ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

АБАЙ ЖӘНЕ БІЗ

Оқылған 14671 рет

1913 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» мақаласында: «…Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр тиетіні рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда, айып жазушыда емес, оқушыда», – деген жолдар бар. Әрине, хакім Абайды түсіну өз замандастарына оңай болмаған. Күллі қазақтың бет түзейтін құбыласына айналған ақын ұлағатын біз бүгін қалай түсініп жүрміз?

Абайды тануға ұмтылуымыз бен түсінуге тырысуымыздың соңы кейде «Абай орысшыл болған» деген секілді даулы мәселеге ұласып кететіні неліктен?Бұл дауға себепші болған ақынның жиырма бесінші қара сөзіндегі: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор» деген сөзіне сонша шүйліккендер, неге одан әріде айтқан «Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды», – деген ойының астарына үңіліп көрмейді екен деген ой туады. Тіл білмегеннен жіберіп жүрген есеміз бүгін де аз емес екенін ескерсек, Абайдың айтпағы орысшылдыққа шақыру емес, өзгенің тілі мен өнерін игеріп, есеңді түгенде, ешкімнен кем болма дегенге саятынын аңғаруға болатындай. Шәкәрімнің Абай туралы: «…бұл Данышпан, Ғұлама, Философ еді. Қор елде туды да, қор болып өтті», – деуі де осы империялық ұлттардың алдында есеміздің кеткенін, еңсеміздің түскенін аңғартпай ма? Хош, бұл кешегі қазақтың жайы. Ал бүгінгі тәуелсіз қазақтың есесі түгел, еңсесі тік деп айта аламыз ба? Бүгінгі қазақ пен Абай сынаған кешегі қазақтың қандай өзгешеліктері мен ұқсастықтары бар? Ұлы ақын туралы сөз қозғағанда, көңіл қоздататын түрлі сауалдарымызға бүгін жауап іздеп көрдік.

 

– Абай сынаған кешегі қазақ пен бүгінгі қазақтың арасынан қандай өзгешелік байқайсыз? Біз бүгін Абайға қаншалықты жақындадық немесе Абайдан қаншалықты алыстадық?

 

 Мекемтас МЫРЗАХМЕТҮЛЫ,

 ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық

 Түрік еліне қызмет сыйының иегері, профессор:

 – Әдебиетші-ғалым В.Г. Куницин: «…XX век чудовищно   засорил не только биосферу земли, то что гораздо опаснее –   духовное поле земли», – деген екен. Расында бұрын   монолитті тұтас қалыпта болған халқымыздың рухани әлемі   XX ғасырдан ертерек, отарландыру саясаты арқылы ластана   бастады. Отаршылдық саясат қазақ халқын бағындыру үшін   небір қитұрқы тәсілдер ойлап тапты. Соның ішінде бір-біріне   айдап салу, билікке таластыру, парақорлық пен   жалақорлықты өрістету және басқалары бар. Мұның бәрі   халқымыздың табиғи болмысын бұзып, рухани әлемін саналы түрде ыдыратты. Отаршылдық қысымнан мінез-құлқы бұзылған халқымызды Абай өзінің толық адам ілімі негізінде тәрбиелеуге тырысты. Бірақ саяси ойынның құрбанына айналған қалың жұртын құрылған қақпаннан аман алып қала алмады деп «мыңмен жалғыз алысқан» абыз ақынға қалай кінә қоясың? Бүгінгі күні қазақ саяси тәуелсіздік алғанымен, біз әлі толық құлдық психологиядан арыла қойған жоқпыз. СОКП ОК 1949 жылы космополитизм туралы аса зарарлы идеялық мақсатты көздеген қаулы шығарды. Көп ұлтты қызыл империя ұлттардың тарихи жады мен тарихи санасын жою арқылы оларды бір халыққа, яғни совет халқына, орыстанған халыққа айналдыру мақсатын ұстанды. Басқа республикаларға қарағанда Қазақстанда космополитизм туралы қаулының әсері басымырақ болып, рухани әлемімізді әлсіреттік. Ада қазақтар мен шала қазақтардың үлесін орыстандыру саясаты арқылы молықтырып алдық. Өйткені, әлем таныған неміс философы Гегель: «…пренебрежающие родным языком люди, это трехкратные убийцы своей нации», – деп жазуы қаны шыққан ащы шындықтың дәл өзі. Біздің қоғам осы проблемадан әлі күнге арыла алмай келеді. Өйткені, ада қазақтар мен шала қазақтардың оңалуына уақыт керек секілді.

