ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

АБАЙ МУЗЕЙІ: АСЫЛ МҰРА – АМАНАТ

Оқылған 23411 рет

Таяудағы, 2020 жылы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО көлемінде атап өтілуі кәміл. Хакім Абайдың асыл мұрасын көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа үкілей жеткізу мен өркениет төрінен паш етуде Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің алар орны ерекше. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары – Абай, Шәкәрім, М.Әуезов мұраларын 75 жыл насихаттап келе жатқан танымал республикалық рухани орталық үшін әлемдік деңгейдегі біртуар дарын иелері қалдырған баға жетпес қазына аса жауапты да  абыройлы аманат.

 

Әуезовтің бастамасымен ашылған

 

Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық мұражайы қазақтың кемеңгер жазушысы, ғұлама ғалым М.О.Әуезовтің ұсынысы бойынша Ұлы ақынның 95 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1940 жылы Қазақ ССР-нiң Халық комиссарлары кеңесiнің 1-сәуiрдегі №347-қаулысы негізінде құрылған екен. Ұлы ақынның мұрасын жинастыру мен зерттеу жұмыстарына аталмыш қаулының   соны серпін бергеніне атқарылған жұмыс нәтижесі куәлік етеді. Сол жылғы сәуір - қазан айларында ақын мұражайының тұңғыш экспозициясы Абай Семейге келгенде түсіп жүрген үйлердің бірі – Бекбай Байысовтың үйінде (бұрынғы Загородная көшесі, 83-үй, қазір сақталмаған) 16-қазан күні ашылады.

Мұрағатта сақталған, «Абайдың 100 жылдық мерейтойының ұйымдастыру жоспары» деп көрсетілген, іс-қағаздарына қарағанда алғашқы экспозиция жаңағы үйдің екінші қабатындағы үш бөлмеде ұйымдастырылып, өзге бөлмелерде кітапхана, қор бөлімі, канцелярия орналасқан (Мұражай мұрағаты № 31-іс, 252-бет). Біз сүйеніп отырған дерек көзінен (сонда, 147-150-беттер) бас ғылыми кеңесші Ә.Жиреншиннің жетекшілігімен жабдықталған экспозицияның тақырыптық жоспарын жасауға және жалпы музейді ұйымдастыруға сол кездегі аға ғылыми қызметкер Қ.Мұхамедханов пен облыстық музейдің ғылыми қызметкері Б.Аккерманның (кейін Абай музейіне ауысады) айтарлықтай үлес қосқанына қанығамыз. Мұражай экспозициясы бөлімдерінің біріншісі «Абай заманы» тақырыбын көтеріп, екіншісі «Ақын өмірі мен шығармашылығына» арналып, үшіншісінен Абайдың жұмыс бөлмесі көрініс тапқан.

Тұңғыш экспозиция халыққа төрт жыл қызмет етіп, 1944 жылы мұражай сол тұста Комиссар көшесі, 132-үйде (қазіргі Бөгенбай батыр көшесі) орналасқан Әнияр Молдабаевтың үйіне көшіріледі. Ә.Молдабаев (1856-1934) – Абайдың замандасы, жерлесі әрі шәкірті. Бұл үйді оған Абайдың балаларымен бірлесе сатып әпергенінің және өзі қалаға келгенде осында түсіп жүргенінің бір айғағы – мұражай қорындағы Сапарғали Әниярұлының естелігі (КП-214, 2-бет). Мұнда мұражай 23 жылға жуық жұмыс жасап, 1967 жылы қазіргі мекен-жайға – ХІХ ғасырдағы көпес үйіне (Ленин көшесі,12) қоныс аударады.

Мұражай тарихымен тығыз байланысты әрбір тұрақты экспозиция өзіндік шежіре беттері іспетті. Ол алғашқыда Оқу министрлігіне бағынысты болып, 1947 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының қарамағына ауыстырылып, соның арқасында мұражайдың әдеби-зерттеу ісінің ғылыми негізделген жоспары жасалады. Сайып  келгенде, Абай мұражайының екінші экспозициясы Әнияр Молдабаев үйінің екінші қабатындағы бес бөлмеге орналасып: I-бөлім: Кіріспе (Абай дәуірінің жалпы сипаттамасы); II-бөлім: «Абайдың балалық және жастық шағы»; III-бөлім: «Ақынның кемеліне келген шағы»; IV-бөлім: «Абайдың бөлмесі»; V-бөлім: «Ақынның шығармашылығы»; VI-бөлім: «Абайдың ақындық мектебі» (жеке көрме); VII-бөлім: Қорытынды – XX-ғасырдың әдебиетшілері мен мәдениет қайраткерлеріне арналыпты. Ал, VIII-бөлім: «Музейдің кіреберісі», - ретінде жасақталады (Мұражай мұрағаты №18-іс: «Планы, отчеты, сметы и штаты музея Абая», 43-бет).

Ұлы ақынның өз тұсында аралас-құралас болған Семей өңіріне танымал азаматтардың бірі – көпес Роман Ершовпен жақсы таныстығы жайында да естеліктер сақталған. Оның үстіне ақынның осы көшенің бойындағы кітапхананың (қазір «Центркредит» банкі) тұрақты оқырманы болғанын білеміз. Мұнда келушілер «Абай дәуірі», «Абайтану», «Абайдың ақын шәкірттері», «Абай арманы» атты және басқа залдар жәдігерлерімен таныса алады. Оның жалпы көлемі – 622,6 ш.м., экспозициясы – 278 ш.м. аумақты алып жатыр. Ғимарат Еңбекшілер депутаттары Семей облыстық кеңесі атқару комитетінің 1963 жылғы 9 тамыздағы № 404-15 шешімімен Абай музейінің иелігіне берілген.

