М. ҚАЙРАМБАЕВА: АБАЙ МУЗЕЙІНІҢ АСЫЛ ҚОРЫ СӨЙЛЕСЕ

Жақында Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрме аясында «Оқу әлеміндегі оқырман ұлт» тақырыбында халықаралық симпозиум өтті. Бұл шараға көптеген мемлекеттерден кітапхана және музей қызметкерлері жиналып, саланың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Аталған шараға Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының орынбасары М.Қайрамбаева қатысып, «Кітапханалар мен музейлер: әлеуметтік-мәдени ортадағы ролі мен функциясы» секциясында «Абай музейінің асыл қоры сөйлесе...» тақырыбында баяндама жасады.

 

*** 

Қазақстан Үкіметі Семей қаласында Абай Құнанбайұлының музейін ашу туралы 1940 жылғы сәуірде қаулы қабылданған уақыттан бері жәдігерлер жинау жұмысы шұғыл қолға алынған еді. Абайдың немере інісі Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов музейге қызметке алынып, ақын туыстарының, ұрпақтарының, замандастарының қолдарында сақталған заттар мен қолжазбалар жинала бастады. Азғантай уақыт ішінде музей экспозициясы жасалып, 16 қазанда зерде орталығы өзінің алғашқы көрермендерін қабылдады.

Заттық жәдігерлермен қатар Абайдың сол кезде көзі тірі замандастары мен ұрпақтарынан бар білген естеліктерін, шығармаларын жинау жұмысын ақынның немере інісі Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов бастаған болатын. Ол кісінің елден жинаған естеліктері мен қолжазбалары бір төбе болса, өзінің шығармалары да қазіргі күнде құнды жәдігерлер қатарында.

Ұлы ақынға қатысы бар әрбір затты жинап, сақтап, ұрпақтарға жеткізу мақсатын алға қойған асыл азаматтарымыз, әлбетте аз емес еді. Әрхам Ысқақовпен қатар Қайым Мұхамедханов, Ахат Құдайбердиев, Мұздыбай Бейсенбаев сынды ағаларымыздың музей қорына Абайға және оның туыстық, өнер айналасына қатысты деректерді жинауға үлкен үлес қосқанын атап айту парыз.

Абай музейі қорында жазба жәдігерлер – қолжазбалар қоры ерекше орын алады. Қолжазбалар қорын барлығы 800-ден астам атаудан тұратын 435 бумада жинақталған қазақ, шығыс тілдеріндегі (араб, парсы, шағатай, татар т.б.) және орыс тіліндегі көне қолжазбалар құрайды.

Біз үшін Абайға, оның заманына қатысты әрбір дерек өте қымбат, баға жетпес асыл қазына болып табылады. Соның ішінде: Абайдың ұлы Мағауияға хаты; ақынның ұрпақтары мен туған-туыстарының, замандастарының қолжазба естеліктері, шығармаларының қолжазбалары; Абайдың ақын-шәкірттері – Ақылбай, Мағауия, Шәкәрім, Көкбай, Әріп, Әсет, Төлеу, Шәкір, Уәйіс және тағы басқаларға қатысты деректер, олардың шығармалары, Ақылбайдың «Зұлыс», «Дағыстан» атты, Мағауияның «Медғат-Қасым» поэмаларының қолжазбалары; Абайдың шәкірті, досы Көкбай Жанатайұлының төл қолжазбасы сияқты құнды дүниелер бар.

Ахат Шәкәрімұлының бүкіл мұрасы 1985 жылы музейге жеке архив болып қабылданған еді. Бұл архивтің негізін қолжазбалар: Шәкәрімнің шығармалары мен Ахат Шәкәрімұлының өзінің өлең-поэмалары, естеліктері құрайды және олар музей қорының баға жетпес жәдігерлері.

Қордағы қолжазба естеліктердің кезінде М.Әуезовке Абайдың тұңғыш ғылыми өмірбаянын, «Абай», «Абай жолы» романдарын жазуына арқау болғанын біз мақтаныш етеміз. «...Менің жұмысым дерек көздерін жинастырудан басталады. Әуелі ақынның өмірін зерттедім, достарымен, жауларымен кездестім. Көкбай, Ділдә, Әйгерім, Нұрғаным, балалары, туыстары Турағұл, Уәсилә, Әубәкір, Әрхаммен, туыс-жақындарымен, замандастарымен әңгімелесіп, естеліктерін жазып алдым. Себебі, Абай өмір сүрген орта мен шытырман әлеуметтік оқиғаларға толы ұлы ақынның өмір жолын шама келгенше асырмай, жасырмай шынайы көрсету үшін, зор жауапкершілікпен еңбек етуім қажет болды», - деп жазады М.О.Әуезов.