Ресей түрік тілді халықтарды жаулап алған соң, олардың қалыптасқан дәстүрлі ел билеу жүйесін түгелдей жойып, отаршыл империяның ел билеу жүйесіне түсіру мақсатында мейлінше кертартпа бағыттағы реформаларды аспай-саспай біртіндеп жүзеге асыру арқылы ол халықтардың тұрмыстық салт-дәстүріне, рухани әлеміне қатты қысым жасады. Әсіресе, ұлан-ғайыр алып даланы жайлаған қазақ пен ноғайға айрықша қатыгездік көрсетті.

Қазақ, ноғай халқын жер бетінен жою мақсаты жайында орыстың саяси элитасы 1876 жылы саналы түрде бір пікірге келді деп 1916 жылы Сырдария генерал-губернаторы Куропаткин өз күнделігінде мәлімдейтіні бар. Осы идеяны жүзеге асыру мақсатында отарланған қазақ елін, тұрмыс жағдайы мен рухани әлеміне, ел билеу жүйесіне өзгерту ендіру мақсатында арнайы ғылыми зерттеу жұмыстарын ұзақ жылдар бойы жүргізу арқылы ел билеуші атқамінерлерді ішке тартып, үркітпей ұстау саясатын тікелей қолға алу әрекетіне кірісті.

Қазақтар үшін ел билеудің «Ұзын арқау, кең тұсау» деп аталатын үлгісін орнықтырды. Бұл билік түрі 1822 жылдан 1867 жылға дейін созылды. Яғни 45 жыл мерзімге созылды. Батыс Қазақстанда билік тұтқасын сұлтан правительдер, яғни ең сенімді төрелер ұстады. Ал орта жүзде аға сұлтандар әуелгі кезде төрелерден қойылып, Кенесары көтерілісінен кейін билікке қара қазақтар келе бастады. Ал ұлы жүз қазақтары Қоқан хандығына бағынуы себепті ел билеу тізгінін ірі ру басы – датқалар ұстады, яғни рулық жүйе негізге алынды.

Біртұтас қазақ жері үшке бөлініп, арақатынасқа тұсау түскендіктен, қазақ әдебиетінің өзі де үш бағытқа ыдырай бастады. XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Кіші жүз ақындары поэзиясында сұлтан правитель образдары сомдала бастады (мысалы, Махамбет бастаған ақындар тобы), орта жүз ақындар поэзиясында аға сұлтан образын Дулат ақын бастаған ақындар тобы әдебиетке әкелді. Ал Ұлы жүз ақындары (Сүйінбай бастаған саңлақ ақындар) поэзиясы датқалар образын жасауы – қазақ әдебиеті тарихында үш түрлі әдебиет ағымы болғанын айғақтап тұр.