 

Қайымның қосқан үлесі 

 

Біз тілге тиек еткелі отырған кезеңде, яғни 1947-1951 жылдары мұражайды көрнекті абайтанушы ғалым Қ.Мұхамедханов басқарады. Аталмыш экспозиция жоспарын Қ.Мұхамедханов 1949 жылы қаңтар айының басында Ғылым Академиясына жіберген мәліметте көрсеткен (№18-іс, 43-59-беттер). Ғылыми ортада  абайтанудың асқан білгірі ретінде лайықты бағасын алған ғалымның өмір жолы кемеңгер ақын сақтандырған «көк тұман заман» ызғарымен жанымызды түршіктіреді. Қоғамды тапқа бөлген тұрпайы социологизмнің құрбанына айналған алаш қайраткерінің талайы тағдыры ғалымның 100 жылдық мерейтойы жылы Абай мұражайына тапсырылған екі хатынан-ақ айқын аңғарылады (КП-7284, КП-7285).

Соның бірінде, мәселен, Қайым аға күркедей ғана «АН-2» самолетінің ішін өзі қамалған лагер тозағының жанында «жұмақ сияқты көрінді» деп, жүректі бір шым еткізсе, Мұхтар Омарханұлының ата-анасы зиратының орнын анықтауға қатысты М.Әуезов атындағы совхоздың директоры Амантай Мұқатаевқа жазылған екінші хат та саясат сойқанының бұлтартпас айғағындай. «Бұдан 45 бұрын, 1943 жылы Мұхтар Әуезовпен Абай елінде болдық, - деп жазады автор... Бөріліде болғанымызда Мұхтар өзінің қыстауын, әке, шешесінің бейітін көрсетіп, естіп, білгендерімді, көргендерімді мүмкіншілігінше қағаз бетіне түсіріп отырған едім. Ол жазбаларымды өзімді тұтқынға алғанда, 1951-ші жылы, жазалау органы сыпырып алып кеткен... аман қалған бір бет қағазда Омарханның – Мұхтардың қоралары (қыстаулары), Мұхтардың әке-шешесінің, ағасы Қасымбектің зираты, шартты түрде қағазға түсіріліп (сызылып) көрсетілген. Сол жазбаларымды, 1943 жылғы жазылған қалпын сақтап, көшіріп, сенің сұрауың бойынша жіберіп отырмын. Ағалық, достық көңілмен – Қайым Мұхаметханов».

М.Әуезовтің жетекшілігімен Абайдың ақындық айналасын зерттеуге құлшына кіріскен ғалымды жазықсыздан жазықсыз темір торға қамап, іс жүзінде өлімге айдау – адамға, тұтас халыққа қарсы жасалған нағыз қылмыс еді.  Ұлы дала тарлан тарихы мен қайталанбас өнерін, айбынды да айшықты ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрлерін ел зердесінен зорлықпен өшіру кесапатын бастан кешті. Халық диктатураға қару алып, ашық қарсы шықпағанымен, қызыл империяға қарсы күрес іс жүзінде ешқашан тоқтамады. Алаштың Қайым сияқты арыстан ұлдары ұрпақ бойына еркіндік пен теңдік, егемендік пен тәуелсіздік рухын ұдайы сіңірумен болды. Жаһандық әдебиеттің жауһары «Абай жолы» Ұлы даланың Ұлы ақынының өмірі мен мәңгілік өнерін паш етіп,  «өз қолынан ырқы кеткен» (Абай) халықтың көзін ашып, көкірегін оятты.

 «Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез» деп Абай армандаған елдіктің сөзін ұстаған Қайым Мұхамедхановтың өмірі мен шығармашылығы Ұлы ақынның асыл мұрасына, хакім Абайды дүние жүзіне танытқан Мұхтар Әуезовке деген адалдықтың тамаша үлгісі. «Мұхтарды сат, ол саған диссертацияны зорлап жазғызды, ғылыми еңбектеріңнен бас тарт» - деген олар. – Одан да өлгенім жақсы емес пе, жалған айтып, қайтіп жер басып жүремін», – деп жазады мұражай қорындағы естелігінде Қайым аға.

Музейде аға ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы, Абай мерейтойын өткізу комитетінің ғылыми хатшысы, 1947-1951 жылдар аралығында музей директоры лауазымын атқарған Қайым Мұхамедхановтың  қызметтік есебі (Мұражай мұрағаты №18 іс, 64-бет) ғалымның кандидаттық минимум тапсырғанына, «Абайдың әдеби мектебі» тақырыбында зерттеу жұмыстарын жүргізгеніне, Әрхам Ысқақовпен бірге Ұлы ақынның шежіресін аяқтағанына және 1949 жылы Абайдың ақындық мектебінің шығармаларын алғы сөзімен, өмірбаяндарымен баспаға дайындағанына куәлік етеді.

Қайым аға ғылыми зерттеу жұмыстарымен қатар насихаттық шаралар және дәрістер өткізіп, экспедициялар ұйымдастыру арқылы зерттеуші ғана емес, мұражай мәдениетін қалыптастырушы қайраткер ретінде танылды. Ол музей қызметінен ешқашан қол үзбей, тоқсаныншы жылдардың соңында Бас мұражайдағы Абайдың ақындық айналасы бөлімінің, «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайының, Тақырдағы Көкбай ақынның мешіт-медресесіндегі экспозицияның ашылуына көп еңбек сіңірді. 

