ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

КӨКБАЙ ЖАНАТАЙҰЛЫ: АбАЙ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІК

Абай туралы естеліктер

Оқылған 19581 рет

Ел ішінің ақы алысып, ақы берісіп жатқан сиезі еді. Мұны өткізуге Семейден Лосевский деген уйез келіп еді. Сол бір ісімді жақтырмай, мені ел кісілерінің ортасында тұрғанымда стражниктерін (атарман) жіберіп, жазалмақшы болды. Әлгілер ерікке қоймай әкетіп бара жатқан соң, қасымда еріп жүретін өлеңші жігітім бар еді, солардың біреуінен Абайға бір ауыз өлеңмен сәлем айтып жібердім. Ол кезде ән салып, өлең айтатұғын, қасымдағы жолдастарым да сондайды әдет қылатын.

Уезге әкелген соң, Абай да келді де: — «Жазығы не?»- деп істің жөнін сұрады. Содан кейін Лосовский: «Бұған біреу басшылық етіп тәрбиесіне алмаса, мына елдің ортасында арызқой, пәлеқұмар болып, бұзылғалы жүрген адам. Сен тәрбиеге алып міндетті болып, түзетемін десең берем. Әйтпесе, жазаға ұшырайтын ісі бар», — деді. Абай маған кепіл болып алып шықты. Осыдан кейін Абайдың жолдасы болдым. Жолдастығым 25 жылға созылды.

Жаңағы оқиға 1880 жылдардың шамасында болып еді. Сонан кейін қыс болсын, жаз болсын, Абай ел араласа, қасында жүріп, ауылына келсе, үйінде бірге жатып, айырылыспайтын болдық. Абайдың қасында ай жүріп, ай жарым жүріп келіп, бір әредік толас болғанда ғана өз үйіме бір жұма, көп болса он күнге рұқсат алып, артынан қайта барамын.

1880-жылдан бастап 1886 жылдарға дейін Абай әрбір өлеңді жазып жүрді. Бірақ бұл уақыттағы сөздерінің барлығын Көкбай сөздері деп жүргізді. Кейін Омбыда «Дала уалаяты» мен «Серке» газеті шыққанда, бірер өлеңін тағы да менің атыммен жіберді. «Сорлы Көкбай жылайды, жылайды да жырлайды» дегенді мен қылып қойып, өзін айтып еді.

Осы хәл 86 жылға дейін келді де, сол жылдың жазында ел жайлауға шықты. Абай ауылының ең өрістеп барып, орнықпақ болған жайлауы «Бақанас» өзенінің бойы еді.

Көш жүріп кетті. Біз Абаймен бірге бірнеше кісі болып артынан келдік. Осы жылы Абай ауылында доктор Долгополов та қонақ еді. Ауыл Бақанастың бойындағы Көпбейіт деген жерге қонып жатыр екен.

Абай қонып жатқан ауылды көріп, осы суретті өлең қыл деді. Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да өзі жазбақшы болды. Сонымен үй тігіліп болып бәріміз жайланған соң, Абайға келіп едім: «Өлең Көкшенің бойынан асайын деді ғой», — деді. Мен: «Асса, басында мен қолқаланып алған нәрсе емес еді. Енді өзіңіз ретін тауып қайта аларсыз», — деп қалжыңдадым.

Сөйтсем сол күні «Жазды күн шілде болғанданы» жазған екен, оқып берді. Өзі жазған сөзіне ең алғашқы рет аз да болса қанағат қылғанын көргенім сол. Менің қалжыңыма орай қылып: «Сен соғымыңа бір ту бие ал, мен енді өлеңімді өзім алайын», — деді. «Жаз» өлеңіндегі Абайдың ауылы өз ауылы. Абайдың астындағы аяңшылы — Абайдың Әбдірахметінен алған аяңшыл күрең, төбел аты. Айқайшы шалы — сол жылы өз ауылымен көрші болып отырған Әнет Бармақ деген шал. Құс салып жүрген жас жігіттер өзінің балалары: Ақылбай, Әбдірахман болатын.

