ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

ИБРАҺИМ ибн ҚҰНАНБАЕВ

Абайтану

Оқылған 42121 рет

«Уақыттың» 322-санында Россияның ең атақты ақындарының бірі Лермонтовтың М.М. әпендінің аударуымен «Жалғыздықта» деген өлеңі жарияланған еді. Осы өлеңді көрген соң, оқушыларымыздың құрметті Ибраһим Құнанбаевтың Лермонтовқа іңкәр болып, орыс әдебиетінің гүл шоқтарын өз тілінде сайратқаны екінші бір жағынан адамның ойына оралады.

Бұл адам — Семипалат облысы, қазақ, нәсілі тобықтыдан еді, Өскенбайдан тараған Құнанбайұлы Ибраһим мырза. Ибраһим мырза, ұлы ақын аталып, бұдан төрт жыл бұрын дүниеден кайтты, 59 жаста еді. Ғылымсыз, қара халық арасында, сахара қазақтары ішінде жалғыз жұлдыздай болып жанып шығып, тілі оқушыларын оятатын өлеңдері оны бүкіл атырапқа машһүр етгі. Шығармалары қазақша жазылды.

Мейлінше мол еңбектенумен орыс тілін үйреніп, орыс әдебиетіне еркін жетіліп, достасып алды. Өлендері есіткеннің жүрегін жігерлендірерліктей табиғи болып, шығармаларының асыл негізі Лермонтовқа үндес. Мәжілісінде болған кісілердің айтуынша, тілі ләззатты, араб, парсы, түрік, қалмақ тілдерінен хабардар, тарих, география пәндерінен мағлұматы кең болып, танымы ауқымды еді. Адамшылық ой-қиялы өте таза, ұлтжанды, елін-жерін сүйген кісі еді.

Марқұмның өлендері көп болса да, басылғандары жоққа тән еді. Обалы шығармаларын біліп, жарықка шығаруға қайрат етпеген кісілердің басында тұр. Марқұмның сөздерінің бірі:

Қуатты оттай бұрқырап,

Уәзінге салып тізілген.

Жаңбырлы жайдай зырқырап,

Көк бұлттан үзілген.  

 

Қайран тіл, қайран сөз,

Наданға қадірсіз. 

 

Тәуекел мен батыр ой

Өткір тілді найза етіп,

Сайысып-ақ бақты ғой,

Неше түрлі айла етіп.

Оянбай, қайран жұрт,

Ұялмай, қал жым-жырт!  

 

Ақылмен ойлап айтқан сөз,

Бойыңа жұқпас, сырғанар.

 Ынталы жүрек сезген сөз

Бар тамырды қуалар.

Ән салар, жатқа алар,

Түбінде құр калар. 

_____________________

Міржақып Дулатұлы

Уақыт. – 1908. — N 383.          

Дулатов М. Шығармалары. - Алматы: Жазушы, 1991.   

 

http://abai-inst.kz/?p=765

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.