ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • Ысқақ ДҮЙСЕНБАЕВ: ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ КЛАССИГІ

Ысқақ ДҮЙСЕНБАЕВ: ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ КЛАССИГІ

Оқылған 15141 рет

Қазақ әдебиетінің классигі Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың әдеби мұрасын жинау, жариялау, зерттеудің өзіндік күрделі тарихы бар екендігі баршаға аян. Кемеңгер ақынның шығармаларын кепшілікке тарату ісі тек совет жылдарында ғана мықтап қолға алынды, ал оларды зерттеу, тексеру де ғылыми жолға қойылды. Абайдың үлкенді-кішілі жинақтары үздіксіз бірінен соқ бірі жарық көріп жатты. Мәселен, таңдамалы басылымдары 10 рет, ал толық жинақтары да 10 мәртебе жарияланды. Біз қазақ тілінде басылып шыққандарын ға-на сөз етіп отырмыз.

Осыған орай ақын мұрасын меңгеруде біраз жұмыс істелді де, жеткен табысымыз да баршылық. Әйтсе де, әлі де болсын жетіспей жатқан жағымыз, жойыла қоймаған олқылығымыз да ара-тұра кездесіп отырады. Тегі сол кемістіктеріміз салдарынан туса керек, соңғы жылдарда мерзімді баспасөз беттерінде, кейбір жеке зерттеулерде Абай мұрасының жайы оқта-текте сөз болып келді. Әрине, осының бәрі еріккеннің ермегінен туған арзан ойлар немесе дүмбілез долбарлар емес. Шын мәнінде ұлт мақтанышына айналған Абай тұлғасын шырқау биікке көтеру, оның асыл мұрасын келешек ұрпақ нәр алатын сарқылмас рухани азық ету. Бұл ретте әдеби қауымның тілек-талабы мегізінде үлкен екі арнаға саятындай:

1. Ақын шығармаларының жаңа нұсқаларын табу, бұрыннан мәлім қорды толықтыра түсу.

2. Абай сөзіне, сөйлеміне, шумағына түзету, өзгерту енгізу, яғни текстология мәселесі.

Сөз жоқ, екеуі де өте орынды талаптар. Замана тілегінен, ғылыми жұмыс даму мұқтажынан туған бұлжымас міндеттер. Рас, тілек-та-лаптардың ойдағыдай және жедел жүзеге асуына қажетті жағдайларды да ескерген жөн. Әйтпесе, қаласаң ғана болды, дереу орындала салатын сиқыр дүние емес қой.

Ал Абай мұрасын зерттеудің хал-ахуалы, сатылы жолдары, қиын-қыстау кезеңдері, сапа-сақуаты хақында бұрын-соңды талай рет сөз болып келгендіктен, біз осы екі томдықты баспаға дайындаудағы бар мүмкіншіліктерімізге алдын ала, қысқаша тоқтап өтсек дейміз.

Ең алдымен Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасы қорында және Мұхтар Әуезовтің әдеби мемориалдық музейі архивында сақтаулы тұрған Мүрсейіт Бікейұлының үш көшірмесін (1905, 1907, 1910) негізгі дерек ретінде атаған дұрыс. Оларды сан мәртебе пайдалансақ та, бүл жолы Абайдың қара сөзіне («Ғақлияға») текстологиялық жұмыс жүргізгенде, осы үш көшірмені өзара кайта салыстырып шығуға тура келді. Демек, «Ғақлияға» тұңғыш рет тексто­логиялық тексеру жүргізіліп, қалыптасқан (канондық) тексті жасаудың алғашқы бастамасы қолға алынды.

Біз сүйенген тағы бір құнды материалдар — Абайдың негізгі басылымдары (1909, 1933, 1945, 1957). Бұлардан басқа косалкы материалдар ұлы ақынның әр жылдарда жарияланған кейбір жеке шығармалары, бірен-саран ұшырасатын қолжазбалар, көшірмелер.

Қорыта айтсақ, Абай шығармаларына жан-жақты, терең текстологиялық жұмыс жүргізерліктей деректі материалдарымыз онша бай болмаса да, құр алақан да емеспіз. Амал қанша, барға қанағат етеміз де.

Сөйтіп, басты бір талап: Абай шығармаларының қайтсе де санын көбейту, толықтыра түсу дедік. Тегі мұндай тілек ел арасында «Абайдікі-міс» саналған өлеңдердің әлі күнге дейін орын теуіп келгендігінен болса керек. Ақынның дүние салғанына 70 жылдан асып кетсе де, ауыз әдбиеті дәстүрінің әсерімен қанатты сөздерді, әсем шумақтарды, яки түгелдей жыр-толғауларды Абай есіміне таңу тоқталмаған, кейбір жібі түзу өлеңдерді «мынау Абайдікі» деушілікті әрдайым кездестіріп отырамыз. Әлбетте, кімге де болсын бұл жөнінде тыйым салу қиын, орынсыз да. Дегенмен, есте тұтатын ақиқат бір шындық бар: санын көбейтеміз деп жүріп, сапасын тым құлдыратып алмалық. Өте жақсы саналған шығармалардың өздерін, егер олар Абайдың көксеген арманына қайшы, ақындық өнеріне жанаспаса, бет алды қызығу арқылы  Абайдың алтын мұрасын бөгде қосындымен былғамалық*. Алда-жалда, «осы бір шығарма Абайдікі-ау» дегеннің өзінде ақын мұрасымен жете таныс мамандардың қатысулары бойынша әбден талқылап, бір тұжырымға тоқтаған соң ғана Абай мұрасы деп қабылдаған дұрыс. Бұл ретте алдын ала арнайы кеңестер шақырған, ғылыми айтыстар ұйымдастырған жөн. Біздің топшылауымызша, бірден-бір айқын жол осы ғана, басқа ешбір лаж жоқ секілді.

Мұхтар Әуезов ұлы ақын шығармаларының қазіргі құрамы (составы) таза болуын, күмәнді яки құнсыз қосындылар енбеуін талап етіп, сан рет ескертіп жүретін-ді. Бірде біздің Институтқа әдейі келіп, Зәки Ахметов екеуімізге осы тілегін қайталап, қадағалап айтты, қатал талап қойды.

Абай мұрасының қорына қосуға ұсынылып жүрген шығармалардың кейбіреулеріне тоқтап көрелік.

1. «Жаңа закон» аталатын 140 жол ұзақ өлең (Г. Н. Потанин архивынан тапқан — Ә. X. Марғұлан). Мүмкін, бұл шығарманың қазақ әдебиеті тарихынан аларлық өзіндік орны да бар шығар. Біз оны жоққа шығару немесе қазақ мәдениетіне елеулі еңбек сіңіріп жүрген көрнекті ғалымның ізгі еңбегіне күдік туғызу ниетінен аулақпыз. Бір жайды, осы өлеңді Абайдың жазбағанын, ол Абай қаламынан тумағанын дәлелдемекпіз. Сырт қарағанда «Жаңа законның» кейбір сөздері мен шумақтары Абайды аздап еске түсіретіні рас, бірақ бұл — алдамшы керініс. Себебі, ең әуелі, өлеңнің көркемдік жағы нашар, Абайдың бізге мәлім шығармаларынан көш төмен жатыр. Екіншіден, идеялық тұрғыдан қарағанда да ағартушы, гуманист ақынның ұстаған позициясына қайшы, керек дссеңіз қарама-қарсы келетін көзқарастар көп.

Қолжазбаның бірінші бетінде орысша былай деп жазылған: «Джанга законъ 1884 года марта 2-го дня». Кеңсе күзеткен чиновниктің стилі. Өлеңнің өзі мына бір  шумақтардан басталады:

Орысқа қарағалы көп жыл болған,

Бір де еркек жоқ ел үшін еңбек қылған.

Патшаға барып жүрген жақсылары,

Шекпен үшін, шең үшін босқа ұмтылған.

Хабар жетіп патшаға біздің жақтан,

Жаны ашып ойшыларға ой ойлатқан.

Қазаққа осы жақсы, пайдалы деп,

Ойшылар жаңа закон низам тапқан.

Шығарған бір законды қазаққа деп,

Бұрынғыдай қалмасын азапқа деп.

Қазы, майор, тілмаш пен казак орыс

Елді иттей таламасын мазақққа деп.

Түзетемін десе де қазақ халқын,

Іштегілер көп білмес елдің парқын.

Ниеті алал болса да пайда қылмақ,

Өзім пайда демеймін мұның артын…

Осы шумақтарды Абай жазды деуге қалай ауыз барады. Олардың авторы патша ағзамның мейіріміне табынып, қамқорлығына сеніп, үміт артқан тәуелді жан ретінде сипатталмай ма? Сонда ақ патша қалың қазақтың қамын жеп, жаны ашыған coң, «Ойшыларына ой ойлатқан, жаңа низам тапқан» болып шығады. Сол Жаңа закон бойынша қазақтарды «Қазы, майор, тілмаш пен казак орыстардан» корғап, араша түсетін де сол Ресей патшасы-мыс. Осылардың бәрі де Абайға жат дүниелер.

