ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ: МАҒАШ

Оқылған 19801 рет

Кемеңгерден сөз қалды, үлгі қалды. Бүтін болмысымен, орасан ақылымен, данышпан һәм сырлы, көркем өлеңімен. Бір өзі емес, әдебі зор, тілі шыншыл, жүрегі таза ұрпағы да қазақ жасына «жаңаның басы» боп көрінді. Дәстүрлі қазақ қоғамында әке мен баланың арасындағы терең түсіністік пен ыстық көңілдің жосынын ойлағанда Абай мен Мағауия қарым-қатынасы көкейге оралады.


Ел ішіндегі беделі зор, бағы басым, әділ әкенің қолғанаты, сөзсіз түсініп, айтқанын бұлжытпай орындайтын көмекшісі, ізбасары Мағауия еді. «Өтірік айтпай, шынын айтатын болса, мал ұрлайтын ұры болса да сүюші еді. Ұры­дан алатын парасы – шынын айтқаны. Абай шындыққа, дұрыстыққа құмарлығы жолындағы елден ерекше мінезінің барлы­ғын билікте анық көрсетіп жүрді. Билікке келгенде Абайдай әділ, таза, дұрыстығы күшті биді тобықты іші бұрынды-соңды заманның қайсысында болса да көрген жоқ деп айта аламын» (Көкбай естелігі) деген әкеге берілген бағаны бір пәс төмендетпеген, өзі де жігіт боп іске жарағанда ел арасындағы дау-дамайды әділ шешіп, қарашаны риза етіп тарқатады екен. Жұрт керегін Абайдың өзінен сұрауға батпай, Мағаш арқылы сұрап, Мағаш арқылы байып қалатын көрінеді. Көркем мінез, қыздан зият Мағаш кейін дүние салғанда, қолынан көп жақсылық көрген кісі: «Бергішім-ау, бергішім-ау» деп еңіреп, жоқтап келіпті. Сонда қара нардай қабырғасы қайысып, өксіп тұрған Абай: «алғышым-ау, алғышым-ау» деп құшағына басыпты дейді. Аңыздың сұлулығы – ақиқатында. Осы екі ауыз сөздің өзінде алушының да, жомарт берушінің де бар болмысы өте айқын көрінбей ме?! 

Бір-бірін үш күн көрмесе, әкесі: «менен туғаны рас болса бүгін келеді» деп, баласы: «Абай ағам іздеп қалды» деп қауышуға асығады екен. Бір-бірін жарты ауыз сөзбен-ақ ұққан әке мен бала арасындағы осы зор түсінісушілік асып туғандық емей немене?! Жұрттан басы артық туғандар...

Абайды оқыған сайын таңғала беретін, жырын, мұңын, жан жарасын, арман-аңсарын «міне, түсіндім» деген жаңа сөзді естіген, я оқыған сайын әке мен бала арасындағы көргенге сұлу, істеуге қиын қарым-қатынастың сырын ашқан бір сөз айтылды ма екен деп айналшықтайсың. Таппайсың... Біреу айтса нанып, өзің тапсаң дүдәмал болатын сенімсіз сөзіміз жазғанда тіпті ажарсыз шыға ма деп қорқасың. Сөз ажарын, мағына мәйегін Абай мен Мағашты айтқанда жоғалту – арға ауыр. Ал мүлде айтпау – ұят.

Абайға тура келіп, еркін сөйлейтін тек хәкім көңілі сүйген жақындары. Қиясбай.. Мағауия... Бәлкім тағы бірнеше адам. Бірақ санаулы. Бала күнінде Мағауия атасы Құнанбайдың алдында отырып, бір бәйге тамашалапты. Абай қосқан жүйрік бір кедейлеу адамның тұлпарынан қалып келе жатқан болса керек. Сонда бала Мағаш: «Абайдың аты озу керек деп жануар қайдан ойласын» деген мағынадағы сөз айтыпты дейді. Сөзбе-сөз сәл басқаша болуы мүмкін. Бірақ мағынасы осыған жуық. Қажы ата немересінің сөзіне риза болып, кең-кеңк күліп, Нұрғанымға: «мына сөзді Абайға жеткізіңдер» дейтін көрінеді. Әкені сынаған баланың сөзі. Бәлкім, зеректіктің алғашқы хабары.

Балаларын жастайынан оқуға берген Абай дүниенің кілті – білімде деп ұқтырды. Абай ұғымындағы дүние – жаратылыс, әлем. Тек байлық емес. «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» дейді өзі. Сегіз-тоғыз жасында Мұхаметкәрім деген татар молдадан сауатын аштырып, кейін Семейдегі орыс мектебіне оқуға береді. Жанында Гүлбадан, Кәкітай бар еді. Қазақ ССР Орталық мем­ле­кет­тік мұражайында сақталған (ф.408-0-1.с.-1. 1884 ж. 75-79 бб.) құжат бойынша Мағауия он төрт жасында Семей­дегі ер балалар тәрбиеленетін мек­тептің 1 класында оқыған. Осы мектептің 1-5 кластарындағы 32 оқушының ішінде Мағауия ғана үздік болыпты. Алтауы жақсы, төртеуі нашар, қалғандары қанағаттанарлық бағамен оқыған. Үш жылдан соң, Мағаш науқасқа шалдығып, елге қайтуға мәжбүр болады. Ендігі оның үлкен мектебі – Абай тәлімі болды.

Абайдың әкелік қана емес, ақындық тәрбиесін де, ел басқару ісін де Мағаш берік үйренеді. Абай ұлдарының сөзіне үнемі құлақ асып, пікірлесіп отырған. Әу бастағы «Ақ асыл ма, қара асыл ма?» деген Әбіш екеуінің арасындағы бізге жеткен ғибратты әңгіменің өзінде баламен тең сөйлескен әкені көреміз. Әр баласына, әр шәкіртіне зер салып, жеке-жеке азамат ретінде қараған Абайға Мағаш айырықша жақын болды. Ақылбай Құнанбай мен Нұрғанымның қолында өскен ерке, Әбіш жаңа заманның білімін меңгерген бітімі бөлек қазақ жасы, Мағауия қазақ ортасында Абаймен бірге жүрген, ел ішіндегі жазылмаған заңдар мен әдеттерді, мінездерді өте жақсы білуші. Абайға сонысымен жақын, ыстық.

Абай өзі жақтырмаған адамның сәлемін алмай, тек көзімен атып қоятын мінезі болған дейді. Шетте отырып мұны байқайтын баласы Мағауия : «Ә-ә, аға-ай!», – деп, іштей бұл мінезіне назаланатын көрінеді. Немесе Абай мырс етіп күліп, тіл қатпай қоя салады екен. Онысын «сәлемді іштей қабылдаған да рәсімі» деп қабылдайды екен ақынды білетіндер. Абайға «Әй, аға-ай» деп өзге кім өкпелей алады? Еш ренішсіз, зілсіз наза. Өзге біреу шамданып, шамырқанған да болар. Бірақ Мағаш түсінеді... Бірақ келіспейді. Мағаш өмірінде әкеге келіскен, келіспеген оқиғалар бар. Оны Абай да түсінеді.

Сүйікті інісі ер Оспан дүние салғаннан кейін әмеңгерлік жолға Тәкежан, Ысқақ болып дәмеленіп жүреді. Тіпті, таласады (Еркежанға). Құнанбай әулетінің қарашаңырағына ие болу – ең алдымен мол дәулетке иек арту еді. Абай әмеңгерліктен бас тартады. Ол күнде ақын қырға жұрт арасына барып, білім насихатын айтады екен. Әмеңгерлік туралы әңгіме шыққанда Әбіш: «Аға, өзің жұртқа ақыл айтасың. Енді әйел үстіне әйел алып, ескілікті қолдасың, дұрыс па?» деп қарсы болыпты. Әке келіседі. Кейде бала да – әкеге сыншы. Ал Еркежан Абайдан өзгесін қол көрмей, ешкімге көнбейді. Бірде Мағаш жоғары ауылға сәлем берейін деп жолға шығыпты. Беті   Тәкежан ауылы екен. Жөл-жөнекей Оспан шаңырағына түскенде: «Есіктегі құлға дейін көз салатын болды» деп Мағашқа мұңын айтады. Аталарының ауылын аралап, сәлем беріп, елге қайтқан Мағаш кеш бата ауылына жетіпті. «Менен туғаны рас болса, бүгін келуі» керек дейтін үшінші күн осы болса керек. Сыртта Абай ұлын жолдан тосып тұрды. «Келдің бе?».. «Келдім...»... Осындай бірауыз сөздер ұғысуға жетіп жатады екен. Оның ар жағындағы сағыныш пен күту айтпаса да екеуіне түсінікті. Ертесі Мағаш: «Абай аға, атты ерттеп қойдым» дейді. «А... Солай ма?». «Солай, аға...». Бәрі түсінікті. Сол күні Абай Еркежанды әмеңгерлікпен алады. Сөзсіз, түсіндірусіз, ұлының қайдан келе жатқанын, не оқиға болғанын әке қалай сезді. Бала қалай түсіндірді. Бәлкім, данышпандық түйсік. Бәлкім, далалық қасиет. Мүмкін шешендік өнер. Біз білмейміз. Білеріміз әке мен баланың ғажап ұғысуы.

