндеп сөз айтары кем, жоғарыдағылардың бағына мас болып, сөздері істе сорақы келеді.

Бір Бақаш деген Ырғызбайдың ауқатты адамы сөйлеп отырғанда, тіпті түске жуық келерлік болмай, сөзі сорақы болып шыққан соң, тындаушылар «Бақаш-ай, мына сөзің қисынбай кетті ғой десе, менің Ырғызбайлығым шығар», – депті. Бақашқа Ырғызбайға келеңсіздің, келеңсіздігі болмаса керек.

Ырғызбайдың жақсысы ерекше жақсы болады да, жаманы бақсы болып екі аралық алым-берімі болмайды деп ел күлкі қылады екен.

«Болыс болдым, мінекей» деген өлеңді Мұқыр деген елге өзінің құрдасы, нашар атаның ұлы, Күлембай деген кісі дәулетінің арқасында болыс болып, 1888-ші жылы Бақанас деген өзендегі черезвычайный съездегі тұрып, көріп айтқаңдары:

 

Уағалайкумсәлем, болыс, мал, жаныңыз аман ба.

Мынадайға кез болдың аума, төкпе заманда,

Болыс қалып қалындау кешегі бір алаңда,

 

– деген өленді соған арнап айтқан.

«Патша құдай сиындым» деген өлең мен «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңдері Ғабдырахим деген баласы Түмендегі реальный училищеде, Мағауияны бір Күлбадан деген әйел баласымен Семейдегі городскойде оқытып жүргенде айтқан.

«Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деген өлеңді сол кезде айтса керек. «Сәулең болса кеудеңде» деген өлеңді де 84 жылы менен 87-ші жылдың арасындағы жылдарда айтылған өлең.

«Жазды күні шілде болғанда» деген өленді 86 жылы Бақанас деген өзеннің төменгі жағындағы керей жері Көкбейіт деген қонысқа өзінің ауылы қонып жатқандағысын көріп айтқан екен.

«Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» деген өлеңі өзінің Тәңірберген деген ағасының ауылында, ағасы мен жеңгесінің Дінислам деген немересін тамағыңды үйде отырып іш деп аңдап отырғанын, оның құрбыларымен бірігіп ішкісі келіп отырғанын көріп айтқан.

«Ақ киімді, денелі ақ сақалды» деп қысты өлең қылғаны сол 84-ші жылы қыс қатты болып, елі жұтаған. Қар апрельдің басында кеткен, сонда айтыпты.

«Масғұд» деген өлеңді 1887 жылы шығарып еді. 81-82-ші жылдарда қос салған екен, сол жылдарда қансонарды айтыпты:

1.Мәз болады болысың.

2.Біреуден-біреу артылса.

3.Білімдіден шыққан соз.

4.Бай сейілді.

5.Ем таба алмай.

6.Замана ақыр жастары.

7.Қайғы шығар тілімнен.

8.Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей.

9.Ұяламын дегені көңіл үшін.

10.Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол.

11.Мен жазбаймын өленді ермек үшін.

12.Келдік талай жерге енді.

13.Өзгеге, көңілім, тоярсың.

14.Әуелде бір суық мұз, ақыл зерек.

15.Қор болды жаным.

16.Сен мені нетесің.

17.Айттым сәлем , Қаламқас.

18.Қиыстырып мақтайсыз.

19.Көзімнің қарасы.

20.Жастықтың оты жалындап.

21.Сенбе жұртқа түрса да қанша мақтап.

22.Өзінен басқа ойы жоқ.

23.Менсінбеуші ем наданды.

24.Алыстан сермеп.

25.Қақтаған ақ күмістей кең мандайлы.

26.Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы.

27.Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан.

28.Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ.

29.Жасынан түсін біліп сыр бермеген.

30.Кейде есер көңіл құрғырың.

 

Барша Онегин мен Татьянаға тиісті өлеңдерді 89-жылы менен 92-жылдың ішінде жазған. 86-жылы Күнту Шоңқа баласы болыстығынан түсіп, орнына назначениемен Шәһкәрім болыс болған. Күнту соңынан ерген шекті Олжабайды ертіп Мұқырға шығып, Оразбай соңына ерген Күшікті ертіп. Бұғылыға шыққан.

87-жылы қалған Шыңғысқа Оспан деген інісі болыс болған. 89-ыншы жылы бұл өкпелесіп екі жақтағы екі болысқа шығып кеткен елдер татуласып, қайтадан Шыңғысқа шыққан. Ол жылы тағы да Оспан болыстыққа сайланып, азар елімен табысып, елді Оспанға тапсырып, енді бірбеткей ғылым жолына шықтым деген жылдары еді.

Әмсе мәжілісінде ғылым сөзінен басқа сөз жоқ. Біз шәкірт есебіңде сөзін тыңдап, мұсылманның медресесіндегі шәкірттерше ақиқат олай емес былай деп, дауласып жатушы едік.

Сол үш жылдың ішінде осы айтылған өлеңдердің де бірсыпыра өлендерге әндерді де шығарып еді.

Әсіресе, 89 жылдың 90-ға қараған қысы мен, тоқсаныншы жылдың тоқсан бірінші жылға қарайғы қысында шығарды. 91 жылы Оспан мен Оразбай жамандасып араз бола бастап, тағы да отырғызбай кетті. Басында екеуін ұғыстырмақшы болып, арасына жүріп, ақыры болмай жауласқан соң, інісі Оспанның сөзін қуаттап, Оспан жаққа шығып кетті.

Сол бізге ұстаздық қылып отырғанда біздің жүрегімізге: «Малқұмар, мансапқұмар адам, адам емес», – деп еді. Бұл сөздері әр өлеңінен де көрінер. «Мәз болады болысың», «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» деген сықылды әр өлеңнен абайлап қарасаңыз көрінеді «Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек» деген өлеңді айтқанда, «Ел билеген адамды мақтап отыр ма, боқтап отыр ма?» солары секілділері көп.

Мен сөзімнің басында айттым ғой: жасында әлуетті жас болып, ел билемекке еңсесін сала шапса да, ой кірген соң тоқталып қайтқан, өзінің «Өлсем орным қара жер» деген өлеңіндегісі де дәл сол 89 жылда мен 14 жаста едім. Сонан былайғы әкемнің сөйлеген сөзіне, істеген ісіне қарағанымда бұзақылармен алысқаңдағысы өзін жаудан қорғау ретінде. Күнту болыс болып кеткен жерде: сайлауға келген Тихонов деген оязнойдың қатыны айтты, көтек деп күлуші еді. Сол жерде оязной бұл сайлауды бұзып, қайта сайлау қылайын десе, менің әкем жоқ, осы бетімен бекітіңіз депті. Жауласқан ел болыстықты алған бетімен тұрмай, менің әкеме, біздің елге қорлық, зорлық қыла бастатыпты. Өздері қалай сайлап алған старшиндарына түр бастырып, 86-жылы менің әкемді жер аудартпақшы болған.

Сол орайда Семейге генерал-губернатор келіп, қасыңда бұрын уезной болып кеткен Лосовскі бар. Елдің приговорына қарап, менің әкемді жер аударылсын деп резолутция салмақшы болғанында менің әкеммен екі арасына, әлгіні Лосовский жүріп, әкемді генерал губернаторға жолықтырыпты Сөйлескенде не айтқанын білмейміз, «Сен заманыңнан басың асқан адам екенсің», –  депті.

Сол жерде оязнойға тапсырып, Күнтуді түсіріп, қызметті Шәһкәрімге тапсырмақ қылыпты. Біздің жау жағымыз мұңдай төңкөріс болып қалғанын білмей, Абай айдалатын болды деп, елге келісімен Тәңірберді қыстап шыққан қостан жылқысын алған. Сол жерде Күнту түсіп, қызмет Шәһкәрімге тиіп, жылқыны алып, қырық салған ел қатты қазаға ұшырап, берекесі кетіп қалған.

Приговорларыңда шет Шубас елдердің де қосылғандары болыпты. Жазығы болмаса да пәленшені мұқатқан деген сөзді өздеріне абырой көргендер болса керек, жаңа «Дала уалаяты» деген газетке менің әкемді қасына ас бермеді деп жамандап, Кереку жағының біреуі «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» деп жазған. Сондайлардың мінезіне мынаны айтқан:

 

Сор қалың соққы жеген бишарамыз,

Қайтып суын қалғаннан көре аламыз,

Құр дәрімен атқанға өлмейді екен,

Өмірі мақтаншаққа нысанамыз,

 

– деп елдің жабылып мазасын алғаннан айтқаны:

 

Күшік ит бөрі ала ма жабылса да,

Тәңірі сақтар табаңдап кеп ұрса да.