Мұрағат деректерін ақтарғанда, Абайдың 95 және 100 жылдық мерейтойын өткізуге көрнекті ғалымның тікелей атсалысып, барлық ұйымдастыру жұмыстарының ұйтқысы болғанын көреміз. Ғалым ағаның алақанының табы қалған музей жәдігерлері әдеби мұражайды абайтанудың ғылыми орталығына айналдыруға Мұхамедхановтың көп күш-жігер жұмсағанының жарқын айғағы. Ол Абай заманындағы жәдігерлер мен естеліктердің ақынға қатысы барын жан-жақты тиянақтап, қор каталогын жасайды. Сонымен қатар Әрхам Ысқақұлымен қоса Ахат Шәкәрімұлымен тығыз байланысып, үзбей хат алысып, кемеңгер ақын Шәкәрім қажыны ақтау ісіне де аянбай араласты.

 

Қалыптасып, қаз басты

 

Мәдениет министрлігіне 1965 жылғы 14 қаңтарда жіберілген мәліметке қарағанда, мұражай экспозициясы 111,51 шаршы метр алаңда орналасып, экспонаттар саны – 1988 дана, экспозицияға қойылғаны – 277 болыпты. Ал, 15 музей қызметкерінің үшеуі ғылыми қызметкер екен (№ 27 іс. «Текстовые отчеты музея» /1964 – 1981/, 25-бет). Жоғарыда біз 1967 жылғы 13 мамырда Абай мұражайының қаланың орталығында орналасқан көпес Роман Ершовтың үйіне көшірілгенін айттық. Жөндеу және реэкспозициялық жұмыстар мұнда екі жылға созылып, мұражайдың үшінші экспозициясы 1969 жылы маусым айында ашылады,  енді ол 6 залда немесе 223,3 шаршы метр аумақта қанат жайды. Келісім шарт бойынша реэкспозиция жұмыстарын Алматының көркем-сурет шеберханасы Қазақстанның Орталық музейінің әдіскерлері дайындаған тақырыптық-экспозициялық жоспар бойынша жүзеге асырды (бас суретшісі К.С.Феодориди).

Экспозиция көлемі кеңейгендіктен, ақын өмірі мен шығармашылығына қатысты жаңа тақырыптарды ашып көрсетуге жақсы мүмкіндік туады. Төменде ұсынылып отырған мұрағат құжаттары соның тағы бір дәлеліндей. Айталық, 1-ші бөлім: «Абайдың балалық шағы. Заманы; Қазақ фольклоры, әдебиеті және Абай»; 2-ші бөлімнің тақырыптары: «Шығыстың классикалық әдебиеті және Абай»; Ежелгі Греция, Шығыс ойшылдары мен Абай»; «Абай және татар әдебиеті»; «Семей және Абайдың қоғамдық қызметі»; «Абай және орыс демократтары»; «Абай және қазақ ағартушылары»; 3-ші бөлімнің тақырыптары: «Абай және орыстың классикалық әдебиеті»; «Абай – қазақ әдебиетінің негізін қалаушы»; «Абай – композитор»; 4-ші бөлім: «Абайдың ақындық айналасы»; 5-ші бөлімнің тақырыптары: «М.Әуезов – абайтану ілімінің негізін қалаушы»; «М.Әуезов – «Абай жолы» романының авторы»; «Қазақ совет әдебиеті және Абай»; «Абай бейнесі бейнелеу өнерінде»; 6-шы бөлім: Вестибюль – Кіреберіс. «Абайға тағзым ету» (Мұражай мұрағаты №27-іс. «Текстовые отчеты музея» /1964-1981/, 40 бет.)

Абай музейінің үшінші экспозициясы 1975 жылдың тамыз айына дейін көрермендерді қабылдады және 1975-1976 жылдарғы құрылыс жұмыстарынан кейін оның көлемі 278,1 шаршы метрге дейін кеңейіп, енді экспозиция 7 залды қамтыды. Мұражайдың негізгі тақырыптары, жаңа деректермен толығып, мәселен, «Абайдың ақын шәкірттері» тақырыбы С.Торайғыров, С.Дөнентаев, Т.Көбдіков, Ә.Тәңірбергенов туралы табылған материалдармен мейілінше байытыла түсті.

Осыдан көп ұзамай Абай мұражайының төртінші экспозициясы дүниеге келіп, ол келесі тақырыптарды қамтиды: 1-ші зал: «Абай заманы»; 2-ші зал: «Абай ауылы» деп жоспарланып, кейін бұл да «Абай – бейнелеу өнерінде» тақырыбына арналды; 3-ші зал: «Ақын шығармашылығының қайнар көздері»; 4-ші зал: «Абай шығармашылығы»; 5-ші зал: «Аудармалары. Абайдың ақын шәкірттері»; 6-шы зал: «Абайтану. Ақын ұрпақтары»; 7-ші зал: «Абай және қазіргі заман». Экспозицияның көркемдеу жұмыстарын Алматының бейнелеу өнері шаруашылық комбинатының суретшілері жасады. Бұл экспозиция 1978 жылғы 14-сәуірде ашылады және әр жылдық жоспар бойынша жаңа материалдар және жәдігерлермен толықтырылып, 1993 жылға дейін көрермендерді қабылдады.

Сонымен мұражайдың тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражай ретінде қалыптасуының алғашқы кезеңі сәтті аяқталып, бұғанасы бекіген қалпы аяғын қаз басты.

 

ЮНЕСКО: 150 жылдық жемісі

 

Ұлы тұлғалар мұрасын сақтауда мерейтойлық  кезеңдердің зор рөл атқаратыны шындық. Абайдың 150 жылдық мерейтойы да музей өміріне айтулы өзгеріс ала келді: Қазақ ССР Министрлер кеңесінің 1990 жылғы 5 сәуірдегі №141-қаулысы негізінде ақын мұражайы Абайдың мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық “Жидебай-Бөрiлi” қорық-мұражайы  болып қайта құрылады. Оның ғылыми-зерттеу жұмыстарының бір саласы ретінде тұрақты экспозиция мен көрме жабдықтау және оларды одан әрі дамыта жетілдіру бағыты айқындалғанын көреміз.

Қорық-мұражай құрамына енді Семейдегі қалалық кешен, Бөрілідегі М.Әуезовтің мұражай-үйі, Жидебайдағы  Абайдың мұражай-үйі, 6400 гектар қорық аймағына кіретін 16 тарихи орын қосылады. Оның қатары кейінгі жылдары Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлының мұражайы (1992), Семейдегі «Алаш арыстары–М.Әуезов» экспозициясы (1997), Тақырдағы Көкбай Жанатайұлының мұражайы (1997), Құндыздыдағы Шәкір Әбенұлының мұражай-үйі (2003) мен Жидебайдағы Шәкәрімнің «Саят қора» экспозициясымен (2006) одан әрі толыға түсті.

Ақынның мерейтойы қарсаңында мұражай ұжымының алдында аса ауқымда жұмыстар тұрды, солардың бірі – жаңа экспозиция жасау міндеті еді.   Бұған 1980 жылдардың аяғынан бастап бұрын қоғамнан жасырып келген тарихи деректердің көзі ашылып, құнды мәліметтермен танысу мүмкіндігі қолайлы жағдай туғызды. Осы жылдары Абай оқыған Ахмет Риза мешіт-медресесі және Алаш арыстары туралы деректер жинастырылып, бұрынғы тақырыптарды байыту мақсатындағы зерттеу жұмыстары одан әрі жүргізілді. Айталық, Мәскеу, Омбы, Қазан, Алматы, Ташкент, Бұқара, Жәркент және т.б. қалалардың мұрағаттарында зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін ғылыми іс-сапарлар ұйымдастырылды.

Абайдың 150 жылдығы қарсаңындағы ауқымды құрылыс жұмыстарына байланысты ақын мұрасын насихаттауды тоқтатпау үшін 1993 жылы  мұражай құрамындағы Әнияр Молдабаевтың үйінің 5 бөлмесінде уақытша экспозиция ашылып, 1995 жылдың 10-шы тамызына дейін (жаңа экспозиция ашылғанша) жұмыс жасайды.

Сол сияқты Абай шәкірттерінің бірі – Әсет Найманбайұлын мәңгі есте қалдыру мақсатында және туғанына 125 жыл толуына орай Қазақстан Республикасының Министрлер Кеңесі 1990 жылы мұражай ашу туралы қаулы қабылдап, бұл міндетті ақын мұражайына жүктеді. Ғылыми қызметкерлер ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы материалдарды жинастырып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мақаншы, Жарбұлақ ауылдарына Әсет ақынға байланысты деректер, жәдігерлер, тұрмыстық заттар жинастыру үшін ғылыми экспедициялар аттанды. Соның нәтижесінде, 1992 жылғы 24-сәуірде Мақаншыда Әсет Найманбайұлының мұражайы Абай қорық-мұражайының бір бөлімі ретінде өзінің алғашқы келушілерін қабылдады.

Сонымен қатар 1995 жылы мұражайдың Семейдегі бұрынғы ескі үйінің жанынан жаңа күмбезді ғимараттың бой көтеруіне орай эспозициялық залдардың көлемі кеңейіп, жаңа экспозиция кіреберіс бөлімін қосқанда 18 залда қанат жайды. Бас мұражайдың бесінші экспозициясының жабдықтау жұмыстарын жүргізген «Заман-Ту» өнер бірлестігі (басшысы Ш.Қожаханов, бас суретшілер: Б. Қазанғапов пен Б. Көшербаев). Бұрынғы қалыптасқан бөлімдер тың деректермен, жәдігерлермен байытылып, жаңа экспозициялар ашылды. Жаңа бөлімдердің тақырыптары:

1. «Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығы»; 2. «Абай тақырыбы – бейнелеу өнерінде»; 3. Семей қаласына байланысты тақырыптық көрме; 4. «Ескендір» поэмасы; 5. «Масғұт», «Әзім әңгімесі»; 6. Сыйлықтар залы; 7. Аудио-видео қондырғы орналасқан бөлім; 8. «Жаз» бөлімі; 9. Алаш арыстарының Абайтануға қосқан үлесі туралы және басқалары.

Қалалық  мұражай  аймағына 1993 жылы көшіріліп, қайта қалпына келтірілген, Абай білім алған Ахмет Риза мешіт-медресесінің екі бөлмесінде «Медресе тарихы», «Абай және Шығыс әлемі» экспозициялық залдары ашылады. Сол дәуірде басқа діни оқу орындарының  ең озығы болған білім ошағын Ахмет Риза деген имам ұйымдастырғаны және Абайдың 1855-1859 жылдар аралығында осы медреседе оқығаны мәлім. Ахмет Риза медресесіне ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында (1992-1993) қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мұнарасы тұрғызылады және Дулатов көшесі мен Интернационал көшесінің қиылысына, яғни ақын музейінің ауласына көшірілген екен.

 

 Жидебай – Бөрілі: ұлылар мекені

 

Абай есімімен тығыз байланысты киелі орындардың бірі – Жидебай. Ұлы ақынның 100 жылдығына орай 1945 жылы ақынның осындағы қыстауы мұражай-үй болып ұйымдастырылады. Ал, 150 жылдық мерейтой қарсаңында  осы мұражай-үйінің залдарында реэкспозициялық жұмыстар жүргізіледі, ол жаңа тақырыптармен толықтырылып, қазір республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген. Абайдың Жидебайдағы және М.Әуезовтің Бөрілідегі мұражай-үйінде өткен 2015 жылы «Қазқайтажаңғыру» мекемесі күрделі жөндеу жұмыстарын жүзеге асырды.   

Жидебай қорық-алқабы Семейден 178 шақырым жерде Абай ауданының аумағында орналасқан. Өмiрiнiң соңғы 10 жылын өткiзген Абай үшін Жидебай кезеңi ақын шығармашылығының аса жемісті жылдары болды. Бұл он жыл iшiнде 75-76 өлеңi, Лермонтов пен Крыловтан 26 аудармасы, 27 қара сөзi және екi әнi дүниеге келген.

Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы 1840 жылы Жидебайға қоныстанып, кейін  Оспанның еншісіне қалдырылып, әкелері Ақшоқыға көшеді. Оспанның  қайтыс болғанынан екі жыл өткен соң, 1894 жылы бұл қыстау Абайдың үй-жайына айналды. Ақын өз жобасы бойынша қыстауды қайта салдырады. Ғимарат 5 бөлме мен 2 дәлiздi қамтиды: ас үй, қонақ бөлмесі, жұмыс кабинеті, алдыңғы бөлме, Еркежан бөлмесі. Бұл қыстауда кезінде Оспан мен Еркежан бауырына салып алған Ақылбай балалары: Әубәкір мен Пәкизат тұратын. Абай дүниеден өткен соң, қыстауға Әубәкір ие болып, оны 1925 жылға дейін мекендейді.

Музейдің қалалық кешені 1995 жылы ұйымдастырылып, жаңа экспозиция ашылғаннан бері ұлы ақынның мұрасын мейілінше кеңірек насихаттау мүмкіндігі туды. М.Әуезовтің ЮНЕСКО шеңберінде өткен 100 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1997 жылы Абай қорық-мұражайының бір бөлімі – Әнияр Молдабаевтың үйінде «Алаш арыстары – М.Әуезов» экспозициясы ашылады. Кейін, жазушының 115 жылдығына орай, 1987 жылдан Абай мұражайының құрамына кірген, Бөрілідегі М.Әуезовтің мұражай-үйінде реэкспозициялық жұмыстардың нәтижесінде «Әуез бөлмесі», «Сыйлықтар» бөлімдері жабдықталып, басқа бөлімдердің  тақырыптары толықтырылды.

Бөрілі – Әуез әулетінің атамекені. Әуез ақсақал мұнда өзінің сұрауы бойынша және Абайдың рұқсатымен Шыңғыстаудағы Қызылшоқыдан көшіп  келіп қоныстанған. Абайдың әкесі – Құнанбайдың Әуездің күйеу баласы екені белгілі, оның  әйелі - Нұрғаным  Әуездің қарындасы. Осындай туыстық қарым-қатынасты  ұрпақтары да үзіп алмай жалғастырады. Абай мен Әуездің өзара жиі қатынасып тұрғаны белгілі. Қыстаулары да жақын 3-3,5 шақырым аралығында орналасқан екен. Сол себепті Әуездің немересі – Мұхтар 1897 жылғы 28-қыркүйекте Аяққараған деген жерде дүниеге келгенде Абай жасы үлкен досының қуанышына ортақтасқан көрінеді.

Аяққараған мен Бөрілі – қазақ әдебиетінің классигі, Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың лауреаты, абайтанудың негізін салушы, әлемге әйгілі  жазушы Мұхтар Әуезовтің атақонысы ретінде қымбат мекендер. Үш жағынан жықпылды сай жоталарымен көмкерілген Бөрілі алқабы киіз үй тәрізді. Қара жырық,  Тасқұдық, Қара биіктің баурайлары, солтүстік  батысындағы шоқылар мен қалың қараған осы алқапты  жиектей көмкеріп жатыр. 

Эпопеяда жазушы «Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі...» деп өзінің атамекенін терең сүйіспеншілікпен суреттейді. Перзенттік жүректен туған осы бір жолдардан  күннің күркірегені мен жел уілі, боран мен қасқырдың ұлығаны, жас қозы, лақ, бота, құлынның дауыстары мен иттердің үргені   естілгендей әсер аласың. Бұл жердің әр сүйемі жазушының балалық шағының әсерлерін, іздерін  сақтауда.  Ол осында адамгершіліктің алғашқы сабақтарын алады. Абайдың  «қара сөздері» арқылы оның даналығына алғаш ойын өрістетті. Жазушы Абай туыстары мен балалары – Турағұл, Мекаил, Ізкаил, Кәмилә мен Ақылбай балаларымен қатар өсті.

Бөріліден  жас Мұхтар білім соңында Семейге келіп алдыңғы қатарлы  зиялы қауым  өкілдерімен танысады. Ол Ж.Аймауытовпен бірге  «Таң», «Сарыарқа», «Абай», «Қазақ тілі» газет-журналдарының ұйымдастырылуына атсалысты. Ал, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Б.Сәрсенов, Ш.Құдайбердиев, Т.Құнанбаев, Х.Досмұхаметов және т.б. Алаш қайраткерлерімен болашақ мемлекеттің жаңа мәдениеті, ғылымы, ағарту саласының қалыптасу жұмыстарына араласты. Қазақтың  тұңғыш драмасы – «Еңлік–Кебек» Бөріліде дүниеге келіп, қазақ театрының төлбасы болған туынды Ойқұдықта 1917 жылы маусым айында иіндестіріліп тігілген қос киіз үйде көрермен көзайымына айналған екен. 

      М.Әуезов туған жеріне соңғы рет өзінің 60 жылдық мерейтойы кезінде келеді.  Сол соңғы  сапарында жерлестерінің алдында  сөйлеген сөзінің  таспадағы жазбасы  мұражай қорында сақтаулы. Көп жылдан кейін  жерлестерімен қауышқан жазушының терең тебіреніс үстіндегі көңіл-күйін  осы таспадағы үн толқынынан сезінуге болады. Мұражай-үйдің экспозициясы жазушының 90-жылдық мерейтойына  орай ашылып, 1987 жылдан бастап Абай  мұражайының бөлімі  болып келсе, оның іргесіндегі «Омархан – Нұржамал» кесенесі 1997 жылы  салынған (кесене авторы – сәулетші Б. Ибраев,  орындаушы -  Н. Назарбеков, ішкі безендіру жұмыстарын жүргізген  «Ел дана» кәсіпорны).

 

Шәкәрім, Көкбай және Шәкір мұрасы

 

Көкбай Жанатайұлының тақырдағы қыстауындағы ақынның мешіт-медресесі 1997-жылы қайта қалпына келтіріліп, тақырыптық экспозиция ашылады. Ол мешіт-медресе тарихына байланысты деректермен, Көкбай ақынның өмірі мен шығармашылығы және оның шәкірттері мен өңірдегі белгілі адамдармен таныстырады. 2011 жылы Көкбай Жанатайұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында мешіт ғимаратында қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңадан экспозиция жабдықталды.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде экспозицияда ақынның өмірі мен шығармашылығы, қоғамдық және ұстаздық қызметі, Алаш үкіметімен байланысы көрініс тапқан. Кейінгі жылдары мұрағаттардан табылған деректермен толықтырылды. Жаңа заманға сай әдістердің арқасында экспозицияда «Шәкірт бұрышы» жабдықталған. Онда қойылған ақынның медресе ашқаны туралы деректер мен естеліктер, оқулықтар мен сол замандағы тұрмыстық заттар Көкбай Жанатайұлының ұстаздық қызметін діттей түседі.

Ал, 2001-2002 жылдардың жоспары бойынша халық ақыны Шәкір Әбенұлының өмірі мен шығармашылығы зерттеліп, 2003 жылдың қазан айында Абай ауданының Құндызды ауылындағы ақынның үйінде бес бөлімнен тұратын мұражай-үйі ұйымдастырылды. Биыл ақынның 115 жылдығына орай Семейдегі Бас мұражайда «Алмастай жарқылдаған қайсар Шәкір» көрмесі ашылды.

Сол сияқты Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, 2006 жылдың қараша айында Шәкәрімнің «Саят қора» экспозициясы бөлімі Жидебайда Абайдың мұражай-үйінің қасынан бой көтерді. Бұл экспозицияның мақсаты: Шәкәрім ақынның соңғы қонысын көрсету және өшпес мұрасымен таныстыру. Экспозицияның жабдықтау жұмыстарын жүргізген Өскемен қаласының «Терме» өнер фирмасы (бас суретшісі Б. Каримов). Құндыздыдағы Шәкір Әбенұлы мұражай-үйінің экспозициясын да жабдықтаған осы  кәсіпорынның суретшілері.

Бүгінде мұражайдың ғылыми жүйесі де жылдан-жылға дамып, зерттеу аясы кеңейе түсуде. Абайтану, шәкәрімтану, әуезовтану, әсеттану, көкбайтану бойынша қалалық, республикалық және халықаралық конференциялар өткізу ұжымның қалыпты жұмысына айналды. Мәселен, 1998 жылы «Шәкәрім шығармашылығы»,  2010 жылы «Абай, Шәкәрім мұралары зерттелуінің өзекті мәселелері және музейтану», 2013 жылы ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтымен бірлесіп «Зәки Ахметов және абайтану мәселелері», Астанадағы Қазақстан-Ресей университетімен бірлесіп «Абайтанудың мектеп бағдарламасындағы орны», 2013 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 155 жыл толуына арналған «Шәкәрім мұралары зерттелуінің өзекті мәселелері және музейтану», 2014 жылы «Абайтану мәселелері: бүгіні мен болашағы» тақырыптарында конференциялар ұйымдастырылды. Ал, таяуда, 6-мамырда көрнекті абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметхановтың 100 жылдығына орай, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтымен бірлесе отырып республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

Сонымен қатар 18-мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай өткізілетін «Музей түні» акциясы ауқымында  бізде «Ұлы дала дәстүрі» шарасы үйымдастырылып, жергілікті өнерпаздар мен шеберлер туған халқымыздың жауһар өнері мен адамшылыққа үндейтін өнегелі рухын паш етті.

 

Абайдың көзіндей жәдігерлер

 

Бүгінгі таңда музей  қорында барлығы 20 372 экспонат болса, оның 11619 - негізгі қорда. Солардың арасынан екшеп алар құндыларымыз – Абай Құнанбайұлына тікелей қатысты жәдігерлер: Абайдың бейнесі бар екі фотосурет. Атап айтқанда, 1896 жылы балалары Ақылбай және Турағұлмен, 1903 жылы отбасымен түскен фотосуреттер; ақынның көзі тірісінде П.Д.Лобановскийдің қарындашпен салған портреті; Абайдың 1896 жылы ұлы Мағауияға жазған  хаты; 1885 жылы Н.И.Долгополов арқылы Семейдегі өлкетану музейіне тапсырған заттар (жалпы саны -17); Сол сияқты Москва, Ленинград, Омбы, Том, Қазан қалаларының және Қазақстанның мұрағаттарынан табылған Абайдың өмірі, атқарған қызметі, туыстық және өнер айналасына қатысты мұрағат деректері; Абай оқыған медресенің араб, түрік, шағатай тілдеріндегі кітаптары.

Қазіргі таңда Абайдың бейнесі сақталып қалған екі фотосурет қана белгілі және ол екеуінің тарихта алар орны ерекше: 1896-жылы Ділдәдан туған тұңғыш ұлы Ақылбай және Әйгерімнен туған Турағұлмен түскен фотосурет музей қорына түскен алғашқы жәдігерлердің бірі. Семей қаласындағы Н.Кузнецов деген фотограф түсірген бұл фотосуретті Қайым Мұхамедханов 1940 жылы Мұхтар Әуезовтен алып келген екен, өлшемі: 9х13 см. Екінші фотосурет 1903 жылы киіз үйдің ішінде түсірілген. Фотосуретте Абай, ұлдары Мағауия мен Турағұл, немерелері Пәкизат, Әубәкір, келіні Кәмәлия (Әубәкірдің әйелі) және әйелі Еркежан бейнеленген. Бұл фотосурет те музей қорына Мұхтар Әуезов арқылы 1959 жылы келіп түсіпті.  

Музей қорындағы бейнелеу өнер туындыларының ішіндегі өзінің көркемдігінен гөрі тарихи құндылығы басым жәдігерді де атап өтуіміз қажет. Ол – Абайдың көзі тірі кезінде салынған портреті. Авторы Семейге саяси қуғынға айдалған Павел Лобановский. Ол Дондағы Ростов қаласынан «саяси сенімсіз» ретінде Дала өлкесі генерал-губернаторының қарамағына айдауға жіберілген екен. 1884 жылдың тамыз айынан бастап Семей қаласында тұрып, Абаймен өзі сияқты саяси сенімсіздер арқылы танысып, араласады.

Музейдің көптеген жылдар бойы жиналған қолжазбалар қорында 800-ден астам дерек көзі сақтаулы. Соның ішінде Абайдың 1896-жылы ұлы Мағауияға жазған хаты біз үшін ерекше қымбат. Тобықтының Көкше руынан шыққан Бозанбай шөбересі Мұсахан Балтақайұлының қолжазбаларының арасынан табылған хат жұқа ақ қағазға жазылған. Түпнұсқа тозғанына қарамастан дені жақсы сақталған. Ұлы ақынның хатының ол кісінің қолына кімнен жеткені беймәлім, бар білетініміз, Мұсаханның айтуынша, оның әкесі Балтақай Абайдың немересі Әубәкірмен аралас-құралас болған.

Абай Құнанбайұлының Семей қаласындағы 1883 жылы ашылған өлкетану музейінің қорын экспонаттармен толықтыруға көмектескені мәлім. Абайдың Семейдегі орыс достарының бірі – Н. Долгополов 1885 жылғы жаз айларында ақын ауылында екі айдай болып қайтады. Семейге оралысымен өлкетану музейіне қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты елуден астам зат тапсырыпты. Олардың барлығының Абай ауылынан әкелінгені туралы музейдің сол кездегі тіркеу журналына жазылып, баспасөз бетінде де жарияланған. Сол тізімді қарап отырсақ, заттардың қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен жан-жақты хабар беретіндей, ғылыми тұрғыда таңдалғаны  байқалады. Олар үй-ішінің жабдықтары: асадал, кебеже, саба, сүйретпе, жезмойнақты торсық, піспек, табақ, шыныаяққап, әшекейлі құтылар, бесік, ұршық, тоғызқұмалақ; қару-жарақтар: айбалта, найза, шоқпар. Ұста саймандары: көрік, төс, қысқаш. Музыка аспаптары: қобыз, сыбызғы, асатаяқ, домбыра. Бұған қоса қазақ ауылындағы сүттен даярланатын тағам түрлері, тіпті қара сабынға шейін бар. Бұлардың барлығы қазақ халқының этнографиялық болмыс-бейнесін көрсетуді мақсат етіп, жүйелі түрде жинақталған жәдігерлер.

 «Ертіс» газетінің 1963 жылғы 8 қыркүйектегі санында Абай музейінің алғашқы директорларының бірі, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың қосқан үлесі» атты мақаласы жарық көреді. Бұл мақалада ұлы ақынның 1885 жылы өлкетану музейіне экспонаттар тапсырғаны туралы жазылған еді. Ғалым арнайы Абай мен Долгополов тапсырған заттарды өлкетану музейінің экспозициясынан және қоймасынан музей қызметкерлерінің көмегімен іздеп, анықтау жұмыстарын жүргізген. Қ.Мұхамедханов Абай тапсырған заттардың 23-ін ғана тапқан екен, олардың «...кейбіреуі жақсы сақталған, кейбіреуі күтімсіздіктен тозған». Осы ізденістің нәтижесінде келесі, 1964 жылы қыркүйек айында Мәдениет министрлігінің арнайы бұйрығымен Абай тапсырған заттардың 17-і ақынның өз музейіне беріліпті, соның бірі – ақынның құтысы қазір Ұлттық музейдің экспозициясына қойылған.  

 

Алда – 175 жылдық мерейтой

 

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының туғанына 2020-шы жылы 175 жыл толады. Бұл мерейтойдың халықаралық деңгейдегі айтулы оқиға екені белгілі. Бізде соңғы жылдары музейаралық, солардың ішінде халықаралық деңгейдегі байланысқа жете көңіл бөлінуде. Мәселен, 2014-2015 жылдары Ресейдің Мәскеу қаласындағы Л.Толстойдың мемлекеттік музейімен, А.Пушкиннің мемлекеттік музейімен, Тула облысындағы Л.Толстойдың Ясная Полянадағы қорық-мұражайымен, Омбы қаласындағы қазақ мәдениетінің «Мөлдір» орталығымен, Орынбор облыстық бейнелеу өнері мұражайымен шығармашылық байланыс жасалып, меморандумдарға қол қойылған.

Осындай ынтымақтастық келісімдер Абай қорық-музейінің атқарып жатқан жұмыстарын халықаралық деңгейге көтеріп, ұлы тұлғаларды шетелдерде насихаттауға мүмкіндік туғызады. Мәселен, 2016 жылдың ақпан айында шығармашылық байланысты нығайту жұмыстары одан әрі жалғасын тауып, Германияның Кассель қаласындағы ағайынды Гриммдер музейімен бірлескен көрме ұйымдастырылды. Енді мемарандумның шарты бойынша ол музейде де Абай Құнанбайұлының мұрасын насихаттайтын көрме дайындалады. Біздің музей 2014 жылы ИКОМ – халықаралық музейлер қауымдастығына мүше болып, 2015 жылы «ИКОМ – Қазақстан үздігі» номинациясы бойынша дипломмен марапатталған.

Биылғы, 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы атап өтілуіне байланысты музей қызметі жандана түсті. Мәселен, 2016 жылдың 20 қаңтарынан бастап, соңғы жылдары бос тұрған Ахмет Риза мешітінің ғимаратында «Абай» өнер мектебі өз есігін ашты. «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ», - деп ұлы ақын жырлағандай, жастардың білімді, өнерлі болып өсуіне ықпал ету, олардың ақын шығармашылығына деген қызығушылықтарын арттыру арқылы «сегіз қырлы, бір сырлы» ұрпақ тәрбиелеу көзделеді. Мектепте ақындық өнер, мәнерлеп оқу, көркемсурет, тоғызқұмалақ пен дойбы және қолөнер үйірмелері жұмыс жасайды.   

Бекітілген жоспар бойынша, сондай-ақ қор жинау мен сақтау және ғылыми-зерттеу, көрмелер ұйымдастыру мен насихат жұмыстары одан әрі жалғасты. Мәселен, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап «Абай арманы – Ұлы дала елінің ұлық мерекесі», «Ұлы дала мұрасы», сондай-ақ жаңадан «Абайдың ән-күй мұрасы», «Абай мұрасы – өнер қанатында», «Ұлы дала елінің ұлы ақыны» экспозициялық көрмелері ұйымдастырылды.

Қазір Абай қорық-мұражайының ғылыми қызметкерлерінің алдында мұражай экспозицияларын жаңарту және қазіргі заманға сай жаңа технологиямен жабдықтау міндеті тұр. Соған орай мұражайдың ғылыми құрамы «Жидебай қорығының кешенді даму тұжырымдамасын (2016-2028жж)» және қорық-мұражайдың «Бас мұражайы экспозициясының тақырыптық-экспозициялық тұжырымдамасын» (2016-2020жж) дайындады. Ұжымның тыныс-тіршілігі «Абай мұражайының хабаршысы» журналы, «Асыл қазына» газеті, Абай қорық-музейінің сайты және ғылыми құрамның БАҚ-да жарияланған мақалалары  мен хабарламалары арқылы ашып көрсетіледі. Бұған қоса «Абай мұражайының кітапханасы» сериясымен кітаптар топтамасы шыға бастады. Осы топтаманың біріншісінде мұражай қорындағы Абай туралы естеліктер кітап болып жарық көрді. Одан кейін Шәкәрім Құдайбердіұлына арналған «Мұтылғанның тағдыры», «Қазақ айнасы», Көкбай Жанатайұлы туралы естеліктер, деректер жиналған «Көкбай ақын», «Көкбай Жанатайұлы шығармалары» атты жинақтар басылды. Таяуда жарық көрген республикалық әдеби-танымдық «Абай» журналының 2-ші саны тұтастай Ұлы ақын жайындағы естеліктерге арналып отыр.

Сонымен қатар мұражайда сақтаулы құнды жазба жәдігерлердің тізбелері қайта қаралып, толықтырылып, осы тізбелердің негізінде «Абай мұражайы қорының сипаттамасы» кітабы жарық көрді. Бұған қоса «Абай мұражайының жәдігерлері» сериясымен кітапшалар басыла бастады. Жалпы, 2010-2015 жылдары мұражай қорындағы деректердің негізінде үлкенді-кішілі 26 ғылыми-танымдық басылым жарық көріпті. Бұған қоса қор құжаттары негізінде мұражай бөлімдеріне арналған «Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық-мұражайы (Бас мұражай)», «Ахмет Риза медресесі», «Көкбай Жанатайұлының мұражайы», «Шәкәрімің Саят қорасы», «Шәкір Әбенұлының мұражай-үйі», «Әсет Найманбайұлының мұражайы, «М.Әуезовтің мұражай-үйі» және «Абайдың қуғын-сүргін көрген ұрпақтары мен туыстары», «Ұлы Отан соғысына қатысқан Абай ұрпақтары» атты буклеттер мен кітапшалар да дайындалған.

Қорыта келгенде, Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі Ұлы ақын мұрасын асыл аманат ретінде ардақ тұта отырып, Абайдың, Шәкәрімнің және М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына қатысты деректер мен жәдігерлерді жинау мен сақтау, сондай-ақ халыққа насихаттау ісінде заманауи ғылым мен техника жетістіктерін пайдалану арқылы оны туризмнің «жібек жолындағы» рухани орталыққа айналдыруды өздеріне абыройлы парыз санайды.

 

Болат Жүнісбекұлы,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік 

 тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық

қорық-музейінің директоры.     

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.