ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

Назерке ЖҰМАБАЙ: ЗЕРЕ

Оқылған 18071 рет

Даналық ұғымын ананың ақ жаулығымен астастырған халықпыз. Жер бетіндегі барлық мейірім мен махаббатты осы аяулы жандардың жанарынан іздейтініміз де бұлжымас заңдылық. Себебі, ұлылық – ананың табанының астында. 

Батырды да, хәкімді де өмірге әкелген, ұлағатты ұрпақ санатына қосқан осынау дарқан жүректің иелері. Сондықтан болса керек, «Зере» драмасы сахнаға шығады дегенде, барлығымыздың әлдеқайда, сонау балалық шағымыздың келмес күндерінің қатпарында мөп-мөлдір сағыныш болып қалып қойған қайталанбас шақтарға қайтып оралардай өрекпіп, елең етісе қалғанымыз рас. 

Сонымен тағатсыздана күт­кен сәт те туды. Астана жұрт­шы­­лығы жеке, дербес көркем бей­не ретінде сахна кеңістігіне тұң­ғыш рет шыққан «Зере» қойы­лымының тұсауын кесті. Ав­торы – ақын, Мемлекеттік сый­лықтың иегері Ұлықбек Есдәулет. Спектакльдің қоюшы ре­жиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұр­қанат Жақыпбай.

«Зеренің» Қ.Қуанышбаев атын­дағы академиялық қазақ музы­калық драма театрына қа­дам басуының ұлағатты се­бебі – Қазақстанның халық әр­ті­сі Гүлжан Әспетованың сах­надағы сындарлы ғұмырына тұп-­тура жарты ғасыр тол­ған мерейтойы. «Халық қа­һар­маны» Әзірбайжан Мәм­бетовтің шақыруымен Қара­гөз болып 1967 жылы ең ал­ғаш­ театр табалдырығын ат­­­­таған бойжеткен, бүгінде кемел­деніп, әзиз аналардың рөліне енетін ғибратты жасқа келді. Актрисаның ендігі мақсаты –­ өс­келең ұрпақ бойына өнер ті­лі арқылы өнеге қалдыру. «Бұл – ұжымымның менің 70 жылдық мерейтойыма жа­са­ған үлкен сыйы болды. Ме­рейтой тек дастарқан жайып,­ шай ішумен тойланбайды ғой. Актриса үшін ең үлкен той­ – оның рөлі. Сөйтіп осы «Зе­ре» драмасы жазылған болатын. Зере дегенде, нақты бір ке­йіп­кердің мінезін жасағым кел­меді. Мен Зере арқылы күллі қазақ әйелдерінің, дана, кемеңгер әжелерінің жиынтық образын тудыруды көкседім. Сол арқылы келешек ұрпаққа, әсіресе, ертегі тыңдамай, қазақ ті­лінің құнарына қанбай ер же­тіп келе жатқан балаларыма, жас жеткіншектерге ой сал­ғым келді» деген сөзінен-ақ ак­трисаның сахнадағы жарты ға­сырлық ғұмырының өмірлік ұлағатын танығандай боламыз. 

Зере бейнесі дегенде, ең әуелі ойға Абай есімі оралады. Да­налық биігіне көтерілген ұлы тұлғаның бар тек пен та­мырының астарында осы бе­сіктен дарып, ақ жаулыққа түйілген ананың аппақ ары мен терең тағылымы жатыр емес пе? Абайды мұқым қазақ рухының прототипі деп алсақ, демек, Зере бейнесінің негізгі кіл­ті де арғысы – Хауа ана мен­ Домалақ ене, бергісі – Ай­­ға­­ным әжелер бастаған күл­лі қазақ аналарының жиын­тық бейнесіндей болып кө­ңілге орныға кетеді. Мі­не, қо­­йы­лымның осы құнды­лық тұрғысынан тарқатылар мә­йегін режиссер дөп таныған. Нұрқанат Жақыпбайдың сах­налық жұмыстарын жүйелі түр­де қадағалап жүрген көрермен режиссерлік қолтаңбасы мен суреткерлік эстетикасын бірден таниды. Сахнаның палитрасы, яғни костюм мен декорацияның бояу гаммасы негізінен ақ түс­ке құрылған. Айналаны көм­керген аппақ әлем, сөйтіп, бір сәт­ке әженің ақ жаулығына ай­налып кеткендей әсерге бө­лейді. Сол арқылы сахнада арын жанынан артық қойған күллі қазақ әйелдерінің көркем бейнесі бедерленеді. Әдетте, қазақ тұрмысы десе, киіз үй, оюлы текемет, зерлі шапан мен бүрмелі көйлекті көріп үйреніп қалған көрерменге сахналық бұл шешім аздап таңсықтау да болған шығар, бәлкім. Бірақ спектакль атмосферасына ене ке­ле тазалық пен тектілік тұн­ған осынау аппақ дүниеден шық­қыңыз келмей қалатын түсі­ніксіздеу сезімді де бір сәт бастан кешесіз. Бәлкім, бұл – біздің тазалыққа деген шексіз сағынышымыз бен мәңгілік аңсарымыз шығар... 

«Спектакльде көрініс берген ақ нұр әлем – Абайдың балалық шағына куә болған Жидебайдың желмен бірге толқындала тербелген ақселеу даласымен астасады менің ұғы­мымда. Сол арқылы табиғат пен адамдардың арасындағы ара-қатынасты көрсеткім кел­ді. Бұған дейін айтылып, көр­сетіліп жүрген бейнелерді емес, сахнаға тек тазалықты, ананың үлкен жүрегімен үндескен ап­пақ әлемді әкелуге талпындым» – дейді режиссер Нұрқанат Жа­қыпбай. 

Шынымен де, сахнадан тіл қатар ақшаңқан аппақ әлемнің көрер­меніне айтары көп. Тек кіл­тін тауып, оқи алсаңыз бол­ды. Зерлі тор іспеттес көрі­ніс бір­де ұлттық өрнекке ұқ­сап кетсе, енді бірде қазақ қоға­мы­ның қайшылықтар мен бітіс­пес дау-дамайлы ортасынан хабар беретіндей. Әлде ол ре­жис­сердің өзі айтатындай, Жидебайдың ақселеулі дарқан даласы ма екен?.. Мүмкін, айқыш-ұйқыш шатасқан бұл сурет адам ағзасындағы тамыр мен тек арасындағы қатынасты айқындаушы аллегория болар... Тіпті, мұның бірі де емес, бұлбұлы сайрап, зәмзәм бұлағы сылдыр қаққан жұмақтың мәуелі бағының бейнесі шығар... Әйтеуір, қай қырынан келсең де, декорация өзінше сөйлеп, өзінше мағына үстеп шыға келеді. Бұл – суретші Берік Бөрібаевтың еңбегі. 

Иә, қалай десек те, сахнада сұлулық бар, символға толы сурет бар. Көріп отырып, көңіл марқаяды. 

Театр – ұжымдық өнер дегенімізбен, сол шығармашыл топтың көш басында үштік ансамбльдің қиял жемісі жатыр. Ол – жоғарыда тілге тиек етіп өткен Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова, режиссер – Нұрқанат Жақыпбай және туынды авторы – Ұлықбек Есдәулет. Автордың сөзіне сүйен­сек, Зере бейнесін ашуда қаламгер ұзақ ізденген екен. «Уақытымның дені матер­иал жинауға кетті. Зерені көп әйел­дің бірі ретінде емес, ұлы адам­дардың тәрбиешісі, қоғамның діңгегіндегі үлкен қайраткер ретінде көрсеткім келді» – дейді ақын Ұлықбек Есдәулет. 

Бұған дейін «Қара пима», «Қара кемпір» секілді бірнеше туындысының сахналық нұс­қасын көргенімізбен, «Зере» драмасы – ақынның драматург ретіндегі тырнақалды туындысы, яғни театр тілімен айтқанда – дебюті. 

Пьесаның ақынның қолы­­нан шыққаны бірден байқа­лады: ойы орамды, тілі шұ­ра­й-лы, жатық. Әр тіркесі ұйқас­қа құрылған, ақ өлең болып төгі­ліп тұр. Туындыдағы бұл поэти­калық бояу белгілі бір дең­гейде спектакльдің динамикасына, жандылығына әсер еткен. Қазақтың құнарға бай көркем тілін, оралымды ойын тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің келеді. Әйтсе де, драматургия заңдылығының сөзбен қатар, ой әрекетін, қайшылығын қуаттайтынын мойындауға тиіспіз. Мұны терең түйсінген Шекспирдің өзі драмаға қым-қиғаш интрига деп анықтама бермеп пе еді?! Осы өлшем тұр­ғы­сынан келгенде де, пьеса­ның ақынның қолынан шық­қаны және байқалады: сөзге бай, қайшылығы аз. Соның сал­дарынан да қойылым темпо­ритмі баяулап, спектакль сәл шұба­лаңқылыққа жол берген. Сөз бен әрекет арасындағы тепе-­теңдік сақталмағандықтан, спек­такль жанры драма деу­ден гөрі, спектакль-лекция анық­тауышына сұранып тұрғандай. Оны қойылымға қатысқан әр кейіпкердің репликасынан айқын аңғаруға болады. 

Бірақ драматургтің оқиға түзу­дегі бұл фомасының театр­ды қазақы құндылықтың, тіл­дің Меккесі санап келетін көрер­мен, әсіресе, жастар үшін берер тағылымы мол. Тұшынып тыңдап отырып, өзі де сөз саптауына сән кіргізеді. Ұмытылып бара жатқан небір қазақы ұғым­дарды жандандырып, қайтадан тілдік қолданысына енгізеді. Демек, театрдың басты миссиясы орындалды деп білеміз. 