Арсыз адам арсаңдап арсылдайды,

Әр жерде керегеде таңылса да.

 

«Мәз болады болысың» деген өлеңді 90-шы жылы Семейге Барон Таубе деген генерал губернатор келіп, бірсыпыра болыстарға, билерге шекпен қылыш, сыйлаған, сондағы шекпен алған болыстардың қуанғанына ыза болып жазған, өзіне де қос ауыз мылтық сыйлап еді.

«Біреуден біреу артылса» деген өлеңді сол жылы бізге музыка үйретемін деп Мұқа деген скрипкашыны әкеліп, әм Әсет деген ақынды да сақтаған. Әсет терісі тар, ызақор, кісімсіген адам еді, соған арнап жазған.

«Білімдіден шыққан сөз» деген өлеңді де осының ретінде айтып кеткен, «Ем таба алмай» деген өлеңінің артына «Жас жүрегім жанды менің» деген өлең тіркеліп кетіпті, ол өз алдына бөлек өлең, бұл перевод болса керек еді. Пушкиннің «Под вечер» деген өлеңінен перевод емес бе екен, бастап кеп тастаған ба деп ойлаймын. «Бай сейілді» деген өлеңді ел билеген болыстарға наразы ғып айтқан, «ұрысса орыс, елге болыс» үйде ұрған итке ұқсап» дегені үйден таяқ жеп шыққан ит, тыстағы итпен алыса кететін әдеті болады. Үйдегі кісіге ештеңе ете алмай – ашуын тыстағы иттен алады. Уезнойдан сөгіс естіген болыс та, сол ит секілді уезге ештеңе ете алмай, тыстағы жай адаммен ұрысады дегені.

«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өлеңді Шәһкәрім жас күнінде кәрілікті жамандап, алпыстан аспай өлеңін кәрі ит жат деп, былшылдап шат деп айтады деп, бозбалашылықты мақтап, шіліктен шымылдық құрып, томашадан жастық қып, деген өлеңі болған.

Көкбай молланың: «Әзіреті Әлі айдаһар мен атысыпты деген өлеңі болған. Әріп деген сыбан, өлең жазғыш жігіт Зияда деген өлең жазған қызды мақтамақшы болып суреттегенде «көзі гауһар, сүйегі алтын» деп осы сықылды асыл тастарды түсіне қарамай сұлудың бетіне жапсыра берген. Сол үшеуіне ой салып, ақыл көрсетпекші болып жазған еді. Ол өлеңге Әріп кектеніп, Біржан мен Сара деген қыз айтысыпты деп, өлең жазып, біздің ақсақалды жамандайды, Біржанның арғын емес, Керей екенін білмейді.

91-ші жылы Оразбай Оспанмен араласып жауласқанда Тәңірберген деген ағасы Оразбай жаққа шыққан. Былайша болмақтың себебі: Тәңірбердінің сүйегі бос адам еді, ертерек қартайып, билікті Әзімбай деген баласы алған. Оның жауласқан себебі, талабы бар оқымаған жас жігіт абұйырлы болмаққа ел билеумен табамын деп ойлап, ағаларының алақанына қарамай өзінің ел таппаққа ең қолайлысы ағаларының жауын ел қылғаны болып көрініп, Оразбаймен құда болған. Оразбайлар ойлаған: бұларды бөлмеске болмайды, өстіп құда болып бөлелік деп. Елді меңгеріп, елдің сүндет- міндетін де жаудың азабын да жеке көтеріп алған інісі Оспан 92-жылы өліп, Оспан арқалаған азап, жеке басына түсіп қалды. Сондықтан, медіресе болғандай болып кейінгі өлендерді әр уақытта жазып тастай берген.

Көбінесе өленді қысты күні жазушы еді. «Бойы бұлғаң, сөзі жылмаң» деген өлеңді 92 жылы Оспан өткен жылы қыстауға қонғанда жазып еді. Бұл өлеңнің аяғы «Кешегі Оспан бір бөлек жан» деген өлең.