Қазақтың тұрмыстық болмысы мен салт-санасын, қалыптасқан ұлттық дәстүрі мен отбасы тәрбиесін, рухани әлемін 45 жылдай жете зерттеп, танып-біліп, ел билеу жүйесінде қазақ билігін ауылдық болыстық шеңберден асырмай ұстауға ерекше мән берілді. «Жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыру» жүйесін жүзеге асыру мәселесінде сексеуіл болмысынан туындайтын зұлымдық тәсілін қолдану арқылы жүзеге асыруды саяси мақсат ретінде қолға алды. Бұл амал-айланың бастамасы Екатерина ІІ-нің Орынбор генерал губернаторына: «… организуйте и проследуйте, кто стоит во главе киргиз-кайсаков и их родовой знати, никогда не было мира. Их все время наталкивайте против друг другу и чтобы они постоянно грызились, что очень выгодно будет нам», – деп жазған қызмет хатында жатыр. Осы зұлымдық идеяны Батыс Сібір генерал-губернаторы Сперанский одан ары жалғастырды. Қазақ жерінде сексеуіл деген ағаш өседі екен. Оған шеге қақсаң кірмейді, балтамен ұрсаң жарылмайды, ал сексеуілді өзіне-өзін ұрсаң, быт-шыты шығады екен. Осы тәсілді қазақтарға қолданайық деп ұсыныс береді. Осы сексеуіл тәсілін Ресей империясының патшасы қолдап, жүзеге асыра бастады. Осы ұсынысқа ең әуелі Түлкібас ауданындағы Майлыкент болысы саяси полигон ретінде таңдалып алынды. Сырдария генерал-губернаторы, ұлты неміс Гродековтың тікелей бақылап басқаруымен ел билеудің болыстық жүйесі тәжірибе үшін сынақтан өткізілді. Сынақтың нәтижесі күткен деңгейден асып түсті. Бұған Ресей империясының саяси элитасы төбесі көкке жеткендей қуанысты. Майлыкент болысы екі мыңға таяу отбасынан міндетті түрде әр ауыл, әр түрлі он екі рудан құралуы – бұл отаршылдар үшін саяси қажеттілікке айналды. Әр рудан құралған он екі ауыл төрт ауылнайға бөлініп, оған төрт ауылнай, төрт би сайланды. Он екі ауылдан болысты сайлауға ақ, қара шар тастап, болысты сайлау үшін елу үйден бір елубасы сайланды. Олардың саны қырыққа таяу болды. Әр он үйден бір онбасы сайланып, олардың саны екі жүзге таянды. Олардың мақсаты – ауыл мен ауылдың ішінде партиягершілік талас-тартыстың өртін өршітіп, қоздыру болатын. Жалпы, болыстық лауазымға болысты сайлау үшін, ол үшін таласқа түсетін екі жүз елудей қызмет орнына жан сала таласу – руды руға, бар қазақты бір-біріне айдап салу арқылы қазақтың рулық береке-бірлігін аяусыз бұзып, қазақ атаулының мінез-құлқының бұзылуына алып келді.

Өзі он сегіз жыл болыс болып, болыстық биліктің саяси ішкі сырына көз жеткізген Абай ақ патшаға болысты сайлау елді бұзды, болысты генерал-губернатор назначение арқылы тағайындасын деп арызданса да, арызды жауапсыз қалдырды. Қайта Ресей империясының қазақтарды шоқындырып, орыстандыру саясаты 1865 жылы «Обрусительная палата» ашып миссионерлік саясатын мемлекеттік саясат деңгейіне көтеріп, бұл әрекет үшін қаржыны да аямай төгуінде өте терең зымияндық сыр жатты. Ел билеу жүйесін болыстық сайлау түрінде жүзеге асқан тұста миссионерліктің қатар жүргізілуінде жай адам сезіне бермейтін астарлы сыр да жататын.

Билік үшін таласып мінез-құлқы бұзылған қазақтың кеселіне Абайдың ұсынар рухани емі – «толық адам» ілімі болатын. Осы рухани ілім арқылы әр қазақты рухани жағынан жаңғыртып ар тезіне салуға ұмтылған Абайдың рухани қайғысының таңбасы:

Ыза шығар ғылымнан,

Қайғы шығар ілімнен.

Ызы мен қайғы қысқан соң,

Зар шығады тілімнен, –

дейтін халқына жаны ашудан туған ішкі рухани дерті – көз алдында өз-өзімен итше таласып, мінез-құлқы бұзылып, азып бара жатқан қазағын:

Таласып босқа,

Жау болып досқа,

Қор болып құрып барасың…

Өтірік, арыз толды ғой,

Өкінер уақытың болды ғой.

Қор болып құрып барасың…

Малыңды жауға,

Басыңды дауға,

Қор қылма, қорға татулас… –

деген Абайдың улы дертінен туындаған жан айқайы менмұндалап тұр емес пе?! Бірақ қайыру бермеген қазақ қауымының саясат шалғысына түсіп қор болған қылығына әрі күйініп, әрі қайғырып, әрі ызаланып тудырған ойшыл да сыншыл ақынның саяси-әлеуметтік мазмұндағы сатиралық лирикасының сол дәуірдің отаршылдық бодандық шындығын терең танып-білуден туған табиғатын енді ғана түсініп ұға алудамыз.

 

 Жанғара ДӘДЕБАЕВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық

университеті жанындағы

Абай институтының директоры:

– Кешегі қазаққа тән ерекшеліктер Абайдың шығармашылығында жеткілікті ашылған. Турасын айтқанда, кешегі қазақ пен бүгінгі қазақ екі бөлек қазақ емес, екеуі – бір қазақ.

Біздің Абайға жақындығымыз бен қашықтығымызды өлшейтін өлшем құралы жоқ. Дегенмен, Абайдың заманынан бері ел жаңарды, бірнеше рет жаңғырды.

Тәуелсіз мемлекет құрдық. Егемен ел болдық. Заман да жақсарды, адам да жақсарды. Абай заманындағы жұрттың көбі сауатсыз болса, бүгінде жұрттың бәрі сауатты, көпшілігі жоғары білімді. Мемлекетгік басқарудың барлық салалары бойынша білікті мамандар өсіп жетілді. Қала мәдениеті шырқау биікке көтірілді, т.б. Осының бәрі Абай заманы мен біздің заманымыз арасында, Абайдың замандастары мен біздің замандастарымыз арасында жер мен көктей айырмашылық барын білдіреді. Соған қарамастан Абайға жақындаған адамды кездестіру қиын.

Абай – даналыққа жеткен жан. Абайға жақындау дегеніңіз даналыққа жақындау туралы оймен ұштасатыны рас. Алайда, жеке бір тұлғалардың даналыққа жетуі мүмкін болғанымен, Абайға жақындауы мүмкін емес-ау деймін. Абайға жақындау оңай емес. Абайдың адам болам деген жан асық болар бес асыл ісі бар: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым… Мектеп партасынан таныс, күнде естіп, күнде айтып жүргендей сөздер, белгілі ұғымдар. Солай десек те осы бес асыл біздің біріміздің бойымызда бірдей бар ма? Осы бес асылға біздің бәріміз бірдей асықпыз ба? Бұлардың әрқайсысының өлшеуі бар. Өлшеуінен асса, асыл болудан қалады. Осы өлшеуді біздің бәріміз сақтап жүрміз бе? Бес дұшпанға келейік: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ. Осы бес дұшпаннан біздің бәріміз адамыз ба?

Бес асылға асық болып, бес дұшпаннан қашық жүрген адам ғана Абайға жақындай алады-ау деп ойлаймын.

Абайдан қаншалықты алыстадық деген сұраққа келсек, осы сұрақтың өзі метафоралық сұраққа ұқсайды. Біз Абайдан алыс тұрған сияқтымыз. Бірақ бұл алыстық қашықтаудан болған алыстық емес, жақындауымыздың тым баяулығынан болған қашықтық па деймін. Келер ұрпақ осы қашықтықты қысқартатын болар деп үміт етемін.

– Алғаш Абай өлеңіне А. Байтұрсынұлы: «Сөзі аз, мағынасы көп, терең» деп баға берген. Расында да, Абай ойының тереңіне бір оқығаннан бойлау, айтпағын бірден дөп түсіну қиын. Абайды өз заманында қалай түсініп еді, ал біз бүгін қалай түсініп жүрміз?

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ:

– Бүгінде Абайдың дүниетанымы мен саяси әлеуметтік болмысының табиғатын атеистік, материалистік, кеңестік тоталитарлық идеология тұрғысынан танытып келген жалған танымды жалған көзқарас деп ұғына бастадық.

Бүкіл дүниетанымымыз енді кванттық физиктер ұсынған «Ұлы Сана» жолына түспей тұра алмайтын заман келді. Енді бұрынғы қоғамдық ғылымдар атаулының бәрі де терең дағдарысқа ұшырады. Осы дағдарысқа абайтану саласы да ұшырап отыр. Сондықтан абайтанудың барлық саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары жаңа дүниетаным тұрғысынан жүргізілуі керек. Сөйтіп, бүкіл оқу орындарындағы тәлім-тәрбие беретін оқулықтар Абайдың «Толық адам» ілімі негізінде қайта жазылуы тиіс. Бұл – рухани қажеттілік. Біз сонда ғана ұрпағымызға дәстүрлі тәрбие бере аламыз. Көп елдердің тәжірибесі солай.

Иран Ислам республикасында ЖОО-ның барлық факультеттерінде Иран тарихы мен әдебиеті арнайы пән ретінде оқылуда. Мен Қазақстандағы Иран елшілігіндегі мамандармен пікірлескенде:

– Сіздер біз сияқты бодандыққа ұрынып, орыстандыру саясатын бастан кешпедініздер, әрі дәстүрлі діндерің қаз-қалпында. Ал біз болсақ атеистік, материалистік дүниетанымға шырмалдық. Сіздер неден сескенесіздер? – деп сұрадым.

– Қазір әлемде жаһандану процесі жүріп жатыр. Олардың танымдары мен азғындаған рухани мәдениеті студенттердің санасына, жүрегіне әсер етуде. Осы қоғамдық жат тұмаудан бала-шағамызды сақтау үшін, өзіміздің ұлттық дәстүрмен жазылған тарих пен әдебиетті бүкіл оқу орындарында оқытуды қолға алуымыздың себебі осында жатыр, – деп маған сынай қарады. Мен ойланып қалдым… Бұл мәселе Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің ойы түгіл, түсіне де енбей тұр. Бұл жаңа ұлттық идеологиялық жұмысты қажетсінуде. Осы мәселеге мән бермеуден тағы да ұтылудамыз. Сол себепті, бұл айтылған кемшіліктен арылу үшін алдын ала Абайдың «Толық адам» ілімінің ең болмаса оқулықтары, хрестоматиясы оқытылуға тиіс қысқаша арнаулы библиографиясы, бағдарламасы даярланып, жақсы сапада басып шығару, оқу орындарына тезірек қамтамасыз ету әрекетін қызу қолға алу қажеттігі туындауда. Бұл мәселені Білім және ғылым министрлігі әлі де сезе алмай ұйқылы-ояу күйінде отыр. Білсе, Астанадан Абайтану ғылыми-зерттеу институтын ашуға ара түсіп, жанашырлық әрекет етер еді ғой. Бүкіл батыс Европа, Америка, Ресей, Қытай да жуық арада жаңа дүниетаным жолына түсе алмайды. Себебі, бес ғасыр бойы бұл аталған елдер дүниетанымы ой-санада затшылдық, құдайсыздық ұғым терең сіңіп, стереотиптік кертартпа санаға айналып кетуі үлкен күрделі кедергі болып отыр. Ол үшін қазіргі ұрпақ түгел өмірден өткен соң, өмірге келетін жаңа буын жас ұрпақ қана дүниетанымдық өзгерісті сезіне алса ғана, ой-сана, дүниетаным бетін бері қарай бұра алмақ.

Түрік тілді халықтар 49 ұлттан тұратын монолитті қалпын бұзып алды. Олардың 27-сі Ресейдің миссионерлік саясатының құрбандығына шалынып кетті. Қалған 22-сінің, оның ішінде қазақтардың тағдыры қалай болады екен деген ой әркімді де мазалайтыны шындық. Бірақ түрік халықтары қаншалықты тоталитарлық идеологияның қысымына түссе де, ұлттық санасы мен ұлттық дәстүрін ата-баба салтынан, тілінен, дінінен қол үзген емес. Сол себепті, тәуелсіздік жолындағы алты түрік тәуелсіз мемлекеті мен Ресей қол астындағы он бесі, Қытай жерінде біреуі, яғни ұйғырлар жаңа дүниетаным жағына жуық арада тез оралатын халықтар деуге рухани негіз бар. Ал бұл топқа ертерек шоқынып, орыстанып кеткен түрік тілді халықтардың (шұбаш, сақа, туба, т.б.) оралуы славян халықтарымен тағдырлас, орайлас болар деп қараймыз… Қазақтардың жаңа дүниетанымға тезірек оралуына оның халықтық рухани қазына көздері мен Абай, Шәкәрім, Мағжан сияқты саңлақтардың әдеби мұрасы мен олардың дүниетанымы әуелден-ақ жаңа дүниетанымға орайлас болып жатуы себепті, олардың әдеби мұрасында көрініс берген дүниетанымын, көзқарасын ғылыми тұрғыдан терең зерттеп ашып беруі арқылы да халқымызды жаңа дүниетанымға тезірек оралуына басты жол бастар рухани күшке айналуы қоғамдық ой-санада жаңаша рухани бетбұрысқа айналмақ.

