ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • 57-ШІ ҚАДАМ «АБАЙ ЖОЛЫНА» ЖАҢА ӨРІС АШАДЫ

57-ШІ ҚАДАМ «АБАЙ ЖОЛЫНА» ЖАҢА ӨРІС АШАДЫ

Оқылған 12381 рет

Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне жер шарының батыс бетінен, Америка Құрама Штаттарының Лос-Анджелес қаласынан Ричард Дион деген азамат арнайы келді. Бұл сапардың мақсаты мен мән-маңызы туралы АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің қызметкері Әсият Сүлейменовамен әңгіме болған: мәдени туризмді дамыту мақсатында осы саланың қыр-сырына қанық маманмен ақылдасып, Абай мұрасына ел-жұрттың қызығушылығын арттырудың жай-жапсары бізге тың ой салып, соны жол іздеуге бейімдей берді. Әйтпесе, қазіргі қарбалас заманда көз алдыңдағы шаруадан өзгені танып, білуге ықылас табыла бермейтіні рас. Алайда, мемлекеттік, тіпті қоғамдық қандай да бір өзекті мәселеде болсын, ең алдымен, адам санасы сілкінбейінше, қолға алған істің жемісін жинау екіталай.

Адам факторы...

Қазір Тұңғыш Президентіміз – Елбасының басшылығымен жүзеге асырылған ғаламдық қазақстандық жобалар жұршылыққа жақсы мәлім. Бұл орайда біз әуелі «жемісін теріп», ырыздығын көре бастаған экономикалық реформаларды, тәуелсіз мемлекетіміздің шекарасын айқындауды, Семейдің іргесіндегі ядролық сынақ полигонының жабылуын, сосын, әлбетте жаңа Елорадамыз – Астананы ауызға алар едік.

Осы айтылғанның бәрі де замана көшінің қас-қағым уақытында атқарылған және мақтан етуге әбден лайық табыстар. Әйткенмен, Қазақстанның құтты қадамдары мен толағай табыстары дегенде, ең алдымен біздің жеңістеріміздің авторы – қазақстандықтарды атап айту парыз. Ел игілігін көздеген және осы мақсатқа қызмет ететін шараларды жұмыла көтеріп, абыроймен атқарып отырғандар да солар, біздің өркениет көшіне қосылған отандастарымыз.

Өркениет көші.

Егемен еліміздің «Мәдени саясатының ұзақ мерзімді тұжырымдамасы» халқымыздың өркениет көшіне қосылуында нақты бағдар, таптырмас темірқазық деуге әбден лайық. Бұл кешенді құжат Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына жолдауын орындау мақсатында әзірленген еді. Соған орай мәдени саясаттың арқауы – мемлекет басшысының Қазақстан халқын өзінің бай мәдени мұрасымен және шығармашылық әлеуетімен әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуға үндейтін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы болып табылады. Демек, қазір мұражай ұжымдарының, оның ішінде Абай шырақшыларының да алдында, әсіресе, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту мен мемлекеттік-жекеше әріптестік әлеуетін мейлінше толық пайдалану міндеті тұр және аталған тұжырымдама осы мақсатқа қызмет етеді.

Мәдени саясат тұжырымдамасы.

Ол жан-жақты әрі нақты сипатымен ерекшеленеді. Соған орай онда туризмнің әлемдік экономикада басты рөлдердің бірін атқаратыны атап көрсетілуі заңды. Дүниежүзілік туристік ұйымның дерегіне қарағанда, туризм әлемдік жалпы ұлттық өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестициялардың 11 пайызын, дүниежүзілік өндірістегі 9-шы жұмыс орнын қамтамасыз етеді екен. Туризм, тегінде, Ұлы Жібек жолындағы Ұлы дала елінің экономикасына үш жағынан тиімді: біріншіден, шетел валютасының келуіне, яғни төлем балансы мен жиынтық экспорт секілді көрсеткіштерге жағымды әсер етеді; екіншіден, халықтың еңбекпен қамтылуын көбейтеді, өйткені, туризм экономиканың  32 саласының дамуына тікелей немесе жанама ықпал етеді; үшіншіден, ол республика инфрақұрылымының дамуына көмектеседі.

