АБАЙ ӘЛЕМІ - БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІНДЕ

Ұзақ жылдар бойы ұлы ақын мұрасын жан-жақты насихаттап отырған Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі өзінің құрылған уақытынан бастап қорды қалыптастыру және толықтыру жұмысын ең басты міндеті деп есептейді. Оның ішінде Абай тақырыбындағы бейнелеу өнер туындыларымен толықтыру жұмысы үзбей жалғасуда.

Ойткені, Абай және оның шығармашылығы – Қазақстанның бейнелеу өнеріндегі ең маңызды тақырыптардың бірі. Ол бейнелеу өнері, кескіндеме, графика, мүсін, монументті және көркем сурет тәрізді барлық салаларын қамтиды. Абай тақырыбы бой көрсетпеген жанрды табу қиын: ол портретте, пейзажда, тақырыптық композицияда, иллюстрацияда көркемдік шешім тапқан.

Қылқалам шеберлері ұлы ақын бейнесіне 30-шы жылдардың ортасынан бастап, әсіресе 40-шы жылдардың басында назар аудара бастады. Бұл Қазақ ССР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен Семей қаласында Абайдың әдеби-мемориалдық музейінің ұйымдастырылған кезі. 1940 жылы қазанда шаңырақ көтерген ақын музейі қазір Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне айналды. Музейдің ұйымдастырылуы және Абайдың таяп қалған 100 жылдық мерейтойы суретшілерге ақын бейнесі, шығармашылығы мен қызметі, өмір жолы жөнінде ой түюге қозғау салып, бейнелеу өнерінде Абай тақырыбы бой көтерді және бұл Қазақстанның белгілі суретшілерінің ақын өмірін бейнелейтін шығармалар тудыруына мұрындық болды.

Қазір Абай қорық-музейінің ғылыми қорында суретшілердің ақын тақырыбына байланысты 900-ден астам туындылары жинақталған. Ә.Қастеев, И.Исабаев, Е.Сидоркин, М.Қисамединов, М.Әлиакпаров, Н.Өтепбаев, Ғ.Макаров, Т.Байғалиев, Т.Жубанышев, Т.Татиев т.б. қазақстандық белгілі суретшілердің туындылары арнайы тапсырыс арқылы, яки авторлардың сыйы ретінде музей қорына қабылданған.

Музей қорындағы бейнелеу өнері туындыларының ішіндегі өзінің көркемдігінен  гөрі тарихи құндылығы басым экспонатты да атап өту қажет. Ол - Абайдың көзі тірі кезінде салынған портреті. Портреттің авторы Семейге саяси қуғынмен келген Павел Дмитриевич Лобановский. Ол Дондағы Ростов қаласынан «саяси сенімсіз» ретінде Дала өлкесі генерал-губернаторының қарамағына айдауға жіберілген болатын. 1884 жылдың тамыз айынан бастап Семей қаласында тұрды. Абай ауылына барғаны туралы құжаттар бар.

П.Д.Лобановский кәсіби суретші болмаса да, жергілікті тұрғындардың портреттерін салып жүрген. 1887 жылы Оралда өткізілетін өндіріс көрмесіне «Семей облысы қазақтарының типтері» атты портреттер сериясын дайындағаны белгілі. Осы циклда VI-сурет Абайдың портреті. Лобановскийдің қазіргі уақытқа дейін 7 суреті сақтаулы, солардың бірі – ұлы ақынның қарындашпен салынған портреті. Уақыттан сарғайған қалың қағазға жай ғана қарандашпен салған портреттің  маңызы зор, себебі ол Абайдың көзі тірі кезінде салынған жалғыз портрет.

Музей қорында Қазақстан суретшілерінің әр түрлі техникада жасалған ақынды сомдаған портреттік жұмыстары бар. Олар: Л.Леонтьевтің (кенеп, майлы бояу), Е.Сидоркиннің гравюрасы, Ж.Шарденовтың (кенеп, майлы бояу), ерлі-зайыпты Аткниндердің (жібек матаға мулине жіппен кестеленген), О.Островскийдің ағашқа инкрустациялап жасаған туындыларын атап өтуге болады.

Кәсіби суретшілердің ішінде Абай портретін алғаш сомдаған Крутильников Николай Иванович еді. 1926-27 жылдары «Абай өлең жазу үстінде» портретін кенепке майлы бояумен салған. Ол 1916 жылы Қазандағы көркемсурет училищесін бітіріп, Семей қаласына келіп, театрда суретші қызметін атқарады.

Музей қорының үлкен мақтанышы – қазақтың алғашқы кәсіби суретшісі Әбілхан Қастеевтің жұмыстары. Суретші 1947 жылы Абайдың туған жеріне, Шыңғыстауға келген. Осы сапарының нәтижесінде «Шыңғыстаудағы жаз», «Қарауыл төбе», және басқа  туындылар легі дүниеге келген еді. Сонымен қатар музейде Қастеевтің «Бала Абай», «Жас Абай», «Абай» портреттері бар.  Суретші ізденісінің нәтижесінде туған бұл суреттерден үлкен талант  иесінің өз шығармашылығының әр кезеңінде ақын тұлғасын жаңаша сомдағанын көре аламыз.

«Қазақстан мәдениет қайраткерлерінің портреттері» сериясының авторы, көркем кесте шебері, ерлі-зайыпты Григорий мен Анна Аткниндер бірігіп Абай портретін кестемен өрнектеді. Төгілмелі кесте әдісін шебер меңгеру, бет-әлпет, киімін асқан ұқыптылықпен жеткізе білу, талғаммен таңдап алынған жіп түстері аталмыш еңбектің сирек кездесетін сәтті  туындылар қатарынан орын алуына мүмкіндік берді. Қазір бұл жұмыс музей экспозициясының аса құнды экспонаты.

Музей қорындағы портреттер легі Ж.Шарденовтің, Г.Исмаилова, М.Кенбаев, А.Ғалымбаеваның жұмыстарымен жалғасады. Олардың туындыларындағы романтизм мен ұлттық реңк жас суретшілердің Абай шығармашылығы арқылы дүние танымын кеңейтіп, оларды үлкен ізденістерге талпындырады.

Сюжеттік туындылардың ішіндегі музей қорына алғашқы қабылданған экспонаттар А.Волощуктің «Абай Байкөкше ақынды тындауда», Кужеленконың «Абай мен жатақтар» туындыларын атап өтуге болады. Суретшілер Үкі Әжиев және Сахи Романовтың туындылары музей экспозициясына өзіндік үн қосып, оның мән-мағынасын аша түскендей көрінеді. Суретшілердің жұмыстары тақырыбының ауқымдылығымең өмірді терең суреттеуімен құнды.

Бейнелеу өнеріндегі Абай тақырыбын кеңейтуге Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген өнер қайраткері Евгений Михайлович Сидоркин үлкен үлес қосты. Ол 1957 жылдан бастап қазақ жерінде жұмыс жасайды, «Жазушы» баспасынан шыққан көптеген кітаптарға иллюстрация жасады. Соның ішінде «Қазақ эпосы» (1959-1962) «Ертегілер» атты сериясы және М.Әуезовтің «Абай жолы» романын (1960) көркемдеп, иллюстрациялар жасады. Музейдің тапсырысы бойынша суретші 1971 жылы «Абай жолы» романының желісімен гравюралық туындылар жасаған еді. Солардың ішінде аса бір жылылықпен сүйіспеншілікпен жасалған аналардың бейнесі «Абайдың шешесі Ұлжан» және «Абай әжесі Зеремен» гравюралары.

Графика туындылары ішінде И.Исабаевтың 1967–1970 жылдардағы Абай шығармаларының желісімен салынған суреттер сериясы бар. Осы графикалық жұмыстардың ішіндегі ең көрнектісі «М.Әуезов» атты жұмысы. Туындының композициясы ерекше: ортада – кітап ұстаған М.Әуезовтің бейнесі. Оның жан-жағында Абай өмірі бейнелеген сюжеттер, М.Әуезов романының кейіпкерлері. Жұмыстын техникасы – линогравюра.

«Абайдың акындық айналасы» атты графикалық серияның авторы – Нұрбұлан Өтепбаев. Суретші Шығыс Қазақстан өңіріне кеңінен танымал. Семей мемлекеттік педагогикалық институтының бейнелеу өнері кафедрасының профессоры Нұрбұлан Өтепбаевтың туып-өскен ортасы – Абай елінің рухани құнары мейлінше кемел екенін байқауға болады. Оның Еңлік пен Кебекке пана болған Орда тауындағы «Үйтас», «Қарауыл төбе», «Бөрілі. Әуез қожа тумасы», «Көкен тауының көрінісі» атты туындылары үлкен сезіммен,  туған жерге деген сүйіспеншілікпен салынған.

Семей қаласының Абай заманындағы көріністерін бейнелейтін М.Беляев, С.Протопопов, Егоровтың жұмыстарын ерекше атап өтуге болады. Бұл туындылар музей экспозициясының тақырыптық мағнасына өз үнін қосып, сәтті шешімін тапқан.

Мүсін өнері – Қазақстан бейнелеу өнерінің ең жас салаларының бірі. Монументті салада Абай образын сомдау өткен ғасырдың 50- жылдарында  бастау алды. Ақын ескерткіштерін жасау жобасына арнайы конкурс жарияланды. Алматыда Абай даңғылының бойына қойылған ақын ескерткіші осы конкурстың жемісі болып табылады. Бұл қазақ мүсіншісі, халық суретшісі Хакімжан Наурызбаевтың қолынан шыққан Абай ескерткіштерінің ең тұңғышы. Мыстан құйылған ескерткіште болашаққа көз тіккен тәуелсіз  адамның бейнесі сомдалған.