Осыдан кейін өлеңді жиі жаза бастады. Тегінде өлеңді көп жазатын уақыты қысты күн мен жазға салым болатын. Кейін, 89—90 жылдарда, тыныштық алып отырғанда, барлық әндерін де бір қыста, жазға салым шығарды.

Өзі біреуге ұзақ әңгіме, ұзақ жыр сияқты нәрселерді айтқызғанда еш уақытта басқа бөтен нәрселерге аумай, таза көңілмен, үлкен ықыласпен тыңдайтын. Және әрқашан сондайды тындап болған соң мағынасы мен жөнін ұғындырып, сын айтатын. Сол ретпен «Ақбала-Боздақты» айтқанымызда осы жырдың ішіндегі бір-ақ ауыз өлеңін жақсы көреді де: «Мынаны шығарған кісі — ақын», — деді. Тегінде өлең ішінде бірер ауыз дәмді сөзі табылса, сол үшін қатты ырза болып қалушы еді. Жаңағы өленде Ақбала мен Боздақ тау аралап келе жатса, алдарынан шағылысып жүрген құр, ұйығып жүрген екі түлкі кездесіпті. Сонда Боздақ Ақбалаға:  

Бір қораз, бір мекиен талда ойнайды,

Адам түгіл хайуан, мал да ойнайды.

Құдайым бір нәрсеге бастап жүр ме,

Алдымызда кез келген аң да ойнайды, — депті.  

 

Абай: «Осы сөзінен айтушының ақындығы білінеді», — деп сынады.

Әрқашан Абай ақындық туралы сөйлегенде: «Ол — қуат, табиғат сыйы, Құдай сыйы»,- деп құрметпен сөйлейтін. «Ақындық шабыты шын келгенде адамды қайта тудырып жібереді. Ол келгенде адам жай, жабайы адам болмайды», — дейтін.

Осы сөзінің шындығы, бәріміздің көзімізше, ел ішінің бір ақынының тұсында ақталғандай болды.

85 жылдың шамасында Қарамолада болатын шербешнайға Абаймен бірге кеп, кісі болып келе жаттық. Ішімізде Байкөкше деген ақын да бар еді. Бір кезде Байкөкшенің түсіне Абайдың көзі түсті де: «Мына кәрінің жыны ұстап келе жатыр екен», — деді. Айтқанындай сол арада Байкөкше Абайға түнде көрген түсін айтып, ұзақ өлеңді шұбатып жөнелді. Түсінде Абайдың бірталай қиындық, қауіптен өтіп, мұратына қолы жеткенін көрген екен. Соны айтумен бірге өзінің жоруын да өлеңге қосып, Қарамоладан жолы болып, қастық қылмақ кісілерді жеңіп қайтатынын айтты.

Ел ішінің тағы бір сиезі болып, Семейдің уиезі келгенде, соған тілмаш болып сыбан Әріп келді. Әріп екеуіміз құрбы болатынбыз. Кездескен жерде әрқашан бірер ауыз өлеңмен жанасып қалатынбыз. Сиез болып жатқанда, менің бір ақы сұраған арызым болып, соның тез қаралуын тапсырамын деп  

Әріпке:  

Найманшам, адырайма кеуіп-ісіп,

Ежелден Арғын аға, Найман кішік.

Төбеңмен жүр, тез бітір қызметімді,

Күнде бүйтіп мөлимен ісім түсіп, — дегенімде, ол:

 

 

Асықпа, бітірермін қызметіңді,

Тапсырған құрбылықпен міндетіңді.

Арғынға, Көкше, сенен Қызай жақын,

Ата қумай түзей бер өз бетіңді, — деді.

 

Мен мұның орайына:

Көкше атам Тобықтының бел баласы,

Бөтен деген — білместің бос таласы.