Өлеңді әрі қарай оқып көрелік, бәлкім «жаңалық» табылар:

Ер, қатын жанжал болса анда-санда,

Бітіруші еді кітабымен указ молда.

Муфтиден бізді айырды, указ қалды,

Ендігі ерік ояз бен жандаралда…

Ақын патша ағзам алдында елбең қаққанын тез ұмытып, енді дін қағидаларының орындалмағанына қатты қынжылады да, өз ойын ашық білдіреді.

….Opыс біздің қарамас төтемізге,

Шариғатсыз, биліксіз кетеміз бе.

Біздерден заңы бөлек, діні бөлек.

Олар неге кірісті некемізге…

Мұндай жолдарды Абайға тануға бола қоймас. Данышпан ақын, озат қайраткердің ізгі ойларына, көксеген асыл арманына қарсы көзқарастар, жат түсініктер. Өйткені, өлең авторының көздеп отырғаны қазақтың ескі өмірін қаз-қалпында сақтау, ислам дінінің шырқын бұзбау, исі орыстан безіну:

Жақпаса надан біздің қылығымыз,

Келіспесе қазақша тұруымыз.

Дінімізге тимесін, өзгемізді

Өз заңына-ақ салсашы ұлығымыз…

Алайда, ақын «шындықты» есіне қайта түсіріп, «біздің барымызды алсаң да, түгелдей бағындырсаң да, тек дінімізге тиме» деп ұлыққа жалынып, тағы да толқымалы халге көшеді. Ақыр-аяғында ұзақ өлең былайша түйіледі:

Патша тіпті қас емес, біздерге дос,

Ақылдас, байғұс қазақ басыңды қос.

Бұл закон бізге тынышсыз болды ғой деп,

Өзіне жеткізсеңші жүргенше бос.

Осындай қорытындыдан кейін не күтуге болады? Автор ойының тайыздығы, екі-ұштылығы, тілегінің құнарсыздығы және халық мүддесіне мүлдем жанаспайтындығы ап-айқын сезілмей ме?! Ендеше, Абай мұрасын мұндай шығармамен «толықтырудың» қажеті аз шығар.

2. Сол Г. Н. Потанин архивында сақталған «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырының тағы бір көлемді нұсқасын Абайға таңушылар да табылады. Бір есептен, ел арасына мол тараған әйгілі дастанды Абай өзінше жырлап, толықтырса, өңдесе, сөйтіп әбден кемеліне келтірсе, оның не ерсілігі бар. Бүкіл жер жүзі әдебиеті тарихында мұндай мысалдар бірен-саран кездеседі ғой. Ақиқатта басқаша.

«Қозы Көрпеш — Баян қыз» аталатын жаңа версияның құндылығы, лироэпосты зерттеушілер үшін өте қажетті дерек екендігі ешбір шүбә туғызбайды. Бірақ мұны Абай жазды деген тұжырым дәлелсіз, асығыс айтылған пікір.

Ә. X. Марғұлан мынадай бір жорамал ұсынады: Н. Я. Коншинға келіп түскен материалдардын ішінде аталмыш нұсқа бар екен. Ал пакеттің сыртына «А. Қ.» — деп жазылыпты. Міне, осыған қарап, Әлікей Хақанұлы төмендегідей үзілді-кесілді қорытындыға келеді: «Ең алдымен,— дейді Әлекең,— А. К. — (оның қазақшасы — А. Қ.), яғни Абай Құнанбайұлы дегенді білдіреді. Ендеше, «Қозы Көрпеш — Баян қыз» дастанын қайтадан жазып шыққан — бұл жолы Абайдық өзі». Бұлайша бірден кесіп айтуға, біздіңше, әзірге ертерек тәрізді. Күні бүгінге шейін Абайдың өз қолымен жазылған бірде-бір қағазды (қолжазбаны) білмейміз. Өйткені оның тек бір документке «Ибр. Кунанбаев» деп қол қойғаны ғана сақталыпты. Ал, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» аталатын шағын мақаланы бірден-бір жеткен Абайдың оригиналы санап келсек те, шынында тап солай екендігіне шүбәсіз дәлеліміз тағы жоқ. «Ана бір қағазды немесе мына бір тексті» Абай жазған екен деп жорамалдап жүргеніміз, шынында, дәл емес, тек көңілмен жору, оймен долбарлау.

Оның бер жағында, халық арасына ертеден тарап кеткен көне үлгіні (мысалы: «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырын), егер оған түбегейлі өзгеріс енгізілмесе, сол бұрынғы жүйелі сарынды сақтап, түгелдей дерлік қайталаса, бірен-саран айырмашылықтарына қарап, пәленнің нұсқасы деп айдар тағуға ешбір қисын жок.

3. Қайым Мұқаметханов, Әбіш Жиреншин, Әрсен Ибатов, Садық Қасиманов, Мұздыбай Бейсенбаев және басқалар әр жылдарда, дүркін-дүркін «Абайдың жаңа табылған өлеңдері» деген атпен азды-көпті материалдар жариялап келді. Солардың ішінен тек Қайым Мұқаметханов ұсынған бір топ өлеңдер болмаса, басқалары аяқ асты қала берді. Себебі, кездейсоқ, жеңіл-желпі ұсыныла салынған шығармалардың басым көпшілігі, бір жағы, көркемдігі өте нашар болса, сондай-ақ, «анадан жазылып алынды, мынадан естіп едік»,— деген жалпылама сөздер ғана арқау етілгендіктен, күдіксіз дерек ретінде пайдалануға жарамай отыр.

Ал, енді екінші маңызды мәселеге, яғни текстология жұмысына көшетін болсақ, мұнда ақылдасатын, ойласатын, өзара келісетін жайлар аз емес тәрізді.

Ең әуелі текстология дегеніміз не және ол қазақ әдебиеттану ғылымында нендей дәрежеде дамыды, каншалык өркендеді?

Әдетте текстологияны филологияның үлкен бір саласы санайды. Онда сан түрлі текстердің өз ара айырмашылықтары мен жазылу тарихы тексерілетіні айтылады. Көрнекті совет ғалымы академик Д. С. Лихачев өзінің «Текстология» аталатын қысқаша очеркінде осы ілімнің, яғни текстологияның қыры мен сырына жақсы тоқталған. Ғалымның түсіндіруінше, қарапайым оқушының шығармадан тікелей алатын әсері мен сол шығармаға деген текстолог-зерттеушінің көзқарасында үлкен айырма бар секілді. Егер алғашқысы (окушы) автор тексті ешбір үзіліссіз (өзгеріссіз) бірден қағаз бетіне түсті деп ұғынса, екіншісі (текстолог) текстерде орын тепкен кұбылыстардың түп төркінін айкындайды, жолдарындағы құпияларын ашып береді. Қысқасы, текстолог-ғалым автордың көздегеніне көбінесе қарсы әрекет жасағандай тәрізденеді. Оның мақсаты текстердегі ерекшеліктерді табумен бірге олардың жазылу тарихын айқындау, автор варианттарын мұқият тексеру арқылы қалыптасқан (қанондық) тексті ұсыну, тағысын-тағылар.

Біздің жағдайда текстологиялық жұмысы кең көлемде өрістемей, шын мәнінде ғылыми тұрғыда жүргізілмей келді. Өйткені, классик жазушылар шығармаларының дені дерлік түп нұсқа (оригинал) күйінде сақталмағандықтан, мұндай игі істі тиісті дәрежеде орындауға мүмкіндік оншалық бола қойған жоқ. Әйтсе де қолда барды сарқа пайдаланып, азды-көпті жұмыстар жүзеге асырылды. Мысалы, сонғы жылдарда Абай Құнанбаев, Махамбет Өтемісов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бернияз Күлеев шығармаларына біршама, кейде тәп-тәуір текстологиялық тексерулер жасалды дей аламыз.

Сонымен, қолда бар мүмкіншіліктерге қарай текстология жұмысымен үнемі шұғылданып келсек, енді оны бұдан былай да жүргізе бермекпіз.

Мүмкін, кейде бұл істегі табысымыз айта қаларлықтай бола да бермес. Бірақ оған қарап: «Бізде бұл жұмыс мүлдем жоқ» деп ауызды қу шөппен сүрту орынсыз.

Бұл салада бізді қандай міндеттер күтіп түр? Кімдер не айтты, нендей ұсыныстар жасады, талаптар қойды? Соларға кысқаша шолу жасап өтелік.

Әр кезде мерзімді баспасөз беттерінде мақалалар жарияланып, жеке зерттеулер жазылып, Абай мұрасы әрдайым сөз болып келді. Біз солардың ішінен тек кейбіреулерін ғана сөз етпекпіз. Мысалы, «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» деген атпен 1959 жылы Қайым Мұқаметхановтың енбегі жарық көрді.

Қайым Мұқаметханов Абай мұрасын және ұлы ақын төңірегіне шоғырланған басқа да авторлардың шығармаларын зерттеуде көптеген ғылыми еңбектер жазып, елеулі үлес қосқан ғалым. Демек, оның пікірлерімен санасқан абзал. Алайда, ілікте ғана аталғаи монографиясына екі түрлі ссбеппен арнайы токталмаймыз.