Ұлы Жібек жолы.

Жүздеген жылдар бойы Қытай мен Еуропаны жалғаған қазақ жері туристік бағыт ретінде әлем жұртшылығына әзірше бейтаныс.  Олай болса, тәуелсіздігіміздің алғашқы жиырма алты жылдығында қол жеткен табыстарды одан әрі баянды етуде мемлекеттік құрылыстың әрбір саласының алар орны ерекше десек, мәдениет саласына да жүктелер жауапкершілік зор. Бүгінде халқымыз басшылыққа алып отырған 5 институттық реформаны орындау үшін қабылданған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 57-қадамы «Туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық әріптестер (зәкірлік) инвесторлар тарту» міндетін алға қояды. Озық елдердің тәжірибесінен үйренудің, әлбетте берері мол. Оның үстіне егемендік жылдары қазақстандықтардың санасында болған сілкіністің де мемлекеттің кемелденуінде жағымды әсері ерекше. Қазір замандастар ұтымды сөзді тыңдауға үйрене бастағандай. Тегінде, бәрі де зейін қойып, тыңдай білуден, сосын естігеніңді түйсіну, саралау мен оны нақты қолға алудан басталса керек.

Санадағы сілкініс.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи-танымдық еңбегінде «біздің санамыздың ісімізден озып жүруінің» қажеттігін атап көрсетті. Шынында да, ең алдымен санада сілкініс болмайынша, шаруадан нәтиже күту екіталай. Осыдан жиырма бес, тіпті он жыл бұрынғы қазақстандықтар мен бүгінгі замандастардың ой-танымы жер мен көктей. Замандастар қазір өзгеге емес, өздеріне ғана сенеді, жақсыдан үйрене отырып, сол үздіктер сапына қосылуға талпынуда. Олар еліміздегі еңбек мәртебесін асыратын қоғам құру жолындағы ұмтылыстың мән-маңызын түйсініп, өз ұрпақтарының тәлім-тәрбиесіне де жете мән бере бастады.

Ұлы ақын айтпақшы, «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес». Жаңаға қызығушылық – алға басудың шарты. Сондықтан АҚШ елшілігінен хабарласқанда өзгерген елдің бір азаматы ретінде біз де бейтаныс қонақпен әңгімеге, өзімізге беймәлімдеу тақырып болса да, дайын едік. Күткен қонағымыздың іргедегі Еуропадан ағылған әріптестерге қарағанда білімі де, ілтипаты да көш ілгері. Өзін емін-еркін ұстайды, оған «оң, әлде сол көзбен» қарасаң да бәрібір, өйткені міндеті айқын.

Ұстанымы берік.

Ричард Дион мырзаның «түлкі бұлаңға» салу, тіпті қаперіне де кірмейтіні байқалды. Сонысымен-ақ ол бізді бірден баурап, мәдени туризмді дамыту жөніндегі алғашқы бірер сағаттық әңгімеден соң, өзіне одақтас етіп алды. Алыстан келген қонағымыз ойпыл-тойпыл орысшасымен-ақ мәдени туризмді дамытуға атсалысуды, осы салаға кәсіпкерлік көзқарасты қалыптастырудың қажеттігін,  сосын, әлбетте оңай табысқа немесе жеңіл ақшаны қалтаға басуға асықпауды баса айтты. Күнделікті күйбеңмен шектелмей, ертеңгі күнге бағдар ұстап, оның нақты жолдарын саралаудың несі теріс!? Сосын, әрине бір немесе бірнеше күнде мақсатқа жетемін деу- парықсыздың еншісі екені белгілі. Тұрақты әрі үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбек қана нақты нәтижеге жеткізеді. Асыл сөзі адамзат өркениетінің алтын қорына қосылған қайталанбас тұлға – Абай мұрасына деген ел-жұрттың қызығушылығын одан әрі арттыру, алыстан, тіпті сонау мұхиттың арғы жағынан арнайы іздеп келген қонақтардың көңілінен шығудың жолдары қайсы? Міндетімізді тағы бір саралап алып, нақты қадам жасаудың қажеттігі түсінікті еді.

