АБАЙ МЕН АЛАШ АРЫСТАРЫНА ОРТАҚ КИЕЛІ ҚАРА ШАҢЫРАҚ

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап өткендей жеріміздегі «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті жерлерін белгілеу мақсатында ғылыми-сараптамалық кеңес өткізіліп, «Жалпыұлттық 100 киелі нысандар» тізімі де жасалды. Осы киелі нысандар тізіміне Семей қаласындағы Бөгенбай көшесіндегі «Алаш арыстары – М.Әуезов мұражай-үйі» енді.

1944 жылы алғашқыда бұл үй «Абайдың әдеби-мемориалдық музейі» ретінде көрермендерге есігін айқара ашқан еді.

1943 жылы Абайдың 100 жылдық мерейтойына дайындықты өткізуге байланысты Семей облысынан арнайы комиссия құрылып, оның төрағасына Ә.Жүсіпов, ғылыми хатшылыққа Қ.Мұхамедханов тағайындалды. Абай мерейтойына дайындық жұмыстарының жоспары жасалды. Атқарылатын шаралардың ауқымдылығына назар аударылып, жаңа ғимаратқа көшіру қажеттілігі жөнінде мәселе көтерілді: «Музей - Қазақстандағы тұңғыш әдебит музейі. Абайға, тіпті қазақ әдебиеті тарихына байланысты жұмыс жүргізетін ғылыми-зерттеу орны деп қараймыз. Жаңа үйге көшіру осыған байланысты. Музей өзінің экспозициялық планын өзгертіп, кеңейтіп Абай өмірін, Абай тұрмысын көрсету керек», - деп жазылған. Жоспардағы шаралардың ішінде Абай мұражайын Комиссар көшесіндегі Әнияр Молдабаев үйіне көшіру, сол ғимараттың ауласын абаттандыру, Абай даңғылында жөндеу жұмыстарын жүргізу және тағы да басқа шаралар жүзеге асады. Осы кезеңде Абай Құнанбаевқа қатысты естеліктер, қолжазбалар, кітаптар, ақынға қатысты жәдігерлер жинақталып, экспозициямен қоса қор, кітапхана құрылады.

Ал, 1967-1990 жылдары қалалық балалар кітапханасы болса, 1990 жылы Әнияр Молдабаевтың үйі Абай мұражайының қарамағына беріліп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. 1991-1995 жылға дейін Абай музейінің уақытша экспозициясы жасалып, бас музей ашылғанша көрермендерін қабылдады.

1995-1997 жылдары аралығында «Алаш арыстары-М.Әуезов» музейінің кешендік жоспары, музейдің жаңа экспозициясы жасалды. 1997 жылы 23 қыркүйекте М.Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына орай Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының «Алаш арыстары – М.Әуезов» бөлімі ретінде ашылды. Осы жылы Алматы қаласында жазушы, академик М.Әуезовтің 100-жылдық мерейтойы салтанатында Елбасы Н.Назарбаев: «Халықтың ар-ожданы, оның ойы мен арманының көрінісі болған «Алаш» ұйымының басшылары қызылдардың құрығына түскен кезде олармен бірге Мұхтар Омарханұлы Әуезов те қуғын-сүргінге ұшырады. Тағдыр оны ең ауыр қатерден аман алып қалды, алайда «буржуазияшыл ұлтшылдығы» үшін тағылған дәлелсіз айыптау өмірінің соңына дейін дерлік қара елестей қалмай қойды. ...Бұл ең біріншіден, Алаш басшылары мен Мұхтар Әуезовтің аңсап жете алмай кеткен бүгінгі тәуелсіздігімізді ардақтай біліп, оны қорғап, сақтай білу» [1. 5,6] - деп айтқандай, Семейдегі «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайының осы үйде ашылуы заңды еді. Сондай-ақ, «Абайдың әдеби музейінің» ашылуы туралы алғашқы ой тастаған да М.Әуезов еді. Мұражай экспозициясы М.Әуезовтің Семейдегі кезеңіне, шығармашылығына, қоғамдық қызметіне және Алаш зиялыларының тәуелсіздік жолындағы қызметіне арналған төрт бөлімнен тұрды. Яғни, осы киелі нысанның қазақтың бас ақынынан бастап, М.Әуезов, алаш арыстарына тікелей қатысы бар.

