ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • АБАЙ МУЗЕЙІНІҢ АҚПАРАТТЫҚ КИОСКІЛЕРІ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

АБАЙ МУЗЕЙІНІҢ АҚПАРАТТЫҚ КИОСКІЛЕРІ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

Оқылған 19441 рет

Үстіміздегі ғасыр ақпараттық-технологиялық заманға айналып, оның даму қарқынын үдете түсуде. Ғаламтор әлеміне жаппай бет бұрған  соңғы 10-15 жылда елімізде ақпарат ұсынудың түрлі жүйесі қалыптасып, насихат жұмыстарының жаңа нұсқалары үсті-үстіне пайда болуда. Сөз бостандығы мен ой еркіндігіне ерік берілген замана мүмкіндігін кім қалай пайдаланып жатқаны жеке әңгіме.

Ал, ғаламтор желісінің мүмкіндігі – кез-келген мекеменің барлық бағытындағы жұмысын үйлестіруге әрі жеделдетуіне үлкен жол ашып отыр. Мәселен, өз қызметтері жайлы ақпарат беруден бастап ішкі-сыртқы мәселелерді ұйымдастыруда ғаламтордың маңызды рөл атқарып отырғандығын көріп келеміз. Тек, сол замана жетістігін өз ортаңа енгізу – мекеме басшысының жаңалықты оң қабылдуы мен мамандардың тың үрдіске зейін қоюына байланысты. Осы тұрғыдан келгенде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық-музейі электрондық және цифрлық технологиялар мүмкіндігін сәтті пайдаланып келеді.

Нәтижесінде, Абай мұражайындағы жәдігерлер мен материалдардың тізімі, ғылыми мақалалар мен шығармашылық еңбектер электрондық нұсқаға көшіріліп, музей сайтына жүктелген. Қазіргі таңда Абай музейінің еншісінде газет, журналды қоспағанда 3 бірдей сайт тұрақты жұмыс істеп келеді. «Аbay-museum.kz», «abaialemi.kz» сайттары ұлы ақын әлемінен толық мағлұмат берсе, АҚШ елшілігімен бірлесіп жасалған «Visit-abaisemey.org» сайты ұлы ақынның ізі қалған мекен туралы ақпараттарды орыс және ағылшын тілінде таратуға бағытталған. Бұл сайттың алғашқы 2 сайттан өзгешелігі – Абай туралы деректердің шетел азаматтарына қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Осы сайттар арқылы әлемнің ғаламтор қамтыған кез-келген түкпірінен еніп, Абай мұрасына қатысты мағлұматтармен және Семей қаласындағы туристер үшін қызмет көрсететін орындармен еркін таныса алады.

Неше жүздеген материалдарды бір қауызға сыйғызып, оның қыр-сырын бір нүктеге бағындырып қойған қызметтік техниканың бірі – ақпараттық киоскі. Музей әкімшілігінің осындай заманауи жетістіктерге мән беріп отыратындығының арқасында Бас мұражайға екі бірдей ақпараттық киоскі қойылды.

Иә, бұл ақпараттық киоскінің артықшылығы неде? Оны бұрын көрмеген адам көшедегі дүңгіршектерді көз алдына елестетуі мүмкін. Мүлде олай емес. Бйіктігі 1 метрдей ғана қондырғының бетіне үңілсеңіз компьютеріңізді қосқандағыдай көріністер көз алдыңызда тұра қалады. Бұл көріністер тек Абай музейі еншісіндегі материалдардың түрлі айдар, банерлерге бөлініп жеке тақырыпшаларға шоғырланған туындылар топтамасы. Керек тақырып немесе жанрға қатысты нүктеге бармағыңызды батырсаңыз, әлгі айдарға топтастырылған материалдар рет-ретімен ашыла береді.

Атаулы ақпараттық киоскі кімдер үшін тиімді дегенге тоқтала кетсек, музейдің тоғыз бірдей бөлімін аралап шығуға уақыт шығындағысы келмеген адам осы ақпараттық қондырғы алдында тұрып керегін көріп, дерегін түгендейді. Олай дейтініміз, музейге бір адам бірнеше мәрте келіп жатады. Ол алғашында экскурсоводттың көмегімен барлық бөлімдермен танысып, онда қандай жәдігерлер бар екеніне қанығып алады. Ал, келесі жолдары тек бір ақпараттар немесе жеке материалдар үшін ғана бас сұғуы мүмкін. Музейге келушілердің осы тектес қажеттіліктерін өтеуде бұл ақпараттық киоскі таптырмайтын құралдың бірі болып тұр. Кез-келген адам компьютер қолданғандай жеңіл пайдалана алады.

Сөйтіп, Абай шаңырағына бас сұғып, ұлы ақын мұрасына зейін қоюшылар үшін музей тарапынан тағы бір тың қадам жасалды.

 

Абайдың мемлекеттік «Жидебай-Бөрілі»
қорық-музейінің баспасөз қызметі

 

 

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.