Шынар МҰРАТҚЫЗЫ: АБАЙ ӨНЕРДІҢ САН-САЛАСЫН ӨРГЕ ТАРТҚАН

Өнер - адамның рухани азығы, ол халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы. Күллі қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетін жаңа биікке көтерген Абай есімін өнердің қай түрімен байланыстырсақ та артықтық етпейді. Себебі, ұлы ақын өнері жан-жақты, сан-салалы. Қазақ өнерінің шын жанашыры болған Абай өз айналасына елінің дарынды да өнерлі жастарын жинап, оларды өнер жолына салып, ақындық пен әншілікке баулыған. Олар: ойшыл ақын Шәкәрім, Көкбай, Ақылбай, Мағауия, Турағұл, әнші Әлмағамбет, Мұхаметжан, Мұсажан, Әсет сияқты күміс көмей әнші-өнерпаздар, ақын-скрипкашы Мұқа, т.б. барлығы өз ұстаздарының өнерге деген ыстық ықыласынан жалын алып, өнер отын сөндірмеген жандар.

Ақындығымен қоса, өнердің қай саласына болмасын еркін бойлай білген Абай жасында Біржанды ауылында қонақ етіп, кейін Мұқаны, Әсетті, Әлмағамбетті сақтап, барлық балаларын ән-күй өнеріне баулығаны белгілі.  «Өз әйелі Әйгерімнің әншілігін өсірмек боп, Біржаннан жаз бойы ән үйретеді. Кейін Тәкежанның Мақұлбай деген баласы өлгенде, Әйгерімге жоқтау өлеңді өзі шығарып беріп, жаздай жақсы әуен мен жоқтау айтқызады» ,  - дейді М.Әуезов.

Сонымен бірге, Абай белгілі әнші-күйші емес, «жәй айтушыларға да халық жырларын немесе өз тұсындағы ақындар жазған дастандарды жырлатып отырады. Топай Бейсембай деген ақынға «Қозы Көрпешті» Жанақ үлгісімен жырла деп тапсырады. Бірақ бар өлеңін бірқалыпты әуенмен айту жол емес, Қарабай, Қодар, Тазша, Сақау қатын, Баян, Қозы барлығына кей жердегі өзді-өзі сөздерін, өз әуенімен айтқызатын болған» (М.Әуезов. «Абайдың өмірбаянының үшінші нұсқасы»). 

Абайдың өзіне ерекше ұнатып, іш тартқан өнерпаз тұлғалардың бірі - Әлмағамбет Қапсәләмұлы. Атақты әнші, күйші Мұқадан көп үйреніп, өзінің ұстазы санаған Әлмағамбет "Абай әншісі" деген атаққа лайық болған. Ұлы ақын оны өз балалары Мағауия, Турағұлмен бірге үш қыс Семейде скрипка үйретуге орыс музыкантына жібереді. Ол қыры "Абай жолы" романында: "Ымырт жабылып, ел орынға отырып кешкі шай ұзақ ішіліп болған соң, Мұсабайдың үйінде ән-күй өнері басталды. Айғай шуы басылған, тыным алған ауылға ең алғаш сызылып, созыла шыққан скрипка үні естілді. Үй иесі әйел өзінің жас абысындарына, қайын сіңлілеріне тегіс хабаршылар жіберді. ...Бұл уақыттарда скрипкада орыстың әсем сырлы, сұлу сезімді "Лесная сказка", "Над волнами" сияқты вальстері сызылған. Кейде ойнақшып қыздырған марштар кетеді. Қызықтыра құбылған мазуркалардай би күйлері де кезектесе түсіп, тамылжи төгіліп жатқан-ды. Әзір скрипканы жалғыз тартқан Әбіш", - деп суреттеледі.

Абай ортасына скрипка аспабын тұңғыш рет әкелген Мұқа Әділханов - Абайдың сегіз қырлы өнерпаз, талантты шәкірттерінің бірі. Ол асқан домбырашы, шебер скрипкашы әрі әнші, әрі ақын. Мұқа өзінің скрипкада ұнатып орындайтын күйлерінің бірі - белгілі "Дунай толқыны". Осы күйдің әсерін өзі кейін өлең еткен.

Абайдың келіні Кәмәлия өзінің естелінде: «Өз заманында ел аузына ілініп, атағы шыққан әнші, күйші, өнершілердің әкеме келіп, өнерлерін көрсетпегені кемде-кем шығар. Әлі есімде Қарқаралы жақтан Мауқай дейтін әнші келді. Ол әншілігімен қабат тамаша артист еді. Мауқай отырған үй той күнгідей ұлы думан болып жататын. Мауқайды бір жыл сақтады. Көп сый-сыяпатпен қайтарды. Өзіміздің елден Маякеннің Мұқаметжаны (әнші), Әділқанның Мұқасы (күйші), Ағашаяқ (күлдіргіш, биші) және сыбызғышы Қияспай әкеме жиі-жиі келіп өнерлерін көрсетіп отыратын. Бұлар келгенде әкем бір жасап қалатын. Балаларын жинап алып, ән, күй тыңдатып, биді көрсететін. Әншілердің әнін тыңдап болған соң, ол ән туралы, әнші туралы өзінің пікірін айтатын. Сондықтан да әншілер әкемнен әннің кемшілігін сұрап, түзетіп алып отыратын» - дейді.

Ұлы Абай өнердің кез келген түрін аса жоғары бағалап, оларды дамытуға үнемі қамқорлық көрсетіп отырған. "Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек... Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол", - дейді ақын қарасөздерінде. Хәкім Абай осылай деп жоғары әрі әділ бағасын берген ұлтымыздың мәдениетін көрсететін құндылықтарымыздың бірі – қолөнер.

Әрхам Кәкітайұлы "Абайдың өмір жолы" естелігінде: "Кавказ тауын мекен еткен шеркес деген елдің үш адамы Абайды сыртынан естіп іздеп келеді... Абай бір сөздің ретінде "сіздің шеркес елінің белдікке, қанжарға және сондай заттарға күмісті қақтап, оған кетпейтін қара бояумен өрнек жүргізіп істеуі өте ұнамды. Біздің қазақ қара темірге күмістен өрнек салады, ол ұнамсыз келеді" десе, сол үш шеркестің біреуі "мен күміске қара бояу жүргізе білуші едім, егер ұғарлық адамыңыз болса үйретейін" дейді. Абай Әнет Сағындық деген ұстаны шақыртып алып үйретуге тапсырады. Бір жұма шамасында Сағындық үйреніп шығады. Абай қандай жұмысты болса да өзінің ой елегінен өткізбей қолдана салмайды. Кавказ елінің қараласы ұнаса да, өрнегі ұнамайды. Қазақтың жіңішке қошқармүйіз өрнегімен Сағындыққа белдік, кісе істетіп өзі буынып, қыздарына, келіндеріне білезік, сырға, жүзік істетіп қарала жүргізеді. Одан көкше Әзіке деген ұстаға, қарабатыр Баймұрын, көтібақ Сүлеймен деген шеберлерге үйреттірді" - деп жазады.

Ақын бос уақытын ермек қуып емес, өнер іздеп өткізген-ді. Аңшылық құсбегілік, атбегілік сияқты өнер түрлерінен кенде болмаған. Ежелден келе жатқан құсбегілікті үлкен өнер деп бағалап, жырға қосқан:

 

Қансонарда бүркітші шығады аңға, 

Тастан түлкі табылар аңдығанға.

Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет,

Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.

...Көкіректе жамандық еш ниет жоқ,

Аң болады кеңесің құс салғанда.

Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген

Бір қызық ісім екен сұм жалғанда...