Ендігі ұғысу... Абайға қамшы сілтеніп, арты үлкен дауға айналған сайлау оқиғасы. «Оразбай тобының қастығынан соң, әр рудың игі жақсылары Абайдың кегін әпермек болып жиналғанда, сөз бастаған Бегеш биге қарап отырып кемеңгер: «Өздерінің бұзықтығынан, тентектігінен болған шығар. Бірақ, біздің рақымсыз, мейірімсіздігімізден де болды... Неше рет Жігітектің адамын айдаттық, малын талауға салдық, жеңдік. Бірақ кек артынан кек туды... Қырық жыл елдік жоқ болса, қырық жыл жаулық та жоқ... Енді осы істің артын кексіз тарқатсам деп отырмын...» депті... Аңыз бойынша, осымен бітім болып, ел ұйытқысы қайта тұтасады» («Анық Абай». Т. Шапай). Осы аңыздағы Абай бізге қанша қымбат болса да, тағы бір ақиқат бар. Сөзсіз бұл кемеңгердің шешімі. Бірақ сонда Мағауия әкесіне бой бермей, Абай басына лайық ат-шапан айыбын төлетіпті. Бұл да баланың әке қадірін білу еді...

Марқұм Дидахмет Әшімханұлы бір күні әлі кітап боп шықпаған қолжазба берді. «Жастар оқуы керек» деп ұсынды. Семейлік Сейітжан Тәбәріковтың «Тауқымет» деген кітабы екен. Аға жастарға үнемі жақын, жанашыр болып жүруші еді ғой. Сондай бір қамқорлығы екенін ұқтым. Екі-үш күнде оқып, қайтардым. Мағауия ұрпақтары жайында, әсіресе Кәмилә мен Мұхтар Әуезовтің арасындағы қасіретті махаббат хикаясы жайында. Әуезовті түсінгендей болдым... Кәмиләны аядым. Сол кітапта тағы бір Мағауияға қатысты дерек бар еді.

 «Өз заманында Абай Көкше Бозанбай балаларына да қамқорлық көрсеткен. Бес жасында әкеден жетім қалған Бозанбай шөбересі Балтақайдың тәрбиесіне зер салады. Балтақай ер жетіп, үйленіп, бала сүйеді. Одан туған Мұсахан ата-бабаларының өмірін жалғап, 1929 жылы Қытайға өтіп, 1956 жылы елге оралған. Әкесі кеңес заманында айдалып, мүлде хабарсыз кеткен екен. Мұсахан жас кезінде әкесінің Абайдың немересі Әубәкірмен аралас, сыйлас болғандығын, Абай , Шәкәрім, Мағауия туралы бір қыдыру деректер білетіндігін іштей мақтан тұтқанмен сыртқа шығармай құпия көкірегінде сақтаған. Соның айғағы, оның қолынан Абайдың Мағашқа жазған хатының түпнұсқасын Абай мұражайына тапсыруы дерсіз. Семейде жүрген күндердің бірінде ауылдағы баласы Мағауияға жазған қысқа сәлем хаттан Абайдың өз қолтаңбасы мен жүрек үнін сеземіз. Жұқалтаң ақ қағазға араб жазуымен (қадымша) «Дұғай сәлем» деген сөзбен басталып, «Амандықта ағаңыз Абай, Семей, 1896 жылдың (…) » деген сөздермен тәмамдалған екен. Хаттағы небәрі 14 жолдың 8 жолы екі шумақ өлеңге арналыпты. Бұл өлеңнің өзі Абайдың па­йым, толғам өзгерісі, ақынның (әкесінің) өз рухани тіректерін іздеуі сияқты, ұлы Мағауияға деген ыстық сезімін, сенімін айғақтайды».

