ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия

  • Басты бет
  • МҰҚАҒАЛИДЫҢ АБАЙҒА АРНАҒАН ӨЛЕҢІ ТАБЫЛДЫ

МҰҚАҒАЛИДЫҢ АБАЙҒА АРНАҒАН ӨЛЕҢІ ТАБЫЛДЫ

Оқылған 28641 рет

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық-музейі мұрағатында жинақталған газет-журнал тігінділерін ақтару үстінде ұлы ақын Мұқағалидың «Дала данышпаны» деген өлеңі көзге оттай басылды! Біздің білуімізше, бұл өлең Мұқағалидың жыр жинақтарында бұрын-соңды жарияланбаған. 

Сондықтан қазақтың XIX ғасырда өмір сүрген ұлы ақынына арналған XX ғасырда ғұмыр кешкен тағы бір ұлы ақынының ерекше құрмет пен мақтаныш сезімі тұнған өлеңін жариялауға асықтық.

Дала данышпаны

Дала жатыр – өн бойы тұнған өлең,
Абай, міне, жапанда тұрған емен.
Ата сөзі тербеткен бесігімді,
Ата сөзін өмірде тыңдап өлем.

...Ұлы емес Абай жалғыз сахараның,
(Мен емес, солай деген Аталарым). 
Сол ұранды ұрпаққа апарамын,
Мен қазақ – Абай болып атанамын.

Уһ, дала!
Дала толған көл-көсір жыр,
Дала – қобыз тұтпайды пернесін кір.
Тірі Абайды әлдиле, дархан далам,
Өлең селі өңірді тербесін бір.

Дала, дала... 
Сал – дала селеулеген,
Жырмен ұйықтап, оянған өлеңменен.
Дала деген – күй сандық бұл қазаққа,
Абай десе құлағы елеңдеген.

Жылдар, жылдар...
Қаншама алыстадық,
Қаншама өзен өзгертті ағыстарын.
Уақыт озды, сен бірақ қалыспадың,
Уа, армысың, арысым, данышпаным!

Мұқағали Мақатаев.
"Қазақ әдебиеті", 13 тамыз, 1965ж.

 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
қорық-музейінің баспасөз қызметі

 

РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚА:

Алқа төрағасы: Азат Шәуеев
Бас редактор: Ақберен Елгезек
Шеф-редакторлар: Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали

Сайтты Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірледі.