Федерико Майер: АБАЙ - АДАМЗАТТЫҢ АҚЫНЫ

1993- жылдың қараша айында өткен Юнеско ның ХХVІІ-сессиясында осы ұйымға мүше 180 елдің өкілдері Абайдың 150 жылдық мерейтойын лайықты түрде атап өту жөніндегі шешімді бірауыздан қабылдады. Себебі, Абай — әлемдік тұлға. Ол өзінің сезімдерімен ғана оқырмандарға әсер етіп қана қоймай, ұша теңіз білімімен бүкіл адамзаттың санасына данышпандықтың дәнін сепкен ойшыл да кемеңгер ақын. Ол — нағыз ғұлама, әрі тәңірдің өзінен туған әулие десе де болғандай. Оның поэзиясының өне бойынан адамдарға деген сүйіспеншілік пен аяушылық сезімі есіп тұрады. Сонымен қатар, ол адамның көкірек көзін тұмшалайтын қараңғылық пен надандыққа қарсы бітіспес күреске шақырады. Ал гуманистік идеялары Еуропаның классикалық философиясымен ғажайып бір үндестік тауып жататынына еріксіз қайран қаласың. Осынау қазақ ақынын толғандырған проблемелар қазірдің өзінде кез келген халық өкілінің көңіл пернесін дөп басып тұр десем, артық айтқандық демессіз. Егер бүгінгі талғаммен қарасақ, Абай — қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны. Тағы да қайталап айтамын, Абай — әлемдік поэзияның асқарларымен иық теңестіріп тұрған заңғар тұлға. Міне сондықтан да, Абайдың 150 жылдық мерейтойын 1995 — жылы ЮНЕСКО — ның штаб- пәтерінде атап өтуді жөн көрдік. Мен өзім Барселонада тудым. Отаным- Каталония. Ана тілім — каталон тілі. Алайда, Гренаданы екінші отаным деп есептеймін… Осы жерде мен испанияның ұлы ақыны Федерико гарсия Лорка шығармаларының қыр-сырына қанықтым, ал ол дегеніңіз ақын ғана емес, әрбір ұл-қызын қастер тұтатын Испания елінің еркіндігі мен мөлдірлігін әлемге жарқырата көрсетіп тұрған шарайна іспетті. Бұл әрбір ұлттың ақындарына тән қасиет. Абай да осындай ұлы ақынның бірі, бірі ғана емес,бірегейі. Мен оның (Абайдың) телегей теңіз шығармаларын түгелдей білемін деп айта алмаймын. Бірақ өзім оқыған еңбектерінен оны өз мұңымен ғана өмір сүретін ақын ғана емес, ғалам құбылыстарын өзгенің көзімен көре білетін, жүрегімен сезіне білетін, өзгенің мұңымен өмір сүретін адам ретінде таныдым. Біздің сарапшылар «Ел» бюросы шығарған Абай өлеңдерінің аудармасын өте жоғары бағалады. Сіздер мықты аудармашылар таба білген екенсіздер. Олар өз істерін мүлтіксіз орындап шыққанына көзіміз жетті. Соның арқасында біздің де жұмысымыз жеңілдеп қалғандай. Абайдың кітаптарын батыс және Шығыс елдерінде бастырып шығару ниеттеріңізді қуана құптаймыз. Бүгін маған сіздермен тәуелсіз, егемен Қазақстанда өзінің ерекше орны бар қазақ халқының данышпаны Абай Құнанбаевтың туылғанына 150 жыл толуын тойлау құрметі бұйырып отыр. Мен Сіздерге – Президент мырза және Үкімет пен Қазақстан халқына – осы ұлттық еске алу форумына шақырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Абайдың білім мен адами құндылыққа деген сенімі демократияны ұстануына негіз болды. Өзін өзі басқаратын көзі ашық адамдар қоғамы оның саяси идеялына айналды. Осы себепті ол әлеуметтік әділетсіздікке қарсы күресіп, ұлтаралық өзара түсіністікті жақтады. Даулы мәселелерді шешуде зорлық-зомбылықты қолдануға қарсы болып, өзінің «Ескендір» секілді поэмаларында билеушілердің тойымсыз аранынан, өктемдік пен ғасыр бойындағы көптеген адами шиеленістерден жиіркенетінін білдірген болатын. Осы жылдың маусым айында ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде өткен Абай өмірі мен қызметіне арналған шараны қуана қабылдап, ұйымдастыруға көмек көрсеттік. Осыған байланысты Қазақстанның вице министрі Тасмағамбетов мырза мен делегация мүшелерімен кездесу құрметіне ие болдым. Ол кісімен бірлесе отырып жоғары баға берілген баспа және қол өнімдер көрмесін аштым. Абайдың мерейтойын тойлаудың аяғы Қазақстанның ресми делегация мүшелері, Франциядағы бірқатар шетел елшілері, атақты қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов, француз ғалымдары мен жұртшылық қатысқан ақын әрі философқа арналған халықаралық семинарға ұласты. Сән көрмесі, ән мен би гала-концерті мен фильмдер көрсетілімі секілді басқа да шаралар өтті. ЮНЕСКО құрамындағы Қазақстанның тұрақты өкілеті, ЮНЕСКО баспасы мен Испаниядағы Крисоль баспасы арқасында Абай жайлы сурет жинағы (қазақ, ағылшын және француз тілдерінде) басылып шықты. Президент мырза! Ханымдар мен мырзалар! Мені әрқашан сіздің өлкеңізге және осы аймаққа қарай тартатын, және бірнеше жыл бұрын Қазақстан табиғатының сұлулығынан, оның халқының қонақжайлылығы мен руханилығынан алған алғашқы әсерлерімді жадымда сақтап келемін. Алып елімізде болып жатқан өзгерістерді көру және ЮНЕСКО-ның осы даму үрдісіне өзіндік үлесін қоса алатындығын алғаш болып білу мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын. Қазақстан өз басынан қиыншылықтарды кешіріп жатқандығын білемін. Бірақ, осы уақыт сынын Нұрсұлтан Назарбаев басқарып отырған жетекшілік данышпандықпен қабылдайтынына сенімдімін. Меніңше, Қазақстанның ұлттық-мемлекеттік құрылыс бойынша талпыныстары , Президент мырза, өзіңіз жазғандай, әрбір қазаққа «тек жазушы адам ғана емес, ұстаз, қамқоршы, тіпті сүйіктісі болған» Абай Құнанбаевтың мысалдарынан нәр алады. ЮНЕСКО біздің ортақ болашағымызға қатысы бар халықтар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған осындай мәдениет адамын, қазақ халқының ұлы данышпанын әлем бірлестігіне таныстыру шарасына қатысу бақытына ие болды. Бұл мерейтой бейбітшілік аты үшін Абай рухын мәдениет қызметіне тартуына себеп болды.


Федерико Майер