Нарымбайды тәшкенттік сарт дейді ғой,

Сол сияқты қазақтың құр жаласы, — дедім.  

 

Әріпке:

Тіпті Тобықты Арғын емес Көкше тұрсын,

Ата қуып қайтесің өзің жүрсің.

Құдайақын, теңдесім Алтай — Қарпық,

Құр көңіліңді көтерген кеудең құрсын, — деді.

Біз осылай сөйлесіп жатқанда, өзіміздің елдің біреулері Абайға барып, Әріп пен Көкбай айтысып жатыр депті. Содан соң біреу келіп екеуімізді де Абай шақырады деді. Келіп едік: «Не айтыстыңдар!» — деді. Мынау ананы айтты, мен мынаны айттым дедім. Абай тыңдады да, әлгі даудың орайына:  

Ақ сұпы дүниеден ұлсыз өткен,

Енеге жалшысынан бала біткен,

Өкіреш Найман ұлы болмаған соң,

Атасызда Найман көп деп ап кеткен, — деді.  

Өлең айтқыш жігіттердің сөздерінде нәр, жұғын болса, дәмді сөзін көріп ырза болса, ондайлардың өлеңді көбірек айтқанын тілейтін. Кейбіреуіне өлең қыларлық теманы да беретін сияқты еді.

Бір жылы менің өзіме Абылай хан мен Кенесарының қазаққа істеген еңбектерін ұзақ әңгіме қылып айтып беріп: «Осыны өлең қыл»,- деді. «Абылай да, Кенесары да қазақтың мақтан қылатын ерлері. Бұлардың еңбегі де айта қалғандай, ұмытпастық еңбек. Сондықтан, бастарынан кешкен дәуренді жақсы сөзбен жыр қылып, ел ортасына жаю — жақсы өлеңшінің міндеті. Сен үйіңе барып орнығып отырып, осыны өлең қылып кел», — деді.

Содан кейін үйге келіп отырысымен өлең қылуға кірісіп, күндіз-түні тыным алмай, 5-6 күнде бітіріп, Абайға қарай қайта жүрдім. Абай бұл уақытта үлкен ауылынан бауырдағы ауылына, тоқалынкіне барып сонда жатыр екен. Кіші ауылы «Аралтөбе» деген жерде, үлкен ауылынан 35 шақырым жерде, біздің ауылдан 70 шақырымдай жерде еді.

Осы жолға қасымдағы атшыммен қысты күнгі аязда салт атпен келе жатып жазған өлеңімді ойлап көрсем жатқа айтуға бір де бірі есімде қалмапты. Абайдың барысымен «айт» дейтіні мәлім. Сондықтан жол жүріп келе жатып, өз өлеңімді өзім жаттауға кірістім. Күн суық, қағазды екі жеңіммен ұстап атымның басын жолдасыма жетектетіп қойып, жол бойы жаттадым.

Сонымен, кеш болып ел орынға отыратын кезде кіші ауылға жетіп Абай отырған үйге сәлем беріп кіріп келдім. Үйде кісі көп екен. Алдарына кешкі шайды жаңа алған екен. Кірген жерімде сәлемімді алмастан: «Абылай келді ме?»- деді.

Тегінде сол 25 жыл жолдас болған уақытымда анда-санда қасынан кетіп қайта келгенімде, сәлем алып: «Мал-жаның аман ба?» — деп амандасып көрген емес. Ылғи жаңа ғана керісіп шыққан кісідей іліп ала әңгімеге кірісетін, бұл жолы да соны істеді.

Мен сұрағанына: «Келді»,- деп едім: «Олай болса, айт»,- деді.