Абайтанудың алыбы – Қайым Мұхамедханов та өзі өмірден озғанынша музейдегі қолжазба қорынан қол үзген емес. Сондықтан қазіргі уақытта қордағы қолжазбаларды заман белгілеген мәртебесі мен маңызына сәйкес қолжазба мұра күйінде заман талаптарына сай сақтау және ғылыми өндеу, болашақ ұрпақтың пайдалануына жағдай жасау – музей қызметкерлерінің ең басты міндеті.

Соңғы уақытта осы аталған міндетті орындау мақсатында музей қызметкерлері өз жұмыстарын бірнеше бағыттар бойынша жүргізіп келеді. Қолжазбалар қоры қайта қаралып, оның сақталуының талаптарға сәйкестігін тексерген кезде орын алған кемшіліктерді жою жолында біраз жұмыстар жасалды. Қолжазбалар, архив құжаттарының көшірмелері, фотосуреттер – негізі қағаз жәдігерлер бөлек сақтау бөлмесіне шығарылды. Арнайы сөрелер жасалды. Қазіргі кезде қолжазбалар сақталған әр бума қайта қаралып, ішіндегі кезінде қағаздарды жинап, қыстырып тұрған металдан жасалған қағаз қыстырғыштар алынып тасталды. Бір буманың ішіне әртүрлі жазбалар жиналып салынғандары болды. Осы бумалардағы қолжазбалар бөлініп, тақырыптары, авторлары бойынша жіктеліп, бөлек бумаларға жүйеленді.

Жұмысымыздың тағы бір бағыты – қолжазба мұраларды ғылыми айналымға түсіру және оларды жүйелі жариялау арқылы көпшілік оқырмандардың игілігіне жарату. Бұл жоспарды іске асыру мақсатында соңғы жылдары төмендегідей жұмыстар атқарылды. Қордағы қолжазбалардың негізінде 2010 жылдан бері «Абай музейінің кітапханасы» топтамасымен «Абай туралы естеліктер», «Мұтылғанның тағдыры», «Көкбай ақын» атты естеліктер жинақтары, «Көкбай Жанатайұлы шығармалары», «Халықтың мұңы – ақынның жыры», «Абай музейінің жәдігерлері» топтамалары жарық көріп оқырман көңілінен шықты. Солардың ішінде ерекше атап өтетіні музей тарихында алғаш рет «Абай мұражайы қорының сипаттамасы» атты басылым жарық көрді. Көлемі 300 беттік бұл кітап «Қолжазбалар», «Абай оқыған медресе кітаптары», «Араб графикасындағы кітаптар», «ХХ ғасырдың басында шыққан қазақ кітаптары, мерзімді басылымдар», «Орыс тіліндегі ескі басылымдар», «Архив деректері» атты бөлімдерге топтастыру арқылы музей қорындағы жазба жәдігерлердің көрсеткіші болып табылады. Сонымен қатар, музей қорындағы бұрын-соңды жарияланбаған естеліктер мен деректер жинақталып, республикалық «Абай» журналының арнайы нөмірлері жарық көрді, ұлы ақын шығармаларының төрт тілдегі жинағы оқырман қауымға ұсынылды.

Музей қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыстарының тағы бір бағыты – қолжазбаларды қайта көшіру, көне жазбалардың сандық форматтағы көшірмелерін жасау. Осыдан кем дегенде 70-80 жыл, яки одан да ерте жазылған естеліктер, Абай, Шәкәрім, Мағауия, Ақылбай шығармалары жазылған қолжазбалардың сиясы уақыт өткен сайын көмескіленіп, қағазы да тозып келе жатыр. Осындай қолжазбаларды сақтап қалу үшін қолда бар мүмкіншіліктерді пайдаланып, электрондық нұсқа көшірмесін жасау қолға алынды. Зерттеушілерге де түпнұсқаны бергеннен гөрі электрондық көшірмесімен танысу мүмкіндігін ұсынған дұрыс. Сол себепті Мағауияның «Медғат-Қасым» поэмасының Р.Жандыбаев қолжазбасы, Көкбай ақынның өз қолжазбасы, халық ақыны Төлеу Көбдіков шығармаларының, Мұсахан дәптері, Талиға Бекхожинаның Шәкәрім әндерінің ноталары қолжазбаларының электрондық көшірмелері жасалды. Қазіргі уақытта ең құнды, маңызды, оқырмандар тарапынан үлкен сұранысы бар жазба жәдігерлеріміздің: Абайдың ұлы Мағауияға хаты, Көкбай ақынның өз қолжазбасы, Ақылбай, Мағауия Абайұлдары шығармаларының қолжазбалары, Абай шығармаларының 1909, 1922 жылғы Ташкент, Қазан басылымдары, 1933 жылғы толық жинағының Шәкәрім Құдайбердіұлының 1912 жылы жарық көрген «Қазақ айнасы» кітабының, басқа да бірқатар қолжазбалардың сандық форматтағы көшірмелерімен кез-келген оқырман, зерттеушілеріміз таныса алады.