Бұл үйдің тарихын тереңірек зерделейік. «Менің әкем Әнияр Молдабаев – Абайдың тәрбиелеп өсірген адамы. Әнияр Тобықты Әнет деген рудың Қожабай деген шаруасының баласы. Қожабай төсек, жүкаяқ, тағы басқа заттарға сүйектен абып әшекей жасайтын қолы шебер адам болды. Сол өнерін көрген Абай Қожабайды аулына көшіріп алып, ұсақ жұмыстар істеп жүргенде Қожабай өліп, одан 3 бала жетім қалады. Соның кішісі 2 жасар Әнияр болады» [КП-214/1] - деп басталатын Абай музейінің қорында сақталған Сапарғали Әниярұлының естелігінде баяндалады. Осы естелікте Абайдың Қожабайдың әйелін үгіттеп көндіріп, Қожабайдың інісі Молдабайға Әниярды ертіп Семейдегі  интернатқа оқуға орналастыртады. Әнияр Семейде 4 жыл орысша жақсы оқып, Ташкент қаласына оқуға кетеді. 1892 жылы Семей қаласындағы Государственный банкке тілмаш болып қызметке орналасады. 1893 жылы Абай ауылына келген Әниярдан жөн сұраған Абай оған Семей қаласынан үй алуға жәрдемдесетінін айтып, Мағауия, Кәкітай, Ғабдоллаға осы мәселені шешуді тапсырған. Олар Әниярға Әниярдың өзі қарастырып жүрген Татар слободкасындағы көпес Москвиннің үйін алып берген. Абай жастайынан жетім қалған Әниярға оқу-білімге жол ашып, кейіннен тұратын үйдің маңыздылығын біліп қол ұшын созуы ақынның көрегендігі. Сол кезеңде Абай осы үйдің бүгінгі күнде тарихи орынға айналатынын білді ме екен?!

Киелі шаңырақ туралы «Абай жолы» роман-эпопеясында М.Әуезов Әниярды «Данияр Қондыбаев» деген атпен сомдап, ол жөнінде: «...Әбіштер түскен үйдің иелері бұл қаланың саудагерлерінен де, көп қазақ, ноғай тұрғындарынан да басқарақ, өзгеше адамдар. Асты кірпіш, үсті ағаш, ықшамды жаңа үйдің иесі Данияр Қондыбаев – оқыған қазақ.

...Бұны осыдан он екі, он үш жыл бұрын қалаға орыс оқуына интернатқа бергізген Абай еді» - дейді[3. 48]. Яғни, Семей қаласына ат басын тіреген Абай және оның балалары осы үйге жиі келіп тұрған. Ал, Әрхам Ысқақұлы «Абайдың өмір жолы» естелігінде: «Абай Семейге келіпті деп естідім, барып жолығып қайтайық деді. ...Абай Әниярдың үйінде екен, келіп сәлем беріп отырған соң Абай баяғы достық бетімен әңгіме айтып, Нұркеден елдің, малдың жәйін сұрап, кешке дейін ұзақ отырдық» [4. 131]- деп еске алады.

 

«Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ» -

деген Абай өз балаларынан бастап, аулындағы, Семей қаласына келгенде талапты жастарға дейін мол тағылым беріп отырған. Ақынның алдына қойған мақсаты осы үйде де жүзеге асқандай.

 

Семейге Абай келсе бізде думан,

Ән салып босамаймыз айқай-шудан.

Бас қосу, бақастасу, мәжіліс құру,

Секілді бір ғылымның жолын қуған.

Тарихтан неше түрлі Абай сөйлеп,

Өзгелер отырады аузын буған

Бір барсаң мәжілісінен кеткің келмес,

Хакімдей Аплатон аңырап тұрған,-

деп Абайдың шәкірті, айырылмас адал досы, ақын Көкбай жырлағандай бұл үйде де талай қызықты мәжіліс, талай пікір-таластар өткен. Талай тарихи өлеңдер мен дастандардың өмірге келіп, талқыланған, батыс, шығыс әдебиетімен талай қазақ баласының танысқан орны деуге де болады. Абай қайтыс болғаннан кейін де бұл үй – Абай ұрпақтары жиі келіп тұрған үй.

Абайдың асыл мұрасын аман сақтап, бүкіл халыққа таралуына, шығуына да осы үйдің де, Алаштың көсемі болған Әлихан Бөкейханның да қатысы бар. 1904 жылы Абай қайтыс болғаннан кейін Ә.Бөкейхан Омбыдан оның балаларына хат жолдайды. Олардан әкесінің шығармаларын жинап, жариялауды, қажет болса көмегін аямайтынын жазған. 1906 жылы Кәкітай Ысқақұлы мен Турағұл Абай шығармаларын жинап, Кәкітай жазуы маржандай Мүрсейіт молдаға ақын өлеңдерін көшіртіп, жинақты шығару туралы Петербургтегі И.Бораганский баспасымен шарт жасасады. Кәкітай корректорлық міндетті өз мойнына алады. Баспадан шыққан бір баспа табақ қағазды Семейдегі Әнияр үйіне жіберіп тұрады. Әнияр Кәкітайға жеткізіп беретіні жөнінде Ә.Ысқақұлының «Абайдың өмір жолы» естелігінде ашып айтылған. Сонымен қатар, алаш қайраткері М.Дулатов: «1905 жылы «Семипалатинский листок» газетасында һәм онан кейін Семейдегі Географический обществоның шығарған бір кітабында Әлихан Бөкейханов Абайдың тәржіма халін жазады һәм кешікпей кітабы да басылатынын білдіріп еді. Бірақ тез шықпады. 1909 жылы Абайдың балалары һәм інілерінің ризалығы һәм Әлиханның ыждаһатымен Абай кітабы Петербургте Бураганский баспаханасында басылып шықты. Бұл күні қолымыздағы кітап – сол бірінші баспасы» [189,190] – десе, А.Байтұрсынов: «Қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жарқырап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы терең» - дейді.

Бұл қарашаңырақта Абайдан бастап Көкбай Жанатайұлы, Турағұл Абайұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезовтердің ізі қалған.

Алаш арыстары шығарған «Қазақ» газетіндегі «Орда гербі (таңбасы) мақаласында М.Дулатов: «Қазақ» газетінің басына үй сүгретін орнатуда мынадай мағыналар бар еді: Киіз үй – киіз туырлықты қазақ халқы. Үйдің түндігі ашық, есігі жабық болуындағы мағына: түндік жарық беретін жол, есік түрлі заттар кіретін жол дегендік. Жарық жолы ашық, еркін болсын, түрлі заттар кіретін жол есігі еркін болмасын делінген еді. Түндіктен түсетін жарыққа өнер-ғылым енгізілген еді. Түндік күнбатыс жағынан ашылуы өнер-ғылым Еуропа жағында күшті болған себепті қазақ ішінде Еуропа ғылым-білімі тарасын дегені еді. Үйдің есігі қазақ деген сөзден жасалған. Ондағы мағына «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі болсын, әрі сырт жұрт жағынан күзетші болсын делінген еді», [347,348] – деп алаш көшбасшыларының үйге қаншалықты мән бергенін аңғартады.

Алаш қызы атанған Гүлнар Міржақыпқызының балалық кезеңі Әнияр үйінде өтуінің өзі бұл үй жайында көп деректер береді. «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты кітаптақа енген «Қазақтың Әлиханы есімде!» мақаласында: «Әкем Міржақып ағасы Әлиханды өзі «Әлеке» дейтін де, менің тілім шыққаннан бері «Атеке» дегізген.