Содан соң, мен барлық киімімді шешінбестен, отыра қалып айта бастадым. Өлеңді алғашқы айта бастағанымда тымағымның бауын шешкен жоқ едім. Тегінде «шешінейін, жайланайын» деген сөз Абайдың нашасын кетіріп, ықыласын қайтарып тастайды. Сондықтан өленді айта отырып, тымағымды шешіп бір алып қойып, тағы бір әредікте белдігімді тастап, одан өлеңнің желісін үзбей отырып, сыртқы киімімді тастап, жүгімнен бірте-бірте барып қана босандым.

Абайдың өмір бойғы әдеті осындай еді. Біреу өзіне келсе, келген жерден жұмысың не деп сұрайды да, сол арада шаруасын бітіріп, содан кейін өзінің әңгімесіне кетеді. Алғаш сұраған жерде шапшаң айтып жіберген кісі болса ырза болып қалады. Басында айтпай, артынан «пәленім бар еді» дегенге ашуланып қалатын. Кейде: «Бағана неге айтпадың, и…» — деп ұрысып, тыңдамай да қоятын.

Сол әдеті мәлім болғандықтан, өлеңді әнге салып айтсам да шаршаған-талғанымды білдірмей, желісін үзбей айтып отырдым. Қағазыма да қарағаным жоқ, ылғи жатқа айттым.

Алдарына келген шай ішілмей қалды. Алғашқы самаурын суып кетіп, оны алып барып, екінші рет қойып тағы әкелді. О да суып қалды. Абай да, басқа ешкім де ішкен жоқ. Сонымен, үшінші самаурын келгенде, Абылай менен Кенесарының жорығын аяқтатып болып, енді Наурызбайға қарай көшіп едім. Бұған келгенде: «Енеңді ұрайын жаман ұры, ханның бағын да осы алып еді. Енді шайыңды іш»,- деп, Наурызбайдың жайын бұл арада тыңдағысы келмеді.

Шай ішіп жайлануға содан соң ғана мұршам келді. Осы өлеңнің ішінде Наурызбайға Меркенің бегі берген Ақауыз аттың тұлғасын сипаттап едім. Ол атты менің сөзімнен сынады да: «Мұның шыға шауып жайылып қалатын ат болса керек», — деп. Сол күндерде Ақауыз атты жазамын деп «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» деген белгілі ат сынын айтқан өлеңі шығады. Басында мұны Ақауыз аттың сипаты деп айтқан соң, мен: «Абылай жырына кіргізейін бе?»- деп сұрап едім: «Бұл шіркіннің өзі де мес болып кетті ғой»,- деп жақтырмай кіргізтпеді.

Ұдайы жолдас болған уақытымда кеп байқаған бір нәрсем бар. Орыс болсын, қазақ болсын, жақсы, жаман болсын әрқашан мінезінде бояма болмай, шынымен келген кісіні жақтырушы еді. Бойын бағып, қымтырылып, «пәлен көрінем, түгі көрінем» деп қолдан пішін жасайтын мінезді көре бастаса, қытығына тигендей жақтырмай қалатын.

Ондайды кекетіп, мысқыл қылып, қалжыңмен өлең айтып жіберетін. Қалжың өлеңнің көбі маңындағы жұрттың осындай мінезінен туады.

Бір күні осындайдың тұсында өзімді де өлең қылды. Ел ішінің бір тобынан келе жатыр едік. Жолда бірер сез, бірер мінезімді Абайдың жақтырмай қалғанын сездім. Ауылға жақындағанда, Абай бізден озып кетіп еді. Үйге келсем, қолына бір табақ қағаз бен қарындашты алып өлең жазып жатыр екен.

«Не қылса да өзімді елең қылып жатыр-ау»,- деп ішіме сезік кіріп, қасына жетіп келіп едім, мына өлеңді оқып қоя берді.  

Бұралып тұрып,

Буыны құрып,

Қисайта тартып мұрынын.

Әсемсіп, сәнсіп,

Білгенсіп, бәлсіп,

Әр нәрсенің орынын.

Керенау, кердең бір керім

Жақпайды маған сол жерің,-  

деп, өзімді өлең қып қойыпты. Содан соң жалынып отырып, сұрап алдым да көзінше жыртып тастадым. Өлеңін өзімнен басқа ешкім білген жоқ. Сол бір оқып шыққанда есімде қалғаны осы еді.

Жалпы өміріндегі мұрат қылған қиялы әділшілдік пен дұрыстық, шындық болғандықтан, орыста дос көретін кісілері сол кезде өзімен жақын таныс болып жүрген халықшыл социалистер болатын да, қазақтағы өтірігі жоқ шыншыл кісі болатын.

Өтірік айтпай шынын айтатын болса, мал ұрлайтын ұры болса да сүюші еді. Ұрыдан алатын парасы шынын айтқанда. Шындыққа, дұрыстыққа құмарлығын, жолдағы елден ерекше мінезінің барлығын биіктете анық көрсетіп жүрді. Билікке келгенде Абайдай әділ, таза, дұрыстығы күшті биді Тобықты іші бұрынғы, соңғы заманның қайсысында болса да көрген жоқ деп айта аламын.

Абайдың билігіне, Абай тергеуіне әрқашан ел ішінде шиеленісіп, ұстасып жүрген жаулары құмар болатын. Сондықтан Абай өмірінде айтылған биліктің көбі әрқашан сол жау жақтарының даулары туралы бола ма деп ойлаймын.

Өзіміз көріп, өзіміз естіп-білген заманда жауына келіп билік айтқызу Абайдан басқа кісінің тұсында болды деп білмейміз. Тобықты ішінің өзге, ешбір адамына да билік турасында бұрынғы заманда, соңғы заманда болса да мұндай сенім болған жоқ.

Билікте әділдікпен қатар осымен егіз сияқты бір мінезі Абайдың мырзалығы, жомарттығы, дүниеқор еместігі болатын. Жақын маңайдағы елде өзі атағын есіткен аты шулы жүйрік ат, қыран құс, алғыр ит сияқты сауық аспаптары болса Абай қалап та алады. Қызыққаны кедейдікі болса сатып та алады. Бір жазда бес түйе беріп бір бәйге ат алып, бес құлынды бие беріп екінші бәйге ат алғанын көрдім. Соларының екеуін де сұраған екі кісіге өзі қызықтамастан беріп жіберді.

Осы күнге дейін Тобықты іші: «Бір досыңнан қызығып қалап, бұлдап алған жақсыңды, үйіңе жеткізбей бір жақсы көрген адамың алып кетсе, сонан қызық не бар деп Абай айтпап па еді?»- деп аңыз қылысады.

Өзі шаруа басқарып, қырда малдың санын, қалада ақша пұлдың санын ескерген емес. Қыр шаруасында ескерсе, жылқыны ғана ескеріп, жақсыдан айғыр салып, тесе мініліп ер батып кеткен арықтары болса, сол жағын ғана ескеретін. Жалпы малына еңбек ақысын толық беріп, мықты малшы салуды ескеретін. Осыдан басқа ауыл шаруасына істейтін қамы болмаушы еді.

Қалада болған уақытта ақшасының барлығын қасындағы атқосшы жігіт ұстайды. Одан «қанша қалды, не ұстадың» деп сұрамайтын. Жалғыз-ақ «бітіп қалды» дегенде ғана тыңнан ақша тауып, тағы қалтасына салып береді де, отыра береді.

Ауылы қысы, жазы өте қонақшыл, әрдайым күндіз-түні басып жатқан неше алуан кісі болады. Солардың ішінде «Абайдың түстігінен жейміз» деп, ас аңдып келетін кедей-кепшікпен бірге, ел-елдің басты адамдары ертекші, құсбегі, домбырашы, әнші, не болмаса тоғызқұмалақ, дойбы ойнағыш ойыншылары да жатады.

Абай қысты күні бос уақыттарының бірталайында өзі оқып алған романдарды кейде ертек қылып маңындағы жұртпен бірге, әсіресе өзінің ұдайы қасында болатын ертекшісі Баймағанбетке айтып беретін.

Баймағанбет орыс романдарын бір айтқаннан жаңылмай ұғады. Ішіндегі Европаша аттарды да қайта сұрамайды. Сонан кейін бірнеше күндер өткенде өзі айтып берген ертектерін Баймағанбетке қайта айтқызады да ешнәрсеге алаңдамастан, бөлінбестен қайтадан түгел тындап шығады.

Осындай әдетпен қатар Абай қырдың тоғызқумалақ, дойбы сияқты ойындарына көп уақыт беретін. Әсіресе көп салынып ойнайтыны тоғызқұмалақ болушы еді. Бұл ойындарға Тобықты ішіндегі ірі ойыншылардың ең, ілгергі қатардағы бірі болып саналады. Ойнай-ойнай келе бірден біреу озып, екшелеп келген соң, Тобықтыда 5-6-ақ үлкен ойыншы шықты.

Солар: Керпебай, Құттықожа, Куаттың Құдайбердісі, Нақыштың Смағұлы дегендер еді, Абай осыларды кезек-кезек алғызып, кейде бәрін бір уақытта жиып көп күндер бас алмай ойнап жатады. Артынан ойын тарқап әлгі кісілер қайтатын болғанда дәулеті аз нашарларына соғымдық тай, тайынша, қой, киім сияқты нәрселер беріп қайырады.

Осы сияқты ел ортасының көңілді алаң қылып, аз да болса сергітетін қызық-сауықтарының барлығын да Абай молынан көріп, толық қызықтады. Осы ретте аңшылық құру, бәйгеге ат апарып қосу, палуан апарып күрестіру, қаршыға, лашын салғызу, жүйрік ат пен мықты жігіт сақтап ұры түсірту, қасқыр соққызу, ақын, әнші, күйшіні сақтап, өнерді қызықтау сияқтының барлығын да өзі де көрді, бала, інілеріне де толық көрсетті. Осындай көп әдістері маңайының, барлығына үлгі болып жайылды.

Аңшылықты жасында істеген. Сонда ол кезде Шыңғыстың қыс бойы елсіз қалатын сыртында бұғы, арқар, киік, түлкі болады. Абай көп кісі, көп жақсы мерген сияқты жақсы аншылармен қостап шығып, бірнеше үймен көп соғым сойыспен барып бір ай, екі ай жүріп қайтады.

Бірақ берірек келгенде аңшылықты қой-ып, жоғарыда сақталған өзге түрлі-түрлі сауықтарға көбірек ауысты. Бірақ бұл істерінің қайсысы болса да Абайдың жалпы тыңдаушыға айтып отыратын өсиет үгітіне, келелі мәжілісіне, кітап оқып білім табуына көп бөгет болған жоқ. Осы айтылғандардың барлығына бөгет нәрсе болса, ол ел сөзі, ел тартысы болды.

Абай Европа ғалымдарының ірі пәлсапамен жазылған кітаптарын оқығанда, өз басындағы ой-пікірлерінің ірге негізін аналарға оңай беріп жіберіп отырған жоқ. Жұртқа өсиет қылып, өзге сөзін мысал қылып сөйлегенде, әрқашан өз ақылының елегінен өткізіп алып айтушы еді. Сондағы көп насихатының түп қазығы: адамшылық, ақтық, әділет болса, осының барлығы да мұсылман дінінің дөңгелегіне әкеліп, бір шолып келіп отыратын.

Абай шын мағынасында мұсылман еді. Бірақ, мұсылманшылығы молда-қожа, айтып жүрген сырты сопы мұсылмандық емес, үлкен сынмен, терең оймен, өз жүрегімен тапқан мұсылмандық болатын. Бергі жерлердегі кітап сөзі, молла сөзі, шариғат жолы дегеннің барлығына сынмен қарап, діннің негізін, мақсат, бағытын ғана алып соны ақиқат діні қып қолданған. Абайдың діні мұсылманшылықтың ішіндегі осындай жолмен, үлкен сынмен табылған таза ақыл дін еді. Сондықтан сыртымен тақуалық қылып ұдайы намаз оқып, ұдайы ораза тұтып, ұдайы құлшылық қылған да емес. Намазды оқығысы келген кезде оқиды. Бірақ ондайда қасына ешкімді алмай, оңаша үйде жалғыз өзі ұзақ-ұзақ уақыттан отырып оқитын.

Одан соң жалпы мұсылманшылық жолындағы үлкен ғұламалар жазған ірі сөздердің барлығын да білетін. Бәрінен өз тұсындағы үлкен молдалардың қайсысымен болса да қатар түсерлік мағлұматы барды. Сонымен Семейге барып жатқан уақытта, Семейдің Камали қазірет сияқты үлкен молдаларымен анда-санда бас қосып, мәжіліс те жасап қоятын. Осындай мәжілістер арқылы Семей қаласындағы қазақ-татар молдаларының барлығы да Абайдың дін мәселесіне әбден жетіктігіне көзі жеткен соң, бүл кітап өз заманының ғұламасы сияқты да көрген.

Сонымен, кейінгі жылдарда Семейге миссионер Сергей деген кісі келіп, мұсылман дінін қорғаушы молда, имамдар болса сөйлесемін деп іздегенде Семей қаласындағы мұсылман оқымыстыларының барлығы ара­ларынан бірауыздан Абайды сайлап шығарып, Сергейден жеңілмей өз дінінің абиұрын аман сақтап шығуына мешітке жиылып мінәжат қылып, Абайға бата беріп, тілек тілеп жіберткен.

Бірақ Сергейдің не мақсатпен сөйлесемін дегенін қала молдалары шала ұғынып, алып қаштымен үлғайтып жіберіп, елді де үркітіп, өздері де босқа үріккен ғой деймін. Абай барғанда Сергей де дін жайында талас жасамай, бірер нәрселерді сұрап қана артынан жай әнгімеге кетсе керек. Бұл мәжілісте Абай дін жайынан қаншалық сөйлесіп, қанша таласты, ол арасын толық білмеймін. Бірақ, артынан Абайдың өзіміз сұрағанда азын-аулақ айтқаны:

Сергей: «Мұсылман дінінде құдай күш иесі, қорқытушы. Сондықтан құдай жолындағы құлшылық, тазалық, ақтық барлығы да қорқудан туатын сияқты», — деді.

Оған мен: «Біздің құдай, «Рахман Рахим» қуат иесі қана емес, рахым да қылушы. Қуаты қара күш бастаған қуат емес. Махаббаты  әке мен баланың арасы сияқты, әке, сүюші ие», — дедім дейді.

Абайдың осы Сергеймен сөйлескен сөздерін кейінгі уақытта қаланың жатақтары мен шала молдалары ертек қылып әкетті. Соның ішінде Сергей «үй» депті, Абай «бүй» депті деген талай ұйқасты, ұйқассыз сөздер толып жатыр. Бірақ мұның бір де бірін де біз Абайдың өз аузынан естігеніміз жоқ.

Абайдың жалпы діни өсиеттері мен негізгі діни пікірлері қара сөзінің ішіндегі «ғақлият тастихат» деген сөзінде толық айтылған. Әрқашан ауызша айтатын уағыз насихаттары болсын, өлеңмен үгіт қылып айтатын адамшылық жолы, құдайшылық жолы болсын, барлығы сол сөзіне жиналып келіп қорытылған сияқты. Кейде жазылған дін жайындағы өлеңдері болса, түгелімен сол сөздің жеке-жеке пікірлерінен туған сияқты.

Көкбай Жанатайұлы

Абайдың ақын шәкірттері \ (екінші кітап), Алматы: 1994. -134-б

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.