Бірінші себеп — автор осы еңбегін жазғанда, неге екені белгісіз, өз зерттеуіне негіз етіп Абай шығармаларының 1954 жылы жарияланған басылымын алыпты. Бұл екі томдық өте бір қиын жағдайда баспаға дайындалып, лажсыздан кеткен олқылық-кемістіктермен шыққан болатын-ды. Ал мұны өзгелерден гөрі Қ. Муқаметханов жолдас  жақсырак білетін.

Екінші себеп — сол кітапта өте орынды көрсетілген кемшіліктердің көпшілігі Абайдың 1957 жылғы басылымында түзетілді, күдіксіз дегендері қабылданды. Бірақ та біз өз жорамалдарымыз бойынша беталды түзете берушілікке жол берген жоқпыз. Мысалы: К. Мұқаметханов аталмыш сол енбегінде: «Абайдың өз қолжазбасының сақталмауы ақын шығармаларының баспадан шығып жүрген жинақтарының текстология мәселесін зерттеу ісінде зор қиындыққа ұшыратады…» — дей келе, тіпті қызық қорытынды шығарады. «Абайдың басылып жүрген жинақтарындағы, сол сияқты Абай шығармаларын көшірушілердің қолжазбаларындағы ақын өлеңінің кейбір шумақтарын, жеке сөздерін дәл бермей, түп нұсқаға нұқсан келтіріп тұрған, шығарманың көркемдігін, мазмұн-идеясын бұзып, күдік тудырып тұрған жерлеріне кездескенде, автор (яғни Қ. Мүқаметханов— Ы. Д.) өзінің жорамалына (гипотезасына) сүйеніп, өз пікірін дәлелдеуді де орынды санады. Сондықтан басқа сүйенер мағлұмат болмаған жерде өзімізше, дәлелді деген пікірімізді жорамалмен (гипотезамен) анықтауға сүйендік» ,— деп ашық айтады.

Сонда бұл қалай? Егер Мұқаметханов біреу ғана болса, бір сәрі ғой. Алда-жалда, тағы бірнеше кісі табылып (бұл қнын дүние емес қой), олардың әрқайсысы өз гипотезаларын қолданса, аз уақыттың ішінде Абай лабораториясына үңіліп, шеберлік өнерінің сырын ашуға ұмтылса, көбінше Абайдың өмірбаянындағы көмескі деректерді, яки текстологиясында­ғы даулы мәселелерді сөз етеді. Т. Әлімқұловтың көптеген ойлары — ізгі тілектен туған дұрыс топшылаулар, байсалды тұжырымдар. Әйтсе де оның кейбір болжамында екі-ұшты, жаңсақ жорамалдар ұшырасса, тағы бір деректерінде нақтылық, дәлдік аз, жалпылама долбармен айта салған немесе басқа біреулердің мәліметтеріне сүйенгенде, олардың түп төркіні қайдан шыққанына оншалық мән бермеген. Мысалы, Абай шығармаларының Таһри тәржімасымен Иранда жариялануы, сондай-ак Ғабдулла Тоқайдың: «Бұл — ұлы ақын. Бұдан үйренуіміз керек», — деп Абайды қошеметтеуі — көңіл аударарлық, өте қызықты фактілер. Бірақ, амал қайсы, олардың қай жерде, қай мезгілде, нендей жағдайда жарияланғаны, айтылғаны беймәлім, тиянақты деректер көрсетілмеген («Қазақ әдебиеті», 1974, 5 июль).

«Тағы да Абай мұрасы хақында» деген мақаласында Т. Әлімқұлов былайша түйеді: «Семейлік Садық Қасиманов қария жерлес акынның текстологиясы хақында қызықты пікір айтады. Мәселен, ол Абайдың «Сіз қырғауыл жез қанат, Аш бетіңді, бері қарат» деген жолдары: «Сіз қырғауыл жез қанат, Ұш, бетіңді бер қарат» боп басылуы керек», — дейді. Бұған құлақ аспауға қандай орын бар?! Қырғауыл бетін ашатын пәренжелі әйел емес, жаңа түскен келіншек те емес. Ол ұшады. Ұшқан құсқа мергеннің «бетіңді бері қарат» — деуі бек мүмкін» 2

Абай шумақтарын толық оқылық:

Иығымда сіздің шаш,

Айқаласып тай-талас,

Ләззат алсақ болмай ма,

Көз жұмулы, көңіл мас?

Сізде сымбат, бізде ықылас,

Осы сөзім бәрі рас.

Сіздей жардың жалғанда

Қызығына жан тоймас…

Жүрек балқып игенде,

Ішкі сырды түйгенде,

Іздеп табар сұңкармын,

Жарастықты шүйгенде.

Қылығыңда жоқ оғат,

Қарап тойман жүз қабат.

Ыстық тартып барасың

Бір сағаттан бір сағат.

Сіз — қырғауыл жез қанат,

Аш бетінді, бер қарат.

Жақындай бер жуықтап,

Тамағыңнан айқалат!

Бұл өлең «Жігіт сөзі» деп аталады. Оның өн бойында кұмартқан жігіттің ыстық сезімі суреттеледі. Сөзінің соңында ол сүйгенін жез қанатты қырғауылға теңесе, ғашығын құсқа айналдырып ұшырып жібермек емес. Ежелгі әдет бойынша ақын көркем теңеу тәсілін қолданып отыр. Қашанда көркем сөздің, әсіресе, поэзиянын. құдіреті әсірелеп, айшықтап, теңеп айтуында емес пе? Бұл ретте дүние жүзі лирикасынан сансыз мысалдар келтіруге болар еді…

Абай мұрасын толықтыра түсуге немесе ақынның жазғандарын дұрыстап окуға ешкім де қарсы емес. Амал қанша, Абайдың өз колжазбасы сақталмаған соң, «осы қалай болар екен, былайша оқып көрсе кайтер еді» деген тілектер айтылып, жорамалдар ұсынылуы табиғи құбылыс. Келешекте де бола бермек. Бір ғана мысал келтірелік. 1974 жылы Шыңғыс койнауынан Абайдын бізге беймәлім тағы бір көшірмесі табылды. Ақыннын Семей қаласындағы әдеби-мемориалдық музейінің аға ғылыми қызметкері Муздыбай Бейсенбаев осы көшірме жөнінде былай дейді: «..Абай атындағы совхоздың «Тоғжан» комсомол-жастар бригадасының шопандары мал бағып жүріп, Шыңғыс қойнауынан бір байлам кітаптар… тауып алған… Араб әрпімен басылған көп кітаптың ішінен акынның 1909 жылы Петербургте басылған өлендер жинағы табылды… Сондай-ақ, екінші бір таптырмайтын бағалы экспонат деп акын өлеңдерінің колжазбасын айту керек… Зерттеп байқағанымызда, қолжазба Абайдың жерлесі Әміржан Аянбай ұлынікі болып шықты…» 3.

Әзірге біздің қолымызда аталмыш колжазбаның фотокопиясы ғана бар. Қолжазбаның су тиіп бүлінген жерлері фотоға түсіргенде ағарып қалыпты. Бұрынғы басыльш келген нұсқамен салыстырғанда, біраз айырмашылықтар бар екен. Ең алдымен айтарымыз: Мүрсейіт қолжазбаларынан кейінгі біршама дұрыс дерек — осы көшірме. Біз оны бұдан   былай   Шыңғыстау («Қазақ әдебиеті», 1974, 19 июль) нұсқасы деп атайтын боламыз. Жоғарыда келтірілген мақаласында М. Бейсенбаев көшіруші Әміржан Айнабайұлы деп атаса да, бірақ бұл мәліметтің қайдан алынғаны керсетілмеген.

Өкінішті бір нәрсе, қолжазба түгел емес, 44-бетте үзіліп қалған, соңғы парақтары сақталмаған. Бізге мәлім Абай текстеріне қарағанда, Шыңғыстау нұсқасында біраз айырмашылықтар кездеседі. Солардың ішінде көкейге қонатын, ой салатын өзгерістері де бар. Бірер мысал келтірелік. Әсетке деген өлеңінің үшінші шумағындағы соңғы екі жол:

Татымды ештеме болмас,

Адамсып босқа талтаңдар,—

деп жарияланып келсе, Шыңғыстау нұсқасында басқашарақ алынған:

Татымды ештеме болмас,

Адам боп босқа талтаңдар.

Ал, «Көк тұман — алдыңдағы келер заман» деп басталатын толғаудың екінші шумағының екінші жолы бұрынғы басылымдарында:

Келер, кетер артына түк қалдырмас, —

болса, аталмыш қолжазбада:

Келер, кетер, артына бір қайрылмас,—

делінген. Осы өлеңнің төртінші шумағының үшінші жолы:

Әділеттік, арлылық, махаббатпен,—

делінсе, бұл жол қолжазбада сәл өзгерек қабылданған:

Ғадалатлік, арлылық, мархаматпен.

Осы келтірілген мысалдарда қолжазбадағы текстері дәлірек, күштірек көрінеді. Сөйтіп, Абай мұрасын жинау әлі аяқталмағанын кереміз. Мүмкін, келешекте сәті түсіп, ұлы ақынның өз қолжазбасы да табылып қалар. Алайда, бұлжымас бір шарт өзгермейді: Абай есіміне байланысты материалдарға, деректерге, жорамалдарға әр қашан зор іждағат, қатал талғаммен қарауымыз міндет.

Сайып келгенде қандай қорытындылар шығаруға болар еді? Абай шығармаларын жинау, жариялау, зерттеу жұмысы ондаған жылдар бойына үзілмей жүргізіліп келеді. Бұл істе елеулі табыстарға да жеттік. Қазақ әдебиет зерттеу ғылымында Абайды тану аталатын жана сала пайда болды. Оның негізін қалап, ерекше еңбек сіңірген аса көрнекті ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезов.

Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуде, теориялық мәселелерін меңгеруде табыстарға жетумен бірге, енді сол теориялық проблемаларды жоғары сатыда, әрі тереңірек, әрі жан-жақты тексеруге тиіспіз. Өткендегі жеткен жетістіктерімізді ескере және соларға сүйене отыра, Абай мұрасын жаңа тұрғыдан, жаңа талаптан қарайтын уақыт жетті. Осыған орай алдағы кезде өз шешімдерін күткен бірнеше өте мацызды мәселелер тұр. Солардың тек басты-бастыларын ғана санап өтелік.

Абай реализмінің табиғатын тану, оның жалпы қасиеттерімен қатар, XIX ғасырдың екінші жарымындағы қазақ болмысына байланысты туған өзіндік ерекшеліктерін айыру, айқындау. Демек, бұл мәселе төңірегінде орын тебе бастаған екіұшты тұжырымдарға, жаңсақ пікірлерге жауап беру, Абай реализміыің басын ашып алу.

Абай шығармаларының тұрақты (канондық) текстін жасау. Текстологиялық жұмысты әлде де (бар мүмкіндікке қарай} жүргізе түсіп, сол канондық тексті дайындағанда (әзірге сөз етіп отырғанымыз Абайдың поэзиясы ғана.— Ы. Д.), ұлы ақынның 1957 жылғы және осы басылымын негізге алған дұрыс.

Абай қара сездеріне тағы да оралып, оларға текстологиялық жұмысты мұқият жүргізумен бірге, ғылыми талдау жасаған жөн. Біз оларға түрлі себептерді сылтауратып, күні бүгінге дейін жөнді көңіл бөлмей келдік, мұнымыз қате. Ал Абай қара сөзі (ғақлиясы) арнайы тексеруді, ерекше көңіл бөлуді талап ететін күрделі мәселе, қызықты құбылыс.

Абай мен Шығыс деген тақырып. Бұл мәселе жүре-бара қарауға, атүсті тексеруге көнбейді, көптеген ізденісті, қажырлы еңбекті талап етеді.

Абай шығармаларын басқа тілдерге, ең алдымен орыс тіліне, аударылуындағы кемшіліктер баршылық және сан алуан.  Енді осы жағдайды мойындап қана қоюды қанағат етпей, сол олқылықтарды қайтсе де жоюға жол іздеген абзал. Бұл да арнайы сөз етілетін өте жауапты, өте қиын мәселе.

Абайдың қазақ тарихына көзқарасы осы күнге шейін ешбір ауызға алынбай келді. Мысалы, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген шағын еңбегінің өзінен кемеңгер ойшылдың туған халқыныд арғы-бергі тарихына ерекше назар аударғаны және бұл салада кеп ізденгені ап-анық көрініп тұр. Тағы ескертетін бір нәрсе: Абайдың орыс мәдениетімен жете танысқанын, әсерінің зор болғанын, одан сарқылмас нәр алғанын үнемі айтып, жазып келсек те, осыны айрықша зерттеп, тікелей көңіл бөлген ешкім жоқ. Бұл да өз алдына, жекеше қаралатын тақырып.

Алдағы негізгі міндеттердін, ұзын-ырғасы, қысқасынан қайырғанда, міне осындай. Оларды жемісті түрде және сапалы дәрежеде шешу, орындау үшін Абайды тану ілімін жаңа деңгейге көтермейінше болмайды. Құрғақ сөзден, құнарсыз тілектен пайда аз. Әншейінде ақыл беретіндер табылады, бізге олардан гөpi, белсене іске кірісіп, құлшына еңбек ететін шын мәніндегі мамандардың болғаны зәру, қажет. Қысқасы, Абай шығармаларын зерттеу A. С. Пушкин, Т. Г. Шевченко, Л. Н. Толстой мұраларын меңгеру деңгейіне көтерілсе екен, немесе соларға жақындай түссе екен демекпіз.

2

Абай заманында қазақ арасында аударма өнері мүлде дерлік дамымаған болатын-ды. Егер онымен бірен-саран шұғылданушы табыла қалса, аударма ісіне негізгі мамандығының мұқтажына қажетті қосалқы құрал ретінде қарайтын еді. Мысалы, көрнекті ағартушы және тұңғыш педагог Ыбырай Алтынсариннің осы саладағы еңбегіне назар аударсақ, ол кісі жас жеткіншектерді оқытуға себі тиетін бірнеше ғибрат әңгімелерді орысшадан қазақ тіліне аударғаны болмаса, бұл игілікті іспен кең келемде және арнайы айналысқан жоқ. Демек, қайталап айтсақ, аударма ол уақытта шын мәніндегі, өнер дәрежесіне көтеріле алмады, көбінесе, әуесқойлық деңгейден аспады.

Ал Абайдың өз басы аудармамен шұғылданған шағында бұл салада арнайы қызмет етуді, сөйтіп аударма ісін профессионалдық сатыға көтеруді нысана етіп қоймаған тәрізді. Әйтсе де, Абай өзінің ақындық өнері тәжірибесінде әрдайым орыстың озат мәдениетіне сүйенгендіктен, өзі сүйсіне оқып, үлгі-өнеге тұтқан классик ақындарды қазақша сөйлетпей отыра алмаған. Ол ол ма, Абай ақындығының кемелденуіне, жетіле түсуіне, асқан көркем-дік пен терең мазмұнға ие болуына сол аударманың едәуір роль атқарғаны

игілікті әсер еткені күмәнсіз. Қалайда, ақынның әдеби мұрасы ішінде аударма үлгілерінің де өзіндік орны мен салмағы бар. Бірер цифрлар келтірелік: аудармаға арналған 15 жылында Абай үлкенді-кішілі 50-ден астам шығарманы орыс тілінен қазақшаға аударыпты. Сонда ол A. С. Пушкиннің «Евгений Онегин» атты әйгілі романынан 7 үзінді, М. Ю. Лермонтовтан 30-ға таяу шығарма, И. А. Крыловтан 12 мысал, т. б. авторлардан 7 өлең аударған. Енді солардың кейбіреулеріне ғана қысқаша тоқтап, Абайдың бұл саладағы жемісті еңбегіне баға беріп өтсек дейміз.

Абай аудармаларын Пушкин үзінділерінен бастайтын себебіміз кездейсоқ емес. Қазақ ақынының аударма өнеріндегі алғашқы қадамы тап осылайша болған еді. Өзінен өзі туатын бір сұрақ: Абай «Евгений Онегин» романын аударғанда алдына қандай мақсат қойды, осындай ұлы шығарманың нендей қасиеттері қызықтырып, қазақ классигінің ерекше назарын аударды, т. т.

«Евгений Онегинді» түгелдей аудармағанына қарағанда, орыс қауымының сол кездегі өмірін жан-жақты және өте терең көрсететін романдағы көптеген жайлары Абайды оншалық қызықтырмағанға ұқсайды. Оның бер жағында «Евгений Онегин» алуандас өте күрделі туындыны бірден меңгеру оңай емес те еді. Сондай-ақ, Абай заманындағы қазақ ортасыиан «Евгений Онегин» романын жете тү­сініп оқитын мәдениетті жұртшылықты табу да қиын екенін есте тұтқан абзал. Сондықтан да Абай кімге де болсын түсінікті жайды ғана алады да, бір-біріне барабар, тең тұрса да, екі жасты махаббаты сәтсіз кейіпкерлер сипатында бейнелейді. Бірақ қазақ ақынының мұнысы A. С. Пушкиннен алшақ кету яки оны бұрмалау емес пе? Жоқ олай емес. Мәселе түп нұсқадағы Онегин мен Абай аудармасындағы Онегин арасындағы ұқсастықта немесе айырмашылықта емес. Өйткені түптеп келгенде, сөз болатын бір ғана кейіпкер және соның Татьянамен қарым-қатынасы, Ал, Пушкин романында Онегин саяхаттан Петербургке қайта оралғаннан кейін, өзі бір кезде бас тартқан жас Татьянаны енді жаңа жағдайда көріп, оған бірден ғашық болады ғой. Сұлу әйелдің аяғына жығылып, жүрек мұңын ақтармай ма?! Абай осы фактіге сүйене отыра, романның басқа перипетиялары сөз болмайтынын ескеріп, екі жастың хаттарын келтірген де, онысы шындықтан алыстап кетпеген және мұндай шешімнің сол кездегі қазақ жастары үшін де өнеге-тәрбиелік маңызы зор болатын-ды. М. О. Әуезов өзінің Абайға арнаған белгілі еңбегінде

[1]

ақынның осы аудармаларын эпистолярный роман деп атаған. Бұл құнарлы пікірдің негізінде шындық барлығын мойындасақ та, жоғарыда айтылған, Абай аударған үзінділерді де тап солай деп үзілді-кесілді тұ­жырым жасауға келе бермейтін секілді. Демек, бұл алуандас шығармалар, әсіресе, прозалық түрде Европа әдебиетінде өте кеп ұшырасады, бірақ олардың қай-қайсысы болсын қалыптасқан заңдылығы бар бір тұтас туындылар. Хат түрінде жазылса да сол шығармалардың қаһармандары әр қырынан көрініп, өздерінің көркемдік шешімдерін түгелдей тауып отырады. Ал, Абай аударған үзінділерде мұндай жымдасқан тұтастық жоқ және олардын, бәрі жиналып келгенде екі жастың басындағы бір ғана кезеңді сипаттайды, яғни Онегин мен Татьянаның басқа тіршілігі, әрекеттері ашылмайды, назардан тыс қалады.

Қайсыбір зерттеушілер Абайдың тым қазақшалап жіберген яки аз да болсын алшақтау кеткен жерлерін сылтау етіп, Пушкиннің Онегині мен Татьянасынан басқа Абай өз тарапынан жаңа Татьяна мен Онегинді жасап, олардың тың бейнелерін ұсынды деген мүлде қате пікірлер жариялап жүрді. Бұл -Абай ойын түсінбеушілік, бүйректен сирақ шығару.

Айрықша көңіл белетін тағы бір мәселе, сол «Евгений Онегиннен» не бары жеті үзінді ғана қазақшаланған болса, олардың бәрі бірдей Пушкиннің оригиналымен мүлтіксіз дәл түсе бермейді. Бұл неліктеи? Абайдың алғашқы қадамы, яғни аударма ісіндегі тәжірибесі аздығынан туды десек, аталмыш үзінділердің ішінде ақынның әрі көркем, әрі дәлірек аударғандары да кездеседі ғой (мысалы, «Онегиннің сипаты», «Амал жоқ қайттым білдірмей», «Барасың қайда, қайда болмай маған», т. б.). Тегі негізгі себепті басқа жақтан іздегеи дұрыс. Сайып келгенде, өз заманындағы оқушы көпшілікке аударманы ұғымды ету үшін мұндай азды-көпті алшақтыққа Абай саналы түрде барған сияқты. Бірақ ол еш уақытта да Пушкиннің негізгі сарынын, рухын мүлде өзгертіп көрген емес. Қайталап айтсақ, Пушкинді қазақшалағанда Абай қайтсе де оның тексіне тың жолдар енгізіп, өнер таластыруға немесе орыс ақыны тартқан желіні бұзып, соны тақырыпқа әдейілеп барған жоқ. Егер, ара-тұра, Пушкиннің түп нұсқасынан алшақтау кетсе қазақ оқырмандарының қамын жеуден туған өте заңды көріыіс демекпіз.

Қысқасынан қайырсақ, Абайдың орыс ақыны Пушкинге келуі осылайша болған.

Абайдың ерекше сүйіп аударған екінші ақыны — М. Ю. Лермонтов. Ең алдымен, Лермонтов шығармаларымен қазақ ақынының өте таныс екенін және оның жеке өлеңдерімен бipгe кейбір поэмаларынан да үзінділер аударғанын аңғарамыз. Тағы бір жаңалық, Абай аударма өнерін жақсы меңгеріп, оның көркемдік сапасы мен түп нұсқаға дәлдігін айтарлықтай дәрежеге көтере білген.

М. Ю. Лермонтовтың әйгілі поэмасы «Демоннан» яки оның басқа да кесек туындыларынан үзінділерді қазақ тіліне аударғанда, Абайдың көздеген мақсаты түсінікті, айқын. Ол, бір жағы, өз көңіл-күйін білдіретін, екіншіден, оқушы жұртшылыққа қатты әсер етіп толғандыратын жолдарды аударады. Мысалы, «Измаил-бей» поэмасының екінші бөлімінен аударғанда қазақ классигінің назары мына бір жолдарға ауыпты:

Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек?

Жұрты сүйген нәрсені ол да сүймек.

Ішің берік боп, нәпсіге тыюлысып,

 Паңсымай, жайдақсымай, ірі жүрмек.

Сасқаныңды көрсетпе ешкімге бір,

Сөйтсе де ірісімен кеңесіп жүр.

Кейбірін хауіптендір мінін тауып,

Кейбірін жылы сөзбен көңілдендір.

Көрінбе ел көзіне әсте қорқақ,

Жанды жан демейтұғын жан шығып бақ.

Анда-санда құтырған жаман емес,

Оныңды жиі қылмай және бол сақ.

Кісімсі қайда жүрсең олжаға тоқ,

Шұқыма халық көзінше қарғаша боқ,

Жұрт — жас бала, жылатып тартып алма,

Білдіртпей ептеп алсаң залалы жоқ.

Жат елге жадағайда сөйле шәргез,

Tap жерде тайпалудан танба әр кез.

Жатты жау деп еліңді үрпитіп ап,

Жауға жабдық деп жиып, пайда қыл тез…

Лермонтовтың зілді ирониясын Абай титтей де әлсіретпей, сол күйінде жеткізе білген және өз заманының сипатына сай тереңірек ашу үшін қазаққа түсінікті жағдайларды баса көрсеткен. Содан болса керек, көпке дейін бұл үзіндіні Абайдың төл шығармасы деп танып келдік. Расында да қазақ даласындағы ел билеушілердің тәсіл-айласын Абай бүркемелемей-ақ, айқындап ашып берген. Түр жағынан алғанда, бұл аудармада аздаған алшақтық бар. Лермонтовта «Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек» — 22 жолдан тұратын тұтас бір строфа болса, Абай оны әрқайсысы төрт жолдан келетін қазақтың қара өлеңімен аударған.

Сөз реті келген соң айта кетелік. Аударманың дәлдігін кейде біз тым тар көлемде түсініп, бір жақтылау бағалап жүрміз. Әрине, аударылған өлеңнің ішкі тынысын, көркемдік ерекшеліктерін, идеялық мәнін сол қаз-қалпында бұлжытпай бере білуге не жетсін, бұған ешкім таласпайды да. Бірақ, тәжірибе жүзінде сан түрлі себептер ерік бермей, оригиналдан біраз алшақ кетуге тура келсе қайтеміз? Рас, бар жағдайды күні бұрын ескеру мүмкін емес және оның қажеті де аз. Біз бағынатын бірден-бір қағида шығарманың мазмұнына, көркемдік ерекшелігіне, стиліне зақым келтірмеу, автордың шеберлігін сақтау, т. б. Мәселе жол санын өзгертпей, орны-орнын ауыстырмай сол қалпында беруде ғана емес, тіпті керісінше, түп нұсқадағы ақынның өрнекті ойларын бұзбай, көркем теңеулері мен айшықты сөздеріне төлеу таба білу. Қысқасы, екінші тілдің байлығы мен мүмкіндігін сарқа пайдалана отырып, ұлы Пушкинді қазақ тілінде шешен де шебер сөйлету шарт. Абай, міне, осы жағына әрдайым қатты назар аударып отырған. Сырт қарағанда Абай «Теректің сыйын» аударған кезінде Лермонтовтың тексін әрі қысқартқан, әрі алшақ кеткен жерлері бар. Лермонтовта бұл өлеңнің көлемі 77 жол, қазақшасынан екі есе кеп. Бұл ретте М. О. Әуезов былай тұжырады: «Мысалы, «Теректің сыйын» Абай көп қысқарту жасап аударды… Себебі, оригиналдың ішіндегі бір үлкен үзіндіні Абай түгелімен тастап кетеді. Онда Терек қарт Қаспийге, бір ер жігіт қабардинецті әкеле жатырмын дейді. Жігіттің сауыт хаттауында жазылған «Құранның аяты бар», — дейді.

Абай өз оқушысына. осы жерді қалпында беруді қолайсыз көрген тәрізді. Сол бөлімді алып тастаумен бірге, Лермонтовтың кейбір жолдары мен кей шумақтар ішіндегі мазмұндарын аударыстырып, не өзгертіп алады. Сөйтіп, жалпы алғанда, тамаша көркем шыққан өлеңнің дәлдік жағынан әр алуан өзгешелігі бар»

[2]

.

Ескеретін тағы бір нәрсе, Лермонтовты қазақ тіліне аударғанда, Абай өз жанынан қосып, орыс ақынының тексін беталды «әдемілеуге» әрекеттенбейді, қайта кейбір әсем теңеулерді Лермонтовтың басқа шығармаларынан алып, орынды пайдалана білген. Мысалы, Абайдың аудармасында мынадай бір тамаша жолдар бар:

Асау Терек долданып, буырқанып,

Тауды бұзып жол салған, тасты жарып.

Арыстаының жалындан бұйра толқын,

Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып…

Кавказдан шықты жайнап, қылып у-шу,

Түзу жерден жол кернеп ұлғайды су.

 Қалың қайрат бойында, беті күліп,

Момынсынған пішінмен ағады қу.

— Кавказдай кұзда туған перзенттенмін,

Бұлттың сүтін еміп ержеткенмін.

Казбектен, ағам, сені көксеп шығып,

Кім қақтықса жолымда күйреткенмін.

Зор кеуде адамзаттың айласына,

Көнбей, бүгін күшімді көрсеткенмін.

Екі езуім көпіріп, айғайласам,

Шын құтырсам, шың тасты тербеткенмін.

«Теректің сыйында» тап мұндай теңеулер кездеспегенмен осыған жақын жолдарды «Демон» поэмасынан ұшыратуға болады:

И, глубоко внизу чернея,

Вился излучистый Дарьял,

И Терек, прыгая, как львица

С косматой гривой на хребте,

Ревел,— и горный зверь и птица,

Кружась в лазурной высоте,

Глаголу вод его внимали…

[3]

 

Ілікте келтіргендеріміз Абай тәжірибесінде сирек кездесетін жайлар. Өйткені, Абай көбінесе, Лермонтов шығармаларын әрі шебер, әрі дәлме-дәл аударып отырған. Бұған дәлел ретінде «Жалау», «Жартас», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қанжар» әлпеттес өлеңдердің аудармаларын атап өтсек те жеткілікті.

A. С. Пушкин мен М. Ю. Лермонтов шығармаларын Абайдың аудару тәжірибесінен туған тағы бір қызықты құбылысқа тоқталмасқа болмайды. Абай кейде бір өлеңнің (мейлі Пушкиннін, яки Лермонтовтың делік.— Ы. Д.) бас жағын аударып келе жатады да, кенет өз тақырыбына кешеді, әрі қарай өзінше толғап кетеді. Ал мұны аударма катарына жатқызуға, Абай Пушкии мен Лермонтовтан тым алшақтап, мүлде алыс кеткен, ал ақынның төл шығармасы санасақ, бастапқы жолдардың шын аударма екенінде күмән жоқ. Ендеше, бұл жағдайда не істеу керек? Бұл мәселені дүрыс шешуге, біздіңше, бір ғана жол бар секілді. Демек, аударушы ақынның өз жаны­нан қосқан тың жолдары түп нұсқаның сарынымен кетсе, немесе сонда көтерілген идеяны дамытатын болса, ол уақытта мұндай еңбекті аударма деп атамағанмен, Пушкиннен яки Лермонтовтан, немесе Пушкин, Лермонтов бойынша деген ескертпе берген дұрыс. Ал егерде, жоғарыда аталған орыс классиктерінің шығармалары әуел баста Абайға әсерін тигізіп, өлеңдерін аударуға кіріссе де, кейін өзінше шешіп, соны тақырыпқа ауысса, мұндай туындыларды аударушы ақынның тел шығармалары қатарына қосқан орынды.

Абайдың ерекше кеңіл беліп аударған үшінші ақыны, орыстың атақты мысалшылы — И. А. Крылов. Сол бір кезде, аударма өнері жолға қойылмай түрған шақтың өзінде И. А. Крыловтың бір мысалын («Қарға мен түлкі») тұңғыш рет Ыбырай Алтынсарин қазақшалаған болатын-ды. Содан кейін Абай молырақ, жемістірек еңбек етіп, оның он екі мысалын қазақ тіліне аударды.

Крылов мысалдарының ішіндегі жақсылық пен жамандықты, ізгілік пен жауыздықты, адамгершілік пен ар-намысты, надандық пен топастықты сөз ететін тәрбиелік мәні зор шығармаларының қазақ ағартушыларын қызықтырғанын абайлау онша қиын емес. Ендеше, сол кездегі орыс өмірінің ұсқынсыз жақтарын қатты шенейтін Крыловтың сатиралық мысалдарын қазақшалауға бармай, оның өсиетшілдік бағыты басымырақ мысалдарын Абайдың ден қоя аударуы тегін болмаса керек. Сонымен қатар, өз заманасының кесепат-кемшіліктерін бадырайта әшкерелеп, жалпыға жете түсінді­руді мақсат етіп отырған сыншыл Абай үшін астарлап, Эзоп тілімен сөйлеу оншама тиімді болмаған сияқты.

Ерекше ескеретін нәрсе: Крылов мысалдарын Абай негізінде шебер аударса да, екі жағдайда түп нұсқадан алшағырақ кетіп отырған. Біріншісі, мысалдың өзіне тән ерекшелігін сақтамай, оны әншейіндегі өлең өлшемімен аударған. Екіншісі, кейде Крылов тексінен алшақ кетіп, өз тарапынан қорытындылар шығарып отырған. Әрине, бұл кездейсоқ құбылыс емес. Өйткені ұйқасты сөзге үйреніп қалған қазақ қауымына өлеңге жатпайтын бөлек жанр мысалды (басняны) өз ерекшеліктерімен (оның шумаққа бөлінбеуі, көбінесе сөйлеп айтатын ауызша әңгімеге, халықтың нақысты, ырғақты қара сөзіне бейімірек келуі, т. б.) сол қалпында аудара қою оңай емес еді. Абай да, Ыбырай да бұл жөнінде жаңа жол, тың тәсіл іздемей, қазақ поэзиясының қарауында бар мүмкіндікті пайдалануды қанағат еткен.

Ескерерлік тағы бір жайт: орыстың ұлы мысалшылынан Абайдың қанша шығарманы қазақ тіліне аударды деген сұраққа жауап беру. Себебі, Мұхтар Әуезов бұл жөнінде былай жазған еді: «Осындайдың салдарынан, Абайдың 1945 жылы шығатын толық жинағында Крыловтан Абай ғана емес, өзге адамдардың жасаған аудармалары да жаңсақ басылып кеткен. Әсіресе, жинақтың түзілуін басқарған кейбір адамдардың шалағайлығы бойынша, жаңағыдай қолдарына түскен Абай қолжазбасының кейбір өзгешеліктерін аңдамауы бойынша, өзге тұста болмаса да, дәл осы Крылов­тың мысалдарын тізген бөлімде, көрінеу қателіктер кеткен. Мен өзімнің бала күнімнен білетін, ескі қолжазбаларды еске алғанымда, Абайдың Крыловтан жасаған аудармалары төрт-бестен артық деп айта алмаймын. Олары: 1. «Есек пен бұлбұл»; 2. «Бүркіт пен қарға»; 3. «Шегіртке мен құмырсқа»; 4. «Түлкі мен қарға»; 5. «Піл мен қанден»

[4]

.

Алайда, соңғы жылдардағы зерттеулердің нәтижесінде Абай аудармасының жалпы саны он екіге жетіп отыр. Олардың бәрі дерлік ұлы ақынның 1909 жылғы басылымына енген және Мүрсейіт қолжазбаларының бәрінде де бар (1905, 1907, 1910).

Сөйтіп, жоғарыда аталған орыстың үш классигінен басқа Абайдың аудармасы бойынша қазақ әдебиетіне кірген тағы да жеті шығарма бар: «Тұтқындағы поляк жандаралының сөзі» (Адам Мицкевичтен), «Сұрғылт тұман дым бүркіп» (Романс, сөзі А. Делвигтікі, музыкасы М. Глинканікі), «Қорқытпа мені дауылдан» (И. Буниннен), «Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп» (авторы белгісіз), «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» (В. А. Крыловтан), «Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы» (Я. Полонскийден), «Кең жайлау — жалғыз бесік жас балаға» (Ф. Шиллерден).

Бұл аудармаларында да Абай шеберліктің, дәлдіктің, тексті терең түсінудің үлгілерін көрсете алған.

Сөз соңында қандай корытынды жасауға болар еді? Ең әуелі, мұндай игілікті іске Абай еріккеннің ермегі немесе көлденең кәсіп ретінде де қарамаған. Керісінше, соншалық шабытты жолдар орыс елінің ұлы мәдениетімен қазақ акынының танысып, Пушкин, Лермонтов сынды абзал жандармен сырласу сәтінде туған. Сол себепті, Абай, бір жағынан, ақындық өнерін шырқау биікке кетерсе, екіншіден, сол кездегі қазақ жұртшылығын тың бір дүниемен таныстырды, келешек ұрпаққа өнеге боларлық ұмытылмас еңбек жасады. Рас, Абайдан бұрын, тек Алтынсарин ғана болмаса, өзге тілден аударма жасаған қайраткерлер қазақ топырағында кездеспейтін-ді. Шығыстьщ ертегі-хикаялары, әдетте, ауызша тарап келген еді. Міне, осындай кезеңде Абайдың аударма өнерімен шұғылдануы өте күрделі, тіпті, тың қадам еді. Мұндай ауыр бастамада Абайға кемек көрсеткен, жеңіске жеткізген оның асқан дарыны мен керемет интуициясы. Данышпан ақын аз жылғы тәжірибесінде шын мәніндегі ісмер аударушы дәрежесіне көтерілді. Сонан болса керек, қазірдің өзінде Абайдың кейбір аудармалары көркемдік қасиеттері мен дәлме-дәлдігі жағынан кейінгі буын талапкерлердің бәріне қол жетпес үлгі болып келе жатыр. Бұл сырт керініс қана. Ал ең қымбаттысы мен ұтымдысы басқада: меңіреу қараңғылықты жамылып жатқан қазақтың байтақ даласына гуманист ақын Россияның озат ойын, асыл арманын, демократиялық мәдениетімен бірге, жарқын жүзді адамдарын да әкелді. Сөйтіп, ежелден көршілес келе жатқан екі халықтың арасындағы туысқандық қарым-қатынасы мен мызғымас достығын нығайтa түсуге жан аямай қызмет етті. Әрине, бұл екінің бірі атқара беретін оңай іс емес еді. Феодалдық мешеулік пен ислам діні фанатизмінің белең алып тұрған сол бір шақта «қағбасын» Россия жақтан іздеу тек Абай сынды көреген, данышпан адамның, бұқара көпшіліктің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, халықтың бел баласының ғана қолынан келетін ерлік қадам еді. Сонымен қатар орыстың ұлы мәдениетінен нәр алу қазақ әдебиеті тарихындағы Абайдың алып еңбегінің тезірек және құнарлы жеміс беруін жеңілдете түсті, жаңа бағытты, шын мәніндегі өскелең өнердің (бұл жерде қазақтың көркем әдебиеті мен әдеби тілі мағынасында айтып отырмыз.—Ы. Д.) негізін қалауына даңғыл жол ашып берді.