...Атекемді мен бес жасымнан жақсы білемін. Екі үйіміз Семейдегі Комиссарская көшесіндегі Анияр Молдабаев деген ақсақалдың (банк чиновнигі) бізге босатып берген мекенжайында тұрдық, біздің үй іші бұл кісілермен тығыз байланыста  болды, мен атамды да, балалары: Сапаш, Нұрыш, Мұқыш, Күләштарына шейін  білемін» [6. 261] - деп тебіренеді. Ал, «Кешегі сөз – «оян, қазақ!», бүгінгі сөз – «ойлан, қазақ» атты Г.Міржақыпқызы мен ақын Ш.Сариев арасындағы болған әңгімесінде киелі шаңырақтың тарихы кеңінен баяндалады. Әниярдың Алашорда басшылары А.Байтұрсынов, А.Бірімжанов, Х.Досмухамедов, Ә.Ермековтермен араласып, жұмыс жасағаны, сондай-ақ, М.Тынышбаев, Б.Сүлеев, С.Бөкейханов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, С.Торайғыров, Ж.Аймауытов, Ә.Сәтбаевтардың осы үйге келгендері туралы толғанады. Осы үйдің жатын орын ғана емес, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің жаршысы болған, Абай Құнанбайұлы және өмір тауқыметін көрген қазақ ұлтының көсемдерін байланыстырған қарашаңырақ екеніне тағы да көзімізді жеткізеді.

«Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухани сонша, жақындарымыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар» [5,191] - деген М.Дулатов сөзі ойға оралады. Абайға бас иіп, өлеңдерін ұран қып, қазақтың мақтанышы, жарық жұлдызындай көрген Алаштың алыптары талай мақала жазып, өлең арнады. Семейге келген қонақ, ақын, мемлекет басшылары, Алаш арыстарының ұрпақтары бұл шаңыраққа тағзым етпей кетпейді. Әнияр шаңырағынан Абай шаңырағына, одан Алаш арыстары шыңырағына айналған киелі нысан бүгінгі күнде тарихи-мәдени, ғылыми-зерттеу орталығына айналған. Музей бүгінгі таңда тек көреме көру орны ғана емес, мәдениет пен білім берудің коммуникациялық орталығы деуге болады. Өйткені, мұнда ғылыми-танымдық лекциялар, сабақтар, экскурсиялар, әдеби кештер өткізіледі. Өткізілетін шараларда Абайдан бастап, ақын шәкірттері, алаш арыстары, М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы, қоғамдық қызметтері жан-жақты айтылып, тарихи құжаттармен, жәдігерлермен  дәлелді түрде көрсетіледі. Музейдің негізгі көрермендерінің бірі оқушылар мен студенттер қауымы болғандықтан сол кезеңдегі жәдігерлерді көзбен көріп, сол өлке үй тарихына байланысты ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізулеріне де көмектеседі. Олай болса өлкеміздің тарихын зерделейтін, мәдени құндылықтарымызға ие болатын ұрпақ тәрбиелеудің маңызы зор.

Биылғы жылы «Алаш арыстары – М.Әуезов» музейі қайта жөнделіп, жаңа экспозициясын көрермен қауымға ұсынады.  Жаңа тың деректермен толыққан, екі қабатты музей экспозициясы көрермендерге тарихи кезеңдерден тағылымды сыр шертеді. 

Мақалада пайдаланылған дерек көздері:

  1. М.Әуезов –ХХ ғасырдың ұлы жазушысы және гуманист. Алматы, «Ғылым», 1997 .5,6 бет.
  2. «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің қоры. КП-214/1
  3. М.Әуезов. «Абай жолы» 4-кітап. Алматы: Жазушы, 2002. 48 бет.
  4. М.Әрхамқызы. «Ұлы Абайға адалдық»(естеліктер, мақалалар, суретті шежірелер).Семей: «Семей печать», 2002., 131, 171 беттер.
  5. М.Дулатұлы. Бес томдық шығармалар жинағы. 2 том. Алматы, «Мектеп»,2003. 189,191, 347-348б.
  6. Г.Міржақыпқызы. «Алаштың сөнбес жұлдыздары». Алматы; Мектеп, 2012. 261, 342,343беттер

Раушан Елекенова,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

мемлекеттік тарихи-мәдени және

әдеби-мемориалдық қорық-музейінің

ғылыми қызметкері