Ғылыми қордағы қолжазба мұраларын, естеліктерді тек музей қызметкерлері ғана емес, сол сияқты республикамыздың жоғары оқу орындарының ғалымдары, өнер адамдары, ғылым жолына түскен талантты жастар, мектеп мұғалімдері, оқушылар және тағы басқа мамандық иелері де жиі пайдаланады.

Мысалы, ұзақ жылдар музейде аға ғылыми қызметкер болып істеген М.Бейсенбаевтың «Абай заманы», Б.Сапаралының «Құнанбай қажы», Мінәш Әрхамқызының «Ұлы Абайға адалдық», «Әкем Әрхам туралы», Б.Ерсәлімовтың «Құнанбайдың қуғын-сүргін көрген ұрпақтары», М.Әлиакпаровтың «Ахат», С.Тәбәріковтің «Қайран Мәннан», «Тауқымет» атты кітаптары музей қорындағы аса құнды мұрағат деректері мен қолжазба – естеліктері негізінде жарық көрді.

1980-1990 жылдар аралығында белгілі ғалымдар М.Мырзахметов, Р.Нұрғалиев, Т.Жұртбай, 1990-2000 жылдарда Б.Бейсембаев, А.Еспенбетов, А.Егеубай, С.Қорабаев архив деректерін, қолжазба қорын өздерінің зерттеу еңбектеріне арқау еткенін мақтанышпен айтамыз. Сол сияқты белгілі қаламгерлер М.Жанболатов 6-томдық «Тобықты шежіресін», Б.Нәсенов «Абыралы-Сарыарқа кіндігі» атты көп томдығын жазғанда біздегі мұрағат деректері мен қолжазба мұраларына сүйенгенін айта кеткіміз келеді.

Абай музейінің қорында сақталған қолжазбалар, естеліктер, құнды деректер жазбалары көптеген ғылыми еңбектерге негіз болды. Атап өтетін болсақ, қазіргі таңда еліміздің әр өңірінде еңбек етіп келе жатқан ғалымдарымыз: Әбділманатқызы Әсемгүл – «Нұрлыбек Баймұратов», Әубәкір Жандос Мағазбекұлы – «Көкбай ақын», Ердембеков Бауыржан Болатұлы – «Әріп ақын», Иманжапар Мұрат Тілегенұлы – «Сапарғали Әлімбетов», Қабышев Талғат Болатұлы – «Тайыр Жомартбаев», Мұқашев Еркебұлан Советұлы – «Уәйіс Шондыбайұлы», Секей Жанбота – «Тәңірберген Әміренов», Смағұлова Ақмарал Төлеуғазықызы – «Қайым Мұхамедханов», Сейсекенова Айнаш – «Гете және Абай», Тұрысбекова Жанар – «Төлеу Көбдіковтің әдеби мұрасы» тақырыптары бойынша қорғаған диссертацияларында біздің қорымыздан алынған деректерді пайдаланды.

Музей қызметкерлерінің атқарып жатқан істерінің тағы бір бағыты – қолжазба қорын толықтыру мақсатында Қазақстан, Ресей мұрағаттары мен орталық ғылыми кітапханаларынан ғылыми іссапар нәтижесінде музейіміздың мемориалды тұлғаларына қатысты қолжазбаларды анықтау, олардың көшірмелерін музей қорына алу жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, қазіргі уақытта әртүрлі мұрағаттар мен кітапханаларда сақталған Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларының барлық белгілі қолжазбаларының көшірмелері жиналды.

Осындай жан-жақты жұмысты атқарып жатқан музей қызметкерлерінің болашақта қолжазбалар қорын сақтау және келер ұрпақтарға жеткізу мақсатында әлі де көлемді жұмыстар атқаруы қажет екені түсінікті.

Музей қорындағы ата-бабаларымыздан мұра болып қалған, халқымыздың өткен тарихын дәріптейтін естеліктер мен қолжазбалардың ұлт тарихын, ұлылардың еңбектерін насихаттауда алатын орны ерекше.

 

 

Мейрамгүл  Қайрамбаева,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейі директорының

ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары