Қайым Мұхамедхановқа арналған көрме ашылды

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде абайтанушы, ғалым Қайым Мұхамедхановтың өмір жолы мен шығармашылығы жайында кеңінен мағлұмат алуға болатын арнайы көрме ашылды. Көрме абайтанушы ғалым, шәкәрімтанудың негізін қалаушы, текстолог, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің алғашқы директоры Қайым Мұхамедхановтың 5 қаңтар  дүниеге келген күніне орай ұйымдастырылды.

Мұнда абайтанушы ғалымға қатысты кейінгі жылдарда жарық көрген мерейтойлық кітаптар мен әдебиеттанушылардың ғылыми-зерттеу еңбектері, мақалалары, ғалымның 10 томдық шығармалар жинағы шоғырланған. Көрмеде орналасқан музыкалық аспаптар, ғалымның ескерткіш бюсті келуші қонақтардың қызығушылығын оятары сөзсіз.

Көрермендер Қ. Мұхамедхановқа қатысты тың деректерден бөлек, Абай, М. Әуезов және Алаш қайраткерлері жайлы мәліметтермен таныса алады. Алдағы уақытта Қайым Мұхамедхановқа арналған көрмені кеңейту, ғалымға қатысты тарихи деректерді жинақтау жұмыстары жалғасын тауып, осы бағытта ауқымды қызметтер атқару жоспарлануда.

 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің баспасөз қызметі