57-ші қадам.

Бұл үшін, өзіміз иланған игілікті іске  семейлік барша әріптестердің де көзін жеткізіп, оларды өзара мүдделі әріптес ете білу керек. Алғашқы семинар Абай музейінде өтті: оған қаладағы музейлердің қызметкерлері, туристік компаниялардың өкілдері, кәсіпкерлер шақырылды. Бірақ, осы соңғылары, яғни туризмнің «сауын сиырын» өсіруге мейлінше мүдделі деген бизнес майталмандарының ықыласы жетімсіз екені көзге ұрып тұрды. Шындығында туризмді дамытудан түсетін пайданың негізгі бөлігі, яғни жіліктің майлы басы кәсіпкерлердің қолына тиетіні белгілі. Себебі, мәдениет орындарына келетіндер, әдетте билет қана алады, ал қонақ үйлері мен қоғамдық тамақтандыру орындарының, яғни сауда мен қызмет көрсету салаларының қазандарының ауыздары қашанда  жоғары. Мәдени туризм кемесінің желі оңынан тұрған сайын олардың қызметтері мен тауарларын тұтынушылар да көбейе түспек. Сондықтан бірінші кездесу барысында ортақ әрі мүдделі іске көңіл қойған кәсіпкерлермен екінші семинар-тренинг Семей қаласының кәсіпкерлер палатасында жалғасты.

Өзара әріптестік.

Жалпы мүдделі жақтардың өзара кездесіп, кеңесуі әріптестердің қай-қайсысы үшін де тиімді. Бұл жағынан кәсіпкерлер палатасындағы бас қосудың да ортақ істің алға басуына қолғабыс екені анық. Өзара жұмыс тобын құру, ағылшын тілінде әлем жұртшылығы таныса алатындай сайт ашу, жарнамалық материалдар шығару, сыйкәделер әзірлеу нысаналы жұмыстың бастамасы ғана. Әйтеуір, Ричард мырза айтпақшы, «арабтың шейһына галстук сыйлаған»  бизнесменнің күлкілі хәлін басқа бермесін. Теңіздің тамшыдан құралатыны секілді, біздің ертеңгі табыстарымыз алда тұрған міндеттерді орындау жолындағы аз да болса, нақты өзгерістердің нәтижесі болмақ.

Музей ісінің реформасы.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде 2016 жылғы сәуірде еліміздің мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қорық-музейлердің де туристік әлеуетін дамыту мәселесіне ерекше назар аударып, нақты міндеттер қойған еді. Мәселен, бұдан былай музей ісін реформалау шеңберінде 2020 жылға дейін оның функцияларын мәдени-ағартушылық және имидж орталықтарына шейін кеңейту, сондай-ақ ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, тарихи ғылыммен, археологиямен, реставрациялаумен, өнертанумен, этнографиямен өзара бірлесе іс-қимыл жасау талап етіледі. Мұның сыртында, күнделікті шешімін күткен, ағымдағы міндеттер де толып жатыр. Демек, музейдің қалыпты қызметін қамтамасыз етудің тетіктері болып табылатын өз міндеттерімізді жан-жақты саралап алып, оларды шешудің түйінін біртіндеп тарқата бастау керек.

Адамзаттың Абайы.

Ұлы Мұқағали ақын «Семей десе, Абай деп қарайды адам» демекші, қазір иісі алаш баласы Құнанбайдың Ибраһимін мақтан етеді. Сондықтан жас ұрпақтың бойында Ұлы ақынға деген құрмет сезімін сіңіру мақсатындағы мәдени-насихаттық шаралар өткізу музей ұжымының тұрақты назарында. Мәселен, былтыр Елордада «ЭКСПО» көрмесі ауқымында Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ашылған «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» көрмесі одан әрі Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде жұртшылықпен жүздесті. Бұған қоса Абай атындағы Ұлттық Педагогикалық университетінде тұсауы кесілген «Абай жолы» алашты паш еткен әлемге» көрмесі кейін Алматының Ұлттық кітапханасы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, Қазақ сәулет-құрылыс академиясында жалғасты.

Ұлылар мекені.

Еліміздің Шығысына келген шетелдіктер мен отандастарымыздың Абай елімен танысуды ақын шаңырағынан бастауы ғанибет. Біздің осы тұрғыдағы өтініш-хатымызды Семей қаласының әкімдігі қолдап, Білім және ғылым министрлігінің басшылығы да үздік студенттерді Абайдың асыл мұрасымен, туған жерімен таныстыру туралы ұсынысымызды іліп ала жөнелді. Ал, Абай музейінің Семейдегі Бас мұражайына келушілер ақпараттық киоскілердің қызметін пайдалана отырып, Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы және Абай музейінің сан-салалы жұмысы туралы мол мағлұмат ала алады.

Алда – 175 жылдық.

Осынау мерейтой жауапкершілігін Темірқазық ретінде ұстана отырып, барлық жұмыс сол биік талап тұрғысынан атқарылуда. Ең алдымен, музей қазір жексенбі күні де келушілерге есігін айқара ашып,  кесте бойынша демалыс күндері жұмыс жасай бастады. Соған орай экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің келушілермен жұмысы оңтайлы болуы үшін оларға кіреберіске жақын, яғни келушілердің иек астынан жаңадан кабинет жабдықталды. Асыл мұраны жинау мен сақтауға арналған қор жаңа орынға көшірілді; музей аумағындағы бос тұрған Ахмет Риза мешітінде «Абай» өнер мектебі ашылып, ақындар, мәнерлеп оқушылар, тоғызқұмалақшылар мен дойбышылар жеке әрі қолайлы ғимаратқа ие болды. Мұнда өткен 2017 жылы ғана 70-тен астам сабақ өткен.

Бұған қоса тағы бір бос тұрған залда, ұлы композитор Ахмет Жұбанов сонау 1953 жылы аманат еткеніндей, «Абайдың ән-күй мұрасы» экспозициясы жабдықталып, музей қорындағы бірқатар құнды жәдігерлермен қоса Абай мен Шәкәрім әндерін орындаушылар Ахат Шәкәрімұлы мен Шәкір Әбеновтің шапандары, Мәдениет Ешекеевтің костюмі және Тұрсынғазы Рахимов пен Келденбай Өлмесековтің шапандары экспозицияға қойылды. Музейдің сыйлықтар залының орнына Абай заманынан жеткен этнографиялық жәдігерлер көрмесі ашылды.

Елбасының ұлттың рухани жаңғыруын арқау еткен мақаласында «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері ғасырлар қайнауынан жеткен бабалар үні» деп, халқымыздың ұлы тұлғаларын ерекше ардақ тұтады. Ұлы даланың асыл мұрасына қамқорлық, әсілі Елбасының берік ұстанымы екені мәлім. Осыдан жиырма үш жыл бұрын Абай Құнанбайұлының 150 жылдық тойында Ұлы ақын музейіне сыйлаған тағзым кітабына Елбасы жазған «Абай арманы орындалып, халқымыз бақытқа жетсін!» деген ұлағатты сөз музейде жаңа экспозиция залын ашуда басшылыққа алынды. Сөйтіп тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап «Абай арманы экспозициялық залы жабдықталып, онда Елбасына халық ақыны Шәкір Әбеновтың ақ батасынан бастап, Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 25 жылдығы, Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы, Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығына орай алаш қайраткерлері мен аталмыш оқиғалар көрініс тапса, былтыр Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің 100 жылдығы және Мұхтар Әуезовтің – 120, Әсет Найманбайұлының – 150 жылдығы паш етілді.

Сонымен қатар музей аумағына биіктігі 1 метрлік 44 шырша, Шыңғыстаудағы Қарашоқыдан әкелінген 12 қайың отырғызылды және Зере мен Ұлжан аналар туралы мағлұмат беретін ақпарттық тақта қою арқылы, «Абай аналары» аллеясы жайқалып өсіп келеді. Жидебайдағы Қызмет көрсету орталығы тиісті мемлекеттік мекемелер арқылы кәсіпкерлерге конкурс негізінде сенімдік басқаруға беріліп, келушілерге қызмет көрсету сапасы жақсарды. Осындай мүмкіндік тарихи ескерткіш – Кеңгірбай би рухына табынушылар үшін де ескерілді. Оспан көлінде демалушылар үшін ұйымдастыру жұмыстары қолға алынды. Тегінде, Би атаның кесенесі де, Оспан көл де қорықтың аумағында орналасқан, бірақ киелі жер мен шипалы көлге адамдардың баруына тосқауыл қою қисынсыз болар еді.

Қат-қабат жұмыс.

«Абай» журналының Абай Құнанбайұлына, Алаштың – 100, Мұхтар Әуезовтің – 120 және Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына орайластырылған арнаулы шығарылымдары, Түркістан мен Астанада «Ұлы дала елінің Ұлы ақыны» көрмелері, «Қайымның Астана сапары» ұйымдастырылып, Қазақстан суретшілерінің симпозиумы өткізілді.  

Өткен 2017-ші жылы мерейтойлық шаралар ауқымында біздің кәсіпорын құрамындағы «Алаш арыстары – М.Әуезов» және Әсет Найманбайұлының мұражайларында ағымдағы жөндеумен қатар реэкспозиция жұмыстары жүзеге асырылды. Биыл кемеңгер ақын Шәкәрім қажының 160 жылдық мерейтойына орай музей ұжымының жылдық жоспарының бірінші бөлімі осы айтулы оқиғаға арналып, жиырмаға жуық насихаттық-бұқаралық шаралар ұйымдастыру көзделіп отыр. Мәселен, Шәкәрім жылы қарсаңында өткен жылдың 14 желтоқсанында «Шәкәрім.kz» сайты ашылып, Ұлы ақын мұрасымен алыс-жақындағы ағайынның үйде отырып-ақ танысуына мүмкіндік туғызылды. Ал, жыл басында «Әрқашан ұмытылмасқа. Шәкәрім Құдайбердіұлы» экспозициясы көрермендерін қабылдай бастады. Алда республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция және дәстүрлі суретшілер симпозиумы өткізіледі. Бұған қоса Шәкәрімнің саят қорасына ескерткіш белгі қойылып, Жидебайдағы осы аттас экспозиция ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ол қайта құрылымдалатын болады.

Семейдегі бас мұражай кешені мен Абай ауданындағы Жидебай, Бөрілі бөлімдері, сондай-ақ Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымында жақын жылдарда түбегейлі көріктендіру жұмыстары жүргізілуі қажет. Осыны ескере отырып кәсіпорын бойынша құрылыс жұмыстарына тиісті мекемелер арқылы түгелдей дерлік есептемелер жасалды. Демек ағымдағы жұмыс арасында басты мақсаттан айнымай, әрбір қадам басқан сайын оған жақындай түсу қажет. Сонда ғана өз алдымыздағы көздеген межеге жету мүмкін болмақ. Бұл арада ең бастысы, тарихи ескерткіштер мен жәуһар жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтау, олардың өмір жасын ұзарту үшін жәдігерлерді қайта қалпына келтіру, яғни реставрация жұмыстарымен қатар ғылыми зерттеулерді  жандандыру арқылы музей экспозициясын мейлінше деректі әрі шынайы қалыптастырып, келушілерге қызмет көрсетудің деңгейін айтарлықтай көтеру қажет. Мақсат – ойдан-ой қозғап, қолға алған қыруар істің орындалуына күш салуға келіп саяды.  

 

Болат Жүнісбеков,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

мемлекеттік қорық-музейінің директоры


 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.