Оспан деген кенже інісі өлген соң, артыңда қалған баласыз үш жамағатын Сқақ, Тәңірберді, үшеуі алған. Үлкен үйдегі келіні Еркежаңды әкем алып, үлкен үйге кірген бұл келінін алғаны 94-ші жылы. 98 жылы сайлауда, баяғы Оразбай мен Күнту тағы да бірі, Бұғылыға, бірі Мұқырға шығып, қалған елді өзің ие болып қайырып алмасаң болмайды деп, халық ақсақалдары менің әкемді болыстыққа сайлаған. Менің әкем 20 жасыңда Құдайберді деген ағасына каңдидаттыққа бір сайланған екен. Құдайберді өлген соң араз жағы, жасы толымсыз деп көрсетіп, түсіп қалған екен. Содан кейін қандайлық елдің сайлауын еркі біліп, билеп жүрсе де, болыстыққа сайланған емес. Екі рет бұрын Мұқыр елі Қоңыр көкше атанып жүргеңде осы елге назначениемен болыс болыпты.

Еркежанды алған жылы волостной съез қылуға елге шыққаңда: Қыздар атты бір құрдасы, олақтау адам еді. Бейне бір менің әкем ішсе асқа, кисе киімге жарымай жүрген адамша, қалжындаймын деп айтыпты: «Биыл үлкен үйге кірген соң тойып, түйініпсің ғой», – деп.

Сол Қыздардың қалжыңына ыза болып, мына өлеңді жазған. Бір талай өлең еді, ертеңінде Қыздар жалынып сұрап алып, отқа салып жіберді. Бір-екі рет оқығандағы жаттап алғанымыз осы-ақ:

 

Қойдан қоңыр, жылқыдан торы бәкең,

Бәкең Қыздардың табы, Ілекер, Бетімбай,

 

Аталық, Жанқожа сол таптың Қыздардан бұрынғы өткен жақсылары.

Байұзақ Қыздардың ағасы, бірақ бұл кезде тұғырдан түскен. Дауылбай – қанды балақ ұры (айпар, жайпар, жегіш, жұтқыш, жалмауыз деген сөздердің мағынасында).

Шотқара Қыздармен тектес Бәкең ішіңдегі бір топ оның Айтқожа деген есті, жұғымды адамы болған, сол сені ақымақтандырып жүр деді. Досақ Бәкең ішіндегі Қыздардың табы.

«Болды да партия ел іші жарылды» деген өленді де осы Қыздарға шамданғаннан айтып жіберді.

«Ант пенен тарқайды, жиылса кеңеске» деген өлендері де сол 94 жылы съездегі билердің мінезінен айтқан.

«Не іздейсің көңілім, не іздейсің», «Жүрегім, ойбай соқпа енді», «Ал сенейін, сенейін», «Жүрегім нені сезесің», «Жақсылық ұзақ тұрмайды»,  «Қарашада өмір тұр», «Жас өспірім замандас қапа қылды» деген өленді Оспан өліп, бар бейнет басына мезгілсіз түсіп, ықласы қайтып қажыған кезінде досы да, туысқаны да бұлданған, құбылғанын көріп, сол 92 жыл мен 93 жылдың ішінде жазған еді. Менің әкемнің өз еліне, ағайын, туысқанына арнап айтқан сөздері де жалпы қазаққа жағып, көкейіне қона түседі. Жалпы қазақтың дерті бір дерт болған ғой, бүгін абайлап қараса елдегі қазақтың дерті оқыған азаматтарынан да арылмаған секілді. Қазақ азаматтарының әлденеше тобында болдым, талас шықсақтабымен бөлінеді. Ол баяғы елдегі біздің науқасымыз, қастықпен бөлінсе аралас болып, ата жігі көрінбес еді. Қастығын ұстаған тастай лақтырып тастап, жеңген жаққа шығып, өзбек өз ағам, сарт садағам деген баяғы кәрі мінездің қалпы қурап па? Мен бұл жерде өз басынан ойлап шығарған өлендерінің мына кітаптағыларын реттеп, қай мезгілде, не себепті жазылып кетті екен деген сөзге жауап орнында жаздым. Басқа переводтарының қай жылдарда жазылған бұрынғы кітабында айтылған.

Крыловтың переводтарын 94-жылы Недоров деген уезной елге келгенде, менің әкемнің Лермонтовтың өлеңдерін перевод еткенін естіп, менің әкеме айтты: «Сіз Крыловтан перевод етсеңізші, қазақтың ұғымына сол қолайлы жеңіл ғой», – деп. Содан кейін Крыловты перевод етіп еді.

Біздің елге Сқақ Махмұдов деген ноғай ертеректе саудамен келіп, қазақтан қыз алып, қазақ ғұрпына түсіп, қазақ сықылданып кеткен, қазақ ішіңде недәуір бай болған. Құнанбай қажының балаларынан алып, қыз беріп, құршалалып құда, құшақтасқан дос, туысқан есебінде болған. Сол Сқақтың немерелері Сыдық Жибулда деген екі жасы, бозбалаша балалар менің әкемнің үйіне келіп отырғаңда соларға арнап: «Қуанбаңдар жастыққа» деген өлеңді жазған.

Қымыз ішіп отырғаңдарға арнап: «Осы қымыз қазақтар, мақтаның ба, асың ба? деген өлеңді жазған.

«Көңілдің күйі тағыда» деген өлең Лермонтовтың «Вдохновениені» суреттегені болса керек еді, сөйтсе де: «Ескендірді» жазардың алдыңда жазса керек.

«Желсіз түнде жарық ай» деген өленді 98-ші жылы жазған. 88-ші жылы жазды деп бұрынғы өлендерді көшіріп жазған Мүрсейіт деген адамның қате жібергені болады.

Әңді өлең қып суреттегінінің себебі: мен де жасымда ақын шығармын деп, аз-маз өлең жазып жүргенімде, әнді өлең қып қарайыншы деп едім, қисынын келтіре алмадым. Содан соң әкеме айттым: осы әнді өлең етіп суреттеңізші деп, сонан соң айтып еді: соған жалғас көпті суреттеп осы өленді жазды:

«Құлақтан кіріп бойды алды, жақсы ән менен тәтті күй» «Сағат» деген өлеңді біздің өлең қыламыз деп қыбыжықтап жүргенімізді естіп жазды.

«Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз жол емес» деген өлеңді, «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, ол бірақ қайтып келіп ойнап күлмес» деген өлеңді:

 

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Еш уақыт рас сөз жалған болмас»

 

– деген өленді өзінің қара сөзбен тасыдық деп жазған сөзіне қарай өлең қылған.

«Қуатты оттай бұрқырап, уазынға өлшеп тізілген» деген өлеңді, «адамның кейбір кездері» деген өленді өзі ойланып «вдохновениені» суреттеп айтқаны.

 «Күңді уақыт қызартып көк жиектен асырса,

Көлеңке басын ұзартып, алысты көзден жасырса»

 

– деген өлеңді сүйген,сенген достарынан соққы жеп, жер соғып алданғаннан айтқаны.

«Сұм дүние, тонап жатыр ісің бар ма» дегенді, «Есінде барма жас күнің» дегенді өзінің қартайып бара жатқандығын айтқаны.

«Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» деген өлеңді қалай ескенін, қандай тәлім алған, қандай халықтың ортасыңда болған, ой кірген соң не қылған? Соларың, қысқаша айтып, биография есебінде жазған. «Ескендірді» жазғаңда жұрт мақтаған Ескеңдір жақсы кісі емес, мұның каһармандығының жолы осы деп жамаңдаған.

* * *

Менің әкемнің ашуын өзі еңбек қып азайтып еді дегеніме бір себеп төмендегі сөз:

«Біздің казақ сорлы мансапқа таласпай жүре ме? 1898-ші жылы сайлау болғанда, бұрынғы Мұқыр атанған елдің сайлауына менің әкем барған. Оразбай байдың дәулеті асып, дәуірі тобықты ішіне жүріп, Оспанмен екеуінің араздығы Оспан өлген соң менің әкемнің басында қалған. Оразбай мен әкемнің араздығы Тобықты елі болып, үлкен съездерде бір уезге қараған қазаққа жетіп, бір уез елдің адамдары екі жар болатұғын. Мұқыр болысының ішіндегі менің әкемнің тілеулестері: «Сіз бармасаңыз болмайды, Оразбай қалаған кісісін сайлатып алып, басымызға пәле жауғызады», - деп, жалынып жалпайып апарған. Ақылы көзінде, елдігі де, жаулығы да қаспен көздің арасында тұратұғын сорлы казақ, менің әкемді көрген соң, әкемнің досы жаққа қарай ауыса бастаса керек. Бастығы Оразбай жолдастарымен осының өзіне қол тигізіп бір таңба салмасақ ел ескі әдетімен ауа береді десіп, бірнеше адамдарды сайлап шығарып, уезнойдың қасында әңгімелесіп отырған Абайға қолдарыңды тигізіп, жанжал шығарындар», – деп жіберген.