Жанғара ДӘДЕБАЕВ:

– Абайды өз заманы, өз замандастары қалай түсінгені Абайдың сөзінде көрініп тұр. Абайдың өз заманы дегенде, сол заманның әлеуметтік сипатын ескерген дұрыс. Ақын шығармаларының өзекті арнасы – тәуелсіз мемлекеті, мемлекеттік басқару аппараты жоқ, бодандық ноқтасындағы елдің жағдайы мен ердің жайы. Осындай жағдайдағы ел мен осындай жайдағы ер Абайды қалай түсінуі керек еді…

Абайды түсіну үшін Абайды тыңдау керек. Абайдың өз заманында тыңдаушылары аз болған жоқ. Ақынның шығармашылығында тыңдаушы тұлғасы жеке категория деңгейінде пайымдалған. Бұл – арнайы зерттеуді қажет ететін үлкен мәселелердің бірі. Абай тыңдаушысы қанша көп болғанмен, сөз ұғарлық кісінің кем екендігін айтады, елден сөзді ұғарлық бозбала іздеп, үзілмес үмітпенен бос қуарған қалпынан хабар береді. Аузымен орақ оратын, өз сөзінен басқаны ұқпайтын, ұққысы келмейтін әлеуметтік топтың мінін көрсетеді. «Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?» – деп сұрақ қойып, оның жауабын сол сұрақтың өзегінде қалдырады.

Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық,

Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.

Осы күнде, осы елде дәнеме жоқ

Мейір қанып, мәз болып қуанарлық, –

дегенде, ақын бодандық ноқтасындағы ел мен ердің басындағы әлеуметтік күйді танудан туған күйінішін білдірген.

Ақын өз заманында сөз ұғарлық саналы жан таппаса, ақынды өз заманының адамдары «түсінді» деп айтудың жөні жоқ сияқты. Әйтсе де, Абайды өз заманында ешкім «түсінбеді», «ұқпады» деуден абай болу керек. Абайды өз заманында тыңдағандар, дұрыс түсінгендер болды, бірақ тыңдап, түсінгенін өзінің күнделікті тіршілігінде ұстанып, қолданғандар жоққа жуық еді. Абайдың насихатын тыңдау, түсіну, қабыл алу, күнделікті тіршілікте қолдану тәуелсіз мемлекеті жоқ, басы бодандық ноқтасында тұрған ел жағдайында мүмкін емес-ті.

Абайды бүгінде біздің қалай түсініп жүргеніміз туралы айтқанда, «біз» ұғымын, ең болмағанда, мамандар деңгейінде саралап алуымыз қажет. Біз ұғымының аясында мамандардың бірнеше әлеуметтік тобы бар: а) Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер; ә) Абайдың шығармашылық мұрасын бастырушылар; б) Абайдың шығармаларын басқа тілдерге аударушылар; в) Абайдың өмірі мен шығармашылығын білім беру мекемелерінде оқытушылар; г) жаратылыстану-математика бағытындағы ғылым салаларының мамандары; д) қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы ғылым салаларының мамандары; е) білім беру мекемелерінде орыс, ағылшын тілдерінде білім алған, қазақ тілінде әдеби, ғылыми стильде жазылған шығармаларды жете түсіне алмайтын мамандар, т.б.

Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеушілердің Абайды түсінуі қанағаттанарлық деңгейде деп болжаймын. Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеушілердің Абайды түсінуі қанағаттанарлық, қанағат тұтарлық болуы жалпы қоғам үшін ортақ көрсеткіш емес. Білім беру мекемелерінде орыс, ағылшын тілдерінде білім алған, қазақ тілінде әдеби, ғылыми стильдегі шығармаларды жете түсіне алмайтын мамандардың Абайды түсінуі қанағаттанарлық, қанағат тұтарлық деп айтуға келмейді. Бұл топтағы мамандардың қоғамда алатын үлес салмағы едәуір.

Еуропаның Гетесі, орыстың Пушкині, қырғыздың Тоқтағұлы мен өзбектің Науаиі секілді әр ұлттың төлқұжаты іспеттес тұлғалары бар. Ал қазақтың төлқұжаты – Абай. Қазақ пен Абай егіз ұғым. Яғни қазақты тану үшін алдымен Абайды тану керек. Біз бүгін хәкім Абайды қаншалықты тани алдық?

Жанғара ДӘДЕБАЕВ:

– Кісі басқаны тану үшін алдымен өзін-өзі тануы шарт. Абай: «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла», – дегенде, осыны ескерген. Абайдың 1957 жылы жарық көрген екі томдық толық жинағында (жалпы редакциясын басқарған М.О. Әуезов) «Жүрегіңнің» болып берілген осы сөз кейінгі басылымдарда «Жүрегімнің» болып жүр. Біз М.О. Әуезов редакциясындағы «Жүрегіңнің» дегенді дұрыс көреміз. Өзгені танығысы келген кісінің алдымен өзін-өзі тануы – Абай іліміндегі іргелі қағида. Өзін-өзі тануға әлі жетпеген жан өзгені тани алмайды. Өзін-өзі таныған жан өзгені де танитын болады.

Осы бір сөздің деңгейінде Абайды түсінудегі «түсініспеушілік» белгісі байқалады. Жекелеген сөз, сөз тіркесі деңгейіндегі мұндай әркелкілік әлі толық бір ізге түсіріліп, тұрақтанған емес. Абайдың ілімі жайында айтып жүрміз. Бірақ Абайдың ілімінің құрылым-жүйесінің моделі осы күнге дейін жасалған жоқ. Бұл – жалпытеориялық деңгейдегі өзекті мәселе. Осы бір мысалдың өзі абайтану ғылымында әлі танылып болмаған жекелеген сөз деңгейіндегі мәселелер де, жалпы теориялық мәселелер де барын аңғартады. Бүгінге дейін Абайды тану саласында айтарлықтай ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Абайтану ғылым саласы және оқу пәні ретінде қалыптасты. Абайтану ғылымы өз дамуының жаңа кезеңіне асты. Бұл кезеңнің зерттеулері абайтану ғылымының жаңа міндеттерін қойып отыр. Абайтану ғылым саласы ретінде қалыптасты, өз дамуының жаңа кезеңіне асты дедік. Ғылым саласы ұдайы ізденіс жағдайында ұдайы даму үстінде болады. Ұдайы даму үстіндегі ғылымды танудың кезеңдері таусылмақ емес. Абайды тану үшін Абайды тануға қажетті жағдай жасау қажет. Абайтану ғылымы саласында қол жеткен жетістіктерді жинақтап, көпшіліктің пайдалануына ұсыну – Абайды тануға қажетті жағдай жасаудың басты бір жолы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында «Қазақстан – 2050» Мемлекеттік стратегиясына сәйкес абайтану саласында ғалымдардың талай буынының тәжірибесін, тарихи қалыптасқан ғылыми мектептердің арнаулы ақпараттары мен өндірген білімдерінің мол қорын қамтитын дербес ғылыми база негізін жасауға қол жетті. Абайтану саласындағы арнаулы ғылыми ақпараттар мен өндірілген білімдер қоры таңдамалы еңбектер түрінде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде Абай институтының сайтына орналастырылды. Қазақ тіліндегі ғылыми ақпараттар мен білімдер көзі «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» деген тақырыпта 20 том болып жарық көрді. Жоба аясында қазақ тілінде тағы да 15 том жарық көрмек. Орыс тілінде жинақталған еңбектердің жалпы көлемі де осы шамада болады. Оларды «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» сериясында жариялау және электрондық ғылыми база кеңістігінде орналастыру – алдағы уақыттың үлесіне қалмақ.

 

«Қазақ әдебиеті» газеті, 04.08.2017 жыл.

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.