 

Абайдың ат баптап, құс асырап, саят құрғандығы туралы «Өнер иесінің ішінде құсбегі, аңшы, мерген, ат бапшылы болса – бәрі Абайдың сыйлас адамдары болады. Жасынан Тұрғамбай құсбегі, Бәшей мерген, өз інісі Шәке сияқты кісілерді ертіп, «салбурынға» бүркіт пен түлкі аулауға көп шығып жүрген», - дейді М.Әуезов 1944 жылы жазған «Абай өмірбаянында».

Абай өмірін зерттеушілер ақынның бәйгеге ат қосып, күреске балуан түсіріп тамашалағаны, тоғызқұмалақты аса құмарта шебер ойнағанын жазады: «Абайдың жолдасы, серігі боп кеткен Құдабай, Нұрмағамбет сияқты «түйе балуандар» болған. Өз тұсындағы «Бозамбай асы», «Торайғыр асы», «Мұрын Бұланның асы» деген сияқты толып жатқан талай асқа нелер жүйрік бәйгелерді апарып, қызықтап қосып жүрген» (М.Әуезов. «Абайдың өмірбаянының үшінші нұсқасы»).

Қазақтың ұлттық ойыны  - тоғызқұмалақ ақын үшін шығармашылық шабыттан сәл тыныс алудың, көңіл бөлудің бір түрі сияқты болды. Ол тоғызқұмалақ ойнауға тек шебер ойыншыларды ғана таңдаған. Сол шеберлер ойынын жалпы жұрт қызықтайтын жүйелі жарысқа айналдыра білген. Ойын барысында әзіл-оспақ, әңгіме, бірқақпай жыр қақтығыстарына да ерік беріп, жиналған жұрт ел мен жер тарихына, ата шежіресіне байланысты біраз дерек алып қалатын болған. Ойынға қатысқандар үшін ресми болмаса да бәйге белгіленген.

Абайдың үзеңгілес жолдасы һәм шәкірті болған Көкбай Жанатайұлы оның ән-күй, сауық кештерімен қатар тоғызқұмалақ, дойбы ойындарын да демалыстың, көңіл көтерудің бір түрі санағанын айта келіп: "Тобықтыда 5-6 ойыншы шықты. Солар Көрпебай, Құттықожа, Қуаттың Құдайбердісі, Нақыштың Смағұлы дегендер еді. Абай осыларды кезек-кезек алғызып, кейде бәрін бір уақытта жиып, көп күндер бас алмай ойнап жатады..." - деп жазған.

Бүгінде ақынның сан салалы өнері ұрпағына мәңгілік азық. Абай үлгісін өлшем ете отырып тудырған ақын шәкірттерінің шығармалары бүгінгі таңда қазақ қауымының рухани қажеттілігін өтеуге қызмет етуде. Қазақтың сөзир өнері ұлы Абай арқылы әлемдік деңгейге ие. Абай өнері - біздің бойтұмарымыз. Бабаларымыздан қалған қалған мұраны жаңғырту, дамыту арқылы халқымыздың төл өнерін әлемге таныту – баршамызға ортақ игі іс. Ұлы ақын шаңырағының жанынан құрылған «Абай» өнер мектебі де ұлттық «сегіз қырымыздың» одан әрі жандануына өз септігін тигізуде.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.1. – Алматы: Ғылым, 1977. - 454 б.
  2. Әуезов М. «Абайдың өмірбаянының үшінші нұсқасы» (1944) // Мұхтар Әуезов. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. – Алматы: Санат, 1997. – 416 б.
  3. Абай туралы естеліктер (Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің асыл қорынан). – Семей: Зияткер, 2017. – 450 б.
  4. Ысқақов Ә. Абайдың өмір жолы // Жүрегімнің түбіне терең бойла. -Алматы: Жазушы, 1995. - 296 б.
  5. Абай. Энциклопедия. / Бас ред.: Р.Н.Нұрғалиев. – Алматы: Атамұра, 1995. – 548 бет.

 

 

Шынар Мұратқызы

Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің

ғылыми хатшысы