Қайым Мұхамедхановтың айтуынша Абай 1894 жылы, Мағауияны Әбіштің қасында бол деп, Алматыға жібереді. Мағауия Әбіштің қасында бес айдай болып, күтіп, сүйікті ағасын өз қолымен аттандырады. Осы ауыр сапар, қайғылы хал, бес ай бойы ағасының ақырғы демін күткен қаралы күндер, ауылдан аулақта жалғыз басқа түскен ауыртпалық – Мағауияны қатты тебірентеді. Осы ауыр халдің үстінде «Бір үміт, бір хауіптің» ортасында өткізген күндер, үзілген үміт ақынның: «Ыңқылдап жатыр екен жаңа барсам», «Дейтұғын сөзің қайта «Мағатайым», «Жалғыз міне отырмын әр нәрсе ойлап», «Бірге туған бауырлас» деген өлең-жырларын туғызды. Ал оның поэмалары туралы: «Әкесінің ақындық еңбегін аса қадірлеп, жақсы білген, ұғынған Мағауия өзі де Ақылбай, Көкбай сияқты ақындық еңбекке беріледі... Абайдың мәслихатымен және материал беруін пайдаланып, бірнеше поэма жазады. Ол жазған поэмалары: «Еңлік-Кебек», «Абылай» және «Медіғат-Қасым», – дейді Мұхтар Әуезов

Мағаш қайтыс болғанда, есінен танып барып, маңдайын керегеге соғып, көз жасын көлдете отырып: «Аузымды сөзден босатқан қарағым, Мағашым, алдымды кісіден босатқан қарағым, Мағашым, арқымда жүктен босатқан қарағым, Мағашым! Қош, Мағаш! Қош!» деген әке қасіретін бір сәт сезіне алар емеспіз. Мағаштың асыл сүйегін зиратқа апара жатқан мүбарак арбаның жолын тастан тазартып отырған хәкім-әкенің қайғысына ортақтасқан сол тастар да біз үшін қымбат.

Күллі әулет жатқан зираттың дүниемен ісі жоқ. Айдалада иесіз қалған, Құнанбайсыз, Абайсыз қалған мекеннің қарағаны мен изені қосылып ұзақ уілдейді. Бір адыр келесі адырды менсінбейтін сияқты. Олардың бәрі асыл, бәрі аяулы сияқты. Өйткені бірінің көңілінде «маған Құнанбай табаны тиген» деген емеурін жатса, бірінде Абай, бірінде Әбіш, бірінде Мағаштың ізі қалған. Бәрі асқақ, бәрі қадірлі. Бірақ қазір бұрынғыдай қойны-қонышына толған ел жоқ. Біз Мағаштардан алыспыз. Мағаштардың болмысынан, табиғатынан тым алшақтамыз. Бірақ жақсы адам болғымыз келетіні қалай? Олардың қанында бар жомарттық, мәрттік, зеректік бізде жоқ қой... Абай ұғымында Мағаш бала, перзент қана емес, өзі аңсаған дос-асық категориясына жеткен абзал жандай сезіледі бүгін.

Сол күні хәкім өз әкесінің зиратына барып: «Ей, Тәте, әруақты ер едің, мені Мағаштың артына қойма, ал қасыңа», деп қажының зиратын үш айналып жіберді» дейтін Баймағанбет айтыпты деген сөз бар. Зираттан мүлде опырылып, қартайып, құр сүлдерін басып шығыпты.

Өмірдің сыры көп. Сыны да аз емес. Абайға кемеңгер көтерер қайғы беріліпті. Ақырғы тілегі қабыл болып, сүйікті Мағаш қырқында өзі де соңғы сапарға аттаныпты. Кемеңгер әке мен «сүйген, сүйенерге жараған» ұлдан ұғысудың көркем үлгісі қалды.

«Егемен Қазақстан»

 

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.