Хакімжан Наурызбаевтың Абай бюсті Жидебайдағы ақынның музей -үйінің ауласына қойылған.  Гипстен жасалған осы Абай бюстін Семей қаласындағы ақын музейінің экспозициясынан көруге болады.

Мүсінші Ескен Сергебаев өзінің жұмыстарын классикалық үлгіде жасайды, автордың Абай ескерткішінің гипстік жобасы музей залына қойылған.  Одан колоннаға шынтақтап сүйеніп, кітап оқып тұрған Абайды көреміз.

Монумент өнері саласында жұмыс істеген суретшілердің ішінде Семей қаласындағы Абай алаңындағы ескерткіштің авторы Д.Элбакидзені ерекше атаған жөн. 1977 жылы қойылған бұл ескерткіш граниттен жасалған биіктігі 850 см. Сол қолына кітап ұстап, оң қолын кеуде тұсына көтерген ақын тұлғасы ойлы, сабырлы кейіп танытады. Осы ескерткіштің гипстен жасалған авторлық көшірмесі музейде келген көрерменді қарсы алып тұр.

Абайдың мүсіндік портретін (басы, кеудесі, денесі) әр жылдары Баки Урманче, Петр Усачев, Юрий Дорошев, Бек Төлеков, Зоя Береговая, Мұратбек Жанболатов жасады. Музей экспозициясында Петр Усачев, Бек Төлеков, Зоя Береговаяның туындыларын көруге болады.

Ұлы Абай тұлғасы, оның туған жерінің табиғаты тек қылқалам иелерін толғандырып қана қойған жоқ, сондай-ақ өмірінде өнерден басқа жол тауып, басқа мамандық иесі болған адамды да қолына қылқалам алып, тамаша өнер туындыларын тудыруына себепкер болды.

Ол – қазіргі уақытта ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Мақаш Тыныштықбайұлы Әлиакпаров.

М.Т.Әлиакпаров кескіндеме және графика техникасын меңгерген суретші. Суретші М.Әлиакпаровтың өнердегі шығармашылығы Абаймен тығыз байланысты. «Ұлы Абай мен Шәкәрім әлемі» - менің басты тақырыбыма айналды. Сонау 1975 жылдардан бері осы тақырыппен үздіксіз айналысып келемін. Абай мен Шәкәрім аталармыз, олардың айналасы, үлгі тұтарлық өнерлері мен рухани ой әлемдері жайлы біршама шығармаларым өмірге келді, әлі де келе бермек. Бұл тақырып – менің өмірлік бойтұмарым секілді», - дейді қылқалам шебері.

1970 жылдан бастап Мақаш Әлиакпаров Абай музейімен тығыз байланыста. Суретшінің 1975 жылғы 17 суреттерден тұратын коллекциясын Абай музейі өз қорына алды. Сол жылдары музейде жаңа экспозиция жұмыстары басталған, сондықтан бұл картиналар жоспарланған тақырыптарды айқындай түсті. Өйткені картиналардың басты тақырыбы – Абай жері.       

2010 жылы Мақаш Тыныштықбайұлы біздің мұражайға өзінің 200-ден астам туындыларын сыйға тарты. Осы уақытқа дейін бейнелеу өнер туындылары залының бір бөлігі Мақаш Тыныштықбайұлының туындыларына арналады.

Музейдің галлерея залында суретшілердің көрмелері, вернисаждары, симпозиумдары да өткізіліп отырады. Ұлылар еліндегі симпозиумға арнайы келген Қазақстан суретшілері бір апта бойы Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды халқының ұлы перзенттерінің іздері қалған жерлермен жүріп , ауасын жұтып, көрікті де шежірелі Шыңғыстау өңіріне: Бөрілі, Күшікбай асуы, Тұма көлі, Жидебай, Үйтас, Кіші Орда, «Абай-Шәкәрім» кесенесі, Абай аналары – Ұлжан мен Зере зираты, Кеңгірбай би мазары, Шыңғыстау, Архат тауларының әсем жерлерінде, табиғат аясында плэнер өткізеді. Абайдың қара шаңырағында жыл сайын суретшілер симпозиумы өтеді, қатысқан суретшілер 50- ден астам туындыларын тарту етеді.

Абай тақырыбы өнер қайраткерлері үшін үнемі шығармашылықтың қайнар көзі болып қала берері сөзсіз. Уақыт өткен сайын ақын тұлғасы биіктей  түседі.

                                                                                                             Ү.А.Ибраева

Абай қорық-музейінің

                        аға ғылыми қызметкері