Оқиға негізінен үш таған: Зере, Құнанбай, Абайдың айналасынан өрбиді. Бірақ драматург пен режиссердің ортақ сараптауы бойынша, алғашқы планға Құнанбай шыққан да, қал­ған кейіпкерлер осы бейненің табиғатын ашуға жұ­мыл­дырылған. Соның салдарынан кейбір тұста Зеренің бейнесі көмескі тартып, ақыл айтып, бата берумен тынғандай әсер етіп, драманың басты өзегі – Зере мен Абай қарым-қатынасының негізгі бояуы солғындау шыққанын жасырмаймыз. Сол секілді Зере мен Ұлжан қарым-қатынасының да бір қайнауы ішінде кеткендей сезімде қалдырды. Біз Құнанбай десек те, Зере ананы ауызға алсақ та, ең бірінші ойға Абайды оралтатынымыз заңдылық. Зеренің орталық бас кейіпкер ретіндегі мінезінің мүсінделуіне: ана мен бала, әже мен немере, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас пен әрекет линиясын айқындап алу үлкен маңызға ие. Сондықтан болса керек, ең әуелі сахнадан әже мен немере арасындағы көзге көрінбейтін, бірақ көңіл түйсінетін нәзік те терең байланысты көруге ынтыққанымыз.

бай (Жанат Оспанов) мен Қаратай (Асылбек Қапаев) арасындағы диалогтан гөрі, Зере мен Абай арасындағы қатынасқа басымдық берілсе, бәлкім, Зеренің дана Абайды тәр­бие­леген кемеңгер әже ретін­дегі табиғаты бұдан да гөрі тереңірек ашыла түсер ме еді деген тілек кетті ішіміз­де. Сондай-ақ, Зере мен Ұл­жан, яғни ене мен келінге құ­рылған сахна да Зеренің бір ғана көзқарасымен бар жай­ды ұқтыратын ел анасы ретін­дегі қасиетін айшықтауға тап­тыр­­майтын мүмкіндік еді. Бі­рақ Сая Тоқманғалиеваның Ұл­жан бейнесін тым нәзік, ли­рикалық планда көрсетуі, әсіре сезімталдыққа бой алдыруы Зеренің әулет анасы ретіндегі мысы мен мінезін ашуға қызмет етпеді. Барлығын қас-қабақтан ұғып, ішкі терең сезім мен сыртқы суық ақылды бір бойына ұйыстырған ибалы келін бейнесі аздап әсірелеуге ұрынғандай. Ал керісінше, Құнанбай – Сырым Қашқабаев пен Абай – Жанат Оспанов арасында өрбитін сахналар барынша шынайы, жүрекке жетіп жатты. Байқағанымыз – қойылымда Құнанбай бейнесін бұған дейін оқырман ретінде танып келген таным шеңберінде емес, барынша еркін ашуға ек­пін түсірілген. Құнанбай қа­­тулы қабағымен жан-жа­ғын қаймықтырған қатал сұл­тан емес, жылай да, күле де, қайғыра да алатын ет пен сүйек­тен жаралған қарапайым пенде ретінде көрінеді. Осы тұр­ғыдан келгенде, актер Сы­рым Қашқабаевтың рөлді игеру­дегі ізденістері көңілге қонымды. Әйтсе де, грим жа­ғы ойлануға сұранып тұр. Сах­наға шыққан Құнанбай – Сырымның көз алдымызға тым-тым жиі Кенесары-Сырым бейнесін әкеле бергендігінің бас­ты себебі осы гримнен кет­кен таптаурындылық деп есептейміз. Бұдан бө­лек, Кеңгірбай рөліндегі – Жан­қалдыбек Төленбаев, Абай бейнесіндегі – Жанат Оспанов, Бектемір – Кеңесбай Нұрланов, Ырғызбай емші – Олжас Жақыпбек, Тыржықгүл – Айман Аймағамбетова, Қаратай – Асылбек Қапаев, Қарахан – Жасұлан Ерболат сынды қадау-қадау бейнелердегі мінез мүсіндеулер де көңілге құрмет орнықтырады. 

Жалпы, қойылымға автор мен режиссерден бөлек, актерлер тарапынан да үлкен күш, қажыр-қайрат жұмсалғаны байқалады. «Зередей» ұлттық-эстетикалық, тәрбие-танымдық мәні мол мағына-мазмұнды қойылым толассыз еңбектің нәтижесі екені сөзсіз. Бүгінде сах­наның әзиз анасына ай­налған өнер иесіне арналып осын­дай бір рөл әлдеқашан жазылуы керек еді. Бүгін сол тілегіміз орындалды. Зере бо­лып сахнадан тіл қатып, болашаққа ақылын жолдаған актриса өнер тілі арқылы әлі талай ұрпақты тәрбие бесігінде тербейді деп сенеміз. 

Назерке ЖҰМАБАЙ

Өнертану ғылымдарының магистрі

 
Дереккөз: egemen.kz

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.