Сонымен, қорыта келгенде, орыс поэзиясының тамаша үлгілерін қазақ тіліне аударуда да Абай зор еңбек сіңірді, аударма өнерінің ірге тасы қалануына ат салысты дей аламыз.

 

*  * *

Бұл жолы Абайдың «Ғақлия» деп аталатын қара сөздеріне айрықша көңіл белініп, жаңадан текстологиялық жұмыс жүргізілді. Абайдың поэзиясы жан-жақты және терең зерттеле тұрса да, оның қара сөздеріне тиісті дәрежеде көңіл бөлінбей келді. Тегі оған негізгі бір себеп, сол кездегі қазақ әдебиетінде керкем прозаның жөнді дамымай, тым кенже қалуында болса керек. Демек, қазақ ауыз әдебиетінде ертегілер, аңыз-әңгімелер ең мол сала болғанымен, сондай-ақ, Ал­дар көсе, Жиренше шешен, Аяз бидің есімдеріне байланысты новеллалар ел арасына көп тарағанмен, европалықтар ұғымындағы нағыз проза қазақ топырағында орын теуіп үлгермеген еді. Рас, Абай төңірегінде сол кездің өзінде-ақ шығыс ертегі-хикаяларынан басқа Лесаж, Дюма алуандас атақты жазушылардың романдары қазақ арасына ауызша тарап, Баймағамбет секілді ертегішілері күрделі тақырыпқа әңгіме айтуды машық етсе де, жазба әдебиеті ретінде проза жанрының ірге тасы қалана қойған жоқ болатын-ды. Бұл саладағы Ыбырай Алтынсариннің еңбегі де игі бастама ғана еді. Сол уақыттағы Европа елдері, олардың ішінде орыс прозасымен жете таныс Абайдың өзі М. Ю. Лермонтовтың аяқталмаған «Вадим» поэмасын өлеңмен аударуы да тегін көрініс емес.

Задында, Абай сол кездегі қазақ жағдайында мұндай күрделі жанрдың туатын сағаты әлі соққан жоқ деп таныған тәрізді. Сондықтан да кемеңгер ақын, көбінесе, «Өлең — сөздің патшасына» молырақ көңіл бөліп келген.

Ал, енді Абайдың қара сөздеріне қысқаша сипаттама беріп өтелік. Осы еңбегі турасында ақынның өзі былай дейді: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сезім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ».

Шын солай ма? Поэзия туралы: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Сөз түзелді тың­даушы сен де түзел» деп отырған Абай бұл жерде қалайша нысаналы бағытынан оп-оңай тая қалды? Әлде ақынның мұнысы окушыларына жасаған базнасы ма, немесе проза түрінің қиындығын өзіне тосын дүние екендігін ескеріп, алдын ала жеңілдік сұрап отыр ма? Қалайда бұл арада бір нәрсенің басы ашық болса керек: өмірде талайды басынан кешірген тәжірибелі адам өзінің көрген-білгендерін ортаға салумен қатар, тұжырымды ойларын да ұсынбақ. «Қаласаң ал, керегіңе жарат, қаламайды екенсің, өз сөзім өзімдікі»,— дейді Абай.

Бұл жолы біз Абай сөздерінін, егжей-тегжейіне жете талдау жасамаймыз. Өйткені бұл мәселені кейінірек және арнайы тексермекпіз. Әзірше осы қара сөздер туралы кейбір түйген ойларымызды ғана ортаға салумен бірге, текстологиялық ізденістерімізге тоқтап өтсек дейміз.

Біздің байқауымызша, Абайдың қара сөздерін сан салалы түрге бөліп, жіктеудің орны жоқ. Себебі, тұтастай алғанда: «Бұл шығармаларда Абай өзінің оқушыларымен әңгімелесіп, жүзбе-жүз кездесудегі мәслихат, кеңес құрып отырған ойшыл ұстаз тәрізді»

[5]

,— деп аса көрнекті ғалым М. Әуезов дұрыс аңғарған. Сондықтан да, Абай бұл сөздерін қалың көпшілікке арнамай, өз маңына шоғырланған аз ғана топқа, немесе есте түту үшін өз қажетіне бейімдеп жазған ба деп қаласың. Мүмкін мұнымыз алғашқы әсер болар. Ал, осы қара сөздерінде Абай  нені  әңгіме етеді, оны толғандырып отырған қандай келелі мәселелер?

Қара сөздерде қозғалатын негізгі тақырып — сан алуан баяғы ел жайы, ондағы күнделік ұсқынсыз көріністер: жер дауы, би-болыстар болуы шарт. «Халықтың болыстыққа сай ауыр халі, қазақ сахарасын билеп-төстеп жүрген әкімдердің сыйқы, дін жөніндегі көзқарасы, адам басындағы теріс мінездер, мораль және этика мәселелері, бала тәрбиелеу, жастарды өнер-білімге шақыру, еңбек сүю тағысын-тағылар.

Мысалы, тек жалғыз Абай ғана емес, өткендегі ойшыл қайраткерлердің көпшілігі әрдайым сөз етіп келген көкейкесті мәселенің бірі дін, мораль екені айқын. Абай өз заманындағы ел арасындағы дінге деген көзқарасты сынға алып, сол діннің қағидаларын адамгершілік моральға жанастыра түсіндірмек болады. Бірақ ол мұсылман дінінің негізіне шүбә келтірмейді, қайта құдайдың барлығын, бірлігін, пайғамбардың хақтығын, иман мен парыздың неден құралатынын айтып, тыңдаушы қауымды сендіруге талап етеді. Бұл жерде ескертетін тағы бір жайт: Абай ұғымынша, молдалар құранды дұрыс түсінбей жүр, өздерінше бұрмалап оқиды, уағыздайды, Мұхамметтің хадистерін де жөнді білмейді, теріс ұғынады. Демек, олардың алла атынан айтып жүргендерінің көпшілігі қате, яки жаңсақ ойлар деп таниды.

Абайдың тағы бір көбірек тоқтаған тақырыбы: қазақ елін басқару жайы. Сол заманындағы старшин-болыстардың озбырлығы, жемқор­лығы және басқа да жексұрын қылықтарын өз көзімен керген Абай қазақ даласындағы әкімдіктің түр-сипаты туралы терең толғанып, өз тарапынан тиімді ұсыныстар жасады.

Абайдың топшылауынша, билік басындағы адам, ең алдымен, білімді, орысша оқыған азамат болуы шарт. «Халықтың болыстыққа сайлаймын деген кісісі пәлен қадәрлі орысша образование алған кісі болсын. Егер де орталарында ондай кісісі жоқ болса, яки бар болса да сайламаса, уезный начальник бірлән военный губернатордың назначениесі бірлән болады десе, бұл халыққа бек пайдалы болар еді. Аның себебі: әуелі қызметқұмар қазақ балаларына образование беруге ол да — пайдалы іс, екінші — назначение бірлән болған болыстар халыққа міндетті болмас еді, ұлықтарға міндетті болар еді»,— дей келе, мынадай қорытынды шығарады: «Бұрынғы қазақ жайын жаксы білген адамдар айтыпты : «Би екеу болса, дау тертеу болады», — деп. Оның мәнісі — тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз. Үйтіп би көбейткенше, әрбір болыс, елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы әшкере білінгендікпенен түссе, әйтпесе түспесе. Ол билерге даугер адамдар қарамай, екеуі екі кісіні билікке таңдап алып, үстіне біреуді посредникке сайлап алып, біте берсе, егер оған да ынтымақтаса алмаса, бағанағы үш бидің біреуін алып, яки жеребемен сайлап алып жүгінсе, сонда дау ұзамай бітім болар еді»,— деп түйеді.   Мүмқін, Абайдың бұл ойлары   мінсіз де емес шығар. Өйткені, ең жаксы ереженің өзі бар болмысты түгел қамти алмайды ғой. Бұл жерде бізге қымбаты: халқының қамын жеп, оның күнделікті өміріндегі кейбір сорақылықтарға қарсы шығу арқылы Абайдың бұқара тіршілігіне тікелей араласып, жаны ашуында емес пе? Әйтпесе, билерді сайлау жөніндегі Абай ойының Шоқан Уәлихановтың бұл туралы жазғандарымен қабысып жатқаны және «ендігі билер ауыспайтын өмірлік би боп сайлансын» деген пікірлері қате екені мәлім ғой.

Туған халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жоғары бағалай отыра, Абай солардың бәріне бірдей сұқтана қарамаған, талғай да, таңдай да, сынай да білген. Бұл ретте ұлы ақынның халық мақал-мәтелдерінің кейбіреулеріне берген сын-талдауларын келтіруге болар еді. «Қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтыны да бар», — дей келе, бірнеше мақалдарға талдау жасап, сынға алады.

Адам мінездеріне, ел билеу ісіне, дін мен моральға арналған әңгімесіне Абай кайта-қайта оралып, кеңейтіп, тереңдетіп отырады. Өзі ескінің аяғы бола тұрса да, жаңаның кейбір жақсы нышандарын көре және тани білгендіктен, өзінен бұрынғы, сондай-ақ өз қауымы ортасында орын тепкен кейбір ой-саналар мен ұғым-түсініктерге сын көзімен қарайды, солардың ішіндегі халық мүддесіне жат қағидаларға ашықтан ашық қарсы шығады.

Қайталап айтсак, Абай қара сөздеріне біз бұл жолы толық тоқтала алмадық. Себебі, кемеңгер ойшылдың бұл саладағы еңбегіне кеңірек бөгелу үшін әлі де қосымша зерттеулер жүргізіп, Абай өнеге алған ортаның ой-санасы, өмірге көзқарасы, философиялық тұжырымдарымен тереңірек танысуды қажет санадық. Оның бер жағында, қара сөздердің өздері де әлі күнге жөнді зерттелмей келуі және текстологиялық тексеру жүргізілмеуі де көп кедергі жасады. Ал мұндай жауапты жұмыс арнайы оралуды, жан-жақты танысып барып, келелі қорытынды шығаруды талап етеді.

Абай есіміне байланысты қара сөздердің ішінде (кейде «Ғақлияға» қосылып жүрсе де. — Ы. Д.) оқшауырақ, жеке, даралау тұрған төрт шығарма бар: «Он жетінші сөз», «Жиырма жетінші сөз», «Отыз сегізінші сөз» және қазақ халқының тарихына арналған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» атты шағын еңбек.

«Он жетінші сөзде» — қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің өнерлерін айтып, өзара таласқаны әңгімеленеді. Сырт қарағанда, бұл сөздің тақырыбы басқа тәрізді, оның үстіне осыған ұқсас халық арасына тараған аңыз да бар. Ең алғаш бұл шағын аңыздың кімнен және қай мезгілде тарағаны белгісіз. Мүмкін мұны Абай ел аузынан естіп, немесе басқа бір источниктерден алып, өңдеп жазған болар. «Жиырма жетінші сөзге» жақша ішінде Сократ хакимнің сөзі делінген. Тегі Абай көне философтар жөнінде оқыған бір кітаптан аударған сияқты. Ал, «Отыз сегізінші сөзге» келетін болсақ, Абайдың 1905, 1907 ж. көшірмелерінде бұл сөз «Кітап тасдиқ» деген атпен жеке берілген. Сондай-ақ, осы екі қолжазбада афоризмдер мен Сократтың сөзі де өз алдына жеке тұр. Мүрсейіт басқа сөздермен қатар бұларды нөмірлемеген. Соған қарағанда әуел баста Абай оларды «Ғақлия» тобына қоспағанға ұқсайды.

Сөйтіп, Абайдын, қара сөздеріне баға бергенде оларды ұлы ақынның басқа поэтикалық мұрасымен салыстырудың үнемі қисыны келе бермес те. Солай бола тұрса да, «Ғақлия» мен басқа қара сөздерінде Абай қазақ өмірі, дін мен мораль жөніндегі өз ойларын ашыңқырай түскенін аңғарамыз, кемеңгер жанның ішкі дүниесін, көксеген арманын тереңірек танимыз.

«Ғақлияның» кейбір сөздері газет-журналдардың, хрестоматиялардың, жеке жинақтардың беттерінде ара-тұра жарияланғаны болмаса, көпке дейін түгел күйінде жарық көрген жоқ. Тек 1933 жылы латын әрпімен басылып шыққан жинаққа Мұхтар Әуезов тұңғыш рет Абайдың қара сездерін толық түрінде енгізді. Содан кейін ұлы ақынның негізгі басылымдарында үнемі жарияланып жүрсе де, неге екені белгісіз, қара сөздерге арнайы текстологиялық тексеру, зерттеу жасалған емес. Керек десеңіз, Абайдың ең тәуір саналатын 1957 жылы жарық көрген екі томдығын баспаға дайындаған кезде Мұхтар Әуезовтің тек бірінші томды қадағалап қарауды басқаруға ғана мүмкіншілігі болды да, сол кезде жазушылық жұмыспен қатты шұғылданып, екінші томды әзірлеуге ат салыса алмады. Сөйтіп, тек 1974 жылдың жазында Қазақ ССР Ғылым академиясының М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инситутының бір топ ғылыми қызметкерлері көптен кезегін күткен осы бір игі істі жүзеге асырды, бірнеше ай бойына Абайдың қара сөздеріне текстологиялық жұмыс жасалды, Мүрсейіт көшірмелеріне (1905, 1907, 1910) өз ара салыстыру жүргізілді. Бұл жолы әрбір сөздің жазылу ретіне, сөйлемнің немесе кейбір сөз тіркестерінің мағыналарына айрықша мән берілді. Тегі сол қара сөздердің ғақлияның стиліне ерекшелік беруден туса керек: әншейінде қолданылатын араб-парсы сөздерінен басқа, Абай тағы бір топ кітаби сөздерді әдейі пайдаланғанға ұқсайды. Біз оларды Абайдың жазуы қалпында қабылдадық. Мысалы, қадарлы, бірлән, бәлки, яғни, дұр, ләкин, уа ләкин, әрнешік, аның үшін, хаттаки, әлбетте, һәм, һәмма, аның себебі, хибасы, салахият, мағлұм, хақиқат, жаһат, зинһар, ғиззат-хұрмет, харекет, ұғлы, туғралы, ядкар, баһра, пәрмене, тағлим, хәтте және басқалар алуандас сөздер.

Бұлар «Ғақлияның» өн бойында қолданылғандықтан және Абай сөйлемдерінен келісімді орын тапқандығынан шығарманың тілін бұзып, шырқын кетіріп тұрған жоқ. Қайта, керісінше, оған ерекшелік сипат беріп, анжар енгізгені анық байқалады. Көпті көрген дана адамның күнделік кара дүрсінге бірыңғай бой ұрып кетпей, әрі сәл көтеріңкі, әрі барша қауымға ұғымды түр тапқаны ап-айқын сезіледі. Біздің байқауымызша осындай тәсіл Абай прозасының етене қасиеті секілді. Ендеше, бұл терминдерді жатырқап, оларды қазақ тіліне аударудың қажеті аз. Оның бер жағында сол сөздердің бірсыпырасы (бәлки, яки, яғни әрнешік, әлбетте, һәм, хисабы, хақиқат, ғиззат-хұрмет, харекет, пәрмене, баһра, т. т.) қазіргі қазақ тілінің қорына сіңіп те үлгірді емес пе? Демек, оларға шошына қарап, ерсі санаудың реті келе қоймас.

Абай кара сөздеріне текстология жұмысы алғаш рет жүргізіліп отырғандықтан, біз бұл саладағы бар мүмкіндікті түгелдей және сарқа пайдаландық деп кесіп айта алмаймыз. Өйткені, сол тексеру жұмысын үш көшірменің (1905, 1907, 1910) көлемінде ғана жүргіздік те, басқа қосалқы деректерге сүйенген жоқпыз. Ал, негізге алған үш нұсқадағы Абай қара сөздерін өз ара салыстырғанда: «Осы бір сөзі, сөйлемі дұрыс-ау» деген пікірге тоқтағаннан кейін ғана қабылдап, оның әрқайсысына түсіндіру беріп отырдық.

Қорыта келе айтарымыз, Абай қара сөздерін арнайы зерттеп, тұжырымды корытынды жасаған соң істелетін ең маңызды жұмыс: қара сөздердің де қалыптасқан, тұрақты (канондық) тексін жасау болып табылады. Сөйтіп, көптесіп, көмектесіп дегендейін, жакын арада кемеңгер ақынның тексерілген, зерттелген, бір қалыпқа келтірілген асыл мұрасын оқушы кепшілікке ұсынатын боламыз. Сіздерге тартылып отырған осынау екі томдық сол игі істің бастамасы саналады.

Ы.Т.Дүйсенбаев. Алғы сөз // Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. І том. — Алматы: Ғылым, 1977. – 5-23-беттер; Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. ІІ том. — Алматы: Ғылым, 1977. – 5-27-беттер;

 

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.