Халықтың бұл сияқты ниетінен хабарсыз отырған әкеме бірнеше татымсыз адамдар келіп, жанжал шығарған жерде бұлардың бұл ақылының ішінде болған адам аналардың қолы Абайға тигенше, маған тисін деп, аналар ұмтылып қамшысын сілтей бергеңде, әкемнің үстіне жығылыпты. Жұрттың таяғы оған тиіп, әкеме таңба түспей қалыпты, бұл кісі Сопының інісі Аппас, бірақ таяқ тиеді не, тимеді не, әйтеуір Абайды ұрдық деген атын көтеріп, мұратына жетті.

Осы ісі туралы ағайын туғаны, балалары, ел-жүрты, досы-жары жиылып біз де пәлен етеміз, түген етеміз, өлеміз, өлтіреміз, бітім жоқ дескенде, менің әкем айтты: «Барша жамандықтан жамандық туады, жақсылық тумайды, мен жасымда қарғағанымды жер қыламын, алдағанымды зор қыламын деп ашуға да, айлаға да шырақ жағып түнегендей болғанмын, дүшпанын жеңбекте жолы болған адамның бірімін. Мен алғаш атқа мінгенде жігіттіктің дәулеті де, дәурені де өзімізбен тең, жай келсе, артықпыз деп жүрген ел еді. Солардың қанша жандарының айдалып, байлануына, бірінің артынан бірі барамын деп жапан жүріп бейнетке, қазаға ұшырауына себеп болған шығармын. Рас, өздерінің ұрлық, зұлымдығынан да болған шығар, бірақ, менің қатты зәрленіп соңына түскенімнен де болды.

Сол Жігітек деген ел қандайлық елдіктен кетіп, кедей болып тұрғандай тозды десең де, бүгін астымда жатса да аяғымды тістеуге жарады.

Бұл жаманшылықтан туған жаманшылық деп біліңдер. Өлеміз, өлтіреміз, бітім жоқ деген сөз дұрыс емес, мен енді бұл бітімсіздікті қостауға жайым жоқ. Жөні келсе, мен бітімнің кісісімін» – деп, елді тоқтатты.

98-ден 99-ға қарайғы қысында, Оразбай Меккеге жүрерде бітелік, ризаласалық деп кісі салған соң, әкем жарайды деп, алған-берген еш нәрсе жоқ. Семейде Жақия қажының үйінде бас қосып, Меккеге жүрмекші Оразбайға ризалығын берді. Артынан елге барған соң, Медеу деген Оразбайдың баласы жанжалдағы елдің басты адамдарын жол-жобасымен әкемнің алдына алып келіп, бітім болды. Абай алған жол-жобасы үшін бітім қылды деп ешбір Тобықты айта алмас.

99-жылы обласной землемер болыс- болыстың арасына меже салып, гран жүргізгенде, бұрынғы Мұқыр болысындағы Жігітек, Бөкенші деген екі тап елдің егесі мен ежелгі жау болып келе жатқан екінші 98-ші жылғы жанжалдың иесі, ағайыны, гран бойынша еріксіз біздің Шыңғыс елінің хатына кіріп қалды. Бұлар ашулы арыстанның алдына қол-аяғын байлап тастаған кісінің күйінде болды. Жоқ, әкем сол араз ағайынның бар басты адамдарын, ақсақал, қарасақалын шақырып алып: қырық жыл елдік, қырық жыл жаулық болмайды деген, енді жаулықты ұмыталық, мен жаулық қылады екен демеңіздер деп, шын жүрегін көрсетіп, қойнын ашып жіберіп еді, олар да бұрынғы жаулықты соншалық ұмытты.

Содан кейін төрт жыл өтіп, бесінші жылдың басында менің әкем дүниеден қайтып, артында мен қалғанда, әкемнің аруағын сыйлап, шын достығын көрсеткен елде тек осы Оразбай болды.

Оразбай секілді әкемнің жаулары еңді мені бишара жетім ғой, енді бұған тиіп неғыламыз деген жоқ. Қаңдай жаулығын қылса да әкемнің достарының арқасында жалғыздық көргенім жоқ.

 

Тұрағұл Құнанбаев

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.